- Мақала
- 26 Тамыз, 2024
ӘЛЕУМЕТТІК МАСЫЛДЫҚ ҰЛТ ДАМУЫН ТЕЖЕЙДІ
Дина ИМАМБАЙ,
«Aqiqat»
Еліміздегі барлық өзгерістердің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатының жақсаруы, мемлекеттің өркендеуі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауларында еліміздің баға жетпес байлығы адамдар екенін айта келіп, алға қарай серпілу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын барлық нәрседен арылу маңызды екенін атап айтқан болатын. Соның ішінде әлеуметтік масылдық мәселесі де бар.
Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялаған елдердің санатына кіреді. Әлеуметтік мемлекеттің негізгі идеясы – әрбір азамат мемлекеттің қорғауында болуға тиіс. Еліміздің әлеуметтік саясаты адамға бағытталған модельді білдіреді және ұзақ мерзімдік сипатқа ие. Әлеуметтік саясат азаматтарды іргелі құқықтарымен қамтамасыз етеді. Бұл тұрғыда көп балалы отбасылар, жалғызбасты ата-аналар, мүгедектер, қарттар сияқты қоғамның осал топтарын қамту өте маңызды.
Әлеуметтік кодекстің 3-бабында әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясат адам мен азаматтың тең құқықтылығы және олардың құқықтарын шектеуге жол бермеу; алдын алушылық; атаулылық, қолжетімділік және сараланған тәсіл қағидаттарын басшылыққа алатыны жазылған. Осы Кодекске келтірілген санатқа жататын адамдардың жеке-дара айқындалған тобы мемлекет тарапынан қорғалады. Әлеуметтік қорғау шаралары азаматтардың еңбекке қабілетсіздігі, оның себептері мен дәрежесі, әлеуметтік қорғауды қажетсінуі ескеріле отырып беріледі. Мәселен, тұрғындардың белгілі бір топтары, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік жағынан қорғалып, арнайы жәрдемақылар алады, мемлекет қорынан баспанаға ие болады. Мұндай көмек жүйелі түрде жүргізіліп отырады, жәрдемақы көлемі инфляцияға қарай үздіксіз көтеріліп отырады. Мәселен, 2023 жылы атаулы әлеуметтік көмек 98,8 мың отбасындағы 517,9 мың адамға тағайындалған. Бұл мақсатқа бюджеттен 67,3 млрд теңге бөлінген.
Осы ретте, мүмкіндігі шектеулі, ерекше қажеттілігі бар, осал топтағыларға арналған әлеуметтік қолдау мақсатты түрде іске асырылуға тиіс екені белгілі. Алайда, кейбір азаматтардың мүмкіндігі бола тұра масылға айналуы, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды саналы түрде жеке басы үшін пайдалануы да кездесетін жайт. «Мемлекет өлтірмейді» деген ұстаныммен еңбек етуден жалтарып, балалардың жәрдемақысымен ғана күн көретін, оны мақсатты жұмсамайтын отбасылар бар. Мұндай көзқарас жастардың санасына кері әсер етіп, құндылықтар жүйесінің дұрыс қалыптаспауына әкеп соғуы ықтимал екенін жоққа шығаруға болмайды.
Әлеуметтік масылдық дегеніміз толығымен мемлекет тарапынан берілетін көмекпен күн көру, басқа табыс көзін іздемеу, одан бас тарту. Мұндай масылдық көзқарас посткеңестік елдердің азаматтарында жиі кездеседі деген пікір бар. Ол кезеңде «мемлекет міндетті» деген қағидамен тіршілік кешу, бір жұмыс орнында тапжылмай жылдар бойы істеу, тұрақтылықтан айырылмауға тырысу секілді көріністер көпшіліктің бойына сіңіп кетті. Сондықтан да қазір әлеуметтік жәрдемақы мөлшері көтерілген сайын «бұл масылдыққа әкеп соғады, еңбекке деген ынтаны төмендетеді» дейтін қарсы пікірлер кездеседі. Олар «балық берме, қармақ бер» деген ұстанымды басшылыққа алады. Бірақ, әлбетте, масылдық пиғылды өршітпейміз деп, шынайы мұқтаж адамдар зардап шекпеуге тиіс. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов масылдық пен еңбек адамының арасын ажырата білу керегін айта келіп, былай деген еді: «Мен өңірде қызмет істеген кезде жұмысқа ынтасы жоқ адамдарды көп кездестірдім. Көбіне атаулы әлеуметтік көмекке иек артып алған. Соған телміріп отырғанын да көрдім. Соған қарнымыз ашатын сол кезде. Олармен талай сөйлестік. «Егер мен жұмыс істесем кірісіміз көбейіп, әлеуметтік көмектен айырылып қаламыз ғой» деген әңгімені айтқан азаматтар да болды. Енді біз осы психологиядан арылуымыз керек. Еңбек адамдарын құрметтеуіміз керек. Бізде жұмыс жоқ емес, бар. Оған ынта керек. Мамандық алу керек. Соған адам өзі әрекеттенуге тиіс».
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдолдың пікірінше, елде тұрғын үй кезегіне тұрушылардың көбеюі масылдық көңіл-күйдің белең алғанын көрсетеді. Соңғы 10 жылда кезек 6 есеге ұлғайған. «Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, өзара іс-қимыл аясында тұрғын үйге мұқтаж ретінде қолданыстағы кезек тізімінде тұрған азаматтардың заң талаптарына сәйкестігін саралады. Аталған сараптама деректеріне сәйкес, мынадай келеңсіздіктер анықталды: кезекте тұрған 96,1 мың адамның соңғы 5 жылда баспанасы болған. Жалпы, 647 мыңға жуық кезекте тұрған адамның 232 мыңы заңнама талаптарына мүлем сай келмейді», – дейді ол qaz365.kz сайтына берген сұхбатында.
Әлеуметтік инфантилизмге бейім адамдардың барлық жауапкершілікті мемлекетке артып қоюының бір көрінісі – несиені кешіру талабы болатын. Бірақ көптеген азаматтар мұндай жеңілдік басқа да салық төлеуші қауымға қатысты әділетсіздік болатынын айтып, несие амнистиясына қарсы шықты.
Мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды жосықсыз, заңсыз пайдалану көріністері біздің қоғамдық санада түбегейлі өзгерістер керек екенін білдіреді. Бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес. Мысалы, қазақстандықтардың мемлекеттік көмек жүйесіне тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Әлеуметтік кодексте отбасының цифрлы картасын енгізу шаралары қарастырылды. Отбасының цифрлы картасы тұрғындардың ең осал топтарына қолдау көрсету үшін оларды дұрыс анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, мемлекет кімге, қашан және қандай көмек қажет екенін анықтай отырып, сонымен бірге әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады. Цифрлы карта отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесіне және тұрмыс деңгейіне, әл-ауқатына қарай қандай көмек ала алатынын электронды түрде мәлімдеп отырады. Мемлекеттік жәрдемақылар мәліметтердің ақпараттық жүйесі негізінде тағайындалады. Осылайша, әрбір азамат, әрбір отбасы өзінің әлеуметтік құқықтары мен міндеттемелерін білетін болады.
Әлеуметтік масылдыққа жол бермеу, кедейлік деңгейін төмендету бағытында басқа да іс-шаралар атқарылып келеді. Жұмыссыздық деңгейін төмендету, жаңа жұмыс орындарын ашу, адал еңбек еткен адамдардың лайықты жалақы алуына жағдай жасау, әлбетте, билік орындарының міндеті. Осы ретте, халық тығыз қоныстанған оңтүстік аймақтардан жұмыс қолы жетіспейтін солтүстік өңірлерге қоныс аударту бағдарламасы да қолданыста. Жұмыссыздық, бәсекелестік басым өңірден жұмыс күшіне зәру облыстарға көшіп бару арқылы екі қолға бір күрек тауып, отбасының әл-ауқатын көтеру мүмкіндігі берілуде. Мұндай отбасыларына арнайы субсидиялар беріледі, баспана, коммуналдық қызмет шығындары өтеледі. Өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарға жер телімдері мен төмен пайызды несиелер бөлінеді.
Мемлекетіміз қашан да қиын жағдайда қалған, материалдық көмекке мұқтаж адамдарға мүмкіндігіне қарай қол ұшын созады. Әйтсе де, бұл өмірдегі игіліктер мен жақсылықтардың бастауы ең алдымен адамның өзі болып қала береді.
Амангелді Мейрамбекұлы,
психолог, логотерапевт:
Масылдықтан арылуға болады
Әлеуметтік масылдық мәселесі қай кезде де болған, қазір де бар, болашақта да бола береді. Америкалық әйгілі ойшыл Эрих Фромм өзінің «Еркіндіктен қашу» атты еңбегінде осы масылдық мәселесін кеңінен тарқатады. Оның айтуынша, еркіндік жалғыз келмейді, онымен қоса қорқыныш бірге келеді. Себебі, әрбір істі бастайтын кезде адамды қорқыныш билейді. Ал, ол қорқынышты жеңу үшін адамға батылдық пен жігер керек. Батылдығы жоқ адамның қорқынышқа шыдас беруі өте қиын. Сол үшін де еркіндіктен қашып, ол үшін біреу жасап бергенін қалайды. Осындай жолмен адам масылдыққа иек артып, жатып алады. Масылдыққа бекіп алған адам айналасынан қажеттілігін өтеп беретін шарттарды іздейді. Ондай шарттар көбіне дамыған елдерде жақсы қарастырылған. Үкімет саған жұмыссыз болғаның үшін де ақша төлейді. Мұны Эрих Фромм «сиқырлы көмекші» деп атайды. Осындай шарттар туралы білген адам өз үкіметінен «дамыған елде жұмыссыз адамға да ақша төлейді» деген желеумен материалдық жәрдем талап ете бастайды.
Әлеуметтік масылдықтың пайда болу себептеріне келетін болсақ, Э.Фроммның айтуынша, ол негізінен отбасындағы бала тәрбиесінен басталады. Оның аты «симбиоздық қарым-қатынас». Тікелей мағынасы – біреудің өмірін жұтуға ұмтылу және өз өмірін біреуге жұтқызуға ұмтылу. Кез келген ата-ана баласының өміріне алаңдайды, сол себепті баласы үшін шешім қабылдайды. Яғни, жейтін тамағын, киімін, араласатын ортасын, оқитын мектебін, сыныбын, баратын үйірме-секциясын, болашақ мамандығын, тіпті үйленетін әйелін де таңдап береді. Бір сөзбен айтқанда, баласының өмірін жұтып қояды.
Ал негізінде бала кішкентайынан өз бетінше әрекет етіп, әрекетіне өзі жауап беріп үйрену керек. Ол өз кезегінде баланың өз қателігінен сабақ алуына ықпал етеді. Тәжірибесіз, қорқақ адам өз өміріне жауапкершілік алуы екіталай. Кішкентайынан ата-анасының айтқанымен жүрген бала жасы 18-ге келіп, ата-анасынан бөлек шыққанда ойында бір нәрсе ғана тұрады. Ол – «енді өмірде бақытты болуым да, бақытсыз болуым да өз қолымда. Мына алпауыт, жауыз әлемде бақытты болмақ түгілі, өмір сүре аламын ба?» деген қорқыныш. Бала өзін өмір бойы цирктің торында өсіп, саваннаға жіберілген арыстандай сезінеді. Батыл, жігерлі, мықты жандар өз бетінше тәуекел етіп күн көріп кетеді, ал тәжірибесіз қорқақтар біреудің ығына жығылып, өзін асырайтын адамдарды іздейді. Осылайша адам өзін өмірде жоғалта бастайды. Енді, ондай адамдар түрлі ортада түрлі көрініс береді.
Мысалға, діни соқыр сенімге берілу, т.б. Яғни, аштан өлмеу үшін тез бейімделіп, түрлі формаға ене береді. Олардың ұраны «Кім бол десең, сол боламын». Жұмысқа, қызметке тұрған жағдайда екіжүзділікке, жағымпаздыққа бой алдырады. «Жұмыстан шығарып жіберсе аштан өлемін» деген қорқыныш билеп, орнынан айырылмау үшін барын салады. Ондай адамдардың өзіндік тұрақты пікірі болмайды. Жағдайға қарай өзгере береді. Масылдықтың отбасылық өмірдегі көрінісі: жігіттер енжар, бойкүйез болады, қара басының пайдасын көздеп, есеппен үйленуді жөн көреді. Сол үшін ар-ұжданнан аттап өтеді. Қыздар болса, тұрмысқа шығар кезде махаббат я бақытты таңдамайды, мамыражай өмірді бірінші орынға қояды. Одан айырылмас үшін барын салады. Бұл мәселелердің барлығының түбінде қорқыныш тұр.
Жалпы қорқыныш мәселесі үлкен тақырып. Қысқаша айтсақ, америкалық психолог Карен Хорни өзінің «Социо-мәдени тұлға теориясында» «Базальды үрей» деген терминді қолданады. Бала дүниеге келгенде оған екі-ақ нәрсе керек: қауіпсіздік пен қажеттілікті қанағаттандыру. Бала қоршаған ортада қауіптің барын сезсе, бойын қорқыныш билейді. Қауіпсіз мекенді іздейді. Егер ол жоқ болса, онда адамда «невроздық қажеттіліктер» пайда болады. Карен Хорни ондай невроздық қажеттіліктің 12 түрін келтіреді. Міне, соның бірі осы масылдық. Жалпы адам бойында болатын невроздар осы қорқыныштан бастау алады.
Масылдық психологиядан арылудың түрлі жолы бар. Масылдықтан құтылу мәселесін Виктор Франклдың логотерапиясы оңтайлы шешкен. Себебі, Франклдың айтуынша, егер біз адаммен жұмыс істейтін болсақ, онда бізге «психотерапия» жеткіліксіз. Психотерапия тек адамның психикасына акцент қояды, ал, негізі адамның рухани қабатын да есепке алуымыз керек. Сол кезде ғана нәтиже шығады.
Адамның рухани қабаты өмірдегі мәнді, мағыналы істерге мұқтаж. Кез келген адам сол мәнді ісін тауып, соған ұмтылған кезде бойындағы қорқынышы да кетеді. Қорқынышы жоқ адам еркін болады, қалаған ісін істеп, өз өміріне жауапкершілік арқалайды. Осылайша масылдық жойылады. Фридрих Ницше де «Себебін білген адам, оны қалай еңсеруді де біледі» деп, Франклдың сөзін шегелей түседі. Мән-мағыналы өмір сүретін адам өз бойындағы әлеуетін, құндылықтарын дамытып, өзіне-өзі келе бастайды. Масылдықтан құтылудың бір жолы осы.
1525 рет
көрсетілді0
пікір