- Мақала
- 29 Шілде, 2024
ШЫҒЫС МЕДИЦИНАСЫ ФАКУЛЬТЕТІ КЕРЕК

Өткен жаздардың бірінде еңбек демалысымды еліміздің шығысындағы Қатонқарайда өткіздім. Алтай тауының етегіндегі бұл аймақты табиғаттың жұмағы десек болады. Тынысыңды ашатын жұпар аңқыған тау самалынан бөлек, сылқ-сылқ күліп, түбі көрінетін мөлдір суы жарыса аққан ерке тау өзендері, беткейлерге жарыса өскен таудың кербез жасыл шыршалары, лүп еткен желге сыбдыр қағып, еріне тербетілген ақ қайыңдары, аяққа оралған жүздеген түрлі өсімдіктері, еріксіз көз тартатын әсем дала гүлдері кімді болмасын қызықтырады.
Жергілікті омарташылардың ұсынатын балының, жылқышылардың меске ашытқан қымызының тіл үйірер дәмді қасиетін сол өңірден танисың. Мұндай таңғажайып табиғат аясында дүниеге келіп, оның керемет сұлулығын бойына сіңірген Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Асқар Алтай ортақол жазушы-қаламгер болуы мүмкін емес-ау деп ой толғайсың. «Табиғаттың сұлулығын көргің келсе – тауға бар!» деп атам қазақ бекер айтпағанына көзің жетеді. Бұл өңірге жетудің де, әрине, өз қиыншылығы бар. Соған қарамай, соңғы жылдары жаз айларында демалуға келетіндер саны едәуір өсе түскен. Туристерді қызықтыратыны біріншіден, табиғат сұлулығы болса, екіншіден, емдік қасиеті жоғары бұғы пантасы мен емдік шөптер. Демалушылар арасында жолдың тым қашықтығына қарамай еліміздің Батыс өңірінен (Маңғыстау, Атырау және т.б.) келушілер аз емес. Көрші Ресейден келген туристер саны да едәуір. Олар өз көліктерімен жетіп, шатыр-палаткалар құрып, әсем табиғат аясында, ашық аспан астында тынығуды ұнатады екен. Сонда байқағаным, әлгілердің басым көпшілігі жергілікті дәрілік өсімдіктердің сандаған түрін жинап, дайындап, кептіріп, қап-қап қылып алып кетіп жатқаны. Айтушыларға сенсек, сол Қатонқарағай, Тарбағатай аймақтарында 60-тан аса емдік қасиеті мол шөп өседі екен. Жергілікті тұрғындардың арасында дәрілік өсімдіктерді жинап, оларды Өскемендегі дәріханаларға немесе базардағы алыпсатарларға өткізіп, аздап болса да тиын-тебен табатындары бар екен. Жалпы алғанда, мемлекет жағынан бұл іс қолға алынбаған, баяғы қазаққа тән енжарлық басым. «Алтын сандықтың үстінде неге жалаңбұт отырмыз?» деген Шерхан Мұртаза ағамыздың сөзі еріксіз еске түседі.
Қазақстанның табиғаты бай, оның өңірлерінде бірнеше жүздеген өсімдіктер, ағаштар өседі. Олардың арасында дәрілік қасиеті бар өсімдіктер аз емес. Өкінішке қарай, оның пайдасын қазіргі біздің халық толық көріп отырған жоқ. Керісінше, көрші мемлекеттер (Қытай, Ресей және т.б.) батыл «қолдарын салып», вагон-вагон, машина-машина етіп өздеріне тасып алып кетіп жатыр. Олар жергілікті халықты өз кәсіптеріне пайдаланып, өсімдіктер мен олардың тамырларын бей-берекет қаздырып, табиғат келбетін аямай «жаралап» жатқанын көріп жүрміз. Дала байлығына айналған ақбөкендер мен маралдардың мүйіздері қайда кетіп жатыр деген заңды сауал туады. Мемлекет мұны әлдекімдердің ырқына жібермей, өз бақылауына алса дейсің. Жер мен ел байлығының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуіне ешуақытта жол беруге болмайды.
Иә, әр ұлттың атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық медицинасы бар. Кез келген елдің тарихында медициналық әдіс-тәсіл бар. Қазақтың әр өңірінде көптің аузында жүрген керемет қолы икемді, шебер сынықшылар, халық емшілері, тәуіптер мен бақсы-балгерлер болған. Мысалы, қазақта шөппен емдеу, сүлік салу, терлету, бұлау салу, түшкіру және де басқа тәсілдер кеңінен қолданылған. Бала кезімізде кәріқұлақ аталарымыз бен апаларымыздың «Әй, мына бала жөтеліп қалыпты ғой. Мынадай шөпті тұндырып бер, арқасын борсық майымен сыла» немесе «Іші өтіп, көзі кілдіреп қалыпты. Оған мына шөп-дәріні бер...» деп жататыны есімізде. Асқазан ауырғанда емшілер науқасқа рауғаш сияқты шөптер берген. Іш өткенде науқасқа жұпар жаңғағы шайының қою тұндырмасын, қарақат тұндырмасын берген. Қатты жөтел кезінде шайға немесе сорпаға салынған бұршаққынды бұрыш тұндырмасын қолданған. Қазақтың халық емшілері қымызды негізінен туберкулезді, құрқұлақты, хлорозды, қаназдықты, жүрек-қан тамыры және асқазан-ішек сырқаттарын емдеуге пайдаланған. Тістің ауруын меңдуана мен май қоспасымен емдеген, кейде құрғақ меңдуана басқан. Әлі де халық арасында кейбір ауруларды шөп тұнбаларымен, майлармен және де басқа жолдармен емдеу-сауықтыру сақталып келеді. Адыраспан шөбін және оның түтінін ауадағы инфекцияны жою үшін бүгінге дейін пайдаланады. Егер сынған сүйек қисық бітіп қалса, жылқының қазысын орап отырып, қайта шығарып, қайта салатын шебер сынықшылар бар. Бел омыртқа сырқаттарын емдеудің де өз тәсілдері сақталған. Бірақ, оларды «бұрынғының қалдығы» деп күмәнмен қарап, мойындамайтындар жоқ емес. Қазіргі пайдаланып жүрген біраз дәрі-дәрмектер сол шөптерден дайындалғанын көпшілік терең ұға бермейді. Химия жолымен алынған дәрі-дәрмектер бір ағзаға жәрдем берсе, екінші бір ағзасына кері әсер етіп жататынын білеміз. Соған қарамай, «қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, емдік шөптерді пайдалану ісі бізде жыл өткен сайын кенжелеп барады. Дәрі-дәрмектердің 70-80 пайызы шетелдік фармацевтикалық компаниялардан миллиондаған долларға сатып алынуда. Егер өзімізде өсетін дәрілік өсімдіктерді орынды пайдалансақ, біраз қаржыны үнемдеуге болмас па еді? Мысалы, көрші Қытайдағы кемпір мен шалдар жыл сайын ең аз дегенде жүздеген дәрілік шөптерді жинайды екен де емдік шөп арқылы ем-дом жасап, сырқаттардан айықтырып, өз өсімін сақтап қалуда. Қазір де ел арасында шөптен жасаған дәрілерді пайдаланып, ем-дом жасап жүрген емшілер бар. Таяуда бір танысым: «Соңғы жылдары зәр шығару жолдарым мазалап, дәрігерлерге көрініп, диагнозын анықтап ем-шара жүргіздім. Тіпті Алматыдағы айтулы клиникаға барып қаралып едім, «ота жасауға денсаулығыңыз жарамайды, дәрі-дәрмектермен емделіңіз» деп шығарып салды. Содан жеке және мемлекеттік клиникаларда 8 айға жуық ем қабылдадым. Бірақ, тез арада жөнделіп кете алмадым. Ауылға келгеннен кейін әркімнің айтуымен, көрші Қырғызстандағы Сұрым стансасында «шөппен емдейтін халық емшісі бар, соған барыңыз...» дегеннен соң жан сауғалап соған бардым. Кеңесін алып, шөп дәрілерді 2 ай іштім. Қазір міне, жағдайым едәуір жақсарып қалды» деді.
Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде (15 мамыр 2024 ж.) белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 1929 жылы іссапарда Қызылорда өңіріндегі Қармақшыда жүргенде өкпесіне суық тиіп ауырып, жергілікті емші Садық ахун Қодыровта емделгенін, әлгі емші сырқаттарды 400 түрлі шөптен дәрі жасап емдейтінін, Бұқарада білім алып, Әбу Ғали ибн Сина ілімдерін меңгерген діни қайраткер әрі емші болғаны жайлы деректер келтірілген.
Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 10 мыңнан астам шөп бар екен. Олардың біразы таптырмайтын дәрілік шөптер. Қәдімгі жусанның 150 түрі өседі және оның бір тобының емдік қасиеті бар. Мысалы, еліміздің оңтүстігінде өсетін дермене жусаны ежелден ақ гельминтоздарға, яғни ішек құрттарына қарсы қолданылған. Бүгіндері одан «Сандостатин» деген дәрі жасалынуда. Бұл бір ғана мысал. Ал қытайлар «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры, мәңгілік жастықтың символикасы» деп жүрген мия өсімдігінің емдік қасиеттері жайлы да көптеген мәліметтер ұшырасады. Мия – қазақ даласында ертеден емдік қасиетімен танылған өсімдіктің бірі. Елімізде емдік шөптің есек мия, ақ мия, жалаң мия, қызыл мия, миятамыр сынды бес түрі кездеседі екен. Зерттеушілердің мәліметіне сәйкес, мия тамыры косметологияда, медицинада, тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылып, терінің қартаюының да алдын алады екен. Осы қасиеті үшін «сұлулық сиқыры» деген атауға ие өсімдік бүгінде еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарында, Сырдария, Іле, Шу өзенінің аңғарларында өседі. Бұл өсімдіктің қасиетін әлемнің көп елдері ертеден-ақ анықтаған. Мия тамыры, тіпті Тутанхамон қабірінен табылған, яғни ежелгі мысырлықтар емдік шөптің фармацевтикалық қасиеттерін жақсы білген. Қазір оны тамақ өнеркәсібінде, косметологияда қолданбайтын елдер кемде-кем. Мәселен, Германияда мия тамырынан жақпа майлардың 20-30 пайызы жасалады. Тибетте мия тамырын «ұзақ өмір сүрудің сиқырлы тамыры» деп атайды, жастық реңді сақтау үшін қайнатып ішеді. Ал Қытайда мия тамырының адамды жасартатын қасиеті үш мың жыл бұрын дәлелденген. Бұл елдің дәстүрлі медицинасында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі жасалмайды. Тері қартаюының алдын алатын қасиетін бағалап, қытайлықтар оны мәңгілік жастықтың символикасы санаған. Тіпті, шикізат тапшылығынан Қытай билігі 2008 жылдан бастап мия тамырын баж салығынсыз тасымалдауға рұқсат берген. Яғни, Қытай миядан 70-80 пайызға дейін пайдалы заттарды өндіріп алады. Бұдан бөлек, Үндістаннан Моңғолияға дейінгі аумақты мекендеген көшпенді скифтер де қызылмия тамырын пайдаланған. Ал гректер кезінде Дон өзенінің төменгі жағалауын мекендеген халықтан және Дунайдағы көшпелілерден қызыл мия тамырын сатып алатын болған. Бұл туралы 1778 жылы шыққан алғашқы орыс фармакопеясында жазбалар бар. Косметологияда көші ілгерілеп отырған Оңтүстік Корея да емдік шөп тамырын ұдайы қолданушылардың қатарында. Алайда, шикізат тапшылығынан олар мияны бүгінде қолдан өсіруге көшкен. Ал қызыл мия тамырын халық медицинасында көптеген ауруларды емдеу үшін, мәселен стресс алғанда және күрделі оталардан кейін, іріңді жараларды, ұмытшақтық, қалқанша без ауруларын емдеуге ұдайы қолданған. Сондай-ақ, мия тамырын ауыр өнеркәсіпте де, оның ішінде, темірдің қуатын күшейтуге, тоқыма өнеркәсібінде де қолданады. Соңғы ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша мия тамырының құрамындағы флавоноидтар асқазан-ішек жолдарының ауыр ауруларын тудыратын Helicobacter бактериясымен күресуге қабілетті екенін көрсеткен. Күн сайын шамамен 100 миллиграмм мия тамыры қандағы холестеринді төмендетіп, денсаулық пен өмірді ұзарта отырып, жүрек-қан тамырлары жүйесінің жақсы жұмысын қамтамасыз ете алады.
Мия тамыры өзінің негізгі компоненті – глициризинге бай. Тәтті дәмге ие бұл компонент асқазанның шырышты қабаттарына қабынуға қарсы әсер етеді, осылайша ауырсынуды жеңілдетеді және қабыну процестерін басады. Глициризин қарапайым қантқа қарағанда 50 есе тәтті, сол үшін де қанттың орнын алмастыруға қабілетті. Бұл өз кезегінде қант диабетіне шалдыққандар үшін өте пайдалы. Осы қасиеттері үшін де әлемнің жетекші елдерінде кең сұранысқа ие мия тамыры қайсыбір жылдары заңсыз түрде жаппай эскпортталған. Мәселен, Қытайда «алтын шөп» деп аталған бұл өсімдік тамыры қымбатқа бағаланады. Сол үшін де емдік шөптің мәртебесіне мемлекеттік деңгейде сан мәрте сауал тасталған. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде мия тамыры бүгінде ерекше қорғауды қажет ететін дәрілік өсімдіктер қатарына енгізілген. Міне, осы мәліметтерден-ақ емдік шөптердің, олардың тамырларының адам денсаулығын жақсартуға, өмірін ұзартуға қаншалықты пайдалы екенін түсінуге болады. Өкініштісі, ұлы даламызда өсіп тұрған сол дәрілік өсімдіктердің қасиетін терең білмей, қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай отырғанымыз.
Анау қорғауға алынған Ұлттық парктерде, қорықтарда қаншама дәрілік өсімдіктер бар екенін білсек те, халық олардың пайдасын көріп отырған жоқ. Дәрі-дәрмек өндіретін кәсіпорындарда олардан дәрі-дәрмек жасауға аса ынталары жоқ. Оны іске асыруға бізге не қолбайлау болып отыр?
Ежелден қазақтың ұлттық медицинасында ыстық құмға көміп терлету, тұзға түсіріп емдеу, арамен және оның балымен емдеу тәсілдері болған. Қазір де кейбір аймақтарда олар пайдаланылады. Бірақ, жалпы көпшілік бұл тәсілдерді бірте-бірте ұмытып барады.
Тағы бір ойландыратын мәселе, орыстың «врач» деген терминін біз бүгіндері «дәрігер» деп қателесіп жүрміз. Ұйғырлар біздің дәрігер атауымызды «табиб» деп атайды екен. Мұқият зердедеп, тереңірек көз жіберсек, табиб – табу, яғни аурудың түрін ажырату, қандай ауру екенін табу, белгілеу мәнінде екендігін аңғару қиын емес. Демек табиб – диагноз қоюшы, «табибия» – диагностика мәнін береді деуге болады. Ал тәуіп табиб сөзінің қазақшалағанда нұсқамасы емес пе? Өйткені түркілік тіл жүйесінде в, б, п, у дыбыстары алмас қолданыла алады.Тіпті қазақтың өзі ойлап тап, іздеп тап, мұны табу керек, мен тауып алдым, ол тауып алды, тапты деп айта беретіндіктен, бұл сөзге дәлел іздеу артық сияқты.
Ал енді «Дәрігер» сөзіне келсек, бұл – дәрі жасаушы, былайша айтқанда, фармаколог мәнінде екені айқын. Ендеше дәрігер, тәуіп, емші (емкос) сөздерін шатастырып, былықтырып жүрген біз өзіміз емеспіз бе? Өйткені тілдік тұлғалардың мән-мағынасын тереңірек байыптауға құлқымыз жоқ. Әйтпесе, қазақ атамыз врачты – емші, диагноз – қоюшыны тәуіп, фармакологты дәрігер, – деп айқын ажыратып атын атаған екен. Егер солай болса, біз неге шатасып жүрміз? Біздің бұл пікірімізді кезінде Жақыш Хасенов деген азамат 1991 жылы республикалық «Денсаулық» журналында (№8) көтерген екен. Бірақ, ол ұсыныс қолдаусыз қалыпты. Ойланатын мәселе...
Қазақтың ежелгі ұлттық медицинасында адам денсаулығын емдеуге арналған әртүрлі пайдалы тәсілдер мол. Бірақ олар толық зерттелмей, пайдалануға қолданбай келе жатқаны өкінішті. Біз «Қытай медицинасы», «Тибет медицинасы», «Шығыс медицинасы» деп олардың әртүрлі науқастарды емдеуде қол жеткен табыстарын жыр қылып айтып отырамыз. Бірақ, өзімізде бар нәрсені қолдамаймыз, мойындамаймыз, көргіміз келмейді. Көрші Қытайдан, Моңғолиядан оралған қандастарымыз әр өңірде «Шығыс медицина» орталықтарын ашып, халыққа оңды қызмет етіп жатқаны белгілі. Ал біздің елде соларда қызмет ететін, арнайы дайындықтан өткен дипломды мамандар жоқ. Ертеректе Түркістан қаласында ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті құрамында «Шығыс медицинасы» факультеті болып ашылған факультет, кейін белгісіз себептермен кәдімгі, үйреншікті «медициналық» факультетке айналып кетті.
Ой таразысына салсақ, елімізде бүгіндері 8 медициналық ЖОО бар екен. Оларды жыл сайын 7 мыңан астам маман-дәрігерлер, провизорлар тәмамдап, денсаулық сақтау саласына қосылып жатыр. Сол медициналық университеттердің бірінің құрамынан «шығыс медицинасы» факультетін ашып, ежелгі қазақтың ұлттық медицина тәсілдерін, емдеу әдістерін меңгерген, соның ішінде «фитотерапия» (шөппен емдеу) саласының мамандарын дайындасақ артықшылығы көп деп ойлаймыз. Базбір мәліметтер бойынша, 2011 жылы Үрімжіде Шыңжаң медицина университеті жанынан «Қазақ медицинасы» кафедрасы ашылып, қазақ медицинасының жоғары білімді мамандарын даярлап шығу мүмкіндігіне қол жеткізіліпті. Бүгіндері онда жыл сайын 50-ден астам маман-дәрігерлер дайындалуда екен. Осы дәстүр елімізде де қолға алынса артық болмас еді. Өйткені, қазақ ұлттық медицина ілімімен жұмыс істеген адамдар қатары уақыт өткен сайын елімізде сиреп барады. Халық медицинасы солармен бірге құрдымға кетпесе екен деген қауіп бар. Жылдар бойы атамзаманнан қолданып келген емдік тәсілдерін үйретуді қолға алатын Қытайдан оралған жоғары білімді дәрігер қандастарымыз бар. Олар бұл игілікті іске барынша атсалысатындарына сенім мол.
Медициналық колледждер құрамында да «халық медицинасы» бөлімшесін ашып, жас мамандарға ұлтымыздың ежелден келе жатқан емдеу тәсілдерін меңгертіп, оларға дәрілік өсімдіктердің емдік қасиеттерін түсіндіріп, қай дертке олардың қайсысын қалай пайдалану керектігін ұғындырып, емдік массаждың (үгудің) түр-түрін меңгертсек, артық болмас еді деп ой қаузаймыз. Қазіргі өмірде оларға сұраныс аз болмас еді. Уақыт талабы осыны көрсетіп отыр.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Нью-Йорк академиясының мүшесі

2892 рет
көрсетілді0
пікір