• Мақала
  • 26 Тамыз, 2024

ҚАЛАЛАРДЫҢ ТАРИХИ САБАҚТАСТЫҒЫ

Серікқали ХАСАН,

жазушы-журналист

Алматының ақ батасын алып, жаңа астана Есілдің жағалауындағы Ақмолаға барып, орныққалы бері, айналайын сол Ұлы Даланың төскейіндегі сары алтындай болып, сырбазданып жатқан Сарыарқаны тәуелсіздік дәуірінің төрінде әлі де асқақтата түсеміз деп, осы кезге дейін қаншама әндер мен жырлар жазылып, тағы қаншама тың, бояу-бедері, саз-сырлары өзгеше өнер туындылары өмірге келгенмен, бүгінде алып Астанамыздың өзінше бір алтын тұғырына айналып отырған сол Арқаны осыдан екі ғасырға жуық уақыт бұрын, ұлттық өнерімізді әлемдік музыка мәдениетінің биігіне дейін жеткізіп, өз туған халқының арасында Күй атасы атанып кеткен Құрманғазы Сағырбаевтың атақты әрі өз бай шығармашылығының ең бір биік шыңы, не тек бір өз туған халқы ғана емес, бертінде барша әлемдік өнердегі шедеврге айналып кеткен «Сарыарқа» күйіндей етіп, әлі ешкімнің соншалықты биік дәрежеде асқақтата алмай келе жатқандығын да мойындауға тиіспіз! 
Сөз жоқ, бүгінгі Есіл өзенінің қос қапталын ала орналасқан Астанамыз жас қала, әлемдегі тәуелсіз елдердің де ішіндегі ең бір жас астана болғанымен, ол өзінің тарихи атажұртымыздағы бұрынғы өткен тарихи кезеңдердегі барша астаналарымыздың бүгінгі өмірдегі, тәуелсіздігіміздің шырқау кезеңіндегі заңды бір жалғасы екендігін де ұмытпауға тиіспіз. Мүмкін, біздің бұрынғы дәуірлердегі астаналық шаһарларымыздың елін алдағы ұлы мақсат-мұратқа жеткізіп, халқын өзінің ыстық құшағына бөлесем дегендей бір ізгі де, асыл арманына өз дәуірінде жетіп үлгермей, тек кейінгілерге мәңгіге өсиет етіп кеткен ұлы аманаттарына да бүгінгі тәуелсіз елдің астанасы жетуге, алдағы бар ғұмырын да тек солайша баянды етуге де міндетті шығар?! Қалай дегенмен де біздің Астанамыз өзінің алып еліміздің қашан да кең, алып Арқасында ғана емес, тұтастай Еуразия құрылығындағы ең бір жазық, ең бір өзге елдердің ешқайсысының да бағына бұйырмағандай киелі де, құнарлы, әрі ішкі және халықаралық қатынастарға да ең бір қолайлы, шұрайлы өңірге орналасқандығымен-ақ маңдайы жарқырап тұр. 
Мақаламыздың былтыр жарық көрген бірінші бөлімінде сонау өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Қазақстан мен Орта Азияны мемлекеттік-территориялық жағынан межелеу үрдістері қызу жүргізіліп жатқанда және бұл игілікті істер біршама сәтті аяқталған тұстарда ұлттық мемлекетіміздің басшылары, талайғы танымал қайраткерлер мен зиялы тұлғаларымыз қазақ елінің алдағы астанасы қандай болуы және ол соңыра алып елдің қай өңіріне шоғырланғандығын қалайтындықтарын айтқанына қатысты бірқатар ойларымызды алға тартқан едік. 
Қайран біздің бабалар. Бейнебір солар кешегі жетпіс жылға жуық өмір сүрген кеңестік тоталитарлық жүйенің кезінде де осынау Ұлы Даладағы өз байырғы атажұртының ешқашан бөлінбейтін біртұтас ұлттық, мемлекеттік жүйе, не өз келешек ұрпағының да өз тарихындағы байырғы өткендері мен өздері мұрагер болып қалған алып аймақтағы игіліктерін де өздерінің елдік, мемлекеттік тұрғыдағы кемел келешегі үшін барынша пайдалана білетіндігін содан қаншама жылдар, ғасырлар, заманалар бұрын алдын-ала сезіп, біліп, зор үміт-сенім де артып кеткендей. Сол бір көнеден сарылып жеткен үлкенді-кішілі құнды деген рухани жәдігерліктеріміздің қай-қайсысын қолға алып, соларға осыншама шұқшия қарап отырсаң да, бұрынғы өткен сол ұлы бабаларымыздың қашан да өздерінің байтағына қарап өмір сүріп, әрдайым өз байтағының рухын биіктетіп, өз мендерін анық байқататын байрағын үнемі қастерлеп, биіктету жолында өздерінің жанын да, қанын да аямағандығына қайран қаласың. Түптеп келгенде, әлемдік өркениет өрісіндегі сол астаналар эпопеясының сыр-шежіреге толы қалың парақтарының ішінде өзінің бастауларын арғы дәуірлердегі Түркі қағанаты заманынан алатын, бүгінде осынау ұлы даладағы қазантүп ұлт болып отырған тәуелсіз еліміздің уақыт-заман үрдісіне лайықты өз астаналық шаһарларын қалыптастырып, қашан да елдікке, мемлекеттікке, алдағы ұлы болашаққа қарай ұмтылу барысындағы сан ғасырлар бойына жалғасып келген ізденіс-талпыныстарының сансыз көп ізі де сайрап жатыр. 
Бізге бұл тұста сонау жетінші ғасырдағы екінші Түрік қағанатының кезінде бір тудың астындағы барша түркітектес халықтарға ортақ астана болған, атақты Білге қағанның өзі де сол кезде сонда тұрған тарихи Өтүкен жеріндегі Орда-балықты айтып, мақтанбағанымыздың өзінде де, бертіндегі ортағасырлық Алтын Орда империясы ыдырап, бұрынғы империялық мемлекеттердің баршасы өз бұрынғы отырған жерлерінде-ақ бөлек-бөлек хандықтарын құрып, өз алдына бір іргелі ел бола бастаған кезеңде, Керей, Жәнібек хандар бастаған халқымыз көне Шу бойына дейін келіп, қазақ хандығының ігесін қалап, өз хандығын құрғалы бергі өз тұрақты астанамызды жасақтау бағытындағы ізденістерінің өзі де талайғы сырлы шежірелерге толы болған. Рас, біз сол бір өткен кезеңнің тарихи шындықтарына үңіліп, қазақ хандығы құрылған кездердегі халқымыздың ұлан-ғайыр сардалада әрі-бері көшіп-қонып жүргендігіне айырықша мән бергенде, соның бәрін көбінесе малдың өрісі, жайылымдарымен ғана байланыстырып жатамыз, ал, шындап келгенде, сол өткен ғасырларда халқымыз осынау Ұлы Даладағы алып иеліктеріміздің әр қиырын жаз жайлап, қыс қыстап, жылдың әр кезеңінде әрі-бері көшіп-қонып жүргенде де, өзінің алдағы ұзақ үрдісті өмірлері сол маңайдағы өзге де іргелес елдермен тұрақты қарым-қатынасқа шығып, сондағы ең тату деген көршілерімен иықтасып өмір сүруге қолайлы қоныс, өз мемлекетінің мәртебесін биіктететіндей астананың жәйін көбірек ойлап, қам жеумен де келмеді ме?! «Қашан да кең пішіп, әріні ойлайтын қайран біздің бабалар-ай!.. Өздеріңді ешқашан ұмыттырмайт үлгі-өнегелерің неткен көп еді?!», – дейсің осындайда. 
Олар негізінен дәл осы замандағыдай өзінің толық мағынасындағы елдікті, мемлекеттікті, не әдетте қандай елдің де, ең алдымен, өзінің бір мықты астанасы болатындығын, тек содан кейін ғана өзге жұрттармен теңесіп, қай кезеңде де солармен иық түйістіріп, үнемі қатар отырып, көршілік хақында тығыз қарым-қатынас жасай бастайтындығын да ертерек білген екен ғой?! 
Қатпары қалың тарихқа үңіле қарап отырсақ, өз елдерінің болашақ астаналық шаһарларын ойша елестетіп, алдағы соған лайықты жерді таңдауға келгенде, бұл ретте тіптен де асықпай, не ұзақ уақытқа дейін тағы бір нақтылы тоқтамға келе алмай, өз әмірші, мемлекет басшылары, не басқа да іргелі әкімшілік орталықтарын үнемі бір жерден бір жерге ауыстырып отыру бүгінгі әлемдегі небір алып елдердің бірқатарының арғы-бергідегі өткенінде де талай рет кездесіп отырыпты. Одан ешкім де, ешбір ел де тап онша ұтыла қоймаған ғой, олай болса, өткен ғасырларда өз туған халқын осыншалықты айрандай-ақ ұйытып, ел тізгінін өз қолына алған Қазақ хандығының әміршісі Бұрындық ханның баяғы Алтын Орда заманынан бері бар, қазақ үшін қасиеті тіптен ерекше болып келетін Көк Орданың көнеден келе жатқан астаналық шаһары Сығанақты өздерінің тұрақты әкімшілік орталығы етіп, бұл кездегі өзіндік жауынгерлігі, ерлігі, ел арасындағы абырой-беделі тіптен асып тұрған Қасым сұлтанның өз қарамағындағы қалың жұртымен бірге, Арқадағы Ұлытаудың бөктеріндегі кең аймақты тұрақты қоныс еткендігі де елдің елдігін танытып, болашақтағы бір мықты тірегін қалыптастырудың небір қилы әрекеттерге толы амал-айласы болмады ма?! Қасым сұлтанның өз тұсында өз заманына сай «ақылды», «әдісқой әскербасы» ғана емес, «нағыз бір ел тұтқасын өз қолына ұстай алатындай» көсемдігі бар алыптың да өзі болғандығы сонау көне дәуір деректерінде де жан-жақты айтылатын.
Қасым ханның елдіктің, мемлекеттіктің іргесін мықтап, алдағы ұлы болашақты ойлайтын алып тұлға екендігін өз тұсында сонау ортағасырлық Шығыстағы ұлы тарихшы Абдуллах бен Мұхаммед бен Әлі Насруллах, ұлы Әмір Темірдің бір атақты ұрпағы, Үнді мұхитының жағалауында Ұлы Моғол империясының негізін қалап, дәл сол Қасым ханның тұсында Ұлы Даладағы Қазақ хандығымен тығыз қарым-қатынас жасаған атақты жазушы Бабыр мен өз тұсында Ұлы Даланың тамыры тереңдерге қарай ұласатын қатпары қалың тарихын жақсы білген тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати да өздерінің бүгінгі дәуірге дейін жетіп, рухани игілікке айналып отырған еңбектерінде айтудай-ақ айтып та кетіпті. Олардың бірінің Қасым ханның бүтіндей Дешті Қыпшаққа хан болып, небір ұлы істерді тындыру үшін жаратылған әмірші екендігін, екіншісінің бұрынғы өткен қазақ хандары мен сұлтандарының арасында Қасым хандай ханның болмағандығын сенімді түрде айтып, оған өзі оның қоластында елдікті, мемлекеттікті сақтауға даяр отырған үш жүз мың әскерінің бар екендігін дәлел етуі немесе Мұхаммед Хайдардың Қасым ханның қол астындағы тұрақты әскерінің миллионнан асатындығын және Ұлы Даладағы ұлы әмірші, атақты Шыңғыс ханның ұрпағы әйгілі Жошы ханнан кейін қазақ халқында дәл осы Қасым хандай ұлы әміршінің болмағандығын алға тартқандығы да дәл сол атақты Қасым ханның өз алып хандығының алдағы ұлы мақсаты үшін стратегиялық тұрғыда кең ойлап, елдің болашақ астанасын сонау Алтын Орда заманынан бергі тарихи өңір, талайғы ұлы әміршілердің ұлағаты мен талайғы тарихи іздері қалған және Қазақ хандығы, қазақ халқының кемел келешегіне бір берік негіз болатындай үлкен қарым-қатынас, әрі үнемі іргелес көршілік татуластыққа жетелейтіндей өңірге шоғырландырып, атағы алыс жерлерге, тіпті, сонау алыстағы Мәскеу кінәздігі, Иран мен Үндістанның астаналық шаһарларындағы алтын тақ иелеріне дейін де жетіп жатқан тұстарға сәйкес келетіндей-ақ қой! 
Иә, бүгінде барша адамзат баласының таным-түсінігіндегі ерекше бір қастерлі ұғымға айналған, сан халықтардың тілдерінде тағы талай мәрте құлпыра айтылып, осыншама гүлдей-ақ жайнатылатын осы бір елорда немесе елдің бас қаласы деген ұғым әлемдегі өз ертеңіне ешқашан бейжай қарай алмайтын қай ел, не сол қай елдің байырғы тұрғыны үшін де бейнебір көздің қарашығындай-ақ қастерлі де сөздер. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тәуелсіз елімізді дамытудағы стратегиялық бағытында Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан мемлекеттік бағдарламаларын жариялай отырып, артынша ұлан-байтақ Қазақстанның бірқатар өндірістік, әрі жергілікті тұрғындарының саны көп өңірлерді әкімшілік-территориялық жағынан аудандастырып, жаңадан үш бірдей облыс жасақтап, сол жаңа облыстардың аттарын, сол өңірлердің бай тарихи өткендерімен тығыз байланыстырып, Ұлытау, Абай, Жетісу деп қойғызып, ал, осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын, біздің тарихи тәуелсіздігімізге ақ батасын берген тарихи өңірдегі ең іргелі облыс – Алматы облысын әкімшілік-территориялық тұрғыдан қайта жасақтап, облыстың әкімшілік орталығын қашан да аты біздің Алматымызбен және осынау тарихи өңірмен тығыз байланыстырыла айтылатын атақты Қапшағай көлінің жағалауындағы Қапшағай қаласына орналастырып, әрі оның атын кешегі кеңестік тоталитарлық жүйенің кезінде де кең-байтақ Қазақстанымызды қарышты даму жолына түсіріп, Алматыны жылдар бойына бұрынғысынан анағұрлым ұлғайтып, үсті-үстіне тағы барынша көркейтіп, гүлдендіре түсіп, орталығында жаңа бір іргелі де, сәулетті ғұмараттар тұрғызып, мүлдем өзгеше көрік-келбетке бөлеп, сол кешегі өткен кеңестік тар заманның өзінде де еліміздің астанасы Алматыны Одақтың көлемінен де асырып, жалпақ әлемге танытып, бұрын біздің елімізде ешқашан болып көрмегендей әлемдік деңгейдегі нағыз бір іргелі туризмнің орталығына айналдыра білген мемлекет басшысы Д.А.Қонаевтың атын бергізгендігі де жаңа бір тарихи кезеңдегі еліміздің астанасын дамытып, өркенді жолға салу бағытындағы стратегиялық мән-маңызы ерекше іргелі қадамдарының бірі болды-ау деп айтуға хақылымыз!
Тәуелсіз елдің дамуындағы маңызды қадамдардың бірі және Астанамыздың алдағы үлкен болашағы мен даму кезеңдерін айқындайтындай іргелі шаруалардың ендігі бір кезегі Астанамызға да келіп жеткендей еді ғой! Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Елордада өткен бір алқалы кеңесте Астанамыздың стратегиялық бағытта дамуына байланысты, арнайы мәселе көтеріп, ол бұл тұста ең бірінші кезекте астаналық қаламызды дамытудың 2050 жылға дейінгі Стратегиялық бағытын заң талаптарына сай, желделдете түсудің маңызды екендігіне баса мән берді. «Мұхиттың арғы бетіндегі алып Американың астаналық қаласының ортасынан ағып өтіп, қаланың ішкі өміріне де айрықша сән берген Потомак дариясы сынды, өз ішінде көсіліп жатқан Есілдей ерке дариясы бар, әрі қазіргі заманның талаптарына сай келетіндей темір жол, әуе қатынастары мен өзге де көлік қатынастары жан-жақты дамытылып жатқан астанамыз алдағы уақытта қалайша дамиды?! Қанатын тағы қалайша қомдап, өзін алда әлі қай қырынан жарқыратып көрсетер екен?! Жаңалығы, сұлулығы, заманауи тұрғыдағы құрылыстары, небір архитектуралық сыр-сымбатты құрайтын көрік-келбеті, жастық нышаны, тарихилығы дейсің бе, біздің астаналық қаламыздың өмірінде соның бәрі де бар емес пе?! Тек, әттең, енді бір серпіліс жасап, өзінің әрі қарайғы қадамдарын нық та, алшаң бастыртатын болса, одан әрі бәрі де өз-өзінен-ақ жарасымын тауып кеткелі тұр емес пе?!» дегендей өзекті сауалдар көптен бері бір тек астаналықтардың ғана емес, елдің әр қиырындағы өз елініңі астанасына үнемі сүйсіне қарайтын әрбір тұрғындардың да көкейлерінде бой көрсетіп жатқандай-ақ емес пе еді?! Рас, бұрын астанамыздың дамуы, алдағы келешегіне қатысты сөз бола қалған жерлердің бәрінде де, осы салаға тікелей жауап беретін лауазымды тұлғалардың тарапынан: «Астанамызда күн құрғатпай, әрі әр деңгейде әртүрлі жиындар жиі өтіп жүр. Сол кезде біздің елімізге алысты-жақынды шет елдерден келген қаншама қонақтар осындағы қаншама жайнаған мәдени, тарихи орындарымызда болып, астанамыздағы қызмет түрлерінің бәрін де пайдаланады емес пе?! Сол кезде қазынамыздың қоржынына да мол қаржы құйылады ғой» дегендей сипаттағы әңгімелер жиі айтылатын.
Бір жағынан алып қарағанда, бұл да дұрыс шығар, бірақ, мұның бәрі ортақ мәселенің тек бір бергі жағы ғана емес пе?! Бүгінгі әлемдік тәжірибеге сүйеніп қарасақ та, туризмді дамытатындай басты күш-құдірет тек бір мұндай науқандық іс-шаралардың ауқымымен ғана шектеліп қалмайтындығын көрер едік. Иә, сол әлемдік стандарттарға сай, жаһандағы барша саяхатшыларды өздеріне баурап, өздері де үнемі сондағы жоғары талап-тілектерге орай, жоғары деңгейде қызмет көрсете алатын елге, сол елдің астаналық қаласы, не одан әрі елдің әр қиырындағы көрік-келбеті, өзгелерді үнемі қызықтырып, талайғы көңілді демалыстарын өткізіп, жан семіртетіндей жерлерге саяхатшылар жылдың әр кезеңінде де бір тынбай, үздіксіз ағылып-төгіліп келіп-кетіп жатуы тағы қажет қой! Демек, өзінің алдына аса маңызды стратегиялық даму мақсатын қойған, қазірдің өзінде де алып құрылықта және әлемдік тұрғыдағы даму көрсеткіштері, не алдағы мол мүмкіндіктерімен-ақ өрелі биіктерден табылып келе жатқандығын танытып отырған тәуелсіз елі мен алып елінің Елордасын жаһандану үрдісінде әлемге жаңа бір қырынан танытып, мерейін үстем ете беруі үшін де біздің Астанамыз әлемдік туризм үдісіндегі сондайылықты биік талап-тілектерге де толықтай жауап беруге тиіс емес пе?! Ол үшін сен де сол әлемдік ауқымдағы туризмнің бай іс-тәжірибелерінен үйреніп, не өзгелерде жоқ, тек бір өзіңде ғана бар өзгеше бір мүмкіндіктерді де барынша тиімді пайдалана отырып, өзіңнің алдыңа басты бір мақсат пен бағыт-бағдар, өз Астанаңның жаңа бір үрдісті даму кезеңіндегі өз «Менін» танытатындай қадамдарға баруың ауадай-ақ қажет болатындығын бүгінгі уақыттың өзі де көрсетіп отыр ғой! Біздің Астанамыздың қолайына келетін, алда бірден өзіндік даңғыл жолына түсіп, әрі қарай да еш тоқтаусыз жөңкіліп, шауып кететіндей мүмкіндігі бар ма?! Осы тұста менің есіме тағы да Ұлы Даланың Сарыарқасын өз тұсында өз халқының арасында және өзге жұрттарға да кеңінен танытып, өз туған халқының рухын тіптен-ақ асқақтатып, мерейін одан әрі тағы үстем еткен ұлы күйші Құрманғазы Сағырбаевтың атақты «Сарыарқа» күйі, осыдан екі жүз жылдай уақыт бұрын, өзінің сол күй-шедеврін өмірге әкелудің кезінде өзінің де сондайылықты зор тебіреніс-толғанысты күйлерді бастан кешіп, бір сәт өз атажұртының Сарыарқасында отырып, сол аңызға айналған киелі Арқасы бүтіндей Ұлы Даласы, сол Ұлы Даладағы байырғы өткен ата-бабаларының алдағы азаттық, бостандық, тарихи тәуелсіздікті аңсаған бір ұлы армандарын, олардың сол жолдағы ғасырлар бойғы тынымсыз жүргізген күрестерін де еске алып өткендей болғандығы түсе бергендігін қайтерсің?! 
Бұл күй-шедеврдің өнбойында өз дәуірінде ұлы Құрекең жақсы білген, өзі де талай мәрте іштей қатты сезініп, ерекше шабыттанған тәуелсіздік жолындағы ұлы күрескерлеріміз Сырым Датұлы, Исатай, Махамбет пен Кенесары Қасымұлының да өршіл рухы осыншама менмұндалап-ақ жатқандай емес пе?! Ұлы Даланың қандайы қадір-қасиеті бар екендігін, өркениет үрдісінің алып доңғалақтары қаншама мәрте шыркөбелек айналып жатса да, сол байырғы өздерінің атажұртынан ешқайда ұзап кетпей, нағыз бір қазантүптің өзі болып қалған қазақ халқының қандай сый-құрметке де лайықты халық бола білгендігін қазақтың ұлттық өнеріндегі ең ізгілерінің бірінен саналатын күй өнері, күй құдіреті арқылы әбден-ақ танытып кеткен де сол күй атасы Құрекеңнің осынау «Сарыарқасы» емес пе?!
Сол атақты «Сарыарқа» күйі бертінде өнердегі құндылықтарды танып, шынайы өнердің құдірет-күшін бағалай білетін өзге жұрттардың арасында Ұлы Даланың Гимніндей-ақ қабылданып, қазақтың ұлы рухын өз киесі арқылы одан әрі де арттыра түспеді ме?! Елдегі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт-аспаптар академиялық оркестрінің орындауында кешегі ұлттық өнер дегенде әрдайым қыңырлығы ұстап, қашан да сақтықпен және шектеулі бір деңгейде ғана қарайтын тар заманның өзінде де өтімділігі зор болып, ұлы Құрманғазының өзге де атақты күйлерімен бірге, дәл осы күй өнерінің ішіндегі ең жауһары саналатын «Сарыарқасы» әр кезеңдерде әлемнің әр қиырындағы Румыния, Венгрия, Чехословакия, Польша, Финляндия, Франция, Италия, Германия, Португалия және басқа көптеген алысты-жақынды шетелдерде де күмбірлетіліп, сол кезде жағалай кең залда, кейде сондағы ауқымы ат шаптырымдай болып келетін стадиондар мен өзге де қаланың орталығындағы үлкен ашық алаңдарда отырған, кейде сондағы өздеріне орын жетпей, жағалай түрегеліп тұрған сан мыңдаған тыңдармандардың өздері де күймен бірге толғанып, бірге жасап, қайсыбір жылы Азия елдерінің Алматыда өткен Ш-ші халықаралық музыкалық симпозиумында дәл осы күй атасының атындағы Қазақ ұлт-аспаптары академиялық оркестрі орындаған Құрекеңнің атақты «Сарыарқа» күйі өте жоғары бағаланып, бірінші орынды иеленіпті. 
Соның артынша сондағы халықаралық деңгейдегі қазылардың да қазақтың Құрманғазыдай ұлы күйшісінің әйгілі «Сарыарқа» күйінің кереметіне тамсанып, симпозиумның қорытындысында Құрманғазының «Сарыарқасын» дәл сол біздің ұлттық академиялық оркестріміздің орындауында үш бірдей құрлық – Азия, Африка және Латын Америкасы елдеріне халықаралық радио торабы арқылы таратуға шешім қабылдап, ол артынша тиісінше орындалып, Ұлы Дала Гимні «Сарыарқа» күйі сол кезде бүтіндей әлемді де шарлап кетіпті.
Менің осы тұста ұлы Құрманғазының атақты «Сарыарқа» күйіне қатысты жәйттерді еске алып отырғандығым да тегін емес, қалай дегенмен де, Ұлы Даланың күй-гимні бүтіндей Сарыарқа мен оның төскейіндегі жарқыраған жұлдызындай-ақ болып тұрған Астанамыздың рухани өмірін де құлпыртып, өз құдіретті күмбірлерімен әліге дейін шуақтандырып, осыншама құлпыртып-ақ тұрғандай емес пе?! «Тек соны кезінде қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбаевтың күй әлеміндегі теңдесі жоқ «Сарыарқа» күйін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт-аспаптар академиялық оркестрінің өз елдеріндегі гастрольдік сапарлары кезінде тыңдап, күй құдіретіне бөленген Румыния, Венгрия, Чехословакия, Польша, Финляндия, Франция, Италия, Португалия және өзге де алысты-жақынды шетелдердегі өнерсүйер қауым мен 1973-ші жылы Алматыда өткен Азия елдері Ш-ші Халықаралық музыка симпозиумының халықаралық құрамдағы қазылар шешімімен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт-аспаптары академиялық оркестрінің орындауында Құрманғазының аталмыш «Сарыарқа» күйін үш құрылық – Азия, Африка және Латын Америкасындағы елдердің радиотораптары арқылы тыңдап, ұлы күйші-композитор Құрманғазы Сағырбаевтың туған жері мен оның дәл сол күйін арнаған, не дәл сол күй-шедеврдың тууына бірден-бір себепші болған тарихи Арқа жерін бір көруді армандаған халықтардың бүгінгі ұрпағы, бірқатары бүгінде біздің елімізбен дипломатиялық, іскерілік тұрығыда және басқа да қарым-қатынас жасап жүрген замандас-тұстастарымыз біле ме екен?!» дегендей бір ой қылаң береді. 
Астанамыздың стратегиялық тұрғыда дамуына қатысты мәселені көтергенде Мемлекет басшысы оның ішкі-сыртқы қарым-қатынастағы барлық түйткілдері мен алдағы кемел келешегіне қатысты жәйттердің бәрін де жан-жақты ескергендігі байқалады. Ешқашан артық сөйлемейтін, әрбір сөзін салалап, салмақтап айтатын Қасым-Жомарт Кемелұлы астанамыздың алдағы ұзақ мерзімдік дамуы күн тәртібіне қойылған кеңесте бұл тұрғыдағы бұрынғы «қалыптасқан жағдайды мүмкіндігіне қарай тезірек өзгерту қажеттігін» алға тарта отырып, болашағы, қазіргісінен де келбетті болмыс-бейнесі мен қызу тірліктеріне қатысты жәйттерді әбден елеп-екшей келіп, алдағы стратегиялық бағыттағы дамуымызда «біз Дубай, Сингапур және еуропалық қалалардың алдыңғы қатарлы стандарттарына жетуге тырысып отырмыз» дегенді де баса айтты. 
Бір қарасаң, өзімізге етене таныс Азиядағы елдер болғанмен, бүгінде сол атағы дардай Дубай мен Сингапур, не өз елімізбен ұзақ жылдардан бері стратегиялық бағыттарда іскерілік қарым-қатынас жасап келе жатқан сол еуропалық елдер де бізден тым шалғайда жатқан елдер сияқты болып көрінер, жоқ, бұл тіптен де олай емес! Қайта бұл елдердің бәрін де біздің тәуелсіз еліміздің кешегісі және бүгінімен де жақындата түсетін тұстары тіптен де көп-ақ! 
Осыдан қырық жылдай уақыт бұрын, Дубай да, Сингапур да дәл бүгінгідей әлемге танымал елдердің қатарынан саналмақ түгілі, алда әлі өздерінің тағдыр талайлары қалайша өріліп, қай бағытта дамитындықтарын да біле алмаған ғой! Теңіздің жағалауындағы кенді өңірде жатыр дегенмен, сол Дубайдың өзі қаншама уақыттан бері жанар-жағар майға дейін жарымай, соның бәрін үнем өздерімен іргелес жатқан елдерден экспорттаумен ғана болса, ұзын саны алпыс тоғыз аралдан тұратын Сингапур тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауыз су мен құрылысқа қажетті құмның өзін де үнемі алыс шетелдерден тасымалдаумен болмады ма?! Сол тұста олардың өздерімен ірелес жатқан елдермен ара-қатынастары тап бір көңіл көншітерліктей-ақ та болмаған ғой! 
Тұтастай алғанда, елді біраз уақытқа дейін жұмыссыздық, кедейшілік жайлап, қайыршылық күйге ұшырай бастаған көп тұрғындар күнкөріс қамымен өзге елдерге қарай мүлдем босып кеткен де жағдайлары кездесіпті. Бұл екі елді кезінде сол өңірлердегі дәл өздеріндей-ақ қиындықтарды көп көріп, дәл солардың өздеріндей-ақ қарабайыр тірліктер кешіп отырған өзге көп елдерге қарағанда, алдағы даму жолдарын тез айқындап, тағдыр талайларында күрт бетбұрыс жасаған жағдай тек қана таным-білік, өркениет үрдісіндегі тірліктерден еш қалыспай, үнемі тек бір үздіксіз алға қарай ұмтылу мен ел мүддесі тұрғысындағы іргелі істерді атқаруда небір алысты-жақынды шет елдермен іскерілік қарым-қатынас жасап, елге қомақты көлемде инвестиция тарта білудегі ілкімді қадамдары ғана болыпты! Сингапурдың өз елі, өз қала-мемлекетін дамытып, өрге бастыру жолындағы шетелдік инвесторларды үнемі өздеріне қарай баурап, елге әкелудегі тәжірибесі де қызықты-ақ! Елдің тәуелсіздік дәуіріндегі тұңғыш Премьер-министрі Ли Куан Ю-дың бұл тұрғыда өзінің бір естелігінде: «Сингапурға келіп, іс бастауға ынта-ықылас білдірген әрбір іргелі инвестордың қасына біз үкіметтің бір-бір адамын қосып беретін едік. Ол олардың біздің елге, біздің заңдарымыз бен тәртіп-талаптарымызға қатысты білгісі келген нәрселердің бәрін де әбден өзінің бүге-шігесіне дейін айтып-түсіндіріп, сондағы болашақта өндірістік істерін бастайтын өңірлеріне қатысты әрбір барғысы, көргісі келген жерлерінің бәріне де барып, еліміздегі инвесторларға жасалған барлық үлкенді-кішілі жеңілдіктерімізге дейін айтып түсіндіріп, ақыры оларды Сингапурда біржола қалдыруға дейін көндіретін еді» деген сөзінің салмағы да тым салауатты-ақ емес пе?! Ең бастысы, бертінде бұл елдегі әрбір қарапайым тұрғынның өзі де: «Осы Сингапур қалайша аз уақыттың ішінде-ақ дәл қазіргідей әлем таныған жағдайға жетті?! Мұнда қандай сыр жатыр?!» дегендей сұраққа: «Біздің елімізде жемқорлық деген жегіқұрт мүлдем жоқ! Елдің әрбір тапқан-таянғаны ел мүддесіне ғана жұмсалып, соның нәтижесінде ғана біз осындай тәуір жағдайға жетісіп отырмыз!» деп жауап беретін болыпты.
Қазіргі кезде бұл ел өзінің экономикалық даму көрсеткіштері жағынан Оңтүстік-Азия елдері арасындағы нағыз бір өзінің алға үлкен мақсат қойып, әр жолғы қол созып, ұмтылғанын алмай тынбайтын нағыз бір алып жолбарысына да айналып отыр. Қала-мемлекеттың аты бізге жиі естіліп, біздің елдегі қалаларды, не өзге де жағдайы бар тұрғындарымызды үнемі өзіне қарай баурай беретін, әйтеуір, сонда барған адамдардың бәрі шетінен ылғи риза болып қайтатын туризмі жағынан ғана емес, электронды тауарлар, тұрмыстық техникалар, ақпараттық технологиялар, фармацевтикалық өндірісі, кеме құрылысы, қаржылық қызмет көрсету жағынан және аймақтағы іргелі сауда-саттық ісіндегі қуатты елге айналып отырғандығымен де ерекше көңіл аудартса, ал, Дубай өзінің әлемдік ауқымдағы өрістеген, әрі Таяу Шығыстағы ең бір іргелі туристік орталық болуы және өз иелігіндегі қымбат бағалы жылжымайтын мүліктері арқылы ағыл-тегіл пайда тауып отырғандығына қарамастан, Біріккен Араб Әмірлігіндегі ең бір іргелі қала, әрі сондағы теңіздің терең бөлігіндегі атақты порт, Дубай эмиратының бас әкімшілік орталығы, әмірліктегі халықаралық ауқымдағы абырой-беделі бар сауда және қаржылық орталық болуы немесе өзінің қала ретіндегі тұрақты даму қарқыны жағынан Қытайдағы атақты Шанхаймен теңесе алатындай дәрежесі бар екендігімен де өте-мөте танымал екен.
Өзіндік даму қарқындары, заманауи тұрғыдағы көрік-келбеттері және өздерінің аумағындағы туризмді ұлғайтып, жаһанның әр қиырындағы саяхатшыларды әрдайым тек бір өздеріне қарай баурап, үйіріп кетерліктей әлемдегі астаналар бәсекесіндегі өзіндік алар орындары айқын Дубай мен Сингапур мемлекеттерінің экономикалық күш-қуаттарындай күш-қуат, экономикалық дамудағы көз қызықтырарлықтай көрсеткіштер бүгінгі біздің елімізде де баршылық! Бұл елдер өздерінің күніне бір мыңның о жақ, бұ жағындағы жүк таситын кеме, баржаларды қабылайтын алып порттарымен мақтанса, біздің еліміздің де дәл сондай көлемдегі жүктерді пойыздар күні-түні бір тынбай, Шығыстан Батысқа, Батыстан Шығысқа қарай тасымалдайтын сан тарау алып темір жолдары және халықаралық стандарттарға сәйкес, қайта жасақталған автомобил жолдарымыз, өзге де халықаралық деңгейдегі қаржылық орталықтарымыз мен кен өндірісіндегі мүмкіндіктерімізбен мақтана алатындай жөні бар.
Бір тек Астанамыздың өзінде де дәл сол Дубай мен Сингапур сынды, әлемдегі ең көрікті де, ел қонақтары мен әлемнің әр қиырынан келген саяхатшыларға өз дәрежесінде лайықты қызмет көрсете алатындай мүмкіндіктері тағы жоқ емес! Біздіңше, Астанамызды әлемдік ауқымда дамытып, халықаралық стандарттарға сай келетіндей жағдайларға жетісуімізге қатысты жәйттерді қозғап, бұл ретте өзіміздің еліміз үшін Дубай мен Сингапурды үлгі еткенде, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы да осыны айтып отыр емес пе?! Ендігі жерде тек алға биік мақсат қойып, жылдың аяғына дейін етек-жеңі біршама жинақталып, біржола бекітілетін бас жос­пар негізінде жұмыстану ғана қажет!
Президентіміз Астананың дамуы бағытындағы мемлекетіміздің стратегиялық бағыттары мен заңдық талаптарына сәйкес, басты ұстанымдарды белгілегенде, бұл тұрғыдағы мәселелерді жан-жақты зерттеп, әбден терең талдаулардан өткізіп, тек біздің өзіміздің қырқынды дамудағы мүмкіндіктерімізге лайықты, әрі біздің қолдағы бар мүмкіндіктеріміз бен кемел келешегімізбен де лайықты үйлесім табатындай жәйттерді ғана алға тартып отырғандығын да ұмытпайық! Тәуелсіз еліміздің астаналық қаласын ұзақ мерзімдік стратегиялық бағытта дамытуға қатысты мәселелерді талқылап, оның бас жоспарын қалыптастыру бір тек Астананың ғана емес, тұтастай еліміз үшін де аса маңызды оқиғаға айналғалы тұрғандығын да көріп отырмыз. 
Біздің еліміздің бас қаласының әлемнің ең үздік деген, жылдың қай мезгілінде де саяхатшылардан бір арылмайтын ең танымал астаналық шаһарлардан бөлекше бір қасиеті, өзіндік даму жолы, бұл тұрғыдағы өзіндік талғам-тілегі, өзіндік құлаш сермейтін көкжиегі, не өзіндік үрдісті даму мүмкіндіктері, бүгінде әлемнің көп елдері, көптеген астаналық шаһарлары әлемнің әр қиырындағы саяхатшыларды неғұрлым өздеріне қарай көбірек баурасақ дегендей тілектерімен де бәсекелесе алатындай артықшылықтары тағы бар. Біз өз астанамызда халықаралық тұрғыдағы маңызы бар туризмді дамыту арқылы, Ұлы Даладағы байырғы көне замандардан бергі Ұлы Жібек Жолы бойындағы немесе Батыс пен Шығыстың арасындағы тарихи байланыстарымызды заманауи деңгейде қайта жаңғырта аламыз. Мұның өзі халықаралық деңгейдегі өзге де көптеген бағдарламалармен терең ұштасып жатқандай. Ұлы Даладағы саяхаттың қашан да өте бір қызықты болып келетіндігі және бұл өңірдегілердің Ұлы Жібек Жолы бойындағы сауда жолдары, не өзге де мәдени-тарихи қатынастармен тығыз байланысып жатқандығы мен бұл өңірлердегі қатынас жолдарының өте қауіпсіз, әрі жер-жердегі (Отырар, Сығнақ, Батый-сарай, Берке-сарай, Сарайшық, т.б.) жергілікті тұрғындардың өздеріне үнемі әртүрлі деңгейдегі қызмет түрлерін көрсетумен болғандығын көне дәуірлердегі талайғы еуропалық саяхатшы-жиһанкездер де тиісінше жазып кетпеді ме?! Демек, Президентіміз айтқандай, біз Астанамызды ұзақ мерзімдік дамыту бағытындағы қазіргі заманғы еуропалық стандарттарға ұмтылсақ, бұл да біздің байырғы көне замандардан бергі дәстүрімізді жаңғырта отырып, бүгінгі өмірдегі қарқынды дамудағы нақтылы тірліктерімізді де жан-жақты ескере отырып, алға тағы бір батыл қадам жасағандығымыз болып шықпай ма?!
Еуропалық қалалардың жаһандық мәндегі стандарттары дегеніміз не?! Бұл, біздің өз пайымдауымызша, бүгінгі және келешектегі Астанамыздың қарқынды дамуы, әлемдік астаналар салтанатындағы өзіндік дара болмыс-бейнесін қалыптастыру үшін де ауадай-ақ қажетті дүниелер мес пе?! Біздің өз туған халқымыздың, байырғы атажұртымыздың, тұтастай Азия және Еуразия құрылықтары, мына жағындағы Еуропа елдерінің халықтарымен де терең ұштасып жатқан бай тарихи-мәдени дәстүрлері де бар емес пе?! Біздің сонау көне замандардағы үрдісті, бай-бақуатты тірліктеріміз, кезең-кезеңімен жалғасқан сол бір терең таным-пайым, өз бай рухани игілік-құндылықтарымыздан жан-жақты хабар беретін бір тек Алтын киімді адамды қаншама жылдардан бері әлемді аралатып, әлемнің талайғы атақты деген мұражайларындағы көрмелерге қойғызып, бір тек танымалдылық үшін ғана соның бәрін тегін түрде көрсетіп келе жатырмыз емес пе?! Ал, шын мәнінде, сол әлемнің өзге елдерінің ешқайсысында, ешбір халықтық мәдени құндылықтарында кездеспейтін өте бір сирек те, құнды тарихи-мәдени жәдігерлік деп есептелетін сол дара тұлғалы Алтын киімді адамды (оның сол көне дәуірлердегі осынау Ұлы Даладағы үрдісті өмірлердің белесінде даңқты іздері қалған сақ бабалардың бір асыл ұрпағы, сақ заманындағы алтын тақ иегері, не сол замандағы байырғы далалықтардың дәстүріндегі алтын таққа енді ғана отыратындай мүмкіндіктері туған мұрагер-ақсүйек екендігі де зерттеліп, болжалды ғылыми пікірлер де айтылған), не оны өз тұсында өмірге әкеліп, сондайылықты дәрежелі, алдағы тағдырынан да талайғы үміт күттіретіндей жағдайға дейін жеткізген Ұлы Даладағы байырғы қастерлі атажұрты, бүгінгі тәуелсіз елі, экономикада, тағы басқа бағыттарда болсын, әлемдік үрдісті дамуда небір үздік көрсеткіштерге жетіп келе жатқан ұрпақтарын көріп, кәдімгідей тамсанып, өздері де зор әсер-қуанышқа бөленіп, не сол атақты Алтын адамның тарихи Отанында көңілдері қалағанша саяхаттап, демалып қайту үшін, ең алдымен, біздің елімізге, онда да, алдымен, Сарыарқаның төсіндегі өзі де сары алтындай-ақ болып, осыншама сырбазданып тұрған Астанымызға келмей ме?! Оның үстіне, оның тәуелсіздік жылдары кезіндегі елдегі небір іргелі археологиялық ізденістердің нәтижесінде дәл сол Есіктегі (Оңтүстік астанамыз Алматының іргесінде) тарихи көмбелерден табылған Алтын киімді адамға ұқсас, бір кезең, бір тарихи-мәдени кеңістіктегі таным-пайымдар жүйесін құрайтын Алтын киімді адамның ұлан-байтақ жеріміздің өзге бір қиырларынан табылғандығы туралы дерек-мәліметтер де белгілі емес пе?! Демек, мұның өзі сол тарихи Есіктен табылған Алтын киімді адам, оның тарихи тұлғасы, өз заманы, өз ортасы, өз үрдісті өміріне қатысты зерттеулер негізінде қалыптасқан тарихи-мәдени кезеңдегі өмір үрдісі тек бір дәуір, бір тарихи кезеңдердің аралығында ғана емес, кезең-кезеңімен ұзақ уақыттарға дейін созылған даму үрдісі екендігі мен сонау сақ заманы, сақ патшалығы, сақ дәуірінде де ежелгі Ұлы Жібек Жолы бойындағы Батыс пен Шығысты үнемі жалғастырып жатқан осынау Ұлы Даланың қасиетті төскейіндегі бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың ел, мемлекет, астана, ел басқарушысы дегендей таным-пайым, ортақ ұстанымдарды өте-мөте қастерлеп, өз елдерінің иелігіне талайғы алысты-жақынды жерлерден келген қонақтары мен еліне, халқына пайда әкелетіндей істерге қолдары қашан да ашық болғандығынан жан-жақты хабар беріп те тұрғандай-ақ емес пе?!
Сол көне замандардағы Ұлы Жібек Жолы бойымен әрі-бері өткенде, талай замандар бойына Ұлы Далада жата-жастанып, қонақ болған талайғы елші, жиһангер, саудагер-саяхатшылардың әлемнің әр қиырындағы бүгінгі ұрпақтары (олардың бірқатары бүгінде біздің елімізде әртүрлі өндіріс, өнеркәсіп, не ауыл шарашылығы мен шағын кәсіпкерлік салаларында ұзақ уақыттан бері іскерілік қарым-қатынас жасап, талайғы бірлескен кәсіпорындар, компаниялар, консорциум, өзге де фирмалар құрып, еңбек етіп келе жатқан кәсіпкерлер мен Астанамыздағы елшіліктерде, өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде қызмет жасайтын жандардың отбасы, ағайын-туыстары, дос-жарандары, жерлестері мен қарапайым ғана отандастары екендігін де ұмытпайық) соңыра біздің жаңаша даму кезеңдерін бастан өткерген Астанамызға:
– Сонау көне замандардағы біздің елімізді, біздің бабаларымызды да білген, солармен әр деңгейдегі қарым-қатынастарда болған сол атақты Алтын киімді адамдардың бүгінгі тәуелсіз еліне келдік! Біз сол алыс кезеңдердегі өз бабаларымыздың өзімізге қалдырған осынау аманат-өсиеттеріне барынша адалдық танытып, бүгінде осындай бір үлкен ел, мемлекет болғандығымызды өздеріңіз де білесіздер!.. Осынау тарихтан белгілі Ұлы Даладағы байырғы атақоныста отырған сіздер де бүгінде сондайылықты бір өркенді өмірді бастан кешіп отыр екенсіздер ғой! Бәлі, сіздердің мына Есіл дариясының бойындағы өз астаналарыңызда, мұндағы жиырма бірінші ғасырдың басында сап түзеген жаңа да, кең көшелеріңіз бен алаңдарыңызда, осындағы әлемдік стандарттарға негізделген мейманханаларыңыз бен қонақ карсы алу, қонақ күту, қонақтарға қонақжайлылық танытып, мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетулеріңізде әлемдік туризмде оқ бойы озық келе жатырмыз деген біздің еліміздің астаналық қаласындағыдай игіліктер мен біздің халқымыздың ұлттық сәлт-дәстүрлерімен үндесетіндей құндылықтардың бәрі де бар екен ғой!, – деп келсе, тіптен де жарасымды-ақ емес пе?!
Ол күндерге жету үшін бүгінгі бізге әлі біраз іргелі ізденістер, әлі де біршама алымды да, шалымды қадамдар жасап, көп ретте маңдай тердің маржандарын да көбірек төгу қажет болатын шығар?! Президентіміз бұл тұста да өзінің дәл бір мірдің оғындай-ақ дөп түсетін өлшем-пайымдарын дәл бір алақанға салғандай-ақ етіп айтып отыр емес пе?! Шынында да, бізге өз Астанамызды стратегиялық бағытта қарқынды дамытып, өз ішкі игіліктеріміздің бәрін қосып есептегеннен бөлек, соның бәрін елге қаржылық тұрғыда және өзге де өз ағыл-тегіл игіліктерін әкелетіндей дәрежедегі халықаралық туризммен терең ұштастырудағы еуропалық елдердің ондаған жылдар бойғы өз елдерінің астаналық қалаларын дамытып, әрі, бір жағынан, өзге жұрттарды да қызықтырып, өзіне баурай алғандарындай, тіпті, солардың әлемнің әр қиырынан ағылған саяхатшылардың өз елдеріне келулеріне әрдайым қолайлы жағдайлар жасағандарындай өрелі ізденістер мен батылдау қадамдар да өз-өзінен сұранып-ақ тұрғандай емес пе?! 
Сол еуропалық елдердің қай-қайсысы да бүгінде өздерінің елдігі мен мемлекеттігін, әлемдік өркениет үрдісіндегі алар орындары айқын өз елдерінің бай тарихи өткендерін, рухани-мәдени құндылықтары мен жоғары эстетикалық талғамдарына дейін халықаралық стандарттарға толықтай жауап беретін туризм арқылы танытып, насихаттаудай-ақ насихаттап келе жатқандығы да қызықтырар еді. Мәселен, сол кәрі құрылық Еуропаға әлемнің әр қиырынан ағылған саяхатшылардың арасында сондағы бір елдің астаналық қаласына келіп тұрып, сол жағынан сол маңайдағы Италия, Франция, Англия, Германия, Болгария, Венгрия, Чехословакия, Польша, тағы басқа елдердің астаналық шаһарларына соқпай өтетіндері бар ма екен десейші?! Ол ол ма, мәселен, сол бір жылдың қай кезеңінде де осыншама үздіксіз мың, миллиондап ағылып-төгіліп келіп жататын саяхатшылардың арасында Францияның астанасында болғандарының сол елдің арғы-бергісі мен мәдени құндылықтарынан ағыл-тегіл сыр шертетін Версал сарайы, Монмартр, Лувр, Нотр-Дам, Елисей даласы, Луары қорғаны, Мон-Сен-Мишель, Рейм, Шартр соборлары, Римде болғандардың Италия ғажайыптары саналатын Коллизей, Пантеон, Фонтан Трави, Қасиетті Петр Соборы, Ватикан мұражайы, Спада галерееясында немесе Германия, Венгрия, Чехословакия, Польшада болғандардың сол елдердің астаналық шаһарларындағы мәдени-тарихи орындармен бірге, дисней-ленд, кеме саяхаты, орман, тоғай, өзен, көл, тау бөктерлеріндегі небір көрікті жерлердегі демалыс орындары мен емдік қасиеті бар шипажайларда болмағандары тіптен-ақ кемде-кем емес пе?!
Еуропалық қалалардың халықаралық стандарттары дегенде, тағы бір еске түсетін жағдай, Еуропада бүгінде қаншама ел болса, солардың бәрінің астаналық шаһарлары мен өз елдерінің ішіндегі іргелі қалаларының дамуында да өзіндік бір терең байланыстарға құрылған үндестіктер ұштасып жатқандығы байқалады. Бұл елдердің де өз елдерінің астаналық қалалары мен өзге іргелі қалаларының арасындағы өзара қарым-қатынас та ақылды түрде жасақталған.
Сен бұл елдердің бірінің астаналық қаласына саяхаттап келіп тұрып, сол елдің астаналық саяхатымен терең ұштасып жатқан келесі бір қаласындағы саяхатқа немесе сол жағынан сол елмен көршілес жатқан, әрі қатынасқа да өте-мөте қолайлы өзге бір еуропалық елдің астаналық қалалары мен өзге де қаларына барып, өз демалысың мен талайғы қызықты күндеріңді өткізіп жүргенде, өзіңнің бір маусымда, тіпті, сондағы бір-жоғы бірнеше тәуліктің ішінде-ақ бүтіндей алып Еуропаны шарлап, соған өзің де әбден разы болып, осы аз уақыттың ішінде соның бәрінен қалайша естен кетпестей әсер алып үлгергендігіңді де сезбей қалар едің!..
Еуропалық елдер дегенде, біз олардың қай-қайсысы да алып кәрі құрылықтың төскейінде бір-бірімен жалғасып, осыншама жымдасып отырған, өздерінің стратегиялық даму бағыттары, жаһанданудағы үрдістер мен өзгерістерге өз ыңғайларына сәйкес, барынша тез бейімделіп, өздеріне ортақ игіліктерді қалыптастырып, соның өзін бәрінің мүддесіне ортақ дәстүрге айналдырып үлгерген ел екендігін де ұмытпауға тиістіміз! Еуропалық елдердің астаналық шаһарлары мен сол елдердің әрбір іргелі қалаларының өзі тұтастай Еуропа деген бір алып құрылық, Еуропа деген бір үлкен шаңыраққа қызмет етіп келе жатқандығын немесе сол елдердің кез-келген бір іргелі қаласын ауызға алғанда, әманда алдымен бір тек сол Еуропа деген атақты құрлықтың есімізге түсендігі де жасырын емес қой! Егер, қазіргі заман тілімен айтсақ, еуропалық елдердің кез-келген іргелі қалалары да ақылды қалалар. 
Олар өздеріндегі ондаған жылдар бойына қалыптасқан осындай игіліктерін енді жаһандық ауқымдағы қарым-қатынастар мен халықаралық туризмде өте бір үлкен шеберлікпен пайдаланып отыр. Бүгінгі Еуропа бүгінде өзінің сол атақты елдері, сол атақты астаналық шаһарлары мен өзге де үлкенді-кішілі ақылды қалаларымен де мықты болып отыр емес пе?! Еуропалық елдер өздерінің жер-жаһандағы ұлы миссиясын да ерте түсінген елдер деуге болар еді!
Сол кәрі құрылықтағы елдердің талайғы жиһанкез-саяхатшылары сан ғасырлар бойына өзге елдер мен адамзат баласы әлі жете білмейтін өзге құрылықтарды ашқандығын кім жоққа шығарар?! Олар сол елдермен арадағы қатынасты ұлғайтып, сауда-саттық үрдісін де сол көне замандардан-ақ өрістете түспеді ме?! Кәрі құрлық бүгінде жер-жаһанның барлық өңірлерімен арадағы қартым-қатынасқа ерекше мән беріп, өздерінің ғасырлар бұрынғы армандарына да тез жетіп отыр. Соның бәрі ненің арқасы десеңші?! Батыстан Шығысқа, не әлемнің өзге бір қиырларына қарай ағылған жолаушылар кемелері, алып ұшақтар мен пойыздардың бәрі үнемі сол еуропалық елдерге маңдай тіреп жататындықтарының өзі сол еуропалық елдердегі еларалық және калааралық көлік қатынастарының жәйіне ерте бастан-ақ ерекше көңіл бөлінгендігінің де арқасы емес ме?! 
Бүгінде Жер бетінде қаншама мемлекет, небір іргелі қалалар болса, солардың бәрі де Еуропалық елдер, сондағы небір іргелі қалалармен түрлі бағыттарда қарым-қатынас жасап, сол елдердің қазіргі заманғы талаптарға сай, демалуға қолайлы жан-жақты жағдайлары бар қалаларында демалып, емделіп, саяхат жасауға ерекше құштарлық танытып келе жатқандықтарының өзі де сол көлік қатынастарының солардың өздеріне қай құрлық, қай елдерден келетін жолаушылар үшін де қолайлы болып келетіндігіне дейін де қызықтырар еді.
Жаһандық мәндегі туризм қай заманда және қай кезеңде де еларалық, қалааралық қарым-қатынас пен қонақжайлылыққа ерекше көңіл бөлген қай-қай ел үшін де тиімді, әрі өте-мөте пайдалы болып келмеді ме?! Әлемнің әр қиырындағы елдер мен қалалардан келіп, «Титаник», «Атлантида» және басқа да алып мұхит лайнерлерімен айлап, жылдап саяхатқа шығып, Еуропаның талайғы елдері мен тарихи қалалары және солардағы ондаған, жүздеген мәдени-тарихи өңірлерді аралап, әлемнің өзге де қиырларындағы адамзат өркениетінің талайғы бұлақ-бастаулары болған, не табиғаттағы небір тосын да, таңғажайып құбылыстарына ие болып келетін алыс өңірлердегі елдер мен қалаларға дейін сапар шегу үрдісі осыдан сан ғасырлар бұрын басталып, әлі күнге дейін де өзінің жүйелі түрдегі жалғасын тауып, қайта көп ретте бүгінгі ғылым мен техниканың жедел дамуы нәтижесінде әрдайым уақыт ұтып, саяхатшылардың сол аз уақыттың ішінде-ақ талайғы таңсық жәйттер мен небір қызықтарды көрулеріне қолайлы жағдайлар жасалып келе жатқан жоқ па?! 
Еуропа елдері келер замандардың қатары тіптен көбейіп, талғам-тілегі бұрынғы кездерден анағұрлым арта түскен саяхатшыларды қабылдап, оларға түрлі бағыттарда халықаралық деңгейдегі жоғары сапалы және тиімді қызмет көрсетуге де ерте бастан-ақ даярланған деуге болар еді! Кешегі кеңестік дәуірдің нағыз бір күйіп тұрған шағында кеңестік биліктің алдағы «коммунизмнің ғажайыптарын» насихаттап, орынсыз үйіп төккен жалған ұрандардан қолы бір босай алмай жүргенде, Батыс елдері өз астаналық қалалары мен талайғы іргелі қалаларында халықаралық деңгейдегі туризмді дамытып, ел қазынасына қыруар қаржы түсіретін және еларалық, халықаралық қарым-қатынастарда да өзіндік оң нәтижелерін беретін туризмге айырықша мән берумен болмады ма?! Сол кәрі құрылықтағы елдерге саяхат, сондағы саяхатшыларға арналған игіліктерді пайдалану сол кешегі күндері Батыс елдерін жамандап, соларға ылғи да бір қара күйені жағудан бір танбаған кеңестік тоталитарлық жүйенің тұсында да тіптен қатты күшейе түспеді ме?! Сол тұстың өзінде де халықаралық мәндегі саяхат пен туризмге, оның қүдірет-күшіне қаншалықты жерден сақ, қатыгез болса да, әлемдік ауқымдағы қарым-қатынасқа осыншама сусап отырған кеңестік саясат та еш тыйым сала алмады емес пе?!
Жаһандық ауқымдағы туризм еуропалық елдер мен олардың қай-қайсысының да астаналық қалалары мен өзге де іргелі қалаларының нағыз бір жанды жері, әлемдік ауқымдағы даму үрдістеріндегі нағыз бір кең тыныс алып, жаһандық ауқымдағы аламанда да өз сәйгүліктерін бірден сол ұлы бәйгеге үлкен үмітпен қоса алатындай үрдісті сала екендігі де қызықтырмай ма?! Бұл ретте олардың қай-қайсысы да өздерінің әлемнің әр қиырынан осыншама ағылып-төгіліп келіп-кетіп жататын алып кемелер тоқтайтын небір атақты порттары мен айлақтарын жаңартып, небір су жаңа кемелеріне дейін қатарға қосып, темір жол, метро және басқа да көлік қатынастарын жоғары деңгейде дамытып, нағыз бір осы заманғы ақылды қалаларға айналып отыр. Еуропалық қалалардың қазіргі замандағы қарқынды дамуы мен олардың халықаралық туризмді жоғары деңгейде дамытуларында сол қалалардағы халықаралық ауқымдағы әуе қатынастарының маңызы тіптен ерекше! 
Солардың бірқатар астаналық шаһарларында бір емес, бірнеше халықаралық деңгейдегі әуежайлары күні-түні тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл да Еуропадағы әлемдік ауқымдағы туризмнің жоғары деңгейде дамытылып, әлемнің әр қиырынан Еуропаға қарай ағылған саяхатшылардың қатары әлі күнге дейін көбейіп отырғандықтан жасалған іс-шаралар демеске еш лажың қайсы?!
Егер, Президентіміз айтқандай, Астанамыздың алдағы ұзақ мерзімдік стратегиялық тұрғыдағы дамуының бас жоспарын жоғары деңгейде жасақтап, батыл іске кірісетін болса, еуропалық қалалардың стандарттарындағы көптеген өлшемдер біздің Астанамыздың алдағы кемел болашағына да сай келіп тұрғандай-ақ емес пе?! Біз осы халықаралық туризмді дамытудағы тәуелсіздігіміз бен уақыт-заман, әрі жаңа геосаяси жағдайда өз уысымызға келіп түсіп тұрған көптеген қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктерімізді дұрыс бағалап, соның бәрін өз дәрежесінде тиімді тұрғыда пайдалана алып жүрміз бе?! Бұл тұста да Президентіміз кәдімгідей бір терең бір ой салып отыр. Осынау жаһандану дәуірінің кейде бізді алға қарай асықтара түсіп, қос өкпеден алып, қысқандай-ақ болып көрінгенмен, біздің еншімізге беріп отырған көптеген қолайлы жақтары тағы жоқ емес! Ең бастысы, біз өзіміздің Еуропа мен Азияның орталығындағы ең маңызды аймақта тұрып жатқандығымызды ұмытпайық! 
Еуропа елдері жаһандағы барша алып елдермен арадағы қарым-қатынастың кіндік тұсына шоғырланған болса, дәл сондай бір үлкен мүмкіндіктер Еуропа мен Азияның аралығындағы қарым-қатынастың ең бір өзекті тұсында тұратын біздің еліміздің де еншісіне бұйырып тұрған жоқ па?! Рас, кейде біздің арамызда: «Біздің елімізде дәл сол Сингапур, Дубай немесе халықаралық туризмді дамытуда әзірге өздерінің алдарына ешқандай бәсекелес түсірмей келе жатқан еуропалық елдердегідей алып порттар мен айлақтар, саяхатшыларға дәл солардағыдай қазіргі заман талабына сай, жан-жақты қызмет көрсете алатын алып жолаушылар кемелері де жоқ қой!..» – дегендей әңгімелер де естіліп қалып жатады. Мұның бәрі де тек алғашқы бір кезде ғана айтыла қалған әңгімелер ғой, ал, шын мәнінде, бүгінгі бізде, дәл біздің алдағы өзінің стратегиялық даму бағытын айқындап, өз кемел келешегіне бағыт ұстағалы отырған Астанамызды халықаралық туризмді дамытуда халықаралық деңгейдегі туристік желілермен тығыз байланыс орнатып, өз иелігінде туризмді жаңа бір сапалық деңгейде өрістетуге қолайлы мүмкіндіктердің бәрі де баршылық!
Қазіргі замандағы халықаралық туризмдегі ең басты құндылық – уақыт, уақыт, тағы да уақыт! Жаһандану дәуірінің жаңа бір қарқынды дамуды бастан кешіп жатқан тұсында кез-келген ел, кез-келген қала, кез-келген тұрғын, кез-келген жолаушы мен саяхатшылардың бәрі де уақыт үнемдеп, мүмкіндігіне қарай, сол аз уақыттың ішінде көп жерлерде болып, тағы көп елдерді, көптеген әсем де, сұлу шаһарларды аралап, дәл бір өздері армандағандай дәрежеде саяхат жасап, өз отбасы, ағайын-туыс, бала-шаға, дос-жарандарымен бірге көңілдегідей демалып, жан рахатын да тапқысы келеді! 
Сол Сингапур, Дубай мен еуропалық елдерге осыншама ағылып-төгіліп, келіп-кетіп жататын саяхатшылардың нобайы алыс елдер, алыс құрылықтар мен әлемнің ең бір іргелі деген қалаларынан шыққан саяхатшылар болып келеді. Солардың бәрі де өздерінің алдағы барар жерлеріне барынша тезірек жетіп, кейін де өздерінің үйлеріне барынша тезірек қайтуға асығып жатады. Мұндайдағы сол атақты халықаралық стандарттарға сай келетін туризм аймақтарындағы ең бір қолайлы көлік қатынасы – алып әуе лайнерлері! Алда өзінің стратегиялық даму бағыттарын айқындап, Астанамызды халықаралық ауықымдағы туризмнің ең бір іргелі орталықтарының біріне айналдыру мақсатында қала қонақтары мен саяхатшылар үшін ең бір қолайлысы болып келетін осындай жағдайларды да барынша елеп-ескерген дұрыс!
Астанамыздың алдағы қарқынды даму бағытында елорданың елдің ішкі аймақтары, туризмге лайықталған іргелі қалалар және тарихи-мәдени орындармен арадағы қарым-қатынас, Астана қонақтары мен саяхатшыларына халықаралық деңгейде қызмет көрсету мәселелері де жан-жақты ескерілетін шығар?! Жалпы Астанамыз өзінің халықаралық туризмге лайықты ішкі мүмкіндіктерімен ғана емес, өзінің маңайындағы дәл сондай жоғары деңгейде дамытылған туристік орталықтары, Астанадан басталған саяхатты еуропалық елдердің талайғы іргелі қалалары сияқты, бірден әрі қарай іліп әкетіп, саяхатшыларды әбден разы ететіндей аймақтық туристік орталықтарымен де мықты, әрі өте-мөте мәнді де, мағыналы бола түсер еді дегің келеді. Бұл ретте біздің Астанамыздың әлемнің әр қиырынан келген қадірменді қонақтары мен саяхатшылар қауымына көрсетерлері тіптен де аз емес қой! Тек соның өзін еліміздің арғы-бергі өткені, халқымыздың тәуелсіздікке жету жолындағы ғасырлар бойғы күреске толы өмірі, бай салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, рухани-мәдени құндылықтарымен де терең ұштастырып жатса, тіптен-ақ нұр үстіне нұр емес пе?!
Қазақстанның Астанасы дегенде, әлемнің әр қиырынан: «Опыр-ай, бір жағында Қытай, бір жағында Ресей сынды үлкен мемлекеттермен иықтасып, өзі де Еуропа мен Азияны жалғастырып жатқан алып аймақтағы бір іргелі тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқан Қазақстанның баяғыда әлемдік деңгейдегі спорт сайыстары мен чемпионаттары үздіксіз өтіп жататын «Медеу» атты таудағы мұз айдыны, әрі сол таудың баурайында кезінде талайғы елдердің саяхатшыларын өзінің өзгеше бір болымыстағы сұлулығымен осыншама тамсандырып, мәңгілік естерінде сақталып қалған Алматыдай бір атақты қаласы бар еді ғой! Соңыра сәті түсіп, Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі іргелі туризмнің орталығына айналып отырған Астанаға бара қалсақ, сол жағынан сәті түсіп, біздің де сол әсем Алматыда болып, сондағы атақты Алатаудың бөктерінде саяхаттап, демалуымыздың бір сәті түсер ме екен?!» дегендей үндердің естіліп қалуы да ғажап емес қой! 
Біздің осынау Оңтүстік астанамыз алда Дубай, Сингапур және еуропалық елдердегі талайғы атақты қалалар сынды, халықаралық дейгейдегі туризмнің бір іргелі орталығына айналғалы отырған Астанамыздың өмірдегі бір бағы десе де жарасар еді. Астана қай кезде де көп ретте ұзақ жылдар бойына тұтастай елдегі ең әсем де, сұлу қала, әрі туризмнің ең бір айтулы орталығы бола білген Алматыға қарап бой түзеп, өзі де осыншама жасанып, жасарып-ақ келе жатыр емес пе?! Біздің Алматымыздың Астана үшін әлі де өзіндік айтары мен берері де көп-ақ қой! Әлі күнге дейін әлемнің әр қиырынан Алматыны бағыттап келген қонақтар мен саяхатшылар соның артынша Арқадағы Астананы бағытқа алып, ал, Астанаға келген шетелдік қонақтар мен саяхатшылардың сол жағынан қашан да аты Астанамен бірге айтылатын атақты Алматыда, оның тау бөктеріндегі ғажайып демалыс орындарында болуға асығатындықтарын да көріп келе жатыр емеспіз бе?!
Ел өміріндегі, дәл осынау Астанамыздың қалыпты тыныс-тіршілігіндегі бұл үндестік, бұл ыстық сезімді көптен бері Алматы да осыншама сезінудей-ақ сезініп келе жатқандығын қайтерсің?! Кешегі күндері ел Президентінің бастамасымен Астананың 2050 жылдарға дейінгі стратегиялық дамуының бас жоспарын жасақтау мәселесі алға тартылған тұста, уақыт өткен сайын, көлемі ұлғайып, тұрғындарының саны еселеп өсе түскен Алматы да алдағы өзінің жарқын болашағы үшін қолайлы жағдайлар жасап, Қазақстанның басына бақ қонған байырғы астанасы, әлемдегі ең сұлу да, сәулетті қалаларының бірі деген атына лайықты өмір сүрудің қам-қарекеттерін жедел қолға алғандығы қуантады! Бұл бағытта Алматының бай да, бағалы іс-тәжірибелері тағы бар ғой!
Бұл жолы да ақ бас шыңды алып Алатаудың бөктеріндегі бас қала өзінің алдағы ұзақ мерзімдік дамуының бас жоспарын қала тұрғындарының арасында қоғамдық талқылаудан өткізіп, қаланың сәулетті де, қарқынды тұрғыда дамуына байланысты қала әкімшілігі ұсынған бас жоспардың жобасы жүздеген, мыңдаған, миллиондаған алматылықтардың арман-тілек, ұсыныс-пікірлерімен байытылып, әрі одан әрі де пысықтала түсті. Осынау қызу талқылаудың кезінде: «Қаланың қалай да өзіне тән көрік-келбет, сәулетті сымбатын өз дәрежесінде сақтай отырып, қалаға әрдайым сән беріп, тынысын тіптен кеңейтіп отырған жасыл қорын сақтап, оны одан әрі ұлғайта түсу және Іле Алатауының бөктеріндегі бау-бақшаларды жөнсіз қырқып, бей-берекет құрылыс жұмыстарын жүргізуге шектеулер қою қажет!» – дегендей бір басты тұжырымға келді.
Мұның бәрі не үшін?! Мұның бәрі, әрине, кезінде тарихи тәуелсіздігіміздің алтын бесігі болып, Есілдің бойындағы жаңа астанамызға өзінің ақ батасын беріп, ақ жол тілеген, бүгінде өзі де әлемнің көптеген алып қалаларымен иық тіресіп, солардың бірқатарымен бауырлас, әріптес болып отырған Алматының мәртебесін көтеріп, айбарын тіптен асқақтата түсу үшін де атқарылып жатқан іргелі шаруалардың бір парасы еді. Алматы қаласының болашақта бас жоспар бойынша дамытылуында бұрынғы кездердегі даму бағдарларында ескерілмеген тағы талайғы түйткілді жәйттер де тиісінше қаперге алынды. Мамандар ел Президентінің шешімімен қайта құрылған Алматы облысының орталығы Қонаев қаласының қарқынды дамытылуы урбанизацияны жеделдетеді деген ортақ пікірге келіп отыр. Ендігі жерде ең басты қолға алатын шаралардың бірі де, бірегейі орталық қала мен алгомерацияны дамытуды өзара үндестіру, яғни алда соның бәрін біртұтас көліктік шеңбермен байланыстыру, серіктес қалаларды және агломерацияның басқа елдімекендерін полицентрлік даму қағидасы бойынша дамытуды қамтамасыз ету, тағысын-тағы тұрғындар үшін қажетті әлеуметтік инфрақұрылым құру, жаңа жоғары өнімді жұмыс орындарын ұйымдастыру болып отыр. Бұның бәрі қала халқының өмір сүру сапасы мен заман үрдісіне сай, жақсы тұруларындағы айырмашылықты барынша қысқартуға қолайлы мүмкіндіктер жасайды. 
Қазағымыз қашан да өзінің үйінде және тұтастай ауылында білек сыбанып, жедел қолға алған небір жақсы істерінің бәрінде де: «Алда қонақтар келіп қалса?!» дегенді де айтпайтын ба еді?! Дәл осы бір аталы сөздер дәл осы бір кезеңдердегі Алматыға да қаратылып та айтылғандай ма, қалай?! Алматының бас жоспарында жылдап жүретін рельсті көлік жүйесінің келесі кезеңі 12 шақырымды құрап, ол соңыра шаһардың ең үлкен даңғылдарының бірі Райымбек даңғылы бойында іске асырылмақ! Сонымен бірге, қаладағы күн санап ұлғайып келе жатқан жүргіншілерді тасымалдауды жаңаша ұйымдастыру мақсатымен көшелерде әлемнің көптеген іргелі қалаларында қолданылып жүргендей, жеңіл рельсті көліктер, не барынша тез жүретін трамвайларды іске қосу да кезек күттірместей шаруалардың біріне айналып отыр! Аталмыш трамвайлар былайғы кездерде қала тұрғындарынан бөлек, елдің ішкі аймақтарынан және алысты-жақынды шет елдерден келген қала қонақтары мен саяхатшыларға дейін бір арылмайтын Төле би мен Момышұлы көшелерін қамтитын болады. 
Мұндай іргелі өзгерістер, қаланы қарқынды дамытудағы небір іргелі қадамдар Астананың алдағы стратегиялық бағыттағы бас жоспарын жасудың кезінде де жан-жақты ескеріліп, егжей-тегжейлі талдау, талқылаулар жасалынып жатқан шығар, ал, елдің Оңтүстік астанасында алдағы 5 жылда 20-шақырымнан астам тұйықталған магистральды көшелер ұзартылады. Реті келген соң, айта кетейік, болашақта Алматыны мүлдем жаңартып, қала көркін өзгеше бір кескін-келбетке бөлеп, тынысыңды әбден-ақ кеңейтетіндей мұндай күрделі де, жоспарлы шаралардың кезінде шаһардағы Тілендиев көшесі, Рысқұлов даңғылын Солтүстік бағытта қала шекарасына дейін, Рысқұлов даңғылын Оңғарсынова көшесінен бастап, қала шекарасына дейін батыс бағытта, Түрксіб ауданындағы Хмельницкий көшесін, Райымбек даңғылын шығыс бағытта ұзартып, көлік қатынасын да біршама жеңілдете түсу жоспарланып отыр.
Кейде Алматыда өзіміздің әбден көзіміз үйреніп қалған әлдебір тұйықталған көшелердің ашылып, қаланың көшелерін тіптен-ақ ұзартып, сол көшелерге, не тұтастай қаламыздың көркіне көрік қосқандай болған кеңістікті, жоқ-ау, тіпті, өзінің іргесіндегі ұшар басын күн сүйген алып тау шыңдарымен үндесіп, тіптен-ақ көріктеніп, шырқап сала бергендей болған сұлулықты көргенде, өз қаламызды өзіміз танымай, іштей қатты сүйсінген шақтарымыздың да аз болмаған! Осындай кездердің бәрінде де күні кеше ғана Алматының ақ батасын алып, бүгінде өзі де сыр-сымбаты бөлекше тау тұлғалы шаһарға айналып үлгерген Астананы алда үлкен болашақ тосып тұрғандығын еске алып, оның алдағы өз белесті биіктеріне тезірек көтеріліп, бір тек өз еліміздің ғана емес, тұтастай қос бірдей құрылықты айқұшақтандырып, барша әлемге назар аудартып отырған алып аймақтың да бір үлкен мақтанышы мен бойтұмарына айналғандығын қалап, небір игі тілектеріңді де айтқың келер еді.
Жаңа Қазақстанның, Әділетті Қазақстанның жолашары болып, жақсылықтың, жасампаздықтың, алып елімізді алдағы ұлы болашаққа жетелеген ұлы рухтың да еш бұлжымас бір символына айналып, күй болып күмбірлеп, ән болып шырқай бергейсің, Астана! 
  

1492 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз