- Мақала
- 30 Қыркүйек, 2024
Елдестірмек – елшіден
Өткен ғасырдың сонау сексенінші жылдары сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің араб және қазақ бөлімдеріне бір топ үміткер бірінші курсына қабылданды. Олардың арасында Қостанай өңірінен әскер қатарынан босап, оқу іздеп келген келген өрімдей жас Омаров Балтабай да бар болатын. Бірінші курстың студенті атанған оның басты ерекшелігі газет-журналдарды мүлт жібермей оқып отыратындығы және саясаттан мол хабары бар екендігінде еді. Ауғанстан туралы, оның әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайы туралы, Аятолла Хомейни туралы, оның жүргізіп отырған саясатын жілікше шағып бергенде, қасындағы тыңдап отырған серіктері ауыздарын ашып отырып қалатын. Ол кезде олардың көбі сыртқы саясатты айтпақ түгіл Аятолланың кім екенін білмейтін. Бәрі де осы жігіттің бойында ертең алысқа шабатын тұлпардың шабысы, жігері, білімі бар екеніне, ертең биіктен көрінетініне сенім отын ұялатқандай болған. Ол сенімдері алдамапты. Университет қабырғасында бес жыл бойы көшбасшы-лидер болған ол өз ғұмыр жолында талай мемлекеттің есігін ашып, сыртқы саясатта жұмыс істеп келгені белгілі. «Ерен еңбегі үшін», Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін «Еңбек ардагері» медальдарымен, Сыртқы істер министрі мен Президенттің Алғыс хаттарымен марапатталған, «II класты Төтенше және Өкілетті Уәкіл» дипломатиялық дәрежесіне ие. Қазақстан Республикасының Сенаты мен Мәжілісі аппараттарында жауапты қызметтер атқарған, бүгінде зейнеткерлік демалыстағы Балтабай Омаровпен әңгімелесудің сәті түсті.
– Балтабай Төребайұлы, талаптансаңыз, сізден бір жақсы экономист, болмаса жақсы бір заң қызметкері шығар ма еді?! Дипломатияның өкілі болу – біз үшін сирек мамандық. Еліміз бойынша олардың жалпы саны саусақпен санарлық десек те болатын шығар. Осы салаға қалай келіп едіңіз?
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық бар ғой. Әкемнің, анамның, мектептің, ұстаздардың ықпалы зор болды деп ойлаймын. Әкем ескіше оқығаны бар, арабша сауатты, төте жазулы кітапшаларын тастамай, қолына алып, жиі оқып отыратын. Социалистік, коммунистік идеология, атеизм өршіп тұрған заманда туып өстік. Жұма күндері бала-шаға, үлкен-кіші жиналатын түскі ас кезінде терезе пердесін жауып, міндетті түрде аруақтарға сүре оқып, дұғасын бағыштайтын. Бала кезімде жазғы демалыста әкем жанында қырда бірге болатынмын. Осы кезеңнен есімде ұзаққа сақталғаны әкемнің ескі кітаптарын ежіктеп дауыстап оқуы еді. Маған түсініксіз араб тілінің әуезі құлаққа жағымды болып естілуші еді. Бірде әкем құлағыма жақын отырып аяттарды оқи бастады, әлі күнге дейін есімнен шықпаған сөздер фатиха, ықылас басқа да сүрелердің үзінділері еді. Сол кездегі қариялардың айтуынша, әкем Ясин және басқа сүрелерді толық жатқа айтқан көрінеді. Кейін бастауыш мектеп сыныптарында болу керек, әкем кешкі бос уақытында үйімізде жаздырып алатын көптеген газет-журналдарды оқыта бастады. Қазақ тіліндегі аудан, облыс газеттерінен соң, Орталықтың «Правда», «Известия», т.с.с. газеттеріне де шолу жасайтынмын. Бірде осы мәскеулік басылымдардан араб елдеріне қатысты жаңалықтарға көзім түсті. Келесі кезекте осындай халықаралық сипаттағы ақпаратты теледидардан көріп еститін болдым. Соның ішінде әсіресе «Международная панорама» және Ауғанстандағы соғысқа арналған басқа да бағдарламалардан халықаралық журналистердің хабарларын үзбей оқып, тыңдаймын. Есейе келе осы тақырыпқа, әсіресе Таяу Шығыс аймағына қатысты оқиғаларға, ақпаратқа қызығушылығым арта түсті. Ақыры 1978 жылы әскери жолдамамен ол кездегі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің араб тілі бөліміне оқуға түсіп, 1984 жылы осы мамандықты қызыл дипломмен аяқтап шықтым. КазГУ-де 80-жылдары «Студенческая весна» деген қателеспесем, одақтық көлемдегі студенттік өнер фестивалі, ғылыми-зерттеулер конференциясы өтетін еді. Сол конференцияға Палестина-Израиль шиеленісіне арналған ғылыми жұмыс жазып шықтым, абырой болғанда сол шағын еңбегім жоғары бағаланып, Орталық телевидениеде ол туралы менің қатысуыммен арнайы ақпарат та шыққан болатын. Еңбек жолым Қазақ ССР Мемлекеттік архивінің революцияға дейінгі қорында басталып, тарих саласындағы білікті мамандар жетекшілігімен аталған қордағы төте жазулы архив құжаттарын зерттеумен шұғылдандым. Ол кезде зерттелген көптеген тақырыптар болды, соның ішінде Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық күресіне, Жеті Жарғының Ғабит Мүсірепов архивінен алынған нұсқасына, Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлиннің эпистолярлық мұраларына қатысты көптеген архивтік құжаттар болатын. Осы жолдағы тәжірибем менің санама араб тілінің ерекшеліктері, араб жазулы кітап, құжаттар, құнды жәдігерлерді оқу мен зерттеудің маңыздылығын біржола сіңдірді.
– Шет елдегі еңбек жолыңыз қай елден басталды? Алғашқы қызметіңіз қандай еді?
– Жоғарыда айтқанымдай, 1984 жылы университетті бітіріп, мемлекеттік архивте тәжірибе жинақтап, Ғылым академиясының Тіл білімі институтының академик Смет Кеңесбаев басқаратын Тіл тарихы және түркология бөлімінде ғылыми қызмет атқарып жүргенде институт директоры, академик Әбдуәлі Туғанбайұлы Қайдаровтың ұсынысымен сол институттың аспирантурасына оқуға түстім. Қазақ тіл білімі ғылымының жаңадан дамып келе жатқан этнолингвистика бағыты бойынша қазақтың әдет заңдарына қатысты зерттеуге үлкен қызығушылықпен кірісіп кеткен кезімде еліміздің Қорғаныс комиссариатынан жедел шақыру түсті. Ол мекемедегі жауапты тұлғалардың айтуынша, мен жақын арада арнайы тексеріс пен дайындықтан өтіп, кеңес одағы Қорғаныс министрлігінің қарамағына Мәскеуге баруым керек екен. Ұзақ мерзімді дайындықтан өтіп болған соң, КССР Қорғаныс министрлігінің Душанбе қаласында өткен арнайы кадрлық комиссиясының шешімімен алдағы жақын уақытта мен Ұлы Ливия Араб Социалистік Халықтық Джамахириясына ұзақ мерзімді іс-сапарға шығуым бекітілді. Осылайша 1988 жылдың басында өмірімде тұңғыш рет араб еліне сапар шектім. Өздеріңізге жақсы белгілі, бүгінгі күні 22 араб мемлекетінен құрылған Араб елдері лигасына мүше-елдер Солтүстік Африка – Мағриб, Батыс Азия – Машриқ пен Араб жазирасы (түбегі) аймақтарында орналасқан. Ливия соның Мағриб елдері географиялық тобына жатады. 1991 жылы кеңес одағы ыдырап, бұрынғы кеңес республикалары тәуелсіздікке ие болған соң, енді өз елімізге қызмет жасауға ұмтылдық. 1994-1999 жылдары Мысырдағы Қазақстан Елшілігінде, 2011-2016 жылдары Иордания Хашимит Корольдігінде, ал 2016-2019 жылдар аралығында Ливан Республикасында қызмет атқардым. 2019-2021 жылдары Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының арнаулы институты саналатын Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының директоры қызметін атқарып, 2020 жылы зейнетке шықтым.
– Ана тілі мен орыс тілінен бөлек ол елде сол жердің тілін білу керек. Біздің өзімізге тән ұлттық менталитетіміз, мәдениетіміз бар. Басқа жердің тілі бөлек, дәстүрі бөлек дегендей, өзге елдің тіршілігіне қалыптасуда, тілдік байланыста қиындықтар болған жоқ па?
– Әрине, болады. Жалпы дипломатиялық қызмет тиісті жоғары дәрежелі білімге қоса, шет тілдерін, шет елдері тарихын, саясатын, экономикасын, мәдениетін, әдет-ғұрыптарын, дәстүрін, халықаралық сахнадағы орыны мен рөліне қатысты ұлан-ғайыр білімді қажет етеді. Олардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі – барған елдің тілін жақсы меңгеру. Қазақ тілінен араб тілінің бір ерекшелігі – араб тілінің ауыз екі, диалектілік, классикалық, әдеби нұсқалары баршылық және олар бір бірінен тым алшақ. Бұған солтүстік африкалық, машриқ елдерінің, Араб жазирасы арабтарының рулық, тайпалық жергілікті тілдік ерекшеліктерін қоссақ, жалпы араб тілінің ауызша және әдеби формаларын меңгерудің қиыншылығы арта түспек. Сол үшін араб елдері бойынша маманданған дипломаттар өте көп оқып, өз беттерінше ізденулері тиіс.
– Тәжірибеңізбен бөлісе отырсаңыз. Жалпы шетелде жүріп дипломатиялық миссияны атқару қаншалықты ауыр?
– Ауырлығынан бұрын, жауапкершілігі өте үлкен, таудай десем де болады. Мемлекетіміздің дипломатиялық байланыс орнатқан елдермен екіжақты қарым-қатынасы әдетте көп салалы, көпбағытты болып келеді, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, саяси, консулдық, әскери, әскери-техникалық және т.с.с. Көпжақты қатынастар немесе еліміздің көптеген аймақтық, халықаралық ұйымдармен байланыстары да аса маңызды бағыт. Мысалы, біздің еліміз 2017-2018 жж. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Нәтижесінде дүние жүзі шеңберінде жаһандық бейбітшілік және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның саяси-дипломатиялық күш-жігері әлемдік қоғамдастық тарапынан өте жоғары бағаға ие болды. Айтайын дегенім, осы дәрежеге жетуге 2016 жылы дауыс беру барысында БҰҰ мүше 193 елдің 138 -і Астананы қолдап, дауыс берді. Қазақстан – БҰҰ ең жоғары саяси органына мүше болуға әрине еліміздің әлемдік деңгейдегі биік абыройына қоса, дипломатиялық миссиялар мен қызметкерлердің де ұлан-ғайыр күш-жігерлері болып табылады. Бүгінгі күні қазақстандық әскери бітімгершілер БҰҰ жетекшілігімен әлемнің бірқатар елдерінде, соның ішінде мен қызмет еткен Ливан Республикасында да биік мақсатты міндеттерін абыроймен атқарып жүр. Бұл бағытта да біздің дипломатиялық мекемелеріміздің үлесі айтарлықтай десем, артық болмас.
– «Елдестірмек елшіден» деген сөз бар. Екі мемлекет арасында арбаны да сындырмайтындай, өгізді де өлтірмейтіндей өзара ортақ мәдени-экономикалық байланыс орнату ісінде сыртқы істер министрлігі мамандарының атқаратын істері айтарлықтай. Өзіңіз үлес қосқан, есіңізде қалған сондай үлкен миссияның бірін айта аласыз ба?
– Дипломатиялық қызмет – біріншіден, Ата Заңға, басқа да тиісті заңдарға сүйене отыра, әлем елдерінде еліміздің ұлттық мүдделерін қамтамасыз ететін өте жауапты мемлекеттік қызмет болып табылады. Еліміздің сыртқы саяси міндеттерін ҚР Президенті айқындаса, сол міндеттерді жүзеге асырушы үкіметтік орган – Сыртқы істер министрлігі. Сондықтан сіз айтқандай үлкен миссиялар біздің күнделікті жұмысымыз болып табылады.
– Екі елдің өзара келісімі нәтижесінде Ливан еліне қазақстандық бітімгершілік батальонының баруын ұйымдастыруда сіздің үлесіңіз бар дейді. Сол туралы тоқтала кетсеңіз.
– Қазақстандық бітімгершілердің Ливандағы қызметін ұйымдастыруға еліміздің сыртқы саяси ведомствосының бірқатар құрылымдары, оның ішінде ҚР Біріккен Ұлттар Ұйымындағы миссиясының, Қорғаныс министрлігінің үлесі айтарлықтай болды. БҰҰ Уақытша күштерінің Ливандағы миссиясының қызметі болу билік тармақтарымен тығыз ынтымақтасуды талап етеді. 2016-2019 жж. Бейруттегі Қазақстан Республикасы Дипломатиялық миссиясының басшысы ретінде Ливан елінің үкіметі, парламентімен жұмыс бабында әрекеттесуге ат салыстық.
– Қазақта «Әке көрген оқ жонар...» деген сөз бар. Ізіңізді қуған тұяқтарыңыз бар ма?
– Ұлым – кәсіби дипломат. Ағылшын, француз тілдерін меңгерген, жапон, араб тілдеріне қызығушылығы бар, Еуропа, Солтүстік Америка елдері бағыттары бойынша қызмет етеді.
– Арман деген дүние таусылмасы анық. Өткен өмірге өкініш деген дүние жоқ па? Сіздің санаңызда «басқа салада болсам, мысалға ғылым жолына түссем, дұрыс болар ма еді» деген «әттеген-ай» ойлар сізді мазаламай ма? Сізде әлі де болса орындалмаған, жетсем деген арман бар ма?
– Өткен өмірге еш өкпе жоқ. Керісінше, мен және менің көптеген замандас әріптестерім өзімізді бақыттымыз деп есептейміз, өйткені біз қызмет еткен жылдар қазақ тарихының, қазақ елінің егемендігі мен тәуелсіздікке ие болған кезеңіне сәйкес келді. Қазақ елінің тарихын, жүріп өткен жолын, қазақ халқының болмысын, мінезін, мәдениеті мен әдет-ғұрып, дәстүрлерін, ішкі, сыртқы саясаты мен экономикасын басқа халықтарға, Үкіметтерге, Президенттер, Премьерлар мен Корольдерге түсінікті жеткізу, түсіндіру, мойындату өте үлкен жауапты әрі абыройлы міндет деп есептеймін. Таяуда өткен Париж Олимпиадасы туралы кейбір елдердің азаматтарының пікірін кездейсоқ естіп қалдым телехабардан. «Мұнда Қазақстанды жақсы біледі екен, олардың дәрежесі биік бұл жақта, ал бізді ешкім танымайды екен» деген өкінішін білдіріп жатыр екен. Бұл да біздің дипломатиялық қызметкерлеріміздің күнделікті қажырлы жұмысының нәтижесі деп пайымдаймын.
– Елші болам деген жастарға айтарыңыз бар ма? Ол адам қандай болу керек?
– Ең бастысы – дипломат боламын деген жастар негізінен тиісті халықаралық қатынастар мамандықтарына қоса, өз елінің, халқының тамыры терең құндылықтарына, тіліне берік, үлгілі, әдепті, білімді, ұлтжанды тұлға болғандары абзал. Біздің елге келген шетелдік дипломаттар келген елдің тілін үйренуге ұмтылады, мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеуге тырысады.
Әңгімелескен
Алтынбай СИҚЫМБЕК
445 рет
көрсетілді0
пікір