• Мақала
  • 01 Шілде, 2024

Көшеде көлік көбейді... Экологиялық ахуалды қалай жақсартамыз?

Нақыпбек САДУАҚАСТЕГІ,

заңгер-құқықтанушы, публицист               

      Табиғат әрқашан дұрыс қалпында болады:
             қателіктер мен адасулар адамдардан шығады.
  Иоганн Вольфганг Гете

Осыдан 40 жылдай бұрын, 1986 жылы «Веселые ребята» вокалдық-аспаптық ансамбль жарыққа шығарған «Автомобили» әнінің кейбір сөйлемін еске алайық: «Автомобили буквально всё заполонили, ... Как аромат вдыхаем мы бензин» (Автомобильдер бәрін дерлік жаулап алды... Бензинді хош иістей көреміз). Әрине, әншілер автокөліктердің күнделікті адам өміріне талай қиындықтар тудырып отырғанын әзілдеп жеткізе білген. 
Бірақ, ол кезеңді қазіргі автокөліктердің жер шарын ғаламат мөлшерде жаулап алған заманмен салыстырсақ – жер мен көктей. Өткен кезеңде автокөліктердің саны бірнеше жүз есе аз болғаны анық. Мысалы, еліміздің бұрынғы астанасы Алматы қаласының өткен ғасырдың 70-ші жылдарын көзге елес­тетсек, А.Пушкин кітапханасының алдында тұрып, сол кездегі орталық Коммунистік даңғылы бойымен төмен қарағанда, көз жетер-жетпес Алматы-2 теміржол вокзалы тұсында бір-ақ жеңіл автокөлікті ұшыратуға болатын еді. Қазір Алматы көшелерін автокөліктер мүлдем басып алған, соның салдарынан туындаған кептеліс жүргізушілердің жанын жегідей жеп, жүйкесін жұқартып жүр. Астана қаласының да жағдайы мәз емес. Әрине, автотранспорт мәселелері жұртшылықты жаппай алаңдататыны анық. Біле белсек, оның себептері өте күрделі жайттармен байланысты. Оларды бір шолып, мән-жайын талдап көрейік. 
Жуырда Hedges&Company зерттеу фирмасы әртүрлі континенттер мен елдердегі автомобильдердің жалпы санын, әлемдік автомобиль паркінің статистикасын жариялаған. Қазір әлемде 1 миллиард 474 миллион автокөлік бары анықталған. Дүние жүзіндегі көлік паркінің үштен бірінен астамы Азияда орналасқан. Континенттерді алып қарағанда екінші және үшінші орындар сәйкесінше Еуропа мен Солтүстік Америкада. Жан басына шаққандағы көлік саны бойынша Солтүстік Америка бірінші орынды алып тұр. Ал ең көп автомобильді елдер – Жаңа Зеландия, АҚШ және Эстония – мұнда мың адамға шаққанда сегіз жүзден астам автокөлік тіркелген. Халық санына шаққанда ең аз көліктер Вьетнам, Пәкістан және Конго елдерінде анықталған. Бүкіл әлемде жол-көлік оқиғасының құрбаны болу қаупі артып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мәліметі бойынша, жыл сайын жол апаттары 1 миллион 300 мың адамның өмірін қиып, 20-дан 50 миллионға дейін адам жарақат алған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, осы жылдары жол-көлік оқиғаларынан болған жарақаттар жүрек-қан тамырлары аурулары мен қатерлі ісіктен кейінгі үшінші өлім себебі болуы мүмкін екен. Қазақстанда өткен 2023 жылда 15 886 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 22 097 адам зардап шеккен, деп хабарлайды Zakon.kz. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда оқыс оқиғалар саны 7,1%-ға, зардап шеккендер 2,5%-ға өскен.     
Жер бетінде жүйткіп жүрген миллиардтан аса автокөлік жүз мыңдаған адам­ның өмірін қиып, миллиондаған адам­ның жарақат алуына ғана емес, миллиардтаған адамдардың денсаулығының нашарлауына да себеп болып отырғаны ғалымдар мен саналы азаматтарды алаңдатады. Әрине, автокөлік қазіргі қоғамның ажырамас бөлігі. Дегенмен, автомобиль қоршаған ортаға және табиғатқа айтарлықтай әсер етеді. Автомобиль көлігінен зиянды заттардың, шудың және басқа да жағымсыз факторлардың шығарылуы ауаның, жердің және судың ластануы, сондай-ақ климаттың өзгеруі сияқты күрделі экологиялық проблемаларға әкеліп отыр. Осы тұрғыда автокөліктерден табиғатқа экологиялық зиян келтіру мәселелері жылдан-жылға өзекті бола түсуде.            
Табиғат, қоршаған орта – көптеген теңдестірілген байланыстары бір-бірімен тамырласып, сабақтасып жатқан тұтас жүйе. Бұл байланыстардың бұзылуы табиғатта белгіленген заттар мен энергия айналымдарының өзгеруіне әкеледі. Қазіргі қоғам өндіріске және тұтынуға адамның биологиялық қажеттіліктерінен жүздеген есе көп заттар мен энергия­ны тартады, сондықтан бұл қазіргі экологиялық дағдарыстың негізгі себебі болып табылады.            
Қоршаған ортаға зиян келтіру және келеңсіз әсерлердің барлық түрлері бойынша автомобиль көлігі көш бастап тұр: оның ауаның ластануына «қосқан үлесі» – 95%, жағымсыз шу шығаруға – 49,5%, климатқа әсері – 68% құрап тұр. Мұнай өнімдері, шиналар мен тежегіш төсемдерінің тозған өнімдері, жол бетіндегі мұздан тазартқыш ретінде қолданылатын хлоридтер жол жиектері мен су айдындарын ластайды. Автомобиль қозғалтқышы жұмыс істегенде атмосфераға құрамында 60-қа жуық әртүрлі заттардан тұратын газдар шығарылады, оның ішінде улы заттар: көміртегі тотығы, азот оксидтері, көмірсутектер және т.б., ал қорғасынды бензинді қолданғанда – қорғасын қосылыстары. Қалалардағы шудың негізгі көзі – автомобиль. Шу негізінен пайдаланылған газдардың атмосфераға шығарылуынан және шиналардың жолмен әрекеттесуінен пайда болады. Ал қазір ауа райының бұрынғыдан күрт өзгергендігін, аса құбылмалы сипатын күнделікті байқап жүрміз. Жер бетіндегі ауа райының өзгеруі тіршілікке, табиғатқа айтарлықтай зиян тигізіп келеді.    
Табиғи ортаға антропогендік әсердің күшеюі бірқатар экологиялық проблемаларды туғызды. Ең өзектілері атмосфераның күйіне байланысты. Ауаның ластануы адамдарға және қоршаған ортаға зиянды әсер етеді. Атмосфераның лас­тануынан келтірілген материалдық шығынды бағалау қиын, бірақ толық емес мәліметтердің өзінде ол айтарлықтай үлкен. Қарқынды урбанизация және мегаполистердің дамуы кезінде автомобиль көлігі адам денсаулығы мен қаладағы табиғи ортаны қорғаудың ең қолайсыз экологиялық факторына айналды. Осылайша, автокөлік адам өмір сүру кеңістігіндегі бәсекелес факторына айналды.        
Соңғы онжылдықтарда адамзат біздің планетамыздағы тіршіліктің негізгі көздерінің бірі ауаның ластануына бірінші кінәлі ғылыми-техникалық прогрестің туындысы – автокөлік екеніне ақыры көз жеткізді. Автокөлік өмірге қажетті оттегін сіңіре отырып, сонымен бірге барлық тірі және жансыз заттарға айтарлықтай зиян келтіретін улы компоненттермен ауаны қарқынды түрде ластайды. Қоршаған ортаның, негізінен атмосфераның ластануына үлесі орасан зор екені анық. Автокөлік соңынан будақтап шығатын көкшіл түтінінен (кейде ол көзге байқалмайды) қарқынды түрде шығарылатын көміртегі тотығы мен азот оксидтері бас ауруларының, шаршаудың, себепсіз тітіркенудің және адамның тірлігінің, іс-шараларының төмен өнімділігінің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Күкірт диоксиді генетикалық аппаратқа, бедеулікке және туа біткен деформацияларға ықпал етеді және бұл факторлардың барлығы стресске, жүйке жұқаруына, жалғыздықты қалауға және жақын адамдарға деген немқұрайлылыққа әкеледі. Үлкен қалаларда қан айналымы және тыныс алу мүшелерінің аурулары, инфаркт, қан қысымының жоғарлауы және ісік аурулары да кең тараған. Маман сарапшылардың пікірінше, автомобиль көлігінің атмосфераға «үлесі» көміртегі тотығы үшін 90% және азот оксиді үшін 70% құрайды. Сондай-ақ автокөлік топырақ пен ауаға ауыр металдар мен басқа да зиянды заттарды қосады. Алдын ала мәліметтер бойынша, 100 мыңнан астам халқы бар қалаларда және көлік қозғалысы қарқынды жүретін магистральдар бойындағы жергілікті елді мекендер үшін автокөлік шығарындыларынан қорғасынның лас­тану проблемасы маңызды болып отыр. Автокөлік қалдықтарынан қорғасынның ластануымен күресудің түбегейлі әдісі қорғасынды бензинді пайдалануды тоқтату болып табылады. Шу, тіпті аз болса да, адамның жүйке жүйесіне айтарлықтай ауыртпалық жасайды, оған жағымсыз психологиялық әсер етеді. Бұл әсіресе ақыл-ой жұмысымен шұғылданған адамдарда жиі кездеседі. Қорғасын және оның қосылыстары адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін өте улы заттар санатына жатады. Қорғасын жүйке жүйесіне әсер етеді, бұл интеллекттің төмендеуіне әкеледі, сонымен қатар дене белсенділігін, координацияны, естуді өзгертеді және жүрек-тамыр жүйесіне әсер етіп, жүрек ауруына әкеледі. Кәсіптік интоксикациялардың ішінде қорғасынмен улану (сатурнизм) бірінші орында.    
Бүгінгі таңда автомобиль көлігінің қоршаған ортаға тигізетін зияны орасан зор және тікелей көптеген құбылыстарда көрінеді: топырақтың, судың, атмосфераның, автомобиль көлігінің ластануы, шу мен энергияның ластануын тудырады. Мұның бәрі денсаулықтың айтарлықтай нашарлауына және халықтың өмір сүруінің қысқаруына әкеледі. Осы үрей тудыратын ғылыми мәліметтерге қарамасақ та, автокөліктердің қалың жұртшылыққа тудырар колайсыздықтары көпе-көрнеу мол екені кімге болсын анық та түсінікті. Автокөліктер транспорт жолдарын ғана жаулап алған жоқ, сонымен қатар ауладағы барлық дерлік жолдарды басып алып отыр. Бұл кемпір-шал, бала-шағаның аулада жүріп-тұрып, ойнап-күліп, демалуына да едәуір ыңғайсыз. Аптаның жұмыс күндері аулаға көз жүгіртсеңіз, жеңіл автокөліктердің жартысы тұрған орындарында қалады, аңғарсақ, бұл автокөліктерді иелері анда-санда ғана пайдаланатын болып тұр ғой, сондықтан олардың күнделікті қажеттілігі шамалы. Солай болса, көлік иелері артық қомақты шығынға неге барған және келеңсіз статистика деректерін көбейтуге неге үлес қосып отыр?! Келешекте, азаматтар автокөлікті сатып алардың алдында, жан-жақты пайдасы мен зиянын терең бағдарлап, қарызданбай, барлық ауыртпалықты салмақтап шешім қабылдағандығы дұрыс болар еді. Қазақстандағы автокөліктердің саны туралы Ұлттық статистика бюросы мәліметтеріне қарағанда 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елде 5 326 809 көлік тіркелген. Оның 4,8 миллионы жеке тұлғаларға, 487 мыңы – компанияларға тиесілі, тағы 47 мыңы – жеңіл көліктер. Бұлардың жартысына жуығы – 2,4 миллион көліктің қызмет ету мерзімі 20 жылдан асады. Ең көп автомобильдер саны Алматыда – 617 238; Алматы облысында – 585 356; Астанада – 384 899 тіркелген. Бұл қалаларға күнделікті 100 мыңнан астам автотранспорт келіп-кетіп жүргенін де есепке қосу керек. Бұлардың бәрі қоршаған ортаға және қала тұрғындарына үлкен қолайсыздық туғызады.    
Айта кетер жайт, 22 қыркүйек Дүниежүзілік автокөліксіз күн болып белгіленген. Бұл күні автокөлік жүргізушілері мен мотоциклшілеріне қоршаған ортаны қорғау үшін қоғамдық көлікке ауысып, жай ғана көбірек жаяу жүру ұсынылады. Осындай күндер көп болса екен. Сонымен қоса, салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар велосипедті ең жақсы көлік деп санайды. Өйткені, онымен жүру – керемет кардио жаттығу, сонымен қатар ол қоршаған ортаға зиян келтірмейді. 
Бірқатар Батыс елдерінде қарапайым азаматтармен қоса, тіпті мемлекет басшылары, министрлер және лауазымы жоғары қызметкерлер күнделікті өмірде велосипедті жиі пайдаланады.         
Енді жеке автокөліктердің Қазақстан экономикасымен қандай байланыста екеніне көңіл бөлейік. Елімізде жеке тұлғалардың иелігінде 4 миллион 800 мың автокөлік тіркелгенін атап өттік. Ел азаматтары шет мемлекеттерден жеткізілген әртүрлі маркалы автокөліктерді сатып алады. Егер, автосалондардағы сатылатын автокөліктің орталай деген бағасы 15 миллион теңге деп алсақ (шамамен 33 мың АҚШ доллары), оны 4 миллион 800 мыңға көбейтсек жалпы сома – 72 триллион теңге болады екен. Сонда осы аса қомақты ақша көлемі Қазақстан аумағынан із-түзсіз шекара асып кеткені ме? Иә, аса қынжылтарлық жағдай. Ал автотранспорт жалпы санын алатын болсақ, елімізде 5 326 809 көлік тіркелген. Алдыңғы қомақты сомаға 526809 автокөліктің бағасын қоссақ, аталған сома едәуір өсетіні анық. Егер қалалар мен ауылдарда, олардың арақатынасында, қоғамдық транспорт қолайлы түрде өте жақсы жүріп тұрса, Астанада және басқа қалаларда жерас­ты метро желісі салынып, іркілмей жүргенде, шетелге асқан қомақты ақшаның әжептәуір бөлігі елімізде қалып, мемлекетіміздің экономикасын, халықтың әл-ауқатын көтеруге елеулі үлес қосар еді. Бірақ, өкінішке қарай, кеткен ақша із тастамай, оралмай кетті. Не дегенде, олар бөгде мемлекеттерді байытуға елеулі үлес қосып жатыр.    
Қазірдің өзінде, ел игілігі үшін қоғамдық автотранспорттың мүмкіндігін оңтайландырып, ширатуға болады. Қалаларда салоны жайлы, электр қуатымен жүретін автобустарды кең пайдаланып, олар үшін автокептелістен тыс жекедара белгіленген тың ашық жолдармен жүруге мейлінше мүмкіндік беру керек. Мұның пайдасы жан-жақты: жолаушылар кептелістен ада болып, барар жеріне уақтылы жетіп, сондай-ақ, қалалардың ауасы тазарар еді. Автокөлік әсерінен қоршаған ортаға келетін зиянды азайтудың негізгі жолы қоғамдық көлікті оңтайландыру, баламалы энергия көздерін дамыту, электр қуатымен жүретін автокөліктерді кең қолдану. Электромобильдер қоршаған ортаны айтарлықтай жақсартатыны айқын. Электркөлігі мұнай өнімдерін пайдаланбайды және ауаны улы газдармен ластамайды, қозғалтқышы үнсіз жұмыс істейді, өрттен қауіпсіз және басқаруға оңай келеді. Осыған қоса, Астана қаласында жұртшылыққа өте қолайлы жер асты метрополитен салынса тамаша болар еді. Қала құрылысын жоспарлауды жетілдіру және транспорт қозғалысын оңтайландыру өзара тығыз байланыс­ты жүйе. 
Жалпы алғанда, автомобиль көлігінің экологиялық мәселелеріне, сонымен адамдардың экологиялық қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған өзекті мәселелерді шешу жолдарына және қоғамның прогрессивті, экологиялық таза дамуы мәселелеріне мұқият назар аудару қажет. 

7964 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз