- Мақала
- 30 Қыркүйек, 2024
Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары
Өсімдіктерге қатысты тұрақты тіркестерді (ары қарай – ТТ) біз: тұрақты түйдектер (фразеологизмдер), тұрақты теңеулер, тұрақты эпитеттер – деп үш топқа бөліп қарастырғанды жөн көріп отырмыз. Бұл үшеуінің бір-бірінен айырмашылығы да, ұқсастығы да бар. Ұқсас жақтары – үшеуі де тұрақты тіркестер. Яғни бұларға бірінші кезекте тұлға тұтастылығы тән.
Тұлға тұтастылығы дегеніміз тіркестің құрамы, ондағы сөздердің орын тәртібі өзгермейді деген сөз. ТТ-ге, екінші кезекте, мағына тұтастығы тән. Яғни ТТ-тің қанша сөзден құралғандығына қарамастан ол бір ғана мағынаға ие болып, даяр күйінде, тұрақты тұлғада, қалыптасқан мағынада қолданылады. ТТ-дің мағына тұтастығы дегенді идиомалану деп, яғни ТТ құрамындағы сөздер өздерінің тура мағынасына ешқандай қатысы болмай, бәрі түйдектеліп келіп, басқа бір мағынада, яғни ауыспалы, бейнелі, образды мағынада қолдану деп ұққан жөн.
Өсімдіктерге қатысты тұрақты тіркестер. Рас, мағына тұтастығының деңгейі жоғарғы үш топта үш түрлі. Айталық, тұрақты түйдектерде мағына тұтастығы өте күшті, бекем болса (мыс: арқа еті – арша, борбай еті – борша болды, ебелек қақты, аузын қу шөппен сүртті, тамырына балта шапты, жалғыз тарының қауызына сыйғызды, т.б.), тұрақты теңеулерде мағына тұтастығы одан гөрі сәл бәсеңдеу (мыс: жуадай солды, қоғадай жапырылды, қызғалдақтай құлпырды, шайдай ашық т.б.) ал тұрақты эпитеттерде мағына тұтастығының деңгейі тіпті солғын (мыс: алма мойын, бадана көз, қамыс құлақ, қауақ бас, қарақат көз, қияқ мұрт т.б.)
Тұрақты түйдектер мен тұрақты теңеулердің, тұрақты эпитеттердің бір-бірінен айырмашылығы олардың құрылым-құрылысында ғана. Айталық түйдектерде – түйдектік, теңеулерде – теңеулік, эпитеттерде эпитеттік құрылым болады.
Осы мақаланы жазу үшін әр түрлі дереккөздерден біз жинастырған өсімдіктерге қатысты тұрақты тіркестердің саны 300-дей ғана. Оның 40-ы түйдектер, 230-ы теңеулер, 30-ы эпитеттер.
1.Тұрақты түйдектер (фразеологизмдер): Егер өсімдіктерге қатысты 40 шақты тұрақты түйдектерді қалыптасқан дәстүр бойынша оқулықтарда айтылып жүргендей түйдектік тұтастық, түйдектік бірлік, түйдектік тізбек деп саралайтын болсақ, түйдектік тұтастықтарға ағаштан түйін түйген, арқа еті арша, борбай еті борша болды, аузын қу шөппен сүртті, ебелек қақты, жалғыз (бір) тарының қауызына сыйғызды, жаңқаға жан бітірген, жолыңа жуа біткір, қаңбақ (шопақ) құрлы көрмеді, мақтамен бауыздады, тамырына балта шапты, төбесіне шай қайнатты, ши шықты (шығарды), шыбық тимес шыңқ етер, шырып (қурай) басын сындырмады деген сияқты ТТ-ді, түйдектік бірліктерге аузы көкке тиді, басы – бапан, аяғы – сапан болды, ебелек ұшпас елсіз, қадамыңа гүл бітсін, қарағайды талға жалғап, қызғалдақ атты, қылша мойны талша болды, шай қайнатым уақыт, шешек жарды (айтты), шидең қақты деген сияқты, ал түйдектік тізбектерге ағаш белсенді, ағаш мінез, борық тартты, қайың сауды, қоға тарты, құмаршық қақты, өркен жайды, өркенің өссін, шағыр шапты деген сияқты ТТ-ді жатқызуға болады. Бұлардың бәрі де осы тұлғаларында, түйдектелген қалыптарында қолданылып, ойды бейнелі, образды, көркем түрде жеткізеді; тілімізде эстетикалық қызмет атқарады; және олар өздерінің эмоциялық-экспрессивтік бояуларымен ерешеленеді.
Осы жерде өзіміз «тұрақты тізбек» деп ерекшелеп отырған топтың ішінен құмаршық қақты, қайың сауды, борық тартты, қоға тартты, шағыр шапты дегендер тәрізді ТТ-ге аздап тоқтала кеткеніміз жөн болар. Өйткені бұлардың өздері тектес басқа ТТ-ден жасалымдық, тұлғалық, мағыналық жағынан аздаған өзгешеліктері бар.
Құмаршық – қаңбақ тәрізді қауқиған өсімдік. Оның басында тарыға ұқсас, қара қоңыр түсті уақ дәндері болады. Ашаршылық жылдары халық бұл өсімдіктің астына бір нәрсені жайып жіберіп, дәндерін қағып түсіріп алады да, суға қайнатады. Содан кейін қуырып, сүтке бөктіріп, азық еткен. Құмаршық қағу тұрақты тіркесі сол қиын күндерден қалған белгі. Қайың сауу ТТ-і де «ақ табан шұбырынды, алқа көл сұлама» заманынан бері келеді. Жоңғар шапқыншылығынан ыққан халық басы ауған жаққа қашып, тау-тасты, орман-тоғайды паналады. Тігерге тұяқ, ішерге ас қалмаған соң, қайыңның қабығын тесіп, сөлін (шырынын) қорек еткен. Қоға тарту мен борық тарту да мұқтаждықтан (ал, соңғы кезде жеңсікқұмарлықтан) болған іс-әрекет. Азық тапшы жылдары аз да болса қоректік нәрі бар қоға мен құрақтың ақ сүйрігін (балауса тамырын) су астынан суырып (тартып) алып, талшық еткен.
Шағыр – жусанның бір түрі. Отын жоқ құмды, шөлдідалалар мен қырларда оның ағаштанып кеткен тамырсабағын адамдар шотпен, кетпенмен шауып алып, отын орнына қажетіне жаратқан. Шағыр шабу тұрақты тіркесі сол жайдан хабар береді.
Өсімдіктерге қатысты ТТ-ді арнайы зерттеген Ш.Б.Сейітова кандидаттық диссертациясының авторефератында: «Өсімдіктерге байланысты 1200 ТТ қалыптасқан» деп жазыпты [1, 5]. Диссертациясында сол ТТ-тің қаншасы қамтылғандығын қайдам, ал жұмыстың авторефератында ізденуші небәрі 36-ақ ТТ-ті көрсеткен.
Оның 17-сі өркен жайды, өркенің өссін, меңдуана жегенсің бе, қызғалдақ атты, қарағайды талға жалғап, ағаш белсенді, ағаш мінез, қайың сауды, жаңқаға жан бітірген деген сияқты ТТ-тер де, екеуі бидай өңді, мойыл көз деген эпитеттер. Тағы бір 17-сі арпадай күтірлетті, аршыған шидей, ботташығы бұзаудай, емендей қатты, ерні шиедей, запырандай сарғаю, тарының қауызындай, тауға біткен ырғайдай дегендер тәрізді теңеулер. Бірақ ізденуші бұларды тұрақты тіркестер, эпитеттер, теңеулер деп сараламай, бәрін «тұрақты тіркестер» деп бір-ақ сөзбен атайды.
Әрине, Ш.Сейітова көрсетткен 36-ның бәрі ТТ-тер емес. Олардың ішінде әр айдың оты басқа, жер-жердің шөбі басқа; күріш ексең, қашыртқыңды сайла; сүйексіз құрма, қабықсыз жаңғақ болмас; тез қасында қисық ағаш жатпас дегендер сияқты мақал-мәтелдер мен айналайын, жалбызым, қасиетіңді білгенде өлмес еді жалғызым; көк шөп үш айлық, үш айдан соң шошайдық; сасыр басы сарғая, ел көшеді жайлауға дегендер сияқты тәмсілдер және ағаш аяқ(ты), мама ағаш, өркен той, түйе жапырақ, ырыс шөбі деген сияқты күрделі атаулар да бар. Біздің ойымызша, мұндайларды ТТ-дің қатарына жатқызуға болмайды.
2.Тұрақты теңеулер. Біздің ұғым-түсінігімізде (қолдануымызда да) «теңеу» мен «тұрақты теңеу» терминдерінің арасында мағыналық (ұғымдық) айырмашылықтар бар. Өсімдіктерге қатысты теңеулердің жалпы саны біз атаған 230-дан әлде қайда көп. «Теңеу» атаулының бәрі, әрине, «тұрақты теңеу» бола алмайды. Тұрақты теңеуге идиомалану тән. Мәселен, тастай қатты ағаш десек, мұнда идиомалану жоқ. Оны «тас сияқты қатты ағаш» деп, тура мағынасында ұғамыз. Ал осы құрылымды (теңеуді) тастай қатты адам деп идиомаландырсақ, оны «сараң адам» деп ауыспалы мағынада ұғамыз. Бұл соңғы теңеу – тұрақты теңеу. Бұл сияқтыларды елдің бәрі солай ұғады, солай қолданады.
Олай болса, теңеу деп – мейлі еркін (жеке тұлғалық, авторлық, поэтикалық) теңеулер болсын, мейлі тұрақты (тілдік) теңеулер болсын, бәрін бірге қосып, жалпылай атаймыз да, ал «тұрақты теңеулер» деп – солардың ішінен халыққа кең тараған, тілімізде әбден тұрақталып (қалыптасып) кеткен идиомалық теңеулерді ғана айтамыз.
Тұрақты теңеулерге көркемдік, бейнелілік, образдылық сипат тән. Жәй теңеулерде мұндай қасиет болмайды. Оларда бір затты екінші затпен салыстырып, ортақ белгісін айқындау ғана бар. Жоғарыда біз атаған 230 теңеу – халықтың қолданысында жүрген тұрақты теңеулер.
Ойымыз түсінікті болу үшін удай ащы пияз деген мен удай ащы тіл дегендерді салыстырып көрелік. Бұлардың біріншісі – жай, еркін теңеу, екіншісі – тұрақты теңеу. Егер удай ащы пияз дегенге анықтама берсек, «өте ащы пияз» деп, анықтаған болар едік. Ал удай ащы тіл дегенге берілетін анықтама «сөзі жанға бататын, өткір тіл» болып шығады. Бұл не деген сөз? Бұл:
1) Тұрақты теңеулердің мағынасы оны құрап тұрған сыңарлардың мағыналарына бәлендей қатысы болмаса, жай теңеулердің мағыналары тіркес құрамындағы сыңарлардың мағыналарынан онша алыс кетпейді;
2) Тұрақты теңеулердің құрамындағы сыңарлардың арасында ешқандай синтаксистік байланыс болмаса, жай теңеулердің құрамындағы сыңарлардың арасында ондай байланыс бар;
3) Тұрақты теңеулер белгілі бір ойды, тұжырымды білдірумен бірге бейнелілік, көркемдік, эмоциялық, экспрессивтік қызмет атқарса, жай теңеулер тек тиянақты ойды, тұжырымды ғана білдіреді; онда эмоциялық, экпрессивтік мән болмайды, – деген сөз.
Тұрақты теңеулерге аздаған мысал берелік: Аршыған жауқазындай – әппақ, жаңғақша шағу – өз ісін жақсы білу, жуадай солу құру, жоғалу, қоғадай жапырылу – бәрі бірдей жік-жапар болып, құрмет көрсету, бәйек болу, жел аударған қаңбақтай – ұшарын жел, қонарын сай білу, қызғалдақтай құлпыру – еркін өсу, жайнау, мойылдай қара – қап-қара, нарттай қызыл – қып-қызыл, кескен теректей құлау – сұлап түсу, кәрі қыздай жабысу – жармаса кету, жабысқан жерінен айырылмай қалу, мойны ырғайдай – азып-тозған, қалжыраған, шайдай ашық – аспанда ешқандай бұлт жоқ, көкпеңбек, т.б.
Теңеулерді көп зерттеген ғалым Т.Қоңыров жай (еркін) теңеулер туралы еш нәрсе айтпаса да, тұрақты теңеулер туралы: «Тұрақты теңеулер – тілдің фразеологиялық жүйесіне кіретін тілдік штамтар», «Тұрақты теңеулер – тілдің фразеологиялық тіркестерінің құрамдас бөлшегі» деген пікір айтыпты [2, 6].
«Егер тұрақты теңеулер туралы ғана айтылса, бұл пікірмен келісуге болады. Өйткені, шынтуайтқа келгенде, жай теңеулер мүшелерінің (теңеу элементтерінің) жиынтықтарынан ғана тұрады (мыс: сиырдың желіні тастай қатты екен). Олардың құрамына кіретін басқа сөздер әр уақыт өздерінің дербес лексикалық мағыналарын сақтайды. Ал тұрақты теңеулердің құрамына кіретін сөздер өздерінің лексикалық мағыналарын жоғалтып, тұтастай алғанда мүлде басқа мағына береді (жоғарғы мысалдарға қараңыз).
3.Тұрақты эпитеттер. Эпитет дегеніміз – кем дегенде екі есім сөздің тұрақты тіркесуінен тұратын, бірінші сыңары ауыспалы мағынада, екінші сыңары тура мағынада қолданылып, өз ара қабыса байланысқан, көркем бейнелі, образды тілдік құрылым. Мысал үшін, пісте мұрын, селеу шаш дегендер – эпитеттер. Өйткені бұлар – тұрақты тіркестер. Ал пісте дән, селеу шөп десек, екі есім сөздің тіркесінен тұратындығына қарамастан бұлар эпитеттер емес. Өйткені олар – біріншіден, еркін тіркестер, екіншіден, бұл соңғы тіркестердің бірінші сыңарлары да, екінші сыңарлары да өз (тура) мағыналарында тұрып, шөп пен дәннің «қандай шөп», «ненің дәні» екендігін білдіреді.
Сондай-ақ, ши бұт, сүйрік саусақ дегендер – тұрақты эпитеттер де, осылардан ешбір айырмашылығы жоқ ши саусақ, сүйрік бұт дегендер тұрақты эпитеттер емес, төлиелік (авторлық) эпитеттер. Тіл білімінде бұлардың біріншісін – тілдік эпитеттер деп, екіншісін – поэтикалық эпитеттер деп атайды [3, 7].
Тілдік эпитеттер – жалпыхалықтық қолданысқа еніп, тілге әбден сіңісті болып кеткен тұрақты, бейнелі тіркестер. Оның екі сыңары тұтасып, түйдектеліп келіп, бір бүтін мағыналық бірлік ретінде қолданылады, айтпақ болған ойды бейнелеп, көріктеп жеткізеді, оған көркемдік сипат береді. Мұндай эпитеттер бейнелі, образды, экспрессивті мәнге ие болады. Ал поэтикалық эпитеттер – жеке бір адамның қолданысында дүниеге келіп, жалпыхалықтық қолданысқа ене қоймаған төлиелік эпитеттер.
Кейбір ғалымдар эпитет дегенді «өзі қатысты сөздің грамматикалық анықтауышы» (яғни эпитет тек бір ғана сыңардан тұратын бірлік) деп ұғып, «ондай анықтауыш заттың қалыпты табиғи белгісін (сапасын) анықтаса, эпитеттік анықтауыш заттың табиғи емес белгісін анықтайды», – деген пікірде [4, 15]. Біздің ойымызша, эпитет – құрамы жағынан бір сыңардан емес, кем дегенде екі сыңардың тіркесінен жасалатын тұрақты тілдік құрылымдар.
Өздерінің құрылым-құрылысы жағынан эпитеттер мен теңеулердің ұқсас жақтары да, ұқсас емес жақтары да бар. Ұқсас жақтары – екеуі де бір нәрсені екінші нәрсеге салыстырудан, ұқсатудан, балаудан тұрады. Ал ұқсас емес жақтары (айырмашылықтары) – олардың әр қайсысының өзіне тән құрылым-құрылыстары болады.
Айталық, теңеулер теңеу мүшелерінен (образ, нысан, белгі) құралса, эпитеттер кемінде екі есім сөздің өзара қабыса байланысуынан жасалады. Бұл теңеу мен эпитеттің бірінші айырмашылығы.
Олардың екінші айырмашылығы – теңеудің мағынасы теңеу мүшелерінің тура немесе ауыспалы мағыналарынан, олардың қарым-қатынастарынан туындаса, эпитеттің мағынасы – бірінші сыңары ауыспалы (коннотативті), екінші сыңары тура (денотативті) мағынадан тұрып, тұтастай алғанда бір бүтін бейнелі мағынаға ие болады. Мыс: алмадай қызыл бет – теңеу, алма бет – эпитет, қарақаттай қара көз - теңеу, қарақат көз – эпитет, қауындай сопақ бас – теңеу, қауын бас – эпитет, шидей жіңішке – теңеу, ши бұт – эпитет, т.б. Бұлардың екеуі де (теңеу мен эпитет) тілде бейнелілік, көркемдік қызмет атқарады.
Басқаша айтсақ, эпитет – теңеудің ықшамдалуынан туған өз алдына жеке тілдік бірлік. Тілдік бірлік болғанда, ол қарапайым тілдік бірлік емес, тіл-тілде жиі қолданылатын, көріктеуші, бейнелеуші құралдардың бастыларының бірі.
Тұрақты теңеулер мен тұрақты эпитеттерде тұлға тұтастығы да, мағына тұтастығы да міндетті түрде болады. Бұл жағынан олардың екеуі де – көркем бейнелі, образды, экспрессивті күрделі құрылымдар. Олар эмоционалды, экспрессивті бояуларымен, бейнелілік, әсерлілік сипаттарымен ерекшеленеді.
Ескерте кетелік: эпитеттер де (теңеулер сияқты) тұрақты эпитеттер және жай (жеке тұлғалық) эпитеттер болып екіге бөлінеді. Тұрақты тіркестердің (фразеологизмдердің) құрамына енетіндері – жай эпитеттер емес, тұрақты эпитеттер.
Өсімдіктерге қатысты тұрақты эпитеттердің бастылары мыналар: алма бет, алма мойын, бадана көз, балдыр көк, бидай өң(+ді), күріш тіс, қауақ (қабақ) бас, қамыс құлақ, қарағай мүйіз, қарақат көз, қауын бас, қияқ қас, қияқ мұрт(+ты), қылша мойын, мойыл көз(+ді), мойыл қара, пісте мұрын, селеу шаш, сүйрік саусақ, сүмбіл шаш, тобылғы торы, тобылғы түс, ши аяқ, ши борбай, ши бұт, ши мойын, шие ерін, ырғай мойын, т.б.
Енді өсімдіктерге қатысты жоғарыда айтылған үш түрлі тұрақты тіркестерге ұйтқы болып тұрған «өсімдіктердің» өздеріне аздап тоқтала кетелік. Өйткені тұрақты тіркестер кез келген өсімдіктен жасала бермейді [5, 17]. Біздің ойымызша, халыққа жақсы таныс, тұрмыста жиі ұшырасатын әрі тілімізде кең түрде қолданылатын, оның үстіне өздеріне тән айрықша белгілері (қасиеттері) бар өсімдіктер ғана, олардың жеміс-жидектері мен дәндері, ұрықтары ғана тұрақты тіркестерге ұйтқы бола алады.
Өсімдіктерге қатысты жоғарыда көрсетілген 300-дей тұрақты тіркестердің ішінен тек бәйтерек, емен, дарақ, шынар, қайың, қарағай, тал, терек, сексеуіл, тобылғы, ырғай, итмұрын деген сияқты ағаштар мен бұталар және қызғалдақ, бәйшешек, жауқазын, қияқ, селеу, қаңбақ, ебелек, қамыс, қоға, құрақ, ши, шырмауық, ыраң дегендер сияқты шөптесін өсімдіктер мен гүлдер ғана ұйтқы өсімдіктердің 40%-ын құраса, қалған 60%-ын өсімдіктердің жемістер мен жидектері, тұқымдары мен дәндері және өсімдіктерге қатысты ағаш, бұта, қурай, шөп, гүл, жапырақ, тамыр, томар, тілен, шыбық, көк дегендер сияқты жалпы атаулар (ұғымдар) құрайды.
Тұрақты тіркестерге ұйтқы болып жүрген жеміс-жидектерден – алма, анар, нарт, шие, бүлдірген, жаңғақ, мейіз, мойылдарды, ал дәнді-дақылдар мен бау-бақша дақылдарынан – арпа, бидай, тары, сұлы, қонақ, жүгері, бұршақ; қауын, қарбыз, асқабақ, бұрыш, жуаларды атауға болса, техникалық дақылдардан – мақта мен шайды, сондай-ақ, басқа өсімдік түрлерінен – кәріқыз, шоңайна, бүрметікен, мия, борық, сүйрік сияқтыларды ғана атауға болады.
Қорыта келе айтарымыз: жоғарыда сөз болған үш түрлі бірліктердің бір-бірінен құрылымдық ерекшеліктер болғанымен, оларға тұлға тұтастығы мен мағына тұтастығы ортақ (тән). Сыңарларының орны тұрақты, әрі бекем. Оларды басқа сөздермен ауыстыруға болмайды. Үшеуі де бейнелі, образды, экспрессивті қызмет атқарады.
Олай болса, кез келген түйдектік тіркестерді, кез келген теңеулер мен эпитеттерді емес, олардың ішіндегі тұрақталғандарын ғана, халықтық болып қалыптасқандары мен идиомаланғандарын ғана тұрақты тіркестердің қатарына жатқызуға болады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Сейітова Ш.Б. Өсімдікке байланысты тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипаттамасы. Канд. диссер. автореф., А., 1990.
2.Қоңыров Т. Қазақ тілінің тұрақты теңеулер сөздігі. А., 1990.
3.Мұхамедқалиева Г.О. Тұрақты эпитеттің тілдік табиғаты. Филол. ғыл. канд. Автореф. А., 1995.
4.Маликов Қ.Т. Қалихан Бекхожин поэзиясындағы теңеу мен эпитеттердің қолданыс ерекшеліктері. Филол. ғыл. канд. Автореф. Астана, 2005.
5.Марсакова Т.Т. Сложные слова и фразеологические оьороты, обозначающие растения в русском языке. Автореф. Канд. филол. наук. М., 1973.
Өсімдіктерге қатысты тұрақты теңеулер
Дүниені тану, сипаттау – оны басқа бір нәрсеге теңеу, салыстыру арқылы ғана жүзеге асатындығы белгілі. Сондықтан «теңеу – адамның мінез-құлқын, іс-әрекетін сипаттауда, табиғат көріністерін бейнелеуде тілімізде кең түрде қолданылатын, халыққа көп тараған әрі қарапайым тілдік тәсіл», – деп қабылдаған жөн.
Теңеусіз бірде-бір мәтін кездеспейді десек, мұнымыз артық айтқандық емес. Кез келген мәтінде не тұрақты, жалпыхалықтық, тілдік, дағдылы теңеулердің, не ақын-жазушыларға тән жеке тұлғалық (авторлық, поэтикалық) теңеулердің бірін ұшырату қалыптасқан жағдай. Себебі теңеу – дүниетанымдық құрылымдардың ішіндегі бастыларының бірі.
Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, теңеу 4 мүшеден тұрады [1, 47 б.; 2, 89 б.; 3, 3 б.]. Мысалға алмадай қызыл бет деген теңеуді алсақ, мұның бірінші мүшесі алма – бұрыннан таныс зат, яғни сипаттаушы мүше (рема), теңеудің образы. Екінші мүшесі – бет. Ол жаңадан танылуға тиісті зат, яғни сипатталушы ұғым (тема) немесе теңеудің нысаны (предметі).
Осы екі мүшені («алма» мен «бетті») бірімен-бірін салыстыруға, теңестіруге негіз болып тұрған ортақ белгі – олардың түсі, яғни қызыл сөзі («қызылдық» қасиет). Бұл теңеудің үшінші мүшесі. Оны теңеудің белгісі (негізі) деп атайды. Теңеудің тағы бір мүшесі бар. Ол – -дай жұрнағы. Мұны теңеудің көрсеткіші деп аталады. Жоғарғы үш мүшені бір-бірімен байланыстырып, оларды грамматикалық, мағыналық қарым-қатынасқа түсіріп тұрған мүше – осы -дай жұрнағы.
Теңеудің көрсеткіші болып, тек – -дай/-дей, -тай/-тей жұрнақтары ғана жұмсалмайды, сонымен бірге -ша/-ше жұрнағы мен секілді, сияқты, тәрізді сөздер де теңеудің көрсеткіші қызметін атқара алады.
Осы мүшелердің жиынтығы теңеудің құрылымы болып табылады.
Егер алмадай қызыл бет деген теңеулік құрылымды беті алмадай қызыл деп, мүшелерінің орнын ауыстырсақ, теңеулік ұғым мен теңеулік мағына өзгермейді. Сондай-ақ, беті алмадай қызыл дегенді беті алмадай қызарды деп, тағы да құбылтсақ, теңеулік ұғым бәрібір өзгерген жоқ. Тек осы екі затқа ортақ сапалық қасиет немесе сындық ұғым енді екеуіне ортақ іс-әрекетке (процеске) ауысты. Сондықтан да, тілші ғалымдар беті алмадай қызарды деген құрылымды да теңеулер қатарына жатқызып жүр [4, 104 б.].
Теңеу мүшелерінің бір-бірімен қарым-қатынастары өте күрделі. Әдетте образ не нысанды (предметті), не белгіні анықтап тұрады. Мысалы, қызғалдақтай жасөспірімдер десек, образ нысанды анықтап тұр. Қызғалдақтай құлпырды десек, онда образ белгіні анықтайды. Ал қызғалдақтай құлпырған жасөспірімдер десек, онда образ (қызғалдақтай) бен белгі (құлпырған) қосылып, нысанды (жасөспірімдер) анықтайды.
Сондай-ақ, теңеу болу үшін тұлға тұтастығы мен мағына тұтастығының болуы міндетті. Мысалы, кескен теректей құлады деген тұрақты теңеудегі «кескен» сөзін «жыққан» синонимімен ауыстырсақ (жыққан теректей құлады), теңеу өзінің тұлға тұтастығынан айырылып қалады. Сол сияқты «теректей» сөзін «талдай» сөзімен ауыстырсақ (кескен талдай құлады), бұл да тұлға тұтастығын сақтай алмайды да, теңеу болудан қалады.
Теңеулер әдетте еркін (жеке тұлғалық) теңеулер және тұрақты (тілдік) теңеулер болып екіге бөлінеді. Мысалы, жуа шөптей солды десек, мұнымыз еркін (жай) теңеу. Оның құрамындағы сыңарлардың арасында синтаксистік байланыс бар. Есесіне мұның мағынасында идиомалану жоқ. Ал сәби көктей [жуадай] солды десек, бұл – идиомаланған тұрақты теңеу болады. Оның құрамындағы сыңарлардың арасында, керісінше, синтаксистік байланыс жоқ. Ол көмескіленіп кеткен.
Қайталап айтамыз, тұрақты теңеу болудың басты шарты – тұлғалардың тұтастығы мен мағыналарының идиомалануы, яғни оның ауыспалы мағынаға ие болуы. Мәселен, жел айдаған қаңбақтай, көлге біткен құрақтай, мойылдай қара дегендер мен қой айдаған қойшыдай, суға біткен талдай, қараторғайдай қара дегендерді бір-бірімен салыстырып көрсек, олардың тұлға тұрақтылығы мен идиомаланулары бірдей емес.
Алдыңғы топта тұрақтылық пен идиомалану күшті болса, соңғы топта олар мүлде жоқ. Бар бола қалған күннің өзінде де, алдыңғылардағы тұрақтылық пен идиомалану деңгейлері соңғыларға қарағанда 2-3 есе артық. Оның себебі, біріншіден, қаңбақ, құрақ, мойыл өсімдіктері теңеулік айырықша қасиеттерге ие. Теңеуге негіз болып тұрғандар – олардың сол қасиеттері. Екіншіден, алдыңғы теңеулер – халық тілінде әбден қалыптасып кеткен тұрақты құрылымдар.
Есте болатын нәрсе: сөйлеу, жазу тәжірибесінде теңеу мүшелерінің бәрі бірдей мәтінде сақталынып қолданылуы шарт емес. Кейде ол мүшелер мәтінде түгел қолданылса, кейде олардың бір не екі мүшесі түсіп қалып, ықшамдалып қолданылады. Мәселен, беті нарттай қызыл деген мәтінде теңеу мүшелерінің бәрі қолданылса, нарттай қызыл деген теңеуде «беті» сөзі (теңеудің нысаны) түсіп қалған. Ал беті нарттай дегенде «қызыл» сөзі (теңеудің белгісі) түсірілген.
Түспейтін, түсіруге болмайтын, әр уақыт сақталынып тұратын мүше – теңеудің образы («нарт» – анар сөзі) мен теңеудің көрсеткіші -тай жұрнағы. Бұлар ешқашан қысқартылмайды. Қысқартылса, теңеу теңеу болудан қалады. Себебі теңеулік белгі (біздің мысалымызда «қызыл» сөзі) образға телулі, байлаулы болады да, теңеудің тұрақты қасиетіне айналып кетеді. Осы жерде біз теңеудің сипаттаушы мүшесінің, яғни теңеу образының маңызын, оның лексика-семантикалық мән-мағынасының рөлін баса айтуға тиісті екенімізді еске сала кеткіміз келеді. Өйткені бұл мүшесіз («нарттай» сөзінсіз) теңеу теңеу бола алмайды дегенді жаңа ғана айттық. Себебі теңеу атаулыға негіз болып тұрған сапалық (қызыл) немесе іс-әрекеттік (қызару) ұғымдар сол сипатталушы затқа («нартқа») тән, соған байлаулы қасиет.
Нарт болмаса, оның түсі қызыл болмаса, біз басқа бір заттың (айталық «беттің») қызыл түсін немесе қызарғанын онымен салыстырмаған да, теңемеген де болар едік. Сол арқылы әлгі екі заттың бір-бірімен ұқсастығын, ортақ белгісін дәлелдей алмаған да болар едік. Нарт + тай сөзінің өзі беттің анардай қып-қызыл екендігін әйгілеп тұр.
Айта кететін тағы бір нәрсе: біз жоғарыда келтіріп отырған теңеулер – жалаң теңеулер. Олар тек теңеу құраушы мүшелерден ғана тұрады. Оқырмандарға түсінікті болу үшін біз оларды әдейі солай алдық. Ал тәжірибеде бұл мүшелердің әрқайсысы күрделеніп, күрделі ойға құралған күрделі теңеулер жасалына береді.
Қандай өсімдіктер теңеу образы бола алады? Немесе қандай өсімдіктер теңеу образы болып, мейлінше жиі қолданылады? – деген сұрақтың маңызы теңеу құбылысы үшін өте мәнді, маңызды.
Әрине, кез келген өсімдік теңеу образы қызметін атқара алмайды. Теңеу образы қызметін атқару үшін әлгі өсімдіктер ерекше сапалық белгілер мен қасиеттерге ие болуы және олар халыққа әбден танымал болуы шарт. Сонда ғана ол теңеу образы болып жұмсалына алады.
Тілімізде мұндай ерекше қасиеттерге ие өсімдіктердің саны онша көп емес. Ондай өсімдіктердің қатарына жататындар – ағаштардан: бәйтерек, емен, қайың, қарағай, қарағаш, сәмбі, сексеуіл, тал, терек, шегіршін, шынар; бұталардан: итмұрын, тасжарған, тобылғы, ырғай; дәнді дақылдардан: арпа, бидай, бұршақ, жүгері, күнбағар, күріш, қонақ, сұлы, тары; бау-бақшалардан: бұрыш, жуа, қауын, қарбыз, пияз; жеміс-жидектерден: алма, анар, мейіз, мойыл, нарт, шие; қурайлар мен шөптерден: бадана, балдырған, бидайық, ебелек, кәріқыз, қамыс, қоға, құрақ, қаңбақ, қияқ, қына, мия, селеу, сүйрік, түйеқарын, ши, шоңайна, шырмауық; гүлдерден: бәйшешек, жауқазын, қызғалдақ; улы өсімдіктерден: уқорғасын, күшала, т.б.
Аталған бұл өсімдіктердің кейбіреулері теңеу болып жиі кездессе, екіншілері орташа, үшіншілері сиректеу ұшырасады. Оның себебі теңеуді туғызатын өсімдіктердің өздері емес, оларға тән ерекше белгілер мен айрықша қасиеттер. Мәселен, қарағайға – түзулік, тіктік, еменге – ірілік, үлкендік, бәйтерек пен шынарға – биіктік, ұзындық тән болса, қайың мен қарағашқа – қаттылық, шегіршін мен сексеуілге – беріктік, мықтылық тән. Осы қасиеттеріне орай бұл өсімдіктерден қарағайдай түп-түзу//тіп-тік, қарағаштай қатты, шегіршіндей мықты, сексеуілдей берік деген сияқты тұрақты теңеулер жасалған.
Терек ағашына – теңселу, ырғалу, құлау, сұлау тән болса, тал, шілік, тобылғыларға – иілу, майысу, бұралу тән. Соған орай терек өсімдігі теректей теңселу//ырғалу, кескен теректей құлау//сұлау деген сияқты теңеулердің жасалуына негіз болса, тал, шілік, тобылғы өсімдіктерінен талдай//шіліктей//тобылғыдай майысу [иілу], талдай бұралу деген тәрізді тұрақты теңеулер туған.
Сондай-ақ, қамыс, құрақ, қоға өсімдіктеріне жапырылу, майысу, иілу және суылдау, ысқыру сияқты қасиеттер тән болса, қаңбақ өсімдігіне жөңкілу, көшу, ығу, аударылу сияқты ерекшеліктер тән.
Қызғалдақтар мен бәйшешектер құлпыру, жайнау, жайқалу, үлбіреу тәрізді қасиеттерге ие. Осы ерекшеліктеріне қарай бұл өсімдіктерден қамыстай жапырылу//иілу//теңселу, желмен теңселген қамыстай, қамыстай суылдау//ысқыру, жел жапырған құрақтай, көлге біткен құрақтай, көлдің көк құрағындай суылдау, желді күнгі қоғадай жапырылу//ырғалу//майысу, жел айдаған//аударған қаңбақтай, қызғалдақтай құлпыру//жайнау, қырдың қызыл қызғалдағындай үлбіреу деген сияқты, т.б. толып жатқан тұрақты теңеулер пайда болған.
Өсімдіктердің осы қасиеттерін керісінше алып қарастырсақ, «қызылдық» – алма, анар, нарт, шие өсімдіктеріне, «қаралық» – мойыл мен қарақатқа, «ақтық» – мақтаға, сүлікке, аршыған жауқазынға тән болса, «жуандық» – емен мен дараққа, «жіңішкелік» – ырғай мен шиге, «ірілік», «үлкендік», «биіктік» – бәйтерек пен шынарға, «уақтық», «майдалық» – тары мен қонаққа тән. «Жеңілдік» – қаңбаққа, «жұмсақтық» – мақтаға, «ащылық» – мия, жуа, бұрыш, пиязға тән болса, «құлау», «сұлау» – емен мен терекке, «солу» – қызғалдақ пен жауқазынға, «жабысу» – кәріқыз бен шоңайнаға, «шашылу» – тарыға қатысты.
Бұл өсімдіктерден де аталған осы қасиеттеріне негізделген теңеулер жасалады. Мыс.: алмадай//анардай//нарттай//шиедей қызыл, мойылдай//қарақаттай қара, мақтадай//аршыған жауқазындай аппақ, емендей//дарақтай жуан, шидей жіңішке, бәйтеректей//шынардай биік, тарыдай//қонақтай майда [уақ], қаңбақтай жеңіл, мақтадай жұмсақ, миядай//жуадай//пияздай//бұрыштай ащы, емендей құлау, кескен теректей сұлау, қызғалдақтай//жауқазындай солу, кәріқыздай//шоңайнадай жабысу, тарыдай шашылу, т.б. Бұлар – тілдік штампқа айналып кеткен тұрақты теңеулер. Олар өздерінің идиомаланған теңеулік мазмұндарымен ерекшелінеді.
Тұрақты теңеулерден қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, мекен еткен географиялық ортасы, онда қандай өсімдіктердің өсетіндігі, ол өсімдіктерге деген халықтың жағымды-жағымсыз бағалары, ұғым-түсініктері мен дүниетанымдары – бәрі-бәрі түгел көрініп тұрады. Елімізде алма өспесе, оны танып-біліп, күнделікті тұрмыста пайдаланбасақ, алмадай қызыл, алмадай жұмыр (мойын) деген сияқты теңеулер жасалмаған болар еді. Жерімізде мойыл, шие, қоға, қамыс... өспесе, мойылдай қара, шиедей қызыл, қоғадай//қамыстай жапырылу дегендер сияқты теңеулер жасалмаған да, қолданылмаған да болар еді.
Теңеулерге негіз (ұйытқы, тірек) болып тұрған ең басты мүше – салыстырылып отырған екі затқа ортақ сапалық немесе қимылдық, іс-әрекеттік (процестік) қасиет, – деген пікір жоғарыда айтылған. Осы басты мүшенің тіркестегі қызыметі мен грамматикалық мағынасына қарай теңеулер: 1) есімді (зат есім, сын есім) теңеулер және 2) етістікті теңеулер болып екіге бөлінеді.
Есімді теңеулерге қызғалдақтай жастар, бәйтеректей биік, қаңбақтай жеңіл, нарттай қызыл, мақтадай жұмсақ дегендер тәрізді тілдік теңеулер жатқызылса, етістікті теңеулерге қоғадай жапырылу, тарыдай шашылу, жуадай солу деген сияқты көптеген тұрақты теңеулер жатқызылады.
Осы екі топтың екіншісі, яғни етістікті теңеулер ондағы етістік пен теңеу образының логикалық, ұғымдық, мағыналық қарым-қатынастарына қарай: 1) субъективті теңеулер (мыс.: кәріқыздай жабысу, тал шыбықтай майысу, т.б.) және 2) объективті теңеулер (мыс.: арпадай асау, сұлыдай күртілдету, қаңбақтай ойнату//ұшыру//үйіру, т.б.) болып, тағы да сараланады. Өйткені «жабысу», «майысу» іс-әрекеттерінің иесі – кәріқыз бен тал шыбықтардың өздері болса, ал «асау», «күртілдету», «ойнату» іс-әрекеттерін жүзеге асырып тұрған өсімдіктердің (арпа, сұлы, қаңбақ) өздері емес, соларды жеп тұрған мал мен аң. Екі жағдайда да теңеулер өздеріне тән теңеулік мағыналарын сақтап тұр.
Олай болса, теңеу дегеніміз – белгісіз нәрсені (затты, құбылысты, жай-күйді) белгілі нәрсемен салыстырып, олардың ортақ белгілері арқылы әлгі нәрсені суреттеп беретін, бейнелеу, көріктеу тәсілдерінің бірі екен. Сайып келгенде, теңеу екі затты салыстырудан, бірін-біріне теңестіруден жасалынады. Нәтижесінде теңеулер адамның айтпақ болған ойын әсерлі етіп, әрі қысқа, әрі нұсқа түрде дәл жеткізеді. Сондықтан болар, ғалымдар теңеуді – таным құралы деп, әділ бағалап жүр.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Черемисина М.И. Сравнительная конструкция русского языка. Новосибирск, 1970.
2.Сидякова М. О различных аспектах изучения сравнения. Вологда, 1970.
3.Қоңыров Т. Қазақ тілінің тұрақты теңеулер сөздігі. А., 1990.
4.Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. А., 1978.
Өсімдіктерге қатысты тілдік перифраздар
Қазақ тілі перифраздарға өте бай. Олар (перифраздар) мағыналық өрісі жағынан Адам, Қоғам, Табиғат болып, ірі-ірі үш топқа бөлінеді. Бұлардың әрқайсысы іштей тағы да уақ тақырыптарға сараланды. Өсімдіктерге қатысты тілдік перифраздар «Табиғат» тақырыбына жататын лексика-семантикалық топтың бір бөлшегі ғана.
«Бір ғана топ» дегенімізбен өсімдіктерге қатысты тілдік перифраздар тілімізде аз кездеспейді. Олардың саны біздің есептеуімізше шамамен 60 шақты болып қалар.
Ойымызды дәлелдеу үшін тек «өсімдік» денотатына байланысты 1) жасыл желек, 2) жасыл дос, 3) жасыл аптека, 4) жасыл лаборатория, 5) күн перзенті, 6) оттегі фабрикасы, 7) денсаулық фабрикасы деген жеті түрлі тілдік перифраздарды, ал «орман» денотатына байланысты 1) жасыл мұхит, 2) жасыл дос, 3) оттегі фабрикасы, 4) тіршілік қорғаны деген төрт түрлі тілдік перифраздарды атап көрсетсек те жетіп қалар деп ойлаймыз.
Мыс.: Қалың өскен жасыл желек арасынан зәулім үйлер ағараңдайды (Қ.Әміров). Химиялық жасыл лаборатория аталынатын өсімдіктер болмаса, ауада оттегі де болмас еді (Ботаника). Жасыл өсімдіктер оттегі фабрикасының міндетін атқарады (А.Молдабергенов). Еліміздің жасыл мұхиты – орманы аса мол екенін барлық жұрт біледі («Коммунизм туы»). Осы аймақтық бөктеріндегі жасыл дос – орман-тоғайлар ертегіге бергісіз («Егемен. Қаз.»). Орман – тіршілік қорғаны, еліміздің басты ұлттық байлығы («Лен. жас»), т.б.
Басын аша кетелік, перифраз дегеніміз – бір cөзден тұратын зат атауын екі не одан да көп сөздерден тұратын бейнелі, сипаттамалы, суреттемелі сөз тіркестерімен ауыстырып ататын сөз орамы. Рас, кез келген бейнесі сөз тіркесі (сөз орамы) перифраз бола алмайды. Перифраз болу үшін әлгі бейнелі тіркес заттың басты бір белгісін немесе ерекше бір қасиетін тірек (негіз) етіп алып, сол заттың бейнелі, образды, әсерлі атауы жасалынуы керек. Мыс.: дала аруы – жүгері, оңтүстік перзенті – жүзім, т.б.
Тілдік перифраздардың өзіне тән құрылым-құрылысы болады. Қанша сөзден жасалғанына қарамастан ол негізінен екі сыңардың не изафеттік (солтүстік жібегі – зығыр), не адъективтік (ақ маржан – күріш) қатынастардың бірінде тұрады.
Перифраздың басты қызметі – бір нәрсені атау, яғни атауыштық қызмет атқару. Бірақ ол – жай ғана атау емес, бейнелі, образды атау. Сонымен бірге перифраздық атау әлгі затқа стильдік бояу, экпрессивтік-эмоциялық реңк береді. Сөйлеушінің (айтушының) сол затқа деген жоғары бағасын, көтеріңкі көңіл күйін, пафостық сарынын қоса жеткізеді. Мәселен, раушан (роза) гүлін гүл патшасы деп атасақ, ол атауда «гүлдердің ішіндегі ең құдіреттісі» деген патетикалық баға мен «қасиетті, қастерлі, қадірлі гүл» деген көтерңікі көңіл күй, экспрессивтік-эмоциялық реңк бар.
Тілдік перифраз еркін сөз тіркесі ме, жоқ, тұрақты сөз тіркесі ме деген мәселенің басын ашып алудың мәні зор.
Шындыққа жүгінсек, перифраз алғаш жасалған кезінде еркін тіркес болады да, қолданыла, қалыптаса келе ол тұрақты тіркеске айналып кетеді. Мысалға «женьшень» өсімдігін алалық.
Ол алғашында өмірдің тамыры деп еркін тіркес түрінде перифразданды да, жүре келе өмір тамыры болып тұрақтанады (қалыптасады). Бұл перифраз сыңарларының арасында ешқандай синтаксистік байланыс жоқ; алдыңғы сыңары – анықтаушы, соңғы сыңары – анықталушы сөз емес. Бастапқы кездегі синтаксистік байланыс кейіннен көмескіленіп, жойылып кеткен. Синтаксистік байланыс бар деген күннің өзінде де қазіргі кезде ол әдеттегідей грамматикалық қызмет атқармайды.
Перифраз құрамындағы сыңарлар қосылып, бір тілдік элементке (бейнелі немесе сипаттамалы сөpге) айналған. Ол сөз тұлға тұтастығымен, мағына тұтастығымен ерекшеленіп, бір ғана ұғымды (өсімдік атауын) білдіреді. Өмір тамыры деген – женьшень өсімдігінің бейнелі атауы. Ол женьшен өсімдігінің тұрақты тіркес түрінде жасалған синонимі бола алады.
Сипаттамалы немесе бейнелі атауды перифраз деп тану үшін сол атауға негіз болып тұрған денотат (зат) пен перифраз арасындағы логикалық (мағыналық) байланысқа көңіл аударған жөн. Өйткені перифраз денотатты (затты) тура атамайды, оны жанама түрде, бейнелі түрде атайды.
Тілдік перифраз туу үшін оған негіз болатын денотат бірінші кезекте деректі зат болуы керек, екінші кезекте ол зат адам баласы үшін маңызды, мәнді, құнды және қажетті зат (алтын, мұнай, газ, көмір, мақта, гүл, т.б.) болуға тиісті. Маңызды, құнды заттар адамды әр уақыт ризашылыққа бөлейді, көңіл күйін асқақтатады, кеудесін қуанышқа толтырады. Ал дерексіз, мәнсіз заттар сипаттамалы, бейнелі атауға ие бола алмайды.
Мысал үшін «мақта» денотатын алып, түсіндіріп көрелік.
Ол ақ түсті болады. Адам үшін аса қажетті және өте бағалы, қымбат, құнды, маңызды, мәнді шикізат. Осы қасиеттері жағынан мақта алтынға тең. Сондықтан ол ақ алтын деп перифраздана алады. Бұл перифразда денотаттың (мақтаның) басты екі белгісі – «ақтығы» және «алтынға барабар құндылығы» көрініс тапқан.
Өсімдіктерге қатысты тілдік перифраздарды денотатына, яғни олардың ұғымдық, мағыналық жағына қарай әр түрлі топтарға жіктеуге болады. Ондай топтар ретінде біз «ағаш», «бұта», «қурай», «шөп», «гүл» ұғымдарын атаған болар едік. Мәселен, қазақ тілінде «ағашқа» байланысты ағаштар патшасы (емен), орман патшасы (қарағай), шөл аруы (сексеуіл), құмайт шөлдің таскөмірі (сексеуіл), солтүстік эвкаливті (терек), тайга аруы (балқарағай), тайга//тайганың наны (самырсын) деген сияқты тілдік перифраздар болса, «шөпке» байланысты жасыл тыңайтқыш (беде), жасыл өрт (арамшөп), қызылқұм падишасы (сасыққурай) деген, дәрілік шөптерге байланысты ақ адамның ізі (тартаржапырақ), солдат шөбі (мыңжапырақ) деген сияқты тілдік перифраздар қалыптасқан.
Мыс.: Маңызы жағынан елімізде өсетін ағаштар ішінде еменге тең келетіні жоқ. Оның ағаштар патшасы деп аталуы да осыдан болса керек (М.Ахметов). Кейінгі он жылда орман шаруашылығы құм көшкінін тоқтататын шөл аруы – сексеуілді қайта көбейте бастады («Қаз.әдеб.). Халық арамшөптерді «жасыл өрт» деп тегін айтпайды. Ол өзінен-өзі, тез жайылып кетеді («Коммунизм туы»). Бұл жерде өсетін мыңжапырақ шөбі дәрілік қасиеті жағынан ежелден белгілі. Оны «солдат шөбі» деп тегін атамаған (Наурызым), т.б.
Сондай-ақ, «гүл» денотатына байланысты дала аруы (қызғалдақ), дала гүлі (қызғалдақ), мақташы термометрі (қызғалдақ), көктем гүлі (бәйшешек), гүл патшасы (раушан), тау гүлі (еңлікгүл), түн аруы (кактус), тайганың лилиясы (сардана) деген сияқты тілдік перифраздар жасалған. Мыс.: Кейде дала аруы – қызғалдақты көріп қаламыз («Егемен.Қаз.»). Көктем гүлі – бәйшешектер де құлпырып тұр (Ы.Кененбаев). Гүл патшасы – розаның бір талын ұсынса да болады (Ә.Хасенов). Олар өздеріне «тау гүлін» - эдельвейсті әкеліп берген жігітке қарады («Семей таңы»). Түн аруы – кактус кешке қарай ашылады (Үй өсімдіктері), т.б.
Өсімдіктерге байланысты перифраздарды дәнді дақылдарға, техникалық дақылдарға, бақша дақылдарына және жеміс, жидек, көгеніске қатысты тілдік перифраздар деп те топтастыруға болады. Дәнді дақылдар мен техникалық дақылдарға қатысты тілдік перифраздар: ақ маржан (бидай), ақ бикеш (тары), дала аруы (жүгері), Сыр маржаны (күріш), күн гүлі (күнбағыс), жасыл тыңайтқыш (бұршақ), шөл даланың түйесі (сорго), солтүстік күріші (қарақұмық), солтүстік жібегі (зығыр); жұмсақ алтын (мақта), тәтті тамыр (қызылша), тәтті түбір (қызылша), т.б.
Жеміс-жидек пен көгөністерге қатысты тілдік перифраздар: оңтүстік перзенті (жүзім), денсаулық жемісі (өрік), жұмақтың жемісі (банан), шөл дала наны (құрма); екінші нан (картоп), т.б. Мыс.: Әуесқой бағбандар «оңтүстік перзентін» – жүзімді өздері тұрған өңірге бейімдеу жолындағы іске кірісіп те үлгерді (Ертіс өңірі). Оңтүстік Азия халықтары әлі күнге дейін бананды «жұмақтың жемісі» деп әлпештеп атайды («Заң газеті»). Құрма балын жас құрманың – «шөл дала нанының» шырынынан жасайды (Ара шаруашылығы). Халық картопты «екінші нан» деп атайды («Коммунизм таңы»), т.б.
Қорыта келе айтарымыз, өсімдіктерге қатысты тілдік перифраздарды жасалуына тірек болған денотаттары арқылы лексика-семантикалық топтарға бөліп, әр қайсысын саралап, даралап сипаттау нәтижесінде біздің қазақ тілі тек өсімдік атауларына ғана емес, олардың перифраздық атауларына да өте бай екендігіне көзіміз жетті.
Әрине, өмірде бар өсімдіктердің бәрі бірдей тілдік перфраздар туғыза бермейді. Олардың ішінде тек құндылары мен бағалылары ғана, ерекше қасиетке иелері ғана тілдік перифраздар туғыза алады. Ондай бағалы өсімдіктердің қатарына біз ағаштардан емен, қарағай, балқарағай, самырсын, терек, сексеуілдерді, дәнді дақылдар мен техникалық дақылдардан бидай, тары, жүгері, бұршақ, күріш, қарақұмық; зығыр, сорго, қызылша, мақталарды, дәрілік шөптерден қылша, итмұрын, мыңжапырақ, тартаржапырақ, сасыққурай, женьшеньдерді, ал гүлдерден қызғалдақ, бәйшешек, еңлік, раушан, кактустарды атаған болар едік.
Бұлардың ішінен «өсімдік» денотатына қатысты 7 түрлі тілдік перифраз жасалса, «орман», «сексеуіл» денотаттарынан, 4 түрлі перифраз жасалғандығын жоғарыда айттық. Ал «қызғалдақ» денотатынан 3-тен, қалғандарынан 2-ден, 1-ден ғана тілдік перифраздар жасалған. Бұлардың бәрін тіліміздің байлығы ретінде бағалауымызға әбден болады.
Өсімдіктер туралы қазақ жұмбақтары
Әдетте біз «тіл – дүниетаным құралы» деп жатамыз. Тілдің дүниетанымдық құрал екендігі рас. Бұл қасиет тілдің бүкіл құрылым-құрылысынан: дыбыстарынан, сөздерінен, сөз тіркестерінен, сөйлемінен, әсіресе тұрақты тіркестері мен мақал-мәтелдерінен, теңеулері мен сипаттама сөздерінен (перифраздарынан), жұмбақтары мен жаңылтпаштарынан анық байқалады. Өйткені бұлар – халқымыздың өзімен бірге жасасып, бірге дамып келе жаткан байырғы тілдік байлықтар (бірліктері).
Бұл мақаламызда біз аталған тілдік бірліктердің барлығына емес, олардың ішіндегі тек біреуіне ғана, яғни жұмбақтарға ғана, онда да алған тақырыбымызға сай тек өсімдіктерге қатысты жұмбақтармен ғана шектеліп, оқырмандарымызды солармен таныстырғанды жөн көріп отырмыз. Жұмбақтар – халық ауыз әдебиетінің басты жанрларының бірі және халық арасына ең көп тараған ежелгі түрі. Олар тілімізде көне дәуірден бері келе жатыр. Ұлтымызда бұрын үлкендер болсын, жастарымыз болсын бір-бірімен жұмбақ жарыстырып, оны табуға тырысатын жақсы дәстүр болған. Артынан олардың жеңгені-жеңілгені айқындалып, жеңілген адамға қызық үшін жеңіл-желпі «жаза» қолданып жататын. Өкінішке орай, қазіргі кезде бұл жақсы дәстүр салтымыздан шығып бара жатыр.
Жұмбақтар – ауыз әдебиетінің басқа түрлеріне қарағанда табиғаты өзгеше, бітім-болмысы бөлек дүниелер. Ол негізінен деректілік пен нақтылыққа, танымдылық пен шынайлыққа сүйенеді. Жұмбақ ойға алған нәрсесінің атын жасырын ұстап, оның басты белгілері мен қасиеттерін немесе болатын, өсетін жері (мекені) мен адамзат үшін тигізер пайдасын қысқаша түрде сипаттап беріп, тыңдаушыдан оның не зат екенін табуды талап етеді.
Жұмбақ туғызудың басты ұстанымы – қысқа да нұсқа, әрі жинақы түрде жасалып, жасырылып отырған затты тыңдаушысының көз алдына елестете алу, санасына сол заттың бейнесін бұлжытпай орнықтыру.
Қалыптасқан дәстүр бойынша жұмбақтарға нысан ретінде – әдетте қоршаған орта, аспан денелері, жер, табиғат құбылыстары, адам, адамның дене мүшелері, болмаса тұрмыста күнде көріп, біліп, танып жүрген айналадағы дүниелердің, атап айтқанда: төрт түлік мал, аң, құс, өсімдік сияқты көпшілікке жақсы таныс заттар мен құбылыстар алынады.
Олардың басты белгілері, ерекше қасиеттері, мәнді-маңызды жақтары сиппатталады. Тыңдаушы жақ айтылған белгілеріне қарай оның не зат екендігін табуға, білуге талпыныс жасайды: ойланады, ізденеді; оны айтылған белгілері бойынша әртүрлі нәрселермен салыстырып көреді. Нәтижесінде жұмбақтың шешуін табады немесе таба алмағандығын мойындайды.
«Жұмбақтардың ең басты қызметі – дүниетанымдық қызмет» деп, біз сенімді түрде айта аламыз. Ол балалардың болсын, үлкендердің болсын дүниетанымына, ойлау қабілеттері мен зейіндерінің дамуына, ақыл-парасаттары мен саналарының қалыптасуына елеулі әсер етеді. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, «баланың ойын тапқырлыққа баулу үшін де жұмбақтардың пайдасы мол» (Қазақ жұмбақтары, 1940, 9 б.) Яғни, жұмбақтар жастарымыздың ой-өрісі мен сана-сезімін кеңейтеді, ойлау қабілеттерін арттырады, дүниетанымын қалыптастырады.
Жұмбақтар адамдардың тек дүниетанымы мен ой-өрісін ғана қалыптастырып қоймайды, ол сонымен бірге тіл ұстартудың да таптырмас құралы. Жеткіншектеріміз жұмбақты жаттап алу арқылы, біріншіден, өзінің дүниетанымдық қабілетін көрсетеді, екіншіден, тіл шеберлігін байқатады.
Себебі жұмбақтың тілі – жай, қарапайым тіл емес, образды, бейнелі тіл, көрікті сөз. Жұмбақ әдебиеттегі бейнелеу (метафора), салыстыру, теңеу, сипаттау (перифраз), шендестіру, меңзеу (синекдоха), тұспалдау, ат алмастыру (метонимия) деген сияқты троптық тәсілдердің кез келгенін пайдалана отырып жасалады.
Жұмбақтардың өздеріне тән құрылым-құрылысы, модельдері бар. Қазақ ғалымдары жұмбақтарды: 1) қара сөз түріндегі жұмбақтар және 2) өлең сөз түріндегі жұмбақтар, - деп екіге бөліп жүр. Бізге нысан болып отырған өсімдіктерге байланысты жұмбақтарға зер сала қарасақ, олардың ішінен жай сөйлем түріндегі, құрмалас сөйлем түріндегі, өлең түріндегі жұмбақтарды кездестіруге болады.
Мысалы, Қырға кілем жайдым (қызғалдақ); Өз қалпағын жасынан, Тастамайды басынан (саңырауқұлақ) – бұлар жай сөйлемдер. Сусыз піскен ас көрдім, Домаланған бас көрдім (қауын); Асты тақта, үсті тақта, ортасы дәмді мақта (пісте) – бұлар құрмалас сөйлемдер.
Аласа тал, тамаша тал, Самсап тұр алмасы. Ал қызыл боп, Қан қызыл боп, Боялғанша алмашы (қызанақ); Бақшаның алып жемісі, Қайнамай піскен кемісі. Сары майдай сақтайды, Қысқа дейін ел іші (асқабақ) – дегендер өлең түрінде жасалған жұмбақтар.
Есте болатын нәрсе, жоғарыда көрсетілген және онда көрсетілмеген жұмбақтардың барлығы, мейлі жай сөйлем немесе құрмалас сөйлем болсын, мейлі өлең түрінде келген түрі болсын – бәрібір олардық әрбір тармағы, әр жолдың соңғы сөздері мен буындары бір-бірімен ұйқасып келіп, көкейге қонымды, көңілге жылы әсер етіп, тыңдаушыларын өзіне баурап алады. Сонысымен олар өміршең, сонысымен олар жағымды. Ешбір өзгерістерге түспестен жұмбақтар ғасырдан ғасырға ауысып, ұрпақтарымыздың бәріне қызмет етіп келе жатыр.
Өсімдіктердің адам өміріне маңызды рөл атқаратындығы белгілі. Олар: жесең – тамақ, ішсең – сусын, кисең – киім, жатсаң – төсек. Адамзат баласы үшін басты мәселелердің бірі – баспана да өсімдіктерсіз өмірге келмейді. Олай болса, өсімдіктердің әрқайсысымыздың есімізде болуы, олар туралы жұмбақтар мен мақал-мәтелдердің, фразеологизмдердің жасалуы заңды құбылыс екен. Сондықтан да, халық негізінен өзіне жақсы таныс, күнделікті тұрмысында жиі ұшырасатын, мән-маңызы, пайдасы зор өсімдіктерді көбірек жұмбақтайды.
Ондай өсімдіктердің қатарына: оларсыз күн көруіміз қиын дәнді дақылдар (бидай, тары, арпа, жүгері, сұлы, т.б.) мен дәмі тіл үйіретін жеміс-жидек (алма, өрік, жүзім, бүлдірген, таңқұрай, т.б.) және аузымыздың суын ағызатын бау-бақша дақылдары (қауын, қарбыз, сәбіз, пияз, қызанақ, т.б.) жатады.
Сондай-ақ, өзінің биіктігі, ірілігі жағынан көзге алдымен түсетін ағаштар мен бұталар да (қарағай, емен, шырша, сексеуіл, т.б.), қурайлар мен жаратылысы ерекше кейбір шөп тектестер де (қамыс, құрақ, қалақай, қаңбақ, т.б.) жұмбақталудан тыс қалмайды. Өйткені бұлардың бәрі де – адам үшін маңызды, мәнді, қажетті өсімдіктер болып табылады. Бұлардың біразы адамға тамақ болса, біразы малға азық.
Жоғарыда біз өсімдіктерге байланысты жұмбақтарда әдеттегідей олардың басты белгілері мен ерекше қасиеттері сипатталады дегенді айтқан едік. Сол пікірімізге азын-аулақ мысал келтірелік: Мыс., Аласа ғана бойы бар, Тоғыз қабат тоны бар (пияз); Шеңбер жасап өседі, Желмен бірге көшеді (қаңбақ), т.б.
Жұмбақтарда кейде өсімдіктердің қайда өсетіндігі, неге жарамдылығы айтылады. Мысалы, Жаздай інге тығылып, Жатқан қызыл түлкіні Құйрығынан суырып, Әкелді әжем бір күні (сәбіз). Кейде оның адамзатқа тигізер пайдасы не зияны сөз етіледі. Мысалы, Көлеңкесін тосады, Өлшеп берсең еншісін, Өз бетімен жіберсең, Буындырар көршісін (шырмауық). Жалаң аяқ баланы жапырағымен шағады (қалақай), т.б.
Кейде тіпті өсімдіктердің адам ойына келе бермейтін елеусіз белгілері мен беймәлім қасиеттері суреттелген жұмбақтардың да ұшырасуы мүмкін. Мысалы, Қуыс кеуде, қылжақ бас, Сыбызғы тартып ырғап бас (қамыс). Ызақор бұғып жатыр, Сақалын тығып жатыр (пияз), т.б.
Жұмбақтар бұрын болған, қазір болмайтын, ескірген дүние емес. Ол – уақыт өткен сайын жаңарып, дамып, толығып отыратын тірі құбылыс. Жұмбақтардың ішінде ертеде жасалған байырғылары да, кейіннен жасалған жаңалары да бар. Мәселен, жүзім, қартоп, капуста, қозықұйрық туралы жұмбақтарды жаңа жұмбақтардың қатарына жатқызуға әбден болады.
Байырғы жұмбақтар – «халықтық» деп, кейіннен жасалған жұмбақтар –«төлиелік» (авторлық) деп аталып жүр. Халықтық жұмбақтарды жасаған төлиелердің аты-жөндері қазіргі кезде ұмытылған, ал кейіннен жасалған жұмбақтардың әрқайсысының өз төлиелері бар.
Ойымызды қорыта келе айтарымыз: жұмбақтар халық туындысы. Олар – біздің қордалы қорымыз, бай мұрамыз. Жұмбақтар – өздеріне тән құрылым-құрылысы бар, күрделі тілдік бірліктер. Тілдік бірліктер болғанда, олар – ұлтымыздың дүниетанымдық ерекшелігін көрсететін тілдік бірліктердің ішіндегі бастыларының және жүрдектерінің бірі. Жұмбақтар жастарымыздың дүниетанымын, ой-өрісін, зеректілігі мен тапқырлығын қалыптастырады, олардың ойлау қабілеттерін арттырады.
Халқымыздың жұмбақтарға қоятын өзіндік талап-шарттары бар. Олар: 1) Жұмбақтар бейнелі, образды түрде сипатталуға тиіс; 2) Көлемі жағынан жұмбақтар шағын болуы керек, яғни жұмбақтардың аз сөзбен көп нәрсені білдіру қажет; 3) Заттың жасырылып отырған басты белгілері жұмбақта шынайы, нақтылы түрде көрсетілуі тиіс; 4) Жұмбақтың бас-аяғы жинақы, жұп-жұмыр болып келуі шарт; 5) Жұмбақтардың өлең сөз сияқты ырғақты, ұйқасты, әуезді болып келуі міндетті, т.б.
Байынқол Қалиұлы,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Жоғары мектебі
Ұлттық ғылым академиясының академигі
241 рет
көрсетілді0
пікір