• Мақала
  • 01 Шілде, 2024

Оқитын ұлтқа айналу немесе кітап оқудың пайдасы

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы
 

Білім-ғылымның таусылмас қазынасы – кітап. Кітап – адамның рухани досы. Демек, жақсы өмір сүргің келсе, кітап оқы. Бақытты өмір сүруді рухани, материалдық жағынан қамтамасыз ететін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы тірнектеп жинап, ұрпақтарына мұра етіп қалдырған құндылықтардың барлығын да осы кітаптан табасың. 
 «ХІХ ғасырда фин халқы өзін ең сорлы, артта қалған ең мешеу ел санаған екен. Содан олар баяғы заманнан бері келе жатқан «Калевала» дейтін эпосын қайта жаңғыртып, оған бір меценаты бар ақшасын салады. Оған дейін финдердің әдебиеті негізінен швед тілінде дамыған. 1809 жылға дейін Финляндия швед корольдігінің құрамындағы елеусіз жатқан бір ел болатын. «Калевала» шыққаннан кейін фин халқының өмірінде өзгеріс болып, жоғалтқанын қайта тапқандай болып, біртіндеп ұлттық жаңғыру басталыпты. «Калевала» қазір Финляндияның ұлттық мақтанышына айналып отыр. Оны әлем әдебиетіндегі баламасы жоқ бірегей эпос деп баяғыда бүкіл елге мойындатып тастады» (Ж. Мәкіштің «Facebook»-тегі парақшасынан). 
Әлемді өнер ғана сақтап қала алады. Кітап – адамзат баласы жасаған өнердің ішіндегі ең шыңы болумен бірге халыққа ең жақыны да, пайдалысы да. Осы сөздің шындығына қазір де назар аудара бастағандаймыз. Әзербайжан жазушысы Юнус Оғуз «Егемен Қазақстан» (04.10.2018) газетінде жариялаған мақаласын «Әлемді көркем шығарма құтқарады» деген тақырыппен жариялапты. Мәдениетаралық «Бұл диалогтің бір тармағы – әдебиет. Адам баласының қалыптасу, өсу жолында әдебиеттің орны айрықша екені баршаңызға белгілі. Бала күнінде роман, я повесть оқып, соның қаһарманы сияқты ержүрек батыр болғысы келмеген жан бар ма?! Махаббат жырларын оқыған сайын жүрегі атқақтап, сезім пернелері жарыса соғып, ғашық болуға ынтықпаған жігіт бар ма?! Оқып отырған шығармасындағы жақсы көрген кейіпкері бір апатқа ұшыраса, шіркін, соның орнында мен болғанда былай істер едім, деп қиялға кім берілмеді дейсіз? Өмірге деген көзқарасымызды қалыптастыруға септігі тиген әдебиет осынысымен аяулы, қымбат. Әлемдегі бейбітшілікті сақтау жолында әдебиет соғысыңыздан да, саясат пен экономикаңыздан да қуатты. Көркем әдебиетті оқу арқылы адам ойланады, жаңа көзқарас пайда болады, өзін шын мәнінде адам қатарына қоса бастайды. Өзінің робот емес екенін ойлап, бұл жарық әлемге ұлы махаббатпен келгенін мойындап, сол махаббатпен өмірмен қоштасу керегін түсінеді. Көркем әдебиеттің насихаты әлемдегі бейбітшілікті сақтау үшін ауадай қажет. Көркем әдебиет адам баласының жүрегін жұмсартып, гуманизмге тәрбиелесе, бұл қауіпті әлемді қауіпсіз, бейбіт әлемге айналдыруға болады деген сөз. Бірақ біз әлі қауіпті әлемнің тұрғындарымыз».
Жаһандану дәуірінің өзіндік бір ерекшелігі – оқырмандардың электронды ақпарат құралдарына бет бұрып, дәстүрлі кітап, газет-журнал оқудан қалып бара жатқандығы. Бұл үшін оқырмандарды кінәлай беруден гөрі, неге осылай деген сауалға жауап іздеген жөн сияқты. Кітап оқылмауының жаһандану дәуірінің өзіндік болмысынан туындап отырған жағдайға байланысты объективті, субъективті себептері жеткілікті. Рухани дамудың қайнар көзіне айналған кітаптың оқылмауы әлемдік өркениеттің, мәдениеттің құлдырауына алып келе жатыр. Еліміздегі жалпы кітап мәселесіне қатысты жағдайдың жай-күйі онша көңіл көншіте бермейді. «Кітап — алтын қазына» деген сөзді халқымыз бекер айтпапты. Батыс елдерінде танымал жазушылардың қолжазбасы табыла қалса, аукциондарда өте қымбат бағаға сатылады. Былай қарағанда, ол да жай бір қағазда жазылған сөз емес пе? Мәселе оны кім жазғанында болса керек. Оған жазушының репутациясы мен жарнамасын қосыңыз. Кітап, шын мәнінде, ең қымбат құндылық екен. Идеяның өзі ойдан сөзге айналып, қалам арқылы кітапқа түседі. Кітаптың құны – ішіндегі жазуға байланысты. Сапасы мен сөз салмағына қарай кітапты бағалаймыз. Егер сіз сыйлық ретінде досыңызға кітап ұсынсаңыз оның құны қабылдап алушының ой-өрісі мен ұстанымына тәуелді болары зандылық. Өйткені сыйлық алушының кітапқа деген көзқарасы қандай болса, кітаптың да ол үшін құндылығы сол деңгейде бағаланады.
Рухани тұрғыдан алғанда, кітап – ең қымбат сыйлық. Таным көкжиегіңді кеңейтетін кітапты сый ретінде алу да бір мәртебе. Қай дәуірде де ойшылдар үшін пайдалы кітап ешбір байлықпен теңеспейтін құндылық саналған. Білім іздеп ел кезген ғұламалар жайлы тарихи кітаптардан оқып білдік. Демек, олар кітапты ілімнің есігін ашатын кілт деп санағанын көруге болады. Әрине, бүгінгі дамыған заманда көптеген құнды кітаптарды ел кезбей-ақ электронды түрде оқи аласыз. Жаһандық дамудың жетістігін осыдан көруге болады. Әйтсе де, технологияның дамуы кұндылықтардың ауысуына, ойдың басқа арнаға қарай бұрылуына әкеп соқты. Бірақ, соның өзінде кітапты ескінің қалдығы емес, білімнің нәрі деп қарайтындар да бар...Кеше мен бүгінді салыстырғанда, бұрынғылар кітапты құндылық деп қарағанын ұғуға болады. Құндылық болғанда да материалдық тұрғыдан емес, әкелеріміз кітапқа бағасыз бір байлық ретінде қарағандай. Ал қазір ше? Қазір де мектептерде кітапты қазына деп үйрететіні анық. Бірақ нарық заманында, әсіресе біздің елде кітаптың құны басқа дамыған батыс елдерімен салыстыруға келмейтіндей. Қазір сіз құрбыңызға немесе жақын танысыңызға кітап сыйласаңыз ол қуанады, бірақ егер оған іРһоnе сыйласаңыз одан да қатты қуануы мүмкін» (Н.Жақыпқызы. «Ана тілі», 17-23.02.2022).
«Кітапты қандай қоғам оқымайды? Кедей қоғам оқымайды. Кедейге кітап оқығаннан гөрі тамақ тапқан әлдеқайда маңызды. Надандық, әсіредіншілдік, фанатизм дегендер кітап оқымайтын кедей қоғамнан шығады. Ал кітап оқитын саналы қоғам мұндайға жол бермейді. Сондықтан да бізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру керек», – дейді әдебиеттанушы Тілек Ырысбек. («Тұран – Түркістан» журналы, 2021, №1). Дәулетбек Байтұрсынұлының мына бір жазбаларынан қазіргі қазақ қауымындағы кітап тағдырының жай-күйі шынайы көрініс тауыпты: 
«Осы кезге дейін кітап оқыдық, сұрап алдық, сатып алдық, қадірлеп басқалар сыйлады... Үйімізге әйтеуір бір камаз болмаса да, бір жеңіл көлікке жүк боларлық қағаз жиналыпты. Шынында көбін оқыдық. Соның нәтижесі болар, жазып жүрміз, сөйлеп жүрміз. Естігенің бір бөлек, көргенің бір бөлек. Соның ішінде оқығаның озық. 
Осы кітап құмарлықтың ауруы өзіңменен бірге кетсе, сол өкініш болатын секілді. Балаларыңның арасынан кітап оқитын, қағаз кеміріп, сөреге қарайтын адам болмаса, шынында өкінішті болмақ!... Сенің жолыңды жалғап ең кемі бір балаң кітапты сүймесе, қазынаң қараусыз, байлығың жинаусыз қалғанмен бірдей деген сөз...» (Д.Байтұрсынұлының «Facebook» парақшасынан. 21.08. 2022). 
Озат тәжірибені өзіне сіңіріп алатын қасиетті біз айналамыздағы қытайдан, өзбектен, әсіресе орыстан үйренуіміз керек. Қазақстанның кез келген кітап дүкендерінен Ресейде басылған әдемі мұқабалы, аудармасы да құптарлық кітаптарды көптеп табасыз. Бірақ әрқайсысы 4-5 мың теңге тұратын кітаптарды сатып ала беруге көпшіліктің қалтасы көтермейді. Бұл ел әлем әдебиеті түгіл, бизнес, өндіріс, қорғаныс, қаржыгерлік саласындағы кітаптарға дейін саралап, сараптап, зерделеп, оқырман кәдесіне жаратуға асығып, сапалы аударма жасап, баспаларынан тартымды етіп шығара қояды. Мектеп кітапханалары да бас-аяғы жоқ жұрым-жұрым үзінділерден тұратын кітаптарға толы. Оның өзі де – советтік дүние. Сонда біз тәуелсіз Қазақстанда кімдерді, қай формацияға тәрбиелеп жатырмыз, осы?! Коронавирус індеті өршіген тұста мектеп кітапханалары не бітірді? Бұл сауалға да жауап жоқ. Онлайнмен көркем шығарма оқытып жатырмыз деп, өзімізді өзіміз алдап қойдық. Осылай өз қолымызды өзіміз кестік. Әлемнің озық ойлы адамдары қай салада болсын жаңа технологияға ұялы телефон арқылы жетіп жатқан жоқ. Құнды кітаптарды ақтарып, ғылым-білім іздеп, тапқанын кәдеге жаратып, өзін, елін, әлемді байытып жатыр. Олардың да баратын жері – көпшілік кітапхана. Бірақ дамыған елдердегі кітапханалар адамдарға қызмет етсе, біздегі кітапханалар тек өзіне ғана қызмет ететін секілді. Тыныс-тіршілігіне сан миллиондаған қаржы жұмсалып жатса да, оқырманнан күннен-күнге алыстап бара жатқан кітапханалардың күретамырына кім, қашан, қайтіп қан жүгірте алады екен?! (Ө.Пістебек. Кітапқа кіріптар еткен қоғам. «Жас алаш», 09.02.2021). Әлемдік ой алыптарының бірі Фрэнсис Бэкон «Кітаптар – уақыт толқындарын шарлап, үстіндегі баға жетпес қазынасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп жүрген ой корабльдері» деген екен. Тағы да «Мәдениеттілік – оқыған кітаптардың санында емес, солардан түсінгендерің», «Кітап оқитындар теледидар көретіндерді басқарады», «Кітап оқудың әсері фильм көргеннен әлдеқайда артық, өйткені, ойланып отырып оқудың адамға берерінде шек жоқ», «Көп оқыған сайын, кез келгенге еліктеушілік те азая береді», «Адамдар кітап оқитындар және кітап оқитындарды тыңдайтындар болып, екі категорияға бөлінеді», «Тиыннан теңге құралатыны сияқты кішкентай оқығандарыңның өзі жиналып келіп, білімді құрайды», «Денеге қимыл қажет болса, ақылға кітап оқу керек», «Ақылды болуға он кітап оқысаң жетеді, ал сол онын табу үшін мың кітап оқуға тура келеді», «Оқыған кітаптарыңа сен, өйткені, олар – қажетіне қарай, үндемейтін, кезі келгенде, әлемнің есігін ашып тастайтын сенің ең жақын досың» деп, кітап оқудың адамның рухани жағынан жетіле түсу процесіндегі орнын тамаша бейнелей түсіндіріпті.
Бүкіл әлемді аузына қаратып отырған Илон Маск кітапты көп оқып, кітапқұмар болғанын айта келіп, оқыған кітаптарының ішінен өмірлік жолын айқындаған, тұғырлы тағдырын шешкен 10 кітапты ерекше атапты. Олар: Питер Тиль мен Блейк Мастерстің «Нөлден бірге қарай» («От нуля к единице». Бизнес хақында), Ник Бостромның «Жасанды интеллект. Дәуірлер. Қауіптер. Стратегиялар» («Искусственный интеллект. Этапы. Угрозы. Стратегии». Жасанды интеллекттің болашағы мен қаупі жайында), Дуглас Адамстың «Автостоппен Галактикада» («Автостопом по галактике»), «Бенджамин Франклиннің өмірбаяны» («Автобиография Бенджамина Франклина»), Уолтер Айзексонның «Альберт Эйнштейн: оның өмірі мен Ғалам» («Альберт Эйнштейн: его жизнь и Вселенная»), Айзек Азимовтың «Негіз» трилогиясы (Трилогия «Основание». Өркениеттің циклмен дамуы), Джон Толкиннің «Әмірші жүзік» («Властелин колец»), Джеймс Гордонның «Конструкциялар, немесе заттар неге майыспайды» («Конструкции, или почему не ломаются вещи». Ракета құрылысының негіздері), Л.Дональд пен Джеймс В. Стилдің «Говард Хьюз: оның өмірі мен ақылға сыймайтындығы» («Говард Хьюз: его жизнь и безумство»); т. б. (Қараңыз: «Телеграм»).  «Кітап адам өмірін өзгерте алады. Ливерпулдегі университет ғалымдары осындай тұжырымға келіп отыр. Бұл жайында islam.kz порталы The Daily Mail ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ағылшын ғалымдарының пайымдауынша, бүгінде трендке айналған, адамның өмірге құштарлығын арттыруға арналған мотивациялық немесе байлыққа қол жеткізуге ынталандыратын «тренингтік» кітаптар емес, көркем туынды адамға пайдалы болып шықты. Филипп Дэвис есімді профессордың айтуынша, классикалық көркем шығармалар өзге кітаптарға, тіпті, ғылыми тақырыпта жазылған кітаптарға да қарағанда, адам миында күрделі процесс тудырып, адамның дүниетанымын кеңейтіп қоймай, сонымен қатар, ізгі қасиеттерге баулиды. Әлбетте, мотивациялық кітаптар да адамның өмірін өзгерте алады, алайда, дәл көркем шығармадағыдай әсер бере алмайды. Бұған қоса, көркем туындылар, мамандардың сөзіне қарағанда, ауру симп­томдарын баса алады, бұл өз кезегінде саз терапиясына ұқсайды» («Ислам.кз»). Шындығында да, кітап – сенің оңашада ойға шома отырып, сырласар ең жақын досың да, біліміңе білім, ойыңа ой, ақылыңа ақыл қосар ақылшы-ұстазың да, дұрыс жолға салатын тәрбиешің де, шаршағаныңды басатын, ауруыңды жазатын, бойыңа күш-қуат беріп, өмірдің өріне қарай сүйрейтін жанашырың да. Кітаптың адам өміріндегі пайдасын, осындай баға жетпес қасиеттерін әлемнің ақыл-ой алыптары айтудайын-ақ айтып кетіпті: «Жақсы жазылған жазушылардың шығармаларын оқи отырып, сауатты сөйлеуге дағдыланасың» (Ф. Вольтер); «Кітап оқитындар теледидар көретіндерден өресі биік тұрады» (Ф.Жанлис); «Көп оқыған сайын аз еліктейтін боласың»; «Ойланып оқу ми үшін денені шынықтырғанмен бірдей» (Джозеф Аддисон); «Ең жаман нәрсе – соңғы 90 күнде қолға кітап ұстамау, бұл – ойсыздық» (Джим Рон); «Кітап оқымау – кітапты өртегеннен де ауыр қылмыс» (Рэй Брэдбери); «Сенің кім екендігің не оқығаныңнан білінеді» (Джим Рон); «Кітаптарға сен, өйткені, олар – сенің ең жақының. Олар әдетте үндемейді; қажет болған жағдайда сенің алдағы өміріңнің тура жолын ашып, сөйлеп те кетеді»; «Жақсы кітап сегізден жеті бөлігі су астында көрінбей жататын айсберг секілді» (Эрнест Хемингуэй); «Оқырман өлгенше, кітаптарда суреттелген мыңдаған өмірді басынан өткерсе, бір кітап оқымаған өзінің бір ғана өмірін сүреді» (Д.Мартин); «Өзгелердің ақылды сөздерін оқығанда, басыңа өзіңнің ақылды ойларың келе бас­тайды» (М. Лашков); «Кітап коллекциясы – өзінше бір университет» (Томас Карлейль); «Қолға түскен кітаптың бәрін оқи беру мақсат емес, жаныңа жақындарын ғана оқы» (Лев Толстой). Қазір бүкіл әлем интернет пен теледидардан ақпарат алып, тыныстап отыр деуге болады. Солай бола тұра, әлем оқырмандары кітап оқуын тоқтатқан жоқ.
«Еуропада бір адам күніне 10 бет оқиды. Жапондықтар болса, күніне 15 бет оқиды жəне мұнда жылына 4 млрд. 200 млн. кітап басылады. Халқының саны 120–130 миллион. Қалай ойлайсыз, Жапонияда неге мұншалықты көп кітап басылуда? Оқуға деген сұраныс бар ғой, демек. Бізде бар болғаны 1000 əрі кетсе 2000 данамен ғана кітап шығады. Яғни, осыншалықты ғана кітап оқылады деген сөз. 17 миллион қазақтың 7 миллионы кітап оқыса, 7 миллион кітап басылар еді. «Кел, балалар, оқылық» кітабына бəйге өткізерде біз басқа баспадан сатып алғанбыз. Артына қарасам, 2013 жылы жарық көріп, 2000 данамен ғана шыққан. Қазір Қазақстан ғана емес, жалпы мұсылман мемлекеті кітап оқымайды. 80 миллион халқы бар Түркияны алып қарасақ, оларда жылына 20 миллион ғана кітап басылады. Бізбен салыстырғанда, көп оқиды. Енді осы сандарға қарап-ақ, бізде кітап оқитын адам жоқ дей берсеңіз болады. Мұсылман мемлекеті жылына 10 бет қана оқиды. Оның ішінде біз де бармыз» (Е.Солтамұрат. Шынайы ұлтшылдыққа адам кітап оқу арқылы ғана жетеді. Сұхбаттасқан Ә.Дағжан. «Алматы ақшамы», 01.02.20). «Кітап оқыған жақсы» дегенімізбен де бұған қол жеткізу үшін бір-бірімен тығыз байланыстағы көптеген проблемаларды кешенді түрде шешуге тура келеді. Бұл ретте сол оқырман оқуы керек деген кітапты бастырып шығару проблемасының өзі шашетектен. Жалпы, Қазақстандағы кітап мәселесі күрмеуі қиын күрделі тақырыпқа айналған. Адам өмір бойына мыңнан аса кітап оқып, 20 шақты тіл үйреніп, шексіз көлемдегі ақпараттарды қабылдап, осыларды миы арқылы қорытып, пайдалана алады екен. Ал ми осылардың барлығын әдетте есте сақтай бермей, керектілерін ғана алып қалып, пайдаланылмағандарын шығарып тастап отырады. Бәрін сақтай алатын да мүмкіндіктері бар. Ол үшін мидың қажетті барлық қуатын іске қосатын, есте сақтау қабілетін арттыратын жағдайлар жасап, жұмыс істеуін жақсартатын шаралар жүзеге асып отыруы керек. Бұл дегеніміз миға көп жұмыс істетіп, оның жұмыс істеу қабілетін жетілдіре, арттыра беру деген сөз. Адамның есте сақтауын, мидың жұмыс істеуін арттыратын бірден-бір оңай жол, ол – кітап оқу. 
Мидың ақпараттарды қабылдауы, оларды есте сақтау қабілеті – шексіз. Десек те бейнелі (образды) түрде қабылданған хабардың ұзақ сақталынатындығын күнделікті өмірдің тәжірибесінен көріп жүрміз. Есте қаларлықтай ерекше оқиғалардың адам санасында ұзақ уақыт, тіпті өшпей мәңгілікке сақталып қалуының басты себебі оның көзбен көру, құлақпен есту арқылы бейнелі түрде әсер етіп, санада сурет болып қалуында жатыр. Жай хабарды қабылдау мен көркем шығарманы оқудың арасында да жер мен көктей айырма бар. Ақпарат құралдарынан оқырман негізінен, жаңалық іздесе, ғылыми-көпшілік кітаптардан білімін толықтырып, дүниетанымын кеңейтсе, көркем шығарманы оқығанда, адам жанын жадырата түсетін эстетикалық ләззат алады; әдеттегі тіршілікте байқай бермейтін өмірдің ұңғыл-шұңғылына үңіліп, ойлана түседі; санадағы бұрынғы ақпараттар қозғалысқа түсіп, өміршең жаңа ойлар, идеялар пайда болып, жанына жігер құйып, рухтандыра түседі; ең соңында санасындағы, жанындағы жаңғырулар рахат сезіміне бөлейді. Жай әңгімелесуде, ақпарат құралдары арқылы хабар беруде сөз мағынасының нақтылылығына, логиканың ойды дұрыс жеткізудегі заңдылықтарына сүйенсе, көркем шығармада негізінен, адамның сезім мүшелеріне, жан жүйесіне ерекше әсер етуді мақсат тұтқан бейнелілік алға шығады. Бұған қаламгер бейнелілікке жетудің түрлі көркемдік құралдарын шебер қолдана білу барысында ғана қол жеткізе алады.Қазақстанда шығып тұратын республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы кітап оқу жайында басынан өткен мына бір жағдайын жұрт назарына ұсыныпты: 
«...Адам кітап оқымаса, кітап оқу деген тамаша ләззаттан мақұрым қалатынына кейінгі жылдары тағы да көзім жете түсті... 
Бір көзім жеткені – көптен кітап қарамағандар бірдеңе оқып-түсінуден мақұрым қалады екен. Мейлі, кезінде инс­титут, университет бітірсе де. Оқудан бір қол үзіп алған адамның миы қабылдауды тоқтата бастайтынын өз басымнан өткен жайдан білемін. Миы өз бетінше әлдене ойлауды қойған ондайлар бара-бара ақшалы бизнестен сырттап, баяғы өздерінің қара жұмысына кетуге мәжбүр болды.Содан бастап миды жаттықтырудың жалғыз жолы оқу екеніне көзім анық жетті. Кейін осыған байланысты қызықты ғылыми зерттеулерді де ұшырастырдым. Кино көргенде ми жұмыс істемей, керісінше демалады екен. Ал оқығанда оянып, әрекеттене бастайтын көрінеді. Қазақ бекерге «Әрекет түбі – берекет» демейді ғой.Ғұламалар айтады: «Күнделікті өмірден мида жиналып қалатын лас ойларды кітап оқу ығыстырып, тазалай бастайды» деп. Тазарған миға тамаша ойлар, тың идеялар содан соң ғана келе бастайды екен.Миды жаттықтырудың оңай жолы – көркем әдебиет оқу. Дене шынықтыру жаттығуларын күн сайын жасаған адам қандай ширақ болса, күн сайын оқуға көңіл бөлген адамның миы да сондай тұнық болады. Ондай адамдар қанша ұзақ жасаса да, алжи қоймайды екен.Ендеше, не тұрыс, кітап оқиық!» (Н.Саматұлы. Мидың жаттығуы – көркем әдебиет оқу. «Жалын», 2019, № 2). Е.Жүніс жиырма бірінші ғасырдағы қазақ өзіне қажетті рухани азықты қайдан алады деген мәселелер төңірегіндегі «Өз заманының адамы» тақырыбында ойларын ортаға салыпты: «Əр дəуірдің есігі – кітап, сол дəуірде жазылған кітаптар. Яғни уақыт машинасы дегеніміздің өзі де – сол. Кітаптарды дəуірлерді сапырылыстыра оқу керек, ол уақыттар мен халықтар аралығында көшіп жүру сезімін сыйлайды... ...Жиырма бірінші ғасыр адамдарын сан алуан санат бойынша бірнеше топқа бөлуге болатын шығар, мəселен, екеуін айтып көрейік: адам-кітап жəне адам-гаджет. Адам-кітап – ғалымдар, шығармашылық тұлғалары, тірі энциклопедиялар, я болмаса бір басына кішігірім классикалық кітапхананы көшіріп жəне сіңіріп алғандар. Олар бұл ғасырдың ғана емес, кез келген заманның өз адамы бола алады... Барлық заманға бауыр болады. Қалаған уақытында қайсыбір ғасырға барып, қалаған бейнесінде өмір сүре алады. Əрине, бұл таңғажайып саяхат қой. Бірақ мұндай типтегі адамдардың өз трагедиясы бар: көбісі өз уақытына, өз заманына сыя алмай, аласұрып, өзін тұтқындай сезініп, қорланып күн кешеді. Өз заманының шарттары мен заңдылықтарына жаттай болады. Бейімделе алмайды. Адам-гаджет – өз заманының адамы, өз кезеңінің моральдық ұстанымдары, эстетикалық құндылықтары, міндеттері мен жауапкершіліктері, тенденциялары мен технологиялық жаңалықтары – бəріне бейіл. Қоғамдағы функциясын мүлтіксіз атқарады. Олар өз заманының ғана адамы бола алады. Сондықтан олардың көбіне тарих пен философия, ғылым мен əдебиет – жат. Қызықсыз əрі мағынасыз көрінеді. Бұл үшін жазғыруға бола ма? Əрине, болмайды. Ол өзінің таңдауы, таңдау еркі құдайдан беріледі. Адам-гаджет осы ғасырдан басқа ғасырда өмір сүре алмауы əбден мүмкін. Яғни интернетсіз, іздеу жүйелерінсіз, гаджеттерсіз өмір сүру қиын. Қандай қызық, осыдан жиырма жыл бұрын ғана мұның бірде- бірі жоқ еді. Енді қараңыз, біз осыған əбден шырмала байландық. Осы екі тип Гілгəмеш пен Энкиду секілді, бір-біріне қарама-қайшы, бірақ, бір бүтіннің екі жартысы.Жаңа заман адамы – осы екі типтің қосындысы болуға ұмтылуы керек болар. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, бір заманның шеңберінде қалу – қасірет. Бұл əрқашан ұлылыққа, сұлулыққа, құпияға, тылсымға, жаңалыққа, ғажапқа ғашық адам болмысын мансұқтау» (Ерлан Жүніс. Өз заманының адамы. «Egemen Qazaqstan», 31.03.2020).Мамандар қолыңа түскен кез келген кітапты емес, өзіңді қызықтыратын белгілі бір сала бойынша, дұрыс өмір сүруге пайдасы бар әдебиеттерді ғана таңдап оқуға кеңес береді. Ол үшін алдын-ала жоспар құрып, тізім жасап, ретімен оқыған жөн. Кітаптар қоғамдық-әлеуметтік дамудың, адам өмірінің түрлі мәселелері сияқты тақырыптармен бірге көркем шығарма да болуы мүмкін. Белгілі бір мамандықтардың ұңғыл-шұңғылына арналған кітаптар әр адамның өз кәсібін жетік меңгеріп, осы сала бойынша жетістіктерге жетуіне жағдайлар жасайды, адамның қоғамдық өміріне қатысты еңбектер оның қарама-қайшылықтарға толы тіршілікте өз орнын тауып, бақытты өмір сүруіне көмектеседі. Ал көркем әдебиетті оқығанда, адам әншейінде байқай бермейтін өнер туындысына айналған идеяның, өмірдің сұлу бейнесін көріп, рахат сезіміне бөленуі, суреттелген тылсым тіршіліктің терең иірімдері өзіне қарай тартып, ойлантуы, сезімге айналған өміршең ойлар жанды жадыратып, рух беруі, ең соңында оқырманды алға жетелейтін бақытты өмір сүрудің идеал үлгісі, жан-жақты кейіпкерлері көрініс табуы керек. Шын мәніндегі көркем шығарма адамға ақыл айтпай-ақ, көркем ойдың сырлы сөзбен суреттелуі арқылы адамның өз тағдырын өзі қолына алып, толыққанды, мәнді де сәнді өмір сүруіне көмектеседі.Адамның өміріне қажетті білім алу мектеп немесе жоғары оқу орнын бітірумен тоқтап қалмайды. Жақсы өмір сүріп, өз ісінің жақсы маманы болуға көп оқумен ғана қол жеткізеді. «Құпияға толы шексіз ғаламның сыры – кітапта. Кітапханаға көбірек ат басын бұрып тұрыңыз!» (А. Қараның Facebook парақшасынан). Кітапты асықпай, ойланып, өзіңе қажетті нәрселерді тапқанда, қуанып, рахаттанып отырып оқу – маңызды. Олай болмаған жағдайда өзіңді қинап, оқудың қажеті шамалы. Өзіңді тартпаса, «басын бастап қойдым, енді аяқтай салайынның» да берері шамалы. Бұдан шығатын қорытынды – өзіңді қызықтыратын кітапты қолға алу керек.Кітап оқуға тұрақты түрде арнайы уақыттың бөлінгені дұрыс. Тұрақты түрде белгілі бір уақытта кітап оқу адамды психологиялық тұрғыдан дайындайды. Осылайша дағдылану арқылы адамның ойы басқа жаққа бөлінбей, бірден кітаптың ішіндегі «әлемге кіріп кетуге» жағдай жасайды. Қызығып оқығаны соншалық, қалай оқып бітіп қалғанын да байқамай қалады. 
Әрбір адамға оқу үшін керекті кітаптарды бірнеше салаға топтауға болады. Ең алдымен, әрбір адам өз ісінің маманы болуы керек. Мамандығың сені асырайды, қызметіңді жоғарылатады; сондықтан да сен өз мамандығыңның шебері болуың керек. Екіншіден, сен белгілі бір қоғамда өмір сүріп жатырсың. Жақсы өмір сүру үшін, оң-солыңды тану үшін білім керек. Ол үшін өзіңді өзің тануың керек. Өмірдегі өз орныңды, қолыңнан не келетінін, не істеуіңді анықтауың керек. Бұған саған ана тіліңде жазылған ата-бабалар саған осы жолмен жүр деп, өсиет қылып, көрсетіп кеткен рухани құндылықтарды бойыңа сіңіріп, сонымен өмір сүру көмектеседі. Мұның барлығы да оқумен бірге келеді.
Үшіншіден, әрбір саналы азамат тек мамандығымен ғана шектеліп қалмай, адамға эстетикалық ләззат, дұрыс дүниетаным, адами тәрбие беретін, жалпыадамзаттық құндылықтарға, гуманистік идеяларға жетелейтін көркем шығармалар оқу адамның мәдениетті болып қалыптасуын қамтамасыз етеді. Көркем шығарманы оқу ұлттық классиканың інжу-маржандарынан басталғаны оқырманды өз ұлтының, өз халқының, өз жерінің, өз мемлекетінің патриоты, озық ойлы азаматы етіп тәрбиелейді. 
Кітап оқу да – өнер. Кітапты оқудың да оқуы бар. Жылдам оқудың әдістерін меңгерген оқырмандар да бар. Мұндай жағдайда кітаптың ақпараттық, мазмұндық жақтарына көбірек назар аударылады да, ойлануға мұрсат бола бермейді. Мәтінді жылдам оқудан алған ақпараттың адамға эмоциялық әсері аз болып, есте ұзақ сақталмайды. Ғалымдар не оқысаң да асықпай, ойланып оқуды ұсынады. Ойланып оқу барысында оқырманның ой өрісі кеңейе түсумен бірге көркем мәтін жаңа ойларға жетелейді; оны түсіне түсу мақсатымен қайталап оқығанда, ол ұзаққа сақталатын болып, мида өшпестей «жазылып» қалатын болады. Жүйелі түрде күніне орта есеппен 1-2 сағат кітап оқып, миды жаттықтырып отырған адамның есте сақтау қабілеті арта түсетіндігін ғалымдар анықтаған.  «Тағы да айтарым – оқырманды кітапқа қайтаруымыз керек. Бразилия ай сайын жұмысшылардың кітап оқып, театрға баруы үшін 25 доллар көлемінде стипендия бөледі. Одан бөлек, Бразилияның 4 ірі түрмесінде жазасын өтеушілер кітап оқыса, жазасы қысқаратын заң жұмыс істейді» (Е.Тұрсынов. Мәдениетіміздің өлшемі. «Жас қазақ», 28.09.2019). 
Кезінде У.Шекспир «Кітап – маған тақтан да қымбат», У.Черчилль «Кім ақпаратқа иелік жасаса, сол әлемді билейді» деген екен. Флобер «Әдебиет өмір сүру салтыма айналып кеткен» десе, Борхес өзінің бір сұхбатында: «Мен әдебиетпен азықтанамын және сонымен аңқимын» деп әзілдепті. Нобель сыйлығының иегері перулік жазушы Марио Варгас Льоса «Адамдар ешқашан өз өміріне толықтай риза болмайды. Әрқайсымыз өзіндік қиялдарға иеміз, соның негізінде еншімізге бұйырған нәрседен де артық дүниелерге қол жеткізгіміз келіп тұрады. Барлық адамның ішкі әлеміндегі осы тектес бос қуысты толтырудың бірден-бір дәруі – әдебиет. Әдебиеттің арқасында біз өзге өмірді сүре аламыз, мүлде беймәлім, жат оқиғаларды басымыздан өткергендей болып, уақыт пен кеңістіктің де орнын алмастыруға мүмкіндік туады. Тосын жағдайларға тап болып, махаббат пен өзге де ғажайып сезімдерді сезіне аламыз. Кітаптардың арқасында өмірлік тәжірибеміз молая түседі. Әдебиет біздің көзімізді ашады, әлемнің қалай пайда болғанын, даму үдерісін көз алдымызға келтіреді, сол үшін де әдебиет, ол – мәңгілік. Жақсы кітаптар біздің сыншылық қасиетімізді дамытады, өмірге әртүрлі көзқарас тұрғысынан қарап, ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алуға үйретеді. Сол арқылы әлемді жақсарта түсу үшін не істеу керектігін түсінеміз. Әдебиет жүйені өзгертуде де ең қуатты күш болып саналады... 
Меніңше, жастарға ақыл айтудың қажеті жоқ. Дегенмен, бір ұсыныс айтып көрейін. Кімге болса да, «мейлінше көп оқыңыз» деген кеңес беремін. Жақсы кітап өміріңізді байытады. Мақсатыңызға жетудің даңғыл жолын қалыптастырып, бағдарыңызды айқындауға көмектеседі. Айналаға көкірек көзімен зер салудың кілті де кітапта. Ұлы кітаптар дарытатын ғажайып қасиеттерді басқа ешбір дүние сіңіре алмайды. Егер Сервантесті, дүние жүзінің таңғажайып жауһарларын тануыма мүмкіндік сыйлаған өзге де жазушыларды оқымағанымда менің өмірім мүлде басқа арнаға ойысып, ешкім қалай қоймайтын нашар бағытта өрбитін бе еді? Шытырман уақиғалы ұлы туындылар бізді тау үңгірінен өркениеттің құзар шыңына дейін биіктетті. Кітап адамзатты ізгілендіреді әрі рухтандырады» (Марио Варгас Льоса. Ұлы кітаптарды оқу арқылы даритын қасиеттерді өзге ешбір дүние сіңіре алмайды. (Аударған М.Райымбекова. «Қазақ әдебиеті», 09.05.2020).
Кітап оқудың басты ерекшелігі сол, ол адамды асықтырмайды. Сонымен бірге, нақтылы бір проблемалар жайлы ақпараттар, білім беріп қана қоймай, онда суреттелген жағдайлар жайлы ойларға жетелейді. Неге солай болды деген сауалдың қалайша шешім тапқандығы жайлы жарыса ойланады. Оқырманның авторлық шешіммен келісетін де, келіспейтін де тұстары туындап жатады. Автордың неге осылайша суреттеуін түсіне түсу мақсатымен кей тұстарда кітапты қайталап оқуға тура келеді; тіпті араға уақыт салып барып оралатын жағдайлар да жиі болып тұрады. 
Әдебиеттің ұлылығы сол – онда көтерілген идеялар ешуақытта да өлмейді; мәңгілік жасай береді. Ұлы жазушылардың ұлылығы олардың шығармаларында мәңгілік идеялардың көрініс тауып, оны жүзеге асырудың жолдары жайлы толғаған ой толғаныстарының алапат күшке айналуынан көрінеді. Орыс әдебиеттанушылары М. Чернышевскийдің «Не істеу керек?», М.Горькийдің «Ана» романдары 1917 жылғы Қазан төңкерісіне алып келген алғы шарты, революционерлерді дайындаған оқулық іспеттес болғанын жазады. Американың он алтыншы президенті болған Авраам Линкольн «Адамзат баласының ұлы ойларының қоймасы – кітап» деп, өмір бойы кітап оқуын тоқтатпаған екен. Түркияның тұңғыш президенті Ататүрік қандай қиын-қыстау кездерде де кітап оқуын доғармаған. «Атақты Ататүріктің көмекшісі болған Жемал Гранданың естелік кітабын оқып отырып, Түркияның тұңғыш президентінің әдебиетке қаншалықты мән беріп, қаламгерлерге қамқорлық жасағанын, ұлт әдебиетінің дамуына қаншалықты қолдау көрсеткенін пайымдайсың.«...Бір күні Ататүрік қалыңдығы кереқарыс тарихи шығарманы бас алмай оқып отырды. Елдегі көптеген көкейкесті мәселелер шешімін таппай жатқанда, мемлекет басшысының кітап оқып отырғаны бәрімізге оғаш көрінетіні рас. Сол кезде Ататүріктің депутат досы Хүсейін Васыч Чынар:
– Пашам! Тарихты оқып, бас қатырып не қыласың? Сонау 1919 жылдың 19 мамырында Самсунда елді ұлт-азаттық соғысқа бастағаныңда, кітап оқып шығып па едің? – деп әңгімеге тартады.
Ататүрік досының әзіл аралас сөзін бірден ұғады. Сөйтіп кітаптың бетін жауып:
– Бала кезімде көп қиындық көрдім, Васыч досым. Екі құрыш (тиын) қолыма тие қалса бір құрышты міндетті түрде кітапқа жұмсайтынмын. Кітап оқымағанымда, осы уақытқа дейін ештеңе қолымнан келмес еді ғой. Өмірімдегі барлық жетістіктерім осы кітаптың арқасында, – деп жауап қатады.
Иә, Ататүрік ұлттық әдебиеттің ірі өкілдерін үнемі мақтаныш тұтып отыратын. «Ел іргесі – мәдениет пен әдебиет. Сондықтан да өнер адамы қол сүймейді, оның қолын басқалар сүюі керек», – деп, қалам ұстаған қадірлі қауымға барынша қолдау білдіруші еді. Решат Нұри Гүнтекин, Намык Кемал, Мехмет Эмин Юрдакул, Тәуфик Фикрет сынды ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, ел-жұртпен кездескен сайын оларды оқуға кеңес беретін...
Ж.Гранданың естеліктері майданда жүріп шығарма жазған жауынгер қазақ қаламгерлерін, тілдің мерейі үстем болсын деп, ұлттық әдебиетімізге қамқоршы болған тарихи тұлғаларымызды еріксіз еске салады.
Ататүрік өз елін сақтап қалды. Оған кеңесші болған ең алдымен кітап еді» (М. Отарбаев. Кітапқұмар президент. «Егемен Қазақстан», 08.06.2018).
Абайды қай кезде оқысаң да, қанша рет оқысаң да, онда көркем жырланған өміршең ойлар кімді де болса да жаңа оқып отырғандай, ойлантпай қоймайды. Сен ұлы ақынды жаңа ашқандай, көркем әлемінің ішіне енді кіргендей күй кешесің, екінші жағынан, Абай да сені сынағандай болады. Өйткені, кей тұстарда Абайдың түпсіз терең поэзиясына терең бойлауға білім, парасат, өмірлік тәжірибе сияқты адами биік өрең жетпей жатуы әбден мүмкін. Абайды оқу арқылы тіршіліктің түпсіз ойларына бойлау арқылы өмірдің тылсым сырларына үңіле түсумен бірге ұлы ақынның ұлылығы алдында басыңды ие түсесің. Сонымен бірге, Абайдың биіктігі алдында өзіңнің де өреңді байқағандай боласың. «Осы мен кіммін, не істеп жүрмін, өмірдегі орным қай жер, мақсатыма қалай қол жеткіземін» деген сияқты сан сауалдарға жауап та тапқандай боласыз. Тіпті, қиналған кезде көңілге медеу болатын сырласыңа айналып кеткендей болады. «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» (Л. Толстой). «Өзіңді өзің тану үшін кітап оқу керек. Өзгені тану үшін де кітап оқу керек» (Р. Ғамзатов).
Ең бастысы кітапты оқу барысында адам ойлану, мидың жұмысын ширату арқылы денсаулығын жақсартып, өмірін ұзарта түседі. «Оқу – білім қазығы, адамның азығы. Оқу – өмірдің сәні, тіршіліктің қамы» (С. Сейфуллин). 
Қазіргі замандағы ислам әлемінің атақты ғұламаларының бірі Аид әл-Қарни кітаптың адамға пайдасы жайлы былай дейді:
«Пайдалы кітап – ең жақсы дос және сенен еш нәрсе талап етпейтін, бірақ көп нәрсе беретін қызықты жолдас. Ол сені ренжітпейді, алдамайды, жамандамайды, сатып кетпейді және зеріктірмейді. 
Кітап оқу өте жағымды әсер береді. Пайдалы кітап:Қайғы-мұңды, қайғыруды, уайымды, жаман ойларды және шайтанның азғыруларын алысқа қуалайды;
Адасудан және дұрыс емес жолға түсуден қорғайды;
Адамды бекершіліктен және уақытты пайдасыз өткізуден қорғайды;
Сөзге шешен қылып, тіл байлығын жетілдіреді; 
Миды азықтандырып, ой жүгіртуді жетілдіреді;
Басқалардың тәжірибесінен, данышпандығынан пайдалануға жәрдем береді. Оқымыстылардың жетістіктері, жаңалықтары және зерттеулерімен таныс­тырады;
Оқырманның ілімін көбейтеді. Оның интеллектін жетілдіріп, ақыл-есін жақсартады;
Әртүрлі ілімдерге қызығуды, ынтызарлықты арттырады; 
Жақсылыққа қызықтырып, жамандықтан алыстатып, иманды күшейтеді, ақыл, насихат айтады;
Проблемалардан арылтып, уақытты пайдалы өткізеді. Ойды жинауға жәрдем беріп, ұмытшақтықтан арылтады;
Түсінікті тереңдетіп, ақыл-ойды кеңейтеді, жаңа кеңістіктерді ашып, данышпандық алып келеді» (Аид әл-Қарни. Мұңайма! Аударған Қ. Сұлтанбекұлы. Алматы, 2019, 106-107 беттер). 
Кітап оқығанда да ондағы әрбір сөз, әрбір сөйлем радио, теледидар, әлеуметтік желілердегі хабарларда айтылып жатқан ойлар мен идеялар сияқты әсер еткенімен де, оның басты ерекшелігі – адамды ойландыратындығы. Адамды ойландырып, жақсылыққа жетелейтін де, жарқ-жұрқ еткен бүгінгі күннің қызығын көріп қалуға шақыратын да кітаптар бар. Солардың ішінде оқырманын өмірдің мәні мен маңызын түсіну бағытындағы терең ойларға жетелейтін шығармалардың денсаулыққа маңызы зор. Жақсы кітап оқыған адамның көңіл-күйі көтеріліп, ойын, бойын ерекше бір сезім, күш билеп, өмірге деген құштарлығы арта түсетін болады.  «Әкім Таразидың оқырман ретінде бір қызық мінезі бар. Оқып отырған кітаптарына өзінің жеке пікірін, көзқарасын, автордың терең ойларын, суреткерлік тәсілдерін, тіпті кейде автормен келіспейтін ойларын да сол беттерге жазып қояды. Авторлармен диалог құрады. Қызық, тірі адаммен сөйлесіп отырғандай... Әсіресе Толстой, Пушкин, Лермонтов, Чехов, Ахматова, Цветаевалардың т.б. жинақтарындағы жазбаларын оқып отырғанда, Таразидың қандай терең оқырман екені, ұлы суреткерлердің ішкі интонациясын қалай дөп басып тани алғандығы таңқалдырады. Сол сияқты Мұқағали ақынның кітаптарындағы жазбалары да ғажап... Ал кейбір қазақ жазушыларының шығармаларын оқып отырып, әр сөйлемін дәлелді талдап, жеріне жеткізіп «ұялтып» тастайды. Тіпті, өзі танымайтын жас авторлардың кітаптарын да дәл осылай терең мән беріп оқиды. Бояп тұрып, үш леп белгісін қояды, қазақтың бұрын-соңды өзі естімеген сөзі кездессе астын үш қайтара сызып, қуанып, қанаттанып отырады. Сондай қасиет тұтқан, кітаптың бірегейі – ұлы Абайдың екі томдық шығармалар жинағы еді. Абайдың 150-жылдығына орай шыққан таңдамалысы. Әкім Тарази Абайды қолына алған сайын, әр жылдары құпиясын бөлісіп, ойына ортақтасып, мұңына болысып, пікіріне бас иіп, рухани сырласындай сұхбат құрушы еді» (Р. Мұқанованың «Facebook» парақшасынан).
Жүсіпбек Аймауытұлы «Әдебиет – ұлттың жаны» деп білсе, қазақтың тағы бір ұлы жазушысы М.Әуезовтің «Әдебиеттің зор міндетінің бірі – елдің мінезін түзеу» деген сөзінен кітап оқудың адам баласы үшін қаншалықты маңызды екенін анық байқаймыз. Соның бір дәлелі ретінде кітап оқыған кезде оқырманның өзін жегідей жеген жаман ойлардан бірте-бірте арылып, автор ұсынып отырған өміршең идеялардың жетегіне еретіндігін баса айтар едік. Мұхаң тағы бірде «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп, санауына болады» деп жазыпты. 
«Атақты француз В.Гюго кітапсыз өмір – түн, адамдар топас, мал сияқты; табиғаттың бар қуаты мен мәнінің үйі осы кітапта деген екен. Шындығында да адамзаттың бүгінгі күнге дейінгі даму жолын кітапсыз көзге елестету қиын. Олай болса, сол адам баласының не бір қиындықтарды басынан кешіре жүріп ғасырлар бойы жинақтаған білім-ғылым, тәжірибелері жазылған сарғайған кітаптар сақталған «Кітапхана – мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты» (Ә.Кекілбай). Шындығында да бүгінгі адамзат қоғамын кітапсыз көзге елестету мүмкін емес; тарихтың не бір аумалы-төкпелі көшінде адам баласын адам қылып, адамзатты адамзат қылып сақтап, аман-есен алып келе жатқан – кітап пен кітапхана.
                                           

 (Жалғасы бар)

7707 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз