• Мақала
  • 29 Шілде, 2024

ҚАЗІРГІ ҰРПАҚ МОЙНЫНДАҒЫ ПАРЫЗ

«Біз ауыр сынаққа төтеп берген, ұлт бірлігін сақтап қалған және асыл қасиеттерін жоғалтпаған ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет».
 Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев

Біз жақсы уақытта, жақсы заманда өмір сүріп жатырмыз. Ең басты бақыт – тәуелсіздік. Өзге жұрттармен тереземіз тең болған уақыттан бергі ұрпақтың алды орда бұзар жас отыздан да асты. Түрлі салада заман талабына сай реформалар да жүргізілді, жүргізілуде. Тәуелсіздік алған жылдары еліміздің экономикалық жағдайы мүшкіл болғаны белгілі. Оның себебі де оқырманға бұрыннан мәлім. Еңсемізді тіктеген бойда тарихи сананы қалпына келтіруге зор қадамдар жасалынды. 
Ғалымдарымыз патшалық Ресейдің, одан кейінгі кеңестік тоталитарлық тәртіптің зардаптары тұрғысында бірнеше салмақты зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде ұлттық сананың биіктеуіне қомақты үлес қосқан сүбелі еңбектер де дүниеге келді. Мәселен, 1995 жылғы Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы қабылданып, 1997 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып белгіленді. Сол жылы 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде арнайы Жарлықпен бекітілді. Одан кейін 1998 жыл «Халықтар тұтастығы мен ұлттық тарих жылы» жарияланып, кейін «Мәдени мұра» (2003 ж.), «Халық тарих толқынында» (2014 ж.), «Ғылыми қазына», содан соң «Архив-2025» деген бағдарламалардың тарихи маңызы зор болды. Нәтижесінде тарихи құжаттарды әлемнің әр түпкірінен жинау науқаны жүргізілді. Шетел архивтері мен музейлерінен бірқатар мұраларымыз елімізге әкелінді. Дегенмен де, төл тарихымызға қатысты деректерді жинақтау ісі үздіксіз жүретін процесс. Себебі, біздің тарих теперішті көп көріп, етек-жеңін уақытылы жинай алмай қалған зарлы тарих. Тарих деген өткен оқиғалардың тізбегі емес, тарих адам тағдыры, адам өмірі. Бір ғана кеңестік кезеңдегі тарихымызға көз жүгіртсек, ата-бабамыз шеккен қасіреттің ауқымдылығын сөзбен жеткізу де мүмкін емес. Әсіресе, облыс­тар мен аудандарда (архивтеріндегі) төте жазумен жазылған деректерді толыққанды зерттеу аса маңызды. 
Ең басты мәселе, кеңестік кезеңдегі тарихты толық зерттеу үшін кеңес өкіметі «құпия» деп белгі қойып кеткен құжаттардың барлығы дерлік құпиясыздандылуы тиіс. Сонда кеңестік сананың қалдықтары түгелдей өшіріледі. Бұны айтып отырған себебіміз әлі күнге дейін оқығандарымыздың арасында кеңестік көзілдірікпен қарайтындар да жеткілікті. Өйткені, «кеңестік адамды» қалыптастыру саясатының 1918 жылдан бастап қарқынды жүргізіліп, 1991 жылға жетіп жығылғаны да белгілі. Адамның өмір сүру құқығына қарсы саясаттың астарын терең түсінген Алаш зиялылары большевиктерге қарсы болды. Елін, жерін қорғау үшін милиция, әскер құрды. Алаш зиялылары Ресейге, орыс халқына қарсы болған емес. Тек қана, өздері жазып кеткендей арамза, басбұзар, қаныпезер большевиктерге елдік мүдде тұрғысынан қарсы тұрды. 
Данышпан Мұстафа Шоқай әлемдік деңгейге кеңестік биліктің қылмыстарын әшкерелеп те кетті. Ақиқатты тереңнен ұғынып, шындықты ғана айтқан Мұстафа Шоқайдың тарихи бейнесі кеңестік «өнегеге» сай теріс түсіндірілді. Тіпті, әлі күнге дейін ала-құла пікірлер де айтылып қалады. Мұстафа ағамыздың мақсатын өз сөзімен түсіндірсек: «...Францияның атақты төңкерісшісі де Санте Беуэден «Франция тағына Борбон, Орлиян, Бонапарттардың қайсысын лайық көрер eдіңіз?» – деп сұрағанда, ол ойланбай-ақ: «Мен үшін мойныма кімнің мініп отыруын таңдау маңызды емес, мойныма eшкімді де мінгізбey маңызды», – деген еді. Біздің жауабымыз да сондай болуы тиіс. Бізге орыстың әрқалай түзімінің қажеті жоқ. Біз өзімізге лайық epкін және тәуелсіз өмір құрғымыз келеді» [1]. 
Мұстафа Шоқай еңбектері деректерге тұнып тұр. Деректердің тізбегі емес, аналитикалық талдау да. Мәселен, «...Кеңестер одағында орнаған Сталин социализмі үкіметтің халық бұқарасын канап-тонауы үшін қызмет ететін саяси жүйе екені ешкімге құпия емес. Ленин өз социализмін мемлекеттің бұрын жиналған байлық қорына сүйеніп құрған болатын. Оның көбі орынсыз жұмсалып таусылды. Мемлекеттің жаңа қазынасын молайту зәрулігі туды. Социализм оны молайта алмады. Тұйықтан шығу үшін Ленин шаруаларға еркін кәсіппен шұғылдану мүмкіндігін беріп, оны Жаңа экономикалық саясат (орысша қысқартылып НЭП) деп атады. НЭП-тің оңды нәтижелерін көрген Сталин шаруаларды кулак, орташа, кедей деп бөліп жатпастан, жаппай қудалауға ала бастады. Өйткені Сталиннің ұжымдастыруы шаруа қожалығын жаппай тонауды көздейтін шара болатын. Осы шараға сәйкес ұжымдастырылған барлық шаруа қожалықтары большевик партиясының бақылауына өтті де, партияның экономикалық жоспарларын орындауға жегілді.
Төңкерістің бас кезінде социализм үшін буржуа – мүлік иелері талауға түскен болса, енді социализм үшін еңбекші халық бұқарасы талан-таражға түсті.
Кеңес одағынан басқа ешбір елде ешқашан халык бұкарасы дәл осындай талан-таражға түскен емес. Оған мына төмендегідей дәлелдер келтіруге болады. Большевиктер үкімет басына келместен бұрын, «жалпы халық бұқарасы пайдаланатын алуан түрлі мал-мүліктен салық алу енбекшілердің мүддесіне қарсы келеді. Мұндай салық күшін жоюы тиіс» десетін. Ал өздері үкімет басына келген соң, «социалистік мемлекеттің қаржысы негізінен мемлекет қожалықтарынан жиналады» деп, мүлде басқа әуенге бас­ты. 1919 жылы 8-ші партия құрылтайы бекіткен бағдарламада осылай деп атап көрсетілген. («КОКП қарарлары мен шешімдері» атты жинақ. І том, 302-303-бет.) [2], – деп жазғандары кеңестік саясаттың мақсаты мен мазмұнын ғылыми тұрғыдан талдап тұр. 
Алаш зиялыларының әрқайсысы ерекше феномен. Бұның сыры, олардың халқын, елін, жерін қалтқысыз сүйгендіктен болар деген пікірдеміз. Халық та Алаш зиялыларын жақсы көрді. Осы айтқанымызды архив деректерімен дәлелдесек: «Докладная записка. Дело № 68. Партследственное дело Байтурсунова и Букейханова Актюбинской ГКК Губком РКП /б/ т.Погодичеву. Ноябрь 1923г. Копия.Секретно» деген құжатта келесідей мәтін жазылған: «Актюбинским Укомом я 23 сентября был командирован для проведения безпартийной киргизской конференции, Каратугайской волости, вместе со мной был Актюбинский Губпродкомиссар т.Коженбаев. Когда мы приехали в 5-аул, где было уже до 7-ми человек киргиз, эти киргизи приступили распрашивать главным образом про судьбу партии «Алаш-орды» распрашивали судьбу ее каждой: Байтурсунова, Букейханова и др. на что был данный ответ тов. Коженбаевым и когда т. Коженбаев перешел к разговору другой темы, все же они старались узнать детальнее про «Алаш-Орду». Когда я спросил Коженбаева, неужели они так интересуются, он ответил, что корни идей «Алаш-Орды» сидят глубоко среди киргизского населения. Имея ввиду это т.Кошенбаев на общем собрании этого вопроса коснулся, отмечая главным образом идеологию «Алаш-Орды», как буржуазную и не приемленною для кирнаселения. В процессе объяснения и их вопросов я наблюдал за их выражением лиц и т.д. и вывожу заключение, что так или иначе, кем то работа в этом отношении ведется, а если она сейчас не ведется, то сами киргизы, благодаря почти отсутствия всякой литературы и редкого приезда работников, в этом отношении мыслят и этими и необходимо принять меры. Зав. Общ. Отделом, Член Партии Мих. Диденко» [3].  Осындай мазмұндағы деректер еліміздің барлық архивтерінде тұнып тұр. 
Алаш зиялылары қызылдар билігі орнаған соң, биліктің өздеріне қатысты көзқарасын әріден ұғынды. Білім мен ғылым айдынында еркін жүзген зиялыларымыз, барлық мәселеге ғылыми тұрғыдан қараған еді. Сондықтан да, уақыттың аздығын түсініп, большевиктердің сықпытын көріп оқу-білім саласында аянбай қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп, мәңгі өлмес еңбектер қалдырып кетті. 
Байқаған адамға Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабы, Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» кітабы және өзге де құнды еңбектер 1922-1923 жж. Орынборда, Ташкентте жарық көрген. Ал, Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» кітабы 1926 жылы Қызылордадан, ал «Жан жүйесі мен өнер таңдау»  еңбегі Мәскеуде Күншығыс елдерінің баспаханасынан жарық көрген. Өзге де құнды еңбектердің сол жылдары көптеп жарияланғандығын да тарихтан білеміз. 
Мәселен, Мағжан Жұмабаев «Педагогика» кітабында «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы  бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі. Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолымыз бір, қазақ мұғалімдері! Қолымнан келген осы еңбегімді сендерге тарту қылам. Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар»,– деп жазғаны да мәлім. Осы сөздердің астарына үңілгенде, Алаш зиялыларының негізгі мақсаты көрініп тұр. Қазіргі таңда да мұғалімдеріміз осы Мағжан, Жүсіпбектер салған сүрлеуден ажырамауы тиіс. Мұғалімді қазақпен қаны бір, жаны бір жолбасшы деп ұғындырғанын қазіргі таңдағы әрбір мұғалім терең түсінуге қабілетті болуға тиіс. Бүгінде мұғалімнің еңбекақысы өскен соң, мұғалім болғысы келетіндер саны да күрт артты. Алайда, мұғалімнің арқалаған жүгі тым ауыр. Мәселен, барлық адам мұғалім алдынан өтеді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлер мен халық арасындағы сенім туралы БАҚ беттерінде жиі айтылып жүр. Біздің айтқымыз келгені, қоғамда ата-ана тәрбиесі дұрыс, мұғалім түзу болса бұл мәселе шешіледі. Мемлекеттік қызметкерлердің барлығы мұғалім тәрбиесін көрген жандар. Балаға ең алдымен адамдық дәнін егу ұстаздың ар алдындағы борышы. Әрине, бұл өз алдына жеке зерделенетін мәселе. 
Сонымен, Алаш зиялыларының жанкешті еңбектерінің арқасында Алаш идеясы тамырынан ажырамады. Алаш дәні тереңге егілді. Мәселен, Мағжан Жұмабаевтан білім алған Бейсембай Кенжебаев есімі әдебиет саласына Алаш тағылымын сіңірді. Мағжанның шәкірті кеңестік кезеңдегі коммунистік идеология ықпалымен қазақ әдебиетінің тарихы XIX ғасырдан басталады деген қате түсінікті жоққа шығарып, оның Орхон-Енисей жазбаларынан басталатындығын ғылыми дәлелдеп, шалажансар ұлттық рухымыздың биіктеуіне жол ашты. Бейсембай ұстаздың Құлбек Ергөбек, Раxманқұл Бердібай, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Баянғали Әлімжанов, Рымғали Нұрғали, Мұxтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков, Алма Қыраубаева, Зейнолла Бейсенғали сынды шәкірттері де елімізге кеңінен танымал. Ұстазы туралы Құлбек Ергөбек: «...Жоғарыдан келген «Мұхтар Әуезовтің кітаптарын шығармаңдар» деген бұйрыққа қарамастан, романдары жарық көрді. Кенжебаев содан кейін қуғын көріп, 1944 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ауысып, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды. Өз өмірін қазақ xалқына қызмет етуге арнаған Бейсембай Кенжебаевтың қазақ әдебиетінде санамалап айта берсек ерліктері өте мол. Ол қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі болып өтті. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиеттану ғылымын қалыптастырып, 1925 жылдары Ташкентте жүріп, Түркістан Рес­публикасына еңбек ете жүріп жазған «Әдебиет танытқышы» қазақ әдебиеттану ғылымының басы болып саналады. Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы болса, Байтұрсынұлынан кейін әдебиет тариxын зерттеу мектебін қалыптастырған адам осы – Бейсембай Кенжебаев. Оның ХХ ғасырдағы ағартушылық демократтық бағыттағы әдебиетті зерттеуге келуімен байланысты. Ол 1958 жылы «ХХ ғасырдың басындағы қазақтың демократ жазушылары» деген монографиясы қазақ әдебиеттану ғылымында үлкен серпіліс, үлкен құбылыс жасады» (Ғұмыры – азап, ғылымы – ләззат ғалым еді...» [4], – деп жазған еді. Шәкірттерінің естеліктерінде Бейсембай Кенжебаев адам ретінде мейірбан адам болғандығы, шәкірттерін балаларынан артық көрмесе кем көрмегендігін де жазады. Алаш зиялыларының көзін көріп, тәрбиесін алған адамның басқаша болуы да мүмкін емес еді. Міне, нағыз ұстаздың образы. 
Алайда, 1918 жылдан бастап 1991 жылға дейін қарқынды жүргізілген «кеңестік адамды» қалыптастыру сая­саты, біршама өнім де беріп үлгерді. Сол «өнімнің» зардаптарынан құтылу оңай емес. Оның бір мысалы адалдық мәселесінің өмірден жаттануы. Кеңестік билік орнаған күннен бастап ерік, жігерге қарсы жойқын шабуылды бастады. Бастап қана қоймай аяқтап, діттеген мақсаттарына жетті. 
Философия – өмірлік мәнді категорияларды тереңнен түсіндіретін ғылым. Философияда «ерік», «жігер» категориялары шебер зерделенеді. Адам бойында ерік, жігер жойылса, нағыз трагедия басталады. Осы мәселе әлемдік озық философ ғалымдардың әрдайым қарастыратын тақырыптарының бастысы. Кез келген ұлт еркіндігінің ар жағында жеке адам еркіндігі тұр. Ал, жеке адам ерік қасиетінен айырылса, ұлт та еркіндігінен айырылады. Әлихан Бөкейханның «ұлтына қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген даналығы тегіннен тегін айтылмады. Қазақ халқы еркіндігінен ажыраған уақытта, халықты тәрбиелеу үшін айтылды. Мінездің түзу болуы ерік, жігерге көгендеулі. Ерік- жігері құм болған адамнан қандай мінез күтуге болады?! Бойында ерік қасиеті жоғары жанда еркіндік те биік болады. Канттың еркіндік еріктің автономдығы, ерік қасиеттерінің дербестігі деген де тұжырымы бар. Әрбір адамның ерік қасиеттері дербес болу керек. Ал, кеңес өкіметі адам бойындағы ерікті жойды. Еркі бар адам кез келген жағдайда дербес шешім шығаруға қабілетті болады. Мәселен, қазақ халқы бала тәрбиесінде ең алдымен баланың ерік-жігерінің биік болуын ерекше назарда ұстаған. Сәби жастан айтылған бесік жыры, ертегілер, батырлар жыры, даналыққа толы әңгімелер бала бойында ерік-жігер сынды қасиеттердің іргетасын берік қалаған. Негізгі мақсат – адам кез келген ситуацияда шешім шығаруға қабілетті болуы тиіс. Сақ, ғұн, түркі дәуірінен тамырын тартқан батырлық қасиет осы еріктің автономдығымен байланысты. Төл тарихымызда батырлар бойында ерік қасиеті тым биік болған-ды. Яғни, батырлар кез келген күрделі жағдайда шешім шығаруға қабілетті еді. 
Қазақ даласындағы азаттық жолындағы халық көтерілістерін басып-жаншуда жазалаушы отрядтар небір айуандық жазалау түрлерін қолданып, халықтың бойына үрей мен қорқыныш дәнін септі. 
Кеңестік билік ерік пен жігерге балта шапты. Адамның еркін жойып, жігерін құм қылды. Қорқыныш, үрей, дәрменсіздік сынды жат қасиеттерді адам бойына енгізіп кетті. Осы тұста кеңестік кезеңдегі «Балға» деген журнал да ойымызға оралып отыр. Байларды, дінді және т.б. құндылықтарды мыжғылап соғу үшін шыққан журналдардың бірі. Жалпы 1925 жылдан кейін ауылдарды жою саясаты қарқынды қолға алынып, барлық деңгейдегі (республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық) газет-журналдар «кеңестік адамды» жасап шығару үшін қарқынды жұмыстар жасады. Сол жылдардағы газет-журнал беттеріндегі мақаласымақтарды оқығанда адамның төбе шашы тік тұрады. Өкінішке орай, қазақ халқының әлеуметтік құрылымын күйреткен, адамының ерік –жігерін құртқан кеңестік саясаттың баспасөзде жарияланған мақалаларын әлі күнге дейін қаз-қалпында беретін газеттер де жеткілікті. Интерпретация мәселесін үнемі естен шығармауымыз керек. Ханды, сұлтанды, діни тұлғаларымызды, зиялы қауымды, ана бейнесін, қыз бала келбетін және т.б. образдарды келемеж еткен кеңестік мақаласымақтарды жариялағанда, әрдайым түсінік беріп отыру керек. Себебі, тарихымызға жала жабылды, қиянат жасалынды. Сол қиянат пен жаладан арашалау біздің парызымыз. Кеңестік көзілдірікпен қарау әдетін жоймасақ, замана ағымына ілесе алмай қаламыз. Осы мақсатта 2020 жылы 24 қарашада Президент Жарлығымен сая­си қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында Мемлекеттік комиссия құрылып, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының іс жүзінде ақталмаған санаттарының, оның ішінде: қолданыстағы заңнамада қамтылмаған құрбандар санаттарын; заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құрбандар санаттарының құқықтық жағынан қана емес, саяси тұрғыдан да ақталуға жататын санаттарының тізбесін қалыптастыру; мемлекеттік органдардың саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, ақталмаған адамдардың құқықтарын қалпына келтіру мәселелері жөніндегі арыздар мен шағымдарды қарау мәселелері бойынша қызметін үйлестіру; саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткендерді мәңгі есте қалдыру бойынша мемлекеттік бағдарламаның әзірленуі мен қабылдануын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарды тұжырымдап, енгізу; саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан ақтауға, саяси қуғын-сүргін құрбандарын, сондай-ақ Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендердің ерлігі мен батырлығын мәңгі есте қалдыруға байланысты мәселелер бойынша нормативтік -құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізіп, ұсынымдар беру мақсатын көздеді.
Түйіндеп айтқанда, комиссия саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, яғни қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерді құқықтық және саяси тұрғыдан толық ақтау міндетін орындауы тиіс болды. Мемлекеттік комиссияның тарихи санаға тигізген ықпалы зор болды. Ең алдымен саяси қуғын-сүргінге қатысты тың архив деректеріне көптеген зерттеушілердің қолы жетіп, талай зерттеу тақырыптарына арқау болып, көптеген ғылыми еңбектер дүниеге келді. Бұл еңбектер кеңестік сананың қалдықтарымен күресуге қомақты үлес қосады. 
Кеңестік үлгідегі тоталитарлық тәртіп екі ұрпақтың санасына өшіруге келмейтін жарақат салғаны шындық. Атаққұмарлық, мақтаншақтық, жемқорлық, парақорлық, жағымпаздық, екі сөйлеу, сөз бен істің қайшылығы және өзге де жат қылықтар өз билігіміз өзімізде болмаған шерлі замандардан қалған «мұралар». Мұстафа Шоқайдың: «...Біздің бастан бастан кешірген қасіреттеріміздің себептері бipiншіден, қарғыс атқан патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты. Екіншіден, тағы сол патшалық Ресейдің зұлымдығы кесірінен туындайтын өзіміздің әлсіздіктеріміз. Eнді, міне, патшалық Ресей келмеске кетті. Алайда ол қалдырған мирастар – біздің әлсіздігіміз, бiлім, ғылымнан артта қалғанымыз – тез арада жойыла қоймайды. Осы аралықта өткен жылдар текке кеткен жоқ...», – деген тұжырымы да оқырманға белгілі. Өткен ғасыр басындағы ұлтын сүйген зиялылар өз заманының шындығын, қоғамына төнген қауіп-қатерлерді алдын ала пайымдап, халқына қорған болып қана қоймай, дамудың даңғыл жолдарын ұсына білді. Халқының психологиясын, шынайы жай-күйін, жағдайын тереңнен түсінгендіктен де халықпен бір ағза секілді жұмыс жасады. Халық оқығандарына сенді, оқығандарына үміт артты. Сол бір саяси аласапыран заманда зиялылар шоғыры халыққа қорған бола білді, яғни қауіп-қатерлерден қорғай білді. 
Мемлекеттің ең басты капиталы – адам. Адамын құрметтеуге қабілеті жетпеген қоғамның болашағы жоқ. Адамнан айырылу үлкен қасірет. Кеңестік билік адам құндылығын ескермеді, адамның өмір сүруге деген табиғи құқықтарын аяқ асты етті. Біздің қоғамда ата-әжелері қуғын-сүргіннен қасірет шекпеген адам санаулы болар. 1920-1950 жж. саяси қуғын-сүргіннен аман қалған елді мекен, отбасы кемде-кем. Отандық танымал ғалымдарымыз қуғын-сүргін тақырыбы төңірегінде іргелі ғылыми еңбектерді жариялап, ұлттық сананың түгелденуіне зор үлестерін қосты, әлі де қосуда. Кейінгі буын жас­тар да шама-шарқынша қуғын-сүргін тақырыбына қалам тартуда. Алайда, жоғарыда айтып өткеніміздей кеңестік билік тарапынан жүргізілген қуғын-сүргіннің ауқымдылығы соншалық, оны зерттеп бітірудің шеті мен шегі көрінбеуде. Бәлкім, бұл мәселені тиянақты зерттеу кемі 30 жылға созылар... 
1917-1950 жж. жазықсыз құрбан болған жандарды толық ақтауымыз қажет. Аталарын ақтауды асыға күтіп жүрген адамдар да көп. Президент «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз», – деп айтқандай, олардың әрқайсысын есте сақтау үшін, алдымен жазықсыз құрбандарды түгелдей, бір адам қалдырмай ақтауымыз керек. Осы мақсатта Мемлекеттік комиссияның қызметін ақпараттық қолдау шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде облыстық телеарналардың, облыстық, қалалық және аудандық газеттердің, жаңалықтар порталдарын, әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, ақпараттық, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тек қана архив материалдары емес, сонымен қатар көзі тірі құрбандар мен зардап шеккендерден (олардың ұрпақтарынан) сұхбат, сауалнама алынып, «Халық жады» деп аталатын 20 томдық жинаққа енгізілді. Сауалдама Жобалық кеңсе (басшысы Сабыр Қасымов) тарапынан даярланып, әдістемелік кеңестер берілгендігін де айта кетуіміз керек. Мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы мүшелері «Халық жады» естеліктер жинағына сұхбат пен сауалдама алу барысында атасын іздеген адамдардың көптігін байқады. Көптеген адамдардың аталары із-түзсіз кеткен. Мәселен, тәркілеуге ұшырап, қамауға алынады немесе айдалып кетеді де содан із-түзсіз жоқ болған. Сонда ол адамдар қайда кетеді? Бұл жағдайдан сол жылдары сот-тергеусіз атылғандардың көптігін аңғарамыз. Негізі облыстық, аудандық архивтерден деректерді мұқият, тыңғылықты іздегенде көптеген шындық ашылады. Осы тұста айта кететін бір жайт, қазіргі таңда ара -тұра естіп қалатын, егерде шындықтың бәрі ашылса, қазіргі ұрпақтар бір-бірімен кектесіп, жауласады деген түсінікке қатысты. Жазықсыз қуғындалып, зәбір көрген жандардың ұрпақтарынан сұхбат алғанда, осы мәселеге қатысты сұрағанда, естіген жауабымыз біреу болды: «айналайын, ешкімнен кек қуу ойымызда да жоқ. Ол заманның қандай болғаны белгілі ғой, кім жетіскеннен көрсетіп берді дейсің. Мүмкін ол шындық емес те шығар» деген жауапты естідік. Тіпті, «көрсетіп берген» адамды білсе де, сондай жандардың жұрт алдында назары төмен болып, кешірім сұраған жағдайлары да болған екен. Ата-анасынан жастай айырылса да ата-бабасының тектілігін бойларына сіңірген ұрпақ тектілік келбетінен ажырамаған. Осы тұста Жүсіп Баласағұн жазып кеткендей, ана сүтімен берілген тәрбиенің ажал жеткенше адам бойынан жойылмайтындығы, сонымен қатар халқымыздың «таспен ұрғанды, аспен ұр» деген даналығы да ойымызға оралып отыр. 
Кеңестік билік «халық жауы», «әлеуметтік қауіпті элемент», «контрреволюционер», «буржуазиялық ұлтшыл» және өзге де ділімізге жат түсініктерді енгізіп кеткені белгілі. 1920-1950 жж. архив құжаттарында «бандитизммен» күрес туралы деректер мол. Қарап отырсақ, жұрттың бәрі «бандит». Кеңестік биліктің әділетсіздігіне қарсы шығып, отбасы үшін шырылдап, құқықтарын қорғап, екі ауыз қарсы сөз айтқан адам да «бандит» болып шыға келген. Сондықтан, зерттеушілер архивтердегі «бандит», «басмашы» және т.б. осы тектес жат түсініктерді сол қалпында жазбай, қазіргі күнмен тәпсірлеуі тиіс. Себебі, соңғы жылдары жарық көрген кітаптарда «бандитизм» деген түсініктер архивте қалай берілді, солай қолданылып жүр. Олар бандит емес, жазықсыз құрбандар. Мал-мүлкін тартып алғаннан кейін, «аштан өлгенше соғысып өлейік» деген ұранмен қолындағы бар қаруымен кеңестік билікке қарсы соғысқан жандар, мейлі большевиктерді өлтірсе де, ақталулары тиіс. Себебі, оларды адам өлтіруге итермелеген кеңес өкіметі. Кеңес өкіметі әлдеқашан келмеске кетті. Жазықсыз құрбандарды ақтаудың да уақыты өтіп барады. 
Кеңестік билікті даттау мақсат емес, бірақ тоталитарлық тәртіптің қасіреті адам айтқысыз. Рухани болмысқа жойқын шабуыл жасалды, діни сананы жоюға, «кеңес адамын» жасауға күш салынды, байларды жойды, ишандар мектебін құртты, зиялылардың көзін жойды, олардың әйелдерін лагерге айдап, балаларын жетімдер үйіне жіберді, отбасы құндылығының астаң-кестеңін шығарды, әділетсіздік пен заңсыздыққа қарсы шыққандарды тұқымымен құрту саясаты жүргізілді және т.б.
«Рушылдық күрес» синдромы кеңестік кезеңде тамырын тереңге жіберді. Партияның қолшоқпары болған құзырлы органдардың құжаттарында осы мәселе айқын көрінеді. Руларды бір-біріне қарсы «күресуші топ» ретінде көрсеткен деректер де архивтерде жеткілікті. Сол жылдары ОГПУ, НКВД құжаттарында адамның тегі, әлеуметтік жағдайы, руы ерекше назарда болған. Мәселен, Ырғыз ППОГПУ аудандық бөлімі жасаған 1932 жылғы меморандумды қаз-қалпында келтірсек: «Байқадамов Медер. Рождения 1877 года. В семье 6 душ, по национальности казак, грамотный, из рода куламан, п-рода «Айбас». По социальному положению бай, индивуальник, лишенец. В 1928 году имел скота, в переводе на крупно рогатый: 59 голов, пользовался наемным трудом, имел 1-го постоянного и 1-го сезонного батрака. В 1930 году за невыполнение плана скотозаготовок по суду конфискован. 
В данное время проживает в №21 ауле Иргизского района» деп, құжат соңында Герасимов пен Иванов деген фамилиялар жазылған [5]. Ал, «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік» және өзге де Алаш зиялыларының баспасөзі ерекше сарапталып, аталған газеттерге мақала жариялаған адамдардың аты-жөндері арнайы тізімделген. Қорыта айтқанда, кеңес өкіметі күшіне енген күннен бастап діни тұлғаларды, зиялыларды, ауқатты жандарды, елге құрметті тұлғаларды жоюға кірісті. 
Мемлекеттік комиссия шеңберінде жұмыс жасаған заңгер ғалымдар қуғын-сүргін мен ақтау процесстерін зерттеуде рәсімделген құрбандармен ғана шектелуге болмайтындығын дәлелдеп, жаңа тұжырымдамалық ғылыми жаңалықтар мен қорытынды әзірледі. Қызыл империя кезінде тарихи айналымға енген «терминдерді» замана биігінен зерделейтін «Глоссарий» әзірленді. Нақты айтқанда, қазақ ұлты өкілдерінің азамат ретінде де, қазақ хал-қы¬ның құқықтары мен мүдделерін қор¬ғау¬шы ретінде де қатарынан екі мәрте қуғын-сүргінге ұшырағанын дәлелдеді. Осы бір іргелі мәселе осыған дейінгі ғылыми зерттеулерде де, нормативтік-құқықтық актілерде де мүлдем ескеріл-меген-ді. Қорыта айтқанда, КСРО тұсында партиялық-кеңестік органдар қабылдаған негізгі мемлекеттік актілерге, сондай-ақ қазақстандықтардың жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырауына негіз болған негізгі актілерге (жазалаушы органдар қабылдаған) ғылыми-құқықтық талдау жасалынды. Жазықсыз құрбандарды толық ақтау мақсатында билік пен жазалаушы органдардың қызметі Кеңестік Конституция мен заңдар тарапынан талданды. 
Тың деректерді қазбалаған зерттеушілер кәсіби шеберліктерін шыңдап, тың көзқарастармен қаруланды. Әркім өз бағытымен ізденді. Жобалық офис жетекшілігімен, жұмыс тобы мүшелерінің демалыссыз ізденістердің, тиянақты жұмыстардың арқасында «Мемлекеттік комиссия материалдарының топтамасы» көптомдығы жарияланды. 2021 жылы алғашқы 2 жинақ жарық көрген болса, 2022 жылы 14 мың 107 құжат қамтылған 29 жинақ баспадан шықты. Жинақтауды әзірлеуге 121 адам тартылып, 28 республикалық жұмыс тобы, 67 өңірлік комиссия, 16 Жобалық офис мүшелері және 11 Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлері қатысқан екен. Ал 2023 жылы тың деректерден жинақталған 19 том жарық көрді.
Архив деректерінен тұратын жинақтардың жарыққа шығуы біздің тарихқа құмар қоғам үшін жағымды жаңалық болды. Аталарын іздеген адамдардың саны артты. Жоғарыда аталған жинақтарға халық ерекше қуанышын білдірді. Себебі, біздің қоғамда атасын іздеген адам көп... Осы себептен де Жобалық офис басшылығымен «Халық жады» 20 томдық жинағын құрастыру жұмысы еліміздің түкпір- түкпірінде қарқынды қолға алынып, әзірленді. Жобалық кеңсе ұжымдық монография жоспарын әзірлеп, оның бөлімдерін саяси қуғын-сүргін құрбандарының зерттелінетін санатына сәйкес жоба орындаушылары жазып шықты. Негізі пәнаралық зерттеу қазіргі күні ауадай қажет. Мәселен, 1920-1950 жж. саяси қуғын-сүргін тақырыбы тарихшы ғалымдардың қана емес, заңгер ғалымдардың да зерттеу нысаны. Себебі, кеңестік билік, кеңестік тоталитарлық қоғам заң мен шынайы өмірдің қайшылығына толы болды. Сөз жүзінде «жерұйық» сияқты көрінгенімен, кәсіби ғалым көзімен қарағанда қайшылықтар, заңсыздықтар айқын көрінеді. Кеңестік тоталитарлық тәртіптің адам құқығын аяққа таптаған тұстарын зәбір көрген ұрпақ жақсы біледі. Сонымен қатар, философтар, психологтар, әлеуметтанушылар да қуғын-сүргіннің адам болмысына, халықтың психологиясына, әлеуметтік ортаға тигізген әсерін зерделуі тиіс. Тоталитарлық қоғам адам санасына үрей мен қорқыныш ұялатып кеткендіктен, оның салдарымен күресудің тетіктері де жұмыс жасауы тиіс. Әйтпесе, құлдық психология тамырланып кетеді. Мәселен, кеңес өкіметі құлағаннан кейін, атасымен мақтану синдромы қоғамда кеңінен қанат жайды. Жарыса ескерткіштер орнату, көше атауларын беру (талаптарға сәйкес келсін, келмесін), кітаптар шығару, конференциялар өткізу және т.б. халқымыздың болмысына жат қылықтар көбейді. Бұның бәрі тоталитарлық тәртіптің салдары. Оның қалдығы қазіргі күні де бар. Негізі қазіргі кезеңде тұлғатану мәселесіне ерекше көңіл бөліну керек. Тұлғатану институты біздің қоғамға аса қажет. 
Алаш зиялысы М.Шоқайдың «Біз, қаншама ipi тұлға болса да, үмітімізді жеке адамдардың атына тәуелді етіп қоя алмаймыз. Біз жеке тұлғалардан жоғары тұрған ұлттық мұраттарға сүйенеміз» деген тұжырымын әрдайым естен шығармаған жөн. 
Қасірет көріп, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған ата-әжелеріміздің алдындағы перзенттік парызымыз, ақталмағандарын толық ақтап, ақ адал есімдерін түгелдей қайтару. 
Қасіреттің болашақта қайталануына жол бермеу үшін тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру керек. Әркімді өз биігінен көрсету керек. Кеңестік билік келмеске кетті деп жоғарыда айтып өттік, тағы да айтамыз. Тарих жүзінен кеткен мемлекеттің жазықсыз құрбаны болған тұлғаларды жаппай ақтау олардың ұрпақтарының жүректеріндегі жараға ем болар еді. Бұл біздің халықтың көңіл-күйін көтеріп, бірлік-ынтымағымыздың, елдігіміздің артуына да түрткі. Бұл мәселенің бір қыры. Ал қуғын-сүргін тақырыбы төңірегінде әлі де толықтай зерттелмеген мәселелер жеткілікті. Мәселен, ауылдардың сандармен таңбаланып, өзгерістерге ұшырауы, кейбір ауылдардың жойылуы; діни халықтық көтерілістер, Алаш зиялылыларын қолдаған еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұлғалар; «Кіші қазан» трагедиясы; ашаршылық кезінде балалар үйінде қырылған сәбилер; саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отбасылар (әйелдер, балалар) және т.б. іргелі тақырыптар. Сонымен қатар, ауылдар мен аудандарда 1916, 1929-1933 жж. халық көтеріліске шығып, қырғынға ұшыраған, сонымен қатар ашаршылық жылдарында қынадай қырылған, саяси қуғын-сүргін жылдарында атылған адамдар көмілген орындарды түгелдеп, ескерткіш белгі қою ісі де кезек күттірмейтін мәселе, адамдық борыш. 
Өткен жылы 31 мамырда Мемлекет басшысы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде «Біз бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе», – деген-ді. Ақтау ісін жалғастыру ұлттық сананы биіктетеді. Мемлекетке деген сенім артады. 

Құралай Сәрсембина,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері


Пайдаланылған деректер мен әдебиет тізімі:
1.М.Шоқай. Таңдамалы шығармалар. Үш томдық. 2 т. Алматы: «Қайнар» бас­пасы.-2007. 392 б.  (233-236 бб.). 
2.Шоқай М. Таңдамалы шығармалар: Үш томдық. 2-т. - Алматы: «Қайнар» баспасы. - 2007. – 392 б. (254-256 бб).
3.ГААО. Ф.636. Оп.1. Д.50. Л.3. Подлинник, машинопись. 
4.https://el.kz [қаралған уақыты: 1.07.24] 
5.АОМА. 681 қ. 1 т. 12 іс. 2 п.
 

2028 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз