- Мақала
- 29 Шілде, 2024
ДОМБЫРА ДӘСТҮРІ – МӘҢГІЛІК
Домбыра – ұлтымыздың басты музыкалық аспабы, сан ғасырлық тарихы мен сырлы шежіресін бойына жинаған киелі жәдігері. Шілде айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұлттық домбыра күні рухани мұрамызды дәріптеудің жақсы үлгісіне айналып келеді. Заманалар көшімен осы уақытқа жеткен ән-күй дәстүрі жаңа ғасырда жалғасып, келер ұрпақтың да игілігіне айналып отыр. Домбырашы-ұстаз, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектебінің оқытушысы, «Сазген сазы» фолькорлы-этнографиялық ансамблінің дирижері Ықылас Нұрғалиев домбыраның кешесі мен бүгіні және ертеңі жайында сөз өрбітеді.
– Ықылас аға, сіз музыка саласында көптен бері қызмет атқарып келесіз. Ата-бабамыз ұрпақтан-ұрпаққа аманатқа қалдырған киелі домбыра бүгін де ерекше қастерленеді, бұл аспапқа деген халықтың сүйіспеншілігі ешқашан толастаған емес. Бұның сыры неде?
– Көрнекті ақын Қадыр Мырзалиевтің «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, Қазақ – нағыз қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра!» деп жырға қосуы тегін емес. Домбыра ежелден келе жатқан аспап, қазақтың дәстүрін, музыкасын, мұңы мен қуанышын, көңіл-күйін жеткізетін сырлы аспабы. Сондықтан мемлекет басшысының «Ұлттық домбыра күні» деп жеке мерекенің арқауына айналдырғанына ризашылығымыз зор. Домбыраны әрбір қазақ шаңырағының төріне іліп қоятын. Бұл бұрыннан келе жатқан ата-бабамыздың салты. Қазір де сол салтты тастамау керек. Жастардың көбі домбыраға құмартып, үйреніп жүр. Домбырадан басқа да аспап көп қой, дегенмен музыка мектептеріне көпшілігі домбыра үшін оқуға келеді. Домбыра тартқан бала, күмбірлеген күйді түсінген бала ойлы, әдепті, уызына жарып өскен деп білемін. Өз ұлтымыз ғана емес, қазір америкалық болсын, жапондық болсын, басқа да халықтардың ұл-қыздары домбыраға құмартып жүрген жайы бар. Бұл домбыраның қайталанбас қоңыр үніне, күй дейтін ғажап құбылысқа байланысты екені анық. Ұлттық аспабымыздың дыбыс мүмкіндігі де басқа аспаптарға қарағанда кең. Екі шекті болғанмен, үлкен шығармаларды ойнауға болады. Соның дәлелі, қазір домбырашылар қазақтың күйінен бөлек, әлемдік классиканы орындап жүр. Кезінде дүлдүл домбырашы, Қазақстанның халық артисі Әзидолла Есқалиев Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің әлемдік фестивалінде қазақтың қара домбырасымен классикалық шығарма орындап, жұлдызы жарқырады, содан бері осынау үрдіс жалғасып жатыр. Бұл да домбыраның қасиеті.
– Соңғы кезде артистеріміз әуе компаниялары домбыраны ұшақ салонына алып кіргізбейтінін айтып, реніштерін білдіріп жүр. Сіз қызмет атқаратын «Сазген сазы» ансамблі гастрольге жиі шығады, мұндай кедергілер кездесті ме?
– Бұны менің де естуім бар. Біз көбінесе «Аіr Аstana» компаниясының ұшақтарымен ұшамыз, онда еш шектеу жоқ. Аспаптарды салонға алып кіреміз. Негізінде аспаптардың паспорты болады, шетелге шыққанда соны талап ететіні рас. Домбыраны жүкпен бірге тапсыруға болмайды, сынып қалуы мүмкін. Салондағы жүксалғышқа сыймаса, қолына алып отырса да болады. Мұндай келеңсіз жайттар қайталанбасын дейміз.
– Домбыра ықылым заманнан бері біздің халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Жалпы қазіргі уақытта неше күй белгілі және орындалып жүргені қанша?
– Ұзын саны он мыңдай күй бар деп айтып жатады. Қиын-қыстау замандарда ұмыт болғаны қаншама. Қазір 700-800 күй орындалып жүр. Бізді қуантатыны, күй шығарушылар көбейіп келеді, домбырамен орындалатын ән жазатын композиторлар да баршылық. Әсіресе күй шығарып, домбырамен ән айтатын жастардың көбейгеніне қуанамыз. Бұл домбыраның болашағы зор екенін білдіретін жақсы құбылыс. Домбыраға ұқсас аспаптар түркі тілдес халықтардың біразында бар. Бірақ оларда біздің күйіміз сияқты ауқымды шығармалар жоқ, олар көбінесе әнді сүйемелдеу үшін қолданады. Ал домбыра күйлері – тек қазақ халқында дамыған, құбылыс іспетті ерекше өнер.
– Музыка тілінде күйлер қандай шығарма болып есептеледі?
– Күй – өз алдына жеке жанр. Ол әлемдік музыкадағы симфония, сюиталарға да жатпайды. Домбырамен орындалатын шығармалардың өзі бірнеше түрге бөлінеді. Жеке күйлер, би күйлері, жыр күйлері, домбыраның сүйемелдеуімен орындалатын жауынгерлік дастандар, толғаулар, әндер бар. Мысалы, бағзы жыршы-жыраулар жыр орындаудың алдында жыр күйін тартқан. Халықтың құлағын үйреткеннен кейін «әлқисса» деп жырды бастайды. Жыр мақамдары дейтін өз алдына бір сала. Домбыра осындай мүмкіндігі өте кең музыкалық аспап.
– Мұндай жыр күйлері сақталған ба, қазір орындалып жүр ме?
– Иә, жыр күйі дәстүрі үзілген жоқ. Батырлар жырын, дастандарды орындайтын жыршыларымыз жыр мақамдарын жаңғыртып, орындап келеді. Жыр күйлері фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің репертуарында да бар. Мысалы «Сазген сазы» ансамблі орындайтын композициялардың бірінің негізіне жыр күйі алынған. Жыр мақамдары көбіне жүрдек болып келеді, төгілдіре орындалады. Кезінде көрнекті композитор, дирижер Алдаберген Мырзабеков «Терме күйін» жазған. Домбыра күйлерін мәңгілік деп есептейтініміз де осы өміршеңдігінен.
– Кеңес өкіметі кезінде қатал саясатқа қарамастан, ұлт өнеріне жанашыр тұлғалардың арқасында домбыра аспабы мен ән-күйлерімізді жаңғыртып, сақтай білді. Cіз атақты күйші-домбырашыларды, композиторларды көріп, осы үдеріске куә болдыңыз. Домбыраның қайта жаңғыруы ұлт аспаптары оркестрлерінің құрылуымен тығыз байланысты. Осы жөнінде айтып берсеңіз.
– Біз консерваторияға оқуға түскен кезімізде жалғыз Құрманғазы оркестрі бар еді. Оны КСРО Халық артисі, профессор Шамғон Қажығалиев басқаратын. Бұл сонау 1934 жылы академик Ахмет Жұбанов он адаммен бастаған оркестр ғой. Ахмет Жұбановтың арманы домбыра күйлерінің унисон орындалуын, табиғи сипатын сақтау болатын. Оркестрде басқа аспаптар, қобыз қосылады, бірақ домбыра күйлері унисон күйінде қалды. «Сарыарқа», «Адай», «Көңілашар», «Балбырауын» сияқты күйлерді оркестр солай орындады. Кейін еуропалық үлгімен гармониялар қосылды, күйлер өңделетін болды. Бұл шығармалар симфониядан кем емес. Мысалы, Алдаберген Мырзабеков өңдеген Ықыластың «Жезкиігі» қандай керемет. Құрманғазы оркестрінің атағы дүркіреп шығуы да осы домбыра күйлерінің арқасы. Бухаресте өткен дүниежүзілік фестивальде Шамғон Қажығалиев басқаратын Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрі Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» деген күй-поэмасын орындап, лауреат атанып келді. Орыс ұлт аспаптары оркестрінен кейін «академиялық» атағын алған да біздің қазақ оркестрі болды. Сөйтіп қазақ күйлерінен бөлек, Бетховен, Моцарт сияқты әйгілі классик композиторлардың симфонияларын шетелдік оркестрлердің деңгейінде құйқылжыта жеткізетін өнер ұжымына айналып, әлемдік деңгейге көтерілді. Қазір мінеки, егемендік алғалы бері әрбір облысымызда бір-екі оркестр, бірнеше ұлттық ансамбльдер бар. Еліміз бойынша жетпіс-сексендей фольклорлық ұжым дәстүрлі өнерді насихаттайды.
– Фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер мен оркестрлер үшін маман даярлау жағы қалай? Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда халық аспаптары мамандығы қашаннан бері оқытылып келеді?
– Біз 1979 жылы консерваторияға түскенде жылына көп болса жеті-сегіз маман бітіретін, оның үш-төртеуі домбырашы. Біз оқуға түскенде Ғазиза Ахметқызының ректор болып тұрған кезі. Халық аспаптары факультеті осы Ғазиза Жұбанованың тұсында ашылды. Сөйтіп, кезінде кенжелеп қалған, ұмытыла бастаған сазсырнай, сыбызғы аспаптары қайта қолға алынып, маман даярлана бастады. Қазір міне осы ұлттық аспаптар жеке факультет аясында оқытылады. Мұның бәрі қуанарлық жағдай.
– Қазіргі уақытта домбыра күйлерінің даму деңгейі қандай? Дәстүр сабақтастығы сақталып отыр ма?
– Домбыраның даму деңгейі өте жақсы. Мен әсіресе жастарға ризамын. Біз енді сонау Құрманғазы оркестріндегі ақсақалдардың көзін көріп қалдық. Лұқпан Мұхитов, Оқап Қабиғожин, Дина Нұрпейісованың таспаларын тыңдап өстік, Қали Жантілеуовтің, Самиғолла Андарбаевтың көзін көрдік, тәлімін алдық. Халық арасындағы күйлерді бізге жеткізген осы кісілер болатын. Міне сол күйлер қазір кеңінен орындалып жүр.
– Ол күйлердің барлығы нотаға түскен бе?
– Кешегі сексенінші жылдарға дейін көп күйлер нотаға түспеді. Баяғы ақсақалдардан қалған әдіспен, құйма құлақпен үйреніп жүрдік. Қазір барлығы нотаға түсірілген, хатталған. Бұл мынау техниканың жетілуіне де байланысты.
– Дәстүрлі күй өнеріміздің сақталуы дәулескер домбырашыларымыздың арқасы екені сөзсіз. Қазіргі уақытта осындай тұлғалардан кімдерді атап айтар едіңіз?
– Ұлтымыздың сан ғасыр бойы жинақтаған рухани қазынасын шашпай-төкпей жеткізіп, дәріптеп жүрген домбырашыларымыз – біздің мақтанышымыз. Бөле-жара айтсам, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біләл Ысқақов, профессор Айтжан Тоқтағанов, Абдулхамит Райымбергенов, Секен Тұрысбеков, кеше ғана Халық артисі атағын алған Айгүл Үлкенбаева, кейінгі буыннан Ерболат Мұстафаев, Нұркен Әшіров, Мұрат Әбуғазы, Арман Жүдебаев, Абылай Тілепбергенов сынды домбырашыларымыз ұлы дәстүрді жалғастырып келеді. Құрманғазы оркестрі домбырашыларының барлығы жоғары деңгейдегі орындаушылар. Мен сондай-ақ заманға сай ізденгіш, дарынды жастарға риза боламын, олардың техникалық деңгейі өте жақсы.
– Кезінде өнертанушы, этнографтарымыз ғылыми экспедициялармен елге шығып, көптеген күйді жинап әкелді. Қазір осындай ғылыми іссапарлар ұйымдастырыла ма? Жаңа күйлер қосылып жатыр ма?
– Консерваторияда фолькорлық кабинет бар, өнер зерттеушілер ел арасындағы бізге жетпеген туындыларды әлі де жинайды. Әйтсе де, бұрынғыдай емес, ауыл-аймақта көненің көзі іспетті ақсақалдар азайды. Енді біз жақын шетелдегі, Түркменстандағы, Өзбекстандағы қазақтар арасында сақталған күйлерді іздестіруіміз керек. Дәстүр-салтымызды бұзбай сақтап отырған өңірлерде жыр күйлері әлі де орындалады. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, біз білмейтін тума талант әнші-жыршы, күйшілердің шығармаларын жинау ісі тоқтамауы керек.
– Халық композиторларының күйлерін негізге ала отырып, композиторлар күй-поэмалар, симфониялар жазды, аспаптандырумен айналысты. Қазір де осындай ірі шығармалар жазылып жатыр ма? Аспаптандыру мамандары жеткілікті ме? «Сазген сазы» ансамблінің репертуарындағы композициялар туралы айтсаңыз.
– Заман өзгерген сайын жаңалықтар да бола береді. Біздің ансамбльдің репертуарында Кенжебек Күмісбеков, Сыдық Мұхамеджановтың үлгісімен жазылған күйлеріміз бар. Тағы бір бағытымыз – халық әндерін өңдеп, аспаптық шығармаларға лайықтап орындау. Көптеген танымал әндерді аспаптық композиция ретінде репертуарға енгіздік, көпшілік қауым сүйсіне тыңдайды. Аспаптандыруға келсек, кезінде консерваторияда бұл пәннен Құддыс Қожамияров, Кенжебек Күмісбеков сияқты үлкен композиторлар сабақ берді. 1985 жылы Шамғон ағамыз «Құрманғазының күйлерін оркестрге түсіріп жүрсің» деп маған да сенім білдіріп, осы оқу орнында аспаптандыру мен дирижерлікті оқытуға шақырды. Содан бері осы іспен айналысып келе жатқан жайымыз бар.
Негізінде әрбір музыкант аспаптандырудан хабардар болуға тиіс, талап сондай. 1990-жылдары бұл сала кенжелеп, оқу орнындағы сағаттар қысқарып қалғаны рас. Жалпы аспаптану, дирижерлік сабақтары барлық музыка колледждерінде жүргізіледі. Белгілі күйші, композитор Ермұрат Үсенов, дирижер Жамағат Темірғалиев ағаларымыз аспаптандырудың нағыз шебері, консерваторияда сабақ береді, шәкірт тәрбиелейді. Жас композиторлар шоғыры қалыптасты, олардың ізденістеріне көңіліміз толады. Атақты композиторларымыз салып берген соқпақ үзілмей, ұлттық музыкадағы сабақтастық осылай жалғасып жатыр.
– Қазақ музыкасының көгіне ғана емес, әлемдік сахнаға жарқ етіп шыққан дара жұлдыз, ұлтымыздың талантты ұлы Димаш Құдайберген концерттерінде әнімен қатар домбыраны ерекше әспеттеп, күй де орындайды. Димаштың әсерімен тіпті шетелдіктер де домбыраға қызығып, үйреніп жатыр. Сіз ұстаз ретінде жастарға сабақ бересіз, олардың қызығушылығы қандай?
– Иә, қазақты дүр сілкіндірген Димаш домбыраны дүние жүзіне танытты, домбырасын тастамай, әлемді шарлап жүр. Әсіресе, Құрманғазының «Адай» күйін тартқанда тыңдарманын қатты ұйытады. «Адай» деген күйдің төресі ғой, өте қиын күй негізі. Консерваторияда оқып жүргенде ұстазымыз Шамғон Қажығалиев «Адайды» бес рет ойнап берген студентті домбырашы деп мойындаймын» деуші еді. Міне, сол күйді Димаш шетелдіктердің алдында тартады, орындау деңгейі өте жақсы. Оған еліктеп, домбыраға құмар балалар қаулап өсіп келеді. Димашымыз тіл-көзден аман болсын деймін.
– Ұлттық домбыра күнін атап өту, киелі аспабымызды лайықты насихаттау үшін не істеу керек деп санайсыз? Бұл біздің ұлттық брендіміз ғой.
– Домбыра күні Астанада, Алматыда жақсы атап өтіліп келеді. Мың адамдық домбырашылар бір мезетте күй тартып, түрлі концерттер ұйымдастырылып жүр. Бірақ бұл мереке тек домбырашылардың концертімен шектелмеуі керек.
Қазіргі жаһандану кезінде ұлттық ерекшелігімізді сақтап қалу үшін домбыраны, ән-күйімізді жастардың жан-жүрегіне жеткізуіміз керек. Қазақ небір қиын заманда, жаугершілікте домбырасын тастаған емес, тастамайды да. Бұл киелі аспап халқымызбен бірге жасай береді. Тағы да қайталап айтамын, «Қазақ – нағыз қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра!».
Сұхбаттасқан
Дина Тазабекқызы
5112 рет
көрсетілді0
пікір