• Мақала
  • 26 Тамыз, 2024

Арал теңізі: кеңестік, посткеңестік және қазіргі кездегі экологиялық дағдарысы

Махамбет Таиров, биология ғылымының кандидаты, «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің ғылыми кеңесшісі, экология ғылымдарының докторы (PhD)
 

Климаттық өзгерістер экологияның ең өзекті әрі ең көп талқыға түсетін мәселесіне айналып отыр. Орталық Азия аймағы контекстінде климатты қалыптастырушы (жалғыз бұл аймақтағы ғана емес) ретінде Арал теңізі маңызды рөл атқарады. Ертеректе әлемнің ішкі ірі су қоймасы болған Арал теңізі антропогенді экологиялық дағдарысқа тап болғаны мәлім. Арал қасіретінің пайда болуына кеңес одағы кезеңінде ауылшаруашылығының қажеттіліктері үшін үлкен масштабтағы су ресурстарын қолдану әсер етті, соның салдарынан теңіз табаны құрғап, экожүйенің бұзылуына әкеп соқты. 
Арал теңізі дағдарысының салдарын зерттеу адам іс-әрекетінің қоршаған орта мен климатқа қалай әсер ететінін түсіну үшін маңызды. 1980 жылдардың соңынан бастап Арал теңізі әлемдік, соның ішінде әсіресе Орталық Азия қауымдастығының назарын аудартып келеді. 
«Арал экологиялық дағдарысы», «әлемнің ірі экологиялық апаты» және «Арал қасіреті» тақылеттес ұғымдар баспасөзде жиі қолданылып келеді, бірақ мұндай анықтамалардың түрлері бұлар ғана емес. Қазіргі кезге дейін Арал теңізінің аумағы 10 есе кішірейіп кеткенін ескерсек, мұндай анықтамалардың дұрыстығына көз жеткіземіз. 1960 жылға дейін Арал 66-67 мың км2 аумақта орналасты, су сыйымдылығының көрсеткіші – 1062 км3, орташа минерализациялануы – 10-11 г/л. Дағдарысқа дейінгі Аралдың орташа тереңдігі 15 м, максималды тереңдігі – 60 метрге дейін жетті. Су деңгейінің абсолютті белгісі 53-54 мБС мөлшерінде өзгеріп отырды (бұл кеңес одағында қабылданған Балтық жүйесінің өлшемі, ол бойынша Балтық теңізінің көпжылдық орташа деңгейінің қалыпты биіктігі белгіленді). 
Қазір әлемде төртінші орынға ие болған теңіз аймағы жеке дара бірнеше су қоймаларына бөлініп кетті. Жерді қашықтан зондау заманауи технологиясын қолдану арқылы мәлім болғандай, 2021 жылы келесідей су нысандарын бақылау мүмкіндігі туды: 20,0 км3 аумағы мен 10-14 г/л тұзды Солтүстік Арал теңізі; 42,5 км3 аумақтағы 170 г/л тұзды Батыс Арал теңізі; 1,7 км3 аумақтағы 90 г/л тұзды Тұщыбас көлі. 
Өзбекстанның Қарақалпақ аумағының Әмудария дельтасында көлемі мен тұздылығы тұрақсыз Судочье және Жылтырбас көлдерінің кіші жүйелері ғана қалды (Сурет 1). А – Арал қаласы; В – Көкарал бөгеті; С – жоспарлаудағы Сарышығанақ бөгеті; D – Сырдария дельтасы; Е – Әмудария дельтасы; 1 – Кіші (Солтүстік) Арал; 2 – Тұщыбас; 3 – Батыс Арал; 4 – Судочье көл жүйесі; 5 – Жылтырбас көл жүйесі; 6 – Қамыстыбас көл жүйесі; 7 – Ақшатау көл жүйесі (суреттегі барлық белгілерді мақала авторы енгізілді). 


КСРО кезіндегі «Арал экологиялық дағдарысының» экономикалық және саяси себептері. Арал теңізі дағдарысы ортаазиялық екі ұлы өзен – Сырдария мен Әмудария суларын осы аймақтың шөл және шөлейтті жерлерін суландыру үшін пайдалану күнінен басталды. Бұл жалпы көпшілік мойындап, таныған ақиқат. Бұған пәрмен берген кеңес одағы орталық комитетінің комунистік партиясы мен КСРО министрлер кеңесінің 6 тамыз 1956 жылғы «Мақта өндірісін ұлғайту үшін Өзбек КСР және Қазақ КСР-нің Ашаршылық даласының тың жерлерін игеру мен суландыру» туралы Қаулысы болатын. 
Бұл жоба алдағы уақытта іске асырылатын бұдан да зор амбициялы жоспардың бір бөлігі ғана болғанын айтуымыз керек. Ол Қаулы 1954 жылдың 2 наурызында іске қосылды. «Бидай өндірісін әрі қарай ұлғайту мен тың және тыңайған жерлерді игеру» Қаулысының аясында Қазақстан, Өзбекстан, Сібір, Еділ мен Жайық аймағында 1954-1960 жылдағы 41,8 млн гектар тың және тыңайған жерлер жыртылды. 
Тың жерлерді игеру, сондай-ақ онымен байланысты өзге жобалар, атап айтқанда, Түркіменстанда ұзындығы 1450 шақырымдық Қарақұм каналының құрылысы, Сырдария ағынын гидроэлектростанса каскадымен «реттестіру» және бүкіл Орталық Азия бойынша мақта мен күріш алқаптарын жеделтетіп дамыту қысқа мерзім ішінде ірі экономикалық міндеттерді шешуге мүмкіндік жасады. 
Ең алдымен «Мақта тәуелсіздігіне» қол жеткізу тоқыма өнеркәсібі үшін ғана емес, КСРО-ның сол кездегі әскери-өнеркәсіптік кешені үшін де аса маңызды болды. Өткен ғасырдың 90-жылдарына қарай Орталық Азияның елдерінің Арал бассейнінде тұрып жатқан халық саны 50 миллионға жетті, ал суармалы жерлердің аумағы 8 миллион гектарға дейін өсті. 
Суармалы жерлердің төрт жарым миллион гектары Әмудария бассейнінде орналасса, үш жарым миллион гектары Сырдария арнасының бойында орналасқан. 2024 жылдағы көрсеткіш бойынша, Орталық Азия елдеріндегі суармалы жерлердің аумағы келесідей: Өзбекстанда – 4,3 млн; Қазақстанда – 2,5 млн; Түркіменстанда – 1,9 млн; Қырғызстанда – 1 млн га; Тәжікстанда – 0,68 млн гектарды құрап, жинақтай келгенде әлемде Қытай, Үндістан, АҚШ және Пәкістаннан кейін бесінші орынды алып тұр (1). 
Экономикалық дамудың мұндай маңызды көрсеткіштеріне Әмудария мен Сырдарияның жер үсті өзендерін қолдану арқылы қол жеткізілді. Бұл өзендер ирригациялық және сонымен қабаттасқан өзге де мақсаттар үшін негіз ресурс болды. Аталған екі өзеннің жерлерді суарудағы көпғасырлық тарихы болса да, тек қана КСРО-ның «қонысталмаған және тыңайған жерлерді» гидромелиорациялау жобалары кең масштабты сипатқа ие болды. Осы жобаларға қатысты қазіргі заманғы сыни пікірлерлерге (кейде дәлелсіз) қарамастан ол жобалардың мұқият ойластырылғанын және қисындылығын атап өтпеске болмайды (2). Сонымен қатар бұл жобалардың Орталық Азия елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізген оң ықпалын да жоққа шығаруға болмайды. 
Осындай «бұқараға жақпайтын» қорытындымен қатар, бұл жоспарлардың практикалық іске асырылуы әлемдегі ең ірі қолдан жасалған экологиялық апатқа айналған «Арал экологиялық апатының» негізгі себебі ретінде атап өткен жөн. 
1960 жылдарға қарай КСРО-ның Орталық Азия бөлігінде ғана емес, Украинаның оңтүстігінде, Молдовада, Азов және Каспий теңіздерінің бассейндерінде су шаруашылығы шиеленісінің күшейе бастағанын айта кету керек. Осыған байланысты Солтүстік өзендер ағынының бір бөлігін оңтүстікке, негізінен Еділ өзеніне қайта реттеу туралы идеялар қайта жанданды және пысықталды. Бірнеше нұсқалар қарастырылды. Ладога, Онега және КСРО-ның еуропалық бөлігінің солтүстік-батысындағы бірқатар кішігірім көлдерден су алуды көздейтін «Батыс». Ағыстың «Шығыс» нұсқасы Печора мен Вычегда (Солтүстік Двина саласы) өзендері ағынының бір бөлігін Камаға қайта бұруды ескере отырып жоспарланған. Бұл жобалар Днепр сияқты ірі өзеннің ағысына жақын болатын жылына 60-70 текше шақырым су тасымалдауды көздеді. Жалпы, су ресурстарын солтүстіктен оңтүстікке қайта реттеу Украинада да, Поволжье мен Молдовада да барлық су мәселелерін бірден шешуі керек еді.
Бүкіл Орталық Азия аймағының су проблемалары өршіп тұрған КСРО-ның азиялық бөлігінде де осындай проблемалар көтерілді. Агроөнеркәсіптік кешенді жедел дамыту жоспарларын қамтамасыз ету қажеттілігі туындады және осы Амудария мен Сырдария арналарын қоса Арал теңізі бассейнінің тартылуын туындатты. Мұның бәрі халық санының өсуімен және аймақтағы жұмыс күшінің артықтығымен қатар жүрді. Осы факторлардың әсерінен әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың салдары да айқын бола бастады.
Осыған байланысты, 1968 жылы КОКП Орталық Комитетінің пленумы Мемлекеттік жоспарға, КСРО Ғылым Академиясына және басқа ұйымдарға Солтүстік Еуропа мен Сібір өзендерінің ағынын қайта реттеудің бірлескен жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл жобаға КСРО-ның 160-тан астам ұйымы (оның ішінде 48 жобалау-іздестіру және 112 ғылыми-зерттеу институттары, оның ішінде КСРО Ғылым Академиясының 32 институты, 32 одақтас Министрліктер және одақтас рес­публикалар 9 министрліктері) жұмылдырылды. Бұл жағдайда сол кездегі біртұтас КСРО-ның еуропалық бөлігінде де, азиялық бөлігінде де жерді жаһандық қайта форматтау туралы сөз болғанын атап өту маңызды. 
Қазақстан мен Орта Азия өңірлеріне қатысты әзірленген жобаларға сәйкес Сібір суын кезең-кезеңімен тасымалдау жоспарланды: Енисей бассейнінен ағынның ықтимал бөлігінен Обь және Ертіс бассейндерінен жылына біріншісінде – 25 км3, екіншісінде – 60 км3, ал шалғай перспективада – 75-100 км3 су алу. Мұны қамтамасыз ету үшін толтыру Ертіс, Тобыл және Есіл каналдарымен қосу арқылы ұйғарылған ауданы 260 мың км2 Сібір теңізі деп аталатын су қоймасын құру жоспарланды. Осы ретте Амудария мен Сырдария өзендерінің жиынтық ағыны жылына шамамен 100 текше шақырымды құрайтынын естеріңізге сала кетейік. Басқаша айтқанда, жоспарға сәйкес, Арал теңізінің құрғауын бәсеңдету немесе толығымен тоқтату жоспарланған еді. 
Бір қызығы, қазіргі баспасөзде Сібір өзендерін қайта реттеу жобасына көбінесе «Ертіс-Қарағанды» каналының құрылысын жатқызады. Алайда, бұл жобаға 1950-ші жылдары атақты қазақстандық академик Қ.И.Сәтбаев бастамашы болғанын және оның атақты серігі және оқушысы Ш.Шөкин жүзеге асырғанын атап өтуіміз керек. Жобаның негізгі идеясы ауқымды Орталық Қазақстанның өнеркәсіптік аймағын (Қарағанды және Жезқазған тау-кен аудандарын) сумен қамтамасыз ету шешімімен, сондай-ақ Қазақстанның астанасын сол уақытта Қарағандыға көшіру жоспарымен байланысты болды. Ертістің орта ағысынан бастау алатын ұзындығы 458 км арна бүгінгі күні де осы өңірді сумен қамтамасыз етеді. Сондықтан, 1968 жылы Қазақ энергетика ҒЗИ бастамасымен салынған Ертіс-Қарағанды суару-суландыру каналының бұл жобасы Сібір өзендерінің суын қайта реттеуге қатысы жоқ және, әрине Сібір өзендерінің суларын тасымалдаудың жалпы жобасының іске асырылған бөліктерінің бірі болып саналмайды (3).
Жоғарыда келтірілген мәліметтердің барлық жиынтығы 1968 жылғы Сібір өзендерін қайта реттеудің өршіл жобасы мен Орталық Азияның агроөнеркәсіп кешенін, оның ішінде Арал теңізін оңалтуды дамыту мақсатының ешқашан жобалық және іздестіру әзірлемелерінен асып түспегені туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Атап өтілгендей, бұл жобаның азиялық бөлігін әзірлеу үшін бүкіл КСРО-ның орасан зор ғылыми, зияткерлік және инженерлік күштері жұмылдырылды. Алайда, нәтижелер табиғи және әсіресе экологиялық жағынан алғанда апаттық мәнге ие болды. Қалыптасқан жағдайдың себептері қандай және барлық міндеттерді орындау кезіндегі мемлекеттік басқарудың рөлі қандай? Сол кезде қалыптасқан кеңестік мемлекеттік басқару қатаң иерархиялық болды. Орталық билік жергілікті және аймақтық органдарға КСРО-да болған «биліктің қатаң вертикалына» байланысты оларды сөзсіз орындау үшін нұсқаулар мен ұсыныстар берді. Сондай-ақ, экономикалық өмірді осындай ауқымда қайта құру жоспарлары кейіннен өздерінің дербес дамуын бастайтын және барған сайын өсіп келе жатқан инвестициялар мен күш-жігерді талап ете бастайтын жобалар үшін аймақтық жобаларға бөлінуге бейім екенін де атап өтеміз. Осы себептердің салдарынан сол кезде кеңестік республикалар болған жергілікті билік орталықтың алға қойған міндеттерін асыра орындау және одақтық бюджетті игеру бойынша өзара «жарысқа» кіріп қана қоймай, қолданыстағы және жобамен жоспарланған болашақ су ресурстарын пайдалануға сүйене отырып, өздерінің жергілікті жоспарларын да дамыта бастады. КСРО-ға тән басқарудың мұндай «командалық» әдісінің тиімділігінің ел қалыптасуының жекелеген тарихи сегменттерінде тиімді болғанын атап өткен жөн. 
Алайда, бүкіл КСРО ауқымындағы алып жобаларды үйлестіру жағдайларында қатаң тәртіп пен мәжбүрлеу, атқарушы буындармен «кері байланыстың» болмауы өте сәтсіз болды, бұл, сайып келгенде, «Арал апатына» алып келді. Сондай-ақ, аймақ халқының әлеуметтік өміріне түбегейлі әсер ететін директиваларды орындауға «араласпаушылықтың» жобаны тоқтатуға немесе оларды одан әрі іске асырудың балама жолын іздеуге мүмкіндік бермегенін атап өту өте маңызды. Осыған байланысты, орталық үкімет тарапынан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев немесе ҚазКСР Министрлер кеңесінің төрағасы Ж.А.Тәшенов сияқты жергілікті басшылардың, сондай-ақ басқа да көптеген кіші дәрежелі шенеуніктердің қабылдаған шешімдеріне қатысты кез келген ауытқулар үшін қызметінен кетуге қатысты мейлінше «қатаң шешімдер» болғанын атап өткен жөн. 
Кеңес одағы 1980 жылдарға қарай үлкен экономикалық қиындықтарға тап болды және мұндай ресурстарды қажет ететін жобаларды жалғастыра алмады. Сонымен қатар, Орталық Азия аймағында пайда болған «көп сулы жылдар» аясында. КСРО-дағы әлеуметтік-экономикалық дағдарыс кезінде кейіннен талқыланған жобаның жойылуына үлкен себеп болған біртұтас елдің идеологиясы мен саясатындағы орталықтан тепкіш үдерістер күшейе бастады. Осылайша, 1980 жылдардың ортасына қарай КСРО Ғылым академиясының бес филиалынан осы жобалар бойынша теріс сараптамалық қорытындылар дайындалды. Жобаның белсенді қарсыласы академик А.Яншин бастаған академик-ғалымдар тобы КОКП Орталық Комитетіне «Солтүстік өзендер ағынының бір бөлігін ауыстырудың апатты салдары туралы» дайындалған хатқа қол қойды. Канал құрылысы үшін «Бейбіт ядролық жарылыстарды» пайдалану жоспарлары, жайылма және су басқан жерлерді сөзсіз су басу ғана емес, сонымен қатар Орталық Ресей жазығының тарихи ескерткіш жерлерін су басу және тағы басқалар жоба қарсыластарын ерекше алаңдатты. Келтірілген дәлелдер негізінен жобаның «еуропалық» бөлігіне қатысты болғанымен, мұның бәрі оның «азиялық» бөлігіне де әсер етпей қалмады. Жобаға айтылған сынға Сібірдің көрнекті жазушылары С.Залыгин, В.Распутин, В.Белов, В. Астафьев, В.Шукшин және басқалары белсенді түрде қосылды. Геологтар мен экологтардан қарағанда, бұл жазушылар ғылым мен экономика тұрғысынан емес, этикалық құндылықтарға баса назар аударды. Негізгі дәлелдер болжамды экологиялық салдарлар және олардың Сібір халқының өміріне тигізетін теріс әсері болды. Бұл пікірталастар қоғамдық алаңға шығып, жағдайды күрт драматизациялады. Мысалы, КСРО Жазушылар Одағының соңғы съезі өзінің негізгі талқылауына байланысты тіпті ирониялық түрде «Мелиораторлар съезі» деп аталды.
Сайып келгенде, 1986 жылы 14 тамызда КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Солтүстік және Сібір өзендері ағынының бір бөлігін қайта реттеу жөніндегі жұмыстарды тоқтату туралы» қаулысы шықты. Бұл шешім Арал теңізін ішінара суды қалпына келтіру туралы кез-келген үмітке түпкілікті және біржола нүкте қойды және Орталық Азияның бүкіл ауқымды су бассейнін бүтіндей экологиялық апатқа ұшыратты. 
Елдің орталық басшылығының мұндай шешімі сол кездегі кеңестік Орталық Азия республикаларында, әсіресе олардың сараптамалық топтарында екіұшты қабылданды. Жария түрдегі дабылды аумақтары Арал теңізімен шектесетін республикалар – Қазақстан мен Өзбекстан білдіріле бастады. Осылайша, қалыптасқан иерархияны бұза отырып, 1987 жылы Қазақстан Компартиясы ОК Пленумында КОКП ОК мүшесі Е.Әуелбеков Арал теңізі мен дағдарыс мәселесін көтерді. Арал мәселелерінде М. Шаханов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Әлімжанов, М. Мағауин сияқты танымал жазушылар жария түрде және қоғамдық ортада ерекше белсенділік танытты.. Жұртшылықтың осындай ашық пікір білдіруі Орталық Азияның басқа елдерінде де орын алды. 
Дәл осы Орталық Азия қоғамының қысымына байланысты 1988 жылы 19 қыркүйекте КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің № 1110 «Арал теңізі аймағындағы экологиялық және санитарлық жағдайды түбегейлі жақсарту, пайдалану тиімділігін арттыру және оның бассейніндегі су мен жер ресурстарын қорғауды күшейту жөніндегі шаралар туралы» Қаулысы қабылданды (4). Бірінші тармақта: «бұзылған экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру, Арал теңізін табиғи объект ретінде сақтау мақсатында (азайған су айдынымен) 1990 жылдан бастап Арал теңізіне Амудария және Сырдария өзендерінің атырауларындағы су көлемін 1995 жылы – 11 текше шақырымға дейін, 2000 жылға қарай – 15-17 текше шақырымға дейін және 2005 жылға қарай 20-21 текше шақырымға дейін жеткізе отырып, жылына кемінде 8,7 текше шақырым көлеміне өзен суларының кепілді ағыны белгіленсін» деп көрсетілген. Аралға ағынның көлемін қазірдің өзінде жойылған қайта реттеу жобасын жүзеге асыру бере алатын мәнге дейін жеткізу екі жолмен жоспарланған болатын. Біріншіден, суару желілеріндегі су шығындарын ұтымды пайдалану және азайту арқылы. Екіншіден, ылғал сүйгіш дақылдарды егуді ішінара азайту және топырақты өңдеудің экстенсивті әдістерінен қарқындыға көшіру арқылы. КСРО су шаруашылығы министрлігі республикалардың әрқайсысы үшін белгіленген су алу лимиттерінің сақталуын қатаң бақылауға алу міндетіне ие болды. Алайда, КСРО-ның жеделдетілген дағдарысы, басқарудың бүкіл құрылымының жойылуы және экономикалық байланыстардың үзілуі жағдайында бұл қаулылар мен шешімдердің барлығы ұсынымдық сипатта болды және оларды орындау тұрғысынан міндетті емес болды дегенге саяды. 
Осы «су-жоба эпопеясының» нәтижелері көңіл қаларлықтай әрі қасіретті. Алғашқы кеудемсоқтыққа және модернизация мен индустрияландыруға деген ұмтылыстарға қарамастан, кеңестік кезеңдегі бұл жобалар сәтсіз аяқталды. Мәселен, тың және тыңайған жерлерді игеру жоспарлары тиімсіз жүргізілді, нәтижесінде өнімділіктің төмендеуіне және кейбір жағдайларда тіпті жер ресурстарының шөлейттенуіне алып келді. Сусыздану және ауқымды кеңістіктердің сорлануы Арал бассейніндегі астамшыл ирригациялық жоспарларының да кері нәтижесі болды. Барлық аталған сәтсіздіктер, үлкен қаржылық шығындармен және жүйесіз әрі волюнтаристік шешімдерден туындаған мемлекеттің басқа да сәтсіздіктерімен бірге Орталық Азия аймағының ғана емес, бүкіл КСРО-ның дамуының тоқырауына әкелді.
Бұл қатарда Арал теңізінің нақты жойылуы және бүкіл су бассейнінің – Амудария өзені (ұзындығы 1415 км) мен Сырдария өзені (ұзындығы 2212 км) жағалауларының әлеуметтік апаты тұр. Бұл үлкен аумақтар «проблемалық аймақтарға» айналды. Кейбір жағдайларда экстенсивті ауыл шаруашылығы, гидроэнергетика және тау-кен өнеркәсібі үшін су ресурстарын шамадан тыс пайдалану салдарынан да әлеуметтік апат туындады. Жергілікті табиғаттың экожүйесі жойылып, биосфералық әртүрлілікке де, жергілікті тұрғындарға да апатты әсер етті. Мұның бәрі толығымен Арал теңізінің аймағына қатысты. 
Біздің ойымызша, Аралда туындаған жағдайдың негізгі себептерінің бірі ретінде басқару құрылымдарының билік өкілеттіктерін «шамадан тыс орталықтандыру» рөлін тағы да атап өту қажет. КСРО-ның орталық билігі жергілікті және аймақтық органдарға оларды бұлтартпай орындау үшін дайын шешімдер мен нұсқаулар берді және сонымен бірге оларды кеңінен талқылауға жол бермей, осы стратегиялық шешімдер үшін барлық жауапкершілікті өз мойнына алды. Орталық Азияның бүкіл су шаруашылығы жүйесі Сібір өзендерінің ағындарын болашақта қайта реттеу үшін дамығанын атап өту маңызды. Сайып келгенде, басқа себептермен қатар, жалпы жағдайды Арал экологиялық апатына әкелген атқарушы биліктің барлық деңгейлерінің тәуелсіздігі мен бастамашылығының болмауы болды. Орталық Азия елдеріне де жол берілмеген және оған ешқандай қатысы жоқ Кеңес Одағының одан әрі күйреуі қалыптасқан жағдайды әлденеше рет қиындатты. Орталық Азия Арал теңізінің құрғауымен және табиғи ландшафттардың деградацияға ұшырауының үдемелі проблемаларымен қала берді. 

Посткеңестік және қазіргі кезеңдегі Арал дағдарысы 

Кеңес одағының ыдырауы Арал теңізі апатының даму тарихының жаңа кезеңінің басталғанын көрсетті. Кенеттен Тәуелсіздік алған Орталық Азия елдері экономиканы, қоғамды және табиғатты қамтитын сын-қатерлердің бірегей бірігуіне тап болды. Жаңа тәуелсіз елдердің мемлекеттік құрылыс кезеңі КСРО шеңберінде келісілген экономиканы бақылауды жоғалтумен ғана емес, сонымен бірге терең ішкі проблемалармен де қатар жүрді. Мұндай мәселелерге экономика мен қаржының құлдырауы жағдайында мемлекеттің мүлдем жаңа қағидаттарға негізделуі, бұл елдерді жаһандық әлемде орнықтыру қажеттілігі, кадрлық әлеуеттің жетіспеушілігі, өңірлік экономика мен қоғамды басқарудың жалпы жоғалуы және тағы басқалар жатады. Осы мәселелердің барлығы қазіргі уақытта аймақтың өзекті проблемаларына айналған экологиялық үдерістерді бақылаудың қосалқы мәселелеріне әкелді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Орталық Азия елдерінің экономикасына талдау жасай отырып, экономиканың құрылымының өзінде қалыптасқан даму және басқару қағидаттарының «инерциясының» айтарлықтай әсерін атап өту маңызды. Негізінен КСРО кезінде де ұсынылған агроөнеркәсіптік жобалар жалғасып жатты. Елдердегі халықтың өсуімен және еңбек ресурстарының артық болуымен бірге жерді экстенсивті пайдалану кезінде мақта мен күріш плантацияларының одан әрі дамуына алып келді. Суару мен канал құрылысының қарабайыр әдістері, дақылдардың әртүрлілігі су дағдарысын тездетті. Бұл факторлар аймақтағы жалпы жағымсыз экологиялық жағдайды қиындата отырып, Амудария мен Сырдария өзендерінен судың айтарлықтай азаюына әкеліп соқтырды.
Сонымен қатар, Орталық Азияның топырақ құрылымының ерекшеліктеріне байланысты ауыл шаруашылығының дамуы су сіңіретін дренаж жүйелерінің үнемі дамуын талап етеді. Бұл құрғақ аймақта ауыл шаруашылығы үшін су ресурстарын тиісінше басқарусыз жарамсыз ететін тұз құрамы жоғары топырақтар басым келеді. Мұндай топырақтардың көбінесе су өткізгіштігі нашар болады және беткейінде жер құнарлылығын төмендететін, әсіресе өсімдік шаруашылығының суару әдісі барысында тұзды шөгінділердің қалыптасуына бейім. Сондықтан Орталық Азиядағы қымбат дренаждық жүйелерді дамыту және қолдау тұрақты ауыл шаруашылығын қамтамасыз етуде, топырақ құнарлылығын сақтауда және экономиканың бүкіл аграрлық секторының тиімділігін сақтауда ерекше рөл атқарады.
Орталық Азия елдеріндегі жеделдетілген мемлекеттік құрылыстың жағымсыз жағының айқын мысалы ретінде өңірдің гидроэнергетика мәселелері болып табылады. Бірыңғай Орталық Азия энергетикалық одағынан бас тарту өзендердің жоғарғы ағысындағы таулы елдердің – Қырғызстан мен Тәжікстанның – энергетикалық тәуелсіздік алу мақсатында гидроэнергетикада ауқымды жоспарлар жасауды таңдауын талап етті. Кеңестік дәуірде жасалған жоспарлардың жалғасы ретінде Қырғызстан Сырдарияның негізгі саласы – Нарын өзенінде жобалық қуаттылығы 1,8 Гигаватт болатын Қамбар-ата ГЭС-1 салу жөніндегі жобаны іске асыруға кірісті. Сонымен қатар, 50 шағын және орта ГЭС құрылысы жарияланды. Тек 2024 жылы республикада 11 шағын гидроэлектростанция – бес ірі ГЭС және алты шағын ГЭС (5) іске қосылмақшы. Өз кезегінде Тәжікстан Амударияның негізгі саласы – Вахш өзенінде Рогун су электр станциясының құрылысын аяқтауға ниетті. 2019 жылғы 9 қыркүйекте екінші агрегат іске қосылды. Жоба аяқталғаннан кейін биіктігі 335 м болатын Рогун ГЭС бөгеті әлемдегі ең биік құрылыс болады, ал станция 3600 МВт қуаттылыққа жетеді және Орталық Азиядағы ең ірі су электр станциясы болады (6). Көптеген сарапшылардың пікірінше, мұндай ГЭС Амудария мен Сырдарияның негізгі өзендерінің гидрологиялық режимін өзгерте алады және бұл төмен орналасқан елдердегі – Өзбекстан мен Қазақстандағы суару жүйелерін сумен қамтамасыз етуге сөзсіз әсер етеді. 
2000 жылдардың басынан бастап Түрікменстанның ресми баспасөзі Амударияның су ағынын пайдалана отырып, Гарашор бассейнінде орналасқан «Алтын Асыр» көлі – «Түркмен теңізін» жасау бойынша практикалық іске асыруды басталғаны туралы бірнеше рет жариялады (7). Өзбекстанда да Айдар-Арнасай көлдер жүйесінің экономикалық дамуы бойынша белгілі жобалар әзірленуде, бірақ ол Сырдария суларының есебінен (8). 
БҰҰ-ның 2012 жылы Токиода өткен Ауғанстанның соғыстан кейінгі жағдайына арналған конференциясында Амудариядан судың бір бөлігін осы елдің аграрлық секторын дамытуға бұру идеясы негізделді. Ауғанстан үкіметінің баспасөзге хабарлауынша, 2022 жылдың наурыз айында 550 мың гектарға дейін жерді суаруға мүмкіндік беретін ұзындығы 285 км, ені 100 м Қош-Тепа каналының құрылысын іс жүзінде жүзеге асыруға кірісті. Балх, Джаузжан және Фаряб провинцияларындағы құрғақ аймақтардың сулануы Амударияның су ағынының 15%-ын алуға әкелетінін ескеріңіз. Анықтама үшін 1992 жылы Орталық Азияның бес мемлекеті өңірдегі суды пайдалануды реттеуге арналған Алматы декларациясына қол қойғанын атап өтеміз. Сонымен қатар, Өзбекстан, Түркменстан және Қазақстан БҰҰ-ның 1992 жылғы су ресурстары жөніндегі конвенциясына қосылды. Ал Ауғанстан бұл келісімдердің ешқайсысына қатысушы емес. 
Өңірдің экологиялық тәуекелдерінің тағы бір факторы тау-кен өнеркәсібі болып табылады. Жаңа өндіруші салаларды және басқа да осыған ұқсас қызмет түрлерін пайдалану мен құру, соның ішінде алтын және уран өндіру су мен топырақтың химиялық заттармен уытты ластануына әкеліп соғады, сондай-ақ Орталық Азияның су балансы проблемасын қиындатады. 
Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің қазіргі ресми және ғылыми баспасөзінде құрғап бара жатқан Арал теңізін қолдауға бағытталған «Сібір өзендерінің артық ағынын оңтүстік бағытқа жіберу» қайта жанданған және өршілдігі төмендемеген жоба жиі талқыланады. 
Орталық Азияның экономикалық және су дамуындағы осы хаотикалық және қисынсыз болып көрінетіндердің барлығы іс жүзінде жекелеген елдердің ішкі экономикаларының дамуымен анықталатын қатал да сындарлы логикаға бағынады. Кейбір жобалар немесе шешімдер бір қарағанда бір-бірімен байланысты емес немесе тіпті қарама-қайшы болып көрінгенімен, олардың барлығы әрбір жеке елдің және олардың экономикалық ортасының ерекшеліктеріне қарай тамырлары тереңнен тоғысады. Бұл жобалардың негіздемесі көбінесе Орталық Азияның әр елінің алдында тұрған ерекше қажеттіліктер мен қиындықтарға байланысты. 
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, тәжірибе көрсеткендей, әлемдегі экологиялық дағдарыстардың өршуі олардың ауқымы ұлғайған кезде ғана емес, сонымен қатар климаттық жағдайлардың жаһандық өзгеруі, планетарлық температураның жоғарылауы және топырақтағы өзгерістер, мұздықтардың азаюы және мұхит сулары деңгейінің ауытқуы сияқты және басқалардың жаңа формаларда да көрінетінін атап өткен жөн. 
Арал теңізі трагедиясы өзінің ауқымдылығына қарамастан, аталған елдерді біріктіру үшін біртұтас мақсат бола алмады. Мысал үшін бүкіл Орталық Азияның бірлігінің символына айнала алатын Аралды құтқаруға арналған бірыңғай алаңның жоқтығын келтіруге болады. 1993 жылдың наурыз айының соңында Халықаралық Арал теңізін құтқару қоры (ХАҚҚ) құрылды. Қор құру туралы шартқа қол қойған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің басшылары Арал теңізі мен оның қоршаған экожүйесін сақтауға ортақ жауапкершіліктерін білдірді. Алайда, уақыт өте келе ХАҚҚ қаржыландыру мәселелері мен ұсынылатын жалпы қызмет стратегиялары бойынша келіспеушіліктер туындады. Мысалы, келіспеушілік пен елдік эгоизм Қырғызстанның осы ұйымнан нақты шығуына әкелді. Халықаралық Аралды құтқару қорының атауын Арал теңізі мәселелерін бірінші позициядан жылжытатын Арал теңізі бассейні елдерінің ұйымы деп өзгерту әрекеттері үрей тудырды. Қазіргі уақытта да орын алып жатқан осы оқиғалардың барлығынан елдер арасындағы саяси даулардың көрінісін оңай байқауға болады. 
Соңғы бірнеше жылда «Арал теңізінің сулануын елемеу» үрдісі барған сайын алаңдатарлық салдарға ие болды. Тұран шөлді ойпатының орталығында орналасқан табиғи ағынсыз және ауқымды су айдыны бола отырып, Арал теңізі бүкіл Орталық Азия аймағының негізгі климат түзуші факторы ретінде маңызды рөл атқарды және осы қасиеті жалғасуда. Бұл тұжырымның маңыздылығын Аралдың Памир және Алатау тауларының мұздықтарымен айқын байланысы арқылы көрсетуге болады. Өзенге айналатын мұздық сулар Арал теңізін толықтырудың негізгі көзі болып табылады. Өз кезегінде, Орталық Азия мұздықтарының эволюциясы климаттық жағдайларға байланысты, олардың болуы үшін мұндай алып «ылғалдандырғыш» және Арал сияқты ауа массаларының ағынын реттеуші өте маңызды орын алады. Тарихи қалыптасқан бұл функционалды көп компонентті байланыста барлық нәзік тұтас өзара байланыс пен өзара тәуелділікті жоймай, белгілі бір «доминантты» оқшаулау мүмкін емес. Арал бассейнінің бүкіл ұзына бойында гидробиологиялық, өсімдіктер мен жануарлар экожүйелерінде одан да күрделі және функционалды көп компонентті байланыстар бар. Зерттеушілердің көпшілігі Арал теңізіннің бүкіл аймақты ылғалмен қамтамасыз ете отырып, микроклиматқа және шаңды дауылдардың пайда болуына әсер етеді, Орталық Азиядағы атмосфераның температурасын «теңіз эффектісі мен самалы» арқылы реттейді және атмосфералық массалардың қозғалысын қамтамасыз етеді дегенді айтады. Теңіз аймағының қысқаруы сонымен қатар теңіз жағалауындағы ауылшаруашылық аудандарындағы су деңгейінің төмендеуіне әкеледі, топырақтың тұздануына, шөлейттенуіне және жалпы экологиялық құлдырауға ықпал етеді [1,2]. 
Жоғарыда айтылғандар нақты Арал теңізінің Орталық Азияның бүкіл аймағының экологиялық және экономикалық тұрақтылығының негізгі факторы болып табылады деп айтуға мүмкіндік береді. Арал бассейннің барлық «функционалды байланыстар жүйесінің» орталық буыны бола отырып, өзінің жағдайында тіпті болмашы және алыс, перифериялық оқиғаларды да толық көрсетеді. Алайда, Аралдың бүкіл Арал маңындағы су балансын тұрақтандыру жөніндегі күш-жігердің негізгі интеграциялық көрсеткіші болуы керек екендігіне қарамастан, көбінесе жедел экономикалық есептеулер Арал теңізінің кебу проблемасын «елемеуге немесе ұмытуға» әкеледі. «Арал экологиялық дағдарысына» арналған заманауи конференциялар мен жиналыстардың тақырыбына қысқаша шолу жасасаңыз да «экономикалық көзқарастың» үстемдік етуді жалғастырып келе жатқанын көруге болады. Көбінесе бұл бүкіл Арал бассейніне халықтың орналасу картасын есептеу кезінде орын алады. Бұл ретте, елеусіз дотациялық экономикасы бар болмашы «теңіз» жағалаудағы Арал халқы салыстырмалы түрде жай ғана қаралымнан түсіп қалады. Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің Арал дағдарысын ішінара болса да еңсерудегі күш-жігерінің оң нәтижелерін атап өту қажет. Мәселен, Қазақстанда теңіздің солтүстік бөлігін (Солтүстік, Кіші немесе Қазақ Аралы), сондай-ақ Сырдария атырауында бірқатар ірі жобаларды - Көкарал бөгетін салу және Сырдария арнасын реттеу сәтті жүргізілді. Осы жобалардың арқасында 2000 жылдары Қазақстан тарапынан «тұтас теңіз трагедиясының бөлшектенуі» мен «елдік өзімшілдік» заңсыздығы туралы айтылған сынға қарамастан, Аралдың солтүстік бөлігі бұрынғы 6-15 промиллеге дейін тұзсыздандырылды, су айдынының айнасы 3,4 мың шаршы км мөлшеріне жетті, су көлемі 27 текше км құрады. Кіші аралда су көтеріліп, 2023 жылы су көлемі 40,42 мБС (Балтық жүйесінің метрі) құрады Үлкен теңіз деңгейі 2022 жылы шамамен 20 мБС құрағанын айта кету керек. Қазір бөгет Кіші Аралдағы экологиялық жағдайды едәуір тұрақтандырып, бүкіл аймақтың одан әрі құлдырауын тоқтатқаны жалпыға мәлім. Тағы бір назар аударарлық дерек – Өзбекстанда бұрынғы теңіздің жалаңаш табанының 130 мың гектардан астам жерінде белсенді жүргізіліп жатқан «Үлкен (Оңтүстік) Аралдың құрғақ табанын көгалдандыру» стратегиясы. Бірқатар мамандар теңіздің жаңа шөлейт жерлерін, әсіресе оның оңтүстік бөлігінде сексеуіл (лат. Halóxylon), жыңғыл (лат.Támarix) және басқа галофиттер отырғызу арқылы көгалдандыруды Оңтүстік Орал экожүйесін қалпына келтірудің ең тиімді әдістерінің бірі деп есептейді. «Арал табанын көгалдандыру» шаңды дауыл деңгейінің және ауаның ластануының төмендеуіне әкелуі керек деп болжануда. Биоалуантүрлілікті сақтау және арттыру үшін деградацияланған рельефті қайта құрылымдау да көзделеді (1,9,10). 
Әрине, бүкіл Орталық Азиядағы, әсіресе Арал теңізіндегі су балансы өте күрделі мәселе болып табылады. Бұл өңірдегі су ресурстарының біркелкі бөлінбеуіне және негізінен климаттық жағдайлардың әсерінен қалыптасуына байланысты. Орталық Азияның мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы шеңберінде келісілген лимит бойынша жыл сайын Амудария бассейнінен су алу шамамен 56 млрд текше метрді құрайды, оның 40 млрд текше метрге жуығы вегетациялық кезеңге – сәуірден қазанға дейін келеді. Осы Келісім бойынша 2000 жылдары вегетациялық кезеңде Тәжікстан – 6,9 млрд текше метрден сәл астам, Өзбекстан – 16 млрд, Түрікменстан 15,5 млрд су алды. Сырдария бассейнінен су алу лимиті жыл сайын шамамен 11,9 млрд текше метрді құрайды, оның ішінде жазғы вегетациялық кезеңде Тәжікстан – 1,9 млрд текше метр, Өзбекстан – 8,8 млрд, Қазақстан – 920 млн, Қырғызстан 270 млн текше метр алады [1,4].
Әртүрлі факторлардың ішінде талдаушылар аймақтағы су ресурстарының тапшылығына әкелетін тиімсіз басқаруды ерекше атап өтеді. Мәселен, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) деректері бойынша Орталық Азия елдеріндегі су ресурстарының жан басына шаққандағы қоры жеткілікті (шамамен 2,3 мың м3). Бірқатар халықаралық сараптамалар бұл мәселе су ресурстарының тапшылығында емес, оларды ұтымсыз пайдалануда деп нақты айтады. ФАО баяндамаларында Орталық Азия елдері әлемдегі су тұтынудың ондығына кіретіндігі айтылады: Түрікменстан (жылына 5319 м3), Қазақстан (жылына 2345 м3), Өзбекстан (жылына 2295 м3), Қырғызстан (жылына 1989 м3), Тәжікстан (жылына 1895 м3). Сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығында өнім бірлігін алу үшін дамыған елдерге қарағанда су 2,5-3 есе көп жұмсалады [1,11]. Бұл тағы да ерекше маңызды рөлді атап көрсетеді, бірақ енді Орталық Азия аймағының су ресурстарын халықаралық басқару және реттеу. ОА су балансы тақырыбындағы пікірталастың қатаңдығы барған сайын артып келеді. Қазіргі уақытта олар Амудария мен Сырдария өзендерінің жоғарғы ағысындағы гидроэнергетика және суармалы егістіктер мен төменгі ағысындағы суармалы су мәселелеріне назар аударады. Су бағасын енгізу мүмкіндігі, суды үнемдеу және суару жүйелерін енгізу, өзен арналары бойынша су контрреттегіштерін салу, таулы мұздықтардың қысқаруына қарсы күрес және осы жалпы күн тәртібіндегі басқа да көптеген өзекті мәселелер талқылануда.
Осы өткір пікірталастардың барлығы қазіргі екі маңызды оқиғаны көрсетеді. Біріншіден, олар Арал теңізі бассейні аймағында орналасқан елдер үшін мүдделердің тарихи ортақтығын атап көрсетеді. Екіншіден, Орталық Азияға кіретін барлық елдер үшін өмірлік маңызды болып табылатын шекарасы бөлек болғанымен, ортақ шекараларды, су ресурстарын тиімді басқару қажеттілігі туралы хабардың артуы.
Жоғарыда айтылғандар Арал дағдарысының кезеңдеріне салыстырмалы талдау жүргізуге және алдын ала кейбір қорытындыларды жасауға мүмкіндік береді.
Кеңес одағы дәуірінде басқару тым орталықтандырылған болды, бұл үлкен қателіктерге, соның ішінде Арал теңізі үшін де апатты салдарға әкелді. Алайда, дағдарысты бақылау әрекеттері бойынша ОА елдерінің өзара қарым-қатынастарының кейінгі тарихы парадоксалды фактіні анықтады – дағдарыстық құбылыстарды басқару стратегиясындағы негізгі қателік бірлесіп қабылданған шешімдерді орындау­да бірліктің жеткіліксіздігі болды. Мемлекеттік деңгейдегі дағдарыстық экология мәселелерін талқылаудың демократиялылығы, тәуелсіздігі және алқалылығының және тиімді басқарудың барлық уақытта бірдей қатар жүре бермейтіні белгілі болды. Мұндай жағдайларда азаматтық қоғам мемлекеттік басқарудың кемшіліктерін өтеуші ретінде әрекет етуі мүмкін сияқты. Қоғамның стихиялық ұжымдық әрекеттері әлеуметтік және экологиялық мәселелер үшін құнды шешімдер ұсына алады және жаңа идеялардың қайнар көзі бола алады. Арал теңізін құтқаруға арналған күрес тарихында бұл әсіресе айқын көрінеді, мұнда қоғам мемлекеттік күш-жігерге маңызды қосымша болып табылады (9,10).
Өңір елдерінде, әсіресе соңғы жылдары, бүкіл Орталық Азия бойынша «су аз кезеңнің» басталғаны кеңінен талқылануда. Су дағдарысының жаһандық қаупі экономикаға әсер етіп қана қоймай, Орталық Азиядағы әлеуметтік-саяси тұрақтылық үшін де маңызды. Суға қол жеткізу үшін бәсекелестік жағдайында әртүрлі аймақтар немесе тіпті елдер арасында қақтығыстар туындауы мүмкін. Бірнеше елдер іргелес жатқан Ферғана алқабы және Арал теңізінің су ресурстарының сарқылуына байланыс­ты экологиялық проблемалардан зардап шегетін Қарақалпақстан су дағдарысының шиеленістің және тіпті қақтығыстардың қайнар көзіне айналуының жарқын мысалдары болып табылады.
Сонымен қатар, су дағдарысының жаһандық қаупі өңірдегі экономика мен әлеуметтік тұрақтылыққа елеулі сын-қатерлер туғыза отырып, бір мезгілде елдердің шоғырлануына түрткі бола алады және өзара ынтымақтастық пен келісім негізінде даулы жағдайларды реттеуге жәрдемдесе алады.
Осы мәселелерді талдаудың тағы бір салдары қоршаған ортаны қорғау міндеттері мен экономикалық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті табу болып табылады. Арал теңізі жайлы айтқанда оның экологиясы мен экономика мәселелерін бөлек қарастыру мүмкін емес. Аралдың жағдайы аймақтың экономикалық әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Бұл дегеніңіз Арал теңізінің қоршаған ортаны қорғау объектісі ретінде ғана емес, сонымен бірге экономикалық пайданың әлеуетті көзі ретінде де қарастыру керек екендігін білдіреді. Арал теңізінің жандануына тек экология саласындағы мемлекеттік күш-жігер есебінен қол жеткізу мүмкін емес. Теңіз қоршаған ортаны қорғау объектісіне ғана емес, сонымен бірге экономикалық әрекеттің субъектісіне айналған кезде, оны жандандыру мүмкіндіктері едәуір артады. Сондықтан теңіздің аймақ елдерінің экономикасына, мысалы, балық аулау және мал шаруашылығы арқылы интеграциялануы маңызды болып табылады. Теңізді экономикаға интеграциялау арқылы ғана оны жағдайды оңалту үшін қажетті ресурстар мен преференциялармен қамтамасыз етуге болады. Сайып келгенде, Арал теңізі экономикалық жүйенің ажырамас бөлігіне айналатын тәсіл оны жандандыруға апаратын жолды ғана емес, сонымен бірге табиғат пен экономика үйлесімді өмір сүретін, адамның да, қоршаған ортаның да әл-ауқатын қамтамасыз ететін тұрақты даму моделін білдіреді (10). Тарихи тұрғыдан алғанда, ХХ ғасырда Арал теңізін нақты елдің экономикалық мүдделер өрісінен шығару, теңізді басқа экономикалық мүдделер үшін «құрбан ету» «Арал экологиялық апатының» басталу нүктесі болғанын еске салғым келеді.
Арал дағдарысын одан әрі басқарудың оңтайлы жолдары қандай? Осы онсыз да сарқылған және экологиялық дағдарыс аймағында экономикалық әрекет қаншалықты шектелген? Сонымен, мемлекет пен қоғамның осы үдерістердегі тепе-теңдігі мен ықтимал рөлі қандай? Осы мәселелерді сараптау біздің әрі қарайғы зерттеулеріміздің негізін құрайды. Сөз соңында автор осы мақаланы қазақ тіліне аударып, қалың оқырман қауымға ұсынған Дәуіржан Жұмажанұлына, Айгүл Даткинаға алғысын білдіреді. 
     
Пайдаланған әдебиеттер: 
1. The Executive Board of the International Fund for saving the Aral Sea in the Republic of Kazakhstan https://kazaral.org/
2. Духовный В.А., Юп Л. Г. де Шуттер/ «Вода в Центральной Азии. Прошлое, настоящее и будущее, 2019. http://www.eecca-water.net/content/view/16335/12/lang,russian/
3. https://tou.edu.kz/ru/library?id=3180
4. http://www.cawater-info.net/bk/water_law/pdf/ussr-1110-1988.pdf
5.https://informburo.kz/stati/kyrgyzstan-stroit-neskolko-ges-cto-budet-s-vodoi-v-kazaxstane
6.https://cabar.asia/ru/rogunskaya-ges-kak-faktor-obedineniya-grazhdan-tadzhikistana?pdf=14034
7.http://www.cawater-info.net/review/turkmen_golden_lake.htm
8.http://www.cawater-info.net/bk/1-1-2-1-arnasay.htm
9.М. Таиров «Аральское море – можно ли исправить крупнейшую экологическую катастрофу мира?» / Central Asian Analytical Network (CAAN),2018, https://www.caanetwork.org/?s=%D1%82%D0%B0%D0%B8%D1%80%D0%BE%D0%B2 
10. М.Таиров «Аральское море и рыболовство – стратегия возрождения»/Мысль,2023, https://mysl.kazgazeta.kz/news/16011
11.Н.М. Новикова «Эколого-географический аспект Аральского кризиса» / Экосистемы: экология и динамика, 2019, том 3, № 1, с. 5-66 http://ecosystemsdynamic.ru/wp-content/uploads/2019/03/1-Novikova-article.pdf


 

1572 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз