- Мақала
- 01 Шілде, 2024
Бүгінгі журналистика: дәстүр мен жаңашылдық өрісі
Журналистика кеше де, бүгін де қоғамның қозғаушы күші қызметін атқарып келеді. Заман ағымына қарай оның да түрлі бағытта дамитыны заңдылық. Журналистер күніне орай «Ақиқат» журналы аймақтағы журналистер мен осы салада маман даярлап жүрген оқытушыларға бірқатар сауал қойған еді.
Пікір алуандығы осы саланың көзге көріне бермейтін ерекшеліктеріне үңілуге себеп болады. Ендеше, мамандар ойын оқи отырыңыздар!
1. Бүгінгі журналистиканың озығы неде, тозығы қайсы?
2. «Бұқаралық ақпарат құралдары» деген сөзді «Масс-медиа» сөзімен ауыстыру
қаншалықты дұрыс деп санайсыз?
3. Дәстүрлі медианың болашағы жайында не ойлайсыз?
4. Журналист пен блогер. Қазіргі қоғамда кімнің рөлі жоғары? Неліктен?
5. Заманауи журналистикаға қандай өзгерістер керек?
Бекжігіт СЕРДӘЛІ, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Журналистика кафедрасының профессоры:
1. Қазіргі газет-журнал оқырманын салақұлаш материалдармен, телекөрерменді сіңірдей созылған очерктермен, радиотыңдарманды моноүнді новеллалармен алдарқата алмайсыз. Смартфон ақтарып дағдыланып қалған аудитория мейлінше әрі қысқа, әрі нұсқа материал іздейді. Бұл бүгінгі журналистиканың шідерлеп қойсаң да ұстай алмайтын даму тенденциясы. Цифрлық журналистика, мультимедиалық журналистика, онлайн-журналистика, талдамалы журналистика дейтін жаңа бағыттар қарқынды дамып келеді.
Көптеген мерзімді басылымдар оқырман талғамын ескеріп, онлайн нұсқаларға көшті, онлайн платформалар үшін арнайы мазмұн жасап отыр. Подкасттар, лонгридтер, интерактивті мақалалар соның айғағы. Деректердің рөлі мен визуалдандыру артты. Журналистер өз жазбаларының ақпараттылығын арттыру үшін статистикалық мәліметтерге, инфографикаға көбірек иек арта бастады. Бұрын үрке қарайтын әлеуметтік медиа мен мобильді қосымшалар жаңалық іздеудің шынайы көзіне айналды. Тіпті, көнекөз журналистердің өзі әлеуметтік медианы пікірлері мен сұхбаттарын тарату үшін пайдаланып отыр. Мобильді қосымша нақты аралықтағы жаңалықтарды қиналмай табуға, аудиториямен тереңірек қарым-қатынас жасауға, кері байланыс арқылы оқырмандарының қажеттілігін қанағаттандыруға кең мүмкіндік ашуда. Бұл – соңғы он-он бес жылда тапқан озығымыз. Дегенмен, әкімдерінің жүріп-тұрған суретін басудан әріге аса алмайтын жергілікті журналистика әлі де бар. Имиджге жұмыс істейтін баспасөз хатшылары PR-медианың негізгі құндылықтарын басшыларына жағынумен, жаңсақ ақпарат таратумен алмастырып алған. Кісі өлімі мен жол апатын әлі күнге дейін негізгі жаңалық лентасына шығарудан арыла алмаған телеарналар да жетерлік. Экранға шығып алып бірін-бірі қаралаған, отбасылық күйкі тірліктерін дүйім жұртқа жария еткен ауыл қазақтарының тұрмыстық хикаяларын, рейтинг қуамыз деп жастардың таныспақ боп тартыспақ ойнаған ыржаң күлкілерін жаңалық деп жар салатын ток-шоулар да жетерлік. Бұл – болмасқа еліктеп, ізденіске бара алмаған тозығымыз.
2. Қазір асыл құндылықтарымызды шетел қаңсығымен тұздықтасақ, ана тілімізді шетел терминдерімен сипаттасақ заманауи контент жасадық деп мәз болатын кезең туды. Әйтпесе журналистиканың теориясын жылдар бойы шегендеген алыптарымыз – Бекхожин, Қожакеев, Амандосовтар «масс-медиа» деген терминді білмей қалды деймісіз. Былай қарағанда ол да «бұқаралық ақпарат» дегеннің аудармасы ғой. Ақпарат таратып отырғаннан кейін сол ақпаратты таратушы тетіктерімізді «құралдары» деудің еш әбестігі жоқ. Тек оны «дәстүрлі медиа», «жаңа медиа» деп ара-жігін ажыратып алсақ, түптеп келгенде бұқаралық ақпарат құралдары деген ұғым туады. Айналып келгенде, екеуінің де міндеті бір – коммуникация, ақпарат құралы, медиакеңістік деген ұғымдардың айналасындағы дүниелер.
3.«Газет оқу – зиялылықтың белгісі» деп айтқаным бар еді, сондықтан қаншама мерзімді баспасөзді жерлеп-көмгенімізбен, бәрібір ол адам зиялылығының өлшемі болып қала береді. Телеэкран қарамаған, радио тыңдамаған үйде ватсаптағы фейк ақпараттарға сену синдромы пайда болады. Шын ақпарат қайсы, өтірігі қайсы, ажырата алмай, бірте-бірте айналадағы дүниеден алыстай бастайды. Шынайы ақпараттың тек дәстүрлі медиада болатынын үнемі айтумен жүремін. Себебі, ондағы әрбір мәлімет, әрбір цифр әбден електен өтіп барып қана елге тарайды. Заман талабын ескерген дұрыс шығар, дегенмен тасқа басылған дүниелердің салмағы қашанда жоғары. Қажет ақпаратты біреуден естігеннен гөрі газетті қолмен ұстап, сезініп оқыған көңілге қонымды емес пе?.. Дәстүрлі медиа – қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі. Соны сыйлауымыз керек. Шәкірттеріме ұдайы «Еңбек жолын газеттен бастаған журналист нағыз тілі шұрайлы, ойы ашық, білікті маман бола алады», – деп айтып жүремін. Сондықтан өз басым дәстүрлі медианың жанашырымын.
4. Сізге ота жасату керек десе, кімге сенер едіңіз? Хирургке ме, әлде терапевке ме? Әрине, хирургке! Өйткені, ол өз ісінің маманы. Бірақ, екеуін де ортақ тілде «дәрігер» дейді. Журналист пен блогер де солай. Журналист – теориялық білім алған, ақпараттың салмағын білетін маман. Сондықтан ол әр дәйекті байыппен анық-қанығына жетіп барып, сілтемемен сауатты таратады. Блогер – кез келген маман иесі бола алады, барлығы болмаса да, көп жағдайда асығыс сенсация қуалап кететін жандар. Позитивтен гөрі негативті көбірек іздейді. Оқығаны болмаса, кейбірі анық ақпарат па, жалған ба, оны зерттеп-зерделеуге теориялық пайымы жете бермейді. Бірақ, сенсацияға, өсек-аяңға құмар халықтың кейбір бөлігінің соларға көбірек сенетіні өкінішті. Ақпарат адастырып жатқан мына заманда әркім өз кәсібімен айналысқаны жөн-ау деп те ойлайсың.
5. Журналистика тез алға жылжып жатыр. Жаңа медиамен қатар, журналдар мен газеттердің интернет-форматтары да танымал бола бастады. Интернет-порталдар түбі баспа басылымдарын ығыстырады деген түсінік те жүр. «Ақпаратқа кім бірінші ие болса, сол әлемге иелік етеді» (Р.Натан) деген сөз бар. Естеріңізде болса, ХХ-шы ғасырда телевизиялық журналистика көп адамдар үшін жаңалықтың негізгі көзі болды, ал қазір – интернет. Кейін онлайн кеңістікте «интернет журналистика» деген дами бастады. Ғаламтор журналистерге де, аудиторияға да жаңалық пен ақпарат таратудың, сондай-ақ интерактивті материалдарды жасаудың жаңа құралдарын ұсынып отыр. Онлайн журналистика журналистерге нақты уақыт режимінде жұмыс істеуге және болып жатқан оқиғалар туралы жылдам хабар таратуға мүмкіндік береді. Сондықтан қазір заманауи журналистика дәуірі туды деп толық айта аламыз. Тек ол фейк ақпараттар ағынына айналмай, шынайы ақпарат тарататын құрал болса екен дейсің.
Нұрлыбек РАХМАНОВ, журналист, «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының орынбасары:
1. Озығы – халықпен тікелей байланыс жасайтын кезеңге жетуі. Бүгінде қай ақпараттың қаншалықты жиі оқылғанын, оқырман тіпті оны оқуға неше минутын жұмсағанын, оған ұнады ма, жоқ па реакциясын, пікірін біле аламыз. Бұған жаңа технологияларды тиімді пайдалану арқылы қол жеткіздік. Журналистиканы озық салаға айналдыратын – ісіне адал тілшілер. Менің ойымша, журналистиканың тозығы – медиаэтиканы сақтамай, тексерілмеген ақпаратты айта салатын, басқаның ықпалымен ақпаратты бұрмалайтын, пікір мен деректі ажырата алмайтын, сыйақы арқылы еркіндігін шектейтін, белгілі бір партия не топтың лоббиін, өзінің жеке пікірін сюжетіне не мақаласына тықпалайтын, объективтілік пен оперативтілікті ұқпайтын, салада жүрген кейбір әріптестер. Журналистер адамдық ұстанымын бәрінен биік қойса, таратқан сөзі мен бейнесі біреулердің өміріне әсер ететінін ұмытпаса екен деймін.
2.«Құрал» дегеннен гөрі «медиа» сөзінің мағынасы ауқымды. Медиакеңістікте БАҚ тек ақпарат таратпай, промоушн мен энтертейментке – тұтынушысының көңілін көтеретін, уақытын тиімді өткізу бағытына бұрылғалы көп уақыт өтті. Мәселен, телеарналардан берілетін ақпараттың көлемі ондағы кино мен түрлі токшоу бағдарламалармен салыстырғанда өте аз. Радиода да ақпараттан гөрі ән көп. Сондықтан сөздің өзгеруінде тұрған ештеңе жоқ, бастысы «Масс-медиа туралы» жаңа заң журналистика үшін тиімділігін көрсете алса жақсы.
3.Технология қалай өзгерсе де дәстүрлі медианың өз оқырманы, көрермені мен тыңдарманы болады. Тек дәстүрлі медиа «бізде ереже осылай» деп жұмысына уақыт ағымына сай жаңа өзгеріс енгізбесе, заманына ілесе алмай, оқырманын жоғалтып алады. Мәселен телевизия интернет-телевизияға айналмаса көрерменінен айырылар еді. Дәстүрлі медиа мен жаңа медианы қарсы қоятын әріптестер бар. Бұл өте қате ұстаным. Олар бір саланың ішіндегі бір-бірін толықтыратын формалар.
4.Басында блогер деп желіде белгілі блог жүргізетін адамды айтатын. Кейін әлеуметтік желіде парақшасы бар, оны белсенді жүргізетін пайдаланушының бәрі блогер атала бастады. Кейін блогерлерге қатты көңіл аударылып, жобалар жасалып, оларға қаражат бөліне бастады. Сол себепті блогерлер халық арасында танымал болып, тіпті кішкентай балалар «өскенде блогер боламын» дей бастады. Тілшінің немесе блогердің рөлін бір-бірінен жоғары деп баға беру орынсыз болар деп санаймын. Кім осы сәттегі ең өзекті ақпаратты шұғыл әрі түсінікті қылып таратса, соның рөлі жоғары. Газет тиражынан желідегі жазылушысы он есе көп блогерлер бар. Сондықтан ақпараттық алаңда бәсекелестік өте жоғары. Ол тек блогер мен тілшінің арасында емес, тілші мен тілшінің, блогер мен блогердің арасында да болуға тиісті кәсіби бәсекелестік.
Блогердің түзеп-күзейтін редакторы жоқ, сондықтан халық арасында тілшіден гөрі блогердің сөзі тез тарайды. Ал БАҚ-тың халық алдында, заң алдында жауапкершілігі болғасын ақпаратты тексеріп барып жариялайды. Журналист уақыттан сәл ұтылғанымен, есесіне сенімді ақпарат таратады.«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама» жайлы заңда біраз нәрсеге нүкте қойылған. Дамыған елдердегідей жарнама арқылы табысын табатын блогерлікті кәсіпкерлікке санауымыз қажет, олар кейбір посттарының ақылы жарнама екенін жасырып елдің басын қатырмауға тиіс. Сонда бәрі әділ болады, көзқарас та түзеледі.
Келешекте дәстүрлі және жаңа медиа – БАҚ, ал әлеуметтік желілердегі парақшалар мен блогерлер қоғамдық медиа болып ара жігі ажыратылатын, дұрыс қабылданатын кезеңге жетеміз деп сенемін.
5.Тілшілер біліктілігін үздіксіз арттыра беруі қажет. Себебі сауатты, пайдалы ақпарат барлық саланың алдынан озып тарауға тиіс. БАҚ көбіне ақпарат ағынынан кешігіп қалып, қате тараған ақпараттың салдарымен күресіп жүргендей әсерде боламын. Себебі тілшілерде ақпаратты дер кезінде алуда қиындықтар бар, мұны жаңа заң реттер деп үміттенемін. Қазақстандық заманауи журналистикаға танымдық, интеллектуалдық, сараптамалық ақпарат жетпейді. Тапсырыс солай болғасын БАҚ бетін күнделікті іс-шарамен көміп тастауға мәжбүр. БАҚ-ты қаралым мен жазылушы санымен бағалау – хайп пен кликбейтті өршіткен қауіпті бағыт. Мұның бәрі қоғамдық санаға кері әсер етіп, ал оның дұрыс құрылмауы өте үлкен үрдістерге алып бара ма деген уайым бар. Мемлекеттік тапсырысқа билік те, халық та, тілшілер де көзқарасымызды өзгертсек, көп нәрсе жақсы бағытқа бұрылады деп ойлаймын. Халық өз қаржысына сапалы контент тұтынуға хақылы.
Айзат РАҚЫШ, жазушы-журналист:
1.Озығы – публицистикалық стильдің барлық талаптарын сақтай отырып, ең өзекті ақпаратты дер кезінде шапшаң бере алатындығы. Тозығы – қоғам үшін түкке тұрғысыз арзан сөз қуалап, жел сөзді есіртетіндері. Жұлдыздардың парақшасын аңдып, ақпарат таратқанситындары. Одан да ел аралап, халықтың шынайы тұрмыс-тіршілігінен хабар берсе тілшінің басты парызы орындалар еді.
2.Жарты ғасыр БАҚ деп әбден үйренісіп қалдық. Енді масс-медиа дегенге де құлақ үйренер... Мәселе аттың ауысуында емес, затының атына сай келуінде.
3.Қағаз иісі аңқыған газет оқу бір басқа. Ал жазбаңды сайттан көру онша әсерлі емес. Дәстүрлі медиа осы табиғатынан танбай, заман талабымен қанша жаңарса да, маңызды, іргелі түсінік болып қала береді. Сондықтан оның болашағының зор болары сөзсіз.
4.Журналист – арнайы жоғары білімі бар мамандық иесі. Ол төрт жыл өмірін осы мамандықты игеруге арнаған. Сондықтан оның сөзі орайлы, тілі шешен, айтары салмақты. Ал блогерлердің қайсыбірінде жоғары білім жоқ. Олар өз деңгейінде белгілі бір аудиторияны өздеріне қарата алады. Алайда олар көпшілікті ауызына қарату үшін кейде асыра сілтеп, қара пиар да жасайды. Ал журналист барды жеткізіп, ақиқатты айшықтайды. Блогерге тапсырыспен пост жаздыруға, ақы төлеп, көлгірсіген жарнама жариялатуға болады. Блогердің басты мақсаты – көбірек ақша табу. Тілшінің қызметі мақаланың рейтингіне аса тәуелді болмағандықтан, ол әсіре бояуға әуес емес. Өз басым көп блогерді тіпті журналист дәрежесінде мойындамаймын.
5.Бүгінгі журналистикаға заманға сай техникалық тұрғыда өсумен қатар, моралдық, этикалық, ұлттық құндылық тұрғысынан талап күшеюі керек. Жалған жарнамаға қатысы барлар мен өрекпіген өсекті порталдарда талмай тарататындар тілші атына сай емес. Дәрігер Гиппократқа ант береді, мұғалім өз кәсібі алдында серт етеді. Журналистер де солай Ақиқат алдында ант беріп, содан кейін өз қызметіне кірісуі керек. Қазіргі журналистикаға сабырлы мінез, ар-ождан алдында ант ету қасиеті ауадай қажет. Әйтпесе ток-шоуларға елді жинап алып, қайнағасынан жүкті болған келіннің «тәлкек тағдырын» талқылау қай ардың ісіне сай келеді?..
Қуаныш ТҰНҒАТАР, Алматы облыстық қоғамдық-саяси «Алатау арайы» газетінің бас редакторы
1.Журналистиканы, ең алдымен, көркем әдебиетпен қатар қарастырып, сөз өнері деп ұққанымыз абзал. Әдебиетпен, тарихпен, басқа да рухани салалармен үндесіп жатқаны өз алдына, мың тарау техника тілі де журналистикасыз қалыптасып, дами қоюы өте қиын. Былайша айтқанда, журналистика – бүкіл саланың қантамырын соқтырып, сөзбен өрнектейтін, ақпараттық бағытта түсіндіріп, қажеттілігіне орай халық сауатын ашатын ауқымды мамандық. Меніңше, журналистиканың өзінде озық пен тозық болмайды, бірақ уақыт ағымына байланысты берілу формасына, даму бағыттарына өзгерістер, жаңғыртулар керек-ақ. Мәселен, журналистиканы жалаң үгітке пайдалану, түбі солқылдақ кейбір саяси, діни ағымдардың, жекелеген топтардың жаршысына айналдыру, құрғақ дәріптеулерге, ұраншылдыққа ұластыру ең қауіптісі дер едім. Өкінішке қарай, қазақ журналистикасында бұл көрініс көп кездесті. Қазір де байқалады. Қазіргі журналистер мұндайдан барынша аулақ жүргені жөн. Бүгінгі журналистикада объективті талдаулар, зерттеулер, сараптамалар жоғары бағаланады. Бір өкініштісі, экономика, қаржы тақырыптары әлі де аздық етеді. Бұл салада мамандандыру маңызды. Әсіресе, жоғары оқу орындарында журналистиканы сала-саламен оқытуға көңіл бөлген жөн.
2.Әрине, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін барынша батыл қадамдар қажет. Бірақ бұл ақылға қонса да, қонбаса да, қазақшалай беру деген сөз емес. Тіл ғалымдары бекіткен, термин ретінде қарауға болатын, мағынасы мен мәні ұғынықты, жатық сөздерді кеңінен қолдана беруді қуана құптаймын. Ал халықаралық терминдерді қолдануда байыпты көзқарас ұстану абзалырақ. Егер тіл бірліктері әлемде түсінікті болса, оны қазақшалауға күш салғаннан ештеңе ұтпаймыз. Қазақ тілін сақтау жаппай барлығын қазақшалау арқылы шешілмейді. Ең бастысы, жүрегіміз қазақ деп соға ма, соған мән берсек деймін. Әйтпесе, қазақ тілінде небір жат шетелдік діни ағымдарды насихаттап жүрген миссионерлер көп. Орысша ойлап, бірақ қазақша аударуды жетік меңгеріп алғандар бар. Олардың қазақшасынан не пайда? Сондықтан, бұқаралық ақпарат бола ма, масс-медиа бола ма, оған үркіп қарағанша, сол саланың жұмысы қаншалықты сапалы, газет-журнал, радио, теледидарымыз, сайттарымыз қаншалықты жақсы контент ұсынып отыр, журналистердің статусы, әлеуметтік жағдайы дұрыс па, соған көбірек бас ауыртқан маңызды деп санаймын.
3.Кезінде радио шыққанда газет-журналдың дәуірі аяқталды деп дабыл қаққандар көп болған. Сол сияқты телеарна, одан кейін сайттар, қазір тіпті әлеуметтік желіде түрлі форматтағы жарияланымдарға ұласты. Бірақ газет те, телеарна да, радио да өз аудиториясын қалыптастырған. Сол себепті дәстүрлі медиа да өміршең, болашағы зор деп болжауға болады. Қазір Алматы облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттері Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаппай оқитын ұлт» бастамасына ел көлемінде бірінші болып қолдау білдіріп, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізуде. Райымбек ауданы Текес ауылының тұрғындары мерзімді баспасөзге жазылып, оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында облыс көлемінде Үндеу тастады. Қазір бұл Үндеу челлендж түрінде Жамбыл, Кеген, Еңбекшіқазақ аудандарында жалғасты. Мұндағы мақсат – газет, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Тұрғындармен кездескенде байқағанымыз, халық негативтен, интернеттегі өтірік-шыны аралас ала-құла ақпараттан шаршаған. Мерзімді баспасөзге, газеттерге бетбұрыс байқалады, яғни газет қай кезде де ең сенімді ақпарат көзі болып қала береді.
4.Бұл көптен бері қойылып келе жатқан сауал. Азаматтық журналистикаға шектеу қоюдың немесе кәсібилермен екі араға от тастап, бөліп тастаудың қажеті жоқ. Қазір Парламент мінберінде Масс-медиа туралы Заң жобасы қаралып жатқаны белгілі. Сол заңнамада дәл осы екі саланың ара жігі реттеледі деп үміттенемін. Бұл Заң жобасы арқылы журналистердің көптен бергі түйінді мәселелері шешілетініне сенім зор.
5.Ең бірінші, ашықтық өте маңызды. Содан кейін тың тақырыптарға өз бетінше іздену, сын, проблема көтеру жетіспей жатады. Қазіргі таңда Қазақстанда қазақ және орыс журналистикасы мүлде екі бөлек бағытта жүргендей сезіледі. Қазақ баспасөзі ұлттың сойылын соғып жатса, орыс журналистикасы мұндай тақырыпта мүлде үнсіз. Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты да көзқарастары бір арнада тоғыса бермейді. Отанымыз бір, мемлекет бір, демек, мұндай ұлттық мүдде, тіл, діл, таным-түсінікте алшақтық болмауы керек. Бұл патриотизмді қалыптастыруға үлкен кедергі деп ойлаймын.Тағы бір айтпасқа болмайтын кілтипан бар. Ол – барлық БАҚ-ты қаржыландыру көздерін реттеу. Өкінішке қарай, бұл реформа ұзақ уақытты қажет етеді. БАҚ-тар қаржыландыру көздеріне қарамастан бейтарап бағытты ұстанса, жеке мүддеге жұмыс істемесе дейміз. Қазірше бұл бағыттағы игі қадамның нәтижесі аздау болып тұр.
Кенжеш Аманова, «Қостанай таңы» газеті редакциясы» ЖШС директор-бас редакторы
1.Бұрынғыдай «күн сәулесі көтеріле бастағанда жолға шықтық» деп басталатын жолжазба очерктер қазір жоқ немесе өте сирек оқитын болдық. Журналистиканың тозығы демеспіз, бірақ мұны заман көшіне ілесу деген дұрыс шығар. Ақпаратты беру тәсілі өзгерді. Бүгінде оқырман бәрін неғұрлым жылдам білгісі келеді. Сол үшін басылымдар осыған мән беріп келеді. Баспасөз хабарламасында жазылатын, әлеуметтік желілерде таралатын ақпаратты қайталап беру де газет-журналдар үшін ескірген (ескіре бастаған) тәсіл. Одан гөрі тараған ақпаратты басқа қырынан алып шығу маңызды. Қазіргі журналистиканың озығы көп, тек соны игеруге үлгермей жатқан сияқтымыз.
2.«Бұқаралық ақпарат құралдары» деген тіркестің өзі аса бір қазақы емес. Ақпарат таратушы құралдар дейміз бе, онымен тіл мамандары айналысса. «Масс-медиа» да, меніңше, түсінікті, үркіп-қорқудың қажеті қанша?
3.Технологиясы қарыштап дамыған Жапонияда, АҚШ-та да дәстүрлі медиа өмір сүріп жатыр. «Оның болашағы жоқ» деген пікірге сене қоймаймын. Өзімізді мысалға алайын. Біздің Тобыл-Торғай өңірінде қазақша ақпарат тарататын жалғыз облыстық газеттің қалыптасқан бір шоғыр оқырманы бар. Олармен кездесу өткізген сайын дәстүрлі медианың болашағы бар екеніне көз жеткізіп келемін.
4.Блогер сауатты болса, айналадағы дүниелерге, өзгерістерге салқынқанды қарап, саралай алатын болса, оны журналистер де қолдайды. Қазіргі қоғамда журналистен гөрі блогерге көбірек сенетіндер бар. Журналист тексерілген ақпаратты жариялайды, ал блогер қолында барын таратып жібереді. Біздің кейбір оқырман-көрерменге мәселенің байыбынан гөрі эмоция ұнайды. Біреу бетін жыртып билікті жамандап тұрса, соны ақиқатшыл деп ойлайтындар да кездесіп жүр. Оның бәрі шынымен солай ма? Өзімізше зерттеп көрдік пе? Маңдайы тасқа тиіп жатса да блогерсымақтарға сенетіні өкінішті. Нағыз блогерді журналистен бөліп-жармас едім.
5.Қандай өзгерістер керек екенін заман өзі көрсетіп отыр. Заманауи журналистика дегенде, біз әуелі әлеуметтік желіде отырған қалың оқырманның назарын өзімізге аударуымыз керек. Мақтанғаны демесін, мысалы, біз Инстаграмдағы парақшамыздың жұмысын жетілдірдік. Соның нәтижесінде облыста қазақ тілінде ақпарат беріп отырған бірден-бір ресми парақшаға айналдық. Қазір 20 мыңнан артық жазылушымыз бар. Бұл, Қостанай өңірінің ерекшелігін ескерсек, бірталай жетістік дер едім. Өзгеріс деп жүріп, тұтынушы талғамын көтеруді де естен шығармаған абзал.
Нұрбол Жайықбаев, Павлодар облыстық “Saryarqa samaly” газетінің бас редакторы:
1.Журналистика әр дәуір сайын жаңарып тұратын құбылыс деп ойлаймын. Бүгінде хабарды жедел таратудың сан түрлі технологиясы, жасанды интеллекті секілді мультимедиялық құралдар дамып келеді, көптеп қолданылуда. Бұл жағынан озықты пайдалану артық емес. Тозығы дегенде, бұрын құнымыз түсіретін өсек-аяң, долбар, тексерілмеген ақпарат десек, қазір хайп үшін фейк тарату, астарына үңіле алмау, білімсіздікті жоятын уақыт келді. Арзан абырой алысқа апармайды.
2.Жаңа заңнамада осы термин бекітілді. Қазір ақпарат таратуда дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек, заманауи портал, әлеуметтік желілер өмірімізге кірді. Осы орайда барлығының басын қосатын бір ұғым болар деп ойладым. “Көпшілік медиасы” деген мағынада деп қабылдадым. Жауапкершіліктері туралы әңгіме басқа.
3. Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары жаңашылдықты игеру арқылы алға басады деп ойлаймын. Газеттер қағаз түрінде емес электронды нұсқада шығып жатса, оған да таңырқамайтын шығармыз. Бұл жерде бастысы оқырмандар болсын деңіз. Ойлы дүние оқитын, жарты парақ мәтін оқитын жастар азайды десек, ол жалпы ұлттық қасірет. Оқымайтын ұлт азады.
4.Блогерліктің өмірімізге енгені рас. Бірақ екеуін салыстырудан ұтармыз аз. Блогерлік - белгілі бір деңгейде ақпарат таратушы. Бірақ көздеген мақсаты тар. Мүддесі де елдіктің шаруасы емес болуы мүмкін. Атын, рейтингін шығаруға көбіне ұмтылыс байқалады. Журналист болу – өлшемі басқа мамандық. Оның кәсібилігі, тұлғасы, сөзі – әлдеқайда жоғары сенімге ие. Ақпарат шынайылығы үшін жауапкершілікті ұғына біледі.
5.Айтқанымдай, әр заманда өзінің талабы болады. Технологиялық тұрғыдан алғанда біршама жетістіктерді бағындырдық. Бірақ идеологиялық тұрғыдан алалық пен шалалық бар. Ел боламыз десек экранды да, баспасөзді де, интернет алаңды да түзеу керек. Бір ел-бір журналистика-бір мүдде болу керек. Сырт елден қаржы алдым деп сыртқа қарап ұлып тұратын ақпарат құралдарына талапты күшейту керек. Елдігімізді ойлайтын журналистика керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған үнемі мән беріп айтады. Осы орайда жаңа заңдағы шетелдік бағдарламаларды шектеу де - бір жақсы қадам. Бірақ онсыз да ел журналистері елшіл болуы керек. Орыс-қазағы болсын ұлттық журналистикаға айналуы керек.
Дайындаған Назым ДҮТБАЙ
7452 рет
көрсетілді0
пікір