• Мақала
  • 26 Тамыз, 2024

ОҚИТЫН ҰЛТҚА АЙНАЛУ НЕМЕСЕ КІТАП ОҚУДЫҢ ПАЙДАСЫ

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Жиырмасыншы ғасырдың басындағы орыстың атақты жазушысы М.Горький «Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын» деген екен. Өйткені, адамның бақытты, табысты өмір сүруіне қажетті қасиеттердің ғасырлар бойы жинақталған жері, асыл қазынасы – осы кітап. Кітапты көп оқыған адам ғана кемелділікке жете алатындығы да содан. «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» деген екен түркі жұртының ұлы ақыны, ойшыл Әлішер Науаи. Расында қай ғасырда да кітаптың алатын орны бөлек. Кітап кемелденуге көмектеседі. Қаншама технологиялар шығып жатыр. Бірақ олардың бәрі кітапты алмастыра алмасы анық. 
Оқыған адамның күні – қашан да жарық. Біз бүгін сіздерге кітап оқудың 7 пайдасы жөнінде айтып көрейік. Түртіп алыңыз.
1.Кітап оқу – қоршаған ортаны, дүниені және өзіңді тануға көмектеседі.
2.Кітап оқу – жадыны және ойлауды дамытады, яғни көп оқыған адамның жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады.
3.Кітап оқу – талдауға, сараптауға, өзіндік жүйелі пікір қалыптастыруға үйретеді.
4.Кітап оқу – көптеген табыс пен жетістіктің ең басты негізі.
5.Кітап оқу – адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіп, әдемі сөйлеу дағдыларын қалыптастырады.
6.Кітап оқу – сөздік қорды байытады және жалпы сауаттылық деңгейін арттырады.
7.Кітап оқу – адам бойында бұғып жататын шығармашылық қабілеттерді дамытады» ( «massaget.kz», 23/09/2019). 
Қандай кітап оқу керек дегеннің өзі қай кезде болмасын, үлкен мәселе. Заманның ағымына қарай, қазіргі оқырмандар жаппай Батысқа қарай бет бұрған. Батыстық құндылықтарды насихаттаған әлеуметтік желілер адамдардың рухани тіршілік көзіне айналып жатыр. Қалғандары мотивациялық, детектив, эротикалық кітаптарды оқығанды жөн кереді. Ал ғалымдар бұл екеуін де құптай бермейді. Мұндай әдебиеттердің күткендегідей нәтиже бермей, яғни шаршаған адамның миындағы ауыр ойлардан сейілте алмайтындығын айтады. 
Ғалымдар ұлттық, классикалық әдебиеттерді оқу адам миының жақсы жұмыс істеуіне көмектесетіндігін дәлелдеген. Шығармаларда суреттелген өлмес идеялар ауру тудырған негатив ойлардан тазартып, мидың жұмысын жандандырып, жаңғыртып, өміршең ойлармен жаңаша ойлантып, айналасында болып жатқан оқиғаларды шынайы түсіне бастауы арқасында өмірге деген құлшынысы арта түсетін болады. Кітап – адам жанының емшісі. Кез келген кітапты оқығанда, оның міндетті түрде жақсы, не жаман әсері болады. Әсіресе көркем шығарманың оқырманға берер эстетикалық әсері зор. Шаршағанда, не болмаса стреске түскен жағдайда әдеби шығарма оқысаңыз сұлу сөздің, көркем табиғаттың, кемел кейіпкердің, асыл армандардың, асқақ идеялардың шынайылықпен көркем кестеленуі ойыңды бірте-бірте сергітіп, жаныңды жадыратып, ерекше бір сезімге, күйге бөлейді. Қазіргі заманның өзгешелігінен туындап жататын психологиялық қиындықтарды библиотерапиямен реттеу кең өріс алып келеді. Психологтар стресті жағдайда өзің ұнататын жазушының кітабын оқуға кеңес береді. Жақсы кітаптағы өміршең ойлар жаныңды мазалап жүрген келеңсіз ойларды қуып қана қоймай, мәселені шешуге көмектесетін жақсы жолды да көрсетеді. Мысалы, қазақтың ұлы ақыны Абайдың ғибратты өлеңдерін, қарасөздерін қайталап оқыған сайын күрмеуі көп өмір түйткілдерін шынайы түсінуге жол ашады. Кітап оқығанда, мына нәрсеге назар аударған дұрыс. Сөз өнері – ұлттық. Сондықтан да оқырманға өз ұлтының классикасын оқу – оның жан дүниесіне жақындау; көбірек әсер ететіндігі анық. Жалпы, ұлттық болмысқа сай келетін шығармаларды оқу – адамның рухани жағынан сау, рухының күшті болуының, жалпы, денінің сау, өміршең азамат болып өмір сүруінің бірден-бір шарты. Кітап оқудың да оқуы бар. Оқиға желісін, мазмұнын қуып оқу бар да, асықпай, ондағы көркем мәтіннің астарында жатқан терең ойларға бойлау тағы бар. Кітапты ойланып отырып, іштен оқу электромагниттік толқындар арқылы адам организмінің жасушаларына дейін әсер етіп, мәтін позитив болса, генді сауықтырып, қуаттандыратынын, негатив болса, жарақаттайтынын ғалымдар анықтаған (Қараңыз: «Сельская новь», 1998, №4). Сондықтан да кез келген қолға түскен кітапқа үңіле бермей, өзіңе керекті, пайдалы, өзің қызығатын шығармаларды алдын ала жоспарлап оқу маңызды. Ол үшін алдымен, оқылуы тиіс кітаптардың тізімі жасалады. Ол тізім мамандық бойынша, танымдық, көркем шығармалардан тұруы мүмкін. Әр оқырман өзінің сүйікті жазушысының кітабын бірінші кезекте оқиды. Кітапқұмарлардың белгілі бір оқу дағдылары бар. Ол адамның кітап оқитын уақыты, ол кезде қанша бетті үлгеретіні қалыптасқан. Кітаптан оқырман өзіне керегін іздейді; оны тапқан кезде қаламмен түртіп алып отырған жөн. Қажет жерлерін қайта оқып, миға тоқып, тіпті үзінділерін жазып отыруға болады. Оқып біткен соң, алған әсеріңізді, өзіндік пікіріңізді қысқа қайырып, түртіп қойсаңыз, есіңізде ұзақ уақыт сақталады.
Белгілі қаламгер Дидар Амантай кітапты қалай оқу керек жайлы «...Жалпы, оқырман кітапқа үңілгенде, екі контекст бар: бірі, яғни кішісі – кітаптағы мәтін айналасы, екіншісі, үлкен контекст, ол сіздің біліміңіз, тәжірибеңіз, келешегіңіз...
Кітапты оқыған сайын бойыңызда сенім күшейеді. Сөздік қорыңыз көбейеді, ойыңызды анық әрі дәл жеткізуге үйренесіз: өйткені кітаптағы дайын үлгілер көз алдыңызда не жадыңызда жаңғырып тұрады. Ойлау жүйеңіз кеңейеді, көркем сөйлеп дағдыланасыз, мәдениет пайда болады, агрессия азайып, жанашырлық молаяды. Ерік-жігеріңізді тәрбиелейсіз, қайратыңызды жанып, табанды болсаңыз шынығасыз, өміріңіз, іс-әрекетіңіз, жоспарыңыз жүйелене түседі.
Жас кезіңізде көп оқыңыз, кейін уақыт тар, жұмыс тығыз, жан бағып кетесіз. Студент шағыңызда қол үзбей оқыңыз, бойға, ойға жеңіл сіңеді, бар кітапты оқыңыз, жылдар өте келе өзі іріктеле бастайды, сөрелеріңізде ең қажетті кітаптар ғана қалады.
Көп оқыған адамның бойында магнит болады, жұртты қасына тартып, төңі регіне жинап, айналасына иіріп, шоқтай жиып алады. Мәдениет, сабыр, ниет оқумен келеді. Жазуды үйренесіз. Шешен сөйлеуді меңгересіз.
«Оқыған әйел заты – әдемі келеді, оқыған еркек – бақытты болады» (Д. Амантай. Кітап тілін түсіну амалдары. «Егемен Қазақстан», 29.04.2021) деп, өзінің кітап оқу тәжірибелерін ортаға салыпты. 
Көркем әдебиетте сөздің құлпырып, оқырманға оң әсерінің күшейе түсуіне теңеу, эпитет, метафора, әсірелеу, кішірейту, ассонанс, аллитерация, анафора секілді айшықтау құралдарының қолданылуы айтарлықтай ықпал жасайды. Осылайша, жан-жағына сәулесін шашып, мың құбылған сөздерден жасалынған көркем бейнелердің қастерлі бола түсетіндігі түсінікті болса керек. Көркем сөздің қуатымен мәңгі жасап келе жатқан не бір әдеби бейнелер ұлттың ұлы ұстындарына айналып, рухани күш беріп, болашаққа жол көрсетуде. Ғалымдардың анықтауынша, кітап оқу күнделікті жүйкенің жұқаруын 68 пайызға дейін төмендетеді; аптасына 3,5 сағат кітап оқығандар арасында өлім-жітім 23 пайызға төмендеген. Кітапқұмарлардың түрлі жүйке ауруларына аз шалдығатыны дәлелденген. Кітап оқығанның таза ауада серуендеп, не болмаса, сазды әуен тыңдап демалғанға қарағанда да жүйке жүйесінің, мидың қалыпты жұмысына әсері айтарлықтай екен. Кітап оқу дегеніміз – телепатия; кітап оқу барысында мәтіндегі ғасырлардың жүгін арқалап келе жатқан ұлы ойлар ми арқылы адамға беріліп, онда қорытылып, бүгінгі ұрпақтың рухани құндылығына айналады. Осылайша адамзат дамуының ілгерішіл дамуы жалғасып жатады. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» (Ғ.Мүсірепов).
«Кітап – қарым-қатынастың құдіретті құралы болғандықтан», адамның мәдениетін байытып, өрісін кеңейтіп, табиғаттың күшін өзіне қызмет еткізеді. Мәдениеті мол кітаптың әр бетін оқығанда әлемнің ақылды адамдарымен пікірлескендей күй кешуге болады. Адамгершілігі мол мәдениетті адамдардың қайсысы болсын, кітапқа құмар жандар. Орыс ғалымы Н.И.Пирогов «жақсы кітап – жақсы қоғам тәрізді. Сен қай кітаптарды оқығаныңды айтшы, мен сенің кім екеніңді айтып берейін» – деп бекер айтпаған секілді. Сондықтан да, «кітап – өмір ұстазы». Жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. «Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес» деген еді қазақ әртісі Серке Қожамқұлов. Ақылды, мәдениетті жазылған кітап әрбір адамның тағдырында кездескен қандай кедергіні болсын жеңуге көмектеседі... Кітапты мәдениетпен ұштастырмайынша болашақ қоғамның мұратын ұғыну қиын, мәдениетсіз білім де, тірлік те, еңбек те заман талап етіп отырған сатыға шыға алмасы белгілі. Ал кітаптан мәдениет үйренем деген адамның ақылы айқын, ерік-жігері мол, мақсаты маңызды болмақ. Сондықтан адамның кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен кітап мәдениеті керек. Кітап мәдениетін игерген әрбір ғалымның еңбегі міндетті түрде құндылығымен, ғылымдағы үдерісімен ерекшеленеді. 
...Дін де, өнер де, діл де, философия да, әдебиет те, көзқарас та содан бастау алады. Бұл әркімге ауадай қажет рухани азық. Ал бізге бұл рухани азық – кітап арқылы беріледі. Кітап арқылы бойымызға сіңеді. Кітап – адам өмірінің негізі, адамзат мәдениетінің жүйеленген жиынтығы.«Кітапты көп оқыған адамның дүниетанымы кең, білімі мол, өте сауатты болатыны рас. Ал кітап оқудың өмірді ұзартатыны жайлы не білеміз? Осы сауалдың жауабын білмек мақсатта АҚШ мамандары арнайы зерттеу жүргізіп көрген екен. Зерттеушілер 50 жастан асқан 3635 адамнан «кітап оқисыз ба, әлде жоқ па?» деген такырыпта сауалнама алған. Сауалнама қорытындысына сүйеніп, қатысқан адамдарды үш топқа бөлген: кітап оқымайтындар; аптасына 3,5 сағат кітап оқитындар; аптасына 3,5 сағаттан көбірек кітап оқитындар.
Ғалымдар сауалнамаға қатысқан адамдарды 12 жыл бойы бақылауда ұстаған. Сонда зерттеушілер кітап көп оқитын адамдардың оқымайтындарға қарағанда, ұзағырақ өмір сүретінін байқайды. Шамамен, 2 жылдай ұзақ болған.Тағы бір қызығы – кітап оқитындардың әлеуметтік жағдайы, бақ-дәулеті, денсаулығы мен білім деңгейі әртүрлі болғаны. Өмір жастың ұзақтығы мұндай өлшемдерге қарамайтын көрінеді.Тағы бір факті: кітап окитындардың өлімі кітап оқымайтындарға қарағанда, 5 есе аз болған... Өйткені, кітап оқу адамның санаға қабылдау қабілетін, ойлау жүйесін жақсартады. Ондай адамға қарттық ерте келе қоймайды. Ол үшін кітапты асықпай, мұқият отырып оку қажет. Кітап оқудың екінші пайдасы – көңіл күйге әсер беретіні. Адам кітап оқып отырып кейіпкерлердін тағдырына алаңдайды, әлеуметтік қабылдаудан өткізеді» («Алматы ақшамы», 22.08.2022).Осындай жағдайда адамның жүрегін тыныштандырып, жанын жайлататын кітап қана қалып отыр. Кітапта жоғарыда біз айтып өткен жаһандану дәуірінің келеңсіз жақтарының бірі де жоқ, керісінше, кітап оқығанда, сырласыңды тапқандай, өмірдің сырларына тереңдей түскендей, тіпті өзіңді-өзің адам ретінде енді тани түскендей күй кешерің анық. Психологтар кітап оқығанда да жаман кітап оқыма, өйткені, ол жан дүниесіне зиян дейді. Кез келген тамақты аузыңа тыға берме, көрінгеннің сөзіне еріп, қосылып кете берме деген сияқты жақсы әуен тыңдап, жақсы кітап оқуды ұсынады. Сонда жақсы кітабымыз қандай кітап? Оның үстіне кітап оқу пайдалы десек те, біздің заманымыз сол кітаптың оқылмайтындығымен ерекшеленіп отыр. Қазіргі оқырман кітапты әншейін уақыт өткізу үшін, онда да негізінен, детектив сияқты тақырыптарды оқитыны жасырын емес. Біздіңше, оқитын кітап гуманистік қағидалармен өмір сүрудің ұлттық жолдарын, сонымен бірге жалпыадамзаттық құндылықтарды оқырманның миына сіңіретін болуы керек. Сонда ғана барып, біздің миымыздағы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық санамыз жаңа заманға лайықты білім-ақпараттармен толығып, мұның өзі жанымызды байытып, тыныштандырып, дәуірге лайық қалыпты өмір сүруге бастайтыны анық. Жақсы кітап оқығанда, жақсы музыка тыңдағанда, (әрине, ұлттық музыка) мидың қозғалмалылығы артып, нейрондардың жұмысы жақсара түсетіндігі дәлелденген. 
Кітап – адамзат баласының адам болып қала беруі үшін рухани азықтандырып отыратын ұлы тәрбиеші. Кітап болмаса бүгінгі өмірімізді көзге елестету қиын. «Әдебиет – қатайған жүректі жібітіп, қарайған көз жанарын жасқа малып, ерік-жігеріңді сілкіп, рухыңды оятпаса, ақылыңа ақыл, сабырыңа сабыр, мінезіңе мінез қоспаса, ой-танымыңды кеңейтпесе әдебиет пе өзі?.. Түрлі кейіптегі әдеби бейненің тағдырынан мейірім-махаббатын көріп, тамсанып, жан тазалығын көріп өз хәл-жапсарыңа үңілмесең, онда уақыттың зая кеткені деп білемін. Түбі кез-келген көркем шығарма өз жаныңа үңілдіріп, өзіңе талдау жасайтындай қозғау салуы керек. Бұл тұрғыда, әлем әдебиеті де, қазақ әдебиеті де ғаламатқа толы. Америка, Еуропа, шығыс және төл әдебиетімізде оқыған кезде жүрегіңді елжіретіп, жаныңды жадырататын, жігеріңді қайрап, махаббатымен тәнті ететін тағдырлар жетерік. Әдебиеттің арқасында қиялды ерттеп мініп, жетіқат көктің үстіне, жетіқат жердің астына, ғаламшардың небір ғаламатына да саяхаттап, тамашалап келеміз. Әдебиет те уақыт шегарасы жоқ. Қаласаң өткенге, қаласаң болашаққа бара аласың. Осы бір еркіндік жанның сырын тануға мүмкіндік беретін ғажап па деймін?! Әр деміңді сөзбен суреттеп, көз алдыңа әкелген жазушы сөз арқылы дүние-тірліктен қатайып кеткен жүрегіңді тазалап, тірілтіп отырады. Осындай әдебиетке қалай ғана құрмет қылмайсың?!» (Қ.Әубәкір. Өз жүрегімізге үңілсек. «Қазақ әдебиеті». 12.06.2020). 
Орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин кезінде әйеліне жазған бір хатында «жаныңды француз романдарын оқып, былғама» деп, сақтандырған екен. Сырт қарағанда, мұнда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Әлемдік әдебиеттің озық үлгілері ретінде француздың атақты жазушыларының романдары күні бүгінге дейін өз оқырмандарын таңдандырумен келеді. Сонда Пушкин нені меңзеп отыр? Ақынның айтып отырғаны ол шығармаларда басқаша өмір суреттеліп, басқаша рух санаға ұялайды. Кітапты оқу барысында туындаған ойлар, ақпараттар ДНК-дан орын алып, одан ары қарай тұқымқуалаушылыққа ұласады. Бұл жерде Пушкиннің айтып отырғаны: орыстың өмірінен алынып, ұлттық рухты әспеттеген шығармаларды оқы; ұрпағың сонда мықты болады дегенді айтып отыр. «Қазір бізге кітап оқығанның бәрі сұлу һәм қадірлі. Кітап қай заманда да мәдениеттің бастауы саналғандықтан, кітап оқу – мәдениеттіліктің белгісі һәм кітап оқыған адам әрқашан мәдениетті. Алайда қоғам ауысып, заман дамыған уақытта оқырманның талғамы да, көзқарасы да өзгереді екен. Бұл сөзімізге бүгінгі халық тың кітап оқушылық деңгейі дәлел...Салыстырмалы түрде алып қарасақ, қазір әдеби кітаптардың тұсаукесерінен гөрі мо тивациялық, іскерлік, ғұмырбаяндық кітаптардың тұсаукесері жиіледі. Жетістікке жеткен бизнесмен, әнші, биші, продюсерлер осы күні кітап шығаруға құмар-ақ. Әрине, жалпы кітапнарығында түрлі жанрдағы кітап тардың оқтын-оқтын жария лануы жақсы үрдіс. Дегенмен, нағыз әдебиеттің, классиканың оқырманы бүгінде жеңіл кітаптардың жетегінде кеткені мәселеге айналып отыр...Дегенмен, кейде осы үрдістің бәрі уақытша сияқты көрінеді. Бай, бақуаттылыққа тәрбиелейтін кітаптардың заманы өтеді: ол анық. Өйткені, көркем әдебиет қана мәңгілік. Классика ғана – ақиқат» («Егемен Қазақстан», 30.05.2021). 
Кітап оқуға балаларды жастайынан үйреткен жөн. Оқу – балалардың білімін, мәдениетін жетілдірудің, азамат ретінде қалыптасуының бірден-бір маңызды факторы. Оқу балалардың дүниетанымының тереңдеп, ой-өрісінің кеңеюіне, ойлау қабілетінің жетіліп, мінез-құлқының қалыптасуына ықпал етіп, рухани жағынан бай, жан-жақты жетілген адамды тәрбиелеуде жетекші рөл атқарады. Жетімдіктің азабын тартқан орыстың ұлы жазушысы Максим Горький «Менің ұстазым – кітап» деген екен. Классиктің өмірбаянында кітапқа байланысты қызық деректер бар. Бала кезінде ата-анадан айырылған оны нағашы атасы енді «өз күніңді өзің көр» деп үйінен шығарып жіберген. Он бір жасынан бастап ол әркімге жалданып еңбек етеді. Максим балалықтағы ащы өміріне байланысты «Горький» деген ныспыны алғанын айтады. Сондай сәттерде оның жалғыз жұбанышы кітап болыпты. Бала күнінде біреуге жалданып, дүкеннен заттар алып келеді екен. Заттар алуға берілген ақшадан үнемдеп, одан қалған тиын-тебенге дүкенге келеді де әртүрлі кітаптарды жалға алады. Түні бойы майшамның жарығымен соларды оқиды. Оның бұл әрекетін байқаған басшысы майшамды жаққызбай, кітап оқуға тыйым салыпты. Сонда Максим кітаптарды түнде айдың жарығымен оқитын көрінеді. Күндіз қара жұмыс істеп, түнде кітап оқыған жетім бала өткеннен алған сабағын жазып классик жазушы атанды. Кітаптың шарапаты шығар» (Н.Батыр. Менің ұстазым – кітап. «Aнa тiлi», 18-31.03.2021). 
Тәрбие жұмысында кітап оқуға ерекше мән беретін еврейлер балаларын сынағанда, «егер үйің өртеніп жатса, ең алдымен, нені алып шығар едің?» деген сауал қояды екен. Сонда «алдымен, кітаптарды алып шығамын» деп, жауап берген баланың тәрбиесі дұрыс саналады. Баланы жастайынан білім, ғылым бұлағы кітап оқуға тәрбиелеудің барысында еврей халқы қазір әлемдік руханияттың көшбасшысына айналып отыр. Бұл айтқанымызға 800 Нобельдік сыйлықтың лауреаты атағын алғанын, бұл дегеніміз осы сыйлық иегерлерінің 20 пайызы дәлел болса керек. Ал 14 миллион еврей әлем халқының 0,2 пайызы болғандығына қарамастан, әлемдік саясат, бизнес, білім-ғылым, өнер саласындағы ең ықпалды адамдардың жарымына жуығын құрайды. Кезінде саяси қуғындауларға ұшырап, аман қалудың, күн көрушіліктің қамымен жер-жаһанға босып кеткен еврейлер бұл күндері білім-ғылымның арқасында шөл далада мемлекетін құрып, қала салып, білім-ғылымын, мәдениетін дамытып, ұлттық дәстүрімен өмір сүріп жатыр. Осыншама жетістіктерге кітап оқу арқылы қол жеткізгендігі анық. Өйткені, кітаптағы білім – ерекше капитал. Білімді адам – бай адам. Ақша, дүние-мүлік байлығынан адам кез келген уақытта айрылып қалуы мүмкін. Ал кітап берген білім-ғылым байлығын сенен ешкім тартып ала алмайды; қанша қуғын көрсең де сенімен бірге болып, ұлы идеялар байлығы саған өле-өлгенше қызмет етеді. Табиғатынан ерекше жаралып, «адам жанының инженері» болумен бірге өз заманының көзі, құлағы, сезімі саналатын ерекше дарын иесі – суреткерлер өмір сүрген дәуірінің көркем бейнесін жасау барысында сөзден кесте тоқыған сөз зергері, адамзат баласын ғасырлар бойы ой бесігінде тербетіп келе жатқан мәңгілік проб­лемалар төңірегінде ой қозғап, адамның дүниетанымын толықтырып, сана-сезімін шарықтататын рухани құндылықтар жасаушысы. Міне, сол сан ғасырлар бойы жазылған кітаптар кітапханада сақталады. Демек, адамзат баласының қоғамдық дамуы барысында жазу-сызу пайда болған есте жоқ ескі замандардан бүгінгі күнге дейін жасаған, қолы жеткен, жинаған рухани құндылықтары негізінен, сақталынатын қасиетті мекені осы – кітапхана. Мен кітапханаға жиі барамын. Осы ойлардың жетегінде жүрген мені кітапханаға кірген сайын бойымды ұлылардың арасында жүргендей, олардың мәңгілік, өлмейтін өміршең ойларымен бөліскендей, сырласқандай ерекше бір күй кешемін. Мектеп, жоғары оқу орындары сенің сауатыңды, көзіңді ашып, мамандығыңды беріп, енді қалғаны өзіңе байланысты деп, ақ тілектермен шығарып салса, шындығында да алған біліміңді толықтырып, заманға лайықты азамат, маман болып шығуыңа көмектесетін қажетті білім-ғылымның қоймасы – кітапхана. Өмірде бәрі сатулы болса, кітапханада білім – тегін. Ол саған қаншалықты керек, керегіңше ала бер. Білімді болған сайын сенің қоғамда алатын орның да, салмағың да, халқыңа тигізетін пайдаң да, көретін құрметің де арта түседі. Американың әлемге әйгілі фантаст жазушысы Рэй Брэдбери «Мен өзіме керекті білімді кітапханадан тегін алдым» («Я полyчил oбpaзoвaниe в библиoтeкe. Сoвepшeннo бecплaтнo») деген екен. «Кітаптар да құдды адам сияқты – өзінше бақытты, өзінше бақытсыз, тағдырлары да, мазмұндары да ешқашан бір-біріне ұқсамайды. Жаратушы мен жаратылғанның, көк пен жердің, ақ пен қараның, қоғам мен адамның, шығыс пен батыстың құпиясын жасырған құдіреті бола тұра, кітаптар да біз сияқты – қорғансыз. Ықылымнан жеткен кеп, Ниппур, Ашшурбанипал, Пергама, Александрия, Отырар қажеті жоқтығынан емес, қорғансыздығынан өртенді, тоналды, жоғалды.
Кітаптар да – жалғыз, олар да серік іздейді. Олардың көңілін сарғайған парақтардан рухына азық, көңіліне медет іздеген, жәрдем тілеген жандар ғана марқайтады. Дәл сондай серік табыла қалса екеуі ешқашан бір-бірінің ішін пыстырмайды, бір-бірін жалықтырмайды. Кітап саған, сен кітапқа айналып жүре бересің.
Кейде кітаппен отырған бір сағатыңды кісімен отырған бір күніңе қимайтын сәттер болады. Жұтқан ауаң, көрген аспаның, басқан топырағың, қоршаған ортаң – бәрі адыра қалады. Қас қарайғанын кезекші кітапханашы дігірлетіп қуып шыққанда ғана барып білесің. Бізге керегі – таңбалар, белгілер, әріптер, сөздер, мәтіндер, сюжеттер, образдар, кейіпкерлер және т.т. Біздің іздегеніміз материя да, мейнстрим де емес. Біздің іздейтініміз – адам жанының мистериясы. Содан болар, кітапты жақсы көретін, кітаптың қадірін білетін, кітапханаға үйір адам әрдайым етене жақының, туыс-бауырың боп шығады. Жан қажеті өтелсе ғана көңілің тыншиды. Ал жан қажетінің өтеуі, көңіл тыныштығының жұмағы кітапхана ғана. Ойлы санасы тастай қатқанның, шерлі көкірегі мұздай суығанның мекені. Осыдан шығар, «жүрегі бар үйге» сен де жүрегіңді қалдырып кеткің кеп тұрады. Әрине, сөз әуелден отанын іздеген жоқ. Ол балаң жады мен былғары кітаптың арасын жол қылып жүрген де қойған. Сөйтіп жаңағы мазасыз түйсікті – пәни мен бақидың көзі, кеңістік пен уақыттың тізгіні болған, шексіздік пен мәлімсіздіктің ақсөңке соқпағына және он сегіз мың ғаламға айналған түйсікті өзіне ғана ұғынықты, өзіне ғана қымбат, өзіне ғана жайлы кітапхана жасап алған. Ойлар – жүйткіген көліктердей...» (Т.Ешенұлы. Жүрегі бар жалғыз үй. «Егемен Қазақстан», 20.11.2018). 
Қазіргі қазақ оқырманы қандай кітаптар оқиды? Бұл жерде қазіргі қазақтың өз жазушыларынан гөрі шет жұрттық авторлар жазған шығармалардың көбірек оқылатыны ащы шындық екендігін айтуға, мұның өзі қазақтың генін, ұлттық болмысын өзгертуге, сөйтіп ұлтты іштей ірітуге алып бара жатқанын айтуға мәжбүрміз. Әрбір ұлттың ұлт болып қалуы үшін өз ана тілінде жазылған, ұлттық құндылықтарын, болмысын әспеттеген шығармаларды оқудың бірден-бір шарт екендігін еске салғымыз келеді. Тағы да айтарымыз: ойлаған ойларымыз, кітапты оқып ойға түйгендеріміз, сөйлеген сөздеріміз – барлығы да ДНК-ға беріліп, одан ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кететінін ойлансақ деймін. Сонда біздің ұлттық құндылықтармен өмір сүріп, бұрынғы дәстүрлерімізді жалғастырып, оны жаңа заманға лайықты дамытып, болашаққа тапсыру – кейінгі ұрпақ алдындағы басты парызымыз болмақ.
«Кітап оқыған адамның ең төменгі дəрежесі жақсы тыңдарман бола алады. Кітап оқыған ұлтшыл адам мен кітап оқымайтын ұлтшыл адам екі түрлі болады. Қазақ үшін дəл қазір сен нені қия аласың? Не істеп жүрсің? Əр қазақ қазақ үшін жұмыс істемесе, ол жалған ұлтшылдық. Бос сөз. Шынайы ұлтшылдыққа кітап оқу арқылы жетеді адам. Басқа жол жоқ...» (Ә.Дағжан. «Алматы ақшамы», 01.02.20). 
Ислам дінінің бас кітабы «Құранды» оқудың мынадай пайдасы бар: 
 «Құран – уақыт көші жылжыған сайын жасара, жаңара түсетін, қартаймайтын қасиетке ие жалғыз Кітап. Авторы Дара әрі Дана болған кітапты әр ашқан сайын жаңадан оқығандай әсер алып, тамсанасың, таңғаласың. Адамзатты тура жолға бастауға жіберілген, кемел адам қалыптастыратын қағидалардан тұратын Құранның бойында бізге құпия қаншама қазына жатыр десеңізші... Дегенмен, хадис мәтіндерінде, ізгі ғалымдар еңбектерінде өзгерту мен бұрмаланудан қорғалған, мұсылмандар үшін тура жол, мейірім әрі қуаныш болған Алланың сөзін оқудың кейбір пайдалары мен құндылықтары хабарланады. Құран иманды күшейтеді. Құран – Алланың берік тұтқасы әрі ашық нұры. Ол тұтқадан ұстағанды Алла Өзі сақтап, ол нұрға ергендерді Алла Өзі құтқарады. Жаратушы Құранның бір уақытта емес, белгілі уақыттар арасында бөлім-бөлім болып түсірілу себебін адамдардың жүрегіне иманды орнықтыру үшін деп хабарлаған: «Ал күпірлік етушілер: «Оған Құран бірден түсірілсе еді?» деді. Біз жүрегіңдегіні онымен орнықтыру үшін оны осылай түсірдік және оны бөліп, ретімен (анық етіп) оқып бердік» («Фұрқан» сүресі, 32-аят). Құран жүрекке иманды орнатып, Алламен байланыс арқылы нәпсіні тазалайды. «Әнфал» сүресінің 2-аятында: «Нағыз мүміндер – Алла еске алынса, жүректері қобалжитын, оларға Алланың аяттары оқылса, имандары артып, Раббыларына тәуекел қылатын (жандар)» делінген. Құран жүрекке байсалдылық пен саламаттылықты орнатады. Сондықтан оны жамандықтар мен бүліктердің құйынды желдері теңселте қоймайды.
Құран адамды бақытты етеді. Қазіргі психология пәнінің оқулықтарында «бақыт» термині – өз өмірінен қанағаттанған адамның психологиялық көңіл-күй ауаны деп түсіндіріледі. Демек, бақыт – жүрегің мен көңіліңнің тыныштыққа бөленуі. Жүрек түзелсе, өмір түзеледі: «Расында, денеде бір кесек ет бар, ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса қалған дүние түгелімен бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек» (Муслим). Ал жүрек Құран оқумен тыныштық таппаушы ма еді? «Солар – иманға келгендер және Алланың еске салуымен (Құранмен) жүректері тыныштық тауып, орныққандар. Біліңдер! Жүректер Алланың Еске салуымен (Құранмен) тыныштық тауып, орнығады» («Раъд» сүресі, 28-аят). Тәпсір саласының бірқатар ғалымдары аяттағы «Еске алуды» Құран деп түсіндіреді. Құран аяттары және ондағы хикметті өсиеттермен танысқан жүрек онымен тыным тауып, орнығады. Өйткені, ол аяттар бұлжымас ақиқатты, көз жеткізер айғақ, дәлелдермен куәландырады. Мұның бәрі адам жүрегіне тыныштық әрі айқын сенім орнатады. Бұл ілімді кемшілігі болмаған әрі кемел сипаттарға ие Құраннан ғана табуға болады. Құран оқушы тәні мен жанына шипа табады. Алла Тағала күллі адамзатты: «Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді». («Юнус» сүресі, 57-аят), «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз» («Исра» сүресі, 82-аят) деп сүйіншілейді. Жүрек Құранмен тазарады, тыныштық табады, көркем мінез-құлыққа бастайды. Кейбір адамдар тәкәппарлық, қызғаныш, күншілдік, қанағатсыздық, құмарлық, екіжүзділік, күйзеліс секілді жүрек ауруларына шалдығып, емделу шараларын қарастырып, психологтардың есігін қағып жатады. Асылында, мұндай науқастың дәрігерлері – Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен ізгі ғалымдардың жолын ұстанушылар екенін ұмытпайық. Алланың сөзі Құран – дәрі-дәрмек секілді. Дәріні уақытынан кешіктірмеу әрі дәрігерлер бұйырғандай етіп қабылдаудан дертіңізден оп-оңай айығасыз. Егер мұсылман Құранды Алла разылығы үшін оқитын болса, Құран аяттары оның тәніндегі дерттерге өздігінен шипа бола береді... Құран қас дұшпаннан қорғайды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, ал «Бақара» сүресі оқылатын үйге шайтан кірмейді», (Ахмад, Муслим), «Кім таңертең «Аятул Күрсіні» оқыса, кешке дейін шайтаннан қорғалады, ал кім кешке оқыса, таңға дейін қорғалады» деген (Хаким)... 
Құран дәрежелерді көтереді. Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсы): «Расында, Алла Тағала осы Кітаппен (амал еткен) қауымның (екі дүниеде де) мерейін өсіріп, ал (амал етпеген) қауымның дәрежесін түсіріп, қор қылады» деп айтты» – делінген (Мүслим).
Сондай-ақ Құраннан теріс бұрылғандар жайлы Ақырет күнінде Пайғамбарымыздың Раббына арыз-шағымда болатындығы аятта былай баяндалады: «Пайғамбар (қиямет күні) былай дейді: «Уа, Раббым! Қауымым бұл Құранды тастап кетті» («Фұрқан» сүресі, 30-аят). Осы себептен әрі өзімізді, әрі бала-шағамызды Құран Кәрімнің сүйіспеншілігі және көркем ахлағымен безендіруіміз қажет-ақ. Құран өзін оқушыға кешірім тілейді. Қасиетті Құранның бұл дүниедегі пайдасы қаншалықты көп болса да, мәңгілікке созылатын Ақыретіміздегі пайдасы да шашетектен. «Адам өмірде арқасына дорба арқалаған жолаушы сияқты. Ішіндегі нәрсе тағдырын шешеді. Сондықтан, әркім дорбасына не салып жүргеніне қарасын» деген екен ізгі ғұламалардың бірі. Егер, сіз сауапты қалай және қайдан тереріңізді білмей жүрсеңіз, Құран оқыңыз! Себебі, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құран оқыңыздар! Расында, Қиямет күні ол өзін оқығанға шапағатшы ретінде келеді» деген (Муслим).
Алла алдында шапағат ету, бұл – өзге жаратылыстардың күнәлары мен қателіктері үшін кешірім сұрап дұға қылу. Алайда, бұл мүмкіндік тек қана Алла Тағаланың рұқсатымен, қалауымен ғана орындалмақ...Құран адамдардың жақсысын анықтайды. Әрбір адам «жақсы» деген мәртебеге ие болғысы келеді. Және «жақсылармен» жолдас, сұхбаттас, пікірлес болуды қалайды. Ендеше, «ең жақсы адам деген кім?» деген сауалыңызға жауап табылды. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны үйреткендерің» деген (Бұхари). Ал енді, осы адамдардың жақсылары хош иісті лимонға теңелген екен. «Құран оқушы мүмин тамаша иісті және дәмді, тәтті лимон секілді, ал Құран оқымайтын мүмин иісі жоқ, бірақ дәмді құрма секілді. Құран оқитын екіжүзді хош иісті, бірақ дәмі ащы райхан секілді, ал Құран оқымайтын екіжүзді, иісі де жоқ дәмі де ащы колоквинт (өсімдіктің бір түрі) секілді» (Бұхари, Муслим).
 Құран оқушыны қызғаныңыз! Білесіз бе, ата дініміз байға да, мансаптыға да, сұлуға да, сымбаттыға да емес, Құранды көп оқитын адамды қызғануды өсиет етеді. Бұл Құран оқушының қаншалықты үлкен табысқа жеткендігін көрсетеді: «Екі түрлі қасиеті бар адамнан басқа ешкімге қызығуға болмайды, (олар): Алла оған Құран білімін нәсіп етіп, оны күндіз-түні оқыған адам және Алла оған байлық нәсіп етіп, ал ол оны күндіз-түні (игілікке) жұмсаған адам» (Бұхари, Муслим). Құран сауапқа кенелтеді. Құран оқушы сый-сауапсыз да қалмайды екен. «Құраннан бір әріп оқыған адамға бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылықтың сауабы он еселенеді. Мен «Әлиф, ләм, мим» бір әріп деп айтпаймын. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп» делінген хадисте (Тирмизи). Сондай-ақ, Құранды қиналып үйренуші де көл-көсір сауаптың астында қалмақ. «Кімде-кім Құранды оңай үйренген болса, мәртебелі оқушы (қари) атанады, ал қиындықпен мүдіріп оқыған болса, екі есе сауапқа ие болады» (Муслим). Ғалымдар осы хадистегі «қиындықпен» деген сөз араб тілінде сөйлемейтін барлық халыққа қатысты деген екен.
Құран оқушыны Алланың Өзі еске алады. «Қай уақытта болмасын, адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып, онда Алланың Кітабын оқыса, оларға, әлбетте, тыныштық түседі (орнайды), сондай-ақ, оларды мейірім орап, жан-жақтарынан періштелер қоршайды және Алла оларды Өзінің алдарындағылардың ішінде еске алады» (Муслим). Алла Құран оқушыны еске алып қана қоймай, оны тыңдайды: «Алла тамаша дауыстыны, ол Құранды ырғағымен оқығанда тыңдағандай, ешкімді тыңдамайды» (Бұхари, Муслим)...Құран толықтай оқылып біткенде жасалатын дұға қабыл болады...
Құранды түсінбей оқудың қандай пайдасы бар? Тау бөктерінде орналасқан ауылдың шетінде ақсақал мен немересі өмір сүріпті. Атасы үнемі ерте тұрып, Құран оқуды әдетке айналдырған екен. Ал немересінің кез келген істе атасына ұқсауға тырысатыны, оның ізгі істерін қайталайтын қасиеті әркімді де қызықтыратын. Бір күні көңіл-күйі түскен бала: «Ата, мен де күн сайын сен секілді Құран оқимын, бірақ, түсіне алар емеспін. Оқығанымды кітапты жапқан бетте ұмытып қаламын. Сонда Құран оқуымның не пайдасы бар?», – деп сұрақ қояды. Сонда пешке көмір салып жатқан қария кілт тоқтайды да немересіне мейірлене қарап: «Балам, сен мына көмірдің себетін ал да, ана жердегі өзеннен толтырып су алып кел», – дейді. Таңғалған немересі ештеңе деместен себетті ала жүгіреді. Алайда, үйге жеткенше себеттегі су түк қалмай төгіліп қалады. Күлімсіреген ақсақал: «Тезірек жүруге тырыс» деп, баланы қайта жібереді. Ол бұл жолы жылдам қимылдайды, дегенмен, су тағы да таусылып қалады. Бала себетпен су тасудың мүмкін еместігін айтып, шелекке қолын соза беріп еді, атасы оны тоқтатады. «Жоқ, балам, маған шелек емес, себет қажет. Сен барыңды салмай жатқан боларсың...», – деп оны тағы да құлшындырды. Бала өзін дәлелдемек болып, себетке толтырып су алады да бар шамасы жеткенше қатты жүгіреді. Атасының алдына жеткенде тағы да бос себетке көзі түседі. «Ата, көрдіңіз бе? Мұның еш пайдасы жоқ!», – дейді терге малынған бала. Қария: «Расымен де, еш пайдасы жоқ деп ойлайсың ба? Себетіңе қарашы», – дейді. Мұқият қараған бала көмір ыдысының сырты да, іші де тап-таза болғанын байқайды. «Құлыным, сен Құранды оқығанда дәл осындай жағдай болады. Түсінбеуің де, ештеңе есіңде қалмауы да мүмкін. Бірақ, ол сенің ішіңді де, сыртыңды да өзгертеді. Сонан кейін Алла Тағала сенің өміріңді өзгертеді», – деп үнемі Құран оқудың пайдасы мен даналығын түсіндірген екен. Құран оқудың осыншалықты сыйы мен пайдасын білген жан оны ашуға асығары хақ» («mazhab.kz»). 
Әлеуметтік желіде қалың көпшілікке «Қандай кітап оқып жатырсыз?» деген сауал тасталып, белгілі ақын-жазушылар, журналистер, мәдениет қайрат керлері мен басқа да азаматтар өздері оқып жатқан кітап тары жайлы жарыса жазып жатыр. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жолдаған эстафетаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып, оқырман қауымға сөз арнады. 
«Қазіргідей елең-алаң уақытта баршаңыздың күнделікті тіршіліктеріңіз өзгеріске ұшырағаны белгілі. Пандемиядан қорғанудың бірден-бір жолы – әлеуметтік оқ шаулану, яғни үйде болу екенін жаһан жұртшылығы мойындап отыр. Әрине, бұл – уақытша құбылыс, өтпелі кезең. Дегенмен осы уақытты барынша тиімді пайдалану – әрбір адамның өз қолында. Сондықтан осы карантин күндері ақын-жазушылар, жур налистер, мәдениет қайраткерлері және қатардағы азаматтарымыз әлеуметтік желіде «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челлендж-эстафетасын ұйымдастырған екен. Бұл бас­таманы толық қолдаймын және осындай игі істі қолға алған отандастарыма шынайы ризашылығымды білдіремін. Шын мәнінде, кітап оқу – рухани кемелденудің көзі десем артық емес. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Жалған деректің, шындыққа жанаспайтын қауесеттердің де тез тарап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан мұндай жағдайға мейлінше жол бермеу үшін алтын уақытымызды осындай пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», – дей келіп, өзі оқып жатқан шығармаларды атады: 
«Жүсіп Баласағұн. Құтты билік, Абай Құнанбаев. Хикмет кітәбі. Книга мудрости. Book of wisdom, Winston Churchill. The Second World War. Volume III. The Grand Alliance, Тұрсын Жұртбай. Құнанбай, Ерлан Сыдыков. Кунанбай, Адам Туз. Крах. Как десятилетие финансовых кризисов изменило мир, Алек Росс. Индустрии будущего. The Industries of the future, Кевин Келли. Неизбежно. 12 технологических трендов, которые определяют наше будущее, Parag Khanna. The Future is Asian, «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», Turkistan және т.б. газеттер, «Жұлдыз» журналы. «Осы мүмкіндікті пайдаланып, бұл эстафетаны барша отандастарыма, әсіресе, жастарға жолдаймын және төмендегі әдебиеттерді оқуға кеңес беремін»: 
Абай Құнанбайұлының өлеңдері, қара сөздері, Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық трактаттары, Мұхтар Әуезов «Абай жолы», Әбіш Кекілбаев. «Үркер» және т.б шығармалары, Ілияс Есенберлиннің шығармалары, Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасы, Әбді-Жәміл Нұрпейісовтың шығармалары, Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз», «Тағдыр», Мұхтар Мағауин «Аласапыран», Дулат Исабеков «Қарғын», Ілияс Жансүгіров өлеңдері, Әкім Тарази шығармалары, Роза Мұқанованың пьесалары, Смағұл Елубай. «Ақбоз үй» және тағы басқа шығармалары, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері. 
Әлемдік әдебиет: Федор Достоевскийдің шығармалары, Лев Толстойдың шығармалары, Антон Чеховтың әңгімелері, повестері, пьесалары, Иван Буниннің шығармалары, Эрих Мария Ремарктың «На западном фронте без перемен».
Публицистика, ғылыми-танымдық әдебиет: Никколо Макиавелли. «Государь», Алексис де Токвиль. «Демократия в Америке», Жан Монне, «Реальность и политика», Ли Куан Ю «Из третьего мира – в первый. История Сингапура (1965-2000)», Наом Хомский. «Создавая будущее», Мэтью Барроуз «Будущее: Рессекречено. Каким будет мир в 2030 году». Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған шығармалар: Энтони Кенни. «Батыс философиясының жаңа тарихы», Клаус Шваб. «Төртінші индустриялық революция», Джон Гэмбл, Маргарет Питереф, Артур Томпсон. «Стратегиялық менеджмент негіздері: бәсекелік артықшылыққа ұмтылу», Росс Данн, Лора Митчелл. «Panorama: Дүние жүзі тарихы» (Кітап оқу– рухани кемелдену көзі. «Түркістан», 23.04.2020).
Қалың оқырманның «Қандай кітап оқып жатырсыз?» эстефетасы мемлекет басшысынан қолдау тауып, көпшілік арасында кеңінен өріс алып келеді.
Эстафетаны қабылдаған жазушы, драматург Дулат Исабеков кітап жақсы оқылған кездерді еске ала отырып, бүгінгі күнгі жағдайға өкініш білдіріпті; кітапсыз рухани өмір сүрудің жартыкештігін айта отырып, өз әріптестерін кітап оқуға шақырыпты: 
 «Есейген шағында Кеңес өкіметінде өмір сүріп қалған адамдардың сол заманнан аңсайтын нәрсесі бар ма? Бар. Тіпті, көп десе де болады. Соның бірі – кітапқұмарлық. Кез келген тұрмысы тәуір үйге бара қалсаң, алдымен мақтанатыны – жинаған кітаптары болатын. Ол кезде «Қазіргі прозаның шеберлері», «Халықтар достығы кітапханасы» «Роман газета» журналының өзі 1,5 млн. тиражбен шығушы еді. Оның жанынан шығатын кітаптар да миллиондаған тиражбен тарайтын. Әлі есімде, 200 томдық «Әлем әдебиеті» сериясына жазылудың қаншалықты қиын болғандығы. Ал кітаптардың таралымын айтсаңшы! Фантастика! Менің кітап сөремде сол кезде шыққан кітаптардың таралымына қарасам, өз көзіме өзім сенбеймін. 700000, 1 млн, 1,5 миллион дана! «Жазушы», «Жалын» баспаларынан қазақ тіліндегі кітаптардың таралымы 300000-нан кем болмайтын. «Жұлдыз» журналының таралымы – 260000-ға жеткен кезін де көріп едік. Тіпті, менің ең алғашқы кітабым «Бекет» 240000 данамен басылып шығып еді (ол кезде мен 5 курстың студенті болатынмын). Мен байғұс сол тираждың өзін азсынып едім-ау. Бәрі ертегі сияқты.
Ол кезде «кітап оқы» деп айтудың өзі ерсі саналатын. Қазір кітап оқу дәстүрден алыс­тап бара жатыр. Сондықтан да кітаптарымыз 1000-2000 таралымнан аспайды. Қалың қазақ әдебиетсіз өмір сүре алмайды, күндердің күнінде бәрібір кітап оқуға қайтып оралар деп сенемін. Карантин болсын, болмасын, жазушы адам кітапсыз өмір сүре алмайды. Мен үшін кітап оқу – «кислородты жастықпен» бірдей. Соңғы бір жылда Пушкиннің 10 томдық шығармалар жинағын бір сөзін қалдырмай оқып шықтым. Көне Грекия философтары мен ертедегі Рим философтарының еңбектерін сүзіп шықтым. Ондағы мақсатым – сол ақындар мен данышпандардың ойларын Абайдың философиялық тұжырымдамаларымен салыстыру болды. Соның нәтижесінде «Пушкин. Абай. Және басқалар» деген көлемді мақала жазып бітірдім.Бүгінгі әдебиеттен де тыс қалмау керек. Соңғы оқығандарым – А.Асқардың, Ж.Әлмашевтің, С.Сыбанбайдың, Д.Қуаттың кітаптары болды. Дәурен Қуат – ешкімге ұқсамайтын, тілі де бөлек, кейіпкерлері де тосын, айтар ойлары да, уақиғалары да жұмбақ сырға толы жазушы екен. Әсіресе, оның тіл байлығына риза болдым. Дәуренмен замандас жазушылар қазақ тілінің сиқырлы бояуы мен құнарын ұмытқан шығар деп жүруші едім, оның «Бөрі соқпақ» кітабын түгелдей оқып шыққан соң, ол ойымнан арылып, «Құдайға шүкір, тіл құнары мен сиқырын өз анасы мен жер анасының қасиеті арқылы бойына сіңіре білген қаламгерлер бар екен» деп қуандым.Классиканы оқумен қатар өз әдебиетімізді оқуды да ұмытпайық. Жазушылар Одағының төрағасы Ұ.Есдәулетовтен басталған кітап оқу жөніндегі эстафетаны мен Бексұлтан, Төлен, Қадірбек, Әннес, Қажығалиларға жолдаймын. Жоғарыда мен атаған кітаптарды үй қамақта босқа отыра бермей, оқып шығыңдар» (Д. Исабеков. Мен үшін кітап оқу - «кислород жастық». «Қазақ әдебиеті», 24.04.2020). 
Осы жерде кітап оқу эстафетасына қатысқан Дәурен Қуаттың мына бір пікіріне назар аударғанды жөн көрдік «Тегінде оқымау – мін емес, оқуға талпынбау – мін. Ал ақын-жазушы үшін – ұят. «Оқымау мін емес» деп отырған себебіміз: кейбір кітап қолыңа тимей жүреді немесе оған жөндеп көңіл бөлмейсің. Оның үстіне, оқырман кітапты емес, кітап оқырманды таңдайды. Біреудің «ойбай, сұмдық!» деген шығармасы сенің оң жамбасыңа келмейді. Тұсаулы ат сияқты кібіртіктеп қағаз бетінде «жүре алмайсың». Егер солай екен, ендеше өзіңді қинама, қолыңа басқа кітап ал. Жақсы кітап оқылуы керек. Оқылмаған кітап – жетім. Нобель сыйлығының лауреаты, перулік жазушы Варгас Льоса бір сұхбатында: «Әдебиет адамзат алдында тұрған күрделі мәселелердің шешімін тауып береді дегенге сенбеймін. Бірақ кітап адам баласына сол мәселелерді сезінуге, пайымдауға көмектеседі» дейді. Келісемін. Біздің қазір ойсыз, мұңсыз, ешнәрсенің байыбына бармай парықсыз өмір сүріп кеткеніміздің бір түйіні, бәлкім осында жатқан шығар: қазақ кітап оқымайтын ұлтқа айналдық» (Д.Қуат. Оқылмаған кітап – жетім. «Абай.кз», 22.04.2021). 
Сонымен, мидың қалыпты жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етіп тұру үшін оған күтім, яғни өзін сақтай білу шараларын жасап отыру, адам организміне дене жаттығулары қаншалықты қажет болса, мидың негізгі жаттығуы – кітап оқу да соншалықты керек. Адамдар профилактика үшін жалпы денсаулығына қажетті түрлі дәрумендер (витамин) ішетін болса, мидікі – кітап оқу. Кітап оқу барысында адам организмінің басты мүшесі мидың жұмысы жаңғырып, бүкіл дененің қызметін жақсартады. Ең алдымен, ойлау жүйесінде төмендегідей пайдалы өзгерістер жүреді екен. 
Біріншіден, кітап оқу адамның жалпы денсаулығын, әсіресе мидың, жүйке жүйесінің жұмысын жақсартады. Ноотроп дәрілер уақытынша әсер етсе, кітап оқу миға табиғи түрде оң әсер етіп, саулығын, жұмыс істеу қабілетін одан әрі жақсартады. 
Екіншіден, адамның дүниетанымдық деңгейі тереңдеп, өрісі кеңейіп, өмір сүруге қажетті білім-ғылыммен қаруланып, саналы, өміршеңдік қабілеті арта түседі. Кітап – адамзат баласының ғасырлар бойы жасаған рухани қазынасының баға жетпес асыл қазынасы. Өмір сүруге пайдалы кітапты ойлы, өмірден көргені, түйгені көп, танымал авторлар толғана отырып, жүрегімен жазатындықтан да оны оқып отырған оқырман автордың «ішкі жан-дүниесіне кіріп», идеал ғажап әлемде ерекше бір күй кешеді; оның идеяларын, энергиясын бойына сіңіру барысында жаңа идеяларды бойына сіңіріп, оны жүзеге асыруға деген құлшыныстар пайда болады.
Үшіншіден, жақсы кітап оқырманын ойлантып, ойлай білуге, дұрыс шешімдер қабылдауға, адамның басты қасиеті дұрыс ойлануға баулып, өмірдің дұрыс жолымен жүріп, бақытты өмір сүруіне жол ашады. Білімдінің шабысы – ұзақ, өрісі – кең. Білімді мыңды жығады; білімсіз бірді жығады. 
Төртіншіден, мамандығын жақсы игеріп, қызмет бабында тез көтеріледі. Әлеуметтік зерттеулер мамандығын, дүниетанымын жетілдіру мақсатымен кітапты көп оқитындардың отбасында да, қызмет бабында, қоғамдық ортада да айтарлықтай жетістіктерге жететіндігін, ал оқымайтындар орташа өмір сүру деңгейінен төменгілердің 43 пайызын құрайтындығын анықтаған. 
Бесіншіден, жақсы кітап адамды тәрбиелейді; әдеби шығарманың өзегіне айналған көркем идея мен басты кейіпкерлердің шынайы көрініс тапқан бейнелері өзіне баурап алып, оқырманның тура жол табуына көмектесетін болады; көркем шығармадағы жағымды бейнелер, өміршең идеялар оқырманға әсер етіп, оның жан дүниесінде, мінезінде жаманнан жиренген, жақсылыққа ұмтылған, бойына сіңірген оң өзгерістерге жол ашады. 
Алтыншыдан, сұлу сөзбен суреттелген көркем бейнелер эстетикалық ләззат сыйлап, позитив энергия береді. Сөз өнері – өнер атаулының шыңы. Ал сол сөз өнері таңбаланып, жазуға айналып, ақ қағазға түскенде, көркем мәтін ерекше бір құдіретті құбылысқа айналады. Таңбаланған, бейнеленген, құдіретті мәтін өміршең ойлардың, идеялардың арқасында мың құбылған сөздің магиясына айналып, адамның жан дүниесін баурап алып, ерекше бір күйге бөлейді, жанын жадыратып, жігерлендіре түседі. 
Жетіншіден, сөздік қоры молайып, адамдармен тіл табысуы, сөйлеу мәдениеті артады. Кітапты көп оқығандар айтар ойларын дәл, ұтымды жеткізе біледі. Жақсы сөзі айналасына нұрын шашып, мұндай адамдардың өз ортасында танымалдылығы, беделі арта түседі.
Сегізіншіден, кітап жалғыз қалған сәттерде жаныңнан табылар сенімді бірден-бір жанашырың, жақының, жебеушің; оңаша қалған кездердегі сырласың; қиналған кездерде дұрыс ақыл берер, ненің шын, ненің жалған екендігіне көзіңді жеткізер ақылшың. Адамды жалғыздықтан кітап құтқарып, сақтап қала алады. 
Тоғызыншыдан, кітап оқу – адамның өмірін ұзартады. Ғалымдар дене еңбегіне қарағанда, ой еңбегімен айналысатындардың ұзақ өмір сүретіндігін анықтаған. Ал ой еңбегінің негізі кітап оқудан, оқып отырып, ойланудан, ондағы өміршең ойларды жүзеге асыру барысында тағы да ойланудан тұрады.
Әр нәрсенің өзінің орны, жөні бар. Кітап оқуда да солай. Пайдалы екен деп, қолға түскен кітаптың бәрін оқи берудің де, көп оқудың да қажеті шамалы. Мына бір нәрсені ұдайы ескеріп отыру керек. Бұл жердегі әңгіме негізінен, көркем әдебиет, ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиет жайында. Ал ақша табу мақсатымен оқырманның назарын басқа жаққа аударып, көңілін көтеру үшін жазылатын шығармалар керісінше, адамның жүйкесін жұқартады. Мұндай кітаптарды оқу пайдасы түгілі, түптеп келгенде, адамның ойлау қабілетін, жүйке жүйесін бұзатыны, адамды теріс жолға салатындығы есте болғаны жөн. «Кітапханасы бар елдің мәдениеті ешқашан да құрымайды» деген екен академик Дм.Лихачев. Ал сол кітапханалардағы кітаптарда рухани құндылықтары сақталған ұлт та жоғалмайды. Өйткені, ұлтты ұлт етіп ұстап тұратын ұлттық мәдениет болса, сол мәдениетті қажет ететін де, көзінің қарашығындай сақтайтын да – ұлт. 
Генрих Гейне «Кітаптарды өртегендер ерте ме, кеш пе, адамдарды да өртейді» деп, кітап оқымайтындардың қоғамға қауіпті екенін ескертіпті.
Қап тауында елінің тәуелсіздігі үшін күрескен Имам Шәміл «Кімде кім кітапты масқараласа, уақыт өте кітап оны масқаралайды» депті.
Сонымен, адамның заманына лайықты жан-жақты жетілген, дені сау абзал азамат болып өмір сүруіне қажетті барлық нәрсе – кітапта. Сондықтан да кітап сенің қиналғанда жаныңнан табылар, жол көрсетер, ақиқатын айтар жан досың, жанашырың, сырласың екенін ешуақытта ұмытпа. 
Дени Дидро «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйыламыз» деген сөз айтыпты.
Ал Жүсіпбек Аймауытұлы «Әдебиет – ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі – көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды», Ғабит Мүсірепов «Әдебиет ұлы болмай, халық ұлы болмайды» депті.
Адамның ұлылығы оның ойлай білетіндігінде жатса, сол мидың ойлау жұмысын одан ары жетілдіріп, тән саулығын, жан сұлулығын арттыра түсетін бірден бір құрал осы – кітап; ұлттың ұлылығын нұрландыра түсетін де – осы кітап, әдебиет. 
Иә, болашақтың тізгіні ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы тірнектеп жинап, тасқа басып, кітап қылып қалдырып кеткен рухани құндылықтарын игерген жастардың қолында.

Соңы. Басы №6 санда

1519 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз