• Мақала
  • 01 Шілде, 2024

Заманауи жоба іске қосылды

Төреғали ТӘШЕНОВ,

«Aqiqat» 
 

Алматыда Орталық Азияның төрт елі (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) мен Кавказдың үш елін (Армения, Грузия, Әзербайжан) және Азия-Тынық мұхит аймағының бес елін (Филиппин, Лаос, Камбоджа, Моңғолия, Бангладеш) қосқанда барлығы он екі мемлекеттің цифрлы үкіметтерін дамытуға арналған жоба іске қосылды.  Заманауи Қазақстанның жарқын келбетін цифрлық дамусыз елестете алмайсыз. 

Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ-ның Даму бағдарламасының бастамасымен құрылған Астана мемлекеттік қызмет хабының үйлестіруімен он екі ел уағдаластыққа қол жеткізсе, цифрлық даму бойынша дамыған елдер өз тәжірибесімен бөлісіп тұрса, оны неге қажетімізге алмасқа?! Бұл біреуді көшіру емес, өзімізге керегін алу. Мұның өзі Қазақстанның «жұмсақ күш» саясаты деген ұғымның ішіне кіреді. Жоғарыдағы жиынды ашқан БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Ваверьениа жаңа бастаманың мән-жайы мен мақсатын түсіндіріп, бұл жоба қатысушы елдердің мемлекеттік шенеуніктерінің өз азаматтарына қызметін тиімді жеткізуге мүмкіндік беретінін жеткізді. «Цифрлы трансформация мен цифрлы басқаруды ілгерілету үшін мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыру» деп аталатын алдағы үш жылдық кезеңге (2024-2026) арналған жобаның ашылуына әлемнің он үш елінен 50-ден астам сарапшы мен мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

– Қазіргі заманда мемлекеттік басқарудың тиімділігін жетілдірудің бір тәсілі – жаңа заманауи технологияны, оның ішінде цифрлық технологияларды пайдалану. Цифрлы басқаруда әр ел өзінше тәжірибе жинақтау үстінде. Бірақ әлемде бұл бағытта өз орнын ойып тұрып алған көшбасшы елдердің қатарында Корея республикасы, сондай-ақ Эстония, Дания мемлекеттері бар. Сол себепті Астана мемлекеттік қызмет хабы Корея үкіметімен келісімшарт жасап, олардың озық тәжірибесін бастапқы Орталық Азияның төрт мемлекеті мен Кавказдың үш еліне, яғни жеті мемлекетке тарату көзделген. Қазір оның аясы кеңейіп, Азия-Тынық мұхит аймағынан бес мемлекет қосылды. Осылайша барлығы он екі мемлекетке алдағы үш жылға тарататын маңызды жобаны бастадық. Бұл жобаны (2021-2023) осыдан үш жыл бұрын Корея қаржыландыра бастаған. Бастама сәтті болды. Қатысқан барлық мемлекет мұның пайдасы мол екендігіне көзін жеткізіп, жоғары баға бергендіктен, жобаны тағы да үш жылға созып, жұмысты қайта бастап отырмыз. Бұл жобаның аясында қатысушы үкімет өкілдері озық технологиясы бар Кореяның, Сингапурдың, Эстонияның дамыған тәжірибесіне сүйене отырып, өздері мұқтаж бағыттарды таңдайды, электронды жобаларын дамытады, стратегиялық жолдарын саралайды, тұжырымдарын жетілдіреді. Азаматтарға қызмет көрсету бойынша үкіметтің ішкі жұмысын үйлестіруде озық тәжірибені үйренеді, технологиялық соңғы жаңалықтармен танысады. Оның ішінде азаматтардың қауіпсіздігі, жемқорлықпен күрес, қаржы аударымдарының ашықтығы, құрылыс, архитектура бәрі бар, басқа елдердің үздік тәжірибелерін зерделеу арқылы әркім өздеріне керегін ала алады. Бір-бірімен пікір алмасып, жетістік-кемшіліктерін саралайды. Бұл жерде біреу өзін шәкірт, біреу өзін ұстаз ретінде сезінбеуі керек, себебі мемлекеттік басқару ісі өте сезімтал, сондықтан әркім өз ойын ортаға салады, өз үкіметтеріне осы озық тәжірибені ұсынады, ал оны қабылдау-қабылдамау әр ел билігінің өз еркінде, – дейді Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов. 

Қазақ елінің цифрлық дамуы қай деңгейде?

Әлихан Байменовтің айтуынша, елімізде цифрлық даму қызмет көрсету бойынша біршама жақсы, БҰҰ-ның индексінде алғашқы отыз елдің ішіндеміз. Бірақ кейбір бағыттарда бізден кейін тұрған елдерден де артта қалғанбыз. Мәселен, оларда тұрғындар қай жер телімі кімге тиесілі деген кадастрды тікелей картаға кіріп әркім көре алады, ал бізде оны әлі көре алмайды. Сондықтан біраз бағыттарда біздегі ілгерілеушілікті БҰҰ-ның индекстері көрсетіп отырғанымен, кейбір бағыттарда артта қалғанбыз, соның біреуі осы кадастрларды цифр­ландыру, оны жалпы көпшілікке ашық қылу, екіншісі, қаржы ағымдарының ашық болуын қамтамасыз ету. Мәселен, Словенияда әрбір жеке тұлға, болмаса жеке кәсіпорын қандай қаржылық аударым жасағанын ашық көруге болады. Мемлекеттің игілігін бөлуде де, мәселен, жер телімдерін, мемлекеттің қатысуымен бөлінетін пәтерлерді, тіпті мектеп пен балабақшадағы орындарды бөлуде де блокчейнді пайдаланса, мұның бәрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алады, ол шешімдерді ешкім өздігінен өзгерте алмайды. Міне, осы бағыттарда бізде әлі де жетілдіретін жұмыстар керек. Сонымен қатар азаматтардың жеке бас қауіпсіздік мәселесі бар. Мысалы, біз осы жоба аясында Кореяның Анян деген қаласында болдық, ол қалада мынадай қалтафонға жас балалардың, әйел адамдардың, жеткіншектердің, қарттардың жеке бас қауіпсіздігі үшін арнайы жүктеме енгізген. Ол жүктеме қала ішінде қыдырып жүрген тұрғындарға өте пайдалы. Жүктеме бойынша қала әкімдігінде тіркелген адам көшеде өзіне төнген қауіпті сезінсе, қалтафонын шайқайды, сол сәттен үлкен мониторда қызыл нүкте пайда болып, ең жақын камералар солай қарай бұрылады, ең жақын патруль машинасы соған қарай бағыт алады, егер азамат қалтафонын тағы үш рет шайқаса, өте қатты дыбыс шығады да, бар күш солай қарай жұмылады. Міне, осындай адамның жеке бас қауіпсіздігіне бағытталған жобаны біз де Қазақстан үкіметіне береміз, біздің ұсынысымызды үкімет пайдалана ма, жоқ па, оны өздері шешеді. 

Цифрлық даму қазақ тілі деңгейінің көтерілуіне әсер ете ме?

Бұл ретте Ә.Байменов ол үшін еліміз латын әліпбиіне тезірек ауысы керек, сосын цифрлық платформаларды қазақшалау қажет, әйтпесе артта қалуымыз мүмкін деген пікірін білдірді. «Сондықтан мемлекеттің шешімін күтіп керегі жоқ, халықаралық қазақ тілі қоғамы арқылы латын қарпінің тиімді нұсқасы қабылданып, қазір әртүрлі нұсқа пайдаланылған маңдайшалардағы жазулардан бастап бір ізге түсірілуге тиіс, қазақ тілі қоғамы өзіне осы жауапкершілікті толығымен алуы керек». 

Қазақстандықтардың дербес деректері қолды болып кетпей ме?

 Спикердің пайымдауынша, ондай қауіп-қатердің алдын алу бойынша арнайы зерттеу жүргізілген. Жалпы мамандардың пікірінше, технология дамыған сайын қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесі де қоса дамып отыруы керек. Онсыз уақыт ағымына ілесе алмаймыз. Мұны адамзаттың жаңа тарихы анық көрсетіп отыр. Жасанды интеллект – ол үлкен қару. Ол игілік те, нәубет те болуы мүмкін. Сондықтан адамның қауіпсіздігін қорғайтын, бір жағынан бәрі пайдалана алатын, екі жаққа да тең мүмкіндік беретін өз ішімізде де, халықаралық деңгейде де заңдар қабылдануы қажет. 

Осыны ескере келе, былтыр күзде дамыған елдердің біразы арнайы декларация қабылдады. Еуроодақ осыдан бірнеше ай бұрын жасанды интеллектке қатысты заң қабылдады. Цифрландыруға қатысты адамның деректерін қорғауға байланысты заңдар бар, екінші жағынан жинақталған деректердің ашықтығы, яғни көпшілікке қолжетімді болуы туралы да заң қажет.Өйткені әркім өз саласы бойынша пайдаланатын деректер сол көпшіліктің игілігіне жұмыс істеуі керек. Оған да мүмкіндік беріп, екіжақты тепе-теңдікті ұстанып отыру керек. Әрине, әркімнің жеке ақпараты заң бойынша қорғалуы керек. 

1328 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №2

26 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы