• Мақала
  • 30 Қыркүйек, 2024

Қыркүйектегі қуғын (1930 жыл)

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ

Жетісудағы қуғын-сүргін оқиғаларын зерттеп, біріздендіріп отырып тізімнің бір тұсына келгенде селт еттім. Октябрь ауданының тізіміне қайта үңілдім. 18.09.1930 жыл деген дата жиі қайталанады екен. Ақырын термелеп шығып едім, бір күнде бір ауылдық кеңестен 22 адам ұсталғанына көзім жетті. Олар: 
1.Елибаев Нургалий Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул. 
2.Альджанбаев Байсапар (1868)Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул. 
3.Байтумаев Джунус (1891) Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул. 
4.Имамбердиев Баймукан (1899) Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул. Қазақ. Сауаты жоқ. 18.09.1930 жылы ОГПУ қызметкерлері тұтқындаған. Сол күні сотталып, РСФСР ҚК 58-10, 59-3 баптары бойынша 3 жылға жер аударылған. 10.05.1999 жылы ақталды.
5.Тумаев Кадыркул (1861) Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул. 
6.Атайбеков Рахимбек (1881)    Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул. 
7.Бокаев Мергенбай    (1889)    Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул. 
8.Куанбаев Имамберды (1864) Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул. 
9.Мамыров Рахимжан (1901)    Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул. 
10.Тугамбаев Кощибек (1864) Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул. 
11.Нурпеисов Кентай (1903)    Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул. 
12.Тумабаев Рахат (1890) Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул. 
13.Кокебаев Нурбек    (1865)    Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул
14.Ногайбаев Хасен    (1912)    Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул
15.Джолдыбаев Акажан (1897) Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул
16.Тленчиев Нурмулда (1904)    Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул
17.Токсабаев Баймухамед (1884) Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул
18.Сатыбалдиев Нуртайлак (1906) Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул
19.Ногайбаев Шалип    (1893)    Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул
20.Салтыбаев Альдибек (1885) Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул
21.Сатыбалдиев Бустайлак (1902) Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул
22.Салтыбаев Кистаубай (1871) Алма-Атинская обл., Октябрьский район, 1 Бура-Ходжирский аул (Архивтен табу оңай болуы үшін тізімдегі грамматика, жазу стилі сақталды. – Авт.)
Түсінікті болуы үшін айта кетейін, Жаркент өңірі кезінде Октябрь және Жаркент деген екі ауданға бөлінген. Мені елең еткізген оқиға қазағы қою бөлікте болып тұр. Бір күнде елдің бар азаматын сыпыра НКВД алып кеткені елдің есінде қалмауы мүмкін емес. Және большевиктердің мұндай ауқымды операция ұйымдастыруына бір оқиға түрткі болғаны анық. Тек ол қандай оқиға, 1930 жылдың қыркүйегінде Бурақожыр бойында қандай дүрбелең болды? Біздің тарихтағы бір олқы тұс осындай деректерді тексеріп, анығына жету ісінің қолға алынбағаны екенін сеземін, сондықтан сапарға жиналдым. Тізімдегі 22 адамның көзін көрген бір қария табылмауы мүмкін емес, тіпті болмаса ұрпақтары бар шығар?.. 

«Сәбетский» Нұрғали

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі аймақтық комиссия өкілдері Қуаныш Мұхамедиев пен Гүлжан Қызайбаевамен бірге тамыз айының соңында, таңалагеуіммен Жаркентке аттандық. 300 шақырымдық жолды зулап өтіп, жеткенімізбен арғысы біз ойлағандай оңай болмады, ең әуелі 1930-жылдары «1 Бура-ходжирский» атанған ауылды табу қиынға соқты. Әуелі Аққұдық пен Көкталға соқтық. Жолай кездескен қариялардың бірі «Аққұдық Бурақожыр-2 болған, бірінші ауыл Көктал болуы керек» деген дүдамал ой айтты, әуелде елп ете қалғанымызбен кейін бұл ойдан айныдық, Көктал ол заманда үлкен совхоз орталығы болған. Аққұдық болмаса бірінші ауыл қайсысы, қазіргі Әулиеағаш па, Ақжазық па? Үш пен төрт ше? 1929-32 жылдары бұл маңда Бурақожыр – 1,2,3,4 деген ауылдар болған, тарихи жазбалардың барлығында солай көрсетілген. Бірақ қазір бұл елді мекендердің атауы қалай өзгергені белгісіз. Ауыл аралап сұрау салғанмен мардымды ештеңе естімедік, тізімдегі 22 адамды танитындар кезікпеді. Содан Әулиеағашқа тарттық. 

Әулиеағаштың кіре берісі (суретті түсірген Қ.Мұхамедиев)

Бұл ауылды да аралап, қай тұста көнекөз бар деп біраз сенделдік. Аудандық, ауылдық әкімдікте істеген, атқамінер болған қарттармен де тілдестік. «Ол кезеңді білмейміз, сен айтқан адамдарды танымаймыз, естімеппіз», – деген келте жауап ұнжырғаны түсірді. Күні бойы көлікте салпақтап жүріп жолсоқты болған серіктеріме көз салып қоямын, «Қайтайық» – деген сөзді қайсы бұрын айтар екен? Жоқ, үндемеді. Әкімдік білмейді, ақсақалдар білмейді. Бос сенделмейін, тағы бір келермін, – деген оймен көлікті кері бұрдым. Бурақожыр өзенінің үстіндегі көпірге жеткенде жаяу кетіп бара жатқан бір қарияны көріп қалып, кілт тоқтадым, жол ережесін бұзғаныма қарамастан апат шамын жағып, атып шығып, қарияның соңынан жүгірдім.

 

Қазақтың қасіретті тарихының куәсі, уақытпен бірге зулай ағып жатқан Бурақожыр өзені. (суретті түсірген Қ.Мұхамедиев)

– Ассалаумағалейкүм!
– Әлікіссалам! 
– Жол болсын, қария. 
– Әләй болсын, мына мешітте ас беріліп, содан үйге қайтып бара жатыр едім... Маған тоқтадың ба, балам?
– Иә, ақсақал, Серік деген журналист, зерттеуші балаңыз едім, бізді 1930-дардағы оқиғалар қызықтырады. Білеріңіз бар ма?
– Е-е, мен «қытайскимін» ғой, ондайды көп білмеймін, – ақсақал рақаттанып күліп алды. 
– Қытайский?
–Біз 1960-жылдары Қытайдан келгенбіз. Аталарымыз қашып, шекара асып кеткен ғой, содан 30 жылдан соң бір-ақ оралғанбыз. 
– Ә-ә! – дедім мен де күліп. 
– Сондықтан 30-жылдары бұл жақта не болғанын жақсы білмейміз, елдің айтуынша өте қиын болған екен. Қан көп төгіліпті. 
– Қап, сонда да мына фамилияларды тыңдаңызшы, таныс адам бар шығар? – деп, ақсақалды тоқтатып қойып, репрессияға ұшыраған адамдардың тізімін оқыдым. Осы кезде әріректе тұрған екі-үш таксиші жігіт жанымызға келіп, әңгімемізді тыңдай бастады. Жаңағы тізімді оларға да оқып бердім. Бәрі бас шайқайды. 
– Әй, балам, – деді қария, – осыны білсе ана Нұрғали біледі, ол «сәбетский» ғой...
– Сәбетский?! – мен күлдім.
–Иә, біздің қариялар бір-бірін сөйтіп, «китайский», «советский» деп қалжыңдасады, – деді қасымызда тұрған жігіттердің бірі жымиып.
– Ол біз секілді қашып-пыспаған, осы жердегі колхоз-сопқоздың қалай құрылғанының бәрін біледі. Сәбетски ғой, – қария жайдары күлді, сәбетский Нұрғали қасымда тұрса біраз қажар едім дегенді көзінен оқыдым. 
Бәріміз жамырай күліп алған соң соңғы сұрағымды қойдым: 
– Ол кісі қай тұста тұрады? 
– Мына көшенің басына шығып, оңға бұрылсаңыз, төртінші үй, – деді жігіттердің бірі.
– Рақмет, – деп ризалықпен қол беріп қоштасқан сәтте қария алақанында ұзағырақ қысып тұрып, жүзіме үңіле қарады. 
– Мынауың дұрыс іс екен, балам, оң болсын.
– Әумин! Айтқаныңыз келсін, ақсақал. 
Жол үстінде, суыт әңгіме болғандықтан, көпір үстінен ары-бері өткен көліктер дабыл басып, берекені алған соң қарияның аты-жөнін жазып, суретке түсіріп алуға мүмкіндік болмады. «Қытайский» болса да таза қазақы мінезді қариядан кешірім өтінемін... 
Жігіттер жөн сілтеген соң Нұрғали қарияның үйін тез-ақ таптық. Сейітов көшесіндегі 32-үй екен. Жадағай үйдің қақпасына жақындап, ысқырып едім, іштен шамамен он жасар бала атып шықты. 
– Нұрғали ақсақалдың үйі осы ма?
– Иә... 
– Атаң үйде ме? 
– Иә... 
– Сөйлесейін деп едім...
– Қазір... 
Мынаған не керек дегендей салқын қараған балақай ересек кісіше маңғаз басып үйге кіріп кетті. Мен де қақпадан ендім. Үй ішінен бойы мен қарайлас, еңсегей бойлы қария таяққа сүйеніп шығып келе жатты. Тұрпатына қарап «Жас кезінде алып кісі болған-ау?!» – деп ойлап үлгердім. 
– Ассалаумағалейкүм, ақсақал, «сәбетский» Нұрғали деген сіз бе? 
– Уағалейкүм! – қария ширақ екен, күлді, – еее, ана иттердің бірінен жөн сұраған екенсің ғой... 
Ауыл ақсақалдарының зілсіз қалжыңы, бірінің сөзін бірі айнытпай танитыны тәнті етті. 
– Иә, маған керекті сұрап едім, сол «сәбетский» біледі деді. 
– Е, олардың бәрі қашып, Қытайда құйрық жеп жүргенде біз қолхозда қиқым тергенбіз ғой...
– Ақсақал қуғын-сүргінді зерттеп жүр едік, мен уақытыңызды алмайын, бір тізім оқиын, таныс адамдарыңыз бар ма? 
Ұзын тізімді ашып, ақырындап оқи бастадым. Қария алыста қалған өткенін еске түсіргісі келгендей шексіздікке үңіліп үнсіз отыр. Мен фамилия оқыған сайын ернін жымырып, басын шайқап қояды. Тізімнің орта тұсына келгенде селт етті. 
– Жаңағыны қайта оқышы?!
– Нурпейсов Кентай...
– Бұл менің бауырым... – қарияның жүрегі қозғалып кеткендей көрінді. 

Нұрғали Әжібекұлы. 92 жаста. Әулиеағаш ауылы, Сейітов көшесі 32 үй (суретті түсірген Қ.Мұхамедиев) 

– Бауырыңыз ба?
– Иә.
Ұзақ іздеген жіптің ұшы қолыма іліккендей қуанып кеттім. 1930 жылдың 18 қыркүйегінде Бурақожырдың бірінші фермасынан ұсталғандардың бірі осы Кентай Нұрпейісов еді.
– Ол кісінің не үшін тұтқындалғанын білесіз бе?
– Қуғын-сүргінге ұшырап, сотталған Нұрпейісов Кентай деген ағайынды үшеудің кішісі еді. Әкесі ертеректе қайтыс болып, әулетін анасы басқарған. Шешесі адуынды, мықты адам, ел билепті. Совет өкіметі құрылмай тұрғанда осы өңірдің бәріне танымал болған, өте сыйлы адам екен. Бала-шағасын жұмылдырып, малды көп етіпті. Өзің ойлашы, еркек қойдың өзін мыңнан асырып айдайды екен. Совет өкіметі құрылғанда мынау бай деп қудалау басталады. Бұларды соттау керек болады. Сонда шешесі айтады: «Мына үлкен екеуі құтыла алмайды. Кентай, сен пысықсың, түрмеге сен бар», – дейді. Сөйтіп ағайынды үшеудің баскөтерері менмін деп Кентай сотталады, Қарағандыға айдап жібереді. Бай болғаны үшін. Ол түрмеде жатқанда мына жақтағылары Қытайға қашып, өтіп кетеді. Ал, Кентай қасына бір адам ілестіріп Қарағандыдағы түрмеден қашып шығыпты.
– Түрмеде қанша жыл жатады?
– Түрмеде қанша жыл жатқанын білмеймін. Әйтеуір ұзамаған. Сол түрмеден қашып шығады ғой бұл кісі. Шыққаннан бұлар түнделетіп жүреді. Күндіз бұтаның астында жатады, бұғынып. Сөйте-сөйте бірнеше ай жүріп отырып, Қытайға өтеді. Аяқ киімі жоқ, киімдерінің жеңін кесіп, аяғына байлап, үсіп қалмау үшін жандалбасалапты. Қытайға өтіп алған соң да көп елдің көзіне көрінбей, бұғып жүрген. Жазықсыздар да, жазықтылар да өтті. Отанын тастап, жанын сауғалап қашты ғой қазақ байғұс. 
Ол жаққа барған соң қазақтардың қалы жақсы болыпты. Анда-санда көкпар, түнде той жасап жүріпті. Арғы бетке өтіп алған Кентайлар жағалап бір тойға барады. Кентайдың әйелі ақылды, ақындығы бар жан болған екен. Ағаларының әйелдері де де шетінен ақын, әнші екен. Айтысқа қатты араласатын. Әйелдер үйдің ішінде, іргені көтеріп тастап, даладан жұрт тамашалап, еркектер кезекте тұрып, айтысып, бірін-бірі жеңу үшін таласатын ғой. Қызық қой. Содан Кентай жаңағы тойға барып, ел арасына жасырынып тыңдаса екі жеңгесі айтысып жатады. Содан бұл да бөркін баса киіп, жеңгелерімен айтысады. Жүнжіп кеткен Кентайдың түрін танымаса да жеңгелері үнін таныпты. Екеуі бір-біріне сыбырлап «Мынау Кентай, атын атамайық, танымаған болайық», – деседі. Қанша тыныш болсат да ол жақта да қашқын адамды ұстап, тергейтін көрінеді. Содан той тарқағанда далада, қараңғыда жолығып, жеңгелеріне ілесе кетіп, өзінің туған-туысына қосылады. Кентайдың әйелі, ақылды, тұрпатты, әрлі адам еді. Бірақ бала таппаған. Содан жасы үлғая келе Кентайға «Мен бала таппадым. Ұрпақсыз қаласың, үйлен», – деп айтады екен, Кентай: «Маған әйел керек емес, сен барсың», – дейді. Содан Кентай үйленбейтін болған соң, әйелі өзі іздеп жүріп, біреудің 15-16 жасар қызына құда түсіп, үйіне әкеп бағады. Бойжеткен соң, Кентайға қосыпты. Сол әйелінен екі ұлы, бір қызы бар екен. Ұлының біреуі қайтыс болып кетті, оның балалары бар, Ақжазықта тұрады. Одан үлкені Алматыда тұрады. Балалы-шағалы бәрі. Кентайдың ең үлкен ағасы Қойшыбек, Орынбай деген кісілердің әулеті де Қытайдан өтіп, қайтып келді. Қоңырөлеңнің ар жағында Сәтжол, қазір Бөрібай ауылында тұрады.
– Туыстығыңыз туралы тарқата айтсаңыз?
– Олардың әкесі мен менің әкемнің әкесі – атам бір туған. Олар Нұрпейістің балалары, біз Жанпейістің балалары. Нұрпейістен Қойшыбек, Орынбай, Кентай тарайды. Жанпейістен – Әжібек, Құсайын, Айша. Әкем соғысқа кетіп қаза тапты. Інісі ағайындылармен бірге Қытайға қашып, арғы бетке өткен екен. Сол жақтан келмеді, қайтыс болыпты. 
– Ал, сіздің әкеңіз неге қалып қойған екен?
– Онысын білмедім. Тек бәрібір тыныштық болмады ғой, соғысқа алды, сүйегі жат топырақта қалды. 
– Кентай Нұрпейісовтің қай жылы ұсталып, сотталғанын білесіз бе? 
– Үлкендердің айтуынша 1929-30 жыл ғой деймін. Совет одағы бұл жаққа сол жылдары келді ғой. Тарихқа қарасаң, 1917 жылы Петерборда басталды. 18 жылы Москва, сүйте-сүйте 30-жылдарға қарсы осы жақта құрылды. Айдарлы деген жерде 1930-жылы құрылған. Ол жерде ел жоқ, жан-жақтан ел жиналып, совхоз құрды. Соғыс басталған жылдары барлық еркек соғысқа кеткен соң, Октябрь совхозы деген болды, Қоңырөлеңде. Айдарлыда жеке совхоз болуға басшы да жоқ болғасын Қоңырөлеңнен бір ферма сұрап, сол жерге қосып қойды. 1944 жылы қайтадын Айдарлы құрылды. 
– Кентай ата ақталған ба?
– Ақталған жоқ ол кісі. Осы жерге келген соң, 1-2 жылдан соң қайтыс болды. 
Қоңырөлең деген ауылдың жанында Сарытөбе деген жерде тұрды. Бала-шағасымен сонда тұрды, сол жерде қайтыс болды. Оның ағасы Қойшыбек Қытайда өліпті. Ақталған жоқ. 1969 жылы қайтыс болды. Өзі 1896 жылы туған. 
– Менің қолымдағы деректе ағаңыз 1903 жылы туған деп тұр...
Қария маған жалт қарады. Сен бала бірдеңе біліп тұрсың-ау дегендей көзін сықситты:
– Солай да болуы мүмкін...
– Ағаңыз ақталған, ақсақал. 1999 жылы 10 мамыр күні ақталыпты. 
Телефонымдағы құжат көшірмесін алдына тосып едім, Нұрғали ақсақал назар аудармады. Тағы сол шексіздікке қараған күйі: 
– Ақталған ба екен... Е-е, ақталса ақталған шығар... – деді. Үнінен:
«Ит заманның лаңына ол құжат сеп болар ма, Кентай марқұмға келіп кетер не пайдасы бар?» деген өкініштің зарын естігендей болдым. 


Кентай Нұрпейісов ісінің скриншоты, ru.openlist.wiki-ден алынды. 

Мені қайран қалдыратыны насихат жұмысының жоқтығы, мыңдаған қазақтың ақталғаны ашық дереккөзге жария етілсе де соны зерделеп, елге жеткізіп жатқан ешкім жоқ. Былтыр көктемде Жетісу облысындағы бір ауданның ішкі саясатының өкілі «Бізде саяси қуғын-сүргін құрбандары жоқ», – деп айран-асыр етіп еді. Ау, тәтесі, мыналар кім?, – деп үш жүздей адамның фамилиясын тізіп бергенбіз... Жарайды, бұл әңгімеге оралармыз. Ағасының ақталғанын естіп үнсіз отырып қалған Нұрғали қарияға қайта зейін аудардым.
– Қытайдан келген соң туыстарыңызды қудалаған жоқ па? 
– Жоқ, қайтып келген соң ондай әңгіме жоқ болды ғой. 55 жылы Қытайдан өтті. Совет одағы мен Қытайдың арасында келісім болды. Ресеймен Қытай келісіп, адамдарды алмасқан соң тиіспеуге уәде етіскен ғой. Кентай аға әкеммен түйдей құрдас еді, менің әкем соғыстан қайтпады. 1942 жылы кетті ғой майданға. 1971 жылы әкеммен бірге соғыста болған кісімен кездестім. – Нұрғали ақсақал таяғымен жер сызып отырып, тағы бір әңгіменің шетін шығарды.
– «Красный восток» дейді, шекарадағы колхоздан бастап, еркектің бәрін әскерге алады ғой, ауыл-ауылдан жинап. Арбаға тиейді, сыймағаны жаяу шұбырады. Қатын-бала жылап, у-шу. Алмалы, Пенжім, Алты үй, Үлкен шыған, Кіші шыған деген колхоздардан азық-түлікті арбаға тиеп, өздері жаяу Сарыөзекке дейін барды. Баймұхан деген Үшаралдағы қария, әкем екеуі пулеметші болыпты. Сарыөзекке барғаннан кейін, вагонға тиейді. Кәдімгі жүк вагонына тапшан жасапты, екі этажды төсек. Келесі бір үлкен стансаға тоқтағанда қазақтар бақырып жылап түседі екен. Содан не болғанын сұрайды. Олар: «Ақшамызды, азық-түлігімізді орыстар тартып алды» дейді. Ана кісі 4-5 орысыңа бой бермейтін мықты адам екен. Көрсеткен орысын ұрып жығып, қалталарындағы ақшасын, азық-түлігін иесіне алып береді екен. Сөйтіп Москваға жеткенше соғып барыпты орыстарды. Әкем орысша жақсы біледі екен. Жол бойы аудармашы да болыпты. Әкем көзі көк, мен сияқты ұзын бойлы болған екен. Әкемізден екі ұл, екі қыз...
Содан Москваға барады. Баймұхан деген аға коммунист екен. Қазақстаннан келген бір ғалым адам коммунистерді жинап алып, сөз төкпелеп тебірентті дейді. «Атамыз, бабамыз жаудан қайтпаған, кең байтақ даламызды қорғаған. Мынау соғыс ашқан фашистерді сендер жеңесіңдер, сендерге ел-жұрт сенеді, алға» деп қызыл сөзді ағызды дейді. Содан: «Сендер бәрің пулеметші боласың, көмекке бір-бір адамды таңдап алыңдар» депті. Көккөз сары кісіні іздедім, әкеңді қалың елдің ішінен тауып, бас салып құшақтап алдым дейді. Не болды депті менің әкем, болды, екеуміз бірге пулеметчик боламыз депті. Екеуі келісіпті. Сүйтіп қазақтардың барлығын Ленинградтан Москваға баратын тасжолдың бойына қойды дейді. Москвадан ары 200 шақырым жердегі Калинин деген жерде немісті қырдық дейді. Онымен мақтанатын ештеңесі жоқ дейді. Бізді әбден үйретті дейді. Тулаға барғанда маскировать етіп үйрендік, ашық жерде немісті қолға түсіру мүмкін емес, жаяу жүрген біреуі жоқ дейді. Бәрі мотоцикл, машина, жоғы велосипед мінеді екен. Бәрінің мойнында автомат, рация. Жасырынып жатамыз да 20-30 фашист топтаса қалса пулеметпен сырып жібереміз де шегінеміз. Ол да оңай емес, 3 жәшік оғымыз, бір бесатар бар. Сонда сенің әкең 2 жәшік оқты иығына салып алып, пулеметті сүйрейді. Мен бесатар мен бір жәшік оқты аламын. Екеуміз қашамыз. Мен қопалдаумын, жүгіре алмаймын, сонда сенің әкең қолтығына мені қысып алып жүгіретін, төбелесқор мен мықтымын ба деп жүрсем, сенің әкең мықты екен дейді. Екеуі майданға кірер алдында соғыста қаза болсақ, жүзіміз ашық қалмасын, көму мүмкін болмаса топырақ салып, не болмаса етбетінен жатқызып кетейік деп уағдаласыпты. Сондағысы көзімізді қарға шұқымасын дегендері екен. Сондай бір күні тура жанымызға бір снаряд түсті дейді. Жарықшақ тиіпті. Өліп кетті, тұр, Әжібек, тұр десем, үндемейді. Жаны шығып кетіпті. Етбетінен жатыр екен, құдай қарасты деп пулемет бәрін тастай, бесатарды ғана алып, қаша бердім дейді. Снаряд тиген бір қарағай құлап, басып қалды. Астынан шыға алмай қалдым. Қарасам қалбалақтап біреу қашып келе жатыр. Қолымда бесатар, әй-әй деп едім, жүгіріп келді, орыс екен. Оған керегі менің мылтығым. Екі қолымен бесатарға жабыса кетті, қолымды былай бұрап, былай бұрап алып алғысы келді. Сәті түскенде жұлқа тартып, кеудемнің астына кіргізіп алдым. Сүйтіп едім, жылап жіберді. Сосын мені қарағайдан шығарып, сүйеп алып кетті. Санчастьқа барып, сәл ес жиған соң мынау осылай істеді деп айттым. Оны алып кетті. Госпитальда жаттым, жазылған соң қайта майданға кірдім дейді. Бірнеше рет жараланып, мүгедек болып қайтыпты... Нұрғали ақсақалдың ауылда тұрған көнекөздерді текке еске ала бастамағанын түсіндім, әкеге деген сағынышқа толы әңгімесін айта отырып, жаңа бір сүрлеуге алып шықты...

Қарыз халық 

– Білесің бе, балам, біз 1957 жылға дейін колхозға қарыз болдық қой... 
– Қарыз?
– Иә, қарыз болдық. Ар жақтан 1955 жылы адамдар көшіп келді. Ол кезде жиырмадан асқан шағым, Айдарлыда тұрдық. Сәтжолда жұмыс істедім. Бұрын колхозда оқу деген ештеңе болған жоқ, жанбағыс қиын болды. Сол кезде қолхозға көп қарыз едік. Шешелерімізге салық салатын ғой, 8 келі сарымай, 450 жұмыртқа, 2 центнер астық, 2 центнер ет, 20 келі жүн. Сүйекке дейін салды ғой. Жүн-жұрқа бірдеңе. Соны төлемесең, НКВД келіп, түнде алып кетеді. Колхоз жылдың аяғында үлес таратады, астық береді ғой. Бізге жоқ, қарызымыз бар. Аш өліп қалмас үшін, күнде кешке жақын жан басына 200 гр ұн таратады. 
– 1930 жылдан 57-жылға дейін солай болды ма?
– Солай болды бізде. 
– 2 центнер астықты қайдан алып бересіздер? Сіздерде жер жоқ қой...
– Бізде жер де жоқ, мал да жоқ, тауық та жоқ. Кейін білсек, налоговыйдан салық салады екен, басшылар өздері бөліседі екен ғой.
– Сүйек салығы деген не?
– Сүйек жинатады ғой. Тарақ, түйме жасайды. Содан кейін елдің бәрі өлген малдың қураған сүйегін іздеп, даланы тауды кезіп кететін. Өзіміз де іздеп жинадық қой енді.
– Сіз де жинадыңыз ба, сүйек?
– Иә, мал бағып жүргендер біледі ғой, қай жерде сүйектер жатқанын. Ал, балалар қайдан біледі, тентіреп, сүйек жинаймыз. Жылға-жылғаны іздейтінбіз. Қиналып кеткен кезде шешелеріміз колхоз төрағасына хат жазады. Қарыз болсақ, осы колхозға қарыз болайық, біздің мойынымызға жазып, өтеп бер деп. Сүйтіп үкіметке төлейтінді колхоз өтеп, енді ұжымға қарыз болып қалдық. Оны жабу оңай емес, жылда өседі. Содан 1957 жылы колхоздан совхозға түстік қой. Совхозға айналғанда әлгінің бәрі сызылды, мәңгі бақи қарыздан құтылдық қой. Осы кезде таяғына сүйеніп тыңдап тұрған зайыбы Альфира апа әңгімеге араласты. 

 

Альфира Жұмәділқызы Нұрлыбаева, 89 жаста. (Г.Қызайбаеваның фотосы) 

– Е-е, балам-ай, ол бір ауыр кезең еді ғой. Менің әкем Жұмәділ мұғалім еді. Ол заманда мұғалімдерге тұрақтау деген жоқ, ауылдан-ауылға жібере береді. Сәтжол, Ынталы, Нұрым, Басши дегендей ауылдар көп ашылып жатыпты. Ол кезде мен мүлдем кішкентаймын. Содан әкеме Басшиден төмен ашылған Ақмола деген ауылға бар дейді. Мінезі ауыр кісі еді, «Бармаймын» – деп қасарысып отырып алыпты. Содан бір жылға соттап жіберген ғой... Біздің көргенімізді Құдай сендерге көрсетпей-ақ қойсын, айналайындар. Ашпыз, тышқанның інін қазып, соның бидайын жедік. Бірде шешем отын әкел деп бір қарияға ілестіріп жіберді. Мен сонда 7-8 жастамын ғой. Отын деген сылтау екен, былай шығып, тышқан інін іздей бастады. Бірін тауып, қазып еді, ішінен қызылшиқа тышқан балалары шықты. Арырақта бидай бар екен. Соны алдық. Ана шал ақсақ болатын, іннің басына отыра кетіп, жылады ғой. «А, Құдай, өзің кешір, мына жануардың нәсібіне ортақ болғанымызға бізді кешір», – деп еңіреді. Өзі аштан өлейін деп отырса да жәндіктің тамағын алуға арланатын халықпыз ғой... Әлгі тышқанның інін, балаларын көрген мен ұшындым. Жүрегім қарайып тұрса да әлгі бидайды жемеймін деп азарда-безер болдым. Аштан өлейін деп бұралып жатып қалғанымда шешем аузыма тығып, аман алып қалды. Бидайды жуып, кептіріп, қуырып алатын, сөйтіп жейтінбіз. Ақыры оған да үйрендік. Басқа келген соң істейсің ғой, соның бәрін. Бәрін көрдік. Құрысын, еске алғым келмейді. Сендер аман болыңдар, балаларым, – осыны айтып апа «әңгімелеріңе кедергі болмайын» деген кейіппен тырп-тырп басып қақпаға беттеді. Нұрғали қария ізінен қарай отырып басын изеді. Бұның да көрмегені жоқ дегені. 
– Тұтқындалған 22 адамға қайта оралайық, ата, бұларды не үшін ұстағанын білесіз бе? Ағайындар айтқан шығар... Көтеріліс жасады ма? Үкіметке қарсы сөйледі ме? 
– Анығын білмеймін, біз кішкентай едік қой, ел ол кез туралы көп айтуды қаламайтын. Енді малыңды алып, барыңды алып жатса адам да қой секілді ең құрығанда бір мәрте тұяқ серпуге тырысады ғой... 
Негізі туысы көтеріліске қатысқан қариялар ол жайлы көп сөз қозғағанды қаламайды. Совет заманындағы үрей сүйекке өткен бе, басқа себебі бар ма, білмедім. Деседе осы «18-қыркүйекте халық үкіметке қарсы шыққан-ау?!» – деген әңгіме қисынға келетін секілді. Оған кейін Жаркенттегі мемлекеттік архив бөлімшесіне барғанда көзіміз жете түскендей болды. Барынша уақыт бөліп, қажет папкаларды тауып берген Гүлнар Кенжеғалиқызы бастаған Жаркенттегі архив қызметкерлеріне алғыс айта кеткенім жөн шығар. Олар ұсынған буда құжат ішінде бірнешеуі ерекше назар аудартып еді. Дәл 1930 жылдың қыркүйегінде салықшылар жоспарды орындау үшін барын салыпты. Үш мекеме білек сыбана кірісіп, аштық титықтатқан елдің барын сыпырған. Жүн-жұрқа, ет, бидай мен малдың салығын өтеу үшін коммунистер мен комсомолдар қарқынды жұмыс жүргізген. 

Архивтен алынған 1930 жылғы бұл құжаттан салық жинаумен бірнеше мекеме айналысқанын көруге болады. (Суретті түсірген С.Әбікенұлы)

Салық төлей алмағандарға қарсы толтырылған хаттаманың (акт) үлгісі. (Суретті түсірген С.Әбікенұлы) 

– Сол жылы салық төлей алмай талай ауыл қашып, шекара асып кетті ғой, – деді Нұрғали ақсақал әңгімесін жалғап. Қаша алмағандар біз секілді қарыз болып қала берді, азапқа көнді...

Жасылкөл қырғыны. Орынбайдың кегі

 


                 Әңгіме үстінде

– Үмбетай, Бөлек, Қошқар, Тұрсын деген ел, төрт ағайынды. Бізге ағайын. Солардан Қошқар деген туысымыз көшіп келді. Қашпай тұрғанда інісі екеуі Үшарал колхозында тұрып, селсоветтің төрағасы болған. Інісі хатшы болған. Содан бір күні мына отрядтан, бастығы жинап, әр селсоветтен хатшысын қосып алып, бұларды тауға алып шықты дейді. Кіші Өсектің басында Қазанкөл деген бар, Жасылкөл деген көл бар екен.Текелі жақтан шығады екен. Жасылкөл одан ары Қазанның асуымен Қытайға өтетін жол бар екен ғой. Сол Жасылкөлге алып шықты дейді. Оны алып шыққан біздің ауылда тұрған ағайындылар, Иманғұлов (өзгерттім. – Авт.) дегендер. Олар НКВД-ның жасырын адамы екен, өздері үш ағайынды еді. Елдер олардың тыңшы екенін білмейді. Көңіліне жақпай қалған адам болса НКВД-ға айтады екен, олар түнде келіп ұстап алып кетеді екен. Сол Иманғұловтар «1000 түтін, бәленбайыншы күні Жасылкөлге жиналады екен. Содан Қазанның асуынан асып, Қытайға өтеді екен» – дегенді хабарлайды ғой. Содан отрядтан адамдар алады, 4 пулемет, бесатар береді, селсоветтерден алады. Тауға шықтық, Жасылкөлдің табиғаты дейді, теріскей бетінде қалың қарағай, көлдің төңірегі керемет, қызыл-жасыл гүл жайнап тұрған дейді. 4 пулеметті төрт жерге қойып жасырынып жаттық дейді. Ертең ерте сағат ондардан бастап мың түтін шықты. Көлге келіп, жүктерін түсірді. Салтанатты тойға келгендей киінген, көбісі әйел, қариялар. Барлығы жүктерін түсіріп жатқанда бұйрық беріп, пулемет сақылдады дейді. Сол кезде ойнап жүрген балалар, әйелдер, еркектер, түйе, жылқы, шыңғырғанда адамның миына сыймайтын жағдай болды дейді. Жайбарақат келіп жайғаса берген адамдарды қырғанда шыңғырған, боздаған, кісінеген дауыс тауды алып кетті дейді. Тұрып қарауға шама жоқ, елге жанымыз ашып, жылап жатырмыз дейді. Сол кезде күн күрт бұзылып, биттей бір бұлт келіп шатырлатып, нөсерлетіп, дауыл тұрып, борандатқанда адамды ұшырды дейді. Тұрған адамыңды домалатып әкетті дейді. Төрт жауынгер 4 пулеметті сүйрей етекке қарай қашты, артынан бәріміз де қаштық дейді. Сөйтіп 1000 түтінді қырып салып қайттық, тірі қалғаны аз шығар дейді. 
– Мұны сізге кім айтып отыр?
– Жаңа селсоветтен адам жинады дедім ғой, солармен барған ағайыным Бекмұқа деген кісі айтты. Селсоветте төраға болған дедім ғой, Үшаралда, – деді Нұрғали ата. 
– Ол да барған екен ғой? 
– Иә, бірге барған ғой. Қызмет істеп жүрген, көнбесе атады, барлығын халық жауы деп ұстап жатқан заман ғой. Барғанның өзінде қырылған қазақты көріп жылағаны үшін жазықты болған ғой. Содан жанашырлары сені бәлен күні келіп ұстайды деп хабар береді де Бекмұқа қашып, Қытайға өтіп кетеді. Сөйтіп құтылыпты. Әйтпесе бізді де ұстайтын еді дейді. Жаңағы сатқындар елді қатты қысып жібергенде Бекмұқа мен ағасы екеуін ана жақтан, Қытайдан Мұқай батыр жұмсап, «Жауыздығын тоқтатсын! Нақақ адамдарды соттап жатыр. Адамның қаны мен обалы жібермейді» – деп ескерту жасатыпты. Өлім күтіп тұр дегендері ғой. Құтырып алғандар қоя ма, осы маңды қанқақсатады. Арғы жақтағы жігіттер бұны, Жасылкөлдегі қырғынды кешіре алмапты. Мұқай батыр Кентай әкеміздің үлкені Орынбайды жанына бір адам қосып, бері жібереді. Олар орайын тауып Иманғұловтардың екеуін де қолға түсіріп, тауға алып шығып, атып тастапты. 
Нұрғали қарияның қай Мұқайды айтып отырғанын нақты біле алмадым, өзі де тегін айтпады. Жаркент өңірінде атақты Мұқай Байсымақов шығар деп тұспалдадым. Қасымхан Чанышев бастаған топпен бірге атаман Дутовтың көзін жоюға қатысқан Мұқай батыр кейін қызылдың пиғылынан қашып арғы бетке өткені, біраз ауылды көшіргені белгілі. Сатқындарды жою операциясының шебер ұйымдастырылуы басшының әккі әрі көзсіз батыр болғанын байқатады. 

– Бекмұқа қария осының бәрін қорықпай қалай айтқан? 
– Екеуміз көрші тұрдық, баласы менімен құрдас еді. Кеште көп сөйлесетінбіз, құпиясын тек маған айтатын. Басқаға айтса сотталып кетуі мүмкін. Мысалы мына Сәтжолда Ыбыраймолда деген қария 25 жылын түрмеде өткізді. 7-8 жылға кетеді, сотталып келеді, келген соң, 1-2 ай жүреді де тағы сотталып кетеді. Оны кімнің, не үшін соттататынын ешкім білмейді. НКВД-ның адамын әкеліп соттайды да жібереді. Сөйтсе әлгі сатқындардың тірі қалған Мұхамедхан деген інісі қыр-соңына түсіп алған екен ғой. Ағаларының өлімінен кейін НКВД-мен сол ауыз жаласыпты. Ыбырайымолда жарықтық 25 жылға жазаланатындай кімге қиянатым тиді деп, күйінумен өтті. Менің ағамның бойы ұзын еді, 14 жасында соны ФИЗО-ға жібертті ғой, жасы толған деп. Өздерінің туысының кезегі келіп тұрғанда орындарына жас баланы тентіретіп жіберген. Кейін ашылды ғой... 
– Сұмдық оқиғалар айттыңыз, ата. 
– Бұл әке, бауырларда естіп, көрген бар сұмдықтың азы ғана ғой. Мысалы жаңағы Орынбайлар Қытайдан оралды. Сол кезде ауыл қарғайтын, менің шешем, өзінің жеңгесі, «Сен қанішерсің, қолың қан, мойныңда адамның қаны бар!» – деп тілдейтін. Жасылкөлге әскер апарған сатқындарды жазалағаны үшін осындайға көнуіне тура келді. Біз өлтірмесек өзіміз өлетін едік қой деп әзер қашып құтылатын. 
– Енді оларды банды дейтін заман еді ғой... 
– Банды болғанда бәрі өзіміздің қазақ қой. Сейіт Ғиса деген кісі болған осы жақта. Сол бір күні белсенділермен бірге бандылардың қолына түскен ғой. Ар жақтан Мұқай басқарып отыр. Семейден осы жерге дейінгі шекараны тоқтамай жүріп, 400-500 адамнан өткізіп жүреді екен. Түрмеге қамап, қысым көріп отырғандардың отбасын Қытайға алып өтеді екен. НКВД деген бәле болды, тыңшылары тырс етіп хабар берсе түнделетіп жетіп келіп, ала жөнеледі. Ананы ұстатады, мынаны атқызады. Бандылар соларды жазаламақ болып, бірнеше үкімет адамын ұрлап әкеткен ғой, солардың арасында Ғиса да қолға түсіпті. Бандылар ұстап, өлтіруге Қазанның асуы, тауға қарай алып кетеді. Бірден ғана таудың қорымымен жүреді екен. Сонда сайдың түбінен асатын асу 2-3 шақырым биік екен. Жаркенттің бер жағында Өсек деген өзен бар. Үлкен су. Екі Өсек бар, үлкен және кіші. Үлкен Өсектің үстінен Қазанның асуы деген асуың тігін машинаның ақ жібі сияқты әрең көрінеді дейді. Ол жерден талай аттар, өгіздер, түйелер құлап, өліп кетті дейді ғой. Сонда апарғанда Ғиса Сейітті атпайық, жіберейік, мұның балаларды оқытқаннан басқа ешқандай жазығы жоқ деп әділін айтқан ғой. Анау елге аман қайтады. Содан бұл кісі ілім қуалайды. Оның Жансүгіровпен бірге түскен суреттері бар. Ғалым болған. Мына жерде қызы тұрды Нұрила деген. Күйеуге тиген, балалары бар. Өздері қайтыс болды. Нұрила деген қызы 1926 жылы туған еді, тоқсаннан асқанда қайтыс болған. 
Ғиса Сейітов Кентай Нұрпейісовтерден бір жарым айдан кейін тұтқындалған еді, сондықтан тізімде жоқ болатын. Бұл кісінің тағдыры да қызық. 
Атақты Ғиса Сейітов қой, Қызылеспе ауыл советінде туған. 5 класс білімі бар екен. 1937 жылы 30 қазанда тұтқындапты. 10 жылға сотталыпты. 1957 жылы ақтапты. 
– Сол бандыға қатысы бар деп соттаған ба? 
– Ол кісі банды болмаған, ал бандылардан аман келгені қайта-қайта алдынан шыға берген, жаумен байланысың бар деп, қуғынға ұшыраған. Осы маң ғой Қызылжар, Қызылеспе деген. 
– Сотталып кеткен соң елге келді ме? 
– Келді, мұғалім болып жүрді. Мына Назарбаев тұсында қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың ұрпақтары болса үй беріңдер, жарылқаңдар деді емес пе. Нұрила марқұм үй сұрап жүр еді, соған баспана берді ғой. 
Нұрғали қария өткенді қазбалау ауыр тиіп тұр дегендей шаршаңқы жүзбен қарады. 
– Мәнді әңгімеңізге рақмет, ақсақал. Құдай қуат берсін! 
– Өткенді іздеп жүрген өздеріңе рақмет, айналайын. Ғұмырлы болыңдар. 
1930 жылы 18 қыркүйекте Бурақожырдың бірінші ауылынан тұтқындалған азаматтар 3 жылдан 10 жылға дейін сотталып, жер аударылған, концлагерьге жіберілген. Оларды іздеу жаңа зерттеулерге жол ашты, Орынбай Кентайұлы бастаған намысты жігіттердің тағдырының өзі талай жұмбақ тұсқа сәуле түсіретіндей. Оның әкесі Кентай Нұрпейісовтың абақтыдан қашып кеткенін советтер жасырған секілді, дерек жоқ. Жалпы, абақтыдан қашып, Қытай асып кеткен қазақ көп болған, олардың есімін атамау саяси үгіт-насихаттың бір пұшпағы болса керек. Кеңестің құрығы ұзын дегенге селкеу түспесін дегендері шығар. Ал тарих беттерінде «1 Бураходжирский» деп сақталған ауыл қазіргі Айдарлы болар деген ойға келдік. Өйткені архив қағаздарын ақтарып отырып, 1930 жылы бұл фермалардың орталығы сол ауыл болғанына көз жеткіздік. Нұрғали атаның айтуынша, Кентай Нұрпейісовті де не Айдарлы, не Соцжол ауылының бірінен ұстапты. Тарих парағында санмен, ескі атауымен берілген елді мекен атаулары көп, олардың бәрін анықтау қиын жұмыс. Нақтылап берер Нұрғали Әжібекұлы секілді көнекөздер де азайып барады...  

Алматы-Ақжазық-Аққұдық-Көктал-Әулиеағаш-Жаркент 

396 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз