• Мақала
  • 29 Шілде, 2024

Мемлекетіміздің ғылыми-технологиялық саясаты айқындалды

Президент Қ.Тоқаев ғылыми қауым көптен күткен «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға қол қойды. Заңның баптары ғылыми қауымдастық арасында ұзақ уақыт талқыланып, саладағы көкейтесті мәселелердің қамтылуына баса мән берілді. Бұл маңызды құжат ғылымды дамытуға, ғалымдардың жетістіктерін еліміздің игілігіне айналдыруға септігін тигізеді және де ғылыми қызметтің стратегиялық, кәсіби, әлеуметтік мәселелерін шешетін болады. Мемлекетіміздің ғылыми-технологиялық саясатын айқындап берген жаңа заңнама ғылыми зерттеулерді іске асыру мақсатында ғылым мен инновацияларды тұрақты дамытуға ықпал етіп, «Идеядан – өндіріске» қағидасының жаңа тетігін іске асыруды көздейді. Әсіресе, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңда Ұлттық ғылым академиясына ерекше мәртебе берілді. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы «Білім және қоғамды дамыту» орталығының басшысы, PhD Жеңісбек Төлен мырзамен сұхбатымызда жаңа заңнамадағы өзгерістер сөз болды.
 

– Жаңа заңнама ғылымды басқару, ұйымдастыру жүйесіне тың өзгерістер енгізілуімен ерекшеленеді. Соның ішінде отандық ғылымның қара шаңырағы – Академияның орны бөлек. Заңда Ұлттық ғылым академиясына жеке тарау арналған. Жаңа заңнамаға сәйкес, академияның мәртебесі тағы да биіктеді. ҰҒА-ның мемлекеттік ғылыми саясатты іске асырудағы рөлі, құзыреттерінің ұлғаюы және жаңа заңдағы басқа да өзгерістер жөнінде айтып берсеңіз.  
– «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңға сәйкес Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы елдегі бірден-бір жоғары ғылыми ұйым болып бекітілді. Яғни ұлттық ғылым академиясы тәуелсіз әрі жоғары ғылыми ұйым ретінде еркін қызмет атқарады. 
Ұлттық ғылым академиясы жоғары ғылыми ұйым ретінде бірнеше басымдыққа ие болды. Біріншіден, Ұлттық академия мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарына сәйкес ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің, сондай-ақ стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау бойынша ұсыныстар әзірлейді. Екіншіден, Президент жанындағы Ғылым және техника жөнiндегi ұлттық кеңестің қарауына ұсынатын ғылым мен техниканы дамытудың стратегиялық басым бағыттарына талдау жүргiзедi. Үшіншіден, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға ұсынылған ғылыми-техникалық тапсырмаларға сараптама жасайды. Төртіншіден, ғылымның дамуы бойынша форсайттық (болжамдық) зерттеулерді дайындайды және жүргізеді. Бесіншіден, ғылым саласындағы жеке сыйлықтар мен шәкіртақыларға конкурстар өткізеді. Алтыншыдан, ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында ғылыми зерттеулер жүргізеді. Жетіншіден, ғылымды насихаттау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. Осылайша Ұлттық ғылым академиясы экономика мен қоғамның стратегиялық маңызды мәселелерін шешу, ғылыми-талдамалық зерттеулер жүргізу, Қазақстан Республикасындағы ғылымды дамытудың басым бағыттарын анықтайтын бірден-бір жоғары ғылыми ұйым болып отыр. 
– Осы уақытқа дейін ғылыми қызмет нәтижелерін өндіріске енгізу саласында кемшін тұстар көп болғаны белгілі. Жаңа заңнама мемлекеттiк ғылыми-технологиялық саясатты iске асыру үшiн қандай қолайлы жағдай жасамақ? Ғылыми әзірлемелерді нарыққа енгізу жолы жеңілдетілді ме? 
– Осы уақытқа дейін ғылыми зерттеулер нәтижесі өндіріске енбей, тек қағаз жүзінде қалып келгені белгілі. Ғылым бір бөлек, өндіріс саласы бір бөлек жұмыс атқарып келді. Енді жаңа қабылданған заң бойынша, зерттеу университеттерінің жанынан ғылыми орталықтар ашу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау үшін жұмсалған қаражаттың 100%-ына салықтық шегерім жасау ұсынылған. Осылайша бизнес өкілдері ғалымдардың зерттеулерін өндіріске енгізіп, ғылыми орталықтар мен жаңа жұмыс орындарын ашып, бюджетке бұрынғыдан да көп салық төлеуге мүмкіндік алады. 
Жеке компаниялар үшін тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығындар бойынша салынатын салық көлемін 50%-ға төмендету ұсынылған. Кәсіпкерлер немесе ғылыми ұйымдар, не университеттер өздерінің жүргізген ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарын жүргізгенде, бұл бағыттағы шығыстарының 50%-ы салық салынатын табысты айқындау кезінде төмендетіледі. Осылайша ғалымдар өз зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру және ғылыми әзірлемелер мен технологияларды өндіріске ендіруге мүмкіндік алады. Қысқаша айтқанда, осы кезге дейін өнеркәсіп пен өндіріс орындары ғылыми зерттеулер нәтижесіне сүйенбей жұмыс істеп келсе, жаңа заң бойынша өндіріс орындары ғылыми зерттеу институттары мен ғалымдардың ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізгені үшін мемлекет тарапынан қолдауға, яғни салықтық жеңілдікке ие болады. Мемлекет өнеркәсіп орындарының ғылымды қолдауына стимул жасайды. Нәтижесінде ғалымдардың ғылыми зерттеу нәтижелері өндіріске ене отырып, нарыққа шығады.
– «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңмен қатар, басқа да бірнеше заңнамаға ғылымға қатысты өзгертулер енгізілді. Соның ішінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң бар. Бұған дейін ғылыми зерттеу­лер жасауға қажетті тауарларды сатып алу процесі өте күрделі болды, ғалымдар тендерді айлар бойы күтті. Мына заң ғалымдарды бюрократиялық кедергілерден құтқара ма? Ол үшін қандай тетіктер енгізілді? 
– «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң бойынша, енді ғылыми зерттеулер жүргізу үшін қажетті тауарларды, яғни, реактивтер мен қолданылатын материалдарды сатып алу процесі айтарлықтай жеңілдетіледі. 
Сатып алу процедурасы енді бұрынғыдай Мемлекеттік сатып алу заңымен емес, уәкілетті министрліктің (Ғылым және жоғары білім министрлігі) бекіткен арнайы ережесімен реттеледі. Бұл сатып алу рәсімдері енді жалпы бюрократиялық процедуралардан тыс жүзеге асады деген сөз. Яғни ғалымдар зерттеуге қажетті тауарлар мен материалдарды бірнеше сатыдан тұратын процедуралар арқылы, ұзақ уақыт күтпей, тікелей уәкілетті министрлік арқылы ала алады. Бірақ, мұның екінші жағы бар, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыруы мүмкін. Өйткені мемлекеттік сатып алу заңындағы ережелерсіз, бір министрлікке толық беру арқылы бюрократияны азайтып, уақытты үнемдеуі мүмкін, бірақ қаржы бір көзден беріліп, жемқорлыққа жол берілу қаупі бар. Осыған орай цифрландыру арқылы барлық процедураның ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз ету қажет. 
– Ғылым саласында кадр мәселесі өте өзекті. Жас ғалымдарды қолдау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жағынан қандай жағымды жаңалықтар бар? 
– Қабылданған заңда жас ғалымдар мәселесі де қамтылған. Жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау, оның ішінде үш жыл еңбек өтілі бар қырық жастағы ғалымдарды қоса алғанда, жас ғалымдарды жеңілдік арқылы баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бұдан былай жас ғалымдарымыз жеңілдікпен баспана ала алады. Сонымен қатар ЖОО мен ғылыми зерттеу институттары эндаумент-қорының инвестициялық кірісі қаражатынан жас ғалымдарға стипендия төлеу қарастырылған. Кадр саласын дамыту бойынша Заңда қарастырылмаған ең негізгі мәселе – ғалымдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыратын «Ғалым мәртебесі» мәселесі қалыс қалған. Бұл мәртебе ғалымдардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етіп, әлеуметтік қолдаумен қатар, олардың қоғамдағы имиджін арттыруға тікелей ықпал етеді.
– Ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындар арасында байланыс орнату тетіктерінің жақсаруы жөнінде ойыңызды білсек. 
– Заңға сәйкес, ғылымды басқару құрылымы да жетілдіріледі. Мемлекеттің ғылыми саясатын іске асыруға жергiлiктi атқарушы органдар да белсенді араласып, оларға гранттық қаржыландыру түрiнде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi жұмыстарды үйлестiру құзыретi беріледі. Ғылымды дамыту бойынша облыстық әкімдіктерге үлкен міндет жүктеліп отыр. 
Ғылыми ұйымдардың зерттеу нәтижелері кәсіпорындарға тікелей ұсынылып, әрі қарай коммерциялануға не өндіріске енгізуге мүмкіндік алады. Кәсіпорындар кез келген ғылыми ұйым мен ғалымдардың зерттеулеріне негізделген нәтижелерді өндіріске енгізгені үшін мемлекет тарапынан айтарлықтай салықтық жеңілдікке ие болады. Мемлекеттік ғылыми ұйымдарға, мемлекеттік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына, оның ішінде өзге де тұлғалармен бірлесіп, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикада қолдану (коммерцияландыру) бойынша ұйымдар құруға рұқсат етіледі. 
– Заңның 4-тарауының 3-тармағында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы «ғылымды танымал етуге қатысады» деп жазылған. Алдағы уақытта осы бағытта қандай жұмыстар атқарылады? Бұқара қауымға арналған ағартушылық бағыттағы ғылыми-танымдық басылымдар, телебағдарламалар, т.б. өнімдер шығару жоспарда бар ма? Жастарды ғылымға тарту мақсатында қандай іс-шаралар жүзеге асырылады? 
– Бүгінгі күні ғылымды қоғамда насихаттау аса маңызды. Өйткені соңғы отыз жыл бойы мемлекет тарапынан ғылымға мүлдем көңіл бөлінбей, елдегі ғылымның жай-күйі мен халықтың оған деген көзқарасы төмен деңгейге түсіп кеткені белгілі. Осыған орай жұртшылық арасында ғылымды насихаттау, жастарды ынталандыру арқылы ғылымға тарту, қызықтыру өте қажет. Осыған байланысты Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жанынан Жас ғалымдар кеңесінің төралқасы құрылып, оған республика бойынша барлық саладағы ең белсенді жас ғалымдар тартылды. Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Академия Президентінің кеңесшісі қызметін қоса атқара отырып, Академия басшылығына нақты ұсыныстар бере алады. Академияда ғылымның әр бағыты бойынша жас ғалымдардың жұмыс топтары құрылып, ғылымның басым бағыттарын дамыту бойынша өз ұсыныстарын беріп, ғылымды насихаттауға тікелей қатысуға мүмкіндік алды. 
Жас ғалымдарды таныту және ғылымды насихаттау мақсатында академия аясында QazScience подкасты әзірленіп, әр сала бойынша белді жас ғалымдармен сұхбаттар ұйымдастырылып жүр. Сонымен қоса, жас ғалымдардың ғылыми жетістіктері мен нәтижелерін елге таныстыру үшін «QazScience ғылыми семинарлар сериясы» жүзеге асырылады. 
Академиктер сайлауының бағдарламасында да әрбір академикке Қазақстандағы ғылымды насихаттау мен таныту міндеті жүктелген. 

Әңгімелескен 
Дина Имамбай

 

Тақырыпты тарқатады

 

Темірғали КӨКЕТАЙ,физика-математика ғылымдарының докторы, «Ғасыр адамы»:

ҒЫЛЫМ – ҰЛТТЫҚ ДАМУДЫҢ КӨРСЕТКІШІ

Қазіргі заманда өндірістік қуатты сапалы өзгертуде ғылым мен жаңа технологиялардың рөлі орасан зор. Ғылымның дамуы, технологияның үдемелі жаңғыруы әлемнің экономикалық, әлеуметтік дамуының негізгі бағытына айналды. Оның шарықтап дамуы адамзатқа атом энергиясын, ғарышқа енуді, компьютерлендіру, ақпараттандыру секілді ғажайып жаңалықтар әкелді. Ғылым туралы айтқанда, бірінші кезекте іргелі ғылым жайлы сөз қозғалуы керек. Онсыз қолданбалы ғылым болмайды, ол болмаса, технология іске аспайды. Қазіргі кезеңдегі жаңа технологиялардың қайнар бұлағы – іргелі ғылым, ол – халықтың ой-өрісінің деңгейі, ұлттық даму көрсеткіші, экономикалық сипаты. Өркениетті елдерде ғалымдар ең жоғарғы зияткерлік топ болып саналады. Оларға ерекше құрмет көрсетіледі. Сонымен бірге ғалымның еңбегі де өте жоғары бағаланады. 
Дүние жүзінде ғылым екі-ақ жолмен дамиды. Соның біріншісі – академиялық жол болса, екіншісі – университеттік жол. Батыстың Оксфорд, Кембридж сынды білім ордалары университеттік жолмен дамыған. Ал Кеңес Одағы академиялық жолды ұстанды деуге болады. Келместі көксеп, өткенді аңсап отырғаным жоқ. Алайда бұрынғы одақтас елдердің аумағындағы академиялық жүйе өте мықты болды. Соның нәтижесінде КСРО-ның ғалымдары ракетаны алғашқы болып ғарышқа көтерді. Оны дүние жүзі мойындайды. Бұл үрдістен Қазақстан да қалыс қалған жоқ. Физика, химия, биология салаларында отандық ғалымдарымыз кереметтей жаңалықтар ашып жатты. Алайда академия жабылып қалған соң жеткен жетістіктеріміз де, ашқан жаңалықтарымыз да азая берді. 
Қазақстанның ғылымы мен технологиясы, еліміздің экономикасы қарыштап дамитындай, Отанымыздың қауіпсіздігін толық, сенімді сақтай алатындай дәрежеге жету үшін отандық ғылымның дамуына белгілі дәрежеде үлес қосқан ғалым ретінде өз ұсыныстарымды талқыға салуды жөн көрдім. Қазіргі уақытта әлемдегі экономикасы дамыған елдердің аса маңызды артықшылығы – білім, ғылым, жаңа технологиялар. Сондықтан, біздің ел де олардың дамуының жаңа деңгейіне түбегейлі көтерілуі қажет. Ол үшін ел басшылығы жоғарғы мемлекеттік деңгейде еліміздің ғылыми-технологиялық даму стратегиясын (ҒТДС) жасауы керек. Бұл маңызды құжаттың жобасын ғалымдар, ғылыми мекемелер, инженер, технологтар және ғылым жанашырларының қатысуымен егжей-тегжейлі кеңінен талқылағаннан кейін Президент бекітіп, қабылдауы қажет. Осындай ҒТДС стратегиясын әлемнің дамыған елдерінің (АҚШ, Жапония, Қытай, Еуропа елдері және т. б.) бәрі қабылдаған. Бұл елдердің ғылыми-технологиялық даму стратегиясы өзінің маңыздылығы жағынан мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясымен бір деңгейде тұрады. 
Ғалым ретінде айтарым, еліміз қуатты мемлекет болсын десек, ең алдымен білім-ғылымға деген көзқарас өзгеруі керек. Білім-ғылымсыз қандай ақша, байлық болса да өреміз өскен өркениетті ел бола алмаймыз. Ата-бабаларымыздың қалдырған байлығы бір мемлекет емес, бірнеше мемлекетке жетеді. Бір ғана мұнайдың өзі неге тұрады?! Қазақтың жерінде Менделеевтің кестесіндегі барлық элемент кездеседі. Бұл – қазақтың маңдайына біткен байлық. Міне, осыларды игеріп, халықтың игілігіне жарату үшін ғылымды дамыту керек.

 

 

Махмұд Садыбеков,Математика және математикалық модельдеуинститутының бас директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі: 

ЖАСТАР ҒЫЛЫМДЫ ТАҢДАЙТЫН УАҚЫТ КЕЛДІ  

Қазіргі уақытта қоғам ғылымның пайдасын, қаражаттың қайтарымын көп сұрайтын болды. Олардың кейбірі ғылымның не екенін түсінбейтіні рас. Ғылым дегеніміз барлық саланың негізі, базасы. Мәселен, өндірістен бір затты шығару үшін ғалымдардың негіздемесіне жүгінеді. Өйткені ғалымдарда терең білім бар. Олар өндірісте, экономикада және барлық салада қолданбалы міндеттерді шешуге көмектеседі. Ғылымиқамтымды экономика деген осы. Әлем бойынша қолданбалы инженерия бағытының алдыңғы қатарда тұруы да сұраныстан туындап отыр. Енді бізге деңгейі жоғары, өндірісте туыңдаған сұрақтарға тыңғылықты жауап бере алатын ғалымдар көптеп қажет. Өндірісті дамыту үшін ғылымның өзін дамытуымыз керек. 
Ғылым және технологиялық саясат туралы заңда ғылымды дамытуды ынталандырудың мемлекеттік шаралары қабылданды, ғылымға қатысты бірқатар заңнамаларға тиісті өзгертулер енгізілді. Атап айтатын болсақ, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға тапсырыс берген кәсіпорындарға көмек ретінде салықтық жеңілдіктер мен салықтық шегерімдер берілетін болды. Заңда осы тектес жақсы жаңалықтар көп. Ғалымдардың көптен бері айтып жүрген бірқатар мәселелері шешімін тапты.  
Заңда жас мамандарды қолдауға, шетелде тағылымдамадан өтуіне айрықша мән беріліп жатыр. Біздің институтта математикадан PhD қорғаған жастар бар, олар ағылшын тілін жақсы біледі, шетелдік беделді университеттерде оқыған. Әлемде математика бойынша қандай проблемалар бар, өзекті мәселелер неде, соның бәрінен хабардар. Көшбасшы ғалымдарды таниды. Жалпы жастардың шетел көруі өте маңызды әрі қажет. Олар білім алумен қатар, дүниежүзілік мәдениетпен танысады, дамыған елдердің жетістігін көріп, көкжиегі кеңейеді, көзқарасы өзгереді. Атақты профессорлардың дәрісін тыңдайды, кітапханаларға барады. Сондықтан жастарды қолдау үшін шетелде оқуға бөлінетін қаражатты ұлғайту керек.
Тағы бір мәселе, еліміздегі ірі қалаларда деңгейі жоғары ғылыми қауымдастық бар, бірақ өңірлерде сапалы мамандар жетіспейді. Докторантурада оқитын ізденушілерге ғылыми орта қажет, ғалым болу үшін ол осы атмосфераға енуі керек. Оларға бағыт-бағдар беретін терең білімді ғылыми жетекшілер көп емес. Сондықтан біз Алматы мен Астана қалаларында ғалымдарға арналған жатақхана салуды көптен бері айтып келеміз. Ғылыми конференцияларға, семинарларға өңірлерден келетін жас ғалымдар, докторант ізденушілер осындай жатақханаларда жатып, алаңсыз зерттеулерімен айналысатын болады. Әрі ғылыми орта қалыптасады, әріптестерімен танысады, ұстаз табады. Бұл енді салалық министрлік шешетін мәселе.
 Ғалымдарды даярласақ, ғылым да дамиды. Ғылыммен белсенді түрде айналысатын адамдардың қатары көбеюі керек. Мәселен, қазір университеттерде ғылыми дәрежесі бар оқытушылар көп, бірақ әлемдік беделді журналдарда жарияланатын мақалалар саны жеткіліксіз. Бұның бір себебі ЖОО-ларда оқытушыларға артық жүктеме, қағазбастылық көп. Мұның бәрін азайтып, ғылымға қойылатын талапты күшейткен жөн. Сонда университеттердің рейтингі де көтеріледі. 
«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға енгізілген өзгерістерге келсек, қазір бұрынғыдай екі микроскоппен зерттеу жүргізетін заман емес, ғалымдарға арнайы құрал-жабдық, зертханалар қажет. Ондай зертханалар болмаса, шетелде оқып, озық зертханада жұмыс істеп келген жас ғалымдарға қиын. Дегенмен, заңның бұл тұсын әлі де жетілдіріп, қаржыландырудың басқа да түрлерін енгізу керек. Өйткені бұл қаржыны көп қажет ететін сала.  Елімізде ғылымға көзқарас өзгеріп жатыр, ғылыммен айналысудың, ғалым болудың беделі де өсуде. Математиктерімізді шетелге тәжірибе жинақтауға жібере бастадық. Енді маман тапшылығы да біртіндеп шешіледі деген сенімдеміз. Математика мамандығын алған жастар қаржы саласын емес, ғылымды таңдайтын уақыт келді. Бұл нағыз шығармашылыққа жақын сала. Институтымызда қызмет атқаратын талантты математиктеріміз – Нұрғиса Есіркегенов «Scopus Awards 2023» Халықаралық сыйлығының лауреаты атағын алды, Дурвудхан Сұраған жуырда   Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. Олар біздің институтта ғылыммен айналысатынын мақтан тұтамыз. Бауыржан Дербісалы, Нияз Тоқмағамбетов, Қанат Төленов сияқты жас ғалымдарымыз Барселона, Гент университеттерінде тағылымдамадан өтіп жатыр. Міне, осындай жас буын өсіп келеді.  
Әлемдегі ең ірі мультидисциплинарлық рефераттық SCOPUS базасында математика бойынша мақалалар санының артуы ғалымдарымыздың әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Ғылымға көзқарас жақсарған сайын, ғылымның да беделі көтеріледі. 

 

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ,Парламент депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің төрағасы:

                ӘКІМШІЛІК КЕДЕРГІЛЕР АЗАЙДЫ 

Мемлекет басшысы қол қойған «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда менің де бірнеше авторлық түзетуім бар. Ең маңыздысы – енді ғылыми зерттеулер жасау үшін қажетті тауарларды, мысалы, реактивтер мен жұмсалатын материалдарды сатып алу процесі айтарлықтай жеңілдетіледі. Бұл сатып алу  рәсімдері енді жалпы бюрократиялық процедуралардан тыс  жүргізіледі. Осы уақытқа дейін бұл процесс өте күрделі болды. Зерттеулерге қажетті материалдарды алу үшін өтініш кафедра меңгерушісінен бастап декан, проректор және мемлекеттік сатып алушыға дейін көптеген инстанциялардан өтеді, одан кейін тендер жарияланып, ол айларға, тіпті  жылдарға созылады. Ал ғылым үшін әрбір күн маңызды. Енді жаңа түзету – бюрократиялық кедергілерден құтылуға мүмкіндік береді. Сатып алымдар уәкілетті министрліктің бекіткен арнайы ережесімен реттеледі. Бірақ, бұл   мәселені шешкенде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің де алдын алу мәселесін қарау керек. Бұл талап ашықтық пен цифрландыру арқылы орындалатын болады. Енді әкімшілік кедергілер азайып, ғалымдар  зерттеулерді жүргізу үшін ресурстарды күтуге көп уақыт жоғалтпайды, тек инновациялар мен ғылыми ізденістерге назар аудара алады. 
Президент Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы Заңға да қол қойды. Бұл заңда депутаттар дайындаған түзетулер бар. Мақсат –  кәсіпкерлердің ғылым саласына инвестиция жасау белсенділігін арттыру, зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізуді ынталандыру. Жаңалықтарға келсек, зерттеу университеттерінің жанынан ғылыми орталықтар ашу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындау үшін жұмсалған қаражаттың 100%-ын салықтық шегерімге жатқызу ұсынылды. Осылайша бизнес ғалымдарымыздың зерттеулерін өндіріске енгізіп, ғылыми орталықтар мен жаңа жұмыс орындарын ашады, олар бюджетке одан да көп салық  төлеуге мүмкіндік алады. Жеке компаниялар үшін тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығыстар бойынша салық салынатын сома 50%-ға төмендетіледі. Кәсіпкерлер немесе ғылыми ұйымдар ғылыми-зерттеулер, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізгенде, бұл бағыттағы шығыстарының 50%-ы салық салынатын табысты айқындау кезінде төмендетілетін болады. Заңнамаларда ғылымға қатысы бар қауымды қуантатын осындай оң, қажетті жаңалықтар бар.   

3302 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз