- Мақала
- 02 Қазан, 2024
Балалар әдебиетінің жарық жұлдызы
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар Алматы облысы Райымбек ауданында жалғасты. Нарынқол ауылындағы Жастар саябағында жазушының еңселі ескерткіші орнатылып, Сарыжаз ауылында дүбірлі той өтті, ас берілді. Іс-шараға Мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, жұртшылыққа ел Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді.
«Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Ардақты азаматтың есімін ұлықтап, еңбегін ел жадында жаңғырту – бәрімізге ортақ парыз. Осы орайда, жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне енгізілуі және туған жерінде сәулетті ескерткішінің бой көтеруі – әйгілі сөз зергеріне деген қадір-құрметтің белгісі. Қаламгердің өзіне ғана емес, оның кейіпкеріне ескерткіш орнату – өте сирек кездесетін оқиға. Астана төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармашылығының ұлт руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді», – делінген Президенттің құттықтауында. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде аталған өлкеден Райымбектей айбынды батыр мен Мұқағалидай арқалы ақын шыққанын тілге тиек етіп, осы өңірдің төл перзенті Бердібек Соқпақбаев есімі қазақ әдебиетінің тарихына алтын әріппен жазылатынын атап өтті. Сенат төрағасы қаламгердің шынайылық пен қарапайымдылыққа негізделген шығармашылығы әрдайым өзгелерден дараланып тұратынын айтты.
Сапар аясында М.Әшімбаев Қарасаз ауылына арнайы ат басын бұрып, Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалдық музейіне барды және өңірдің дарынды жастарын қолдауға арналған Өнер мектебінің ашылу рәсіміне қатысты, мерейтойға жиналған меймандармен бірге жазушы атындағы саябақта ағаш отырғызды. Сондай-ақ Палата Төрағасы «Ауыл кітапханаларына арналған 100 кітап» акциясы аясында жазушы Б.Соқпақбаев туған
Қостөбе ауылындағы мектепке қазақ әдебиетінің классиктері мен шетелдік авторлардың кітаптарын тарту етті.
Бердібек Соқпақбаевтың кезең шындығын, адам психологиясын, қазақтың жан дүниесін асқан шеберлікпен аша білген «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жекпе-жек» сынды туындылары кешегі буынның ғана емес, қазіргі оқырманның да сүйіп оқитын шығармалары. «Менің атым Қожа» повесінің 68 тілге аударылуы, шығарма желісімен түсірілген кинокартина 1967 жылы Канн қаласында өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің халықаралық кинофестивалінде дипломант атануы бұл кітаптардың өміршеңдігінің белгісі. Жазушы қауым балалар әдебиетінде мұндай ірі туындының одан беріде жазылмағанын айтады. Қазақ киносының алтын қорына енген «Менің атым Қожа» фильмі де қазақ көрерменінің қанша көрсе де жалықпайтын, бірнеше буынның балалық шағының нышанына айналған құнды дүние болып қала беруі сүйсіндіреді.
Жазушы тойының алғашқы күнінде Нарынқол ауылындағы Мәдениет үйінде «Болмысы бөлек Бердібек» атты салтанатты жиын өтті. Жазушының қызы, аудармашы Самал Соқпақбаева «Менің әкемнің барлық туындылары өз өмірінен алынған. Қаламгер бірде бір әңгімесін ойынан шығарып жазған жоқ. Ол оқу-білімге, кітапқа қатты құштар болды», – дей келе, Мемлекет басшысы мен қалың жұртшылыққа алғыс айтты. Жиында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбаев, Қуандық Түменбай, әдебиеттанушы ғалымдар Құлбек Ергөбек және Нұрдәулет Ақыш бастаған қаламгерлер қауымы әдебиетіміздегі Соқпақбаев феноменінің қыр-сырын ашып, тұлғаға деген құрметтерін жеткізді.
Белгілі әдебиет сыншысы, Құлбек Ергөбек конференцияда жасаған баяндамасында жазушының тұлғалық қасиеттері мен шығармашылығына тоқталды. «Б.Соқпақбаевты әдебиетке әкелген өзінің тағдыры дер едік. Ол тақырыпты өмірдің өзінен алып, тіпті сюжеттің өзін өмір шындығынан ширатып өріп, прозалық шығармалдар жазды. «Өлгендер қайтып келмейді» романында қазақ кешіп өткен қасірет шынайы жазылған. Бердібек бұл орайда кісінің жүрегін қалтырататын замана шындығын кейіпкер бойына сыйғызып, көркем образға айналдырып бере білді. Бердібек Соқпақбаевтың өтірікке жаны қас болатын. Қатарлас, замандастарының өтірік жазып жүргенін білсе сыйламай, сыйласпай қоятын. Сондықтан да Соқпақбаев қоғам шындығын бар ауыртпалық, қиындығымен көрсетем деп өзі де көп қиындық көрген қаламгер», – деп, Құлбек Ергөбек ғұмыр бойы ұстанымына адал, өзіне де, өзгеге де қатал һәм әділ, сөзіне берік болған жазушы тұлғасының ерекшелігіне тоқталды. Көзкөргендердің айтуынша, «Менің атым Қожа» повесі, «Өлгендер қайтып келмейді» романының кейбір тараулары кеңестік цензураға байланысты қысқарып кеткен. «Жазушының қабілет-қарымы толық ашылмай, арманда кетті» дейді әріптестері. Жиында Бердібек Соқпақбаевтың көп томдық жинағының тұсаукесер рәсімі болды. Сондай-ақ жазушы туралы естеліктер жеке кітап болып шықты. «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов қаламгердің «Өлгендер қайтып келмейді» атты романы «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының қолдауымен түрік тіліне аударылғанын және ЮНЕСКО аясындағы жүз жылдық мерейтой биыл қараша айында Францияның Париж қаласында атап өтілетінін айтып, жұртты қуантты. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласында облыстық кітапхана ашылатынын және оған Бердібек Соқпақбаев есімі берілетінін жеткізді.
Жазушы мерейтойына Парламент Сенаты мен Мәжілісінен бір топ депутат арнайы келіп қатысты. Ақын, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан өз сөзінде: «Бердібек Соқпақбаев – шығармалары Мұхтар Әуезовтен кейін ең көп шет тіліне аударылған тұлға. Халықтың, қарапайым оқырманның ең ерекше махаббатына ие болған Соқпақбаев сияқты тұлғалар ұлт әдебиетінде де, әлем әдебиетінде де өте сирек. Ол тек балалар жазушысы емес, ұлт әдебиетінің алыбы, классигі», – деп, халықаралық деңгейде атап өтіліп жатқан жазушы мерейтойының ұлт руханияты үшін үлкен оқиға екенін атап айтты.
Осылайша, ұлт мәдениеті мен әдебиетіне ұшан-теңіз еңбек сіңірген қаламгердің ғасырлық мерейтойы туған жерінде екі күн бойы дүркіреп өтті. Дүбірлі тойға Нарынқол, Кеген өңірінің халқы тайлы-таяғы қалмай қатысып, қонақтарға ерекше қонақжайлық пен ықылас танытты. Сарыжаз ауылының маңында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындардан жарыстар өтті, бірнеше облыстың атбегілері үкілеп әкелген тұлпарларын бәйгеде сынады.
Нарынқол ауылындағы Жастар саябағының төрінен орын тепкен еңселі ескерткіш арқа тұстағы Алатаудың биік шыңдарымен үндесіп, заңғар жазушының тұлғасын биіктетіп әкетті. Ескерткіш авторлары – Тимур Ермұханбетов, Айдос Бүркітбаев. Қолына кітабын ұстап, адымдап келе жатқан Соқпақбаев бейнесі халқымен бірге болашаққа бара жатқандай.
Дина Имамбай
1475 рет
көрсетілді0
пікір