• Мақала
  • 30 Қыркүйек, 2024

Достығы шалқыған шаңырақ

Орал қаласындағы Достық үйінде Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен өзге этнос өкілдері қатысқан «Достығы шалқыған шаңырақ» атты облыстық байқау өтті. 
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, этносаралық бірлік пен келісімді нығайту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту, мемлекеттік тілді меңгерген жастарды, белсенді азаматтарды ынталандыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында өткен байқауға өңірдің аудандары мен қала бойынша этнобірлестік мүшелерінен 14 өтініш келіп түсті. Байқау «Жұлдызды сәт» , «Ой ұшқыны», «Өнерлі өрге жүзер» сынды үш кезеңге бөлінген. 
Бірінші бөлімде үміткерлер өзін ауызша және өлең түрінде таныстырса, екінші бөлімде экранда көрсетілген ұяшықтың біреуін таңдап, ашылған тақырыпта (өнер және әдебиет саласындағы көрнекті тұлғалары және Қазақстанның дамуына үлес қосқан көрнекті қоғам, мемлекет қайраткерлері туралы) мемлекеттік тілде ой толғады. «Өнерлі өрге жүзер» бөлімінде үміткерлер ән, би, көркем сөз оқу, актерлік шеберлік, аспапта ойнау т.б. бағытта өнер көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің студенті Илхам Жакупов (ұлты өзбек), екінші орынды Қанай ауылдық мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің аға-тәлімгері Рамиля Жакиева (ұлты башқұрт), үшінші орынды Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенті Татьяна Шерстянкина (ұлты орыс) жеңіп алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қос студенті Виктор Владимирович пен Диас Викторович алғыс хат пен ынталандыру сыйлығына ие болды. Аталған студенттерді байқауға даярлаған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы, магистр, Қырғызстан Республикасының Бішкек университетінің аспиранты Наталья Александровна. Оқытушы болып жүргеніне 27 жылға жуықтаған Наталья Александровнаның өзі де бұрын осындай сайыстарға қатысып, жүлдегер атанған. Ол қазір университетте қазақ және орыс тілдерінен студенттерге дәріс беріп, мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға, тіл саясатын Қазақстан халқының Ассамблеясы аясында дәріптеуге үлес қосып жүр. 

Рафхат ХАЛЕЛОВ

191 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз