• Мақала
  • 26 Тамыз, 2024

Тұтқынға түскен қазақтар

 Борис ЖАПАРОВ, техника ғылымдарының докторы, профессор, Еуропа ғылым және   өнер академиясының толық мүшесі (EASA) 
 

ХХ ғасырда коммунистік билік тарапынан бұрмаланған тарихты қалпына келтіруде, әлеуметтік әділдік негіздерін орнықтыруға және жазықсыз айыпталып, саяси қуғынға ұшыраған азаматтарымыздың есімін қайта жаңғыртуды мақсат еткен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі» мемлекеттік комиссияның соңғы жылдары жүргізген жүйелі жұмыстар халық көңілінен шыға білді. Осы орайда жобаның мақсатын жан-жақты ойластырып, дәлелді түрде ұсына білген, ұлт жанашыры, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сабыр Ахметжанұлы Қасымовтың ерекше еңбегін атап өткен орынды. С.Қасымов басшылық еткен жүйелі жұмыс еліміздегі белгілі тарихшы-ғалымдарды кеңестік дәуірде саяси қуғынға ұшыраған, қазір ұмыт бола бастаған азаматтардың есімін жаңғыртуға жұмылдыра білді. 

Комиссия тарапынан алғашқы рет мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, көтерілген мәселелердің бірі – екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында, әскер қатарына шақырылып, фашистер қолына тұтқынға түскен қазақтардың ауыр тағдыры. 
Әрине, кеңес-герман соғысы большевизм мен фашизмді мемлекеттік идеология ретінде қабылдаған және үстемдігін дүниежүзілік деңгейде жүргізбекші болған екі тоталитарлы мемлекет басшылығының қарама-қайшылыққа толы саяси ұстанымы мен өшпенділігінен туындағаны анық. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» дегендей бұл соғыс адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қанды қырғынға әкеп соқты, соның ішінде қоршауда қалып, тұтқынға түскен миллиондаған Қызыл Армияның (ҚА) командирлері мен солдаттары, бейбіт тұрғындар небір азапты басынан кешіріп, фашистік концентрациялық лагерлердің құрбаны болса, тірі қалғандары соғыстан соң елге оралып, сталиндік саяси режимнің азабы мен қорлауына ұшырады. Солардың қатарында Германия тарапына тұтқынға түскен, осы уақытқа дейін деректері ресми жария етілмеген, дәл саны анықталмаған, бірақ болжам бойынша саны жүз мыңнан асатын ұлты қазақ тұтқын бар. Ол тақырып кеңес заманында зерттеушілер үшін жабық болды және қазір де «проблемалы» болып қала беруде. Бұған «Қызыл Армияда әскери тұтқындар болған жоқ, тек сатқындар мен Отанға опасыздық жасағандар» болды деген кеңестік саясат пен үгіт-насихат ықпал етті. Сол себепті 1991 жылдан бері тәуелсіз мемлекет болғанымызға қарамастан, екінші дүниежүзілік соғыстың қазақ тұтқындары тақырыбы әлі де түбегейлі зерттелмей келеді. 
Келесі жылы екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл болады. Осы уақыттың ішінде бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болып, фашист- дұшпанмен бірге күрескен көптеген республикаларда соғыс тұтқындарына байланысты зерттеулер жүргізіліп, өз Отанына қарсы қылмыстық әрекет жасамаған отандастарды ақтау туралы нақты шешімдер қабылданды. Ресей Федерациясының Президенті Б.Н.Ельцинның 24.01.1995 жылғы Қаулысына сәйкес, ресейлік соғыс тұтқындары, фашистік лагерлерде, еңбек армиясында және айдауда болған бейбіт тұрғындар толықтай ақталды. Ал Қазақстанда бұл мәселе бүгінге дейін шешімін таппады [1].
Мемлекеттер арасындағы соғыстар тарихында еріксіз тұтқынға түскен әскерилердің құқықтық мәртебесі заңды түрде қорғалатын болған, олар азаптау мен аштықтан жапа шекпеген, отбасыменен хат алмасып, арнайы қорлардан қаржылай және заттай көмек алып тұрған [2]. Ресей империясының боданы болған қазақ жерінде әскери тұтқындарды ұстайтын жерлер бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде пайда болды. Олар негізінен темір жолдарға жақын орналасқан: Орынбор, Орал, Петропавл, Семей, Өскемен, Павлодар және Қостанай қалаларында-Транссібір магистралі бойымен, сондай-ақ, Ақтөбе, Орал және Шымкент қалаларында және бірнеше елді мекендерде орналасқан болатын [3,4 ]. Әскери тұтқындарға адамгершілікпен қарау принциптерін жариялаған, 1907 жылы қабылданған Гаага Конвенциясына сәйкес, 1914 жылы қазанда, Ресей патшасы Николай II «Әскери тұтқындар туралы ережені» бекітті, онда әскери тұтқындарға «Өз Отанының заңды қорғаушысы ретінде адамгершілікпен қарау керек» делінген болатын [1, 35], осыған сәйкес, 1914-1915 жылдар аралығында «әскери тұтқындар туралы», «әскери тұтқындарды босату туралы», «әскери тұтқындарды әр түрлі жұмыстарға пайдалану туралы» ережелер бекітілген болатын. Ережелерге сәйкес қалаларда тұтқында болған Антанта әскерлері әртүрлі жұмыстарға орналастырылып, халықаралық ұйымдардан қаржылай көмек алып, табыс тауып, пәтерлер жалдап, қиналмай уақыт өткізгендері архив құжаттарынан белгілі. Өз кезегінде орыс армиясының тұтқынға түскен әскерлеріне де шетелдерде осындай жағдай жасалған болатын. Көптеген мемлекеттерде «Тұтқында көрсеткен ерлігі үшін» деген арнайы әскери марапаттар тағайындалған. 
Дегенмен, екінші дүниежүзілік соғыстың кеңестік тұтқындары үшін халықаралық құқықтың ешбір тармағы орындалмады. Өйткені И.В.Сталин басқарған кеңес билігі әртүрлі сылтаулармен Гаага және Женева Конвенцияларына қол қоюдан бас тартып, славян және басқа халықтарға дұшпандық көзқараста болған гитлерлік биліктің кеңестік тұтқындарын аяусыз азаптап, қыруға жол берді. Шетелдік ғалымдардың дерегіне сүйенетін болсақ, 1941 жылы 22- ші маусымда басталған Ұлы Отан соғысында барлығы 5.7 миллион қызыләскер жау қолына тұтқынға түссе, олардың 3.1 миллионы алғашқы 6 айдың үлесіне тиісті болған [2].Фашистік Германияның тұтқиылдан жасалған жойқын шабуылынан қызыл армияның негізгі қарулы күштері қоршауда қалып, жау жағына берілуге мәжбүр болған. Барлық майдандарда Қызыл Армия бөлімдері жеңіліп, Киев, Минск және басқа да ірі қалалардан айырылып, жау күші КСРО-ның астанасы Москваға тақап қалған шағында, Бас қолбасшы, Мемлекеттік қорғаныс Комитетінің Төрағасы И.В.Сталин 1941 жылы 16 тамызда №270-ші «әскери қызметшілердің қолға түскені және қаруды жауға қалдырғаны үшін жауапкершілік туралы» бұйрыққа қол қояды. Оған сәйкес қолға түскен барлық кеңес әскерлері, сондай-ақ, қолға түспейтін жағдайларда ұсталғандар, Отанға опасыздық жасады деп саналды. Бір жағынан қызыл әскерлер арасында кеңінен етек жайған, жау жағына жаппай өту үрдісін тоқтату мақсатында қабылданған, миллиондаған тұтқындардың өмірін өксіткен осы бұйрықтың зардабын ұмыту мүмкін емес. Соның салдарынан талай тірі қалған КСРО азаматтары соғыстан соң жан сауғалап шетел асып кетсе, біразы елге оралып, сталиндік режимнің қуғын-сүргініне ұшырап, НКВД лагерлерінде азапты жылдар өткізіп, өздерінің және отбасы мүшелерінің азаматтық құқықтары шектеліп, толыққанды қоғам мүшесі болудан аластатылды [9,13,15,25]. 
Кеңестік режимнен саяси қуғын көрген әлеуметтік топтар мен есімдерді зерттеу барысындағы ең күрделі мәселелердің бірі екінші дүниежүзілік соғыстың қазақ тұтқындарын анықтау болды. Себебі, тікелей дереккөз болып табылатын әскери архивтердің түгелі дерлік шетелде (Германия, Россия, АҚШ және т.б.) және соғыстың алғашқы айларында соғысушы тараптардың қызыл әскерлердің тұтқындалуы мен өліміне қатысты статистикалық есеп жүргізуге шамасы келмеген. Фашистер де сонша адамның тұтқынға түсетінін білмеген, сол себепті дайындалмаған. Сондықтан, күні бүгінге дейін шетелдік ғалымдар мен әскери тарихшылар арасында соғыс статистикасына байланысты талас-тартыс толастар емес [15-18]. Автордың 2016 жылы Фрайбургтегі Германияның Федералды әскери мұрағатының құжаттарын зерттеу арқылы Вермахттың әскери бөлімдерінің құрамында болған қазақтардың нақты санын анықтау әрекеті сәтсіз аяқталды. Мұрағат директоры доктор Томас Мензельдің айтуынша (Dr.Томас Menzel), архив қорлары, дивизиялар мен батальондардың, оның ішінде генерал фон Нидермайер басшылығында болған 162 дивизияның («Түркістан легионы» осы дивизияның құрамында болған) жеке құрам саны туралы тікелей мәліметтер, соғыс аяқталғаннан кейін Қызыл Армия мен АҚШ армиясының өкілдері тарапынан екі рет жиналып алынып, тиісінше, әскери трофей ретінде, КСРО мен АҚШ-қа шығарылған. Өз кезегінде, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласында орналасқан орталық архивінен табылған соғыс тұтқындарының жеке карталары осы уақытқа дейін өңделмегендіктен пайдалануға берілмеді. Бұл жұмыстың мақсаты қызыл армия қатарында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, тұтқынға түскен, 1941-1945 жылдары фашистер армиясының жауынгерлік (Түркістан легионын қоса алғанда) және қосалқы бөлімшелерінде қызмет еткен [17, 21-25] қазақ қандастарымыз жайлы статистикалық деректерді. Екінші дүниежүзілік соғыстың бастапқы кезеңінде кеңес үкіметі де, фашистік Германия да адам шығыны жайында сенімді статистика жүргізбеуіне байланысты қазір соғыс құрбандары, соның ішінде әскери тұтқындар туралы дәл деректі табу мүмкін емес. Мақалада түрлі ресми дереккөздерді пайдалана отырып, қазақ тұтқындардың сандық көрсеткішін есептеудің бірқатар математикалық жолдары ұсынылады. Олар түпкілікті нәтиженің дәлме-дәлдігіне кепілдік бере алмайды, себебі шығынның нақты санын дөп басып айту мүмкін емес, алайда әртүрлі бастапқы құжатталған деректерді пайдалана отырып, қазақ тұтқындардың санын шамалап топшылауға мүмкіндік береді. Математикалық есептеулер тұтқындарға байланысты ҚА әскерлерінің орташа статистикалық деректері қызыләскер қазақтар тобына да қатысты деген болжаммен орындалды.

Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы қазақтардың саны туралы

1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағының деректері бойынша Екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы Қазақ КСР-ының халық саны 6 миллионнан сәл асқан, оның ішінде қазақтар жартысынан аз болған. КСРО халқының ұлттық құрамының көрсеткіші төменде (1кесте):

1-кесте. КСРО халқының ұлттық құрамы (1926, 1939 жылдардағы санақтарға сәйкес – алдын-ала мәліметтер, 1959, 1970, 1979, 1989) 
Кеңес Одағының аумағында (тек Қазақ КСР-ы ғана емес) тұратын қазақтардың саны 3 100 949 (үш миллион жүз мың тоғыз жүз қырық тоғыз) адамды құрайды. Олардың ішінде, 2 кестеде көрсетілгендей, 1939 жылы 2 327 000 (екі миллион үш жүз жиырма жеті мың) қазақ Қазақстан аумағында, ал 773 949 (жеті жүз жетпіс үш мың тоғыз жүз қырық тоғыз) қазақ басқа одақтас республикалардың аумағында тұрды [ 8,10,11].

2-кесте. 1939 жылғы санақтың есептік және ресми деректері бойынша Қазақстан халқының этникалық құрамы.
Дереккөз: 1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағының деректері. Негізгі қорытынды, 75–76 беттер;
1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағы ресми түрде бір жағынан республиканың титулды ұлтының, екінші жағынан басқа ұлт өкілдерінің саны мен үлес салмағындағы ара-қатынасты көрсетті. Қазақстанның Ресейге қосылу уақытынан басталған әсіресе Кеңес өкіметінің алғашқы екі онжылдығында ұлғайған, сондай-ақ табиғи өсімнің төмендігі салдарынан орыс, украин, белорус тағы басқа ұлт өкілдерінің көп көшіп келуіне байланысты қазақтардың үлес салмағының ұдайы төмендеуі жергілікті халықты өз мемлекетіндегі азшылыққа айналдырды – Қазақ КСР [12,19,27]. 
Салдарынан қазақтардың үлес салмағы 20,7% ға қысқарып, 1926 жылғы 58,5% дан 1939 жылы 37,8% ға түссе, орыстардың үлес салмағы, керісінше 19,3% - ға өсіп, 20,6% дан 39,9% ға жетті, яғни олар Қазақстандағы ең көп этникалық топқа айналды. 1939 жылы украиндер республика халқының 10,7% - ын құрап, қазақтардан кейінгі үшінші топқа айналды. Осылайша 1939 жылы орыстар мен украиндер Қазақстан халқының жартысынан көбін (50,6%) құрады [22]. Қазақтардан басқа елдегі басқа түркітілдес тұрғындардың болжамды саны 1 378 000* 0.081 = 111 618 .
Осы санақтың бұрын жабық болған бастапқы материалдары негізінде жасалған реконструкциясы, керісінше қазақтардың 40,4%, ал орыстардың 38,4% болғанын көрсетеді: сондықтан алдағы есептеулерде біз қазақтардың саны 40.4% (екі миллион бір жүз тоқсан сегіз мың сегіз жүз) болғандығы туралы нақтыланған есептік деректерді қолданатын боламыз.

3-кесте. 1939 жылғы санақ деректері бойынша Қазақстанның есептік және ресми этникалық құрылымын пайызбен салыстыру [12].
Қазақтардың Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы туралы деректер
Ресми деректер бойынша 1941-1945 жылдары Қазақ КСР-нан ҚА (Қызыл армия) қатарына  1 196 164 (бір миллион бір жүз тоқсан алты мың жүз алпыс төрт) адам шақырылды. Бұл көрсеткішке 1941 жылдың 21 маусымына дейін әскерге шақырылған жерлестеріміз кірмейді, олардың саны 1938 жылғы шақырудан бастап санағанда 178 000 ға жуық болды. Демек шайқасқа 1 378 000 қазақстандық қатысты, олар соғысқа дейінгі республика халқының ресми санының 22,4% ын (6 151 102 адам) құрады. Республика халқының реконструкцияланған санына шағатын болсақ, бұл көрсеткіш 25,3% ды құрайды. 
Қолда бар деректер бойынша (4-кесте), Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыстың майдандарында 602 928 адамынан айырылған (оның ішінде 125 500-і этникалық қазақтар), бұл көрсеткіште республикадан тыс жерден әскерге шақырылған қазақтар, еңбек майданынан оралмағандар және алған жараларының салдарынан қайтыс болған қызыл әскерлер есепке алынбаған. Бұл деректер, қаза тапқандар саны бойынша, Қазақстан соғыстың қанды толқыны екі рет – бірінші кезекте батыстан шығысқа, содан кейін кері бағытта жүріп өткен Кеңес Одағы республикаларының ішінде екінші орында тұрғанын көрсетеді. Бір ғана Қазақстанның адам шығыны екі одақтас армияның, яғни АҚШ пен Ұлыбританияның әскери шығынына тең болғанын көрсетеді.
Кеңес Одағы бойынша мобилизацияның орташа деңгейін (22%) қолдана отырып, басқа одақтас республикалардың аумағында тұратын 773 949 (жеті жүз жетпіс үш мың тоғыз жүз қырық тоғыз) қазақтың ішінен ҚА-ға шақырылған қазақтардың санын анықтаймыз: 773 949 * 0.22 = 170 268 адам, яғни жүз жетпіс мың екі жүз алпыс сегіз адам.
Біздің мақсатымыз КСРО азаматтары болған, ұлты қазақ барлық әскери тұтқындардың санын анықтау болғандықтан, ҚА қатарына шақырылған қазақтардың санын келесідей анықтаймыз: 556 712 + 170 268 = 726 980, демек 726 980 (жеті жүз жиырма алты мың тоғыз жүз сексен) қазақ екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты.

Келесі 4 кестенің деректеріне сәйкес қазақ ұлтынан қаза тапқан жауынгерлерінің саны 125 500 (бір жүз жиырма бес мың бес жүз) адамды құрады. Бұл көрсеткіш барлық қазақ жауынгерлерінің 17.26% ы. Осылайша ресми деректерге сүйене отырып бүгінде біз ЕДС-ға(екінші дүниежүзілік соғыс) қатысқан, құрбан болған қазақтардың санын белгілі бір дәлдікпен анықтай алдық.
4-кесте. КСРО Қарулы Күштерінің шығыны (Потери вооруженных сил СССР) [7]. 
Қазақ тұтқындарының санын анықтау туралы
Тұтқынға түскен отандастарымыздың арасында немістер жүргізген қарқынды үгіт-насихаттың әсерінен Вермахт пен басқа да әскери бөлімшелердің, соның ішінде Түркістан батальонының және Германияның Еңбек Армиясы қатарына қанша қазақ алынғанын нақты айту қиын, себебі сенімді дереккөз жоқ. Отандық, ресейлік және шетелдік әскери мамандар мен зерттеушілердің кеңестік әскери тұтқындар саны туралы, сондай-ақ Германия жағында қызмет еткен «Түркістан ұлттық конгресі» басшылары мен «Түркістан батальонында» қызмет еткен тұтқындардың батыс елдері баспасөзінде жарық көрген естеліктеріндегі деректі қолдана отырып, келесі зерттеулерді жүргіздік. 
1-нұсқа. Төмендегі есептеулер келесі деректерге негізделіп жасалды: 
1939 жылғы Бүкілодақтық санақ бойынша Қазақ КСР-ы халқының жалпы саны 6 151 100, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақ КСР-нан әскер қатарына шақырылған қазақстандықтардың саны 1 196 164, 1941 жылдың 21 маусымына дейін әскерге шақырылғандардың саны 178 000, барлығы 1 378 000 қазақстандық соғысқа қатысты, олар республиканың соғысқа дейінгі халқының ресми санының 22,4% - құрады (6 151 102 адам); 
ҚА бойынша әскерлердің орташа тұтқындалу көрсеткіші (коффициент пленения) -18.51%, тұтқында орташа өлім көрсеткіші (коэффициент смертности) - 57.8% ретінде қабылданып жүргізілді [6,7,8]. Жоғарыда есептелгендей РККА-ға шақырылған қазақтардың жалпы есептік саны КСРО бойынша 726 980 болды. 
1.1 Ресейлік және батыс авторлардың зерттеуінен жалпы қызыләскер санының 18.51% ы фашистердің қолына түскені белгілі. Сондықтан біз 1 378 000 * 0.18513 = 255 182 (екі жүз елу бес мың жүз сексен екі) қазақстандық фашистік тұтқынға түсті деп болжай аламыз. Демек, Қазақ КСР-нен шақырылып фашистік тұтқынға алынған қазақтардың саны: 255 182 * 0.404 = 101 188 (жүз бір мың жүз сексен сегіз) болса, тиісінше Қазақ КСР тұрғындары емес тұтқынға алынған қазақтардың саны 170 268 * 0.18513 = 31 531 (отыз бір мың бес жүз отыз бір) адам, ал КСРО бойынша тұтқынға түскен жалпы қазақтардың саны 101 188 + 31531 = 132 719 (жүз отыз екі мың жеті жүз он тоғыз).
1.2 Шетелдік сарапшылардың бағалауы бойынша неміс тұтқынында болған барлық қызыләскерлердің шамамен 57.8% (кейбір дереккөздер бойынша 63%) тұтқында қаза тапты [6,8]. Олай болса, қазақстандық әскери тұтқындардың 255 185 * 0.578 = 147 496 (жүз қырық жеті мың төрт жүз тоқсан алтысы) фашистік тұтқында қаза тапты, оның ішінде 147 496 * 0,404 = 59 588 (елу тоғыз мың бес жүз сексен сегізі) қазақ деп тұжырым жасауға болады.
1.3 Тиісінше, КСРО-ның басқа республикаларынан тұтқынға түсіп, қаза болған  қазақтардың  саны 31531 * 0.578 =17 123 (он жеті мың жүз жиырма үш) адам болса, тұтқында қаза тапқан қазақтардың жалпы саны 132 719 * 0.578 =76 711 (жетпіс алты мың жеті жүз он бірді).
1.4  Тірі қалған қазақ тұтқындардың саны, Қазақ КСР-нен шақырылған жауынгерлер қатарынан: 101 188 – 59 588 = 41 600 (қырық бір мың алты жүз),  КСРО-ның басқа республикаларынан шақырылған барлық қазақ жауынгерлерінің ішінен: 31 531 – 17 123 = 14 408, барлығы  41600 +  14 408 = 56 008  елу алты мың сегіз (кесте.5).
1.5 Соғыс   аяқталғаннан кейін  23 143 (жиырма үш мың жүз қырық үш) қазақ тұтқыны елге қайтарылды. КСРО-ның барлық республикаларынан шақырылған 56 008 қазақ тұтқынның 32 865-нің тағдыры беймәлім күйде қалды. Олардың бір бөлігі американдық және ағылшын билігінің көмегімен басқа елдерде өмір сүруге жіберілсе, біразы Германияда қалғаны туралы мәліметтер бар, ал басқаларының бір бөлігі, Батыс одақтастардың қолынан қабылдап алынғаннан кейін, тергеусіз, сотсыз атылған, кейбіреулері Одаққа әкеле жатқанда өзіне қол жұмсаған.
2-нұсқа. Қазақ соғыс тұтқындарының санын есептеудің бұл нұсқасында біз генерал-полковник Г.Ф.Кривошеевтің жалпы редакциясымен 1939 жылы жарияланған,  КСРО халықтарының этникалық құрамы туралы статистикалық мәліметтер мен 1-нұсқада қолданылған көрсеткіштерді негізге ала отырып,  жүргіземіз. Есептеудің 1-нұсқадан айырмашылығы бұл жолы қазақ тұтқындарының санын КСРО-да өмір сүрген барлық қазақтардың санынан тікелей  шығарамыз. 
2.1 ҰОС-на  қатысқан  қазақтардың жалпы санын былайша есептейміз: 3 100 949 * 0.224 = 694 612 адам.
2.2 ҰОС-да тұтқынға алынған қазақтардың саны:  694 612 * 0.1851 = 128 593 адам.
2.3 ҰОС аяқталғанға дейін қаза тапқан қазақ тұтқындарының саны 128593 * 0.578 = 74 326 адам.
2.4  Тиісінше, тұтқыннан тірі шыққан және дұшпан тарапында  қызмет еткен  қазақтардың саны  128 593 – 74 326 = 54 267,  яғни елу төрт мың екі жүз алпыс жеті. 
2.5 Соғыс аяқталғаннан кейін Қазақстанға 23 143 (жиырма үш мың жүз қырық үш) қазақ тұтқыны қайтарылып, қалған 54 267 – 23 143 = 31 124 (отыз бір мың жүз жиырма төрт адамның тағдыры беймәлім күйде қалды.
Жоғарыда есептелгендей, 1-нұсқа бойынша шамамен 32 86544 (отыз екі мың сегізжүз алпыс бес), ал 2-нұсқа бойынша 31 124 (отыз бір мың жүз жиырма төрт) тұтқын елге оралмады. Екі нұсқа аралығындағы 32 865  - 31 124 = 7020 кісілік айырмашылық қолданылған статистикалық деректердің дәлдік дәрежесінің ауытқуларымен түсіндіріледі. Сонымен қатар, келесі есептеулерде көрсетілгендей, қызыләскер тұтқындардың ҚА бойынша жалпы орташа өлім көрсеткіші,  олардың ұлтына, тегіне қарай өзгеріп отырды деуге негіз бар.
3-нұсқа. Бұл нұсқада қазақ  тұтқындарының санын бағалау үшін біз 1941-1945 жылдары КСРО - ның бес азиялық республикаларынан ҚА-ға шақырылған 6 этносты (қазақтар, өзбектер, соның ішінде қарақалпақтар, қырғыздар, тәжіктер, түрікмендер) қамтитын, түркістандық жауынгерлерге қатысты жалпы деректерді және ондағы әр этностың есептік үлесі туралы мәліметтерді пайдаланамыз [19-30]. Бұл мәліметтер Вермахтың әскери бөлімдерінде және Түркістан ұлттық конгресінде  қызмет еткен, Түркістан легионының бұрынғы мүшелерінің  куәгерлерлік  деректерінен алынған. Орта Азия мен Қазақстан республикаларынан мобилизацияланған түркістандық тұтқындар туралы, оларды ұлттарға бөлмей  жарияланған жалпы мәліметтерді  қолдана отырып, біз алдымен олардың ішіндегі әр этникалық топтың өкілдерінің үлесін математикалық жолмен есептеп, содан кейін,  сәйкесінше санын анықтаймыз.
ТМД Атқарушы комитетінің Интернет-порталында жарияланған «Ұлы Отан соғысы майдандарында Орта Азиядан келген жауынгерлер қалай соғысқан» мақаласындағы ресми мәліметтерге сәйкес (cis.minsk.by/news/13404 ҰБТ) [20], ҰОС басталғанға дейін 5 республиканың барлық тұрғындарының саны 16 852 000 адамды құрады, оның ішінде ҚА-ға шақырылғандар саны-3 654 000; қайтыс болған жауынгерлер - 1 224 000,  әр республика бойынша бұл  көрсеткіштер келесідегідей: Қазақстан - 6 100 000, 1 200 000, 589 000; Өзбекстан – 6 500 000, 1 500 000, 420 000; Қырғызстан– 1 500 000, 365 000, 115 000; Тәжікстан– 1 500 000, 289 000, 100 000; Түрікменстан– 1 252 000, 300 000, 86 000.
ҰОС басталарда КСРО-ның, Қазақстаннан басқа, азиялық  республикаларында, жергілікті халық абсолютті көпшілікті құрады. Оның ішінде:  Өзбекстанда – 65.1% (қарақалпақтармен бірге – 68.00% және барлық түркітілдес халық – 79.3%); Қырғызстанда – 51.7% (түркітілдес халықпен бірге – 66.5%); Тәжікстанда – 59.56% (түркітілдес халықпен бірге халық саны-90%); Түркіменстан-59.2% (түркітілдес халықпен бірге-80%). Тек Қазақстанда жергілікті халықтың үлесі  40.4% құрады. 
6-кесте. Орта Азия мен Қазақстан Республикаларының халқы 1939 жылғы 17 қыркүйектегі Бүкілодақтық санақ бойынша (Население республик Средней Азии и Казахстана в границах 17 сентября 1939 г.) 
3.1  КСРО халықтарының 1939 жылғы этникалық тегі туралы статистикалық деректерге сәйкес қазақтардың саны 3 100 949 болған,  ҰОС кезінде қазақстандықтарды ҚА-ға жұмылдыру пайызы 22.4% құраған, сондықтан ҚА қатарына шақырылған қазақтардың санын былайша есептейміз: 3 100 949 * 0.224 = 694 612 (алты жүз тоқсан төрт мың алты жүз он екі).
3.2 КСРО бойынша жұмылдырудың орташа деңгейін (22%) назарға ала отырып, ҚА қатарына шақырылған Орталық Азияның басқа этникалық өкілдерінің санын төмендегідей анықтаймыз. Ол этностар бойынша: өзбектер (қарақалпақтармен бірге)  -  1 500 000 * 0.68 = 1 020 000, қырғыздар -365 000 * 0.517 = 188 705, тәжіктер - 289 000 * 0.5956 = 172 128, түрікмендер - 300 000 * 0.592 = 177 560.  Барлығы 694 612 + 1 020 000 +188 705 +172128 + 178 560 = 2 253 005 (екі миллион екі жүз елу үш мың бес) этникалық түркістандықтар ҚА  қатарына шақырылды.
3.3  ҚА қатарына шақырылған түркістандықтардың құрамында қазақтардың үлесі 30.83%, өзбектер – 45.27%, қырғыздар – 8.37%, тәжіктер – 7.63%, түрікмендер – 7.88% құрайды.
3.4  ҚА  бойынша  тұтқындалудың орташа көрсеткішіне сүйене отырып (18.51%), біз жау тұтқынында болған түркістандықтардың санын анықтаймыз:  2 253 005 * 0.185183 = 417 218, яғни төрт жүз он жеті мың екі жүз он сегіз. 
Бұл көрсеткіш,  «Түркістан ұлттық бірлестігі» комитетінің (ТҰБК) көрнекті қайраткерлерінің бірі, Түркістан легионының бұрынғы бөлімше командирі Эргаш Шерматтың  1952 жылы 8 ақпанда Түркия Республикасының Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Абдулвахаб Октайға жіберген хатында келтірілген санға жақын екенін атап өткен жөн.  Сонымен қатар, бұрынғы Кеңес офицері, ұлты өзбек, Украинаның батысында қоршауда қалып, вермахт қатарына өз еркімен офицер ретінде кіріп, Түркістан легионы нұсқаушысы қызметін атқарған Рузи Назардың естелігінде «соғыс кезінде немістерге өткен,  немесе олар тұтқынға алған біздің отандастарымыздың (түркістандықтардың) жалпы саны шамамен 400 000 адамды құрады» деп көрсеткен [21].  Бұл деректер ҚА бойынша анықталған тұтқындаудың орташа деңгейінің  (0.1851)   шындыққа жақын екендігін көрсетеді.
 3.5  Тұтқынға түскен ҚА жауынгерлерінің шамамен 57.8%   неміс тұтқынында қаза тапты. Демек, түркістандық әскери тұтқындарға қатысты бұл коэффициент бойынша 401 303 * 0.578 = 231 950, яғни екі жүз отыз бір мың тоғыз жүз елу, адам қаза болу керек еді. Алайда, Эргаш Шермет, Рузи Назар мен Баймырза Хайттың деректері бойынша түркістандық 400 000 дай  тұтқынның 100 000-ға жуығы тұтқында аштыққа ұшырағандықтан, жарақаттардан, әртүрлі аурулардан қайтыс болған [21-25 ]. 
Адам саны арасындағы бұл айырмашылық бүкіл ҚА тұтқындары арасындағы өлім-жітімнің орташа деңгейінің (57.8%) түркістандық тұтқындардың  арасындағы көрсеткішіне (23.96%) сәйкес еместігінен туындайды. Біздің пайымдауымызша, 131 950 (жүз отыз бір мың тоғыз жүз елуді), немесе 33.84% - ті құрайтын мұндай алшақтық неміс билігінің концлагерлер  тұтқындарының арасынан, ұлттық легиондарды жедел қалыптастыру мақсатында, 300 000-ға  жуық түркістандықты өз тарапына қызметке тартуына байланысты болса керек [21,24,25], дәлірек айтсақ, жоғарыдағы есептеулер бойынша 317 276 (кесте 6) тұтқын немістер тарапына өтіп, олардың ішінде 108 572  адамға  «мылтық асындырылып, қалған 208 704 адам әртүрлі майдандарда және тылда «шығыс жұмысшылары» (хиви) ретінде пайдаланылған.

Түркістандық тұтқындардың қиын тағдыры

Түркістан легионының тарихына қатысты, Эргаш Шермат: «Батыс майдан ашылғанға дейін біздің сарбаздар Шығыс майданында Кеңестерге қарсы күресті. Бірақ, Батыс майдан ашылғаннан кейін, ТҰБК  әртүрлі сылтаулар айтып, 70 000 – 75 000 сарбаздарды  батысқа ауыстырылуына қол жеткізді.  Біз мұны сарбаздарымыз тұтқынға алынса, Кеңестердің қолына түспеуі үшін жасадық. Бұл сарбаздардың көпшілігі Франция мен Италияға орналастырылды. Соғыстан кейін біздің адамдарды Ресей тарапына беру жұмыстары басталды. Біз мұның алдын ала алмадық және 70 000-нан астам сарбазымыз Ресейге күштеп берілді. Соғыстан кейін біз Германияның кейбір бұрыштарында жасырынып үлгерген отандастарымызды қайта топтастыруға кірістік. Біз, сайып келгенде, олардың мыңға жуығы Еуропада орналасқанын анықтай алдық» [21], – деп жазды.
Генерал-полковник Г.Ф.Кривошеевтің басшылығымен авторлар ұжымы дайындаған статистикалық жинақта [7], одақтастар армиясы тарапынан, Вермахттың әскери бөлімшелерінде қызмет еткен түркістандықтардың Кеңес жағына күштеп берілгені туралы келесі мәліметтер бар. Соғыстың соңында және ол аяқталғаннан кейін КСРО-ға 1 836 562 адам оралды, оның 1 миллионға жуығы қызмет өткеру үшін ҚА бөлімдеріне жіберілді, 600 000-ы  жұмысшы батальондарының құрамында өнеркәсіпте жұмыс істеу үшін және 339 000-ы  (оның ішінде 233 400 бұрынғы әскери қызметшілер) тұтқында болған адамдар ретінде НКВД лагерлеріне жіберілді. Оралғандың ішінде қазақтар – 23 143, өзбектер – 28 228, қырғыздар – 4 014, түрікмендер – 3 511, тәжіктер – 3 948, осылайша, неміс әскери формасын киген 62844 (алпыс екі мың сегіз жүз қырық төрт) түркістандықтар Кеңестер Одағына оралды және  көпшілігі әскери трибунал шешімімен сотталды [13]. 1942-1945 жылдары Түркістан легионында 266 994 легионер қызмет еткенін атап өткен Эргаш Шерматтың деректері Баймырза Хайтқа жақын. «Соғыс жылдарында «Түркістан легионында» қызмет еткен сарбаздар мен офицерлердің саны 181 402 адамды құрады; ал әскери киімсіз және жұмысшы батальондарда қызмет еткендердің саны тағы 85 592 адамды құрады». Бұл ретте легиондағы полктерді, батальондарды, роталарды түркістандықтардың өздері басқарды, бірақ жоғары қолбасшылық немістердің қолында қалды. Айта кетейік, Эргаш Шермат, Рузи Назаре және Баймырза Хайттың түркістандықтардың жалпы саны 300 000-ға жуығы  фашистік тұтқында болғаны және 100 000- ға жуығы  тұтқында қаза тапқаны туралы   деректері бір-біріне сәйкес келеді. Олардың деректері тек вермахт, гестапо және түркістандықтардың басқа әскери бөлімдердің қатарына кірген, сондай-ақ Германияның «еңбек армиясы» мен қосалқы батальондарында қызмет еткендердің санына  байланысты өзара айырмашылық бар. Біз есептеулерімізді жалғастырып (3-нұсқа) неміс тарапына  қызметке кірген қазақ тұтқындардың санын нақтылайық. Легионер-куәгерлердің жүз мыңға жуық  түркістандық тұтқынның «лагерлерден алынып, «мылтық асынғандығы» туралы мәліметтерге сүйене отырып, біз қазақтардың ықтимал санын неміс бөлімшелерінде қызмет еткен түркістандықтардың жалпы санының туындысы ретінде және олардың ҚА қатарына шақырылған түркістандықтардың жалпы санындағы үлесін қолданып анықтаймыз: 100 000 * 0.3205 = 32 050 (отыз екі мың елу) адам. Сол сияқты, «еңбек армиясында» және Вермахттың қосалқы әскери бөлімшелерінде қызмет еткен қазақ  тұтқындарының саны анықталады: 200 000 * 0.3205 = 64 100 (алпыс төрт мың жүз) адам. Осы екі көрсеткіштің қосындысы 32 050 + 64 100 = 96 150 (тоқсан алты мың жүз елу) адам. Екінші жағынан, 7-кестеде келтірілген есептеу нәтижелері  97 812 – нің (1-нұсқада – 56 008, 2-нұсқада – 54 267), қазақтардың тұтқындардың концлагерлерден босатылып,  63 743-і  «хивиде» және 34 069-ы Түркістан легионында қызмет еткенін көрсетеді. Егер 1 және  2-нұсқа бойынша орындалған есептерді негізге алсақ, онда концлагерлерден босатылған қазақтардың үштен бірі Түркістан легионында қызмет етті деген болжаммен, тиісінше 1-нұсқа бойынша 18 669 қазақ, ал 2 нұсқа бойынша 18 089 қазақ легион жауынгерлері болғанын анықтаймыз. Бірақ, бұл екі сан да, соғыстан соң елге қайтарылп, түркістан легионының мүшелері ретінде сотқа тартылған тұтқындар санынан (23 143), кем екендігін көреміз. Сол себептен, соңғы нұсқа 3 бойынша есептелген қазақ легионерлер санының шындыққа жақын екендігін болжай аламыз.  Қалған 34 069 – 23143 = 10 926 (он мың тоғыз жүз) қазақ легионерлерінің тағдыры туралы қолымызда құжатталған деректер жоқтың қасы. 
Дегенмен, олардың бір бөлігі американдық және ағылшын билігінің көмегімен басқа елдерге тұрақты түрде өмір сүруге жіберілгені, санаулыларының  Германияда жасырын қалғаны қазіргі уақытта белгілі болып отыр. Шетелде қалған бауырларымыздың көпшілігі елге қайтудан үрейленіп, есімдерін, тағдырын  жария қылмай, өмірден озды.

 Пайдаланған әдебиеттер:
1. О реабилитации отдельных категорий военнопленных, https://e-history.kz/ru/projects/show/33172, 02.11.2021 
2. «Письмо Степного генерал-губернатора Акмолинскому военному губернатору о надлежащем контроле за военнопленными», ЦГА РК. Ф.64 Оп.1 Д.1282 Л.205-205об-206
3. Об «Об организации работы военнопленных», ЦГА РК. Ф.19 Оп.1 Д.2787 Л.51-52-52об
4. Стратиевский Д. Советские военнопленные Второй мировой и гуманитарное право. Могла ли Москва спасти своих граждан? // Журнал российских и восточноевропейских исследований. 2014. № 1(5). С. 79-90
5. Владимир Владимиров  Русская трагедия; советские люди на стороне Третьего рейха, 1941- 1945, «Вопросы национализма» 2013, № 3(23)
6. Земсков. В.Н "Статистический лабиринт" общая численность советских военнпленных и масштабы их смертности. «Российская история», 2011, №3 
7. Россия и СССР в войнах ХХ века. Потери вооруженных сил. Статистические исследование, под общей редакцией кандидата военных наук, генерал-полковника Г.Ф.Кривошеева, М., «Олма-пресс», 2001
8. Кристиан Штрайт  «Они нам не товарищи – Вермахат и Советские военнопленные 1941-1945» М.,Русская панорама, 2009 г. 
9. Член Комиссии С.Касымов приводит цифру 128 тысяч казахов, попавших в плен, https://e-history.kz/ru/news/show/33144 -
10. Перепись населения СССР (1939) — Википедия (wikipedia.org) 
11. Всесоюзная перепись населения 1939 года: Основные итоги. С. 75-76; Перепись 1939 года: Документальные источники ЦГАНХ СССР. Ч. 1. С. 18.
12.Марк Тольц. Этнодемографические процессы в Казахстане и сопредельных территориях. VII Международная научно-практическая конференция (г. Усть-Каменогорск, 8-9 ноября 2005 г.). Сборник научных трудов. Усть-Каменогорск: Медиа-Альянс, 2006. с. 327-334
13.  Қозыбаев М., Алдажұманов Қ.  Күркіреп күндей өтті ғой соғыс  «Егемен Қазақстан» газеті,  8 мамыр 1993 
14.  Есмаганбетов К.Л. Түркіствндық әскери тұтқындар: құжаттар мен материалдар жинағы. Туркестанские военнопленные: Сборник документов и материалов.- Алматы, «Арыс» баспасы, 2019.-296 бет.
15. Көкебаев Г.К. «Германия – Россия – СССР : политика, война и плен ». Алматы, Қазақ университеті, 2009
16. Дробязко С. И. Под знаменами врага. Антисоветские формирования в составе германских вооруженных сил 1941-1945 гг., М,.2004
17. Подпрятов Н.В.Участие представителей нерусских народов Советского союза в боевых действиях 2-ой мировой войны в противоборствующих армиях: сравнительный анализ
18. Н.А.Антипин. Коллаборационизм в годы Великой Отечественной войны в архивных документах
19. Романько О.В «Национальные формирования в армиях европейских союзников нацистcкой Германии (1941-1945) » // Журнал российских и восточноевропейских исторических исследований. – М., 2017. - № 2 (9). – С. 105-114. 
20. З.Е.Кабульдинов, Б.Г.Аяган Некоторые аспекты участия Казахстана в великой отечественной войне ( на основе архивных материалов)
21. Хайит.Б. Совет Иттифокида туркликнинг ва  исломнинг баъзи масалалари / / Шарк юлдузи. 1992. № 3. Б. 154-155
22. Dogumunun 100. Yilinda Baymirza Hayit ve gunumuzde Turkistan tarihi arastirmalari, Uluslararasi sempozyum, TDBB,  Istanbul, 2017, page 586 
23. Асылбек М.Х., Асылбекова Ж.М. Население Казахстана между Всесоюзными переписями населения 1926 г. и 1939 г., https: iie.kz, 2014
24. Всесоюзная перепись населения 1926 и 1939 годов в Киргизской АССР, https://open.kg/about-kyrgyzstan/population
25. Сапармурат Ниязов: туркмены составляют 91% населения Туркмении, «Демоскоп Weekly» — демографический электронный журнал, №37-38, 2001
26. Эдвард Аллворт  Россия: прорыв на восток. Политические интересы в Средней Азии, Центрполиграф, 2016
27. Султан-Хан АККУЛЫ «Потери советской армии во время Великой Отечественной войны по нац.составу», (Радио Азаттык), казахстанский военный сайт  (https://military-kz.ucoz.org)  
28. Абдуакап Кара «Истина Туркестанского легиона – между свастикой и красной звездой». Исследование/перевод с казахского языка. – Астана, Исследовательский институт «Общественное мнение», 2015
29. Ганиев К. Некоторые суждения о национальном составе населения Узбекистана (на основе Всесоюзной переписи населения 1926 и 1939г.г.), Исторические науки, 2017 (https://cyberleninka.ru/article/). 
 

1804 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз