- Ел мұраты
- 15 Мамыр, 2024
«Аsyk party» жоғары деңгейде ұйымдастырылды

Өскелең ұрпақтың келешекте жақсы азамат, өнегелі тұлға, Отаншыл перзент болып қалыптасуы үшін олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің маңыздылығы өте зор. Бұл орайда халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық ойындарының мәні мен мағынасы ерекше құнды. Өйткені, ұлттық ойындарымыз – балалаларды ептілікке, ширақтыққа, тапқырлыққа тәрбиелеп қана қоймай, саламатты өмір салтын ұстануға баулитыны сөзсіз.
Бұл орайда 1 маусым – Халықаралық Балаларды қорғау күніне орай Алматы қаласының Түрксіб ауданына қарасты 187-ші балабақшада «Аsyk party» атты ұлттық ойындар эстафетасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
«Аsyk party» эстафетасын құттықтау сөзімен ашқан 187-ші балабақшаның директоры Омарбекова Фарида Қызырханқызы ұлттық құндылықтарды дамытуда ұлттық ойындардың алатын орнына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға Алматы қаласы білім басқармасының дене тәрбиесі орталығының директоры Бақтияр Елемесов, этнограф, жазушы, сыншы Болат Бопайұлы, спорт шебері, халықаралық турнирдің жеңімпазы Қайрат Қырғызбаев, «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев, жазушы, «Балдырған» журналының бөлім редакторы Серік Нұғыман, мәдениеттанушы Гүлбақыт Шашаева қазылық жасады.
Іс-шараға ата-аналар мен балалардан жасақталған «Қыран» және «Сұңқар» атты екі топ қатысып, өзара бақ сынады. «Асық ату», «Тұмақ ұру», «Бұқа тартыс», «Арқан тарту», «Бестемше» аталымдары бойынша сайысқа түскен топтар ептілік, жылдамдық, ширақтық, тапқырылық, ұтқырлық, мықтылық тәрізді қасиеттер бойынша сынға түсіп, жеңіске бар күштерін салды. Қазылар алқасының шешімі және жинаған ұпай сандары бойынша бірінші орынға «Сұңқар» тобы лайық деп танылды. Екінші орын – «Қыран» тобына бұйырды. Жүлдегерлер сайыстың медальдерімен марапатталып, бірінші орын иегерлеріне Кубок табыс етілді. Іс-шара соңында «Асық» бейнесінде жасалған эстафета нышаны 211-ші мектеп-гимназиясының өкіліне табыс етілді. Балалар мен ата-аналар бүгінгі байқаудан үлкен әсер алғандарын айтып, осындай игі іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба түссе деген тілегін жеткізді. Суреттерді түсірген - Қанат Едігетегі.
Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ

693 рет
көрсетілді0
пікір