• Мақала
  • 01 Шілде, 2024

ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ КІТАПХАНА: НЕНІ ЕСКЕРМЕЙ ЖҮРМІЗ?

Хабиба АҚЖІГІТОВА,

Өскемендегі О.Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхана директоры, «Құрмет» орденінің иегері 

 Адамзат көшін алға сүйрейтін ғылым мен техника. Бұған келіспеске амал жоқ. Ғылым мен техниканы дамытпай елді алға сүйреймін деу бос әурешілік. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлы да «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп айтып кетті емес пе? Олай болса, қазіргі таңда оқуға, ғылым-білімге құштар ұрпақты қалай тәрбиелейміз? Неге көңіл бөлу керек? Неден бастау керек? 
Бұл мәселе көптеген зиялы қауымды толғандыратыны сөзсіз. Өркениетті, озық ел боламын деген елдің ғылым-білімсіз, технологиясыз алға жылжуы да мүмкін емес. Ғылымы кенжелеп, технологиясы тұсалған елдің екі адым аттауы мұң. Ұлтымыздың еңсесі биік, ұрпағымыздың жүзі жарқын, өзге елмен терезесі тең ел болу үшін ғылым мен технологияны дамытуға ерекше мән беру қажет. Ғылым-білімді дамытып, технологияны тізгіндеген елдің ғана абыройы асқақ, беделі биік болады. Соңғы кездері елімізде төтенше жағдайлардың жиілеп кетуі мені терең ойға жетелейді. Қазақстанның батысындағы су тасқыны, Семей орманында былтыр орын алған алапат өрт санасы тұнық, көкірегі ояу жанды алаңдатпай қоймайды. Ақтөбе, Атырау, Орал өңірлерінде болған су тасқыны кезінде қарапайым халықтың тығырыққа тірелгені сондай, өздері әрекет жасап, қапқа құм толтырып жағалауды бекітті. Мұндай тірліктің көзге біртүрлі қораш көрінгені де рас. Айтыңызшы, біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз?  Жиырма бірінші ғасыр ғылым мен технологияның қарыштап дамыған заманы ғой. Аймақтарда істің мәнін терең білетін техник мамандардың тапшы екені де белгілі болып қалды. Мысалы Ақтөбе өңіріндегі су тасқыны басталған кезде зейнеткер Шыңғыстау Әбдиевтің көмегі көп болыпты. Ақтөбе су қоймасында 36 жыл бойы техник-механик мамандығы бойынша кран тасымалдаушы болып еңбек еткен оның тәжірибесі туған қаласын төтенше жағдайдан аман сақтап қалған. Бұл туралы барлық ақпарат құралдары жарыса жазды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі ғылым-білімді дамытуға деген көзқарасы өте жақсы. Келелі жиындарда ғылымды дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағытының бірі екенін, ғылыми кадрларды даярлауға көп көңіл бөлу керек екенін жиі айтады. Елімізде Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Президент елімізде техникалық бағыттағы шетелдік белді университеттердің филиалын ашуды да тапсырды. Әрине, мұндай игі бастама қолдауға әбден лайық. Десе де ғылымның негізі мектеп пен кітапханадан бас­талатынын айтқым келеді. Біздің халықта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген дана сөз бар. Осыған орай, келешек ұрпағымызды ғылым-білімге, технологияға бейімдеп, жас кезінен бойына сіңіргеніміз жөн. Өйткені өзге ел сенің күш-қуатыңды, жігеріңді озық технологияңа қарап бағалап, мойындайды. Жер бетін «жасанды зерде» қазірдің өзінде-ақ жаулап жатыр. Біз бүгін болмаса да, ертең онымен бетпе-бет келеміз. Бұл – ақиқат. Мысалы Америкада ChatGPT эксперттерін кәсіби тұрғыда, академиялық мақсатта консультант ретінде жұмысқа алу басталып та кеткен. Сондықтан да көштен қалып, кешігу кешірілмес қателік болмақ. Осыған орай, біздің Оралхан Бөкей атындағы кітапхана жасанды интеллект (ЖИ) жетістіктерін күнделікті жұмысына да енгізіп, нәтижесін көруде. Кітапхананың Facebook парақшасын ашып қарасаңыз, балалардың сүйікті кейіпкері Қожа – жасанды интеллект арқылы балаларды кітап оқуға шақырып отыр. Әйгілі суретші Әбілхан Қастеев қазақ бейнелеу өнерінің тарихын әңгімелесе, жазушы Оралхан Бөкей ой толғайды.  Біз, сондай-ақ кітапхана жұмысына цифрлық технология енгізу жұмыстарын бастадық. Соның бір мысалы – келушілер назарына ұсынылған «Өзгерген Өскемен»-AR цифрлық фото-көрмесі. Көрме Өскеменнің бұрынғы келбеті мен бүгінін байланыстырып, шаһар тарихынан сыр шертеді. Арнайы мольберттегі көне суреттерге «MAGICAL PICTURE» мобильді қосымшасын жақындатсаңыз Өскемен шаһарының ежелгі және бүгінгі көрінісіне куә боласыз. «Кіші Шанхай» мен су басқан «Арбат» көз алдыңызға келеді. Смартфонға арнайы бағдарлама жүктесеңіз, көнерген қаланың суреттері жаңарып шыға келеді. Айталық, көрмеге көне қалада жолаушы тасымалдаған трамвайдың суреті қойылған, себебі, қоғамдық көліктің бұл түрі Өскеменде сонау 1960 жылдары қатынаған. Өскеменнен өзге Павлодар қаласында да қала тұрғындарын тасымалдады. Осы сияқты деректер қазіргі оқушылар үшін тың тарихи дерек.  «Рас па? ...» деп таңғалып, таңдай қағады. Жастар мен оқушылар QR кодты қосып, «Өзгерген Өскеменмен» танысып, танымын кеңейтер тың ақпараттар ала алады. 
Кітапхананың «VR-Киіз үйі» жобасы да жас оқырмандар үшін замануи білім алатын орталыққа айналған. Мұнда балалар VR көзілдірігін киіп туған өлкеміздің қасиетті жерлерін виртуалды аралап, көп мағлұмат алады. VR-локация арқылы жазушы Оралхан Бөкейдің Шыңғыстаудағы музей-үйіне виртуалды саяхат жасайды. Жас жеткіншектер VR-үлгісінде асық атып ойнауды, 3D принтермен асықтарды қалай жасауды үйренуде. Ал, «Киіз үй құрылысы және құру» тәрізді VR-қосымшалар ұлттық тәрбие берумен бірге, жастардың ой-өрісі мен танымын арттырады. «Тоғызқұмалақ», «Асық ойыны», «Бес тас» үйірмелерінде ата-бабамыздан бүгінге жеткен асыл мирасымызды жас ұрпақ санасына жаңа технологиямен жеткізудеміз. Жас өрендер «digital fashion» үйірмесінде ұлттық киімдер үлгісін цифрлық тәсілмен жасап үйренді. Олар XVIII-XIX ғасырдағы қазақ киімдерімен таныса келе, ұлттық киімдердің кейбір элементтерін өзгертіп, заманауи түрге икемдеуде. Жас жеткіншектер кітапханада сандық үлгіде сауатын ашып, бағдарламалау, 3D үлгі жасау, 3D басып шығару, роботтехника және басқа да технология жаңалықтары бойынша білім алады. Lego құрылымдары көмегімен робот үлгілерін жасап, компьютердегі қосымша арқылы олардың қимыл-қозғалысын бағдарламалауды үйренеді. Сайтқа арналған кодтар мен мобильді қосымшаларды жазуды, компьютер ойындарын және үздік бағдарламаларды құруды меңгереді. Кітапхананың Bokey.кz электронды кітапханасынан жазушы Оралхан Бөкейдің кітаптарын цифрлық нұсқада қазақ, ағылшын, қырғыз, парсы, болгар, эстон, словак, орыс тілдерінде әлем оқырмандары оқи алады. Ал, BokeyMobail – кітапхана Сіздің телефоныңызда деп аталатын қосымша жазушы шығармаларын кез келген жерден тыңдап, оқуға мүмкіндік береді. Кітапхана – кітап оқитын жер ғана емес, қосымша білім беру орталығы. Болашақ зиялы ұрпақты, ғалымдарды тәрбиелеу дәл осы жерден басталады.  Кез келген елдің қаншалықты дамығанын кітапханасына деген көзқарасынан-ақ байқауға болады. Кітапханаға құрметпен қарайтын елдің болашағы жарқын екеніне өз басым күмәнданбаймын. Үлкен ғылымға жол кітапханалардағы «Жас ғалым», «Жас техник» секілді үйірмелер мен клубтардан басталатынын ұмытпағанымыз абзал!
Бүгінгі таңда елімізде ғылыми-техникалық кітапханаларды көптеп ашу кезек күттірмес мәселе екенін ерекше атап айтқым келеді. Жалпы Қазақстанда 4 мыңға жуық кітапхана болса, оның тек 21-і ғана ғылыми кітапхана. Мұның өзі көп нәрседен хабар беріп тұрған жоқ па?.. Бұдан кейін Қазақстанда ғылым неге кенжелеп қалды, технология неге дамымайды деп таңғалудың қажеті жоқ. Сонау оңтайландыру кезінде еліміздегі ғылыми-техникалық кітапханалардың жекеменшікке өтуі де өрескел қателік болды. Қазақы тілмен айтсақ, біз ғылыми-техникалық кітапханаларды жөргегінде тұншықтырып тастадық. Кезінде республикалық ғылыми-техникалық кітапхананың әр облыста өз филиалы болды. Онда ғылыми зерттеулер, диссертациялар мен патенттердің мол қоры жинақталған болатын. Өкінішке қарай, осынша қазынаны сақтай алмадық. Қаншама ғалымдардың қаншама жылғы есіл еңбегі қор болды. Мысалы, Қостанай және басқа да облыстарда ғылыми-техникалық кітапханалар жабылған кезде кітапхана қоры макулатураға өткізілген. Бүгінде ғылыми-техникалық кітапханалар акционерлік қоғам болғандықтан кітапхана есігін аттағаннан-ақ қыруар қаржыны талап етеді. Мұндай жағдайда жастардың ғылыми-техникалық білімін көтеру, жастарды ғылымға баулу мүмкін бе?.. Мысалы Ресейдің Мәскеу, Новосібір секілді ірі қалалары ғылыми-техникалық кітапханаларды сақтап қалды. Онда техника саласының мамандары техникалық кітаптарға еркін қол жеткізеді. Жас ғалымдар зерттеу жұмыстарымен айналысып, ғылыми еңбек жазады. Ал біз неге Алматыдағы ғылыми-техникалық кітапхананы жекеменшікке бердік? Мұндай жағдайда Қазақстан ғылымы қалай дамиды? Республикалық ғылыми-техникалық кітапхана өз ұлтымызға, ғалымдар мен студенттерге, жалпы оқырманға тегін қызмет көрсетуі керек. Өңірден барған жас ғалымдардың кітапхананың барлық қызметіне ақы төлеуі дұрыс емес. Өскемендегі Абай көшесінің бойындағы республикалық ғылыми-техникалық кітап­хана ғимаратына бас сұғып көріңізші. Жаға­ңызды ұстайсыз. Кітапхана ғимаратының бір-екі залынан өзгесі шаштараз бен маникюр, педикюр секілді қызмет түрін көрсетушілерге жалға берілген. Мұнда ғылыммен айналысайын деп бас сұғып жатқан оқырман жоқтың қасы. Өйткені бір реттік оқырман билетінің құны 400 теңге, бір кітапты алу құны да 400 теңге тұрады. Осылай 400 теңгеден басталған қызмет құны шарықтап кете береді. Сонда ешкім бас сұқпайтын мұндай пайдасыз ғылыми-техникалық кітапхананың халыққа керегі қанша? Қазақстан ғылымын дамытуға барынша жағдай жасалып, жаңа деңгейге көтерілгенде ғана, ғылым мен техникасы дамыған үздік елдердің қатарына қосыла аламыз деп ойлаймын. Сонда ғана ел экономикасы да алға жылжитын болады. Сондықтан да ғылым мен техника саласынан қазақ баласы да ойып өз орнын алуға тиіс деп санаймын. 
Осы орайда біраз маңызды ұсыныс айта кеткім келеді. Облыстық, көпшілік, мектеп кітапханаларында ғылыми-техникалық бағыттағы бөлімдер ашып, жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Әлемдік ғылымдағы соңғы жаңалықтар қандай? Қазақ ғылымы қайда бет түзеп бара жатыр? Қандай ғылыми кітаптар жарық көруде? Жас ғалымдар үшін қандай ғылыми-зерттеу жобалары бар? Әрине, кітапханаларда ғылыми-техникалық бағытта арнайы бөлімдер ашылса, атқарылатын шаруа шаш етектен. Жұмыстың ең басты өзегі жас ұрпақты ғылым-білімге, техникаға баулу, жол сілтеу, болашақ зияткер ұлтты қалыптастыру болмақ. 2021 жылдан бастап елімізде ArtSport бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Мақсаты – 4 жас пен 17 жас аралығындағы балалардың спортпен және шығармашылықпен тегін айналысуына мүмкіндік беру. Тек 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында осы бағдарламаны жүзеге асыруға 1 млрд. теңге қаражат бөлініпті. Әрине, өте қомақты қаражат. Бірақ бағдарлама аясында негізінен спорт, өнер үйірмелеріне өте үлкен басымдық берілген. Ал жас бүлдіршіндерді ғылым мен техникаға баулитын үйірмелер мен клубтардың қатары тым аз. Міне, кітапханалардың жанынан ғылыми-техникалық бөлімдер ашылатын болса, осынау олқылықтың да орны толар еді-ау... 
Әсіресе, балалармен жұмыс істейтін кітапханалар, соның ішінде Балалар кітапханалары мен мектеп кітапханалары, көпшілік кітапханалар осы бағытта көп жұмыс жүргізуге тиіс. Мектеп кітапханалары тек оқулықтың қоймасы болмауы керек. 
Содан кейінгі тағы бір өзекті мәселе – кітапханаларда ғылыми-техникалық бағыттағы заманауи кітаптар жетіспейді. Жоқтың қасы деуге де болады. Кітапхана қорын техникалық және жаңа технология саласының баспа және электрондық кітаптарымен, газет-журналдармен толықтыру кезек күттірмейтін мәселе. Жалпы тұтастай алғанда бұл бағыттағы қазақша контент, қазақ тіліндегі ақпарат мардымсыз. Олай болса аударма жұмыстарын қолға алу керек. Ірі ғылыми және университет кітапханаларының жаратылыстану, ғылыми-техникалық бағыттағы зерттеу еңбектері мен диссертациялар халыққа қолжетімді болуға тиіс. Жалпы алдағы уақытта жас ұрпақтың назарын ғылымға бұру үшін ауқымды жұмыс қолға алынуға тиіс деп санаймын. Қазіргі таңда газет-журнал, интернет басылымдары өнер адамдарының қайда жүргенін, ішкен жегенінің бәрін тәптіштеп жазып, халыққа жеткізіп отырады. Ал неге ғалымдардың еңбегі тасада қалуы керек? Неге еліміздегі әр ғалымның әр жаңалығын сүйіншілеп халыққа жеткізбеске? Неге қазақ ғалымы туралы көркем фильм түсірмейміз? Әрине, мұның барлығына үкіметтік деңгейде қолдау қажет. Кешіктірмей ұзақ жылдарға арналған кешенді бағдарлама әзірлеген абзал. «Зар заман» ақындарының ірі өкілі Мұрат Мөңкеұлы «Мен қауіп еткеннен айтамын» дейді «Үш қиян» толғауында. Сол секілді біздікі де елдің ертеңіне алаңдағаннан туған ой, ұсыныс. Ұсынысым жерде қалмайды деген сенімдемін.

1436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №2

26 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы