• Мақала
  • 01 Шілде, 2024

Елсияр ҚАНАҒАТОВ, Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық штабының басшысы: 21 спорт түрінен 71 жолдамамыз бар

26 шілде күні Францияның Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Күллі әлем көз тігетін Олимпиада ойындары 11 тамызға дейін жалғасады. Дүбірлі додаға ел спортшылары да қатысып, бақ сынайды. Төрт жылда бір келетін байрақты бәсекеде кіл жүйріктер сайысқа түсетіні белгілі. Әрбір Олимпиадада халқымыз толағайларымыз үшін жанкүйер болып, жеңістің ең биік тұғырынан көрінсе деп тілеуін тілейді. Республикамыздың даңқын асырып, мерейін өсіретін спортшыларымызға тек қана сәттілік тілейміз. Осы орайда, төрткүл дүниенің назары ауатын Олимпиадаға дайындығымыз жөнінде Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық штабының басшысы Елсияр Қанағатовтан сұрап білген едік. 

– Елсияр Баймұхамедұлы, білуімізше, елімізде Олимпиада және Паралимпиа­да ойындарына дайындық бойынша штаб құрылған екен. Штаб қандай жұмыстармен айналысады? 
– Иә, Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдау кезінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі спорт мекемелері бір-бірімен ынтымақтаса жұмыс істеу керек деген тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Спорт және туризм министрінің бұйрығымен арнайы штаб құрылып, жұмыс жоспары бекітілді, штаб мүшелерінің міндеттері айқындалды. 
 Штабтың жұмысы Канвон-2024 Қысқы жасөспірімдер олимпиадасына дайындықты ұйымдастырудан басталды. Осы кешенді жарысқа қатысу бойынша министрліктің, Ұлттық олимпиада комитетінің, федерациялардың қолдауымен барлық жағдай жасалды. Соның жемісі, біздің спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсете білді. 
19 қаңтар-2 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өткен Қысқы жасөспірімдер олимпиадасында 78 елден 1801 спортшы қатысты, Қазақстаннан 9 спорт түрінен 41 спортшы сайысқа түсті. 
Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 қола жүлдеге ие болып, Қысқы жасөспірімдер олимпиада тарихында үздік нәтижеге қол жеткізіп, жалпы есепте 20-орынға ие болды. Жасөспірімдер олимпиадасының бірінші күні шаңғымен тұғырдан жеке секіру сайысында Илья Мизерных сенсациялық алтын медаліне қол жеткізді. Бұл – Қазақстан үшін шаңғымен тұғырдан секіру спорты тарихындағы ең жоғары нәтиже. Жарыстың екінші күні Рудный қаласының шорт-трекшісі Полина Омельчук 1000 метр қашықтықта қола медаль жеңіп алды.Екінші «қоланы» 3х3 форматтағы жарыстарда хоккейшілер командасы алды. 
Біздің спортшылар тау шаңғысы, фристайл және биатлон түрлерінде 5-10 орындарға ие болып, сәтті өнер көрсетті. 78 мемлекет қатысқан бұл маңызды кешенді жарыста ондыққа кіру да жақсы нәтиже деп білеміз.
– Алда келе жатқан Париж Олимпиадасына дайындық барысы туралы айтсаңыз. 
– Келе жатқан Жазғы олимпиада туралы айтатын болсам, олимпиадаға бір айдан аз уақыт қалды. Ойындар 2024 жылдың 26 шілде – 11 тамыз аралығында Францияның Париж қаласында өтеді. 
Алдын-ала мәлімет бойынша олимпиада ойындарына әлемнің 203 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарлануда. Жарыс бағдарламасында 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады (32 спорт түрі, 48 дисциплина). Жарыс инфрақұрылымдарының орналасуына байланысты Жазғы олимпиада ойындары Париж және Францияның 7 қаласында өтеді. Ұлттық құрама командалардың алдағы Жазғы олимпиада ойындарына қатысу мәселелері Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық олимпиада комитеті басшылығының тұрақты бақылауында. Осы кешенді ойындардың маңызын ескере отырып, Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық олимпиада комитеті, министрлікке бағынысты спорттық мекемелер және спорттық федерациялар, жергілікті спорттық басқармалар, арнайы құрылған Штабпен бірігіп жұмыс істеп, спортшылармыздың сапалы дайындығына барлық жағдай жасау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Олимпиада және Паралимпиада ойындарына байланысты өзекті мәселелер штабтың 10-нан астам кеңейтілген отырсында қаралып, пысықталды.
Олимпиадаға сапалы дайындық жұмыс­тарын жүргізу үшін Спортты дамыту дирекциясы және олимпиадалық спорт түрлерінің федерацияларымен бірге олимпиадаға жолдама алуға 150 ден астам үміткер спортшылар іріктеліп, үміткерлер тізімі бекітілді. 
– Қазақстан спортшылары Олимпиадаға қанша жолдама ұтып алды және неше спорт түрінен?
– Жоспар бойынша 20-дан астам спорт түрінен 80-нен астам жолдама алу көзделген болатын. Қазіргі таңда осы спортшылардың ішінен 21 спорт түрінен 71 спортшы жолдама алды. Жолдама санын әлі көбейте түссек деген үмітіміз бар. Олимпиадаға жолдама ойнатылатын 10-нан астам халықаралық іріктеу жарыстары маусым айының соңына дейін өткізіледі, осыған орай үміткер спортшыларымызда 4 жылда бір рет өтетін олимпиадада өнер көрсетуге керемет мүмкіндіктері бар.
– Спортшылардың оқу-жаттығу жұмыстары қалай жүргізілуде? 
– Спортты дамыту дирекциясы мен федерациялар тарапынан оларға сапалы оқу-жаттығу жұмыстарын, спорттық киіммен және спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша бекітілген жос­пар бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Спорттық медициналық орталық тарапынан құрама командаларға медициналық қамтамасыз ету мақсатында 23 спорттық дәрігер, 26 массажшы бекітіліп, сапалы спорттық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылып жатыр. Штаб өз тарапынан жолдама алған және жолдама алуға үміткер спортшылардың оқу-жаттығу жиынын қадағалап, штаб мүшелері Алматыда дзюдо, таэквондо еркін күрес, грек-рим күресі және Шымкент қаласында көркем гимнастика, нысана көздеу спорт түрлерінен өткен оқу-жаттығу жиындарына барып, спортшылармен, жаттықтырушылармен кездесіп, практикалық көмек көрсетті. Қазіргі уақытта штаб республикалық федерация­лармен және ведомстволық бағынысты ұйымдармен бірлесе отырып, ұлттық командаларды жолдама ойнатылатын іріктеу жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету, делегация мүшелерінің халықаралық талаптарға сәйкес қажетті құжаттарын дайындау, Қазақстан спорттық делегациясын дер кезінде Париж қаласына жеткізу және Олимпиада қалашықтарында орналастыру, Францияның Қазақстандағы Елшілігімен жұмысты үйлестіру мәселелері бойынша ұйымдастыру іс-шараларын жүргізуде. 
Ұлттық олимпиадалық комитеті өз тарапынан Ұйымдастыру және халықаралық олимпиада комитеттерімен тығыз байланыста, қазіргі таңда Қазақстан делегациясының олимпиадалық қалашықта орналасатын жерін белгілеп, штабпен, федерациялармен бірігіп алдын-ала жасалатын аккредитациялық тізімді жасақтауда.
– Допингтің алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? 
– Допингке қарсы орталықпен бірге допингке қарсы жұмыстарды да штаб өз тарапынан ерекше қадағалап отыр. Қалған уақыттың ішінде жолдама алады деген спортшылардан допингке қарсы кем дегенде 3 сынама алынады. 
– Олимпиададан кейін дәстүр бойынша Паралимпиада ойындары басталатыны белгілі. Осы жөнінде де аз-кем ақпаратпен бөліссеңіз. 
17 жазғы Паралимпиада ойындары 28 тамыз – 8 қыркүйек аралығында Париж қаласында өтеді. Паралимпиада спорт түрлерінен Ұлттық командалардың алдағы Паралимпиада ойындарына қатысу мәселелері Туризм және спорт министрлігінің, Паралимпиада комитетінің басшылығының тұрақты бақылауында. Осы кешенді ойындарының маңыздылығын ескере отырып, Туризм және спорт министрлігі, министрлікке бағынысты спорттық мекемелер және спорттық федерациялар, жергілікті спорттық басқармалары, арнайы құрылған штабпен бірігіп жұмыс атқарып, спортшыларымыздың сапалы дайындығына барлық жағдайды жасауда.  Қазақстаннан 8 пара спорт түрінен (пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, волейболды отырып ойнау) 38 спортшы жолдамаға ие болып, Паралимпиада ойындарына қатысады деген жоспар бар. 
Қазіргі таңда 8 спорт түрінен 12 жолдама алды. Паралимпиадаға қатысу үшін жолдама алуға үміткер спортшыларымыз халықаралық іріктеу жарыстарын аяқтады, енді жақында ресми қорытынды шығарылады, сол бойынша 16 жолдама аламыз деп үміттеніп отырмыз. 
– Спортшыларымызға сәттілік тілейміз! 

Әңгімелескен 
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

 

 

 

Ермахан ИБРАИМОВ, Сидней Олимпиадасының чемпионы: 
 

 

Боксшыларымыздың қай-қайсысы да жеңімпаз болуға лайық 

 – Париж Олимпиадасына бокстан ерлер құрама командасы толық құрамда барғалы отыр. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Қыздарымыз үш лицензия жеңіп алды. Олар: Назым Қызайбай,  Карина Ибрагимова, Валентина Хальзова. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париж олимпиадасында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде алуды межелеп отырғанын айтты. Әйелдер құрамасы бір-екі жүлдеге ие болса, жалпы 5 медаль еншімізге бұйырса деген ойдамыз. Негізгі қарсыластарымызға келетін болсақ, олар Өзбекстан, Куба, Америка құрама штаттары, Франция, Ұлыбритания құрама командалары. Үндістан құрама командасы да мықтылардың қатарында. Боксшыларымыз жүлделі орындардан көрінеді деп үміттенемін, әрине. Мысалы, Сәкен Бибосынов та, Қамшыбек Қоңқабаев та, Асланбек Шымбергенов те, Сабырхан Махмұт та, қыздардан Назым Қызайбай, Карина Ибрагимова – қай-қайсысы да жеңімпаз болуға лайық азаматтар. Бәрінің де дайындығы жаман емес. Олимпиададағы төрешілер жайында айтатын болсам, бұл жолғы Олимпиада ойындарында IBA төрешілері болады, бірақ олардың бәрін жарыста Халықаралық олимпиада комитеті ұйымдастырады. Сондықтан төрешілер объективті болады деген сенімдемін. 

 

 

Мәлік НӘДІРБЕКОВ, еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
 

 

Әркімнің өзіне қолайлы әдісі болады, содан жаңылмаса жеңіп шығады
 

– Қазақстан палуандары олимпиадалық үш лицензияға қол жеткізді. Олар: 86 кило салмақта Азамат Дәулетбеков, 97 кило салмақта Әлішер Ерғали, 125 кило салмақта Юсуп Батырмурзаев. Ең бастысы Олимпиада кезінде жігіттер бабында болса, үшеуі де топ жарады деген сенімім мол. Қазір еркін күрес бүкіл әлемде дамып жатыр. Ресейдің мықты палуандары әлемнің басқа елдерінің атынан шығып жүр. Сондықтан қарсыластарымыз осал емес. Қайсысы жүлдегер болатынын жобалап айту қиын. Оның бәрін жеребе көрсетеді. «Бақтары жансын» дейміз ғой. Көп нәрсе соған да байланысты. Ең бастысы дүбірлі дода барысында палуандарымыз қолынан не келеді, соны істеуі керек. Әркім өзінше күреседі. Өзінің ыңғайына қарай әдіс жасайды. Бір палуанға қарсыласыңа мына әдісті қолдан деп айтқан дұрыс емес. Әркімнің өзіне қолайлы әдісі болады. Содан жаңылмаса, жеңіп шығады. Грузияда Таташвили сияқты қай грузин күресті, мысалы. Александр Медведь сияқты қай белорус күресті?..Орыстарда Иван Ярыгин, қазақта Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров  сияқты қай палуан күресті? Ешқайсысының күресі бір-біріне ұқсамайды. Еркін күресте, міне, осындай даралық керек. Сондықтан Олимпиадаға аттанатын үш палуанымызға сенім артамын және сәттілік тілеймін!  

 

 

 

2757 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы