- Мақала
- 30 Қыркүйек, 2024
ҚАЗАҚ ОҚУЛЫҚТАРЫ: АЛҒАШҚЫ ХРЕСТОМАТИЯЛАР ТАРИХЫНАН
XX ғасыр басындағы қазақ даласында қалыптасқан «усул жәдидтік» жүйе алғашқы қазақ оқулықтарының көптеп жазылуы мен олардың мазмұндық тұрғыдан түрленуіне ықпалын тигізді. «Ғалия», «Хусайния», «Мұхамедия», «Мамания» секілді медреселерді тәмамдаған көзі ашық, көкірегі ояу қазақ азаматтары мәдениеттің жаңа биігін ғылым мен білімнен іздеді. Өздеріне дейінгі білім күрескері, ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсарыұлы қалыптастырған оқулық жазу, мектеп ашу жұмыстарын одан ары жалғастырды. Ең кереметі, алғашқы қазақ оқу құралдарын жазғандардың көбі Ыбырай мектебінің шәкірттері болатын. Жинақтап айтқанда, жаңа ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ оқу құралдарының жаңа сипаты мен мазмұны толықтай қалыптасып үлгерген еді. Қазақ тарихындағы ең алғашқы қазақ оқулықтары хрестоматия мазмұнындағы кітаптар еді. Бұл басылымдар Ы.Алтынсарыұлының «Қазақ хрестоматиясы» оқулығынан бастау алады. Ал қазақ хрестоматияларының тарихына көз салсақ, сонымен қатар, Ү.Субханбердина, С.Есова, Д.Сейфуллина [1], Н.Сәбитов [2], Ә.Жиреншин [3], М.Бөжеев, Д.Қазбекова, К.Бегімбаева [4], Ж.Нүсіпқызы [5], Ж.Шалғынбай, Г.Илиясова [6] сынды библиограф-зерттеушілердің еңбектеріне сүйенсек, Ыбырайдың «Қазақ хрестоматиясы» оқулығынан кейін 20-ға жуық хрестоматия жарық көрген екен.
Алғашқы хрестоматияларға тән ортақ белгілер:
1.Оқушыны адамгершілікке, имандылыққа, жақсылық пен мейірімділікке тәрбиелей отыра, туған жерді, ата-ана, достар мен туысқандарды сүюге шақыру;
2. Аударма немесе авторлық хикаят, әңгіме, өлеңдерден жасалды;
3. Халық ауыз әдебиеті туындыларынан тұрды.
Ақиқатын айтқанда, хрестоматия оқулықтарының негізгі мақсаты –оқушыны мектепке ғана емес, одан кейінгі үлкен өмірге дайындау, жақсылыққа тәрбиелеп, жаман қасиеттерден сақтандыру, шәкірт бойындағы оқу, түсіну бейімділігін арттыру еді. Сондықтан да хрестоматияларда өмірден алынған оқиғалар мен ғибратты әңгімелер көп берілді.
Мәселен, 1879 жылы Орынбор қаласынан шыққан Ыбырай Алтынсарыұлының «Қазақ хрестоматиясы» еңбегінің алғысөзінде автор: «Жалпы бастауыш оқу құралдары, хрестоматиялар сияқты кітаптар шын білім, пайдалы мәліметтер беретін ғылыми, күрделі оқу құралдарына жол салып беретіндігін, ал мұндай, жалпы білім беретін кітаптардың Азия халықтарының ешбірінде жоқ екенін еске алып, біз мұндай жетекші оқу кұралдарын жақын жердегі орыс тілінен іздеуге мәжбүр болдық. Сондықтан, бұл шығарғалы отырған кітабымыз көздеген мақсатына сәйкес болып, орыстың ғылыми және жалпы пайдалы кітаптарына тікелей жол салып беру үшін және сол орыс кітаптарына мағынасы жағынан да, әрпі жағынан да қайшы келмеуін көздеп, біз осы кітабымызды орыс әрпімен бастырғалы қолайлы деп таптық», – деп оқулықтың жарық көру мақсатын анықтап өтсе, хрестоматияның өзі төрт тарауға бөлінді:
1) балалар өмірінен алынған әңгімелер;
2) әртүрлі жастардағы адамдардың өмірінен алынған әңгімелер;
3) қазақ ақындарының ең жақсы өлең-жырларынан үзінді;
4) қазақтың мақал-мәтелдері [7, 6-б.].
Негізінде «Қазақ хрестоматиясы» еңбегі екі кітап болып шығуы керек еді. Оған дәлел алғысөздегі: «Екінші кітапта, қазақтың төл әңгіме-аңыздарынан басқа, табиғат тарихы мен жалпы тарих жөнінен, география, өндіріс техникасы жөнінен және кеңсе ісін жүргізу үлгілері жөнінен мақалалар қоспақшымыз» [7, 7-б.] деген ағартушының мақсаты дәлел. Сондықтан да алғашқы кітапқа қарағанда екінші кітап жарық көргенде мазмұндық сипаты әлдеқайда күрделі, жаратылыс ғылымдарын қамтыған хрестоматия болуы мүмкін еді. «Қазақ хрестоматиясы» оқулығынан кейін жарық көрген Ы.Алтынсарыұлының тағы бір хрестоматиялық оқулығы 1886 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Мәктубат» кітабы еді. Аталмыш еңбек 5000 данамен екі мәрте (1886, 1889 жылдары) басылады. «Мәктубат» хрестоматиясының мазмұнына назар аударсақ: «Сөз басы; Уақ әңгіме-ертегілер; Балалар турасында; Сәтемірхан; Абылайхан; Талаптының пайдасы; Әке мен бала; Асыл шөп; Бақша ағаштары; Бір уыс мақта; Алтын шеттеуік; Шеше мен бала; Аурудан аяған күштірек; Мейірбан бала; Тышқанның өсиеті; Ізбасты; Түлкі мен ешкі; Қарға мен түлкі; Сауысқан мен қарға; Жан-жануарлардың дауласқаны; Баланың айласы; Әлім кісі; Лұқпан әкім; Зеректік; Малды пайдаға жарату; Дүние қалай етсең табылады; Білгеннің пайдасы; Әдеп; Қанағат; Әділдік; Жомарт; Ақымақ дос; Тәкаппаршылық; Киіз үй мен ағаш үй; Өтіріктің залалы; Надандық; Жамандыққа жақсылық; Сақып; Мақалдар; Таза бұлақ; Сараңдық пен жинақтылық; Сейітахмет; Әділдік көрмеген үшін бір төреге айтылған сөз; Жаз; Өсиет сөздер» деген әңгіме, хикаят, өлеңдерден тұрады. Әр шығарма оқушыны адамгершілікке, қанағатқа, еңбекке, тазалыққа тәрбиелейді.
Ы.Алтынсарыұлының «Қазақ хрестоматиясы», «Мәктубат» оқулықтарынан кейін ақын, жазушы, көсемсөз шебері Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімнің «Әдеп» (1907 жыл, Қазан), «Үгіт» (1907 жыл, Қазан), «Ақыл кітабы» (1908 жыл, Қазан) секілді оқулықтары жарық көреді. Аталмыш еңбектердің жазылу мәнері Ыбырай хрестоматияларынан әлдеқайда өзгеше еді. Өйткені бұл хрестоматиялардың барлығы да аударма емес, авторлық шығармалар болды. «Педагогикалық көзқараста жазылған «Әдеп» кітабы жастарды ата-ананы қадір тұтуға, құрметтеуге, оқу-білімге, мәдениетке шақырды. Кітап 24 беттен, 31 тақырыпшадан тұрады және әр тақырыпша жас баланың тәрбиесіне қажет мәселелерге арналды. Бұл еңбегінде ол қазақ халқының арасында насихатты жақсартып, тәлім-тәрбие санасын көтеру жайын сөз етеді.
М.Кәшім туралы дерек «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №26 санында «Жаһангез» атты мақалада кезігеді. Аталмыш мақалада М.Кәшімнің халық ағарту жұмыстарында зор қызмет етіп жүргені баяндалып, еткен еңбегіне жоғары баға беріледі: «Мұхамедсәлім мырза Кәшімов Зайсан шаһарына келіп ағайындармен танысты. Ұлтымыздың алғашқы көрген сәулесі «Айқап» журналы үшін алушы жиып жүр екен. Өзі сол журналдың шыққаннан бергі дағми тілшісі екен. Ұлт үшін шыққан бір журналдың дамуы үшін бір жыл бойынша ел-жұрт, қатын-баласынан безіп қызмет етіп жүрген бұл мырзаға «Өркенің өссін!» десек лайық. Ұлт жұмысына осындай талапты жігіттер бел байлап кіріссе, қазақ қатарға қосылмайды деп кім айтар. Зайсандағы ағайындар қайтарында қараспақшы болып қалды» [8, 328-б].
М.Кәшім өз оқулықтарында ата-ана мен бала арасындағы, бала мен ұстаз, баламен қоршаған орта айналасындағы сыйластық пен қарым-қатынас мәселелерін ашып көрсетуге, балаларға оқудың маңызын, қажеттілігін дәлелдеуге тырысады. Мұхаметсәлім бала тәрбиесіндегі кемшіліктер мен тазалық мәселелеріне арнайы тоқталады. Мәселен, «Көз әдептері», «Ауыз әдептері», «Құлақ әдептері» бөлімдерінде балаларды жағымсыз қылықтар мен істерден сақтандыра отырып, тәрбиелік ақыл-кеңес береді. Жалпы оқу-ғылымның жұртқа тигізер пайдасы мен игі-ықпалын көрсете келе, әдеп пен ақылды егіз ұғым деп қарастырады. «Әдепте» адам бойында қалыптасқан адамгершілік, әдеп, моральдық принциптерді жоғары ұстаудың аса маңызды екендігі жан-жақты тұжырымдалады [9, 6-7 бб].
«Үгіт» хрестоматиясы 13 үгіттен тұрады. Әр үгіт әртүрлі тақырыпты өзек еткен.
Мұхаметсәлім Кәшімнің «Ақыл» хрестоматиясы балаларды жақсы мінезге, ғылымға, адамгершілікке, салауаттылық пен адал достыққа үндейді. Мәселен оқулықтың «Ақыл» атты бөлімде: «Әй, балалар! Сіздерге мағлұм болсын, адам басқа хайуандардан айырмасы немен болады? Білмегеннен үйренбек, жаман нәрседен тыйылып, жақсы нәрсеге көнбек. Жақсы мінез үйреніп, жаман мінезден тыйылмақ бек һәм оқу, ғылым, ақыл, ойлы болып сөйлеуімен болар», – деп шәкірттерді оқуға шақырады [9, 82-б].
«Ақыл» кітабы 36 беттен тұрады. Мазмұны: «Оқу, «Мектеп», «Намазға жалқаулық», «Әдепті бала», «Сөзді қате айтып, жауап берген асығыс бала», «Жақсы туысқандар», «Ата-ана уа халифа хақы», «Әдеп», Тазалық», «Ашық жүздік, «Пайдалы түрлі сөз», «Тәрбиелі бала», «Сабаққа көңілді бала», «Сабаққа көңілсіз жалқау бала», «Үлкендерді қадірлеуші бала», «Ана-ананы жақсы көрмейтұғын бала», «Ата-ананы жақсы көретұғын бала», «Ақыл», «Балаларға айтылған сөздер», «Тырысу қалай болады?», «Соқыр адам», «Бұ сөзден пайда?», «Өтірік сөйлеуші бала», «Ғылым білу», «Ақыл», «Пайғамбарлар», «Үй іштері», «Жақсы жолдас», «Кітаптар», «Есен-саулық», «Қағба мағзұма», «Халифасын жақсы көретұғын бала» деген 32 әңгіме, үгіт, насихаттан тұрады. Солардың ішінде «Соқыр адам» әңгімесінің түйіні көздің соқырлығына қарағанда адам жанының соқырлығының зарары туралы болса, «Халифасын жақсы көретұғын бала» атты шағын әңгімеде Хасан атты әдепті баланың ұстазына деген адалдығы, кішіпейіл мінезі мен шыншылдығы баян етіледі. Әңгіменің түйінінде: «Әйімде ей, балалар! Сіздер де Хасан сияқты болыңыз. Әдепті уа ақылды болуға тырысыңыз. Жаман істер қылмаңыз. Жақсылыққа оңды мінезді үйреніңіз һәм бек жақсы уа мақтаулы болуға тырысыңыз. Әр заман Алладан бізді молла ғалым қылдырып сұраңыз», – деген үгітпен аяқталады [9, 93-б].
Ыбырай Алтынсарыұлы, Мұхаметсәлім Кәшім секілді ағартушылардың еңбектері – алаш оқулықтарының алғашқы қарлығаштары екендігі даусыз. Осы тұлғалардың хрестоматияларынан кейін жалпы жұртқа мәлім Ахмет Байтұрсынұлының 1909 жылы Орынбор қаласында әйгілі «Қырық мысал» хрестоматиясы жарық көреді. «Қырық мысал» – Ахмет Байтұрсынұлының тұңғыш өлеңдер жинағы. Еңбекте орыс әдебиетінің көрнекті өкілі И.Крыловтың мысалдары тәржімаланған. Ахметтанушы ғалым А.Әбсадықтың зерттеуінде: «A.Байтұрсынұлының «Қырық мысалының» көркемдік әлеміне хәкім Абайдың шығармашылығы белгілі бір дәрежеде әсер еткен. Біріншіден, Абай И.Крыловтың мысал өлеңдерін қазақ топырағына лайықтап жырлаушылардың бірі болды. Екіншіден, Абайдың поэзиясы мен қара сөздеріндегі қазақ ұлтының жай-күйіне қатысты сыншылдық ойлары А.Байтұрсынұлының «Қырық мысалында» жалғасын тапты», – деп пікір білдіреді [10, 93-б]. Шынымен де, хрестоматияда Абай өрнегі болғанымен, біздің ойымызша, бала психологиясын түсінуде Ыбырай Алтынсарыұлының «Қазақ хрестоматиясы» үлгісінің ізі жатқанын анық байқауға болады.
Ал әдебиеттанушы ғалым Р.Нұрғалиев «Қырық мысал» хрестоматиясындағы аудармалардың ерекшелігі ретінде: «Сюжет сақталғанымен, еркіндік басым, қазақ тұрмысына жақын идеялар, замана тынысын танытатын жаңа ойлар», – деп баға береді [11, 7-б].
1909 жылы шыққан «Қырық мысал» оқулығы 1913 жылы қайта басылып шығады. Бұл туралы дерек алашұранды басылым «Қазақ» газетінде: «Екінші рет басылып шықты. «Қырық мысал». Ахмет Байтұрсыновтың қазақша өлең мен мәшһүр Крылов басниаларынан тәржіме етіп шығарған кітап. Бұл кітаптың тілі жеңіл, басылуы әдемі, емлесі «Қазақ» емлесі. Бағасы 25 тиын, пошта арқылы 30 тиын. Алдырушыларға адрес мынау: Оренбургъ, ред. газ. «Казак», – делінген жарнамада беріледі [8, 180-б].
Мұхаметкәрім Дибердінің 1910 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Қазақ балаларына қирағат» атты хрестоматиясы көп айтылмай, зерттелмей жүрген оқулықтардың қатарынан саналады. Алаштанушы ғалым Ә.Ахметұлының зерттеуінше: «Кiтап 26 беттен тұрады. Көлемi кiшкентай бұл кiтапты алғаш қолға алушылар дiн қағидаттарын үйрететiн ескiше оқулық деп қалуы да мүмкiн. Бiрақ, мүлде олай емес. Оқулықта дiни бiлiмдермен қоса қазақ және өзге де алаш жұртына ортақ шағын хикаяттар, тәлiм-тәрбие жөнiнен құнды қысқа да нұсқа әңгiмелер, тiптi есептеу амалдары кipiстipiлген» [12].
Ал Мұхаметкәрім Дибердінің өзі туралы татардың ашық энциклопедиясында: «Дибердиев Мухаммад-Юсуф Мухаммедаминович. Атақты өнеркәсіпшілер Дибердиевтер отбасынан. Қазан, Уфа және басқа қалаларда өмір сүрген. Ол ағаларымен бірге Симбирск губерниясында зауыттарға ие болды. Мешіт салуға қаржы бөлді, жаңа үлгіде салынған медреселерге қолдау көрсетті. Санкт-Петербургтегі Собор мешітінің құрылысына ақша жинау жөніндегі уәкілетті тұлғалар комитетінің мүшесі болды. Меккеге қажылық жасады. Татар мерзімді баспасөзінде діни реформа тақырыбына мақалалар жариялады. Оның шығармашылығына ақын-мистик Аллахияр сопы әсер еткен. «Эшче намазы» («Молитва рабочего», 1910), «Олугълык нәрсәдә? Шәрекъ хикәясе» («Ұлылық неде? Шығыс хикаясы», 1912 ж.) атты еңбектердің авторы», – деген мәліметтер ғана кездеседі [13]. Сондықтан да тұлға туралы зерттеулер аз болғандықтан, қазақ оқулықтарының алғашқыларының бірі саналатын «Қазақ балаларына қирағат» кітабы әдістемелік тұрғыдан әлі күнге дейін толықтай зерттелмеді.
«Қазақ балаларына қирағат» хрестоматиясының бізге белгілі екі түпнұсқасы бар. Бірі Алматы қаласындағы Орталық ғылыми кітапхананың сирек қорында, екіншісі ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақтаулы. Солардың ішінде Ұлттық кітапханадағы «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қызметіндегі хрестоматияның бір нұсқасын қолымызға алып, ескі қаріптен қазіргі қаріпке түсіру барысында оқулықтың мазмұндық сипатының айрықша екендігіне көз жеткіздік. Мәселен, «Қазақ балаларына қирағат» кітабы: «Біздің дініміз», «Мектеп», «Бір бала мен ит», «Хазірет Ғұмар», «Құмырсқалар», «Есек пен сандуғаш», «Сабыр қылу», «Мысық тойы», «Жақсылық жерде жатпас», «Оңбаған бала», «Қышабай мен қыз құрдасы», «Алла Тағаланы білу», «Жақсылық», «Хисаптан бір сабақ», «Өгіз бен шіркей», «Хазірет Хасан һәм хазірет Хүсейін рассулилах», «Адамның мүшелері», «Молдажан не үшін бақытты болды?», «Доңыз бен ит», «Қыр жапырағы», «Мысық пен тышқан», «Жалған дос», «Алла Тағала әркімнің ризығын жеткізеді», «Кәсіп. Шаһман мен әкесі», «Зерек шәкірт», «Жұрт һәм дала хайуандары», «Қасқыр мен қой баласы», «Тауықтың айғыры мен мирур кесегі», «Сабақты білсең, рахат ойнарсың», «Байлық», «Бақа мен темірші», «Намаз», «Надандық», «Тышқандардың қайраты», «Ораза», «Қиянат», «Қанағат» деген 39 хикаят, әңгіме, насихаттан тұрады. Әр туындыда шәкірт бойындағы адамгершілік, имандылық, жақсылық әдеттерін ояту мақсатында көтерген ерекше мәселелері бар. Солардың ішінде «Қыр жапырағы» атты хикаяның мәтініне назар аударуды жөн көрдік.
«Қыр жапырағы»
«Қырда өскен бір жаман жапырақтан сұрайды: «Сен бір жаман жапырақ едің, қалайша жақсы болдың?» деп. Жапырақ жауап берді: «Рас айтасыңдар, мен жаман жапырақ едім. Бірақ қалампыр жанында өстім. Оның жақсы иістері маған да жұғып қалды» деді. Бір кісі жақсы адамдардың жанында жүрсе, жақсылық жұғып қалады.
Мінекей, балалар! Сіздер де жақсы адамдар жанында жүруге ойлаңыз. Жақсылық үйренерсіз. Осы сөзді жақсы байқаңдар» [14, 14-б].
Міне. осылай Мұхаметкәрім Диберді «Қазақ балаларына қирағат» еңбегінде бір хикаятың мысалымен оқушы бойындағы жақсы әдеттердің көзін ашады. Хрестоматияда дәл осындай сипаттағы туындылар жетерлік.
1910 жылы М.Дибердінің хрестоматиясымен қатар Спандияр Көбейдің «Үлгілі тәржімә» хрестоматиясы да Қазан қаласынан жарық көреді. Спандияр Көбей 1878 жылы Торғай облысында (қазіргі Қостанай облысы) дүниеге келген. Ыбырай Алтынсарыұлы ашқан қазақ-орыс мектебінде сауат ашып, Қостанайдағы бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын училищеде білім алған. Кейіннен Петропавлдағы орыс-қазақ мектебінде қызмет істеп жүрген кезінде өзінің бұрын Крыловтан аударып, ауызша айтып беріп жүрген мысалдарын жинап, түзеп, толықтырып, баспаға жібереді. Ол кітап – «Үлгілі тәржімә».
«Үлгілі тәржімә» хрестоматиясы 104 беттен, 44 шығармадан тұрады. Олардың 43-і аударма болса, «Мекен» атты өлеңі қаламгердің өз туындысы. Спандияр Көбейдің «Үлгілі тәржіме» жинағында басылған мысал өлеңдер: «Күйеу таңдаған сұлу қыз», «Өтірікші», «Аң ауласқан қоян», «Емен мен тал шыбық», «Шал мен өлім», «Қасқыр мен тырна», «Маймыл мен айна», «Қасқыр мен мысық», «Шымшық пен көгершін», «Маймыл мен көзілдірік», «Аққу, шортан һәм шаян», «Көлбақа мен өгіз», «Қарға мен түлкі», «Аңға шыққан арыстан», «Маймылдар», «Қасқыр мен қозы» және тағы басқа өлеңдер.
Спандияр Көбейдің «Үлгілі бала» (1912 жыл, Қазан қ.) хрестоматиясы 76 беттен, 99 туындыдан тұрады. Оқулық туралы туралы қаламгердің 1951 жылы жарық көрген «Орындалған роман» атты кітабының алғысөзінде: Бұл кітапқа, автордың өзі жазғандарынан басқа, А.Крыловтан аударылған мысал өлеңдер, қазақ, орыс, тағы басқа халықтардың ауыз әдебиеті шығармалары кірген. Сонвмен қатар, табиғат құбылыстары, география, әралуан өсімдік, жануарлар туралы мағлұматтар беретін, балалардың ұғымына сыйымды және қызықты етіп жазылған қысқа-қысқа әңгіме мысалдар бар.
Хрестоматияға кірген әңгіме, өлең, мысалдардың, табиғаттану жөніндегі материалдардың негізгі идеясы – өнер-білім, әділет, әлеуметтік теңдік, адамгершілік екенін көреміз. Мұндағы әрбір өлеңде де, әңгімеде де өнер-білімге шақыру, шыншыл болуға үндеу («Өтірікші»), жетім-жесірлерді, нашарларды аяу («Жетім бала», «Жетімнің өлеңі», т.б.), қайырымсыз, қатыгез айлалыларды әшкерелеу («Арыстан мен тышқан») – сол шығармалардың негізгі идеялық ой түйіні, басты арқауы болып отырады [15,10-б].
1911 жылы Орынбор қаласында жарық көрген тағы бір оқулық – Мұхамедораз Нұрбайұлының «Көргенді бала, үлгілі ана» кітабы. М.Нұрбайұлының «Көргенді бала, үлгілі ана» хрестоматиясы қазіргі таңда көп айтылмай, зерттелмей, қазіргі қаріпке түспеген, жалпы халыққа беймәлім еңбек. Қазіргі уақытта кітаптың бір нұсқасы ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақтаулы.
Оқулықтың алғашқы бетінде: «Қазақ уа қырғыз тілінде әдебиеті балалары үшін ахлаққа даяр болған қирағат кітаптары» деп жазылса, одан кейінде:
«Алыңыз бұ кітапты біліп қадірін,
Иншалла, пайдалы болар деймін.
Оқытыңыз балаларды жинап бәрін,
Оқытсақ қарап тұрмай қысы жазын», – делінген автордың бір шумақ өлеңі берілген [16, 1-б].
«Көргенді бала, үлгілі ана» хрестоматиясы:
1.«Көргенді бала;
2.Үлкен аға, кіші інілеріңізге бір-екі сөз;
3.Үлгілі ана;
4.Дұрыс бала мен бұрыс балаға бір-екі сөз» деген 4 тарау мен 30 бетттен тұрады.
Хрестоматия қара сөзбен ғана емес, кейбір тараулары өлең арқылы жазылған. Тұтастай алғанда оқулықтың мақсаты – мектепке дейінгі баланы жақсы әдеттерге баулу, жаман қасиеттерден тыю, адамгершілікке тәрбиелеу болса, жас аналарға ұрпақ тәрбиесіне байланысты ғибратты насихаттар беріледі. Сөзіміз дәлелді болуы үшін талдап көрейік.
1912 жылы Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан қос бірдей хрестоматия жарық көреді. Олардың бірі – ақын, жазушы, ұстаз Тайыр Жомартбайдың «Балаларға жеміс» кітабы болса, екіншісі – алаш қозғалысының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз Мұстақым Малдыбайдың «Қазақша оқу кітабы» еді. Екі кітап та өздеріне дейінгі оқулықтардың ізімен жарық көрген, әдістемелік ерекшелігі соны оқулықтар болатын. Солардың бірі Мұстақым Матақұлы Малдыбайдың «Қазақша оқу кітабы» еді.
Алаштанушы ғалым Е.Тоқтарбай «Алаш қайраткері Мұстақым Малдыбайдың тұлғасы» атты мақаласында тұлғаның ғұмыры мен шығармашылығы жөнінен мол ақпарат береді. «1909-1912 жылдары Қарағаш қаласындағы «Мамания» мектебінде оқытушы, кейіннен оқу бөлімінің меңгерушісі, соңғы жылы мектеп директоры қызметін атқарыпты. Алаш қайраткері, азаттық жаршысы Барлыбек Сырттанұлының ұсыныс-тілегін қабыл алып, Жетісуға оқу-ағарту ісімен айналысу үшін һәм білім, иман дәнегін себу үшін келіскен екен. Уфадағы «Ғалия» медресесін тәмамдаған Сарыарқаның тумасы. «Мамания» мектебіне қатысты тарихи құжаттарды ақтарғанда, бұл кісі «Хадис», «Усули хадис. Хадисті түсіну», «Фиқх», «Сиярат-Нәби», «Араб тілі. Морфология», «Түркі тілдері», «Орыс тілі» пәндерінен оқушыларға дәріс оқыған екен. ХХ ғасырдың 1905-1910 жылдар аралығында қазақ тілінде жазылған оқулық болмаған-ды. Мұғалімдер мектептерде амалсыз татар, башқұрт тілдерінде жазылған кітаптарды оқытуға мәжбүр болған» [17, 93-б].
Мұстақым Малдыбайдың 1912 жылы жарық көрген «Қазақша оқу кітабы» хрестоматиясының мұқабасында автордың оқулық жазудағы мақсаты ретінде:
«Қазақтың баласына жаздым арнап,
Төте жол жаңа оқу мен хазырландым.
Талап қылып, басқалардай сен де адам бол,
Ішінде шырт ұйқының жатпай парлап», –
деген өлең шумағы беріледі [17, 28-б].
«Қазақша оқу кітабы» – 25 мысал, өлең, әңгімеден тұрады. Солардың қатарында оқулықтағы мысалдардың атауын ғана атасақ: «Құлын мен қозы», «Екі өгіз, бір арсылан», «Талапкер тышқан», «Аюдың тойы», «Масаның жақсылығы», «Ат, сиыр һәм ит», «Арсылан, қасқыр, түлкі, ит», «Бұлан», «Қазан мен шөлмек», «Түлкі мен жүзім жемісі», «Арслан һәм тышқан», «Шал мен түлкі», «Ит пен мысықтың достығы», «Мысық пен тышқан», Арсылан мен адам», «Мысық пен егеу».
Мұстақым Малдыбай «Қазақша оқу кітабымен» бірге «Қазақша ең жаңа әліппе», «Иман һәм намаз яки мұсылмандық» оқулықтарын жазады. Бұл еңбектердің барлығы бүгінгі таңда қазіргі қаріпке түсірілді және Мұстақымның тұңғыш шығармалар жинағы алаштанушы-ғалым Елдос Тоқтарбайдың құрастыруымен 2021 жылы жарыққа шыққан болатын.
1912 жылы Семей қаласында жарық көрген тағы бір хрестоматия – ақын, жазушы, ұстаз Тайыр Жомартбайдың «Балаларға жеміс» оқулығы еді. Т.Жомартбайдың ұстаздығы жайынан абайтанушы, әдебиеттанушы ғалым Қ.Мұхамедханов: «Жаңашыл педагогтың медреседе жаңа әдіс бойынша сабақ беруі ескішіл молдаларға ұнамайды. Ақынның өнер-білімді насихаттап, молдалардың өзімшіл мінез-құлықтарын әшкерелеп жазған өлеңдері олардың өшпенділігін онан сайын күшейте түседі. Тайыр бір өлеңінде:
…Ақыратын сөйлеме деп қалды заман,
Хазіреттер періште емес, болды пенде.
Толтырған жердің жүзін ғылым-хикмет,
Ғибрат жоқ кең шапан мен ұзын жеңде», –дейді. Ақынның осы сияқты өткір сөздері кертартпа кекшіл хазіреттердің ашу-ызасын келтіреді. Ақыры олар Тайырды медреседен қуады. Бұл оқиға 1916 жылы болады» деген мәлімет келтірсе, Тайыр Жомартбайдың «Балаларға жеміс» хрестоматиясы туралы: «Балаларға жеміс» 1912 жылы басылып шыққаннан бастап, сол кездегі Семей облысындағы мұсылман мектептерінің оқу құралы болды», – деуінен ағартушы еңбегінің өз заманында сұранысқа ие оқу құралы болғанын аңғарамыз [18, 174-175 бб].
Т.Жомартбай 1913 жылы Заречний Слободкада Иахия қажы мектебінде қарапайым мұғалім болып жүргенде алашұранды басылым «Қазақ» газетінің басқармасына хат жазады. Хаттағы негізігі мәселе – оқу-ағарту жұмысының келеңсіздігі, дұрыс атқарылмауы. Дәлірек айтқанда, оқулық мәселесі еді.
«...Шала-шарпы хат таныған кісінің мұғалімдік атағын құрып, халықтың көзін бояп жүргені секілді, қазақ ішінде ноғайдан майын мініп жүрген ілгерілі, кейінді жазылған шала әліпбилер аз емес. Усул тағлимынан тіпті хабары жоқ біреу кітап жазады (әліпби), сол жазған кітабы оқушыларға пайда берерлік пе, жоқ па? Оны бақыламайды. Сол шала кітабымен ұлттың жанынан қадірлі балаларының миын айналдырып миғұла қылады. Осы да кітап жазғандық болар ма?», – деген пікірінен Т.Жомартбайдың әуелі азаматтық ұстанымын, ұстаздық ниетін, көңілқос жанашырлығын аңғарамыз.
Т.Жомартбайдың «Балаларға жеміс» хрестоматиясы 16 тақырыптағы поэзиялық туындылардан тұрады. Олардың қатарында Л.Н.Толстойдан тәржімалаған «Махмұд патша һәм қайыршы» атты көлемді аудармасы бар.
Хрестоматияның мұқабасында:
«Неге болды кісіде
Екі құлақ, жалғыз тіл.
Көп естісін, аз сөйлеп,
Дегені ғой соны біл», – деген өлең шумағы беріледі [19, 1-б].
Хрестоматиядағы өлеңдер атаулары: «Мектептің ішінде», «Мектепке шақыру», «Ыждиһатты бала», «Балаларға насихат», «Жалқау бала», «Балаларға өнеге», «Балалардың тілегі», «Жетім баланың мұңы», «Рахымды кемпір», «Үлкен әке һәм немере», «Рахымды жолдас», «Ыждиһатты баланың надан атаға айтқан сөзі», «Балаға атаның айтқан сөзі», «Махмұд патша һәм қайыршы», «Замандастарға қарап», «Біздің хал».
1912 жылы Қазан қаласындағы ағайынды Кәрімовтер баспасынан шыққан тағы бір хрестоматия – Ішкі ордалық қазақ шәкірттерінен Ахмет Мәметұлының «Әбрият» (Өнеге) кітабы. «Әбрият» кітабы 31 беттен тұрады. Мазмұны: «Бір-екі сөз», «Алғысөз», «Сөз басы», «Аталарға», «Балаларға», «Әдеп», «Әдептің пайдасы», «Өткен уақыттар», «Ұмыл», «Байларға», «Қомағайдың сазасы», «Орысшадан тәржіме», «Тәкәппардың сазасы», «Имамдардан», «Жарлыққа себеп», «Бір-екі ауыз жыр», «Басшылардан».
Зерттеуші ғалым Қ.Тұрдығазыұлының «Қазақстандағы бастауыш мектептердің қалыптасуы мен дамуы» атты еңбегінде: «Ғибрат» кітабының көлемі жағынан шағын болса да, қазақ тілінде шыққан бұл еңбектің мектеп балаларын оқытып тәрбиелеуде алатын орны ерекше маңызды болған демекпіз. Бұған себеп, бұл кітаптағы оқу материалдарының мазмұнымен танысу барысында қалыптасатын ой желісі оқу-білімге шақырып, тәрбие қырларын қалыптастыруға, әсіресе, әдептілікке бейімдеуді түрлі мысалдар мен өлең жолдарында салыстыра береді», – деп хрестоматиялық оқулықтың мазмұндық сипатына баға береді [20, 163-б].
Шынымен де, «Әбрият» еңбегінің түпнұсқасын оқыған кезде әрбір туындының балалардың бойындағы адамгершілік, әдептілік қасиеттерін оятумен бірге, балаларды оқуға шақыруда маңызы ерекше болғанын көреміз. Мәселен, «Бір-екі сөз» деген автордың алғысөзінде ғасыр басындағы халықтың оқуға деген көзқарасы ашық сыналады:
«Заманның төріне қарап һәрбір милләттар (халықтар) алға қарап ұмтылуда. ...Еткен жігерлерінің арқасында күннен- күнге ғылым ,өнерлері де алға қарап жүріп бара жатыр. Енді біз қазақтарға қарасақ, тіпті басқа заман, баяғы замандық жалғаулық жақтарын қуаттай береді. Ғылымға бірде ыждихаттары жоқ: жоқ болуының белгісі балаларыңызды оқуға беріңіз. Надан қоймаңыз, оқытып кісі қылмақтық сізге міндет деп айтса, сондағы беретұғын жауаптары: менім балам оқып, указиеге басқа бір әкім-һәкім болмай-ақ қойсын. Біз ата-бабаларымыз оқусыз-ақ күн көріп жүрген, сонда да оқыған кісілерден кем болған жоқ. Солардай болса жарар. Артығы керек емес, – деп жауап береді» [21, 1-б].
Ал «Балаларға» атты өлеңде:
«Балалар, тыңдаңыз сабағыңды,
Ойынға көңілді ала бұрма.
Тырысып оқысаңыз сабағыңды,
Ешкімнің қарамассыз қабағына», – деп жас балаларды оқуға шақырса [21, 11-б], «Әдеп» атты өлеңде:
Екінші, әдеп керек балаларға,
Әдепті адамдардан саналарға.
Әдеп ...ол бір сұңқар
Мысалы әдепсіздік қара қарға,– деп білімді адамның зор белгісінің бірі – әдеп екенін шәкірттерге бейнелі түрде түсіндіреді [21, 12-б].
Алғашқы қазақ хрестоматияларының бірі – 1913 жылы Қазан қаласында жарық көрген ақын, тілші, ағартушы ұстаз Кенжеғали Ғабдоллаұлының «Өнеге яки нәмуне» атты оқулығы еді. Кенжеғали Ғабдоллаұлының осы хрестоматиямен бірге «Қазақ балаларына жәрдем» атты әліппесі де бар. Аталмыш оқулық алғашқы қазақ оқулықтарының қарлығашы болып саналады.
Кенжеғали Ғабдоллаұлының хрестоматиясы әлі күнге дейін қазіргі қаріпке түспеген, көп зерттелмей жүрген оқулық. «Өнеге яки нәмуне» хрестоматиясы 20 беттен, 7 шағын насихат пен 6 әңгімеден тұрады. Аталмыш еңбектің түпнұсқасын қазіргі қаріпке түсіру барысында хрестоматияның мазмұндық сипатының өзіне дейінгі хрестоматиялардан әлдеқайда өзгеше екендігіне көзіміз жетті.
Мәселен, хрестоматияда оқушыны адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеуде әуелі ата-ананы құрметтеуден бастап, кейіннен халықты, көршіні, ауылды, мұсылмандарды сүю керектігі туралы шағын насихаттар берілген. Әр насихаттан кейін автор оны «Жантөрі», «Өнерлі өрге жүзер», «Бір ғалым мен екі надан», «Дұрыс болудың пайдасы», «Шәкірттерге» деген әңгіме, хикаяттармен түйіндеп отырған. Кез келген әңгіме, хикаят болсын, барлығының сюжеттік, мазмұндық, идеялық негізі соны, ерекше деуге болады.
Кенжеғали Ғабдоллаұлының «Өнеге яки нәмуне» атты хрестоматиялық оқулығынан кейін жарық көрген кітап алаш қайраткері, көсемсөз шебері, ақын, ағартушы М.Дулатұлының 1916 жылы Орынбордағы «Ғ.Ғ.Хусаинов шеркасының» баспаханасынан шыққан «Қирағат» атты кітабы еді.
«Қирағат» кітабының жарыққа шығуының үлкен себебі бар. «Кітап автордың мұғалімдерге арнап жазған алғысөзімен басталады. Алғысөзде қазақ даласында екі түрлі (орысша, мұсылманша) оқыту тәртібіне талдау жасайды да, ескі мұсылманша хадим оқуының кемшіліктеріне тоқталады. Ескі араб әрпімен жазылған кітаптарды мұсылман мектептерінде шәкірттердің түсінбей, құрғақ жаттауы салдарынан 5-6 жыл оқыса да хат танымай қалатыны айтылады. Автор ХХ ғасыр басында Қазан, Уфа қалаларынан төте «жәдид» оқуымен оқып шыққан қазақтың мұғалім жастарына төте оқудың әдіс-тәсіл ерекшелігін түсіндіре, талдай келе, қазақ тілін татар, башқұрт тілдерімен шұбарламай оқытуға, тіл тазалығы үшін күреске шақырады. Ол кездегі оқыған мұғалім жастар не орыс мектебінде, немесе татар мектептерінде 7-8 жыл оқып келіп, сабақты түсіндіргенде орысша немесе татарша, башқұртша сөздермен араластырып, «тіл шұбарлап» оқытуды әдет қылып алған еді. М. Дулатұлы қазақтың оқыған жастарының ана тілін қадірлеуіне үндей келе, оған қолдарында таза қазақша жазылған оқу құралдарының болмауы да себеп болғанын ескертіп, міне, сіздер керек еткен қазақ тіліндегі оқу кітаптарының бірі осы біз ұсынып отырған «Қирағат кітабы», – деп М.Дулатұлы «Қирағат» кітабының асыл мақсатын көрсетеді [23, 6-б].
Шынымен де, аталмыш хрестоматияның ерекшелігі – өзіне дейінгі оқулықтардың аралас тілді қолданған қателігін жасамай, қазақтың саф тіліндегі інжі-маржандарын шәкірттің бойына сіңіре отырып, оларды ұлтшылдыққа, адамгершілікке тәрбиелейді. Сонымен қатар, аталмыш еңбек қара өлең мен қара сөздің бірнеше жанрын қамтығанымен, толымдылығымен, көлемділігімен ерекшеленеді.
«Қирағат кітабы» 1916 жылы алғаш рет жарық көріп, 1923 жылы толықтырылып басылады. Біз зерттеуімізде «Қирағат кітабының» 1923 жылы шыққан мазмұндық сипатын қарастырамыз. «Қирағат» кітабында 98 өлең, ертегі, мысал, әңгіме, хикая мен жыр, мақал бар. Олардың арасында автордың төл туындылары мен аудармалар, фольклорлық туындылар да кездеседі. Сонымен, алғашқы қазақ оқулықтарының ішінде хрестоматиялардың әдістемелік ерекшеліктерін зерттеу, ұлттық педагогика, ұлттық мектеп мәселелерін бүгінгі күнмен байланыстыру, олардың хронологиялық тұрғыдан санын анықтап, қазіргі қаріпке түсіру, ғылыми түсініктерін беру әлі де болса кешенді зерттеуді қажет етеді. Өйткені XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы алғашқы оқу кітаптарының дамуы тұтас ғасырлық процеске айналды. Алғашқы оқу кітаптары сол кездегі халыққа күн көзіндей сәуле беріп, темірқазықтай бағдар болды. Ғылым мен білімге, өнерге даңғыл жолын салды. Бұл тақырып тәуелсіз көзқарас негізінде жаңаша зерттеліп, бағалануы қажет.
Ертай БІЛӘЛ,
ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері, алаштанушы
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Есова С., Субханбердина Ү., Сейфуллина Д. Қазақ кітаптары (библ.көрсеткіш 1807-1917). – Алматы, 1986. – 285 б.
2. Сәбитов Н. Қазақ әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші (1862-1917). – Алматы, 1948. – 186 б.
3. Жиреншин Ә. Қазақ кітаптарының тарихынан. Қазақстан. – Алматы, 1971. – 178 б.
4. Бөжеев М., Қазбекова Д., Бегімбаева К. Революцияға дейінігі қазақ тілінде шыққан әдеби кітаптар. – Алматы, 1978. – 170 б.
5. Кәрі Ж.Н. Жиынтық каталог (1806-1917). – Алматы: ҚР Ұлттық кітапханасы, 1998. – 177 б.
6. Шалгынбай Ж., Ильясова Г. Казахская книга в собрании библиотек, архивов и музеев Казахстана и России (XIX-начало XX вв): историко-источниковедческие исследования. – Алматы: 2014. – 398 с.
7. Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы. – Алматы: «Білім», 2007. – 112 б.
8.«Қазақ» газеті. 1913 жыл. 2-басылым /Құраст: Смағұлова С., Әнес Ғ., Замзаева Т. – Алматы: «Арыс», 2018. – 480 б.
9. Кәшімов М. Шығармалар жинағы. – Алматы: «Елтаным», 2014. – 216 б.
10. Әбсадық А. Серт: Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздық қызметі мен шығармашылығының беймәлім деректері. Монография. – Алматы: «Арыс», 2022. – 232 б.
11.Алып бәйтерек // Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. Мақалалар және әдеби зерттеу/ Құраст. Р.Нұрғалиев. – Алматы: «Жалын», 1991. – 464 б.
12. Ахметұлы Ә. Алаш баласының алғашқы оқулықтары [Эл. ресурс]. – 2018. https://tilalemi.kz/kz
13.Татарстан ұлттық энциклопедиясының ресми сайты [Эл. ресурс]. https://tatarica.org/ru
14.Дибердіұлы М. Қазақ балаларына қирағат. – Қазан: Каримов, 1910.
15.Кубеев И. Сбышееся мечта (на казахском языке). – Москва: Каз. Гос.Уч.-Пед. изд-во. 1951. – 211 с.
19.Жомартбай Т. Балаларға жеміс. – Семей: «Жәрдем», 1912.
20.Тұрдығазыұлы Қ. Ахмет Байтұрсыновтың бастауыш мектеп жайлы педагогикалық мұралары. – Алматы, 2003. – 147 б.
21.Мәметұлы А. Әбрият. – Қазан: Каримов, 1912. – 16 б.
22.Ғабдоллаұлы К. Өнеге яки нәмуне. – Қазан: Каримов, 1913.
23.Дулатұлы М. құраст.: Дулатова Г., Иманбаева С., Жұмағұлов С. – Алматы: «Мектеп», 2003. – 346 б.
318 рет
көрсетілді0
пікір