- Мақала
- 26 Тамыз, 2024
ЕЛ ТҰҒЫРЫ – АТА ЗАҢ
Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап Конституциялық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» қабылдануынан өз алдына жеке және егемен мемлекеттің қалыптасу қадамы басталған еді. Декларация тәуелсіз мемлекетке тән негізгі элементтердің әрі қарай қалыптасуы үшін заңдық негіздерді нақты айқындап берді. 1991 жылдың 16 желтоқсанында алғаш рет «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұл Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған актінің мазмұны мен маңызына сай келді: «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және хұқылық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленедi, өзiнiң iшкi және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргiзедi», – деп көрсетілді. Егемендік туралы Декларациямен бірге осы Конституциялық заң тәуелсіз Қазақстанның тарихында жаңа Конституцияны әзірлеуге негіз болды.
Мамандар «Конституция» деген – мемлекеттегі саяси қатынастарды реттейтін нормалар мен заңдардың жиынтығы», – деген тұжырым жасаған. Конституция өзіне тән маңызы бар бірнеше элементтерді: құқық туралы билль, мемлекеттік органдар арасындағы билікті бөлу, басқа органдардың үстінен қарау құқығын бекітуді қарастырады.
Белгілі заңгер С.Сартаев: «Қазақстанның Конституциясы кезінде референдум негізінде қабылданды. Сайлаушылардың 90 пайызы оны қолдады. Оның алдында талай талқылаулар, қызу пікірталастар болды. Басқа елдердің конституциялары қаралды. Бұл әрине өз нәтижесін берді. Осындай қажырлы жұмыстардың арқасында халықтың талап-тілегіне сай тарихи құжат қабылданды. Сондықтан да оны халық Ата заң деп атайды. Біз қашанда сол Ата заңның аумағында өмір сүруіміз керек. Әйтпесе тұрақсыздық орын алуы ғажап емес. Оған басқа мемлекеттерде болып жатқан оқиғалар куә», – деп атап көрсетті.
Еліміздің Ата Заңы – мемлекеттің тұрақтылығы мен бақуаттылығының негізі, әрбір қазақстандықтың құқығы мен бостандығының кепілі.
1995 жылғы Конституция Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын бекітіп берді: Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп таныды. Осыған орай тұңғыш рет біртұтас бөлінбейтін Президенттік басқару нысанындағы мемлекет екенімізді паш етіп, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екендігін көрсетті.
Конституция мемлекеттік құрылыстың, адамның құқықтық мәртебесінің, мемлекеттік биліктің бөлінуі, мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметі мен ұйымдастырылуын баянды ету, конституциялық бақылауды жүзеге асыру, конфессиялар, халықтар, этникалық топтар, азаматтық ұйымдар, азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынастарды құқықтық реттеу, адам құқықтары мен бостандықтары, оларды құқықтық қамтамасыз ету, заңгерлік көмек көрсету мәселелерін қамтиды.
Қазақстан Республикасы Конституциясы тек сот әділдігінің қағидаттарын жүзеге асыруға ғана кепілдік беріп қана қоймайды, сонымен қатар азаматтардың сотқа деген сенімін қалыптастыру мен олардың құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуын қамтамасыз етуге кепіл болады.
Қазіргі Қазақстан Республикасы Конституциясының бір ерекшелігі – 1948 жылы қабылданған халықаралық адам құқықтары мен бостандықтары декларациясына негізделуі. Олар мыналар: әркімнің өмір сүру құқығы, адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмауы, заң мен сот алдында теңдікте болу құқығы, қай ұлтқа, қай дінге, қай партияға жататынын әркімнің өзі анықтау құқығы, сөз бен шығармашылық еркіндік құқығы, Қазақстан аумағында еркін жүріп-тұру құқығы, ар-ождан бостандығы құқығы, еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығы.
Конституция қабылданған кезеңнен бастап өзгерістер мен толықтырулар енгізу нәтижесінде мемлекеттің басқару жүйесін жаңғырту екі бағытта жүзеге асырылды.
1.Әлеуметтік-экономикалық үрдістерді реттеуде президенттің біршама өкілеттілгі үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беріледі. Сонда бұл салаға үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Өкілеттікті беру тиісті заңдарды өзгерту арқылы іске асырыла бастады;
Бағдарламаны бекіту, Үкіметтегі кадрлық өзгерістер, жаңа басқару органдарын құру Үкімет пен Парламент құзырына берілді. Жалпы ұсыныстар әлеуметтік-экономикалық, яғни экономиаканы, қаржыны, мемлекеттік мүлікті басқару мәселелеріне, әкімшілік-аумақтық құрылымның жекелеген мәселелерін шешуге байланысты болды.
2.Екінші бағыт билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты Конституциялық деңгейде теңгерімді ету, осы реформаның аясында үкіметті жасақтаудағы парламенттің рөлін күшейту қолға алынды. Парламент сайлауында жеңіске жеткен партия немесе фракция үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Демек бұл үдеріс министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырды, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтті.
Билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді бөлу, Парламент пен оның палаталарының өкілеттілігін кеңейтуді, Үкімет дербестігі мен жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Сонымен қатар, Жоғарғы соттың мәртебесі мен функцияларын нақтылау, судьяларға қойылатын талаптарды анықтау, Прокуратура органдарының мәртебесі мен өкілеттілігін айқындауға байланысты жүзеге асырылды. Мемлекеттік басқару модельдерінің теориясында «баяу қадамды реформа» және радикалды реформа деген бар. Посткеңестік елдердің әрқайсысы дамудың әртүрлі моделін ұстанып келеді. Қазақстан «баяу қадамды реформа» және радикалды реформаға бой ұрмай, екі бағытты да бір-бірімен сабақтастыруға тырысып келе жатқан жалғыз мемлекет. Қазақстан даму жолындағы жұмыс тәжірибесіне сүйеніп, дамудың «қазақстандық моделін» қалыптастыра бастады. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, Қазақстан өзінің даму тәжірибесінде басқарудың француздық үлгісіне жақын болғанымен, бір жағынан, мұсылмандық құндылықтарды да ұмытпай, халықтың жартысы ауылда тұратынын, ана тілінде сөйлейтінін, салтын құрметтейтінін ескеріп, Малайзия, Сингапур сынды елдердің «азиялық моделінен» де үлгі алды.
Қазақстан Республикасының Конституциясында «азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі», – деп қарастырылған.
Үкіметтің жауапкершілігін күшейту мақсатында «өзінің қызметінде Үкімет Республика Президентінің және Парламенттің алдында жауапты», – деген өзгерістер енгізілген.
Конституцияда көрсетілген бағыттар:
1.Бұл саяси-әлеуметтік дамуға, экономикалық жаңару мен жаңғыруға үлкен серпін берді;
2.Конституцияның жаңа үлгісі мемлекеттің ұзақ жылдар алға қойған маңызды мақсатын орындауға мүмкіндік берді;
3.Мемлекеттік биліктің бірыңғай жүйесінде сот билігі өте маңызды орынды алады. Сот билігі адамдар мен ұйымдардың заңды мүдделері мен еркіндіктерін, Конституцияның, заңдардың орындалауын қамтамасыз етеді;
4.Конституция азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға кепілдік беретін маңызды тетіктерді көрсетті;
5.Жергілікті өзін-өзі басқару азаматтардың құқылары мен еркіндіктерін қамтамасыз ететін халық билігінің институты болып саналады.
Сондықтан біздің азаматтар, ең бірінші Конституцияда бекітілген құндылықтарды сақтап, құрметтеуі тиіс. Бұл құндылықтар адамның өмірі, бостандығы, биліктің теңгерімдігі, еліміздің тәуелсіздігі мен тыныштығы, бірлігі, тұтастығы;
Екіншіден, Ата Заңымызды балабақшаға барған кішкентай сәбиден бастап, еңкейген қартқа дейін құрметтеуге тиіс. Оның бастауы – білім мен тәрбиеде. Отбасы, балабақша, мектеп, оқу орындары еліміздің дамуына басты бағыт беретін негізгі заң – Конституцияны сақтауға, құрметтеуге тиіс, оны қорғауды насихаттауы қажет.
Салтанат ТИНИСТАНОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор (доцент)
міндетін атқарушы
1546 рет
көрсетілді0
пікір