- Мақала
- 29 Шілде, 2024
Дипломатия һәм халықаралық журналистика

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістандағы Ұлттық құрылтайда айтқан «Мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға, сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау үшін ақпарат саясатының тиімділігін арттыру қажет» деген пікірі кәсіби қауымдастық пен сарапшылардың ой орамдары таразыға тартылған талқылауларға түрткі, идея-ұсыныстарға тамызық болды. Мемлекет басшысының сөзі сондай-ақ болашақ дипломатия және журналистика қайраткерлеріне тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаздар қауымы тарапынан да үндестік тауып, әлем елдерінде Қазақстанның оң бейнесін қалыптастыратын, дүние жүзінде болып жатқан оқиғаларға шынайы баға беретін білікті кадрлар даярлау жөніндегі мәртебелі міндеттің үдесінен көрінуге қатысты бірқатар бастамалар өзегіне айналды.
Дипломатия мен журналистиканы эпостың бейнелі тілімен қатар ұшқан қоңыр қазға теңесек, қателеспейміз. Өйткені, қазіргі таңда әлемдік сахнада қалыптасып отырған ахуал сыртқы саяси қызмет пен бұқаралық ақпарат құралдары алдына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Республика Сыртқы істер министрлігі жүйесіндегі Ақпарат департаментінің, Халықаралық ақпарат комитетінің, «Дипломатия жаршысы» редакциясының «қос майдан жауынгерлері» болып табылатын қызметкерлері сенім биігінен көрініп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен қоян-қолтық байланыс орнатып қана қоймай, сондай-ақ өздері де халықаралық публицистика мен саяси-әлеуметтік, экономикалық және ғылыми, әдеби журналистиканың көрнекті қайраткерлері болып табылады. Абай атамыз айтқан «сол бір екі ай» санатындағы маусым-шілденің бірі соңына таман, бірі басында «құйрық тістесе» тойланатын журналистер мен дипломаттардың кәсіби мейрамдары олар үшін төл мереке. Қалам қайратын танытып жүрген мәмілегерлердің толық тізімімен оқырмандарымыз «Facebook» желісіндегі Қазақстан Дипломаттар бірлестігінің сайтынан таныса алады /1/.
Бүгінгі өзгермелі әлемде төркіндес мамандықтар жөнінде әңгіме туындай қалса, солардың қатарында, жоғарыда айтқанымыздай, дипломатия мен халықаралық журналистиканы тілге тиек етуге болар еді. Себебі, бұлар бірін-бірі толықтырып, мазмұндарын өзара байытып тұрады. Кәсіби өмір жолында дипломатия мен сыртқы саяси хабар тарату саласы, халықаралық журналистика бойынша белгілі бір тәжірибе жинақтаған осы жолдар авторлары аталған қызмет бағыттарына қатысты пікір-пайым, түйін-тұжырымдарын әлеумет алқасына, көпшілік талқысына көптен ұсынып келеді. Мәселенің мән-жайына үңілу үшін дипломатия тарихына тоқтала кетейік. Түсіндірме сөздіктерде «дипломатия дегеніміз – мемлекет, үкімет және сыртқы қатынастардың арнайы органдарының қызметі; мемлекеттердің сыртқы саясатының мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру, сондай-ақ шетелде мемлекет мүдделерін қорғау» деген анықтама берілген /2/. Бұдан көріп отырғанымыздай, дипломатия – бұл мемлекеттердің сыртқы саясатын жүзеге асыру құралы болып табылады әрі нақты ахуал мен алдағы міндет сипатына сай қолданылатын практикалық шаралар, әдістер мен тәсілдер жиынтығын білдіреді. «Дипломатия» ұғымы díplōma деген грек сөзінен шыққан деп есептеледі, ол ежелгі Грекияда елшілерге олардың өкілеттігін растайтын құжат – сенім құжаты ретінде берілген, бүктелінетін қос тақтайшаға қатысты болған. Сөзбе-сөз аударғанда бұл «қосарланған» деген ұғымды білдіреді. «Дипломатия» атаусөзінің шығу тегі осындай /3/.
Кейбір зерттеушілердің пайымдауы бойынша дипломатия әдістері мен құралдарына ресми сапарлар мен келіссөздер, дипломатиялық конгрестер, конференциялар мен кездесулер жатады. Сондай-ақ оның ауқымына екіжақты және көпжақты халықаралық шарттар мен басқа да дипломатиялық құжаттарды дайындау мен жазу, халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының жұмысына қатысу, хат-хабар алмасу және дипломатиялық құжаттарды басып шығару, түрлі халықаралық мәселелер бойынша үкімет ұстанымын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жатады /4/. Мәселен, кеңестер одағында ресми мәлімдемелерді ТАСС ақпараттық агенттігі жариялайтын. Бұл орайда жазушы Юлиан Семеновтың шығармасы бойынша түсірілген «ТАСС уполномочен заявить» деген фильмді еске түсіруге болады.
Жаһандану заманына дендеп енген бүгінгі таңда еларалық байланыстардың қоғамдық дипломатия және халықтық дипломатия деген түрлері өмірге келді. Қоғамдық дипломатия дегеніміз ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнату, шетелдегі қоғамдық пікірді зерделеу, сыртқы аудиторияға хабар тарату арқылы ұлттық сыртқы саясаттың мақсаттарына жетуге бағытталған іс-әрекеттер болып табылады. Ал халықтық дипломатия сөздің кең мағынасындағы ақпараттық қарым-қатынасты, мәдениеттердің бір-біріне өзара ықпалын білдіреді. Міне, осы арнаға халықаралық журналистика да тоғысып жатады. Халықаралық журналистиканың басты міндеті оқырман мен көрерменді, тыңдаушыны төрткүл дүниеде болып жатқан саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени жаңалықтардан жедел хабардар етіп, басқа елдер мен халықтардың құндылықтар жүйесін түсіндіре білу десек, ақиқаттан алыс қонбаспыз. Өзге мемлекеттерде тіркелген отандық журналистер «құрлықтар құлақ түрген оқиғаларды» ұлттық мүдде тұрғысынан безбенге тартып, оларға ел саясаты ауқымында баға беруге ұмтылатыны түсінікті. Бұл ретте халықаралық журналистика кез келген сөз өнері сияқты талант пен шеберлікті, кең ой-өрісті талап ететіндіктен, қалам иелері ұдайы ізденіс үстінде болуы керектігі дау туғызбайды, сондай-ақ кәсіби ортада тәжірибе мен пікір алмасудың алар орны ерекше. Сондықтан журналистердің халықаралық қызметі мәселелеріне арналған ғылыми конференциялар мен фестивальдер әлемде жыл сайын өткізіліп тұрады. Осы саладағы ең мәшһүр де ауқымды шара Италияның Перуджа қаласында өтетін Халықаралық журналистер фестивалі болып табылады.
Еліміздің халықаралық сахнадағы бет-бейнесі мемлекеттің сыртқы саяси доктринасына сүйенетін ақпараттық-насихаттық жұмыстың жолға қойылуымен тікелей байланысты. Ол уақыт талабына сай жетілдіріліп отыруы тиіс әрі бұл іспен ғылыми-зерделеу, оқулық-әдістемелік, тәжірибелік орталықтар айналысулары қажет. Кезінде кеңестер одағы ыдырағанда осындай мекемелердің бәрі Мәскеуде қалды. Мәселен, КСРО Ғылым академиясының Америка, Африка, Қиыр Шығыс институттары арнайы зерттеу және ғылыми талдау міндеттерімен қоса ақпараттық-насихаттық шараларды қоса атқарып жүретін. Бүгінде бұл орталықтармен арадағы алыс-беріс азайды. Осы орайда дипломатия мен журналистикадағы кәсіби шеберлік жылдар бойы жинақталатын тәжірибе мен тәлім-тәрбие арқылы қалыптасатынын атап өтіп, ұрпақтар сабақтастығының қажеттігіне тоқталамыз. Қиыннан жол табатын майталман журналистер даярлау ділгір мәселелердің бірі. Дамыған мемлекеттерде әлемнің әр түкпірінен келген журналистердің шеберлігін шыңдап, қайта даярлықтан өткізетін, жөн-жоба сілтейтін орталықтар бар. Әдетте олар ірі бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ агенттіктер тарапынан құрылып, шығармашылық және ғылыми-әдістемелік жұмыс жүргізеді. Кәсіптік білімді көтеруге көмектесетін мұндай мекемелерді біздің елімізде де ашу артықтық етпес еді.
«Халықаралық журналистика» мамандық және пән ретінде Кеңестер одағында өткен ғасырдың 60-шы жылдарында өмірге келді. Кеңестік сыртқы саяси мекемелерге арнайы дайындықтан өткен маман дайындаған, бүгінде Ресей мемлекетінің дипломатиялық қызметін кадрлармен қамтамасыз етіп отырған Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында (МГИМО) халықаралық журналистика факультеті болды. Сондай-ақ М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде де халықаралық журналистика мамандығы бойынша мамандану жүзеге асырылды. Ал халықаралық журналистердің еліміздегі алғашқы ұстаханасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің ақпарат нарығына әлемдік шаруашылық және қоғамдық-саяси байланыстар тарихынан хабардар маман кадрларды 1995 жылдан бері даярлап келеді. Ал өткен 2023 жылы «Maqsut Narikbayev University» («Мақсұт Нәрікбаев университеті») «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» медиа-холдингімен бірлесіп Халықаралық журналистика мектебін ашу туралы шешім қабылдады. «Мұнда факультет жоқ. Халықаралық стандарттарға сай мектеп бар. Студенттер үш-ақ жыл оқиды. Оқуға түсу үшін IELTS қажет. Оқыту АҚШ пен Ұлыбритания жүйесіне негізделген», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті /5/. Университеттің Халықаралық журналистика мектебінің деканы Айгүл Жамалованың басылымға берген сұхбаты назар аударуға тұрарлық. «Біздің көп университет теория жағына аса мән беретінін білеміз. Оны түгелдей жоққа шығармаймын. Десе де төрт жыл журналистиканы оқып, не мақала жаза алмайтын, қолына микрофон ұстай алмайтын, сюжет жасай алмайтындарды жиі кездестіреміз. Бұл – білім жүйе сінің сапасыздығын білдіреді. Сол үшін де журналистикасы дамыған елдердің үлгісін қолдануымыз қажет. Жалпылама көшіре салуға да болмайды. Оны икемдеу керек. Мен Ұлыбританияның Лидс универ-ситетінде халықаралық журналистиканы оқыдым. Ол жақтың жүйесімен жақсы таныспын, өз тәжірибемде қолданамын. Одан кейін біздегі мұғалімдердің бәрі – практик журналистер. Олар журналистика алаңында жүргеннен кейін істің қыр-сырын жақсы біледі. Өз бойларынан өткізіп, ұғындыра алады», дейді жас ұстаз.
«Жас келсе – іске» деп бекер айтылмаған. Расында да енді ғана шаңырақ көтерген білім ошағының талпыныстары назарға аларлық. Осы жолдардың авторлары кезінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бакалавриат бойынша «халықаралық журналистикадан» кадр даярлау доғарылып, білім беру бағдарламасының minor-ға ауыстырылу қаупі туған кезде мемлекетіміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, еліміз мүдделерін халықаралық аренада білікпен қорғаудың тегеурінді тетігі болып табылатын мамандықты сақтап қалу үшін тиісті орындар алдында мәселе көтеріп, бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікір қалыптастастырған еді /6/. Сондай-ақ Алматыдағы жоғары оқу орындарында дәріс бергендіктен, мамандықтың оқу бағдарламасының жай-жапсарына да қанықпыз. Орайы келген соң педагогикалық үдерісте көзбен көріп, көңілге түйген жәйттерді ортаға салғанды жөн көріп отырмыз. Көзі қарақты көпшілікке еліміздің біртұтас ақпараттық кеңістікті әртүрлі хабар тарататын көздер құрайтыны бесенеден белгілі. Олардың қатарына баспасөз бен аудио және телехабар, әлеуметтік желілер, билік орындары, қоғамдық ұйымдар және саяси қызметпен шұғылданатын жеке тұлғалар жатады. Бұлар ішкі ақпарат көздері. Сондай-ақ сыртқы ақпарат көздері де бар, көбіне олар еліміздің мүмкіндігі мен әлеуетінен ресурс және аудиторияны қамту жағынан басым түсіп жатады. Алайда, отандық халықаралық журналистиканы дамытқан жағдайда сыртқы дерек көздеріне тәуелділіктен арылуға болатынын өмір көрсетіп отыр. Бұл орайда еліміздің сыртқы саяси ведомствосының ақпараттық әлеуетін ұтымды пайдалану, сондай-ақ шет елдерде ірі телеарналар мен газет-журналдардың толыққанды тілшілер қосынын жасақтау қажет болады, деген пікірдеміз.
Енді оқу бағдарламаларына келейік. Біріншіден, «халықаралық журналистика» бойынша даярланатын мамандар заманауи журналистика теориясы мен практикасын жақсы білулері тиіс. Дипломатиялық мекемелерде, қазақстандық және шет елдік бұқаралық ақпарат құралдарында тағылымдамадан өту барысында болашақ журналист-тілшілер, шолушылар мен редакторлар халықаралық ақпараттық қатынастардың қыр-сырын игерулері керек. Бұл қажетті құзыреттілікке ие болудың алғышарттары саналады. Оқу жоспарында ақпараттық үдерістер, сыртқы саяси насихат, саяси талдау технологиялары, заманауи шетелдік радиохабар және конвергенттік журналистика сынды өзекті тақырыптар көрініс тапқаны жөн. Сондай-ақ қазіргі заманғы шетелдік БАҚ-тардың ұйымдастырушылық және экономикалық құрылымы, мазмұны мен үлгілері назардан тыс қалмауы қажет. Халықаралық ынтымақтастық тақырыбына, осы ақпараттық салада мамандандырылған басылымдар мен бағдарламалардың типологиясына, олардың аудиториясының сипаттамаларына, халықаралық ынтымақтастық мәселелерін қамтитын журналистің жұмыс әдістеріне, жанрлар мен әдістер ерекшелігіне назар аудару маңызды болып табылады.
Осы ретте мамандықтың өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес оқу бағдарламасына «Қарсы насихат және халықаралық журналистика», «Халықаралық журналистика және әлемдік экономика», «Ақпараттық-психологиялық соғыс және халықаралық журналистика», «Халықаралық журналистика және қазіргі саяси үдерістер» сияқты пәндерін енгізу қажеттігіне тоқтала кетеміз.
Халықаралық журналистикаға маманданған жастар сонымен қатар дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардағы қызметке тартылатындықтан, олар халықаралық қатынастар негіздерін жете меңгерулері қажет. Сондықтан да төменде сөз болатын пәндердің оқу бағдарламасына енуі өмір талабынан туындап отыр деп айта аламыз. Бұл пәндердің ықшамдалған тізімі мынадай: «Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі», «Халықаралық қатынастардың қазіргі мәселелері», «Мемлекеттердің қазіргі заманғы экономикалық саясаты», «Қазіргі қақтығыстар және оларды шешу әдістері», «Жаһандану және геосаясат», «Халықаралық жария құқық», «Әлемдік саясаттың өзекті мәселелері», «Дипломатиялық құжаттама», «Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты», «Көпжақты дипломатия», «Қазақстан және БҰҰ», «Халықаралық ұйымдар», «Ұлттық және халықаралық қауіпсіздік», «Халықаралық және Еуропалық қауіпсіздік» және басқалар.
Тарих – отаншыл ұрпақ тәлімгері екені айқын. Сондықтан да оқу бағдарламасына «Қазақ халықаралық журналистикасының тарихы» пәнін енгізу қажеттігі дау туғызбайды. Өткенге үңілер болсақ, халықаралық және жаһангерлік журналистика бойынша ізашарлар қатарына қазақтың тұңғыш кинодокументалисі, жиһанкез, ревоюционер Әліби Жангелдинді және Иранда сыртқы экономикалық қызмет саласында еңбек еткен жазушы Сабыр Шәріповті, Сауд Арабиясында Өкілетті өкіл болған Нәзір Төреқұловты жатқызуға болады. 2009 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Алиби Жангелдин. Документы и материалы» атты кітапта Ә. Жангелдиннің газет редакцияларында жұмыс істегені, фото және кино түсіру өнерін меңгергені, сондай-ақ ағылшын және түрік тілдерін жетік білгені атап өтіледі. Еліміздің сыртқы саяси құрылымын қаз тұрғызып, қалыптастырған Төлеген Тәжібаев, Асқар Закарин, Мәлік Фазылов, Михаил Есенәлиев сынды тұғырлы тұлғалар есімдері қазақ дипломатиясы мен халықаралық журналистикасының тарихынан орын алулары қажет. Сондай-ақ бұл орайда көрнекті дипломаттар Сәлім Құрманғожиннің, Вячеслав Ғиззатовтың, Хайыр Омаровтың мұралары зерттеліп, Ақмарал Арыстанбекованың, Сайлау Батыршаұлы мен Қайрат Исағалиевтың, басқа да қаламгер қайраткерлердің туындылары оқытылуы тиіс.
Мәселен, тәуелсіздік жылдары дипломатиялық кадрлар даярлауға, соның ішінде халықаралық тақырыпқа жазатын журналистерді шыңдауға белсене араласып, көп тірлік тындырған, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық қылып, талай көгенкөздің көкірегіне нұрлы сәуле құйған профессор, философия ғылымдарының кандидаты, публицист Михаил Иванович Есенәлиевтің есімі Қазақстан дипломатиясының тарихында алтын әріптермен жазылып қалды /7/. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары республиканың Сыртқы iстер министрi болған Михаил Есенәлиев дипломатиялық қызметті жаңа деңгейге көтеру, сыртқы саяси мекеме беделін көтеріп, оны материалдық-техникалық, кадрлық тұрғыдан нығайту жөнінде толайым тірлік тындырды. Ол ең алдымен министрліктің жауапты қызметкерлерін Мәскеудің жоғары оқу орындарын, атап айтқанда Халықаралық қатынастар институтын бітірген жастардан жасақтады. Мәселен, өткен ғасырдың сексенінші жылдары протокол бөлімін басқарған Алаштың ардақты азаматы Болатхан Тайжанов, консулдық бөлімнің бастығы Жақсыбек Еспембетов, баспасөз және ақпарат бөлімінің меңгерушісі Қадыр Қабдешев МГИМО мен КСРО Сыртқы істер министрлігі Жоғары дипломатиялық мектебін тәмамдаған азаматтар еді. Болатхан Құлжанұлы Йеменде, Египетте, Еспембетов Ганада, Қабдешев Кубада істеген тәжірибелі дипломаттар-тын. Ағылшын тілі маманы Алмаз Хамзаев министрдің көмекшісі – бірінші хатшы, МГИМО түлегі Әбу Ахметов консулдық бөлімнің бірінші хатшысы, Морис Торез атындағы Мәскеу шетел тілдері институтын бітірген Зухра Ақышева консулдық бөлімнің екінші хатшысы болды. Сол жылдары Михаил Иванович бүгінгі қазақ дипломатиясының көрнекті өкілі Ерлан Ыдырысовты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дипломатиялық жұмысынан кейін аттай қалап, министрлікке шақырып алғанын, оған жастығына қарамай талай-талай жауапты тапсырмалар жүктегенін атап өтуіміз керек /8/.
Михаил Иванович Сыртқы істер министрлігінің Мәскеудегі орталық аппаратының жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, сол кездегі КСРО сыртқы саяси ведомствосының басшысы Андрей Андреевич Громыкомен әріптестік, достық қарым-қатынас орната білді. Сөйтіп, Дипломатиялық академияда Қазақстанға арнап қосымша орындар бөлуге қол жеткізді. Халықаралық қатынастар тарихында Михаил Иванович Есенәлиев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мінбесінен сөз сөйлеген алғашқы қазақтардың бірі ретінде қалды. Ассамблея жұмысына 3 айдай қатысып, елге оралған соң Михаил Иванович «Небоскреб на Ист-Ривер» атты публицистикалық кітап жазып, ол «Қазақстан» баспасынан 1987 жылы жарық көрген еді /9/. Оның «Записки дипломата», «За сильных духом», «Размышления вслух», «Штрихи к портретам», «На грани эпох» сияқты ертеректе жарық көрген кітаптары қайта басылуға тиіс деген пікірдеміз. Сондай-ақ еліміздегі «халықаралық қатынастар» және «халықаралық журналистика» мамандықтары бойынша білім беретін жоғары оқу орындарындағы аудиторияларының бірі Михаил Есенәлиев атымен аталып жатса, ұстаз-дипломат алдындағы парызымыздың бір парасы өтелді деп айтуға болар еді.
Ел Президенті, әлемге белгілі қайраткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан сыртқы саясатын қалыптастырудағы еңбегі ересен. Сондай-ақ ол дипломатия бойынша алғашқы оқулық жазған ғалымдардың бірі. Публицист, саяси ғылымдар докторы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Преодоление: Дипломатические очерки казахстанского министра», «Свет и тень: очерки казахстанского политика» сияқты публицистикалық кітаптары мен оның жалпы редакциясымен шыққан «Дипломатическая служба Республики Казахстан: учебное пособие» атты оқу құралы талапты жастардың іздеп жүріп оқитын туындыларына айналған. Сондай-ақ көрнекті дипломаттар Ақмарал Арыстанбекованың «Миротворческая деятельность ООН» және «Глобализация», Сайлау Батырша-ұлының «Дипломатиялық қызмет және халықаралық қатынастар», Қайрат Исағалиевтың «Дипломатия дәрістері», Ілияс Қозыбаевтың «Дипломатия Казахстана: страницы истории» атты оқу құралдары ғылыми-педагогикалық айналымда. Бұлармен қатар жоғары оқу орындарының ұстаздары Қ.И. Байзақова мен М.Ш.Губайдуллинаның «Центральная Азия во внешней политике Европейского Союза», Г.М.Смағұлова мен Б.Т.Төлеуованың «Дипломатиялық және консулдық қызмет», А.Р.Әліпбаевтың «Дипломатиялық құжаттама» атты оқу құралдары мен оқулықтары да студенттер мен оқытушылардың рухани қажетін өтеуде.
Кезінде Президент кеңесшісі әрі Президент Протоколының басшысы болған, бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, профессор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың Мемлекеттік протоколының қалыптасу мәселелеріне арналған «Государственный протокол Республики Казахстан» атты кітабын болашақ дипломаттар мен халықаралық журналистердің кәсіби ақпаратқа деген сұранысын өтейтін туындылардың бірі ретінде атап өтуге болады. Бұдан 20 жыл бұрын, 2004 жылы жарық көрген бұл кітапты «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк протоколы» туралы 2006 жылғы Заңға жуырда енгізілген өзгерістерді ескере отырып, қайта басып шығарған жөн деген ойдамыз. Сондай-ақ бұл пікір дипломаттар мен ұстаздардың жоғарыда аталған, жарық көргендеріне 10 жылдан астам уақыт болған оқулықтары мен монографияларына да қатысты.
Көріп отырғанымыздай, халықаралық қатынастар мамандығы бойынша елімізде қазақ-орыс тілдерінде жарық көрген оқулықтар мен оқу құралдары және ғылыми әдебиетті ауыз толтырып айтуға болады. Ал халықаралық журналистика мамандығы бойынша мамандар 30 жылға жуық уақыт бойына даярланып келе жатқанымен, әлі күнге дейін базалық оқу құралдарының жазылмауы көңілге көлеңке түсіреді. Сондай-ақ бұл мамандық бойынша кадрларды журналистика факультетінің ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы даярлайды, бірақ Жоғары білім сыныптамасында ЮНЕСКО деген мамандық жоқ. Бұл түйткілдің түйінін «халықаралық журналистика» мамандығының ерекшеліктері «халықаралық қатынастарға» бір табан жақындығы тарқататындай. Сөйтіп, ғылыми, оқулық-әдістемелік және педагогикалық негіздері бір-біріне жақын мамандықтар болған соң, бұлардың басын бір факультетте, атап айтқанда Халықаралық қатынастар факультеті аясында біріктіру ұсынысы көңілге қонатындай.
Ендігі мәселе түлектердің өмірден өз орындарын алуына қатысты. Еліміздің халықаралық сахнадағы жағымды бет-бейнесінің қалыптастырылуы ақпараттық-насихаттық жұмыстың жақсы жолға қойылуымен тікелей байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Бұл орайда еліміздің сыртқы саяси ведомствосының ақпараттық әлеуетін ұтымды пайдалану, сондай-ақ шет елдерде ірі телеарналар мен газет-журналдардың толыққанды тілшілер қосынын жасақтау қажет, деген пікірдеміз. «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша білім алған жастар осы тілшілер пункттерінде жұмыс істей алар еді. Әрине, оларға тиесілі жауапкершілік жүгі бірқауым. Өз кезегінде бұл міндеттің ойдағыдай шешімін табуына республикамыздың шет елдердердегі дипломатиялық миссиялары мен халықаралық ұйымдардағы өкілдіктері де өзіндік үлестерін қосулары тиіс. Олардың журналистер қызметіне көрсететін құқықтық және ақпараттық қолдауының маңызы зор, мәні ерекше.
Журналистика мамандығы теория мен тәжірибені тығыз ұштастыруды талап етеді. Алматыдағы «Қазақстан дипломаттары» Аймақтық қоғамдық Бірлестігінің мүшелері, Еуропа және Азия халықтарының тілдерін жетік меңгерген, саяси, мәдени және ақпараттық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік саласының жоғары білікті мамандары болып табылатын Төтенше және Өкілетті Елшілер, әскери атташелер, баспасөз хатшылары, халықаралық журналистер жоғары оқу орындарында аталған мамандықты қаз тұрғызуға жәрдем беруге даяр. Олардың өмірлік тәжірибелері мен білім-білігі кадр даярлау ісіне ілкімді көмек болатыны түсінікті.
Дипломатия ардагерлері білікті мамандар даярлау мәселесі бойынша университет басшылығымен қоян-қолтық қызмет етуге әзір. Осы ретте «Қазақстан дипломаттары» Аймақтық қоғамдық бірлестігінің мүшелері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тізе қоса отырып, алдағы 2024-2025 оқу жылына қатысты мынадай ұсыныстарды алға тартады:
– халықаралық қатынастар мен халықаралық журналистика мамандықтарын ұштастыра оқытуға арналған ғылыми-әдістемелік конференция өткізу;
– бір-біріне жақын мамандықтар болған соң, бұлардың басын бір факультетте, атап айтқанда Халықаралық қатынастар факультеті аясында біріктіру;
– еліміздің көрнекті дипломаттарының публицистік, теориялық және әдістемелік туындыларын оқу бағдарламаларына енгізу;
– келесі, 2025 жылы аталып өтілетін аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, елші, ғалым Нәзір Төреқұловтың мерейтойына арнап халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру.
Бұл шағын мақалада отандық дипломатия мен халықаралық журналистика тәжірибесінің кейбір қырлары сөз болды. Ал оның теориясын жазу келешектің шаруасы десек те, кезек күттірмейтін іс болып табылады.
Алмаша АРЕНОВА, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Алматыдағы Өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы
Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.https://www.facebook.com/Almatyqazdipbirlistigi?__cft__[0]=
2.Дипломатический словарь в трёх томах. 4-е изд., переработанное и дополненное. – М., 1984.
3.Словарь международного права. - М.: Международные отношения,1986.
4.Попов В.И. Современная дипломатия: Теория и практика: Курс лекций. Ч. 1: Дипломатия - наука и искусство / ДА МИД РФ. – М.: «Научная книга», 2003
5.https://egemen.kz/article/367427-khalyqaralyq-dgurnalistika-mektebi-bilim-men-bilik
6.https://qazdauiri.kz//?р=19597
7.Михаил Исиналиев – политик и дипломат: Документальные очерки / Составитель И. М. Козыбаев. – Алматы: Раритет, 2018. – 496 б.
8.https://qazaquni.kz/rukhaniyat/90021-ultqa-tutqa-bolghan-tulgha
9.https://qazaquni.kz/rukhaniyat/90021-ultqa-tutqa-bolghan-tulgha

3195 рет
көрсетілді0
пікір