- Мақала
- 01 Шілде, 2024
ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ТАРИХИ ГЕОГРАФИЯСЫ
Дина ИМАМБАЙ, «Aqiqat»
Ғалымдар пікірі қандай?
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институтында «Орталық Азияның тарихи географиясы» атты халықаралық конференция өтті. Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан бұл айтулы іс-шара – Орталық Азияның тарихи географиясына арналған ең алғашқы басқосу. Жиынға Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Гарвард университетінің Халықаралық істер жөніндегі вице-ректоры және Қытай мен Ішкі Азия тарихы бойынша профессор Марк Эллиотт бастаған делегация өкілдері және Орталық Азия мемлекеттерінен келген ғалымдар қатысты.
Конференция қарсаңында Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин және Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Гарвард университетінің вице-ректоры Марк Эллиотпен кездесу ұйымдастырды. Басқосу барысында Гарвард университетінің әлеуеті және қазақстандық зерттеу институттары арасында ортақ жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Тарихи география – бұл кешенді зерттеу пәні, ол өткен дәуірлердің физикалық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени, саяси географиясын тарихи динамика негізінде зерттейді. Бұл пәннің мемлекет шекарасын нақтылауда маңызы өте зор. Біздің елімізде бұл сала ұзақ жылдар бойы кенже қалғаны белгілі. Сондықтан да айтулы жиын осы олқылықтың орнын толтыру және зерттеулерді дамыту мақсатында ұйымдастырылып, Орталық Азия тарихи географиясының көпқырлы бейнесін терең түсінуге және тарихи ландшафттар мен білімнің өзара байланысын талқылауға бағытталды. Жиын барысында Орталық Азиядағы тарихи географиялық дәстүрлердің қалыптасуы, тарихи географияның тәсілдері мен дәстүрлері, сондай-ақ картографияның даму үдерісі қарастырылды.
Басқосуда алғашқы сөз кезегін алған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Зәки бұл конференция тек Қазақстан тарихында ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдерінің тарихында алғаш рет ұйымдастырылып жатқан арнайы ғылыми шара екенін атап өтті.
«Соңғы жылдары Қазақстан ғылымына бөлінетін қаржы көлемінің ұлғаюы арқылы елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін нығайтатын, экономиканың қарқынын арттыра түсетін, халықтың мәдениеті мен рухын жаңғыртуға елеулі үлес қосатын бірқатар ауқымды ғылыми бағдарламалар мен жобалар іске асырылып жатыр. Соның бірі – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институтында атқарылып жатқан «Орталық Азияның тарихи географиясы» атты мемлекеттік ғылыми бағдарламасы. Бұл жобаны қаржыландыру – Мемлекет басшысының тарихи сананы қалыптастыру, тарихи мұраны сақтау мен таныту, ұлттық мүдде тұрғысынан тарихты қайта жазу, көпшілік қауым мен жас ұрпақты қазақтың шынайы төл тарихымен таныстыру бағытындағы тапсырмасын орындауға күш салып жатқанымыздың дәлелі мен көрінісі», – деді Дархан Ахмед-Зәки.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова: «Тарихи география – әртүрлі тілдердегі ежелгі тарихи жазбалар мен тарихи карталарды зерттейтін күрделі сала. Отандық тарих ғылымының қазіргі ландшафтында тарихи-географиялық зерттеулер маңызды, бірақ әлі де ізденістер жеткіліксіз. Екі күнге созылатын конференциямыз аймақтың тарихи географиясының қатпарына үңіліп, тарихи ландшафттар мен білімнің өзара байланысын талқылайтын ашық және маңызды пікірталас алаңы болады деп сенеміз», – деді.
Жанар Темірбекова конференция қатысушыларына үш жылда ЖОО ғалымдарының жалпы қаржыландыру сомасы 2,6 млрд теңгеден асатын 34 гранттық жобаны іске асырғанын айтты. Оның ішінде бюджеті 450 миллион теңге болатын «Орта Азия мен Қазақ даласының тарихи географиясы мен топонимдерін салыстырмалы зерттеуге арналған XIX ғасырға дейінгі Орталық Азияның тарихи географиясы» гранттық бағдарламасын жеңіп алғанына тоқталды. Бұл жайында Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD, доцент Суат Бейлур «Орталық Азияның тарихи географиясы» атты арнайы баяндама жасады.
Конференцияның беделді қонағы, АҚШ-тың Гарвард университетінің Халықаралық істер жөніндегі вице-ректоры, зерттеуші-ғалым Марк Элиотт «Еуразияның тарихи географиясындағы Жібек жолы және өзге де тұжырымдамаларды талдау» тақырыбындағы зерттеу жұмысындағы тың деректерімен көпшіліктің қызығушылығын оятты.
Екі күнге созылған конференцияның сессиялық отырыстарында ғалымдар негізгі алты тақырып бойынша баяндама жасады. Атап айтқанда, тарихи географияның негізгі ұғымдары мен мәселелері; еуропалық және орыс деректеріндегі; араб, парсы және түркі деректеріндегі; қытай, маньчжур және моңғол деректеріндегі Орталық Азияның тарихи географиясы; Орталық Азияның топонимикалық географиясын картаға түсіру және ГИЖ (геоақпараттық жүйелер); Орталық Азияның тарихи-мәдени географиясы тақырыптары талқыланды. Тарихи география бойынша еліміздегі жетекші ғалымдардың бірі, профессор Нұрлан Кенжеахмет «Орталық Азияның тарихи географиясы: өткені мен бүгіні» атты баяндама жасады.
Конференция алдында Гарвард университетінің Халықаралық істер жөніндегі вице-ректоры Марк Эллиот Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірге Ғылым ордасында болып, сирек жазбалар коллекциясымен, сондай-ақ атақты ғалым Қаныш Сәтбаевтың музейімен танысты. Америкалық ғалым қазақ ғылымы туралы тың ақпаратқа қанық болғанын айтып, ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, америкалық ғалымдар делегациясы қазақ білімі мен ғылымының қарашаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болды. Ректор Жансейіт Түймебаев қонақтарды университет қызметімен таныстырды. Сапар барысында Марк Эллиот әл-Фараби атындағы кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазба қорын аралап көрді. Бұл қорда XVII-XIX ғасырда жарық көрген 14350 дана сирек кітап сақталған. Он үш тілде жарық көрген кітаптар математика, физика, химия, биология, география, тарих, тіл білімі, әдебиет, құқық және экономика салаларын қамтиды. Латын, неміс, француз, ағылшын, араб, шағатай, парсы, қытай тілдеріндегі басылымдар арасында Орталық Азия ғана емес, ерте кездерде дүние жүзінде жарық көрген құнды кітаптардың үлгілері бар. Марк Эллиот Қазақстан кітапханалары мен сирек қорындағы құнды қазынаға ерекше қызығушылық танытып, қолжазбалармен және көне кітаптармен терең танысқысы келетінін білдірді. Делегация өкілдері әсіресе Орталық Азия мен Қазақстанның орта ғасырлардағы тарихы туралы құжаттарға, араб және қытай тілдеріндегі қолжазбаларға назар аударды. Марк Эллиот министр Саясат Нұрбекпен кездесуі кезінде қазақстандық ғылыми мекемелердің әлеуеті зор екенін атап өтіп, ғылыми зерттеулерді дамыту үшін ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін айтты. Кездесу Қазақстан ғалымдары мен Гарвард университеті арасындағы ғылыми байланысты нығайтудағы маңызды қадам болды.
«Болашақ» бағдарламасының аясын кеңейту керек
Конференциядан бөлек, Гарвард университетінің профессоры Марк Эллиот 6 маусым күні Еуразия ғылыми-зерттеу институтының базасында қазақстандық жас ғалымдарға арнап семинар өткізді. Ғылыми жиынға Алматыдағы жоғары оқу орындарының басшылары, зерттеушілер және жас ғалымдар қатысып, қазақстандық жоғары білім мен ғылым мәселелерін талқылады, өзара тәжірибе алмасты. Басқосу барысында білім беру жүйесіндегі инновациялар, ғылыми зерттеулердің қаржыландырылуы, халықаралық ынтымақтастық және академиялық алмасу бағдарламалары сияқты маңызды тақырыптар қозғалды. Жуырда жарияланған QS рейтингінің нәтижелері, PhD дәрежесін қорғаудағы мәселелер, «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктері ерекше аталып өтті.
Осы орайда профессор Марк Эллиот «Болашақ» бағдарламасы туралы оң пікірін айтты: «Болашақ» бағдарламасы – Қазақстанның жақсы бастамасы. Жастарды шетелде оқу мен тәжірибеге жіберу өте керемет үрдіс. Мүмкіндік болса, бағдарламаның аясын кеңейту керек. Мемлекет пен жоғары білім жүйесі үшін бұл өте маңызды», – деді ол. Сонымен қатар семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап бере келе, Марк Эллиот университеттердің рейтингке шектен тыс мән беруі қажет еместігін, ең бастысы сапалы білім беруге назар аударуды ұсынды. «Білім беру қызметін дұрыс ұйымдастыру, ғылыми қызметкерлердің беделді журналдарда мақала жариялауы университеттің рейтингін көтереді», – деді ол. Ең бастысы, білімге инвестицияны көптеп салу керек.
Америкалық профессор Гарвард университетінің тарихына тоқталып, мұнда қазір әлемнің әр түкпірінен келген студенттер оқитынын, ЖОО-ны зерттеу университетіне айналдыру, интернационалдандыру басымдық болу керектігін атап айтты. «Орталық Азия мен Қазақстанда жас таланттар көп, ғылымдағы әлеуеті зор» деді өз сөзінде Марк Эллиот. Сондай-ақ, Қазақстанда шетелдік беделді оқу орындарының филиалдарын ашу үдерісін құптайтынын жеткізді. Делегация құрамында келген Eurasian Studies журналының редакторы жас ғалымдарға арнап, ғылыми мақала жазудың қыр-сыры жайлы семинар өткізуге болатынын жеткізді.
Басқосу соңында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова елімізге арнайы келіп, конференцияға қатысқан доктор Марк Эллиотқа оқу орнының «Құрметті профессоры» академиялық атағын табыс етті.
Осылайша, Алматыда өткен ғылыми апта мазмұнды және сапалы пікірталастарға толы болды. Ғалымдар шетелдік әріптестерімен еркін пікір алмасып, ғылыми байланыстар орнатуға мүмкіндік алды.
Ғылым мен білім алға шыққан қазіргі уақытта шетелдің беделді оқу орындарымен ынтымақтастықта жұмыс істеу, өзара тәжірибе алмасудың орны бөлек. Қазақстанның ғылыми әлеуетін жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табады.
7493 рет
көрсетілді0
пікір