- Мақала
- 30 Қыркүйек, 2024
КӨҢІЛГЕ ТҮЙГЕН ОЙЛАРДАН
***
Айтпағымыз ақын, ойшыл, мұсылман дінінің атақты қайраткері, философ, ғұлама ғалым Құл Қожа Ахмет Ясауидің қиялдан салынған суретіне байланысты. Әрине, бабамыздың өз бейнесі сақталмағаны белгілі. Ендеше, бізде Құл Қожа Ахметтің қоғамда әбден қалыптасып, көзге үйреншікті болған, әлемге ұялмай көрсететін суреті бар ма? Бар болса, ол жұрт көңілінен шыға ма?!
Қожа Ахметтің әзірше біз білетін үш суреті ғана бар. Біріншісі –90-жылдары Шымкентте салынған. Бұл сурет сол кезде-ақ баспасөзде біраз сынға ұшырады. Өзбекке, сартқа ұқсап кеткен, базардағы бақалшы саудагер секілді болып қалған делінген. Бірақ осы сурет бабамыздың әлі күнге басты бейнесі болып келеді. Ал туысқан түріктер бізден де бұрын Қожа Ахметтің суретін салған екен. Онда Османлы дәуіріне ұқсатып салған. Қазаққа емес, түрі де, тегі де түрікке келеді. Сондықтан бұл бейнесі біздегіден әлдеқайда тәуір болса да, қазақ арасында қабылдана қоймады. Үшінші суретті Қ. А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жаңадан салдырған. Осы университеттің Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор Мұса ЙЫЛДЫЗ мырза қайбір жылы маған: «Біз Қожа Ахметтің жаңа суретін салдырдық, оны Интернетпен жан-жаққа таратуды жоспарлап отырмыз. Бұрынғы суреті Османлы кезеңіне ұқсап кеткен еді, енді осы аймаққа сәйкестендіріп, Қырғызстандағы Манас университетінде жұмыс істейтін түрік суретшісіне қайта салдырдық» деп еді. Бұл мінәжатханада отырған суреті біреулерге ұнамды көрінер, сіздерге қайдам, бізге бабамыздың бейнесін аша алмаған секілді сезілді.
Қожа Ахметке болса да мәрмардан зәулім ескерткіш қоя алмаймыз. Сопылықтың шыңына шыққан, табан астында топырақ сипатында жоғалуды көксеген жанның шартына ол сай келмейді. Бабаның топыраққа сіңген пенделік бейнесін ойдан пішпей, оның Рухына сүйенсек, әлдеқайда нұрланған кескінін көрер едік. Бірақ ұялмай көрсететін бір суреті болуы керек-ақ! Қалай десек те, суретшілер арасында бабамыздың бейнесін ашып беретіндей республикалық конкурс жарияланса деген тілегіміз бар. Ондай конкурс жарияланып жатса, оған суретшілер қызу атсалысар деген ойдамыз. Сонда бәлкім, бабамыздың әлем алдында жүзіміз жарық болатындай жарқын бейнесіне ие болатын шығармыз.
***
Пушкиннің әлемнің әр елінде қойылған ескерткішінің саны 200-ден асады екен. Соның бәрінің суретін ерінбей қарап шықсаң, бірінен бірі өтеді, бірін бірі толықтырады. Пушкин әр түрлі позада, әр қырынан ашылған. Бірақ бет-пішіні біреу ғана, кейбірінде цилиндр қалпақ кигені болмаса, өң-келбеті ешқашан өзгерген емес. Сол баяғы көкіректе жатталған таныс бейне.
Пушкиннің салынған суретінен көп нәрсе жоқ болса да, бір тұрақты бейнеге тоқтаған. Кеңес заманында кемеңгер тұлға болған Лениннің де бет-бейнесі тұрақты, еш жерде өзгермегені белгілі.
Ал біз Абайдың бет-пішінін неге өзгерте береміз?!
Астанадағы «Арқаның желі арқасын тоңдырған жуан шал» Абайдың ескерткіші аз сыналған жоқ.
Ат көтере алмастай алып Абайды Мәскеуде шоқша сақал Ленинге ұқсатып жібергендейміз. Ыстамбұлдың Зейтінбұрны ауданы, Казлышешмедегі Абай атындағы мектептің алдына қойылған Абайымыздың бет-бейнесі түрікке ұқсап қалғандай. Ташкенттегі «ұзын мойын» Абай Науайыдан аумай қалғандай. Шымкенттегі «автобус күтіп отырған жолаушы» Абайдың түрі мүлдем басқаша. Абайдың түрін неге соншалық құбылта береміз?! Оны айтпағанда, қай жерде де сол баяғы қолына кітап ұстаған Абай жүзін төмен салып тұрады. Алматыдағы «мәңгілік» Абай ескерткішінің қалқиған көлеңкесіндей мүсіндерді қай жерде де қайталай беруден ендігі жалығатын кезіміз болған жоқ па?!
Құдайға шүкір, Пушкин сияқты емес, қолымызда Абайдың тірі күнінде түскен өз фотосы бар. Әрине, мүсінші қиялына шектеу жоқ, бірақ Абайдың шынайы, тұрақты бейнесі осы фотодағы суреттен пәлендей алыстамауы тиіс емес пе?! Абай дана қазақта біреу ғана. Ендеше дара Абайдың да бет-бейнесі біреу болуы тиіс. Қалайда тұрақты бейнеге тоқтағанымыз дұрыс!
***
Тарихқа сенсек, Есік обасынан Алтын адам 1970 жылы табылған. Тапқан адамдар белгілі. Табылған – Сақ патшасының өзі емес, сақ ханзадасы. 17-18 жаста делінеді, әйел-еркегі белгісіз. Басы жоқ. Сүйегі әзер дегенде табылды. Соны біз әлі күнге малданып жүрміз.
Ал сонда №1 Сақ патшасы қайда жерленген деп ойлайсыздар? Әрине, сол маңда болады да. Құпия қорғанның ежелгі картасы сақталғаны ақиқат.
Ендеше, Сақ патшасының сүйегі қайда кеткен?! Ол қашан қазылып алынған, қайда, қашан, қалай әкетілген?!
Тарихқа қарасақ, 1963 жылдың 7-шілдесі күні адам айтқысыз атышулы тасқын болып, Алатаудың «жанары» ағып түскені, есіл көл – Есік көлінің «өлгені», биіктігі қырық метр қара лай тасқын (13 қабат үйдің биіктігіндей) жолында кездескеннің бәрін жайпап өткені белгілі. Ресми түрде сол кезде 70 адам өлді делінгенмен, ол сан 7 мың адам болуы мүмкін, оны енді ешуақытта біле алмаймыз.
Сол қаралы оқиға болатын күні КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Косыгин мен Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Д.Қонаев екеуі неге Есік көліне барды деп ойлайсыздар?!
Неге сол күні туристер мен бейсауат жандардың Сақ қорғаны жағына баруына қатаң тосқауыл қойылып, арнайы бөгет жасалынған?! Сұрақ – көп, жауап – жоқ!
Қонаев өзінің кітабында, сол күні Косыгин екеуінің биік көпір үстінде тұрғандарын, жүрегі бір қауіпті сезіп, Косыгинді жүр-жүрлеп көпірден сүйреп алып шыққанын айтады. Сол замат алапат лай-тасқын Косыгин мен Қонаев тұрған көпірді шопақ құрлы көрмей, ағызып ала жөнеледі. Егер бір минут кешіккенде, екеуін де қара батпақ жұтып қоятын еді. Құдай сақтап, аман қалған екеуі желдей ескен суға жеткізбей лимузинмен ағыза жөнеледі.
Осыны кездейсоқтық деп ойлайсыздар ма?! Өмірде кездейсоқтық болмайды!
Қонаев ол құпияны өзімен бірге көрге ала кетті ме. Бәлкім, біреулерге аманаттап айтып кеткен де шығар, кім білсін...
Мүмкін, Есік көлінде болған бұл қаралы оқиға – сол күні қазылып алынып, сүйегі Мәскеуге ұшақпен әкетілгелі тұрған №1 Сақ Патшасының қаһары, ашу-наласы, қарғысы шығар, осылай деп ойламайсыздар ма?!
Аруаққа сенбейтіндерге оны ғылыми түрде түсіндіруге де болады. Оны айтсақ жазбамыз созылып кетеді. Қысқаша айтсақ, Жердегі заңдылықтың сақталуы Аспаннан қатаң қадағаланады...
Бұл құпия да түптің түбі ашылатын шығар...
***
Қолына енді қалам алып жүрген жас таланттың бірі: «Абай сияқты аузынан ақ уыз тамған бай болсам, не кием, не ішемін деп уайымдамасам, екі қолым құдайдан бос болса, мен де Абай емес, бірақ Абайдан былай емес ақын болар едім» дегендей сөз айтыпты. Апыр-ай, Абайдың қолы құдайдан бос болды, уақыты ен-тегін артылып жатты деп кім айтты? Қайта бізге жеткен қайран уақыт дәл сол Абайға жетпеген шығар? Басқаны айтпағанда, сонша мол дүние-байлықты ұқсатудың өзі пенде баласына жатқан бір уайым-қайғы емес пе? Мыңғырған малға қойшы-қолаң қарады дегеннің өзінде, ол өздігінен өсіп-өніп, шаруасы дөңгеленіп жатпағаны анық. Ендеше, «Түстік өмірің болса, кештік мал жи» деп өсиет еткен Абай төрт түлік малға пысқырып та қарамады деп кім айтты? Қайта мұрнынан шаншылып жүрген шығар. Ел билігіне араласып, «ақырған» болыс та болған. Әлішер Науаи сияқты салт басты, сабау қамшылы өмірден өтпеген. Бір әйелмен тұрудың өзі ақырет деп есептейтін болсақ, Абайда ол төртеу болған. Ендеше, Абайда ен-тегін артылып жатқан қайдағы уақыт?! Бүгінде талай бай-бағылан ақын-жазушыларды білеміз. Жазса, солар Абайша неге жазбайды? Құдай берген талантын малдың жолына сарып қып, қаламның емес, дүниенің құлы болып кеткен жоқ па көбісі? Ендеше, малын да шашау шығармай, ақыретінің де қамын құр жібермей, дүние-тіршілігін де ұмытпай, солардың арасынан шым-шымдап шығармашылығына уақыт таба білген, өлеңімен де, өмірімен де үлгі болып қалған қайран қара шалға қайыра бас игеннен басқа не дейсің!
***
...Мұқағали туралы айтылар нәрсенің бәрі де айтылған, бәрін де білетін сияқтымыз. Өлеңін де, өмірін де жатқа айтамыз. Жазылмаған, жазбаған жай қалмағандай. Жақында біреу «Мұқағалидың жырлары тірі кезінде танылмады» деп жазыпты. Қайдам... Өзі танылмады десе, құлаққа кірер, ал өксіп туған өлеңдері... Өз басым Мұқағалидың «Өмірдастан» атты сыртында қиялап ұшқан жалғыз қарлығаштың суреті бар, жиегі сарғыш бояулы кітабын 1977 жылы, 9-сыныпта жүргенде оқыппын. Қазақстанның алыс бір түкпіріндегі ауылдың бір топ ақын шалыс қара балалары сол 1977 жылдың өзінде-ақ Мұқағалидың осы кітабын басына жастанып, таласа-тармаса оқып жүрді. Ол кез теледидардың ауылға енді-енді жетіп жатқан кезі. Мұқағалидың газет-журналдарға шыққанын да көрмеппіз. Мектепте ақын атын әдебиетші мұғаліміміздің де аузынан өмірі естімеппіз. Ендеше, ақынды бізге біреу насихаттады, оқуға бағыт-бағдар берді деуге ешқандай негіз жоқ. Ауыл кітапханасынан кітабы қолымызға қалай түсті, солай бірден құлай ғашық болдық, ауырдық. Әрине, «Өмірдастан» – Мұқаңның өзі ауруханада жатып, «сигнальный» данасын ғана көрген соңғы кітабы. Дегенмен, сол кітапқа енген өлеңдердің ұзынсыпырасы ақынның бұрынғы кітаптарында, газет-журналдарда жарық көргені анық. Ендеше, әдеби ортаның ауылдың қара домалақтары өліп-өшіп оқығанды оқымауы, түсінгенді түсінбеуі, ұнатқанды ұнатпауы мүлдем мүмкін емес қой. Бұл жердегі әңгіменің бәрі ақынды өз ортасының біліп тұрып бағасын бере алмауында, көре алмауында, қысастық жасауында, жорта елемеуінде, енжарлығында, тірісінде қадірін білмеуінде...
***
Жұрт көңілінен шығатын кино түсіру үшін миллиондаған доллардың қажеті жоқ, шытырман оқиғалы сюжет те іздеп керегі жоқ. Солай! Сенбесеңіз, теледидардан беріліп жататын орыстың қарапайым киноларына көз жүгіртіңіз. Орыстың рухын киногерлері алыс түкпірдегі орыс деревняларынан, орыстың орманынан, орыстың қысынан, керек болса, орыстың қарынан, орыстың шіркеуінен іздейді. Кейіпкерлерін тіпті ең соңғы орынға түсіріп, маскүнем, қылмыскер не жезөкше деп алғанның өзінде де, солардың өзі орыс рухын түсірмейді, көңілін пәсейтпейді. Қаусаған кемпір-шалының да бойынан орыс құндылығын таба аласың, ұлт мінезін көре аласың, әлбетте болсын-болмасын шынайылығымен баурайды. Еріксіз орыс киносы орыстық танымға елітіп, ертіп әкетеді. Ал қазақ киносындағы «өмір шындығын, ақиқатты «іздеу» жолы көбінесе қазақы құндылықтарды қиналмай құрбандыққа шала салған лас көріністермен, қара халыққа қара бояу жаққан кадрлермен өлшенеді. Кезінде ел-жұртты шулатқан «Келін» шыққанда, түркімендердің келін туралы түсірген киносы есіме түскен. Бұл киноның да аты «Келін», ал оқиғасы қысқаша айтқанда былай еді: Бір жетім шалдың (кемпірі жоқ деген сөз) жалғыз ұлы 1941 жылғы соғысқа кетеді де, артында желегі түспеген жас келіншегі қалады. Ары қарайғы оқиға бір үйде екеуден-екеу қалған ата мен келіннің, бірі – баласын, бірі – ерін сарғая күткен екі адамның арасындағы үнсіз психологияға құрылған. Екеуі үн-түнсіз сораптап отырып қара шайын ішеді. Ата мен келіннің арасындағы тілсіз сыйластық, иба мен әдеп қандай! Үйге кірсе де, шықса да бір-бірін қабақтарынан үнсіз ұғынысады. Әрқайсысы өз тіршілігімен әуре болып жүрсе де, бір-біріне жіпсіз байланған. Кинодағы сараң тіл қатысуды қоспасақ, режиссер сөз шығындап та әуре болмаған. Бірақ соған қарамай кино жалықтырмайды, қайта түпсіз қара иіріміне тартып әкетеді. Міне, сеңсең бөрікті түркімен шалдың, түркімен келінінің жанын ашып көрсету арқылы бүтін бір ұлт мінезін ашу деген – осы. Оның қасында біздің «Келін» келін емес, келсап.
Ұлттық идеяны насихаттауды, отаншылдықты қалыптастыруды жалаң ура-патриотизммен, даңғазалықпен емес, халықтың жанын, ұлттың мінезін білдірмей ашатын, көзге елене бермейтін бейнелі нәзік көріністермен астарлап та шынайы іске асыруға болады емес пе? Нағыз өнердің міндеті де сол ғой.
***
Бұрын «белгілі ақын» мен «көрнекті ақын» деген анықтауыштың арасында үлкен бір шекара болатын. Марқұм болып кетсе де, «көрнекті ақын» деген атақ кез келген кісіңе бұйырмайтын. Қазір ше? Аса көрнекті ақынды былай қойғанда, ұлы ақын көбейді. Анау да, мынау да, жасы да, жасамысы да, өлісі де, тірісі де – ұлы ақын. Одан қала берді ұлт ақыны. Мерейтойда солай айтады, жарнамасында солай жазады. БАҚ құралдары соны қайталайды.
Бірде марқұм академик Мұхамеджан Қаратаевты қақ төрге отырығызып қойып, замандастары жабыла кеп мақтап жатты, мақтаудың неше түрін бірінен соң бірін сорғалатты дейсің. Таңғалғаным, Мұхаң қара тастай отырған орнынан тапжылған жоқ, мақұлдап басын да иземеді, қарсылық білдіріп қабағын да шытпады. Жүзінен қимылдың құйтымдай белгісі білінбеді. Басын да көтермеді, жанарын сәл төмен салған күйі қимылсыз отыра берді.
Қыздырманың қызыл тілінен мезі болған ба, әлде сылдыр сөзге әбден еті өліп кеткен бе, дерсің. Өмірдің көлеңкелі жағын, алдау мен арбауды көп көрген Мұхаңды ешкім сонда селт еткізе алмады.
Су сияқты, сөздің де сұрауы бар. Сөзді беталды, былапыт қолдану – рухани қылмыс. Кешегі сырбаз Ғабит Мүсірепов, тарлан Тәкен Әлімқұловтар секілді мақтаса да, әр сөзін бағып, бағалап, байыптап, саралап, салмақтап барып мақтау қарақұрым қаламгердің бойына қашан дарыр екен?..
***
Іргелі Батыс жұртын ілік етпей-ақ қоялық, қасымыздағы Ресейде, аты-затын түгендемей-ақ қоялық, ақсүйектер өмірінен түсірілген неше түрлі фильмдер бар. Орыстың осы фильмдерін зәуде бір көре қалсаң, ондағы әуесіңді алатын сән-салтанаты жарасқан зәулім сарайлардағы байлыққа бастан-аяқ малынған дворяндардың, сарай ақсүйектерінің, олардың еркетотай бикештерінің маңғаз жүріс-тұрысы, өз-өздерін ұстасы, сөз саптастары, жұртпен қарым-қатынасы, шарап ішістері, би билесі, киім киісі, қыл аяғы ас-ауқат ішкеніне дейін магнитше тартып, тәнті етіп тұрады. Бір қарағанда, ұсақ-түйек сияқты көрінгенмен, мұның бәрін озық ойлы орыс жұрты еріккеннің ермегі үшін шығарып жатпағаны анық, әрине. Осындай киноларымен олар ерте заманнан-ақ озық мәдениеті қалыптасқан іргелі халық, көшелі жұрт, өркениетті ел екенін өз халқының да, өзге жұрттың да санасына сары майдай сіңіріп жатыр. Халқы соған қарап бойын да, ойын да түзейді. Халықты тәрбиелейтін күш, көркемөнердің құдіреті дегеніміз осы! Біз кешегі күнге дейін кинода қазақты қаратаяқ қайыршы етіп көрсетіп келдік. Ауқатты қазақ болса, надан, сасық бай етуге күш салдық. Халықтың шынайы тұрмысы, мәдениеті қаратабан кедей-шаруа, надан байы арқылы емес, ақсүйек зиялысы арқылы танылатынын, танытуға болатынын ескермедік. Қазақты тек «қонарын – сай, көшерін – жел білген» көшпенді етіп көрсеттік. Ал қазақтың ақсүйектік өмірін кино тілінде көрсетеміз десек, шын мәнінде, хан-сұлтандар өмірінен киноға сұранып тұрған сюжеттер жетеді. Мәселен, Қазан университетінің құрметті профессоры болған Жәңгір ханның өмірінің өзі осындай фильмге сұранып тұрған жоқ па? Жәңгірдің тоқалы – Қазан мүфтиінің қызы Фатима ханша французша, немісше білген, күйсандықта құйқылжыта ойнаған. Міндетті түрде Исатай-Махамбет көтерілісіне бұрып, ұрыс-соғыс салып ұрандатпай-ақ, аузынан ақ уызы кетпеген бай-сұлтандардың бейбіт, мамыражай өмірін көрсетуге болмас па? Тіпті болмаса, Шоқанның әжесі, Уәли ханның жесірі Айғаным ханша ше? Атақты Тәттімбет, Дәулеткерей күйшілер де жалаң шекпен болмаған. Он тоғызыншы ғасырда Арқада Паң Нұрмағамбет деген атақты бай өмір сүрген. Сол кісі қолынан қысы-жазы ақ биялайын тастамайды екен. Халық маңғаздығына орай «Паң» деген атақ берген. Сол Паң төре бол, қара бол, кіммен болсын амандасқанда, қолынан ақ биялайын шешпейтін көрінеді. Ал енді қымыз берген үйдің аяғы кір болса, дастарқанын тастап жүре берген, кір жастықтан қашып, ер-тоқымын жастанып, құла дүзге барып қонған Ақан Сері ше?..
Ендеше, ақсүйектер өмірін арқау еткен жоғарыдағыдай фильмдер қазақы ұлттық буржуазияны қалыптастыруда, халықтың санасын, рухын оятуда ерекше серпін берер еді...
***
Көне Тараз шаһарына кіреберіс қақпада «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген Шығыстың ұлы шайыры Фирдоусидің ғазалы қанша жылдан бері ілулі тұратын. Сол ғажап жырды бір әкім өшірткізіп тастапты деседі.
Қайта сол әкім көне шаһар Тараздың тарихымен мақтанғысы келсе, Фирдоусимен бірге ақындардың патшасы – Омар Хәйямға неге Таразда ескерткіш қоймасқа?! АҚШ пен Қытайда да бар Пушкиннің ескерткіші Таразда да бар. Орынбор мен Оралды басып өткені болмаса, Пушкиннің табанының Таразға тимегені анық. Ал ортағасырлық Шығыстың жеті жұлдызының бірі, рубаилары алда да адамзаттың асыл қазынасы бола беретін Омар Хәйям (1048-1131) екі мың жылдық тарихы бар көне Таразда талай түстеніп, қиғаш қас, қара көз сұлуларына ғашық боп, былайша мәйін жыр төккен.
Қайтесің, Хәйям, тыңдап надандарды,
Есірген айырмастан адам, малды.
Одан да Тараздың жас сұлуымен,
Ойнап-күл, болған емес заман мәңгі.
(А. Бекбосынның аудармасы)
Олай екен, ендеше екі мың жылдық көне Таразда мың жастағы Фирдоуси мен Омар Хәйямның өлеңінен бөлек ескерткіштері де асқақтап тұрса, жараспас па еді?!
***
Бақсақ, әлемдік біртұтастанудың басында тұрған, Батыс пен Шығысты тұңғыш рет бірыңғай макроэкономикалық кеңістікте түйістірген – Шыңғыс хан екен. Басқаша айтсақ, ұлы қаған әлемде ортағасырлық жаһандануды бастап берген. Осылайша жер бетінде су жаңа мәдениет түрі мен өмір сүру стилі қалыптасқан. Бірыңғай ақша саясаты, дүниежүзілік сауда ұйымы, дінаралық татулық, әлемдік және дәстүрлі діндер сиезі, гендерлік саясат, демократиялық, дипломатиялық принциптер деп жалаулатып жүргендеріміздің бәрі ұлы қағаннан қалған жұқаналар екен. Тіпті қазіргі несиелік карточкалардың идеясы да Шыңғыс хан тұсында пайда болыпты.
Бұрын Шыңғыс хан – жауыз тағы деп келсе, енді ол әлемдік өркениет көшін үлкен жолға салып берген ұлы тұлға ретінде бағалануда. Түптің түбінде Мәскеу мен Вашингтонда ұлы қағанның ескерткіші ертелі-кеш қойылып жатса, оған да таңғалуға болмайды.
***
...Жаздың аптап күні батып барады. Ағараңдап қар жатқан алыстағы тау шыңдары батар күнмен шағылысып көрінеді. Тау басынан білінер-білінбес төмен сырғыған көгілдір көлеңкемен бірге жанға жайлы қоңыр самал сезіледі. Аршындап шапқан аңыздағы ақ боз аттай, басын кегжитіп, құйрығын шаншып, арқырай кісінеген арғымақты жанұшыра құрық салмақ болып қуып келе жатқан қос салт атты. «Қашқан мен қуған бірдей» демекші, кең байтақ дала, ашық кеңістік, майлы бояудың емін-еркіндігі мен қанықтығы, қым-қуыт жарқын түс – адам бойын баурап алар шаттық пен қан қыздырған құмарлықты, буырқанған күш-жігерді шынайы беріп, көз үйренген күнделікті эпизодты көз суарған көрініске, романтикалық, көңіл толқытар жанды оқиғаға айналдырып жіберген. Көкірек сарайыңды ашар көңіл күй, өмір шаттығы, адам жасампаздығы. Адам мен аттың арпалысы. Қысқасы, тұнып тұрған поэзия.
Бұл сонау ертеден, мектептегі бастауыш сыныпта оқып жүргенде «Ана тілі» оқулығы арқылы санамызға мықтап ұялаған сырлы сурет – «Қашағанға құрық салу» деген пейзаж. Бала күнімізде еркіндік сүйгіш арғымаққа болысып, іштей «қуғыншыларға жеткізбесе екен» деп тілейтінбіз. Бала қиялымызға қозғау салған картинаның құдіреті емей немене. Қазақстанның Халық суретшісі Молдахмет Кенбаев (1925 – 1993) керемет шабыттан туған бұл атақты картинасын 1957 жылы салған екен. Бұл картина қанша жерден реалистік бағытты ұстанған, шырайлы, сәулелі сезілгенмен, астарында үлкен философиялық түйін бар деуге де болады. Қашаған асау арғымақ – тар бұғауға көнбейтін тәкәппарлық, еркіндік, бостандық. Асауды ауыздықтап, құрық салғалы жүргендер – оны бұғаулап, тыпыр еткізбей мінгісі келгендер. Сол кездегі кеңестік қатал жүйені, қызыл қоғамның талап-тілегін ретін тауып сынаған әдіс-тәсіл деуге де болатындай.
***
..Бала кезімде, неге екенін қайдам, өзімді сұмдық жалғыз сезініп, жиі құлазушы едім. Айналамдағы барша адам – әке-шешем, бауырларымнан бастап, күллі ауыл халқы тек мен үшін, тек менің көңілімді аулау, тек маған қызмет ету үшін ғана жаратылған «екі аяқтылар» секілді сезімді жиі бастан кешіретінмін. Қысқасы, мен ғана – ақиқат та, ал қалған жан иесінің бәрі мені ішіндіру, киіндіру, ойнату, ұйықтату тәрізді, әйтеуір ойымды бөліп, алдандыру үшін ғана жүретін елес-көлеңкедей көрініп, кейде өз ойымнан өзім қорқып кететінмін... Ал қазір ше? Қазір керісінше. Айналамдағы адамның бәрі ақиқи өмір сүріп, тек мен ғана «ас ішіп, аяқ босатып» жүрген елес-көлеңке секілдімін... Бір кезде бәрінің қожасы едім, қазір қызметшісімін... Оңашаланатындай жағдай, құлазитындай уақыт жоқ...
***
Жазушылар неге сыйлыққа құмартады? Ол біз айтпасақ та түсінікті. Сыйлығың бар ма, онда сен – таланттысың. Жоқ па – талантсызсың. Қаймана жұрт тұрмақ, қалам ұстағандардың өзі қазір осылай ойлайды. Осылай ойлауға, ойлануға мәжбүр. Себебі «сыйлық» деген ауру етімізге еніп, сүйегімізге сіңіп кеткен. Ол аурудан әл-әзір құтылмайды екенбіз, онда оның емін іздейік. Ондай ем бар. Ол – әдеби сыйлықтың санын көбейту. Біздегі әдебиет саласындағы сыйлықты санасаңыз, бес саусақты бүгуге де келмейді екен. Жастарға берілетін «Серпер» мен «Дарын», «Алаш», сосын Мемсыйлық. «Тарлан» сыйлығы тиынның жоқтығынан тоқтап қалды. «Дарабоз» сыйлығы да солай. «Алтын қалам» сыйлығы тоқтап қалып еді, енді қайта қолға алынады деседі. Бұрын Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали сынды бірнеше мықтылардың атындағы сыйлықтары болатын. Оның бірі де қалмаған. Бәрі «Алаш» сыйлығына айналып кетті. Ал енді алыс шетелдерді айтпағанда, көршіміз Ресейді алайық. Оларда әдеби сыйлықтардан аяқ алып жүре алмайсыз. Санамалайық. «Антибукер», «Орыс Букері», «Ясная Поляна» Пушкин, Лермонтов, Ахматова, Блок, Бунин, Белый, Бажов, Есенин, Валентин Пикуль, Мамин-Сибиряк, Юлаева, Беляев, Фадеев, Жуковский, Грин, Солженицын, Бугров, Ефремов сынды сандаған марғасқалардың атында жалпы саны 335 (үш жүз отыз бес) әдеби сыйлық бар екен. Мұның бәрі – бір ізге түскен, тұрақты беріліп тұратын сыйлықтар. Мұның сыртында меценаттар тағайындайтын бір реттік қаншама сыйлық бар. Қаламгерлерді ынталандыру деген осы емес пе?!
***
Отыз күндік Ораза айы да ортая-ортая бітіп қалды. Осы отыз күн біреулер үшін әрең сарқылса, біреулер үшін қысқа жіптей шолтаң ете қалған болар. Біреулеріміз аптап ыстық пен ораза айында аш жүріп жұмыс істеуден басын алып қашқандай, кезекті еңбек демалысына шығып қалуға тырыстық. Әрине, қасиетті айда құлшылық-дұғаны тереңдетіп, имани тұрғыда демалғанға не жетсін. Бірақ сол құрғыр демалыс керісінше сипат алып, ала көлеңкеде алаңыз ұйқымен өтіп кетсе ше?!. Бұрынғылар қасиетті аймен көздері қызарғанша жылай-жылай қоштасыпты деседі. Қимағандықтан. Қазір ше? Қазір де жылайтындар бар болар, қимайтындар да аз емес шығар. Көпке топырақ шаша алмаймыз. Бірақ тақуалық жағынан бүгінгілер бұрынғыларға бәрібір жете алмайды. Бұрынғылар жеткізбейді. Көбіміз деп қайтеміз, кейбіреуіміздің «Жеттік-ау, осы күнге!» деп оразаның біткеніне қатты қуанып жүргенін айтсақ күпірлік болмас. Ол енді, үш күндік Айттың қуанышынан гөрі, «құтылдық па?» дегенге көбірек саятын шығар. Ол да жаман емес, бәлкім. Ораза ұстамағандарда ондай қуаныш та жоқ қой...
***
Ертеректе сол кездегі Бас мүфти Рәтбек қажының теледидардан «Намаз оқымай-ақ ораза ұстауға бола ма?» деген көрермен сұрағына «болады» деп нық жауап бергенін естіген жасы келген намазхан апамыздың күйіп кетіп, экс-мүфтиді сырттай жерден алып, жерге салғаны бар. Ораза мен намаз екеуі екі бөлек құлшылық екені рас. Рәтбек қажының әлгі сөзді жұрт бір парызынан болса да құтыла берсін деген жақсы оймен айтқаны анық. Ал оны құлшылықты бөліп-жармайтын, қай түрі болсын сүйегіне дейін сіңіп кеткен әлгі апама түсіндіріп көр. Әне, бұрынғының адамы!
***
Жақында үлкен бір жерде ауызашар беріліп, арасында ақшам намазы жамағатпен оқылды. Бір аты белгілі азамат та қол қусырып қатарға тұрды. Құрдас болған соң өзімсініп: «Сенің намаз оқымайтыныңды жұрт білмесе де, мен білем ғой. Көпшілікке дін жолын ұстанатын адам сияқты болып көрінгенің мұнафықтық саналмай ма?» дедім соңыра. «Жоқ»,– деді ол, – қайта ақ қарғадай шошайып үстел басында жалғыз қалғаным ерсі болар еді, көз қысты болса да көппен бірге намазға жығылғанның несі айып? Дініміз де «көптен бөлінбе, көппен бірге бол» демей ме. Қайта мені көрген жұрт «мына кісі де намазға жығылыпты-ау» деп үлгі алмай ма?!». Расында да, солай болса солай шығар деген ойға қалдым.
Түркияның марқұм президенті Тұрғыт Өзалдың бес уақ намаз оқып өткенін қойнында жатқан әйелі де өмірбақи білмепті деседі. Кабинетін жауып алып оқыған. Қонаев атамыздың да кабинетін іштен кілттеп алып, жасырын намаз оқығаны айтылады. Оларды заман, уақыт, саясат солай мәжбүрлеген. Ал бүгін тығылып оқитындай мәжбүрлік жоқ. Жаңағыдай жұрт аяғы жиналған жерде есімін ел білетін кісілердің, дін жолын ұстанбаса да, жамағатпен бірге сап түзеуі ерсілік емес, естілік шығар ендеше. Бес уақыт намаз оқымаса да, аудан, облыс әкімінің жамағатпен бірге сәждеге жығылып жатқанын көрген жұрт одан әрине, сөзсіз үлгі алмай ма?..
***
Тоқсаныншы жылдардың аласапыранында қылмыстық топтың басшысы болған «Баха – фестиваль» деген лақап атымен белгілі атышулы азамат көзі тірі кезінде еңселі мешіт де салдырып кетіпті. Алматының жоғарғы жағындағы «Алма – Арасанға» баратын жолдың бойында биік күмбезді зәулім мешіт менмұндалайды. Сыртында «Райымбектегі Бақыткелді атындағы мешіт» деген жазуы бар. «Баха – фестивальдың» шын аты Бақыткелді екен. Мешіт салдырғанмен өзі оның ашылуын көре алмапты. Шетелден келген қылмыскерлер сол тоқсаныншы жылдары бір үйде отырған жерінде серігімен қоса жарып жіберген деседі. Қасында медресесі мен үлкен асханасы бар. Біреулер Алланың үйі мен ерекше қатыгездігімен көзге түскен делінетін қылмыстық топтың серкесін байланыстыра алмай, біраз әрі-сәрі ой кешетін де болар. Ал біреулер «дін-исламға тамшыдай болса да қызмет етіп, осындай еңселі мешіт салдырғаны үшін марқұм Бақыткелді бауырымызға Алланың нұры жаусын!» деп іштей шын жүректен дұға етер...
Төреғали ТӘШЕНОВ,
«Aqiqat»
508 рет
көрсетілді0
пікір