• Мақала
  • 01 Шілде, 2024

АҚСҮМБЕДЕН ҰШҚАН АҚСҰҢҚАР

Биыл Алаштың ардақты азаматы, ұлтымыздың асыл да батыл, дара тұлғаларының бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері,  аудармашы, публицист, педагог Сұлтанбек Қожановтың туғанына – 130 жыл.  Қазақ халқының бағына жаралған нағыз адал перзенті бірінші кезекте ұлттық мүдде үшін ымырасыз күрескер еді. Еңбекшіл халқымен тығыз  байланыс ұстап, экономикалық, әлеуметтік мәдениет мәселелерін шешуге бар күшін салған тұлға білімділігі мен қайсарлығы арқылы 30 жасында халық көсемі бола білді. 1918 жылы Түркістандағы ашаршылықпен күрес жөніндегі комиссияны басқарды.
 

Жуырда Астана қаласында 3600 оқушы оқитын №64 мектеп-гимназияға С.Қожановтың есімі беріліп, ескерткіші қойылғаны белгілі. Қайраткердің атын алған көшелер, саябақтар, мектептер Алматы, Шымкент, Түркістан, Қызылорда өңірлерінде де жыл сайын көбейіп келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан түрлі деңгейдегі іс-шаралар жуырда Алаш ардақтысының туған жерінде жалғасты. Маусым айының 7-8 күндері Созақ ауданында Алаш қайраткерінің мерейтойына арналған айтулы жиын екі күн бойы дүркіреп өтті. Тағылымды іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Созақ ауданы әкімі Мұхит Тұрысбеков, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті ректоры Гүлжан Сүгірбаева, жазушы Бейбіт Қойшыбаев, әдебиеттанушы Дандай Ысқақұлы, профессор Тұрсын Хазіретәлі бастаған қожановтанушы ғалымдар, немересі Санжар Қожанов, көршілес Өзбекстан және еліміздің әр өңірінен келген делегация мен жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Алдымен іс-шараға қатысушылар Шолаққорған ауылындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейі алдында тұрғызылған қайраткердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы сөз сөйлеп, өскелең ұрпаққа тұлғаның ерен еңбегін кеңінен таныту қажет деп атап өтті. Содан соң жиналғандар музейге кіріп, құнды жәдігерлермен, Қожановтың ғұмыр жолымен, өлке тарихымен танысты. Тұлға жайлы бейнетуынды көрсетілді. Әрі қарай басқосу «Мыңжылқы» мәдениет сарайында «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты. Ғибратқа толы кеште құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хатын табыс­тады. 

Ғылыми конференцияға Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің доценті, ф.ғ.к Нариман Нұрпейісов модератор болды. Ғалымдар баяндама жасап, алдағы уақытта тұлғаны танытуға баса назар аудару керек деді. Жиын барысында «Қожановтану әлемі» кітабының және «Рух» атты көркем-публицистикалық журналдың тұсауы кесілді. Жаңа басылым қайраткердің мерейтойына және аудандық музейдің құрылғанына 30 жыл толуына орай жарық көріп отыр. Танымал тарихшы ғалымдар, жергілікті қожановтанушылардың зерттеу еңбектері, созақтық ақындардың арнау жырлары, туыстарының естеліктері, ауданның байырғы басшыларының мақалалары тарихи фотолармен әрленіп, журналдың мән-мағынасын ашуға ықпал еткен. Жинақтаушы-редакторы ақын, журналист Гүлнәр Өмірбек пен аудандық газет тілшісі, ақын Мақсат Қарғабай.
Екі күнге жоспарланған іс-шара ары қарай Сұлтанбек Қожановтың кіндік қаны тамып, туып өскен аядай ғана ауылы Ақсүмбеде жалғасты. Бұл ауылдағы Сұлтанбек Қожанов атындағы жалпы орта мектеп пен ауыл маңындағы биік төбе басында орта ғасырда салынған Ақсүмбе (Ақбикеш) мұнарасының орны бөлек. Арнайы дайындалған ақшаңқан киіз үйлерде қонақасы беріліп, құран бағышталды. Мерекелік концерт өтіп, ән мен күйден шашу шашылды. 

«Ақсүмбеден ұшқан ақсұңқар» атты республикалық думанды ақындар айтысының ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады. Аламан айтысқа еліміздің таңдаулы он айтыс ақыны қатысты. Атап айтсақ, сөз саптаулары елді сүйсінткен Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Еркебұлан Қайназаров, Қалижан Білдәшов, Нұрмат Мансұр, Нұрлан Есенқұлов, Біржан Байтуов, Мейіржан Жарылқап, Нұрдәулет Өмірбеков, Сіләмхан Мұхаметқандар өзара бақ сынасты. Жыр додасын Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы, Түркістан облыстық филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев жүргізіп отырды. Ал айтыскер ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Мәдениет саласының үздігі» Әбілқайыр Сыздықов, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің доценті, ф.ғ.к, Созақ ауданының Құрметті азаматы Нариман Нұрпейісов, Айтыс ақындары мен Жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі, «Қазық жұрт» жыр жинағының авторы, «Мәдениет саласының үздігі», ақын Бекмұрат Анарбаев және жас ақын Ибадулла Жанарыс қазылық жасады.
Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Бекарыс Шойбеков, жүлделі І орынды «Алтын домбыра» иегері, Жайықтың айтыскер ақын қызы Жансая Мусина, ІІ орынды Еркебұлан Қайназаров иеленіп, Нұрмат Мансұров пен Нұрлан Есенқұлов жүлделі ІІІ орынға тұрақтады. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар тапсырылды. 

Алыстағы аядай ғана Ақсүмбе ауылынан шыққан Сұлтанбек Қожанов күллі Алаш жұртының аяулы перзенті ретінде қандай құрметке де лайық. Небәрі 44 жасында сталиндік нәубеттің құрбаны болған рухы биік тұлғаны тану бағытындағы ел есінде қалатын игі шаралар жер-жерде жыл бойына жалғаса берсе игі. 
  
 

Жандәулет ЖУСАНБАЙ

       
 

1329 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №2

26 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы