- Мақала
- 29 Шілде, 2024
ҚАЗАҚСТАН ІШКІ ІСТЕР ХАЛЫҚ КОМИССАРИАТЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ БАСШЫЛАРЫ
Елеужан СЕРІМОВ, заң ғылымдарының кандидаты, запастағы полиция полковнигі, Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының Ғылыми зерттеу институты ІІО тарихын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері
Құлынтай МОНАЙ, гуманитарлық ғылымдар магистрі, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының Ғылыми зерттеу институты ІІО тарихын зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері
1924 жылдың қаңтарынан қарашасына дейін республиканың ішкі істер халық комиссарының лауазымын Мұқаш Орымбаев атқарды. Мұқаш Орымбаев 1900 жылдың 13 қыркүйегінде Шыңғыстау болысында Беркімбай Шормықов пен Рәзия Жұпанованың отбасында дүниеге келген. Балаға жақсы білім беруді көздеген ата-анасы ұлымен Семейге көшеді. Онда жеті жасар Мұқаш жергілікті бір мұғалімге жалшы болып жұмыс істеп, ақысына жазу мен оқуға үйренеді. Тоғызға толғанда Мұқаш Зайсандағы мұсылман мектебіне оқуға түседі, ал 1912 жылы құжаттары болмағандықтан оны орыс приходская мектебіне алудан бас тартады. Осы кезде оған әкесінің немере ағасы Орманбай Орымбаев көмектесіп, баланы өз тегіне жазады.
Осы оқығаннан Мұқаш 1920 жылға дейін оқиды: алдымен Зайсандағы жоғары бастауыш училищеде, кейін Семейдегі ерлер гимназиясында. Сауатты жігіт көзге ілініп, 1920 жылдың қаңтарында оны болыстардағы ревкомдарды құру бойынша Семей губерниясының нұсқаушысы етіп тағайындайды. Сол жылдың сәуірінде Мұқаш партияға мүшелікке өтеді. Осы сәттен бастап Мұқаш Орымбаевтың мансабы жылдам өсе бастайды: Семей губкомының аз ұлттар бөлімінің хатшысы, ҚырАССР БТК саяси партиялар істері жөніндегі уәкіл, атқару комитетінің төрағасы, трибунал мүшесі, Семей губерниясының сот төрағасының орынбасары, Түркістан облыстық революция комиссиясының төрағасы. 1924 жылдың қаңтарында Мұқаш Орымбаев Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссары болып тағайындалады. Орымбаев Ішкі істер халық комиссариатын КСРО құрамындағы этностар жеке-жеке бөлініп, оларға әкімшілік-территориялық бірліктер берілген кезде басқарды. Қыркүйекте ел билігіне Филипп Голощекин келіп, Қазақстанда күштеп ұжымдастыру басталып, аштық жайлады. Айта кету керек, голощекиндік ұжымдастыру кезінде отыз шақты ұсақ малы мен сиыры бар Мұқаштың әкесі Беркімбай да тәркілеуге ұшырайды. Басқа да қазақ зиялыларының қатарында М.Орымбаев та Филипп Голощекин әрекеттерінің қазақтар үшін қырғын екенін жоғары басшылыққа жеткізуге тырысты. Жергілікті ІІХК-дағы қызметінен кейін Мұқаш Орымбаев Ақмола губерниялық атқару комитетін басқарады, ҚырАССР Жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссарының орынбасары болады. Орымбаевтың осы кездегі қызметі туралы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» кітабында былай жазады:
«Қызылжарда басқарушылық қызметте тұратын Нұрғали Кодаленко мен Зейнолла Төреғожиннің пікірлес адамдар екенін жоғарыда айттық. Осы аталған кісілердің қатарына Ақмола губерниялық атқару комитетінін председателі – Мұқаш Орымбаев қосылады екен. Наразы адамдар бұл үшеуін «Святая тройка», яғни «үш әулие» деп атайды екен. Басқарушылардың бірі дегені болмаса Орымбаев әлеуметтік пікірге араласпайтын, кеңсесінің ғана қызметін білетін, мінезі де ауыр, түсі де суық, сөзге сараң адам. «Үш әулиенің» бұл қаладағы әлеуметтік істе ең үлкен атқаратын ісі – тамыр-таныстарын, елдестерін мекемелердің қызметіне көбірек тоғыту. Өзінен басқа ешкімге сенбейтін, барлық дүниеге күдіктене қарайтын Елжас Бекеновтің айтуынша, Семей губерниясынан келген Орымбаев пен Коделенко, Атбасар оязынан келген Төреғожин, қызмет сапасына көңіл бөлместен елдестерін Қызылжарға және Ақмола губерниясының өзге ояздарына тартып жатыр. Маған оның бәрібір. Өз қызметіме бөгет жасамаса қайда тартса да мейілдері».
Бұл лауазымдарда М.Орымбаев Риддер кен орындары мен Екібастұздың көмір кеніштерін қалпына келтіру жұмыстары бойынша белгілі, сонымен қоса ол Германия балаларына көмек бюросында да тұрған. Ол 1937 жылға дейін жауапты лауазымдарда қызмет еткен. Орымбаев 1937 жылдың 10 тамызында тұтқындалады. Жарты жылдан кейін оған контрреволюциялық ұйымның қатысушысы деген айып тағылып, ату жазасына кесіледі, үкім ақпанда орындалады.
1924 жылы Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллин ұсынысымен Қырғыз (қазақ) Автономиялы Республикасының Ішкі істер халық комиссарлығына Дүйсебай Нысанбаев тағайындалады. Бұл лауазымда нақты қаншалықты жұмыс істегені белгісіз. Ол туралы мәлімет көп емес. Қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» трилогиясының үшінші кітабы «Есею жылдарында» мынадай мағлұматтар береді: «жасы Сәкеннен егдерек, толық, орта бойлы, дөңгелек бетті, көздерін сығырайта қарайтын бұл адам революциядан бұрын орысша оқып, көп жерде писарьлік қызмет атқарған да, революция жылдары большевиктер қатарына қосылған... Мінез жағынан Дүйсекең ағып тұрған сөзуар. Бір сөйлесе тоқтамайтын, кейде мезі ғып жіберетін мылжың. Сәкен 1919 жылдың басында Омбы абақтысынан қашып, сол жылдың жазында Түркістанға жетеді де, осы Дүйсенбаймен танысып үйінде тұрады [6, 93-94-беттер].
Ресми түрде1924-1925 жылдары Зікірия Мүкеев ІІХК тізгінін ұстады.
ҚазАССР Ішкі істер халық комиссариатын Зікірия Мүкеев те басқарады. Бұл лауазымды ол жарты жыл ғана, 1924 жылдың қарашасынан 1925 жылдың мамырына дейін ғана атқарады. Зікірия Мүкеев 1892 жылы Петропавлда жұмысшы отбасында дүниеге келген. Оның білімі туралы деректер сақталмаған, жүйелі білімі болмауы да мүмкін. Оның он бес жастан арбакеш және Омбыдағы Батыс-Сібір пароходтығында жүк тасушы болып істегені белгілі. 1918 жылы ол Жұмысшы-шаруа қызыл әскерінің қатарына алынып, қызыл әскер жеңіл полкінің қатардағы жауынгері болған. Колчак Омбыны алған кезде Мүкеев тұтқынға түсіп қалады. Бұл жайлы «Тар жол, тайғақ кешу» романында Сәкен Сейфуллин былай деп жазады:
«Лагерь ішінде асхананың қайнаған су алатын жерінде бір күні су ала келген көп жолдастардың арасында тұрған Зікірия Мүкейұлын көрдім. Амандасып, сөйлесіп қалдық. «Сен баракта жоқ едің ғой...» – десем, Зікірия лагерьдің ішіндегі бір берік бөлмеде (карцерде) жатыр екен. Біз лагерьге келмей тұрғанда, баракта жатып жүрген кезінде, Зікірия бір күні асханаға су ала келген бетінде, қашуға ыңғайланыпты. Оны күзетші чехословактар сезіп қалып, Зікірияны ұстапты. Жауап алғанда Зікірия ештеңе білмейтін мылқау болып сөйлепті. Содан соң Зікірияны барактарға қоймай, лагерьдің ішіндегі бірен-саран жазалыларды қамайтын берік бөлмеге жауып тастайтын болыпты. Берік бөлмеден Зікірияны көп шығармайды екен. Біздің оны көрмей жүргеніміз сол екен».
Азамат соғысы аяқталған соң, 1919 жылдан бастап, Омбыда атты милиционер болып, кейін – Бірінші Қазақ атты полкі эскадронының саяси басшысы болып қызмет етеді. 1923 жылы шалқар уездік милициясының жұмысын басқарады, біршама уақыт Ақмола губерниялық іздестіру қызметкерлері қатарында болады. 1924 жылы Зікірия Орынбордағы жұмысшы факультетіне оқуға түседі, ал сол жылдың қарашасында Қазақ АКСР Ішкі істер халық комиссары болады. З.Мүкеевтің тағайындалуы халық арасында наразылық тудырады, елдің басты милиционерінің қылмыстық өткені туралы өсектер пайда болады. ҚырАССР Кеңесінің V съезі барысында делегаттар халықтың тарихи атауы туралы мәселе көтеріп, тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп қана қоймай, наркомның күдікті өткен өмірі туралы да мәселе көтереді. Ақмола губерниясының прокуроры Ыдырыс Мұстамбаев (Шахзада Шонанованың бірінші күйеуі), елдің болашақ әділет халық комиссары және прокуроры, тергеуші Нығметолла Сырғабековке тексеру жүргізуді тапсырады. Тексеру кезінде, З.Мүкеев Ақмола губерниялық іздестіруінде қызмет істеп жүрген кезінде шынында да заңды бұзғаны анықталады, алайда тек формалды ғана сотталған – сот оның еңбектері мен шыққан ортасын ескерген. 1925 жылғы мамырда ол қызметінен алынып, КазТорг бөлімдерінде жұмыс істейді, Сырдария облысының кеніштерін басқарады, «Скотовод» мемлекеттік тресін басқарады, Алматы облыстық милиция бастығы орнын баса тұрады. Үлкен террор басталған кезде З.Мүкеев Қостанай облыстық облыстық жылқы шаруашылығы басқармасын басқарып тұрған. Ол 1937 жылдың қазанында тұтқындалып, сегіз жылдық жазасын өтеуге Иводельлагқа жіберіледі. Айта кетерлігі, 1940 жылдың ақпанында оған қатысты іс тоқтатылады, алайда, З.Мүкеев бостандықты көрмей, 1942 жылы НКВД-ның Сороклаг қабырғасында қайтыс болады.
1925 жыл. Бұл жылы «Жұмысшы-шаруа милициясының қызметі туралы ереже» қабылданды. Сонымен бірге, милицияны кездейсоқ адамдардан тазарту үшін 50% қысқарту жүргізілді. Қазақстанның кейбір аймақтарында милиция органдарында мұндай «тазалау жүргізу» жеке құрамның үштен бірін қысқартты. Мәселен, Ақтөбе облысында милиция қатарынан шығарылғандар: Погорезов, бұрынғы аудан милициясының бастығы – пара алғаны үшін (ТК берілді); Глеушев Николай – жалқаулығы үшін; Оразбаев Құржан – өз бетімен жылқыны тартып алғандығы үшін (іс сотқа берілді). Орал губерниясында жұмыстан шығарылғандар: Михашев Николай, саптық бөлімнің бастығы, ақгвардияшылар әскерінің құрамындағы болғандығы – жеке басын ойлағандығы үшін; Толстов Иван бұрынғы полицей ретінде; Панов Афанасий бандитизм үшін және т.б. Бұл сияқты құқық бұзушылықтар қатырында бопсалау, жұмысқа немқұрайлы қарау, халыққа дөрекі сөйлеу, тонау және т.б. кінәлар жатты [7, 36-бет.].
Осы жылдан ҚазАССР Ішкі істер халық комиссариатын Сүлеймен Есқараев басқарды.
Сүлеймен Есқараев екі жылдан артық уақыт Ішкі істер халық комиссары лауазымын атқарады (1925 жылғы мамырдан 1927 жылғы тамыз аралығы). С.Есқараев 1897 жылы Қазалы уезінде шаруа отбасында дүниеге келген. Сүлеймен бала кезінен Перовскідегі теміржол стансасындағы кірпіш зауытында жұмыс істеген. 1918 жылы компартия қатарына қабылданады. Азамат соғысы кезінде ол партизандар қатарында болып, Осипов ереуілін басуға қатысады. Сүлеймен Есқараев туралы Сәбит Мұқанов былай деп жазған: «Өзіндік жарқын тұлғасы бар Сүлейменмен сөйлесе келе, мен ең алдымен оның аса қызғылықты өмірбаянын біліп алдым. Қызылорда қаласындағы темір жол жұмысшысының семьясында туып өскен ол, бала шағында білімді орыс школынан алады да, қазақ еңбекшілерін бақытсыздықтан, тек советтік құрылыс қана құтқарады деген ұғыммен, туған жеріндегі революциялық істерге белсене қатынасып, совет өкіметін ұйымдастыруға, оны жауларынан қорғауға араласады, сондықтан өкімет оны, алғашқы адымдарынан-ақ ВЧК-аның жергілікті өкілі ғып тағайындайды».
Азамат соғысынан кейін Есқараев Ташкент партия мектебіне оқуға түседі, оны бітірген соң комитетте нұсқаушы және Сырдария облысы РКП (б) бөлімінің меңгерушісі, Ташкент облысы ТК бастығы болып істейді. 1925 жылғы мамырда Есқараев республика халық комиссары лауазымына бекітіледі. Бұл лауазымда ол керемет ұйымдастырушылық қабілетімен есте қалады, «Советская степь» газетіне мақалалар да жазып тұрған. 1927 жылы ол Өлкелік милиция мектебі үшін өз еркімен қызметтен кетеді. Орынбордағы өлкелік милиция мектебінде бірнеше жыл қызмет істеген соң, Мәскеуге Бүкілодақтық жоспарлау академиясына оқуға түсіп, оны 1933 жылы тәмамдап, Қарағанды жұмысшылар кеңесінің облыстық атқару комитетінің төрағасы болады. Сүлеймен Есқараев Қазақ ССР ХКК төрағасының орынбасары қызметінде жүрген кезінде 1937 жылдың тамызында тұтқындалып, 1938 жылдың 25 ақпанында атылады...
Айта кетер жайт, Кеңес Үкіметі құрылғаннан бастап милиция органдары реформаларының бір бағыты – кәсіби милицияны даярлау ісі болды. Мәселен, «1925 жылы Орынбор қаласында республикалық милиция мектебі болғанын екінің бірі біле бермейді. Оны басшысы революционер Угар (Мұқатай) Жәнібеков болды деген мәлімет бар. (Қарқаралыда қайтыс болған» [7, 138-139-беттер].
Мұқатай Жәнібеков туралы дерек келтіре кетсек, ол 1887 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі, Темірші болысында дүниеге келген. Арғын тайпасының қаракесек тұқымдасының майлық руынан шыққан. Саяси қайраткер, большевик және төңкерісші.
Ресей империясының Чита қаласы маңындағы Замятин шахтасында жұмыс істеп жүріп, 1905 жылы жұмысшылар ереуіліне қатысқаны үшін шахтадан қуылады. Кейін Лена алтын кеніндегі жұмысшы қозғалысына қатысып (1912), 12 жылға жер аударылады. 1917 жылы босап шығып, Омбыдағы депутаттар кеңесінің жұмысына араласады. Омбы маңындағы Куломзино станциясындағы ақ гвардияшылармен соғыста бір топ достарымен тұтқынға алынып, ату жазасына кесіледі. Қамаудан шығып, астыртын большевиктер ұйымын басқарады. Кейін Колчак әскерлерінің қолына түсіп, Красноярск түрмесіне жөнелтіледі. Бұдан қашып шығып, Омбы уездік милициясының атты әскеріне алынады. М.Жәнібеков өмірінің соңғы жылдары Петропавл губерниялық атқару комитетіті революциялық трибуналының нұсқаушысы, мүшесі, Қарқаралы уездік милиция бөлімінің, Қазақстан өлкелік милиция мектебінің, Семей қалалық милиция бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады. Мұқатай Жәнібеков 1932 жылы қайтыс болды.
ХХ ғасырдың 20-ы жылдардағы құқық қорғау жүйесінің реформалану тарихының түйіні болды. Қазақстан милицияның фукнциясы айтарлықтай кеңейді. Оған жаңа міндеттер жүктелді, бұл индустрияландыру мен ұжымдастыруға негізделіп, шаруашылық және лауазымдық қылмыстармен күрес белсенді түрде жүзеге асты. Осы уақытта Қазақстан милициясы қызметінің негізгі бағыттары нақты анықталды: 1) әкімшілік, 2) алдын-ала тергеу, 3) жедел іздестіру. Милиция функциясының бұлайша кеңеюі оның құрылымдарын қайта құруға итермеледі.
(Ескертерлігі: 1927 жылы 5 маусымда ҚазАССР ХКК қаулысына сәйкес, Ішкі істер халық комиссариаты Орталық әкімшілік басқарма (ОӘБ) болып халық комиссариатының құқығында қайта құрылды, оның басқаруына милиция, қылмыстық іздестіру, АХАЖ және бостандығынан айыру орындары берілді. Бұған қосымша милиция қызметінің басты бағыттарының бірі – самогон қайнатумен (қолдан жасаған спирттік ішімдіктер) күрес жүргізді. 1926-1927 жылдары Үкімет осы әрекеттің жауапкершілігін күшейтетін бірқатар нормативтік құжаттар қабылдады.
1927 жылғы 27-тамызда Қазақстан үкіметі «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы» декрет қабылдады. Осыған сәйкес тәркілеулер мен ауқатты қожайындарды жер аударды. Бұл қаулыны орындау ІІХК-на жүктелді, нәтижесінде Қазақстанда 3 мыңнан астам адам тұтқындалып, сотқа берілді және 25 мың адам жер аударылды).
Ішкі істер халық комиссариаты
1930 жылдарда
1930 жылы көктемде Қазрайком ВКП (б) хатшысы Голощекиннің Сталинге жолдаған жабық хатында «...кейбір жерлердегі мүліктерді тәркілеуде ең соңғы бір уыс нанына дейін алып қоюға тура келді» делінген. Мұның салдары КСРО мен Қазақстандағы кулактарды жою ауыл шаруашылығы өндірісін жоққа шығарып, аштыққа ұрындырды. Біртұтас ауылдар аштықтан өлгендігі туралы деректер бар. Бұл кезеңде ІІХК-ы ұжымдастыруға қарсылықты белсенді түрде басып отырды, мемлекет саясатына қарсыластардың алдын алды.
ҚазАССР басшылығы ҚазАССР ІІХК (НКВД) құрылымын жою туралы шешім шығарады. Ал 1929 жылғы тамызда елдің ішкі істер халық комиссариаты қайтадан жұмысын бастайды. Бұл лауазымға Қасым Әуезов шақырылады, ол титулды емес ұлттан (қарақалпақ) республика наркоматын басқарған бірінші адам. Ол және де лауазымға тұрғанға дейін советтік жоғары оқу орнында білім алған ҚазАССР НКВД-ның тұңғыш халық комиссары.
Қазақ АССР Орталық әкімшілік басқармасы 1929 жылғы тамызда екінші рет қайта құрылып 1930 жылғы желтоқсанға дейін қызмет етеді де, осыдан соң жойылады. Осыдан соң ол ССРО ІІХК орталық органының тікелей бұйрығымен, Үлкен террор қарсаңында, 1937 жылдың қаңтарында қайта құрылады.
Сол кезеңдердегі Ішкі істер халық комиссарлары ықпалды тұлғаларға айналды. Әр кезеңдерде елдің бас чекист креслосында Генрих Ягода, Николай Ежов, Лаврентий Берия және Сергей Кругловтар отырған. Көптеген автономиялар мен советтік республикалардағы қуғын-сүргін саясаты осылардың атымен жүргізілді. Бұдан Советтік Қазақстан да тыс қалмады. Ішкі істер халық комиссариаты қызмет етіп тұрған жылдары елде 13 нарком (халық комиссары) ауысты. Қылмыспен күрестің тиімділігін арттыру жолдындағы маңызды кезең 1928–30 ж.ж. аралығында барлық аймақтық және Қарақалпақ облыстық қылмыстық іздестіру бөлімдерінде фотопавильондар мен дактилоскопиялық бюроларды құру болып табылды. 1929 жылдың шілдесінде ҚазССР қылмыстық іздестірудің ғылыми-техникалық бөлімінің жанында біздің республиканың ғана емес, ұқсас мекемелер әлі құрылмаған Түрікмен ССР, Өзбек ССР, Қырғыз ССР құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша криминалистикалық зерттеулер жүргізіп отырған ғылыми-техникалық сараптама кабинеті құрылды. Қазақстанның қылмыстық іздестіру бөлімдерінің жұмысын аталмыш уақытта Аникин, Галихайдаров және т.б. сияқты басшылар басқарған.
Осы аралықта Қазақ ССР-дың қалалық және аудандық милиция басқармасы мен қылмыстық іздестіру штаты 2088 адам болды, оның ішінде 121 бастық, 900 аға милиционер, 240 милиционер, 121 қылмыстық іздестіру инспекторлары, 56 тіркеуші дактилоскопияшылар.
Қазақ ССР-ның Бас милиция және қылмыстық іздестіру басқармасын азамат соғысы кезінде Чапаев дивизиясында соғысқан, кейін Орал қ. қылмыстылықпен күрескен И.М.Кукс басқарды.
1931 жылғы 25-мамырда қабылданған Жұмысшы-еңбекшілер милиция туралы жалпыкеңестік Ережеге сәйкес қылмыстық іздестіру ұйымдаса милициямен біріктірілді. Ережеде милицияның және қылмыстық іздестірудің қоғамдық тәртіпті және қылмыспен күрестегі нақты міндеттері көрсетілді. Осының негізінде 30-жылдардың ортасында ұйымдастырушылықтың ең тиімді әдісін қарастыру кезінде жалпы мемлекет ауқымында орталықтандырылған қылмыстық іздестіру жүйесі құрылды.
Қылмыстық іздестіру аппараттары алғашқы жылдардан бастап жалпы қамау орындары мен мәжбүрлі жұмыс жасату лагерлеріндегі қылмыстарды ашумен айналысты. Олардың міндеттеріне қамаудағылар жасаған қылмыстарды ашу, оған қоса қамау орындарынан қашқандарды іздеу кірді. 1930 жылдан бастап қайтадан құрылған еңбекпен түзеу мекемелерінде арнайы жедел аппараттар ұйымдастырылды, оларға бас бостандығынан айыру орындарында жасалған қылмыстарды ашу функциясы берілді, ал 1934 жылдан бастап ол еңбекпен түзеу мекемелерінің жедел аппараттарының міндеті болып бекітілді. Осыдан жалпы қылмыстық іздестірудің тәжірибесі ескерілді және қамау орындарындағы қылмыстарды ашу ерекшеліктері ескерілді. Қылмыспен күресте тиімді қылмыс ашу мақсатында қылмыстық іздесіру және еңбекпен түзеу мекемелері аппараттарының ынтымақтастығын нығайту маңызды орын алды. Осы ынтымақтастықты регламенттейтін нормативтік актілер жасау басталды. Ынтымақтастық бойынша берілген құрылымдар күнделікті қызметі негізінде жоспар бойынша іс-шаралар жүргізілді, бас бостандығынан айыру орындары тексерілді, бақылауға алынып отырды. Тарихқа жүгінетін болсақ қылмыстық іздестіру қызметі мен еңбекпен түзету мекемелерінің жедел аппараттарының ынтымақтастығы нәтижесінде өтіп кеткен жылдарда жасалған қылмыстарды ашқаны жайында айтып кетпеуге болмайды. Атап кетсек, қазіргі уақыттың өзінде осы екі қызметтің ынтымақтастығының тиімділігін арттыру, жоғарылату мәселелері әлі де өзекті.
Каруцкий Василий Абрамович 1900 жылы 28 ақпанда Томск қаласында ауқатты байдың үйін басқаратын адамның отбасында дүниеге келген. Томск ерлер гимназиясын (1918ж.) және Томск университетінің заң факультетінің 1 курсында оқып жүргенде үлгермегені үшін оқудан шығарылады. Революцияға дейін саясатпен айналыспаған. 1918 жылы Колчак армиясының музыкалық тобында мобилизациялау қызметін атқарады, ол жерден кетіп, қызыл партизандар жағына шығады.
Мансабына келер болсақ, 1920 жылдан БКП(б) мүшесі. 1919 жылдан бастап БТЖК (ВЧК) органдарында: Иркутскідегі Шығыс Сібір әскери округінің арнайы бөлімі бастығының орынбасары; 26-шы атқыштар дивизиясының революциялық әскери трибуналының, 5-ші армияның тергеушісі. Шығыс Сібір әскери округінің БТЖК-БСБ (ГПУ) Ерекше бөлімінің құпия-жедел бөлімінің бастығы. БТЖК-БСБ (ГПУ) Ферғана облыстық бөлімінің құпия-жедел бөлімінің бастығы; Түрікмен КСР БТЖК-БСБ төрағасы; 1-дивизия БСБ Ерекше бөлімінің бастығы; Орталық Азия бойынша БСБО (ОГПУ) Өкілетті өкілдігінің Құпия-жедел басқармасының бастығы; БСБО Орталық Азия бойынша өкілетті өкілінің орынбасары; Қазақстан бойынша БСБО өкілетті өкілі.1934 жылдан бастап ІІХК (НКВД) органдарында: Қазақ АССР, Батыс Сібір өлкесі бойынша ІІХК (НКВД) Басқармасының бастығы; КСРО ІІХК МҚББ Құпия-саяси бөлімінің III бөлімінің бастығы; Беларусь КСР Ішкі Істер Халық комиссарының орынбасары; Батыс, Смоленск, Мәскеу облысы бойынша ІІХК (НКВД) Басқармасының бастығы. КСРО ІІХК МҚББ IV бөлімі бастығының орынбасары. Бұл кезең КСРО ІІХК-ның 30.07.1937 № 00447 бұйрығымен құрылған арнайы үштіктің құрамына кіруімен [8] және сталиндік қуғын-сүргінге белсенді қатысуымен белгіленді. 1938 жылдың 5 сәуірінен-КСРО ІІХК алқасының мүшесі.
Жақын арада тұтқындалатынын алдын ала болжап біліп, 1938 жылы 13 мамырда өзін-өзі атуға тырысады, бірақ сол күні Боткин ауруханасында қайтыс болады. Әскери құрметпен жерленген. Каруцкийдің отбасы ешқандай қуғын-сүргінге ұшырамаған.
Марапаттары: Ленин ордені (19.12.1937)
*Қызыл Ту ордені (17.11.1934)
*Қызыл Жұлдыздың екі ордені (20.07.1930, 20.12.1932)
*Түркмен КСР Еңбек Қызыл Ту ордені (23.02.1928)
* Өзбек КСР Еңбек Қызыл Ту ордені (19.12.1930)
*«РККА-ның XX жылы» медалі (22.02.1938)
*«ТжКБ-ГПУ құрметті қызметкері» деген екі белгі (оның ішінде 20.12.1932)
Он жарым жыл ішінде В.А.Каруцкий БСБО (ОГПУ)-ІІХК (НКВД) ірі аймақтық бөлімшелерін басқарды, біртіндеп қызметік сатымен жоғарылады. Тағдыр оны елдің бір шетінен екінші шетіне айдады, қажырлы еңбегінің арқасында чекистердің басшылығы лауазымына тағайындалды. Бұл 1938 жылы көптеген чекистердің тағдыры қыл үстінде тұрды.
1936 жылдың аяғында КСРО НКВД-сы «зиянкестікпен күрес» жүргізетін орган құру қажеттігін сезінді. Осылайша, 1937 жылдың қаңтарында отандық НКВД үшінші рет қайта құрылды. Жаңа ведомствоны тәжірибелі чекист, Германиядағы коммунистік ереуілдерді ұйымдастырушылардың бірі Лев Залин басқаруға келді.
Қазақ ССР-нің болашақ халық комиссары Виленский губерниясының приказчигі Марк Залиннің еврей отбасында дүниеге келген. Азамат соғысына дейін ол Курскінің еврей жастары ұйымдарына мүше болып, әскери қызметтен қашып жүргені белгілі. Октябрь революциясы кезінде Залин мұғалім болып істеген, патшалық режим құлағаннан кейін Залин Курскінің еврейлер істері жөніндегі комиссариатының хатшысы болған. Ұқыптылығымен көзге түскен Залинді 1918 жылдың тамызында Мәскеуге іссапарға жіберіледі, бұл жерде қарашаға дейін Бауман аудандық комитетінің заң бөлімінде нұсқаушы болып істейді. Сол жылы Залин РКП (б) қатарына қабылданып, ЧК-ға жіберіледі. 1918 жылдың аяғында Залин партия тапсырмасымен Литваға жіберіледі, ол жерде партизан отрядтарын жасақтаумен айналысады. Литвада Залин ұзақ болмайды, 1919 жылдың басына дейін ғана болады, бірақ осы аз уақыт ішінде ол Ковенскідегі партияның астыртын комитетінің төрағасы, жергілікті газеттің редакторы болып қызмет етіп үлгереді. Неміс әскерлеріне тұтқынға түсіп қалған оны неміс әскери тұтқындарына айырбастап алады. Тұтқыннан босағаннан кейін Залин Литва-Белорус ССР-нің Паневежис қаласының Төтенше комитетін басқарады. Оның биографиясының осы кезеңі, әртүрлі дерек бойынша, совет-литва соғысы кезінде 500-ден мыңға дейінгі адамның өлтірілуімен белгілі. 1919 жылғы шілде мен тамыз аралығында ол Литва-Белоруссия ССР-і Еңбек халық комиссарының орынбасары болып істеген. Оның Паневежистегі жұмысын басшылық жоғары бағалап, 1919 жылдың қыркүйегінде Л.Залин ВЧК Коллегиясының құрамына кіреді де, Жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясының 3 және 16 армияларының саяси бөлімінің интернационалдық бөлімшесін басқарып, интернационалистерге бақылау жүргізеді.
Контрреволюционерлермен күрес деген ұранды желеу еткен 3 және 16 армиялар жергілікті тұрғындарды атуға белсене қатысады, тарихта бұл «Варшава шайқасы» («Варшавская битва») деген атпен белгілі. Қызыл әскер жеңілгеннен кейін Залин қызметін алдымен ЖШҚА Ерекше бөлімдерінде, кейін ВЧК-ның экономика басқармасында және шетел бөлімінде жұмысын жалғастырады1923 жылғы шілдеде Лев Залин Германияға аттанады. Бұл елде большевиктер қарулы көтеріліс ұйымдастыруды жоспарлаған еді, алайда соңғы сәтте Германияның коммунистік партиясы революцияға қатысудан бас тартып, көтеріліс жүзеге аспай қалады. Алайда, Залин бастаған топ жоспарға сәйкес, «Гамбург көтерілісін» бастайды. Төрт күннен кейін қалаға үкімет әскерлері кіріп, көтеріліс басылады, ал революционер қашуға мәжбүр болады. Келесі бірнеше жыл чекист ОГПУ қатарында қызмет етеді: КСРО ХКК жанындағы МСБО (ОГПУ) бастығының көмекшісі және орынбасары, МСБО (ОГПУ) өкілетті өкілдігінің Құпия-жедел басқармасының бастығы, Белоруссия әскери округы бойынша МСБО өкілетті өкілдігінің орынбасары, Белоруссия МСБ (ГПУ) төрағасының орынбасары. Белоруссиядағы жұмысы кезінде Л.Залин күштеп ұжымдастыру саясатын өткізуді ұйымдастырушылардың бірі болды. ХХ ғасырдың 30-шы жылдардың басында Лев Залин өңір бойынша ОГПУ төрағасының орынбасары ретінде Орта Азияға келеді. 1934 жылдың шілдесінен тамызына дейін ол Қырғызстан, Түркменстан мен Өзбекстанда жаппай репрессиялар ұйымдастырған. Дәл осы Залиннің қолымен совет үкіметі көшпенді халықтарды отырықшылыққа ауыстыру саясатын жүргізді. Бір кездері Қазақстанда хатшы болып істеген ССРО Халық комиссары Николай Ежов Лев Залиннің «табыстарын» ескеріп, оны Қазақстанға екінші рангілі мемлекеттік қауіпсіздігі комиссары шенін беріп, Қазақстанға ауыстырады. 1935 жылдың қаңтарында Л.Залин Қазақстанға Қазақ АССР Ішкі істер халық комиссариаты басқармасына басшы болып келеді. Бұл лауазымды ол тура екі жыл, 1937 жылдың қаңтарына дейін атқарады, осыдан соң оны республика ішкі істер халық комиссары қылып тағайындайды. ҚазССР Ішкі істер халық комиссариатын басқарған кезі Үлкен террорға тура келіп, соны іске асыруға тікелей қатысады. 1938 жылдың қаңтарында Л.Залин Мәскеуге іссапарға жіберіледі, сол жылдың наурызында оны ССРО Ішкі істер халық комиссариатының 1-ші басқармасының 9-шы бөлімінің басшысы етіп тағайындайды. Жұмысын дұрыс атқара алмады деген себеппен 1938 жылдың маусымында ол Ішкі істер халық комиссариаты қатарынан босатылады. Бір жарым жылдан кейін, 1940 жылдың 22 қаңтарында, тыңшылық жүргізді және терактілер дайындады деген айыппен ату жазасына кесіледі. Үкім сол күні жүзеге асырылады...
1937 жылдың наурыз айында мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне қол сұққан қылмыстармен күресу мақсатында, КСРО ІІХК Бас милиция басқармасы құрамында әлеуметтік меншікті ұрлау және спекуляциямен күрес бөлімі құрылды. Қызмет ету орындарында әлеуметтік меншікті ұрлау және спекуляциямен күрес бөлімдері, бөлімшелері және топтар құрыла бастады. Қалалық, аудандық бөлімдерде және бөлімшелерде жеке әлеуметтік меншікті ұрлау және спекуляциямен күрес бөлімдері ашылған жоқ, бұл жұмыс жалпы милицияға және қылмыстық іздестіруге жүктелді. Соғыс жылдарының алдында әлеуметтік меншікті ұрлау және спекуляциямен күрес бөлімі аппараттары ұйымдаса күшейтілді, перифериялық бөліністердің барлығында делік штат саны үлкейтілді, арнайы спекуляциямен күрес бөлімшелері құрылды. Осы жылы қайтадан өзіне қылмыстық іздестіру бөлімшесі, әлеуметтік меншікті ұрлау және спекуляциямен күрес бөлімшесі және сырттай қызметі бар темір жол милициясы және судағы көлік милициясы бөлімі (бөлімшелері) ұйымдастырыла бастады.
1937-1938 жылдары Қазақ ССР ІІХК-нің (НКВД) келесі басшысы Сталиннің бажасы, сол кездегі жеті I рангілі мемлекеттік қауіпсіздік комиссарының бірі Станислав Реденс болды.
Болашақ чекист етікші отбасында 1892 жылы мамырда Ломжинск губерниясының Мазовецк қаласында өмірге келген. Әкесінен ерте айырылған Станислав 14 жасында Днепровтағы металлургия зауытына жұмысқа барады. 1914 жылы РСДРП қатарына өтеді, сол жылы әскер қатарына шақырылып, денсаулығына байланысты бір жылдан кейін әскерден босатылады. Билік басына большевиктер келгенге дейін С.Реденс Каменсктегі РСДРП (б) комитетінің хатшысы болғаны, Днепров зауыты металшылары одағының хатшысы, Польша мен Литваның социал-демократиялық партиясының поляк тобының хатшысы, сонымен қоса Екатеринослав қаласының солдат депутаттарының гарнизондық кеңесінің делегаты болғаны белгілі. 1918 жылы ол ВЧК құрылымына келеді. Бастапқы кезде ол қарапайым тергеуші болып қызмет етеді, көп уақыт өтпей ВЧК төрағасы Феликс Дзержинскийдің көзіне түседі. «Темір Феликспен» таныстығы ол үшін барлық есіктерді ашады: ол ВЧК-ның орталық аппаратына алынады, Президиум хатшысы болады, көп өтпей Дзержинскийдің хатшысы болады. Дзержинскийге келісуге жолданған барлық қағаздар алдымен оның хатшысының қолынан өтетін, бұл жас чекистің сол кездің өзінде-ақ біршама билікке ие болғандығын көрсетсе керек. 1919 – 1924 жылдары С.Реденс Одесса, Киев, Харьков пен Қырым Төтенше комиссияларында басшылық лауазымдарды атқарған. Аз уақыт Қара теңіз Теңіз күштері ОГПУ-дің Ерекше бөлімін басқарған. Харьковте ол Степан Саенкомен, Қырымда – Розалия Землячка мен Бела Куннің бағыныштыларымен бірге жұмыс істеген. 1926 жылы ол РСФСР Ауыл шаруашылығы Жоғары Кеңесінде қайтадан Ф.Дзержинскийдің хатшысы әрі көмекшісі болып келеді. Бастығы өлгеннен кейін С.Реденс Жұмысшы-шаруа инспекциясының халық комиссариатына ауыстырылады. 1928 жылғы 10 қарашада ол ОГПУ-дің ЗСФСР бойынша уәкілетті өкілі және Закавказье ГПУ-нің төрағасы болады. Закавказьеден кейін Реденс алдымен Белоруссияда, кейін Украинада ОГПУ уәкілетті өкілі және ГПУ төрағасы болады. Оның Украинадағы жұмысы «кулактарды тәркілеуімен» есте қалады. 20 ақпанда Реденс Мәскеу облысының ОГПУ уәкілетті өкілі лауазымына келеді. 1934 жылдың шілдесінде С.Реденс Мәскеу облысының Ішкі істер халық комиссариаты басқармасының басшысы болып тағайындалады. 1938 жылдың 20 қаңтарында Мәскеу облысының Ішкі істер халық комиссариаты басқармасының басшысы лауазымынан алынып, Қазақстанға жіберіледі. С.Реденс 1937-1938 жылғы террор басшыларының бірі болып саналады. Қазақстанда ол Залин бастаған республиканың басшылық құрамын тұтқындауды аяқтайды. Сталинмен қанша жерден туыс болса да, бұл оны тұтқындалудан құтқара алмады. 1938 жылғы 22 қарашада Реденс тұтқындалады. Оған поляк барлауының пайдасына тыңшылық жасады, совет азаматтарын негісіз тұтқындады, партия кадрларын жойды, азаптаулар қолданды және т.б. айыптар тағылды. Оның ісін Лаврентий Берияның өзі бақылауда ұстайды. Сотта Станислав Реденс жаппай репрессиялар бойынша кінәсін мойындайды, алайда тыңшылық туралы айыптан үзілді-кесілді бас тартады. Станислав Реденс 1940 жылдың 12 ақпанында атылады...
Реденстен кейін Семен Николаевич Бурдаков ішкі істер халық комиссары болады.
Семен Николаевич Бурдаков 1901 жылғы 31 қаңтарда, Симбирск губерниясының Тургенево ауылында (қазір Мордовияның Ардатов ауданында) кедей шаруа отбасында дүниеге келген (кейінірек әкесі қызметкер болды). Ұлты – орыс. 1978 жылғы 19 ақпанда Мәскеу қаласында қайтқан. 1924 жылдың шілдесінен бастап ВКП(б) мүшесі. Білімі: 1919 жылдың қыркүйегінен 1920 жылдың мамырына дейін Ардатов қаласының педагогикалық курсында, 1921 жылдың ақпан-желтоқсан айлары аралығында Н.Г. Толмачев атындағы Петроград Қызыл Армия университетінде оқиды. 1919 жылдың мамырынан тамызына дейін Ардатов қаласының баспаханасында корректор болып жұмыс істейді. 1920 жылдың мамырынан 1921 жылдың ақпанына дейін Қызыл Армияда 29-атқыштар полкінің қатардағы жауынгері, 383-атқыштар полкінің мәдени-ағарту мектебінің меңгерушісі.1921 жылдың желтоқсанынан 1922 жылдың ақпанына дейін ауруына байланысты ешқайда жұмыс істемеген. 1922 жылдың наурызынан тамызына дейін Ардатов саяси ағарту клубы мен театрының меңгерушісі болады.
1922 жылдың қыркүйегінен бастап Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқару (БМСБ-ОГПУ) органдарында комиссардың көмекшісі және Симбирск губерниялық бөлімнің комиссары болып қызмет етеді. Ардатов, Сызран уездері бойынша Мемлекеттік саяси басқару (МСБ-ГПУ) бөлімінің бастығы, содан кейін Симбирск ерні уездік аппаратының бөлім бастығы.
1926 жылдың 1 қазанынан бастап, 1972 жылдар аралығында түрлі қызметтерде істеген. 1972 жылдың наурызынан бастап зейнеткерлікке шықты. Мәскеуде тұрды. 1978 жылы 19 ақпанда Мәскеуде қайтыс болды [9].
С.Бурдаков та қазақстандық интеллектуалдық элитаны жоюымен есте қалды. Оның үстіне ол ІІХК құрбаны болудан аман қалған Қазақ ССР Ішкі істер халық комиссариатының халық комиссары.
ХХ ғасырдың 30-ы жылдардағы құқық қорғау жүйесінің реформалану тарихының түйіні.
1930-жылдарды қорыта айтқанда, сол уақыттарда өңірлік пен қоғамның зиялы қауымына қарсы репрессиялар кеңінен қолданылды. Зерттеушілер екі миллионнан астам адам оның «контрреволюциялық» элементтерді жоюға бағытталған саясатының құрбаны болды дейді. Репрессиялар тізбегі Сталин ұйымдастырған буындардан тұрды. Бұл кулактарды (ауқатты шаруаларды) тәркілеу саясаты, партиядағы саяси тазалаулар (Л.Троцкий мен Г.Зиновьевтің жер аударылуы), жекелеген ұлттарға қарсы жер аударулар, совет армиясындағы тазалаулар, халықтарды депортациялау, саяси өлімдер, идеологиялық кампаниялар («Лысенковщина», «Космополитизммен күрес»), көптеген қылмыстық істер («Алаш ісі», «Ералиев ісі», «Құран тізбегі») және т.б. ССРО Ішкі істер халық комиссариаты және оның өңірлердегі органдары осы айуандықтардың тікелей орындаушысы болды.1939 жылдың тамыз айында КСРО ІІХК бұйрығымен қылмыстық іздестіру мен әлеуметтік меншікті ұрлау және спекуляциямен күрес аппараттарының штаты таратылып, қайта құру нәтижесінде тергеу топтары құрылды, 1947 жылдан бастап олар милиция органдары жүйесіндегі жеке бөлім, бөлімше болып бөлініп шықты. Осы жылдары милицияның жедел-іздестіру қызметінің мәліметтерінің қылмыстық іс-жүргізуде қолданылуына үлкен назар аударды. Тергеу жұмыстарының есеп беруі кезінде міндетті түрде жеке баянат түрінде хаттарда жедел аппараттардан түскен нақты мәліметтерді қолданғаны жайлы көрсетіп кетіп отырды.
Қылмыстық іздестіру қызметін концептуалды өзгерте қайта құру 1940 жылдың көктемінде басталды. Ол өз алдына басқа мақалаға арқау болатын тарих.
(Соңы. Басы өткен санда)
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Борисов А.В., Мальгин А.Я, Мулукаев Р.С. Полиция Российской империи. Закон и право. – Москва.-2018.
2. Материалы по казахскому обычному праву. - Алматы: Жетi жаргы, 1996. 77 стр.
3.Фойницкий И.Я. Курс уголовного судопроизводства. – Спб., 1996. Т.1. 566 стр.
4.Квачевский А. Об уголовном преследовании, дознании и предварительном исследовании преступлений по судебным уставам 1864 года. – Спб., 1866. 372 стр.
5. Военные трибуналы – органы правосудия в Вооруженных Силах СССР. – М., 1988. 97 стр.
6.Мұқанов С. «Өмір мектебі». «Есею жылдары.Үшінші кітап. – «Жазушы», Алматы. – 1970.
7.Е.Е.Серімов, М.К.Смағұлов, Р.Ш. Қарымсақов. Полиция тарихы.-Қарағанды: 2019.
8. Н. Петров, К. Скоркин. Кто руководил НКВД, 1934-1941: Справочник. – М.: Звенья, 1999.
9. Петров Н. В., Скоркин К. В. Кто руководил НКВД, 1934—1941 : справочник / Под ред. Н. Г. Охотина и А. Б. Рогинского. — М.: Звенья, 1999. — 502 с.
5100 рет
көрсетілді0
пікір