- Мақала
- 26 Тамыз, 2024
ГЕОГРАФИЯ ПӘНІ – ОТАНШЫЛДЫҚ БАСТАУЫ
Қоғам мен адамның тыныс-тіршілігі қоршаған ортамен, географиялық кеңістікпен тығыз байланысты. География қоғам мен табиғат тоғысындағы мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Географиялық болжамдар мен білімдер мемлекеттің шаруашылық, экономика салалары үшін қажет. Бұл әсіресе, климаттық өзгерістер мен табиғи апаттар жиілеген қазіргі шақта өте өзекті болып отыр. Сондай-ақ, география – мектептегі білім беру үдерісінің маңызды бір бөлігі. Осы орайда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, географиядан Республикалық атаулы мектеп жетекшісі Ұлжалғас Есназаровамен географиялық білім беру ісінің қазіргі жай-күйі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркі дәуірі» – «TurkTime» бастамасының география саласында іске асырылуы және осы пәнді оқытудың тұжырымдамасы жайлы сұхбаттасқан едік.
– Кез келген білім мен ғылым уақыт талабына, заманауи сын-қатерлерге жауап бере білуге тиіс. Ұлжалғас Әмзеқызы, сіз ұзақ жылдар бойы білім беру саласында қызмет етіп келесіз, ескі және қазіргі жүйенің артықшылығы мен кемшілігін жақсы білесіз. Жалпы білім беру ісінде нені басты назарға алу қажет?
– Өте орынды сұрақ. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым және практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға жеке кәсіптік мамандығын шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту, оқытудың жаңа технологияларын, қашықтан оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалану, білім беруді ақпараттандыру» – делінген. Білім беру жүйесіндегі басты қағида жеке адамның білімділігін арттыру, жеке тұлғаның құзыреттілігін қалыптастыру, білім берудің дамытушы сипатын жетілдіру секілді маңызды мәселелерді айқындап, білім беру жүйесін одан әрі дамытуды көздейді.
Адамзат өмір сүрген қай ғасырда болсын, тәрбие негізгі мәселе болып саналады. Бар саналы өмірімді білім беру саласына арнаған мені білім беруде қандай кемшіліктер жібердік деген ой толғандырып жүр. Бірінші болып ойыма келетіні, әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі. «Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті», – деп уағында грек философы Платон өзіндік тәрбие жүйесін құрған болатын. Платонның осы тұжырымы негізінде, ХХІ ғасырдағы дүниежүзілік білім кеңістігіндегі озық іс-тәжірибелерге сүйене отырып, қазіргі білім беру жүйесіндегі тәрбиенің ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды дамытуға бағытталған үлгісін қайта қарау керек деп есептеймін.
– География дегеніміз ең алдымен кеңістік, аумақ. Қазақстан әлемде территориясы жағынан 9-орын алады деп мақтан тұтамыз. География пәнінің жастар арасында отансүйгіштікті, патриотизмді қалыптастырудағы маңызы мен рөлі қандай?
– География пәні аймақты, қоршаған ортаны, саясатты, экономиканы, экологияны тұтас қамтиды. География дегеніміз – табиғи және қоғамдық жүйелерде, адамзаттың шаруашылықты жүргізу барысында жергілікті, аймақтық және ғаламдық деңгейде қоршаған ортаға тигізетін іс-әрекеті туралы ғылыми білімнің жиынтығы, мектептегі оқу пәні. Географиялық ақпарат қоршаған ортамен, оның ішінде экологиялық, әлеуметтік, экономикалық өзара әрекеттесу процесінде туындайтын мәселелерді анықтап, оларды шешуге қажетті мәліметтерді қорытып, жинақтап береді. География – оқушыларға Ұлы Қазақ елі мен байтақ жерінің табиғаты және жалпы Жер ғаламшары туралы жан-жақты, жүйелі түсінік қалыптастыратын ғылыми, әрі геосаяси сипаттағы академиялық оқу пәні болып есептеледі.
Қазақстан Республикасының орналасқан жері, ұлан-ғайыр аумағымен дүниежүзінде 9-орын алуы, осыған байланысты табиғатының, ұлттық-этникалық құрамының, тарихи-географиялық дамуының, табиғат ресурстарының байлығы мен әртүрлілігі оның мәңгілік егемен мемлекет, тәуелсіз ел болып қалыптасуының негізгі тірегі, маңызды факторы болып танылады. Халқымыздың бойына ұлтжандылық қасиетті сіңіруде, жас ұрпақты тәрбиелеуде географиялық білімнің орны бөлек. Бұл оқушылардың жалпы ғылыми-мәдени деңгейін көтеруге айтарлықтай үлес қоса отырып, жаратылыстану және қоғамдық-экономикалық, саяси-әлеуметтік ғылымдар саласындағы білім мазмұнын кіріктіру міндетін сәтті ұштастыра алатын бірден-бір оқу пәні. «Қазақстан географиясы» пәні Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерімен қатар, оқушыларға қазақ даласындағы дәстүрлі ұлттық рухани, саяси құндылықтар және өзіндік сана-сезімін қалыптастырудағы бірден-бір негізгі академиялық оқу пәні деп есептейміз.
– Кеңестік кезеңде география пәні орта мектеп бағдарламасында кешенді түрде оқытылды. Бірақ, 2016 жылы ұсынылған оқу бағдарламасында география пәнін оқытудың қалыптасқан ғылыми жүйесі бұзылғаны туралы БАҚ құралдарында мәселе көтерілді, тіпті Парламентте де айтылды. Қазіргі уақытта география пәні мектептерде қалай оқытылуда? Оның әдістемесі ше?
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» деп, атқарушы органдарға нақты тапсырма берді. Сондықтан, біздің – «География» пәнінен сабақ беріп жүрген педагогтар мен «Географиядан республикалық атаулы мектеп» мүшелерінің ұсыныс-тілектері де тиісті мекемелердің құлағына шалынады деп үміттенеміз. Өйткені, география пәннің жаңартылған бағдарламасы мен оны оқытуда кемшілік көп. Біз география мұғалімдерінің басын қосқан республикалық ғылыми-әдістемелік семинарларда пәннің жаңартылған бағдарламасы мен оны оқыту жүйесінің кемшіліктерін қайта қарап, талқылап, ұсыныстарымызды тиісті мекемелерге жеткізген болатынбыз.
Өкінішке қарай, «Жаңартылған» деген атпен 2016 оқу жылында ұсынылған оқу бағдарламасында «География» ғылымдарында анықталған, география пәнін оқытудың қалыптасқан ғылыми жүйесі біржолата бұзылды, бұл туралы барлық деңгейде айтылып та, жазылып та жүр. Алматыда өткен жиында сарапшылар комиссиясының мүшелері тәжірибелі ұстаздар мен ғалымдар болғандықтан, осы жіберілген қателіктерді көрсетіп, келешекте түзетіледі деген үмітпен өз ұсыныстарын нақты мысалдармен көрсетіп берген еді. Жаңа мазмұнды бағдарламада жіберілген қателіктердің қайта қарастырылмауы үлкен кемшілік және тіпті саяси қателік екені туралы да айтылған болатын. Осы ретте айтарымыз, 2017 жылы Білім және ғылым министрлігінің (қазіргі Оқу-ағарту министрлігі) жетекшілігімен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бірлесіп құрастырған «Жаңартылған мазмұндағы деген атпен белгілі «География» пәні бойынша негізгі орта білім беру деңгейінің 7-8-9 сыныптарына арналған оқу бағдарламасы» Алматы қаласындағы №12 қазақ гимназиясында менің жетекшілігіммен эксперттік талдаудан өткен болатын. Эксперттік талқылауда біздің айтқан сын пікірімізді, соның ішінде «География» пәні дүниежүзінің барлық мемлекеттерінде ғылыми тұрғыдан жүйелі және міндетті түрде оқытылып келе жатқан оқу пәні екені және ғасырлар бойы географияны оқытудың қалыптасқан жүйесі бар екені айтылған еді.
Атап айтсақ, ол 6-сыныптағы «Физикалық география» немесе «Географияның бастапқы курсы». Бұл курста оқушылар адамзат өмір сүріп жатқан Жер ғаламшары және оның географиялық қабықтары (литосфера, атмосфера, гидросфера, биосфера, әлеуметтік сфера) туралы білім алуы керек.
Ал 7-сыныпта «Мұхиттар мен материктер географиясы» оқытылып келді. Бұл курстан оқушыларға дүниежүзілік мұхит оның бөліктері, жеке материктердің әрқайсысына өзіне тән табиғат ерекшеліктері, халқы мен елдері, оларды зерттеген саяхатшылар мен зерттеушілері туралы толық мәлімет берілетін. Педагогикадағы «жеңілден қиынға» дидактикалық ұстанымына сәйкес, материктерді оқыту Жер ғаламшарының моделі ретінде қарастырылатын. Африкадан бастап, одан кейін Аустралия, Антарктида, Оңтүстік Америка, Солтүстік Америка және Еуразияға дейін оқытылып келді. Оқушылар Жер ғаламшарындағы мұхиттар мен материктер туралы білім алып, картамен ойша шет елдерге саяхат жасап оқитын, бұл өте қызық, ғылыми негізде жүйеленген курстар еді. Материктердегі аймақтар мен елдерге қатысты материалдарды оқытып болған соң, 8-сыныпта Қазақстан Республикасының географиясына қатысты материалдар қарастырылатын.
Міне, осы жылдар бойы қалыптасқан жүйе бұзылды. Бұл мәселенің бәрі географ-мұғалімдердің семинар, отырыстарында көтеріліп келеді. 2020 жылы «Жалпы білім беретін мектептерде география пәнін оқытудың өзекті мәселелері» тақырыбында өткен ғылыми-әдістемелік семинарда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің География, туризм және су ресурстары кафедрасы мен «Географиядан Ұ.Ә. Есназарованың Республикалық атаулы мектебі» мүшелері және жоғары оқу орындарының географ-ғалымдары бірлесіп талқылау өткізді. Жиында «Географияны» оқыту барысында қордаланып қалған мәселелер көп екеніне көзіміз әбден жетті. Одан кейін «Жаңартылған білім бағдарламасы жағдайында «Қазақстан географиясы» пәнін оқыту мәселесі» тақырыбы бойынша республикалық ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырылды, оған жүзден аса ғалым, ЖОО оқытушылары мен география пәні мұғалімдері қатысып, ашық пікірталас болды. Осы семинарда көтерілген мәселелер «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 21 желтоқсан күнгі №242 санында «Байтақ елдің географиясы неге толық оқытылмайды?» деген мақалада басылып шықты. Оған көптеген ұстаздар өз пікірлерін жазып, ой бөлісті.
Осы орайда, Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының қызметкерлері 2025 жылға дейінгі білімді жүйелі тұрғыда қайта құрудың негізгі бағыттары бойынша басымдықтар мен міндеттерді айқындау, сондай-ақ ұлттық модель негізінде халықаралық стандартқа сай географиялық білім беру және оны іске асыру бойынша нақты шаралар белгіленгенін айтты. Осындай игілікті іске біздің Республикалық атаулы мектебіміздің мүшелері лайықты атсалысып, еліміздегі жалпы білім беретін орта мектептерде географиялық білім берудің ұлттық моделінің тұжырымдамасы жобасын бірлесе талқылап, өз ұсыныстарын бергенін айтқым келеді.
– Қазіргі уақытта өзінің туған жері, қаласы мен даласы, еліміздің көрікті жерлері, айтулы тұлғалары туралы мүлде білмейтін жастар кездесіп қалатыны жасырын емес. Өлкетану да, экологиялық мәдениет те ақсап тұр. Осы білімдер мен әдет-дағдылардың негізі мектептегі география пәнін оқу кезінде қалыптасатынын білеміз. Мұның бір себебі, өзіңіз айтқандай, аталған пәннің жүйелі оқытылмауы. Бұл мәселелер шешімін табуы үшін не істеу керек? Географиялық білім берудің ұлттық моделі дедіңіз, ол нені қамтиды?
– Дүние жүзіндегі барлық егемен мемлекеттер өз мемлекеттерінің географиясын жеке пән ретінде оқытады. Бұрынғы КСРО-ның құрамынан бөлініп шығып, егемен мемлекет болған республикалардың барлығы (Ресей, Беларусь, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б.) өз елінің географиясын жеке пән ретінде екі жыл оқиды. Алыстағы шет елдерден мысал келтірсек, Қазақстанның бір ауданының жер аумағындай болатын Израиль мемлекеті өз елінің географиясын екі бөліп, бірінші жылы «Израильдің физикалық географиясын» (табиғатын), сонан соң екінші жылы «Израильдің экономикалық және әлеуметтік географиясын» оқытады.
Кеңес дәуірінің белгілі географ-ғалымы, кезінде Қазақстанда еңбек еткен Н.Н.Баранский: «Өзіңнің Отаныңды сүю үшін оны жақсы білу керек» деп атап көрсеткен болатын. Қазақстанның физикалық географиясын оқу барысында оқушылар Отанымыздың табиғаты, оның ерекше алуан түрлілігі, таңғажайып сұлулығы мен табиғи байлығы туралы нақты түсінік алуға тиіс. Табиғи жағдайының ерекше әртүрлілігін және Қазақстанның орасан зор байлығын сегізінші сыныптың география курсында оқытылатын кез келген ауданның мысалында көрсетуге болады, өйткені әр аймақ өзінің табиғи байлығымен, сұлулығымен ерекшеленеді және шаруашылыққа қажетті маңызды табиғи ресурстары бар.
Екінші жағынан, біздің егемен еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың орасан зор қарқынмен жүруіне толық мүмкіндік бар. Отанымыздың экономикалық және әлеуметтік географиясының кескіні күннен-күнге жаңаруда. Сондықтан, оқулықтар қаншалықты жақсы, түрлі-түсті, егжей-тегжейлі болса да, барлығын қамти алмайды, өмір өзгерісте болады. Мұғалімнің міндеті – оқулықтардың мазмұнын тиянақты, жарқын, түрлі мысалдармен сипаттай отырып, ел экономикасындағы іргелі жетістіктерімізді айқындап көрсету, оқушылардың санасына ғана емес, сезіміне де әсер ету үшін заманауи материалды пайдалануы қажет.
Жас ұрпаққа жан-жақты ұлттық тәрбие берудің жалпы мақсаттары болады. Мектептегі география курсының да өз міндеттері бар. Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының ерекшелігі мен қазақ халқының болмыс-бітімін, тарихи жер аумағын, табиғатының алуан түрлілігін, сұлулығы мен байлығын оқып үйрететін бірден-бір пән «Қазақстан географиясы» пәні. Алайда, оны жалпы білім беретін мектепте толыққанды оқыту мәселесі әлі шешілмей отыр.
Географияны оқытпайынша, тарихи территориямызға, табиғи байлықтарымызға, еңбекпен жасалған материалдық дүниелерге ұлтжанды көзқарас қалыптастыру, оқушыларды табиғатты сүюге, еңбекті құрметтеуге, отансүйгіштікке баулу мүмкін емес. Табиғат байлықтары қоғам дамуының экономикалық негізі қызметін атқарады. Ол адам үшін заттар мен еңбек құралдарының көзі болған және болып қала береді.
Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясын оқыту барысында оның дамуының табиғи алғышарттарын, табиғат жағдайлары мен ресурстарының экономикалық құрылымы мен мамандануын, оның орны мен рөліне әсерін талдау маңызды орын алады. Ел экономикасының жалпы сипаттамасы мен оның іргелі жүйесін білген кезде, оқушылардың санасында қазақстандық болып туғаны үшін мақтаныш сезімі пайда болады. Географиялық білім берудің ұлттық моделі осылай қалыптасады.
География пәні экономикамен, ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Қазақстанның ауыл шаруашылығын талдау кезінде жер бедерінің ерекшелігі, топырақ, климат, ылғалмен қамтамасыз етілуі және басқа да факторлар ескеріледі. Республиканың экономикалық аудандарының, аумақтық өндірістік кешендердің, өнеркәсіп орындары мен орталықтарының экономикалық географиялық сипаттамалары, табиғи жағдайлар мен ресурстар, шаруашылықты дамыту, осының бәрі географиялық білімдер арқылы жинақталады.
– Қазір барлық салада инновациялық технологияларды енгізу өте өзекті. Бұл бағыт география пәнін оқытуда қалай іске асып жатыр? Осы пән мұғалімінің міндеті қандай?
– Жалпы ғылыми жүйеге негізделген жақсы жаңалыққа қарсы емеспіз. «Жаңарту» деген бұрынан қалыптасқан дәстүрлі білім беру жүйесінің тамырына балта шабу емес, қайта жақсы жағын алып, оны ары қарай дамыту деп қабылдануы керек еді. Қазір мектепте жұмыс істейтін әрбір мұғалімнің алдында ұлттық идеялық-саяси тәрбиенің үш негізгі міндеті тұр:
1.Оқушыларды туған Отанымыз туралы қажетті көлемдегі саяси-әлеуметтік біліммен, дүниетанымдық идеялармен, түсініктермен және ұғымдармен қаруландыру.
2.Оқушылар бойында азаматтық сезімдерді, өз елінің, Қазақстан халқының өмірі мен атқарылып жатқан игілікті істеріне қатысуға баулу, қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық интернационализм сезімін туғызу.
3.Оқушыларды «Жаңа Қазақстан» түсінігінің мазмұндық мәні: әділеттілік, белсенді қоғамдық пайдалы еңбек әрекеттеріне баулу.
Бүгінгі таңда география мұғалімінің жұмысын ақпараттық-коммуникациялық технологияларсыз елестету қиын, бұл компьютерді, әртүрлі ақпараттық бағдарламаларды пайдалануға, сыныптан тыс жұмыстар жүргізуге жақсы мүмкіндік береді. Бұрын оқушы кез келген тақырып бойынша ақпаратты оқулықтан, анықтамалықтан, оқытушының дәрісінен, сабақтың қысқаша мазмұнынан алатын. Қазіргі кезде мектеп оқушылары дәстүрлі оқулықтардан емес, ғаламдық желіден ақпарат іздеуге көбірек уақыт бөледі. Баланың миы теледидардан ойын-сауық бағдарламалары түрінде білім алуға бейімделген, сондықтан мұғалімнің жаңа технологияны қолданып ұсынған ақпаратын оңайырақ қабылдайды. Демек, мұғалім баламен бір тілде сөйлесуі және жаңа білім беру технологияларын жетік білуі қажет.
«Қазақстан географиясын» оқыту барысында оқушыларға туған елі жер аумағы жағынан дүние жүзінде тоғызыншы орынды алатынын, қазба байлыққа, өсімдіктер әлеміне бай екенін білдіріп, техникасы мен өнеркәсібі дамыған мемлекет болады деген сенім қалыптастыру керек. Бұған мүмкіндік мол. Еліміздің жер аумағы, жазықтар мен ең биік тау жүйелері, ірі өзен-көлдер, жаңа реформаларды іске асыру үшін материалдық-техникалық база құруға қажетті барлық табиғи қорлардың айтарлықтай көлемде болуы, халықтың қолындағы әлеует – мұның барлығы оқушыларды Отанымыздың саяси және экономикалық тәуелсіздігіне берік негіз екендігіне көз жеткіздіртуі керек. Ол білімдер Қазақстан географиясы пәні арқылы қалыптасады.
– Ұлжалғас Әмзеқызы, жуырда сіздің атсалысуыңызбен Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркі әлемінің 1 халықаралық география конгресі өтті. Жиынға бүкіл түркі елдерінің географтары, ғалымдары қатысты. Мемлекет басшысының «Түркі дәуірі» – «TurkTime» бастамасын географтар қалай іске асырып жатыр? География конгресінің нәтижелері, түркі елдері географтарының ынтымақтастығы, бірлескен іс-шаралар мен жобалар жөнінде айтып берсеңіз.
– Түркі тілдес елдердің бірлігін нығайту және үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Жаратылыстану факультеті, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультеті, География және су қауіпсіздігі институты және Географиядан Республикалық атаулы мектеп бірлесіп, тұңғыш рет Түркі әлемінің географиялық конгресін өткізді. Жалпы Түркия Республикасының ғалымдары Еуразия материгіндегі ұлан-ғайыр аймақта қоныстанған түркі тілдес елдердің ғалымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, географиялық зерттеулердің дамуына зор ықпал етуде. Түркі елдерінің байланысы ғылым-білім саласында да қарқынды жүріп жатыр. Бауырлас елдерге ортақ киелі шаһар – Түркістанда өткен География конгресі соның айқын дәлелі. Түркі тілдес елдер үшін маңызды бұл жиынға Қырғыз Республикасы, Түркия, Өзбекстан, Түркменстан, Ресей Федерациясы, оның ішінде Саха Республикасы, Татарстан, Башкұртстаннан және өз елімізден барлығы 450 адам қатысты.
Конгресті түркі тілдес мемлекеттер мен елдер арасындағы халықаралық байланыстарды кеңейту және географ-ғалымдар арасындағы ғылыми ынтымақтастықты арттыру, география ғылымдарының дамуына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылды. Менің әріптестерім конгресте түркі тілдес елдер географиясын оқытудың теориялық және практикалық маңызы, географиялық ұғымдар мен терминдердің әдістемелік негіздері, түркі тілдес мемлекеттердегі табиғат ресурстарының әлеуеті, табиғи қорықтар мен рекреациялық аймақтардың жағдайы, туризмді дамыту жөнінде келелі ой толғап, пікір алмасты.
Біздің географтарымыз түркі тілдес елдердегі әріптестерімен әрдайым тығыз байланыста. Мәселен, бірер жыл бұрын Түркияның Карабүйік университетінде «Географиялық формация жергілікті жерден – жаһанға, жеке адамнан – мемлекетке» деген тақырыппен өткен IV халықаралық географиялық білім конгресіне Қазақстаннан докторанттар пен география пәні мұғалімдері қатысып, баяндама жасады. 2023 жылы Анталья қаласындағы Ақдениз университетінің базасында «Қуатты географиялық білім, қуатты болашақ» тақырыбында өткен V Халықаралық конгреске де белсене араластық.
Мен география пәнін оқыту мәселесімен 30 жылдан бері айналысып келемін. Географиядан таңдау курсы мен тереңдетіп оқытуға арнап жазған «Түркі тілдес елдер географиясы» оқу құралы мен жұмыс дәптері Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркиядағы «Жәрдем қоры» баспасынан басылып шықты (Анкара, Түркия, 1999 ж.). Осы оқу құралын 2013 жылы Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры Т.Кулматов қырғыз тіліне аударды, Бішкек қаласында «Түрк тилду өлкөлердүн географиясы» деген атпен басылып, оқу үрдісіне енгізілді.
Конгресс аясында «Түркі тілдес елдер географиясының» өзбек тілінде шыққан кітабының және қазақша төртінші өңделген басылымының тұсаукесері өтті. Мамандар түркі тілдес елдер географиясын оқытудың ерекшеліктерін, оқытылу жағдайын кеңінен талқылады. Осы конгресте Географиядан республикалық атаулы мектептің 30-дан аса мүшесі өз зерттеулері бойынша баяндама жасады.
Жалпы түркі тілдес елдер географиясының басты мәселесі – жас ұрпаққа түбі бір түркі халықтарының қазіргі өмір сүріп жатқан табиғи ортасы және шаруашылығы жайлы ортақ білімдерді меңгерту.
– Сіз ұзақ уақыттан бері білім саласының барлық деңгейінде, мектептен бастап жоғары оқу орнына дейін қызмет атқарып жүрсіз, көптеген оқулықтар мен әдістемелік құралдардың авторысыз, жас буынға тәлімгерсіз. Елімізде географияны оқытудың негізгі бағыттары қандай болуға тиіс?
– Оқушылардың білімге деген жаңа көзқарасын және Отанының дамуы мен өркендеуін мақсат тұтатын сананы қалыптастыратын пәннің бірі – «Қазақстан географиясы». Бұл пән жас ұрпақ санасында терең патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал етеді, соның нәтижесінде халық арасынан ел мақтанышы болатын азаматтар өсіп-жетіледі.
Географияны оқыту қоғаммен, өмірмен тығыз байланысты. Бұл пән өлкетанумен шектесіп жатыр. Географияны жүйелі оқыту арқылы көптеген құндылықтар қалыптасады. Мектеп мұғалімі әртүрлі әдіс-тәсілдерді өз бетінше таңдай отырып, оқушылардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін оятуға, туған елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жетік білуге түрткі болады.
2022 жылы өткен география пәні мұғалімдерінің республикалық съезінде біз Жаңа Қазақстан мектептерінде географиялық білім берудің тұжырымдамасын әзірлеп, ұсынған болатынбыз. Тұжырымдамада география курсының құрылымы көрсетілді. Мәселен, оқытудың I сатысында (1-5 сыныптар) қарапайым танымдық білімдер «Табиғаттану» немесе «Дүниетану» пәндерінің құрамында қарастырылады. Бұл білімдер барған сайын күрделене береді. Алтыншы сыныпта оқытылатын «Жаратылыстану» пәніне адамзат пен табиғат, қоғамның өзара байланысы, табиғаттағы заңдылықтардың бір-бірімен біртұтастығы туралы білімдер кіреді.
Оқытудың II сатысында (6-10 сыныптар) географиялық білім беру жүйелі түрде теориялық тұрғыдан негізделуі қажет. Олар:
– Жаратылыстану оқу пәні (6 сынып);
– Физикалық географияға кіріспе (7 сынып);
– Мұхиттар мен материктер географиясы (8 сынып);
– Қазақстан географиясы (9-10 сынып);
– Қазақстанның физикалық географиясы (9 сынып);
– Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы (10 сынып).
Пән мазмұны біртұтас, бала ерекшелігіне лайықталып әзірленген кезде ғана білім нәтижелі болады. Үшінші сатыда оқыту бейініне қарай міндетті және таңдау бойынша курстар енгізіледі. Міндетті курстар:
– Дүниежүзінің экономикалық-әлеуметтік және саяси географиясы;
– Дүниежүзінің саяси географиясы немесе Елтану курсы.
Таңдау курстары: геоэкология, саяси география, өлкетану, Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы, Түркі тілдес елдер географиясы және т.б.
Жаңадан жазылған бағдарлама мен тұжырымдаманы Парламент депутаты Ж.Сүлейменованың назарына, Оқу-ағарту министрлігі мен Ы. Алтынсарин Ұлттық білім академиясына ұсындық. Мұғалімдердің ұсынысы жерде қалмайды деп сенеміз.
География ғылымы өте қызықты да күрделі бағыт. Әлемде геосаяси қайшылықтар көбейді, жаһандық климат өзгерісі барша адамзатты алаңдатып отыр. Биыл еліміздің бірнеше облысында болған су тасқыны да география ғылымының қандай рөл атқаратынын көрсетті. Бізге осы салада білімді-білікті мамандар әзірлеп, отаншыл жас ұрпақты тәрбиелеу қажет. Оның бәрі мектептегі география пәнін жүйелі, толыққанды оқытудан басталады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Дина ИМАМБАЙ
1762 рет
көрсетілді0
пікір