- Ел мұраты
- 28 Мамыр, 2024
Танымдық саяхат

Алматы қаласы Түрксіб ауданы №59 мектеп-гимназиясының 8 сынып шәкірттері мен ата-аналары мұғалімдердің жетекшілігімен еліміздің тарихи жәдігеріне айналған «Таңбалы тас» және «Көшпелілер қаласына» саяхатқа барып, рухани мол мұра мен қазынаға кенеліп қайтты.
Мыңдаған ғасырдың қойнауында жатқан қазақ тарихы тастағы таңбалы жазулардан басталса, бүгінгі күні сол тарихтың өшкенін қайта жандырып, келер ұрпаққа үлгі-өнегелі ұлағатқа айналып отыр. Ата-бабамыздан мұра болып қалған, құнына баға жетпес тарихи-археологиялық зерттеулердің нәтижесінде бүгінгі күнге аман-сау жеткен әрбір жәдігердің орны ерекше және өте қымбат. Бұл ашық аспан аясында орналасқан «Таңбалы тас» қазақ халқының тағдыр-талайы мен жүріп өткен сүре жолының мәңгілік белгісі іспетті. Тарих қойнауында ғасырлар бойы өмір сүрген қазақтың кең жазира жерінің түкпір-түкпірінен табылған таңбалы тастардың әрқайсысы көне тарихтың жаршысы ретінде сақталғандай мәңгі тұр. Олардың осы жерді сақ, массагет, тиграхауд және басқа түркі тайпаларының мекен еткенінен белгі беретін асыл сыр сандығындай, еліміздің әр жерінде жасырын жатқанын аңғаруға болады. Сол жәдігерлердің бергісі шағатай, қоңырат, қыпшақ тайпаларының тұсында жалғасып, қазақ хандығы құрылғанға дейінгі төл мәдениетіміздің дәлелді көрсеткіші екенін ғалымдар анықтап бергені мәлім.
«Таңбалы тасты» тамашалауға барған оқушылар мен олардың ата-аналары қазақ тарихынан біршама ақпарат алып, ашық аспан аясында мұражайға айналған киелі табиғатты тамашалады. Осыдан кейін олар Көшпелілер қаласына аялдады.
«Көшпелілер қаласы» – 2005 жылы «Көшпенділер» фильмін түсіру үшін Іле өзенінің етегінде, Қапшағай қаласынан отыз шақырым жерде салынған болатын. Қалашықты салу барысында тарихи-этнографиялық топ құрылып, ХVIII ғасыр тұрмысынан мейлінше ақпарат беретіндей етіп, көрген көрерменнің көзайымына айналатындай шынайы етіп тұрғыза білген. Көне қалашықты аралаған шәкірттер сол ғасырдың мәдениетін тұла бойымен сезініп қайтты. Оқушылар мұндағы этнографиялық лагерьді көріп, қолөнерден шеберлік сабақтарын тыңдап, бейнебаяндар мен фотосессиялар түсірілімін қызықтады.
Оқушылар көне заманның жәдігерлерін өз көзімен көріп, құдды бір сол уақытқа тап болғандай қалашық көшелерін аралап, аттың дүбірі мен қала тұрғындарының бейнесін елестетіп, өздері сол ғасырда өмір сүргендей күй кешті.
Табиғаттың тамашасына айналған «Таңбалы тас» пен адам қолының шебер туындысы іспетті «Көшпенділер қаласы» оқушыларды өз құпиялы сырына тартып әкеткендей әсер қалдырды. Іле өзенінің жағасын, Алатау бөктеріндегі тарихи орындардың тамашасын қызықтаған оқушылар мен ата-аналар саяхат соңында ашық аспан аясында, дөңгелек дастарқан басында отырып көрген қызықтарын ауыз толтыра әңгімеледі. Балалар ұстаздарынан бұдан басқа да тарихи оқиғалар өткен орындарды сұрап, бейне бір таңғажайып әлемде жүргендей сезінді.
Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалатын осындай тарихи маңызы зор мекендерге саяхаттау арқасында оқушылар білімдерін толықтырып, көп мәлімет алды, сондай-ақ келешекке мәңгі мұра болып қалған жәдігерлер толы қызықты орындарды көріп, ата тарихымызға деген сүйіспеншілігі мен құрметі арта түсті десек артық айтқандық емес.
Жөргегінде «жерім» деп, өскенде «елім» деп, жүрегі «қазақ» деп соғатын ұрпақтың ұлағатты тәрбиесі де осы тарихи жәдігерлерді дәріптеуден басталмақ. Біздің бұл саяхатымыз елі мен жерін, туған Отанын құрмет тұтатын ұрпағымыздың ұлтжандылық болмысын қалыптастыратын үлкен игі істің бастамасы болды деп сеніп, саяхатымыздан зор рухани азық алып қайттық.
Ләззат Жылқыбаева,
Нұршат Рақымбекова

173 рет
көрсетілді0
пікір