• Мақала
  • 26 Тамыз, 2024

Қатпары көп сырқат

Назым ДҮТБАЙ,

«Aqiqat»

«Тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады», – бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан сөзі. 
Бұл сөйлемдерді қағаз бетінен, веб-сайттардан оқығанда немесе теледидар мен ютуб арналардан тыңдағанда күнделікті тұрмыста кездеспейтін, басқа жақта болып жатқан жайттар секілді болатыны рас. 
Алайда, осы бір құмарпаздық деген сырқатқа шалдығып, берекесі кетіп, жан-жағындағы жақындарын да, өздерін де ит әуреге салған жандармен сөйлескенде бұл сөйлемдердің айна-қатесіз шын екенін түсінесіз. Лудоманияға шалдыққан жандардың жақындарының қаншалықты қиналғаны, қаншама адамның шарасыз күй кешіп жүргені көз алдыңызға келеді. 
Біз лудоманияға шалдыққан жандардың мәселесіне үңілу үшін Алматы қаласында орналасқан Family rehab оңалту орталығына бардық. Орталық директоры – психолог Тәжікенов Бекет Елтайұлы. Оңалту орталығында 10 жылдық тәжірибесі бар маман, бір жыл бұрын жеке оңалту орталығын ашқан. Бекет Елтайұлының айтуынша бір жыл ішінде орталыққа лудомания бойынша емделуге келген жандардың 70 пайызы оңалу жолына бет түзепті. 
 

 

Лудоманияға шалдыққандар әккі «актерлер»

 

Лудомания, нашақорлық, маскүнемдік секілді сырқаттарды мамандар бір-бірінен бөліп қарамайды. Олардың барлығын бір атаумен тәуелділік деп атайды. Ал тәуелділікті зерделейтін маман – психолог-аддиктолог. Тәуелділік психологиясы немесе аддиктология (ағылшын тілінен addiction – жаман әдет, тәуелділік) – жаман әдеттердің қалыптасуы мен одан арылу жолдарын зерттейтін медициналық психологияның бір саласы.

Family rehab орталығының маманы психолог-аддиктолог Ольга Ивановна (суретте) «Тәуелділік – биологиялық, психологиялық, әлеуметтік және рухани сырқат», – дейді. «Сезімдері (эмоциялары) тұншыққан, жаны жараланған адам өзін қалай жұбатарын білмегенде тәуелділікке ұрынады. Жанын аурудан қорғаймын деп, әйтеуір бір нәрседен ләззат алуға тырысады. Тәуелділік латын тілінде ләззат алу дегенге жақынырақ, яғни жанын ауыртпайын деп қорғанған адам бірдеңеден ләззат алып, түбі соған байланады. ТМД елдерінде тәуелділікті түр-түрге (лудомания, нашақорлық, маскүнемдік) жіктеп бөлек қарастырады. Анықтамасы әртүрлі болғанымен тәуелділікке душар болған жандардың бәрі – сырқат. 
Ләззат алу, рахатқа бөлену деген мәселен, бір адам өзі ұнатқан ісінен ләззат алады, онысы жан-жағына, өзіне еш зиян тигізбесе хобби. Ал егер өзіне де, жан жағына да зияны тисе, тәуелділік. 
Тәуелділікке душар болған адамның бір өзін емдеу жеткіліксіз. Себебі ол отбасылық сырқат, туу себебі де сол жерде, зардабын тартатын да отбасы мүшелері. Сырқатқа шалдығу себебі 33,3% отбасында, 33,3% біздегі емделушіде, 33,3% жүрген ортасында, 0,1% біз сенетін құдіретті күште жатыр деуге болады. Одан жазып шығаратын сиқырлы дәрі жоқ, оны емдеу тым ұзақ болатыны сонша, кейде бір адамның өміріне татуы мүмкін. Бұл сырқаттан әйел адамдардың айығуы ерлерге қарағанда қиын, себебі әйелдер сезіммен, ерлер логикамен өмір сүреді. 
Сырқаттан жазылу тәжірибесіне келсек, Еуропа елдерінде адам тек 5 жылдан кейін ғана толық жазылады деп саналады. Бірақ одан кейін де, ем-шара тобына келіп-кетіп, әрқайсысы өзінің сырқатына қарай (лудоман өзінің, нашақор өзінің, маскүнем өзінің) тағайындалған ем-шараны жалғастыруы қажет. 
Нашақорлық пен маскүнемдікпен салыстырғанда лудомания қатпары көп сырқат. Алдыңғы екеуін нақты көріп, ұстай аламыз. Ал лудоманияға шалдыққан жанның бойындағы гормондық ауытқулардың ұшығын табу өте қиын. Лудоманияға шалдыққан жандар әккі «актерлер». Олар адамдарды оңай арбайды, өте жақсы пайдаланады. Менің тәжірибемде бір жігіт өзінің үйін бәске тігіп жіберген, ал ішінде мүгедек әкесі жатқан. 
Бұл сырқат неге бұрын аз, қазір көп дегенге келсек – жауапсыздық, не істесем де өзім білем деген шектен тыс еркіндік (вседозволленность). Бұрын адамдар ертеңіне сенетін, қазір өкінішке қарай, ештеңеге сенбейді. Ата-аналар үнемі жұмыста, балалар қараусыз. Ми бос, аса ойланудың қажеті жоқ, тек қолыңыздағы смартфонды екі саусағыңызбен бассаңыз болды. Мидағы нейрондар бір-бірімен түйіспейді. Түйіспеген соң гормондар түзіліп шықпайды. 
Бір тетікті бассаң шағын несие алдың да рахатқа баттың, эндорфин (Эндорфиндер – ағза табиғи ауырсынуды басатын құрал ретінде пайдаланатын 20 құрылымдық ұқсас пептидтік гормондар тобы) бөлінді. Еңбек етпей, еш ойсыз эндорфин гармонын бөліп шығару тәуелділікке алып келеді».
Ольга Ивановнаның тәжірибесінде тәуелділіктен бір отбасын арылтуға бес жыл кетсе, екінші отбасын қалыпты ортаға оралтуға жеті жыл кеткен екен. 
Біз барған тәуелділіктен емдеу орталығында емдеу шаралары кезең-кезеңмен жүреді. Әр кезеңнің түрлі жаттығуы, түрлі тапсырмасы бар. Емделушілер әлеуметтен оқшауланады, қарапайым телефон ұстайды. Емделу кезеңінің белгілі бір сатысында үйіне барып келуге рұқсат алады. 

Анама хат жазып  отырып жыладым

Емделушілердің бірі, жасы отыздан асқан Серік қазір үйге барып келуге болатын кезеңде, бірақ сенсорлы смартфон ұстауға рұқсат ететін кезеңге жетпеген. Грек-рим күресінен спорт шеберіне үміткер. Әңгімесін «Бәрі мектепте оқып жүрген жылдары кез келген дүкенде тұратын  ойын аппараттарына 50 теңге салып көрейін дегеннен басталды», – деп бастады. 
«Шыны керек, «Жолым бола ма көрейін?..», дегеннен басталды. Үнемі шығатын, 50 теңге салып 500 теңге ұтып аламын, 500 теңге салып 1000 теңге ұтып аламын. Дәл осы ұтыс еліртіп жіберді, тіпті дүкенге барғанда не үшін барғанымды ұмытып, сол аппаратқа жабысып қалатынмын. Зат алып келуге берген ақшаны ойынға салып, заттарды қарызға жаздырып ала саламын, сосын ұтып алған ақшадан төлеймін, деген ой тұратын. Қазір ойлап отырсам, сол кезден бастап ойынға байланыппын. Осы орталыққа келгенше өзімді тәуелділімін деп есептеген емеспін. Жаман әдеттің бәрін бойыма сіңірдім. Мұндағы ем-шара барысында «айырылу» (потерия) деген тапсырма бар. Оның ішінде «Осы орталықтан не күтесің?», – деген сұрақ бар. Оған кейбір адамдар әншейін жаттанды жауап жаза салады. Мамандар шын ниетімен жауап жазсаңыздар, жауап емделуге көмектеседі, деп түсіндірді. Жазған кезде ішіңнен тәубеңе келіп, шын ойыңды жазасың. Бірақ сол жазғаныңды 10-15 адамнан тұратын шағын топтың алдында оқығанда ғана жазғаныңды шын түйсінесің. Жылайсың, бойың шымырлайды. 
Әкем 1,5 жасымда қайтыс болды, шешем жалғыз өсірді. Қазір бір оқиға есіме түсіп отыр. Бір күні дос баламның туған күніне екі мыңнан ақша жинадық. Шешем қатарымнан қалдырғысы келмей екі мың теңге берді. Ал мен оны ойынға салып көбейтіп, үстінен үш мың қосып, бес мың етіп апарғым келді. Балалар қосқан ақшадан көбірек ақша апарып, іштей масаттансам, менің көп ақша алып барғаныма достарым қуанса содан рахат алдым. Әрине, ұтылған кездер де болды. Ондай кезде балалар өздерімен өздері жүріп, маған жеткілікті көңіл бөлмей қалса, сол ауыр тиетін. Ақшам болса, маған көп адам көңіл бөледі, дос болғысы келеді, деген ой болатын. Қазір ойлап отырсам, еңбек сіңіріп таппаған соң ол ақшаны шешеме бере де алмайтынмын. Өзіме ғана жұмсау керек болғасын ішуден бастадым. Ішесің, кешке қол бостықтан балалармен жиылып отырасың, соңында төбелес болады. 
– Спортшыларда ерік-жігер мықты болады ғой. Сонда сіз тәуелділіктен өз еркіңізбен арыла алмадыңыз ба? 
– Ішсем де, ойнасам да дайындықтан, спорт залдан қалған жоқпын. Спортшы болғасын жиі төбелестім, салдарынан көп зақым алдым, басым жиі ауырды. Сол ауруды басамын деген сылтаумен тәуелділікке ұрындым. Біртіндеп ауыр түрлеріне өте бастадым. Соның бәрі адамның түбіне жетеді екен. Кезінде кез-келген адамға күшім жететін мен, шөп қабылдап жүргенде буын-буыным әлсіреп, біреу мені қорлап тұрса да жауап бере алмайтын деңгейге түстім. 
Сосын әпкелерім осы жүргенің жетер, үш балаң бар, шешең бар, есіңді жый деді. 
Қазір Құдайға шүкір, осы орталықта жүргеніме үш ай болады. Екі ай үздіксіз ем-шарадан соң, үшінші айдың бірінші аптасында қатаң тапсырмалармен үйге жіберді. Барып келдім. Шешеммен, әйеліммен, бала-шағаммен қауыштым. Ашылып сөйлестік. Әпкелерім, ем-шара бағдарламасын әрі қарай жалғастыра бер, өзің сол жерде қалып жұмыс істе, деп ақыл айтты. Бір-екі күнде үйге тағы барамын. Өткенде барғанда көршім, бірге өскен досым шөп ұсынды. Еш ашу шақырмай бас тарттым. Ұсынған затын лақтырып, төгіп тастауыма болушы еді. Бірақ сол үшін ұрыс-төбелес шығады ғой, деп ақырын ғана бас тарттым. Түсіндіріп айттым. 
– Осылай жауап қата алғаныңызды белгілі бір деңгейде жетістік деп санайсыз ба? 
– Ол дәл сол кезде маған «өзінше болып қалды» деп ренжіп қалды. Дегенмен, сондай жетістікке жеткеніме іштей қуанып тұрдым. Ол жетістік осындағы бағдарламаның барысында «үйренген қауіпсіз аймақты қалыптастырып алу» тәсілінің арқасы. Алға жылжу бар. Мені жаман жолға түсіруге ықпал ететін адамдарды өзімнен алыстата алдым.
– Бұрынғы Серік бақыт деп түсінген нәрсе мен қазіргі Серік бақыт деп танитын нәрсенің арасында айырма бар ма? 
– Қазіргі бақытым – санама сәуле түсе бастағандай. Үйленген кезде, ұлдарым дүниеге келгенде де ол қуанышты дұрыс сезінген жоқпын. Ұлдарымның күлкісін де, алдымнан «папа» деп шыққанда да ештеңе сезбейтінмін. Қазір үйге барғанда есікті ашып, алдымнан «папа» деп жүгіріп шыққанда тебіренетінім сонша, жүрегім елжіреп кетеді. Сол үшін де үйге баруға асығамын. Шешеммен де әңгімем басқаша. Бұрын да сөйлестім ғой, бірақ қазіргідей шынайы емес. 
Шешем екеуміз бес жыл үй салдық, ол кісі «осының барлығы сенікі, сенің бала-шағаңдікі» десе оны да еш сезінбейтінмін. Қазір Құдайға шүкір, шын түсінем. Осындағы ем-шара бағдарламасының аясында анама «Анашым, кешіре гөр, мен үшін жылаған түндер мен ағарған шашыңыз үшін мені кешіре гөр!», – деп хат жазып отырып жыладым. Үйге барғанда хатты анама бердім. Ол кісі «Хатыңды оқыдым, саған сенем, сенімді ақташы, адам болшы?!», – деп айтты. Құдай қаласа, анамның сол сенімін ақтауға күш саламын. 

Ойынқұмарлық өтірікші етеді

Біз әңгімелескен келесі адам Фархат Төлеуғалиев. Айтуынша, орталықтағы ем-шара өткізетін мамандардың көбі тәуелділікке шалдығып, айыққандар. Олар алғаш ем алуға келіп, кейін өзі секілді сырқат жандарды емдеуге кіріседі екен. Біз Фархаттан «Орталыққа келгенде не түсіндіңіз?», – деп сұрадық. 
– Шыны керек, мұнда алғаш келгенде қалғым келген жоқ. Сыртта жүріп, жұмыс істеп ақша тауып жүре бергенді оңай көрдім. Бірақ ойлана келе қиын болса да, қалайын деп шештім. Мұнда түрлі тапсырмалар орындаймыз. Лудомания – ең алдымен иллюзияға берілу, яғни соқыр сенімге алдану. «Бір рет қана ойнаймын, бәсті көтеріп қомақты ақша ұтамын, сосын қоямын», – деген соқыр сенім. Көбі солай ұрынады. Оған қоса минимализация деген бар. Аз ғана ақша қоямын, ештеңе жоғалтпаймын, түк етпейді, ешкім зардап шекпейді, деген ұшқары ой билеп алады. Бұл орталық маған қарапайым құндылықтың, қарапайым бақыттың бағасын ұғындырды. Жәй ғана дастарханда отырып әңгімелесудің бағасын түсіне бастадым. 
– Бәс тігіп, ойын ойнап жүргенде сіз үшін ойнау, ойнау арқылы ақша табу ғана бақыт болды ма? 
– Иә. Ол да иллюзиядан туған екен. Қарапайым мысал, мамам үйде ақша әкеледі деп күтіп отырады. Мен оны ұттырып жібергем, сөйте тұра ішімнен жаман ойым болған жоқ қой, ақшаны көбейтіп, көмектесейін дедім ғой, деп өзімді ақтаймын. 
– Ойынқұмар адамның өтірік айтатыны қалыпты нәрсе болып тұр ғой?.. 
– Міндетті түрде. Онсыз болмайды. Бұрын мен ойнай бастағанда ойындар телефонда емес, компьютерлік клубтарда болатын. Көп уақытың сонда өтеді, үйге келгенде шешеңе «анда болдым, мұнда болдым» деп өтірік айтасың. Бұл бір өтірік. Анам жалғыз өсірді. Сауда жасайтын. Қалтамда ең жоқ дегенде 1000 теңге болатын. Тауардың біразын маған сатуға береді. Бірақ менен есеп сұрамайды. Тауар сатқан ақшаны бірден ойынға тігетінмін, ол екінші өтірік. Солай-солай жалғаса берді. 
– Жағдайларыңыз жаман болмапты, сауда жүрген жерде ақша бар болатыны анық. Сонда не үшін ойнадыңыз? 
– Ең басында жәй ғана ақша саласың, бір тетікті бассаң ақша ұтып алатын аппаратқа 20 теңге салып, 700 теңге ұтып алдым. Содан бастап «жолы болғыш адаммын» деген ой санама сіңіп қалған-ау?! Мектепте спорт жағынан да, білім жағынан алда жүретін едім, осындай ойындардан да алда жүруім керек деп ойлаған болуым керек. Достарымызбен жиылып барғанда көп ақша тігіп, көп ұтып алып, көзге түсіп, мақтанғым келген секілді. Қазір ғана осы ой басыма келіп отыр. Ортамнан ерекшеленгім келген екен. 
Аппараттарды жауып тасаған кезде, кеңсеге барып 35 мың тігіп, 80 мың ұтып алдым. Осыдан соң тоқтамадым.
– Өзіңіздің сырқат екеніңізді қашан мойындадыңыз?
– Тәуелді екенімді 2013-2015 жылдары түсіндім. Бірақ, одан өз күшіммен бірте-бірте арыламын деп өзімді алдап жүрдім. Оның үстіне, ойнағым келіп ойнап жүргем жоқ, қарыздарымды жабу үшін ойнап жүрмін, бұл матчты анық көріп тұрмын, сөзсіз ұтамын, деген ой болатын. Ондай жағдай өте көп болды. Ұтылсам да, қай жерде қателескенімді білдім, енді ондай қате жібермеймін, деп те өзімді алдадым. 
– Қазір қолында телефоны бар кез келген жасөспірім, кез келген уақытта ойнап бастап кетуі мүмкін. Оларды қалай тоқтатуға болады деп ойлайсыз?
– Негізі жақсы әрі қиын сұрақ екен. Қазір букмекерлік кеңселерді жауып тастады ғой, ол да жақсы болды. Бірақ барлығы смартфонда. Оған тосқауыл болу отбасынан басталады. Ұл бала баршылықты көтере алмайтын секілді. 
Ондай жасөспірімді көрсем, «бұдан ешкім табыс таппайды» деп айтар едім. Керісінше айналасын күйзелтіп, өзін де, өзгені де күйретеді. Денсаулық кетеді, психология бұзылады. 
Жаныма қатты батқан кез артымнан ерген інімнің келіншегі босанып, жаңа пәтеріне кіріп жатқан уақытта болды. Оларға беремін деп 350 мың теңгемді алып, түнделетіп Алматыға жеткеніммен, үйге бармай букмекерлік кеңсеге түнгі 02.00-де кіріп, таңғы 09.00- да 5000 теңгемен шықтым. Барам деген ой жоқ еді, қалай кетіп қалғанымды білмей қалдым. Үйге барып, анам мен келінді көріп, олар күтіп отырған ақшаны бере алмай, қарыздарымды қайтардым деп өтірік айттым. Арасында ұялғаннан Семейге кетіп қалсам деген ой да тұрды. Шешем, ең болмаса келінге көрімдік бер, дегенде қатты ұялдым. Менің осы әдетімнің кесірінен анамның денсаулығы кетті, жүйкесі тозды. Бәс тігуден тапқан ақшамның ешқайсысына не киім, не зат алмадым, тек қыдырдым. Көзге көрінетін ештеңем болған жоқ. 
Қазір бір жылға жуықтап қалды ақша тігіп жүргем жоқ. Оның алдында да аз ғана ақша қойып жүргем. 
– Өтірікті де аз айтатын болдыңыз ба?
– Қазір өтірік айтпауға тырысамын. Мүлде айтпаймын деп айта алмаймын, арасында айтып қалатын шығармын. Бұрынғыдай көп айтпайтыным шын, себебі ойын ойнамаймын ғой. Ойын ойнамаған соң өтірік айтудың да қажеті жоқ. 
– Сол кездегі қылықтарыңыз еске түскенде не ойлайсыз? 
– Не деген жауапкерлішігі жоқ адам болғам, деп ойлаймын.
– Анаңыздың денсаулығы қалай? 
– Құдайға шүкір жақсы. Қазір мен 12 қадамдық ем-шараның бірінші қадамын аяқтап қалдым. Мұнда 12 қадамдық ем-шараны тәмамдаған адамдар да бар. 
– Тәуелді екеніңді мойындау одан арылудың алғашқы шарты дегенге келісесіз бе?
– Келісемін. Мойындамасаң ем де қонбайды, күрес те нәтижесіз.
                         

 ***

Орталықтан шыға бере жоғарыда Мемлекет басшысы айтқан «Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер», – деген сөздің шын екенін тағы ойладық. Жер шарын мекен еткен адамзат, оның бір бөлшегіндегі қазақстандықтар бейбіт күнде өте құйтырқы, ұшығын ұстатпайтын биологиялық, психологиялық, әлеуметтік және рухани сырқат – лудоманиямен бетпе бет келді. Оған қарсы тұруда тастай берік ерік-жігер, терең білім қажет-ақ!.. 

1713 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз