• Мақала
  • 01 Шілде, 2024

Мемлекеттік қызмет – жауапты міндет

Үмбетқан Сәрсембин,

философия ғылымдарының кандидаты
 

Мемлекет, бұл – халықтың бірігіп өмір сүретін ортақ үйі. Біздің ата-бабамыз тарихта мемлекетті осылай деп түсінген, мемлекетке қызмет етуді осылайша ұрпаққа насихаттап отырған. Бұған бір ғана мысал ретінде «Қазақ» газетіндегі киіз үйдің суретін айтуымызға болады. Сол кездегі қазақ зиялыларының ең әуелі қоғамға мемлекетшілдік сананы насихаттағаны көрініп тұр. 
«Қазақ» газетіндегі киіз үй – елдіктің символы. Сол кездегі ұлттық интеллигенция өкілдерінде мемлекетін өз үйіндей сезінетін, оған шынымен жаны ашитын адам елді мұратына жеткізеді деген ой болған. Мұндай көзқарас бүгін бізге де қажет. Алаш зиялылары жазып кеткендей, мемлекетке қызмет ететін адам заманның түріне қарап қоғамына ізгілік, пайда әкелетін іс істей білуге тиіс. Әр адам іскер болуы керек. Бүгінде қоғам алдына шығып, өзекті болып отырған мәселе көп. Әлемдік саясаттың өзі күн сайын өзгеруде. Осындай сәтте кез келген мемлекет адамы, соның ішінде оның қызметкерінің саяси мәдениеті күшті болуы керек деген қорытынды шығаруға болады. Әлемдегі әлеуметтік өзгерістің (саясаттағы, экономикадағы, білім берудегі және т.б.) қоғамға әсер етпей қоймайтынын қазақтың хандары да жақсы білген. Сол себептен олар күні бұрын интеллектуалдардың рөлін күшейтіп, ұлт мәселесін зерделейтін тұтас институтқа айналуына ықпал еткенін көріп отырмыз. 
Мемлекетке қызмет етуде қоғамның болашағын жан-жақты зерделеп, болжап отырудың құндылығы осында деп білемін. Бүгінгі қоғамға да тарихтағыдай (қоғамның мәселесін тұтас көрсететін) ортақ көзқарас қажет. Мемлекет пен биліктің тарих алдындағы міндеті ең әуелі қоғамның болмысын (мәдениет, тұрмыс) жетілдіру. Себебі кез келген сәтте елді барынша біріктіріп отыратын, қоғамды түрлі қиындықтардан алып шығатын мемлекет, билік және интеллигенция. Ең алдымен интеллигенция күшті болуы керек. Елге қызмет етудегі білім, тәжірибе күшті болмаса басқаларын шешу қиын. Сол себептен интеллектуалдық сипатқа ие деңгейдегі ел басқаруды ата-бабамыз тарихта өнер деп қараған. Философиялық негізде зерделесек қоғамдық өмірдегі интеллектуалдық деңгей ең алдымен мәдениет, білім, тәжірибе, мораль, пайым, көзқараспен ұштасады. Ал мемлекеттік қызметтегі адамдарға қатысты тарихтағы ұлттық интеллигенцияның айтқан ойларына сүйенсек, олардың көбі ең әуелі мемлекеттік қызметкердің қарапайым, қоғамына жанашыр, жауапкершілігі күшті болуы керектігін айтқан. Мәселен, Жүсіпбек Аймауытұлы «Ұлтты сүю» атты мақаласында былай деп жазады: «Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да – оқығаны. Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді. Қадірлейді. Сенеді. Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгілі, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандарынан күтеді. Оқыған – қара халықтың шырағы (идеалы), бұқарасы сонша қадірлегенін оқығандар білуі керек. Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін шығарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді..». 
Байыппен зерделеген адамға Жүсіпбек Аймауытұлын бұл сөзі терең ой салары анық. Мұны көп жағдайда ескере бермейміз. Шын мәнінде мемлекетке қызмет ететін адамның кәсіби деңгейі, іскерлігі, адамгершілігі көптеген нәрсенің алдын алып отырады. Соның ішінде үлкен мәселе – сенім. Халықта мемлекетке деген сенім болуы керек. Сенімді ұялататын әділеттілік, шынайылық, іскерлік. 
Мемлекеттік қызметкер күшті болса (ең алдымен шынайы, әділ, дұрыс нәрсені тани алатын адам болса) халық пен билік бірігеді. Бірігуге әсер ететін қызметкердің бойындағы өзіне деген сенім, мемлекетшілдік. 
Интеллектуалдардың қалыптасуына билік мұрындық болуы керек. Қазақтың хандары осы себептен ойшылдардың рөлін күшейткен. Жырау, би, діни тұлға болсын, олар ең алдымен қоғамның ішкі әлеуметтік құрылымын сақтап, байланыстырып отыратын тұлғалар еді. Қоғамның әлеуметтік танымы терең болған сайын оны басқару, біріктіріп отыру оңай болатындығын сол кездегі тұлғаларымыз жақсы білген. 
Сондықтан да қазақ хандарының пайымынша билікке де шынайы инттеллигенттік сана қажет. Бұл болмаса қоғам мәселесі іштей күрделене береді. Интеллигенция дегеніміз халыққа да, билікке де турасын айтатын адамдар. Мемлекеттік қызметтегі адам ең әуелі интеллектуал болуға тиіс. Мемлекеттік қызметкер үшін жауапкершілік үлкен құрал. Ұлттық құндылықтарды тегістей білетін, парасатты пайымымен айналасына үлкен әсер беретін мемлекеттік қызметкер қоғамның беделіне айналады. Тарихтағы философтардың интеллектуалдарға қатысты айтқан сөздерін де келтіретін болсақ, олардың ең әуелі екіжүзділікке сынмен қарағанын көруге болады. 
«Интеллигенция билікке жағынамын деп өз халқына өгей болып қалды» дейді орыс философы Н.А.Бердяев. Мұның өзі шындығына келгенде интеллигенция мен билік өкілдерінің арасындағы қателіктің көп жағдайда жағымпаздық пен екі жүзділікке бой алдыруынан шығатынын көрсетеді. Мемлекет, мемлекетшіл сана бәрінен де жоғары болуға тиіс. Бұл ең әуелі мемлекеттік қызметтегі адамдардан көрінуі керек.  
Мемлекеттік қызметкердің мәр­тебесі туралы көп нәрсе айтуға болады. Мемлекеттік қызметтегі адамға қойылатын талаптың қай заманда да бірдей болатынын ұмытпау керек. Жауапкершіліктің, әділеттіліктің беделі сол қалпында. 
Білімге, мәдениетке, тәрбиеге қатысты да солай. Ел мүддесіне қатысты мәселені дұрыс зерделеу, дұрыс пайымдау, дұрыс шешім шығарудағы тәжірибе мемлекеттік қызметтегі адамның мәртебесін арттыратын негізгі нәрселер. Мұның барлығы үнемі ескеріліп, бағаланып отырса мемлекетшілдікті күшейту, халықты біріктіру қиын емес. 
Мемлекеттік қызметтегі адам Алаш зиялыларынан үлгі алуы керек. Олардың мемлекетшілдігі бәрінен де жоғары тұр. Мемлекеттік қызметтегі кадрларды даярлауда бұған аса мән берілуі керек. 
Білімді, күшті болу, қызметке келу бір басқа, оны әрмен қарай алып кетіп, қоғамға игілік, пайда әкелу басқа нәрсе. Мемлекеттік қызметтегі адам ең алдымен мемлекетшіл болуға тиіс. Бүгінгі қоғамның мемлекет пен биліктен күтетіні осы.

1445 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №2

26 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы