• Мақала
  • 01 Шілде, 2024

Бұхара, Хорезм, Үргеніш... көне қалалар тарихымен танысу сапары

Гүлдария РАЙЫМБЕКОВА,

философия ғылымдарының кандидаты, доцент

Хиуа, Бұхара, Ташкент сияқты ежелгі қалалар арқылы Өзбекстан тарихымен жақынырақ таныссам деген ой бұрыннан болған, биыл мамыр айында ғана сәті түсті. Өзбекстан тарихына деген қызығушылық жайдан-жай оянған жоқ. Оның тарихы қазақ халқының құрамындағы бірнеше рудың ежелгі өмір сүру салтымен тығыз байланысты екенін білгендіктен де, арнайы танысуға құштар болдым. 
Осы орайда бұл өлкеде тарихты зерттеуге ілгек болар қандай мәлімет бар және оны қайдан іздеймін деген ойда болдым. Бұрын ақсақалдардан Қазан (1917 жылғы) көтерілісіне дейін және одан ертерек ата-бабаларымыздың Ташкентке, Бұхараға жиі барғанын естіп жүретінбіз. Жалпы, арғындар сол кезде шөлдің шетінде тұрды, шөлден өтіп Сібір жеріне келді деген де әңгімелер айтылатын. Ауа райының өзгеруіне байланысты арғындар тұрғылықты жерін жиі өзгертіп, солтүстіктен оңтүстікке және керісінше көшіп-қонып жүрді. Осыған байланысты ғұндардың бір бөлігі Қытайдың солтүстігінен кетіп, қазіргі Қазақстанның солтүстігін, яғни Сібірдің оңтүстігін басып өткен, қалған екінші бөлігі оңтүстік бағытпен жылжығаны тарихта мәлім. Сондықтан Сібір хандығының Іскер (Тюмень) қаласы Үргеніш пен Бұхарамен сау­да, оқу-ағарту саласында ертеден байланыс орнатқан. Менің ойымша, ғұндардан бұрын сақ заманында солтүстік бағытпен Қырым, Азов (Меотида) теңізіне қарай Ұлы Жібек жолы сияқты сауда жолы болған. Қазір сол замандағы қарым-қатынасты қалпына келтіру оңай емес, дегенмен мүмкіндіктер пайда болған сияқты.
Әрине, бес күндік сапар мұндай ауқымды мақсат үшін қысқа болды, бірақ көне қалалардың тарихымен бұрыннан бар деректер арқылы танысқанда олардың біздің тарихымызбен өзара байланысы болуы әбден мүмкін екені түсінікті болды. Осыған орай, әсіресе жас тарихшылардың ғылыми жұмыстарының аясын кеңейту қажет деген ойдамын. Ол жастардың зерттеу тақырыбын таңдауына жол ашады деп сенемін. Ұлы Жібек жолы деп көп айтамыз, тіпті мақтан етеміз, алайда Жібек жолын ілмек ету арқылы қай тарихты тереңірек зерттедік? Бұқарадан, Хорезм аумағына Жібек жолы өтті, арғындар қай уақыттан бері осы өлкелерде тұрды, қаңлы, қоңырат, сондай-ақ кіші жүз өкілдері қай ғасырдан бері тұрып келеді деген сұрақтарға біз әлі жауап таппадық. Бұл жолдағы зерттеу жұмыстары әлсіз жүріп жатыр десек, артық айтқанымыз емес. Үргеніш пен Хиуа қалалары Түркіменстан шекарасынан 37 шақырым жерде және осы маңайдан Қарақұм шөлі басталады. Сонда көне Хорезм екі шөлдің ортасында орналасқан, Әмудария мен Сырдария өзендерінің арасындағы Қарақұм (сұр түсті) мен Қызылқұмның (қызыл түсті) арасында Арал теңізінен Зеравшан өзеніне дейін созылады. Онда түрік тайпалары Қызыл Орда аймағынан Сібірге дейін қоныс аудару жолын меңгерген.
Қазіргі уақытта Үргеніш – Хорезм уәлаятының (облыс) ірі қаласы. Бұл өңірде біздің эрамызға дейінгі 7 ғасырдан бастап хуррит тайпалары өмір сүрген. Хорезм атауының мағынасын аударғанда «емізетін жер» дегенді білдіреді1 . Бұл жерден Ұлы Жібек жолы Қырымға апаратын, белгілі Қарасу базар (Қазіргі Белогорск) басталады. Қырымда арғын руының бейликтері орналасқан болатын және Еуропамен белсенді сауда жүргізілді. 
Хорезм ежелгі дәуірден бастап А.Македонскийдің, моңғолдардың, Ресей империясының қол астында күрескен басмаштар2 болған замандардан қазірге дейін өте мақтаныш тұтатын, өз бостандығы үшін күрескен, қызықты да, бай тарихи деректерге ие болған жер. Бұл жерде атақты әулеттердің өмірі өтті. Олар: Сиявушиттер, Афригидтер – хорезмшахтар, Газнавидтер, Селжукидтер, Тимуридтер, Шибанидтер, Суфи – Құнғырадтар және өзбек құнғырадтары. Осы әулеттер тарихының Түрік Қағанаты мен одан кейінгі Алтын Орданың тарихына тікелей қатысы бар, тек оны нақтылай түсетін көп нәрселер әлі зерттелмей тұр. Ал Хиуа хандығынан бергі сақталған тарихи сәулет ескерткіштері, мұнаралар, медреселер, ханның демалыс бөлмелері, гаремдер, әртүрлі елдердің туристерін қайта-қайта таңқалдырып, өзіне тартады. Әлемге аты әйгілі орта ғасырдағы ғалымдар – Абу Насыр ибн Ирак, Абу Райхон Беруни, Ибн Сина, Мухаммад Хорезми және басқалары да өздерінің өмірі мен еңбектері арқылы осы жердегі өркениетке әлі де қызығушылық тудырады. Хиуада қолөнер өте дамыған, әртүрлі ыдыстар мен құмыралар жасайтын қолөнершілер, тоқыма тоқып, бас киім тігетін тігіншілер ата-бабаларынан келе жатқан өнерді осы күнге дейін сақтап, дамытып келе жатыр. 
Ежелгі тарихты бағалайтын және бұл жерге белгілі бір деңгейде қатысы бар еуропалық туристердің көптігі мені таңқалдырды. Ол туристердің ішіндегі неміс меннонитерінің тарихы туралы сәл кейінерек тоқталамын. Осы Хиуа, Үргеніш маңайының топонимикасы туралы естігенде «Жер атауының тарихы біздің арғын руының қарауыл бұтағына қатысы бар ма екен?», – деген де сұрақ мазалай бастады. 
Бұл сұрақ жәй ойыма келген жоқ. Аудан Қарауылдың қонысы Үргеніштің қасында. Омбыдан шыққан ислам дінін зерттеуші А.К.Бустановтың еңбегінен Үргеніштен Іскер (Тюмень) қаласына Арабиядан келген Саид ата әулетінің шейхтарды Көшім ханның бұйрығымен ислам дінін тарату үшін келгенін3 оқыған едім. Тарихта арғындар Көшім ханмен бірге, шамамен 1510-1520 жылдары солтүстікке, Сібірге қайта қоныс аударған. Сол мәлімет есіме түсті де, Үргеніш маңайындағы Қарауыл ауданының атауы арғын-қарауылдарға қатысы болуы керек деген оймен арнайы барып көргім келді. Қазір Қарауыл екі ірі көшесі, 8,5 мың тұрғыны бар аудан орталығы. Бірақ мені өзін Өзбекстан-Қарақалпақстан мемлекеттік гидымын деп таныстырған Өмірбек тоқтатып тас­тады. Өмірбектің айтуынша Қарауыл атауының мәні басқада: Үргеніштің аумағында ескі бекініс – Куня қаласы 1920 жылға дейін болған, ол қираған және осы жерде 5 қабатты үйлер салынған. Бекіністің жанында көл бар, өйткені су бар жерде бекініс салынады. Ал бекініс болғандықтан, күзетші болуы керек. Демек, өзбек тарихшыларының нұсқасы бойынша, осы күзеттің құрметіне арнап мекеннің атын Қарауыл бекінісі деп атаған. 
Өмірбектің болжамын естігеннен кейін мен де өз ойымды айтып қалуға тырыстым. Менің нұсқам бойынша, мұнда Арғын тұқымының Қараұл бұтағы өмір сүрген. Көптеген тарихи деректерге сүйенсек, арғындар билікке Әмір Темірдің шөбересі – Әбу Саидтың (1429-1469) тұсында көтерілгені белгілі. Шежіре бойынша Арғын-Қодан-Қараходжа – ұлы Әмір Қараходжа (бүкілөзбек) Әбілқайыр мен Барақ хандардың кеңесшісі болған. Әмір Қараходжаның ұлы – Қарасопы. Қарасопыдан Қараұл туған. Біздің нұсқамызға сәйкес, бұл бекініс күзетшілердің атымен аталмайды, өйткені орыс тілінде –  күзетшіні караул деген, сол саясат бойынша әлі де кейбіреулер қоныстың аты күзетшілерге арнап қойылған деген ойда. Меніңше, XV-XVII ғасырларда Хиуа ханының осы бекінісін күзеткен Қараходжаның немересі Қараұл құрметіне орай аталған. Бірақ оны дәлелдеу үшін тарихи деректер керек. Көне қала пайда болған кезде, бекініс те салынған. Дарья (Әмудария) өзені өзінің ағысын бірнеше рет ауыстырған, сондықтан көне бекіністер сақталмаған, жартылай қираған және олардың атауларының мағынасы да уақыт өткен сайын өзгерген болар.
Өмірбектің айтуынша Үргеніш жерінде сол жерде тұрған адамдардың ата-бабаларының зираты қалған. Осы Хорезм облысының Қожа елі деген жерінен Түркіменстанға кірген шекарадан 24 шақырым жерде, көне Үргеніштегі үлкен зиратта Шұбар атты Мәлім Қожа бабаның зираты бар екен. «Сейіттердің шежіресіндегі 29-ыншы ұрпағы Ер Есімсейт Ешмұхаммед, лақап аты Шұбар атты Мәлім Сейіт. «Шұбар атты» атануында да Алланың кереметі жатыр. Бабамыз таң намазын шұбар атымен барып, күнде Меккеде оқып келеді екен. Бұл құпияны ешкім білмеген. Бірде Ошақты руынан шыққан Қабыл деген кісі ниет етіп, Меккеге қажылыққа барады. Жолда көп қиындық көріп жетіп, зиярат етеді. Елге қайтуға қаражаты таусылып, амалы таусылған Қабыл мешіттің имамына жағдайын айтады»4. Ақыры Шұбар атты Мәлім Сейіт бабамен Қабыл ақсақал елге қайтып келеді. Сонда Шұбаратты Мәлім Сейіт Қожа сиқырлы күшті қолданған. Хорезм облысына жақын жерде Қожа елі орналасқан болса да, уақыттың тығыздығына байланысты ол жерге бару мүмкін болмады. Және Шұбар атты Мәлім Қожа бабаның зиратына бару үшін Түркіменстан шекарасынан өту қажет. Шұбар атты Мәлім Қожа бабаның ұрпақтары Қызылорда облысында да тұрады.
Хиуада христиан дініндегі меннонит бағытын ұстайтын немістер өмір сүріпті. Меннониттер соғысты жаратпайтын, II Екатерина (ұлты неміс) билікте болған кезінде Ресейге қоныс аударған болатын. Олардың тарихына  арналған этнозал бар екен, көп суреттер мен заттар сол замандағы тұрмыс-салтынан хабар береді. «Оңтүстік Хорезмдегі алғашқы этникалық немістер XVIII-XIX ғасырлардың соңында құл ретінде әкелінді. Хиуада 1873 жылдың 12 маусымына дейін құлдар базары болды, онда кейде Еділ бойындағы неміс тектес тұтқындар сатылды. Олардың кейбіреулері тіпті жергілікті мұсылман әйелдерімен отбасы құра алды»5. Гидтің айтуынша немістердің ұрпақтары Хиуаға келіп тұрады екен, ата-бабаларының өмірі мен сол кезеңді зерттеу үшін тығыз қарым-қатынас орнатқан. Хиуадан 33 шақырым жерде Үргеніш қаласында әуежай бар. Еуропа мен Өзбекстан қалалары арасында әуе қатынасы жақсы және ол туризмді дамытуға жол ашады. 
Сондай-ақ, мені Хиуаның Ичан қаласында6 орналасқан Зороастризм мұражайы қызықтырған болатын. Бірақ Авестаны – ежелгі парсы тілінде 1250 жылы құрастырылған зороастрлықтардың қасиетті мәтіндерінің жинағын, өкінішке қарай, бір көрмеге алып кетіпті. Тек зороастрлықтардың сабақтары өткен бөлмелерді көргеніме қанағаттануға тура келді.
Хиуа хандығының мұражайларын тамашалап әрі қарай Үргеніштен Бұхара хандығының жерлеріне пойызбен аттандық. Бұхара қаласының орталық алаңдарының бірі – Ляби Хауз XVI – XVII ғасырларда құрылған сәулет ансамблі. Алаң Кукелдаш медресесі, Диван-Беги медресесі және Ханаки Диван-Беги, IX – X ғасырларда салынған Исмаил Самани кесенесі ғимараттарынан құралған. Гуля есімді гид мені XVI ғасырдан бері жұмыс істеп тұрған әйелдерге арналған моншаның ішіне кіргізіп көрсетті. Тас­тан жасалған еден жылу беріп тұрады, жуынатын жері де сол қалпы сақталған. Ерлерге арналған осындай монша Бұхара қаласының орталығына таман орналасқан. Бұхара ханының жазғы демалыс орны қаланың сыртында екен, оған да бардық. Ханның үлкен бағы, гаремі, шет елдің елшілерін қабылдаған бөлмелері бәрі де сақталған. Бұхара бекінісі цитаделіне көтерілгенде жау шабуыл жасаған көрініс те көз алдымызда тұрды. Хиуа мен Бұхара хандары бір-біріне бәсекелес болып, кім ең биік мұнара салады деп жарысқанын да гидтар айтып жүрді. Бұхарада әлі де қаракөл қой өсіріледі екен, одан әртүрлі киім шығаратын кәсіпті сақтап қалыпты. Оны көрген соң біздің ауылда да осындай жіңішке жүнді каракөл қойын өсіргенін еске алдым. Бірақ 1970 жылдары қойларды таратып жіберіп, кәсіпті жауып тастаған болатын. 
Осы жерлердің топонимикасын зерттей отыра, мен жергілікті жүргізуші Мухиддинмен сөйлескен кезде Бұхарадан 65 шақырым жерде Қарауылбазар қаласы бар екенін білдім. Бірақ, өкінішке қарай, уақыттың аз болуына байланысты ол жерге барудың мүмкіншілігі болмады. Алайда, Қарауылбазарда маған дейін болған туристер бар екен және олар бұл жерді мақаласында жақсы сипаттаған. Қарауылбазар – Бұхара облысы Қарауылбазар ауданындағы қала, әкімшілік орталығы. Қарауылбазар аты қалай пайда болған деген сұраққа А.Солнцеваның мақаласында келесі деректер бар: «Жергілікті аңыз бойынша, Керуен сарайы салынды, сонымен қатар жақын жерде шағын базар пайда болды. Оның жанындағы төбеде Бұхара әмірінің сарбаздарының күзет мұнарасы болды, ол Қарауылбазар (күзет мұнарасы) деп аталды, дәл осындай атауды жақын жерде орналасқан базар алды. Тағы бір аңыз бойынша қара шөпті қара ауыл пайда болды. Жайылым алдындағы базар Қарауылбазар деп аталды. Тағы бір аңыз бойынша, көрші елдерден Бұхараға келетін сауда керуендері Сардоба маңындағы керуен сарайына (таза ауыз суды жинау, сақтау және тұтыну үшін жерді сардоба деп атаған) тоқтап, олардың тауарларын әмірліктің жергілікті кеденшілері тексергеннен кейін қалаға кіруге рұқсат алады екен. Лицензиясы жоқ саудагерлер өз тауарларын жергілікті базарларда сатып, еліне кетеді. Рұқсат алғанға дейін саудагерлер тауарларын белгілі бір уақыт аралығында күзететін жер болыпты7. Сонымен қатар, жергілікті гид Тимур Сұлтановтың айтуынша, қала бұл атауды бекер алған жоқ. Шайбанидтер әулеті кезінде төбеде Бұхара әмірінің сарбаздарының күзет мұнарасы болған. Онда су қоймасы да құрылды. Сол дәуірде керуендер Қарауылбазардан Бұхараға дейін шамамен 12 сағат жүрді. Олар осында тоқтап, Сардоба маңында өздерін тәртіпке келтірді. Қазақтар көшпелі халық, олар құдықтардың жанында өмір сүрді, өйткені cу – өмір. Осылайша мұнда қазақ ауылы құрылды. Қазір мұнда 22 мың адам тұрады, ал бейресми түрде барлығы 50 мың адам тұрады. Бұл көрсеткіштің 10 пайызы қазақтар болса керек. Этникалық қазақтардың көпшілігі (кіші жүз өкілдері), 1930 жылдары осында көшіп келген, қазіргі уақытта көбісі кетіп, қалғандары туризм саласында жұмыс істейді8. Көріп отырғаныңыздай, топонимика жағынан күзет мұнарасымен байланысты деген пікір басым. Бұл мәлімдеме уақыт тенденциясы, оның тарихына осындай мағынамен қарау XV-XVI ғасырлардан бері пайда болып, XX ғасырда жалғасты. Алдағы уақытта болатын жағдайды уақыт көрсетеді. Бұл да бір үлкен сұрақ. Бірақ ол қазақ руларының бұрынғы тарихын зерттеу жолын, олардың әртүрлі тарихи кезеңдерде солтүстікке және кері көшіп-қонып жүрген жолын толық іздестіруді қиындатады.  
Қарауыл руының арғындарына қатысты тағы бір қызықты мәселе – оның ұрпағы – Қарасопылар. Карасопы, оның ағалары Мейрамсопы (локайлармен шежіресі ұқсас)9, Ақсопы, інілері – Сарысопы, Арықсопы, Надирсопы, Танбысопы сияқты, барлығы сопылықпен айналысқан. Карасопы Ферғана қаласында тұрды және Ишкия тарикатына тиесілі болды. Ишкия – Құранға, сопылық бауырластыққа жататындығын көрсететін тарикат. Ишкия тарикаты XV-XVII ғасырларда Мауереннахрда кең таралды. Бұл тарикат басқа елдерде де белгілі, бірақ Үндістандағы атауы – Шаттария, Түркияда – Бистамия, Иранда Шейх Әбу Йазида әл – Ишки деп 13 ғасырдан бері белгілі болды. Аңыз бойынша баба Ишки жергілікті биліктегі адамның отбасында, Мекке маңында дүниеге келген және Мекке билеушісімен Усманның Құраны шынайылығы үшін жанжалдасқан. Ал Мекке әмірі оның отбасына тырысқақ жібергеннен кейін, Қашқария – Катта Лангарға қоныс аударуға мәжбүр болған. Усманның Құранының түпнұсқасын Катта Лангарға әкелген деген әңгімелер бар, ол парақшалар Ташкент музейінде сақталған дейді. Бұдан әрі дәстүр бойынша осы жолдың алғашқы шайхы Әбу-л-хасан әл-Ишки замандасы Бах-ад-Дин Нақшбанмен сопылық жолын құрған (14 ғасырда өмір сүрген). Олар сопылық бауырластықтың негізгі мақсатын тұжырымдапты – Құдайға деген сүйіспеншілік (ишк)10, саяхатшының жүрегін болып жатқан барлық нәрселерден жиіркенішті ету (салик) және жеке аскетизм. Кейінірек олардың арасында Ясавия, Кубравия, Накшбандия доктриналары пайда бола бастады және зікірді қатты немесе тыныш жасау ережелеріне қатысты сәйкессіздіктер пайда болды. Бауырластықтағы басшылық мұрагерлік болды11 . А. К. Бустанов «Шаджар Рисаласи мен оның тізімдерінде»12 - Саид ата шежіресінде Үргеніш пен Іскер – Тюмень арасында қандай байланыстар болғандығы, исламды тарату үшін қандай қадамдар жасалғаны туралы көптеген дәлелдер келтіреді. Сондай-ақ, оларға сопылық бауырластықтар арасындағы бәсекелестік туралы ойға жол берілді, Нақшбандия мен Ясавия бір-бірін Сібірге ығыстырып жіберді деген пікір айтылды. Осыған байланысты, А.К.Бустановтың көзқарасын ескере отыра, тек бәсекелестікке назар аудару мүмкін еместігін ескеру қажет, мұнда исламның таралу ауқымын кеңейтуге қызығушылық болғаны рас. Бұл мәселе назардан тыс қалмауы керек және исламның таратылуына ертеден осы аймақ таңдалды деп айтуға болады. Қөшім ханның жос­пары бойынша Сібірді меңгеру үшін ол Саид тұқымдарымен, шейхтарымен бірге өзінің інісі Ахмад Гирей сұлтанды да Іскерге алғызған болатын, бірақ інісі қайтыс болды. Артынан Ермакпен болған соғыс, Көшім ханның мақсатын тыс қалдырады, ақыр аяғы, керісінше оның ұрпақтарын Касимов хандығына апарып, шоқындырды. Көшім хан туралы тарихи ізденістер бар, бірақ жеткіліксіз, осы тарихи тұлғаның өмірі мен ерліктері туралы тағы да ізденіс жасап жазса, көп болмайды деген ойдамын.
Біздің елде Түркістандағы Ясауи сопылық бауырластығы ең танымал және құрметті орын болып саналады. Мен сопылықтың пайда болуымен байланысты басқа бағыттарға да қызығушылық танытып, осы мақсатта Бұхарадағы Нақшбандия сопылық бауырластық басшысының мазарына бардым. Нақшбандия тарикаты Ясауиден алынған теория мен практиканың бірқатар ережелерін жандандырып, толықтырды және бауырластықтың ұйымдастырушылық құрылымының негізін қалады. Нақшбандия – сунниттік бауырластықтың бірі. Жеті әулиенің ең кішісі – Мухаммад Бахауддин Накшбанди аль-Бухари 1389 жылдары қайтқан. Бахауддин Нақшбанди қатты зікірлерді, жалғыздықты, дервиштерді кезіп жүруді, музыка мен әндермен көпшілік жиналыс­тарды қабылдамады. Оның пікірінше, Құдайға деген ұмтылыс тыныш зікірлер арқылы жүзеге асырылуы керек. Бахауддин Нақшбанди кедейлік пен материалдық жинақтаудан бас тарту идеясын уағыздады. Ол оқушының мұғаліммен рухани жақындық жағдайына ерекше мән берді. Ханафи мазхабының қатаң жақтаушысы бола отыра, ол барлық шариғат ережелерін қатаң сақтауды және Мұхаммед пайғамбар мен оның серіктерінің сүннетін қатаң ұстануды талап етті. Билікке деген қарым-қатынас мәселесінде, Нақшбанди тарикаты олардың бұқараға қатысты саясатына әсер ету үшін билікпен байланысқа түсуді міндетті деп санайтын жалғыз бауырластық болып қала берді. Нақшбандия мазары Бұхарадан 11 км қашықтықта, әдемі бақтың ішінде, хош иісті, таза орында орналасқан. Сопылардың өміріндегі аскетизм, тазалық пен табиғи байлыққа ұмтылу, ақырғы сапардағы өмірге тыныштық әкелген сияқты. Сопылар айналасындағылардың бәріне – әсіресе Құдіреті шексіз Жаратқанға ризашылық білдіру арқылы осы тыныштықты қалаған жоқ па деген де сұрақ келді ойыма?
Сондай-ақ, біздің жерлесіміз және Арғын – Қарауыл – Есенбай – Жақсылық – Шұңғырша руының тумасы Наурызбай Таласов (Науан Хазірет) 15 жыл оқыған13 әйгілі Көкілташ14 медресесіне кіріп, тамашалап қайттық. Наурызбай Таласов осы Көкілташ медресесінде парсы, араб тілдерін жетік меңгеріп, үздік бітіргені үшін Бұхарада медреседе оқытушы ретінде қалдырады, артынан Бағдатқа жолдама алады. Бірақ 1886 жылы Көкшетау уезінің қазақ жұртшылығы Бұхараға үш адамнан тұратын делегация жіберіп, Наурызбай Таласовты елге қайтарады. Бұхарадан Нурызбай Таласов 7 абдыра кітап әкеледі. Содан бері Кукелдаш медресесінің түлегі елде еңбек етеді, шоқындыру саясатына қарсы шығып, үш жылға Сібірге айдалады, кітаптары конфискацияға ұшырайды. Артынан босатылған соң оқымысты ғұлама болғандықтан жұртшылық оған Науан Хазірет деген ат береді. Қаратай Раев ақсақал айтып кеткен деректер бойынша Наурызбай Таласов немесе оның әкесі Талас Құтболатұлы «Мың бір түнді» - «Китаб альф лейла және лейла» ортағасырлық араб және парсы әдебиетінің ескерткіш кітабын, ертегілер мен новеллалар жинағын, парсы патшасы Шахряре мен оның әйелі Шахризада туралы әңгімелерді қазақ тіліне аударуға қатысқан. 
Көкілташ медресесі Бұхара хан­дығының астанасы Бұхарада 1569 жылы Өзбек билеушісі Абдулла хан кезінде салыныпты. Көкілташ медресесі тек Бұхарадағы ғана емес, Орта Азиядағы ең үлкен ғимарат болып саналады. Медреседе мешіт, оқу аудиториясы және 160 үлкен және кіші бөлмелер бар, олар екі қабатты ауланың периметрі бойынша екі қабатта орналасқан. Сол уақыттан бері 1920 жылға дейін, одан кейін де әр уақытта әртүрлі мақсаттарда пайдаланылған. ЮНЕСКО-ның қорғалатын нысандар тізіміне енгізілген. Қазір ол әртүрлі қолөнер бұйымдарын сататын сауда орталығы ретінде танымал. 
Әрі қарай біздің жолымыз бұрынғы Қоқан хандығының жерінде орналасқан Ташкент қаласына түсті. Бұл қалада біз бірнеше рет болсақ да, өкінішке қарай, бұл жолы да Ташкенттен 27 шақырым жерде орналасқан Арғын ауданына жол түспеді. Мүмкін басқа біреулер қызығушылық танытып, Арғын ауданына барып қалар, керек деректерді жинап, мақала жазар деген ойдамыз. 
Ал қорытынды ретінде айтатын жағдай, жас тарихшылар үшін, олардың ғылыми ізденістері үшін Өзбекстан – шексіз әрі тың өлке. Бұл өлкеде үш – Хиуа, Бухара, Қоқан хандықтарының тарихы жатыр. Бұхарадағы Гүлнара есімді гидтың айтқанындай үш хандық бір-бірімен бәсекелесіп, ақыры бас қоса алмай, басқаларға жем болып қалды. Оған қоса айтарым – Алтын Орда бөлінгеннен кейін, Қазақ хандығымен ұмытылып бара жатқан Сібір хандығы да, кем болса зерттеу арқылы, бастары қосылса, үлкен жұмыс тындырады деген ойдамын. Келешекте солай болу үшін, өзбек, қазақ, тәжік, түркімен, қырғыз, башқұрт, татар халықтарының ежелгі тарихын зерттеу жолдары осы өлкемен өзара тығыз байланыста болуы керек. Сонымен қатар, бұл өлке тек тарихшыларға қызықты деген ой, дұрыс емес, бұл жерде этнологтар, лингвистер, генетиктер де жұмыс істеп, этногенез қалай болғанын, ДНҚ сараптамасын ғылыми жұмыстар арқылы көрсете алса, көп нәрсе белгілі болар еді. Әсіресе Хорезмдегі Маъмун академиясымен байланысты нығайту қажет деп ойлаймын, себебі көп деректер сонда жиналған. Бірақ бұл аймақтың тарихын зерттеу үшін Өзбекстан ғалымдарымен әртүрлі зерттеу бағыттары бойынша топтар құрып, архивтік, археологиялық мәліметтерге сүйене отыра, үнемі байланыста болу керек. Менің ойымша, Өзбекстан мен Қазақстан Үкіметтері, Ғылым академиялары, жоғары оқу орындары бір-біріне қарай қадам жасап, архивтерді ашып, бірлескен жобалар жасап және өзара байланыста тарихымызды жаңа қырынан зерттеуге бет бұруын жаңа жолдың ашылуы деп санауға болады. 

121 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз