- Мақала
- 30 Қыркүйек, 2024
«Адалдықты бірінші орынға қоямын»
Технология қарыштап дамыған сайын көлік құралдарының түрі де, маңызы да артып отыр. Автокөлік қазіргі тіршіліктің бір бөлігіне айналып кетті, экономика, өнеркәсіп, сауда-саттық, өзге елдермен қарым-қатынастан бастап жеке адамдардың өмірін автокөліксіз елестете алмаймыз. Ол тек қозғалыс құралы ретінде ғана емес, кәсіпке, демалысқа, саяхатқа да керек. Кез келген техника қауіпсіз жұмыс істеуі үшін үздіксіз көңіл бөлуді, жөндеуді қажет ететіні белгілі. Сондықтан да қазіргі уақытта автокөлік саласында сұранысқа ие мамандықтың бірі – автомеханик кәсібі.
Автомеханик – автокөліктің жүріп-тұруына жауапты маман. Олардың жұмысының арқасында көлік құралы жол бойында сенімді әрі қауіпсіз қызмет көрсете алады. Қазір автомеханик мамандығын меңгерген мамандар арасында қазақ жастары көбейіп келеді. Өз кәсібін жақсы білетін осындай маманның бірі – Данияр Сариев. Ол Алматыдағы техникалық қызмет көрсету орнында еңбек етеді.
Данияр Сариев көлік жөндеу саласында 14 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде ол кәсіби, білікті маман саналады. Алматыда туып-өскен ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы 123-мектепте оқыған. Орталық Азия университетін логистика, темір жол көлігі қозғалысын ұйымдастыру және эксплуатация тасымалдау мамандығы бойынша аяқтағанмен, өзіне етене таныс автожөндеу саласын таңдапты.
– Мектепте оқып жүрген кезден осы машина жөндеу саласына қызықтым. Жазғы каникулда ТЖО-да жұмыс істейтін ағаларымның қасында жүріп үйрендім. Білікті мамандарға шәкірт болдым, тәжірибе жинадым. Көліктердің жүріс бөлігінен бастап, қозғалтқыш жөндеуге көштік. Қазір негізінен «Toyota», «Lexus» көліктерін жөндеуге мамандандым. Басқа көліктердің ақауын да қарай береміз, – дейді Данияр Сариев. Кез келген кәсіптегі секілді, автомеханик мамандар да үнемі біліктілігін жетілдіріп отырады. Ең алдымен техникалық сауат керек дейді Данияр. Автомеханик автокөлік құрылысын жетік білуі, қозғалтқыш, трансмиссия, тежегіш жүйесі және басқа бөліктердің жұмысын жақсы білуі, құрал-сайманмен жұмыс істеу машығын меңгеруі міндет. Осы саладағы жаңалықтарды да қалт жібермей қадағалап отырмаса болмайды.
Расымен де, технология күнделікті дамып отырған қазіргі тұста көлік саласында бұрын-соңды болмаған жаңалықтарға куә болып жүрміз. Сондықтан да автомеханиктер дәстүрлі бензинмен жүретін көліктерден бөлек, гибридті, электр қуатымен жүретін жаңа автокөліктердің қыр-сырын, енгізіліп жатқан робот техникасының интеллектуалдық жүйесін түсінуі керек. Данияр, міне, осындай ізденгіштігімен ТЖО-ға көлігін жөндетуге келген адамдардың ризашылығына бөленіп жүрген жас маман.
– Біз өз жұмысымызда адалдықты бірінші орынға қоямыз. Көлігін жөндетуге келген әрбір адам ренжімей қайтуы керек. Сол себепті әрбір бөлшекке мұқият зер салып, көңіл бөлеміз, жауапкершілікпен қараймыз. Көлік жөндеу үшін ең алдымен ондағы ақауды анықтап алу керек. Ақаудың себебін дәл анықтаған соң жөндеуге кірісеміз, – деп, Данияр өзі мен әріптестерінің жұмыс қағидасын айтып өтті.
Электр көліктері қанша көбейгенмен де бензинмен жүретін көліктер қолданыстан қалар емес. Сондықтан автомеханик, автоэлектрик мамандығына сұраныс көп. Жақсы маманға жұмыс әрдайым табылады. Адалдық пен жауапкершілікті басты орынға қойған жас маманның жұмысына риза болған келушілер де көп. Тұрақты клиенттің көптігі жұмыстың сапасын көрсетсе керек, әлбетте. «Біз өзіміздің ТЖО-да күнделікті жиналыс жасап, көлік ақауларын қалай жөндеу керектігін талқылаймыз, өзімізді үнемі шыңдауға тырысамыз. Теория жүзінде де, тәжірибе жүзінде де білім жетілдіреміз. Бүгін, мысалы, көліктің ішкі жүйесін талқыласақ, келесі жиналыста жаңа шыққан көліктің құрылысын талқылаймыз. Интернеттен шетелдік мамандардың бейнежазбаларын қарап, ақауларды зерттейміз. Өйткені көліктің ақауы әртүрлі болып келеді, сондықтан үнемі ізденістеміз. Көлікке уақтылы қызмет көрсетілуі керек, сонда бұзылмайды, – дейді Данияр.
Данияр Сариевтің айтуынша, мұнда автомеханик кәсібін меңгеремін деп жастар көп келеді, бірақ, тұрақтап қалатындары аздау екен. Өйткені, автокөлік жөндеу тыңғылықты ізденуді, техниканың жай-жапсарын білуді, асқан төзімділікті талап ететін жұмыс. Кішігірім қателіктің өзі ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін. Көлік жүргізуші мен оның жолаушыларының қауіпсіздігін жадыдан шығаруға болмайды. Сондықтан да көлік жөндеуші маманға ұқыптылық өте қажет қасиет. ТЖО-ға келген әр адаммен әңгімелесіп, көліктің ақауын дәл табу, оны жөндеудің жолын түсіндіріп, келісімге келу үшін маманның бойында кәсіби біліктілікпен қатар, адами қасиеттер болуы керектігі даусыз. Күрделі техника бөлшектері мен олардың ақауын клиентке қарапайым тілде түсіндіру де оңай емес. Күн сайын автомеханик Даниярдың қолынан ондаған көлік өтеді. «Тұрақты клиенттеріміз көп, олардың сенімінен шығуға барынша тырысамыз», – дейді ол.
Техникаға құмар жас жігіт болашақта өз кәсібін ашқысы келетінін айтты. «Бір орында тұра беруге болмайды. Өз күшіме сенгім келеді, кедергілерді еңсеру керек екенін де білемін» – деп түйді сөзін жас та болса кәсіби шеберлікке жеткен автомеханик Данияр Сариев. «Өнерді үйрен де жирен» демекші, техниканың тілін меңгеріп, мақсатына жетуге талпынған Данияр еңбексүйгіштігі мен тиянақтылығының арқасында әлі талай жетістікке жетері сөзсіз.
Дина Тазабекқызы
288 рет
көрсетілді0
пікір