• Заманхат
  • 28 Мамыр, 2024

Балалар әдебиетінің көрнекті өкілі

Қазақ балалар әдебиетінің талантты өкілі,  жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай Алматыдағы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы мен №59 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері бірлесе отырып, «Балалық шаққа саяхат» тақырыбында әдеби кеш ұйымдастырды.
 Оқырмандар кітапхана табалдырығын аттағаннан ерекше ілтипатпен қарсы алған кітапханашы Фариза Болатқызы заманауи үлгімен жасақталған кітапхана қызметімен таныстырды. 
Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойына арналған кітап көрмесіне қаламгердің әр жылдары жарық көрген шығармалары қойылған. Кітапқа жаны құмар жас қызметкер балаларға автордың «Балалық шаққа саяхат» повесінің желісі бойынша алуан түрлі сұрақтар қойып, таным көкжиегін кеңейтуге жетеледі. Жазушы шығармасындағы достық пен жаулық, білім мен байлық арақатынасын ажырата білуге, мәңгі өлмейтін құндылық тек қана білім екеніне көз жеткізуге бағыттап отырды. Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін мектеп бағдарламасы шеңберінде, «Балалық шаққа саяхат» кітабын әдеби кешке қатысу мақсатында оқып танысқан 5-сынып оқушылары кеш соңында сахналық қойылым қойып, кейіпкер образына бойлауға тырысты. 
Бұл кеш шынында да балалыққа саяхат болды. Қызықтырып, елітіп әкететін, жақсы іспен айналысуға талпындыратын үлгі-өнегеге толы әдеби шығарма, көз жауын алатын жарқыраған бөлмелер, өздеріне ерекше мейіріммен құшақ ашқан кітапхана, сұраққа жауап беріп, сыйлыққа  алған альбомдар мен қарындаштар – бәрі де бала жадында мәңгі сақталып, қызықты оқушылық күндердің, бақытты балалық шақтың жарқын бейнесіне айналмақ. 
Мектеп мұғалімдері кешті ұйым­дастыруға қолдау көрсетіп, бар­лық мүмкіндікті қамтамасыз еткен, қызметіне асқан жауапкершілікпен қарайтын кітапхана басшысы Бану Қайшымбекқызына алғыс білдірді. 
 
 

Гүлбану Заманбекова, 
Майрагүл Латипова 
Қазақ тілі мен 
әдебиеті пәні мұғалімдері

173 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз