• Мақала
  • 02 Қазан, 2024

ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ

Қыркүйек айының 8-13 арасында Сарыарқа төсін дүбірлетіп аса ауқымды түрде өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны тарих қойнауына сүңгіп үлгергенімен, талайға дейін тамсанып айтар аса маңызды шара болып қалды. Әлемнің 89 елінен келген 2,5 мыңдай ойыншы көшпенділердің 21 ұлттық спорт түрлерінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салып, Астана төрінде бақ сынасты. Көшпенділер ойындарының жалпы нәтижесі бойынша, Қазақстан құрамасы бірінші орынды иеленіп, 43 алтын, 34 күміс, 37 қола медальмен көш бастады. 19 алтын, 21 күміс, 25 қоламен Қырғызстан екінші орында, Ресей спортшылары үштікті түйіндеді. Ал Өзбекстан мен Түркия құрамалары үздік бестік қатарынан көрінді. Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары – этникалық дәстүрлі спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстың алғашқы ойындары 2014, 2016, және 2018 жылдары Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өткен болатын. Ал төртінші Дүниежүзілік ойындар 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында ұйымдастырылды. Ал Қазақстанда өткен бұл бесінші Дүниежүзілік ойын алдыңғы өткен ойындардың ішінде ең төресі болды, дейді білетін ел бір ауыздан. 
 

Мұншалық зор ауқымдағы дүбірлі доданы түгел таратып айтып, кең қамти алмаспыз. Сондықтан барынша ықшамдап, түйіп айтуға тырыссақ, алдымен көшпенділер олимпиадасының ашылуының өзі жұрт көңілін ерекше көкке көтеріп, қазақтың ұлттық рухын серпілткенін ауызға алмай тұра алмайсыз. Римді жаулаған ғұн патшасы Еділ (Атилла), Кирдің басын алған Томирис ханшайым, түркі дүниесінің төріндегі Бумын, Күлтегін-Тоныкөк қағандар, Шыңғыс хан-Жошы хандардан терең тамыр тартып, Алтын Орда, Қазақ хандығынан, Қазақ Елінің Көк туы көкте желбіреуіне дейінгі керемет көріністер қазақтың түп тарихын сары алтындай жарқыратып, ақ күмістей айшықтап, дүйім әлемнің көз алдынан тағы бір дүр сілкінтіп өткерді. Осы көріністермен ұлтты сақтайтын ұлттық рух, ұлттық патриотизм екенін тағы бір қайтара ұқтырды. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында көшпенділердің әлемдік тарихтағы рөліне тоқталып, қазақ жерінің Еуразия кеңістігінің мәдени мәйегі, рухани түп қазығы болып келгенін алқалы жиында таратып айтып берді: 
– Көшпенділер өркениеті – дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет. Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі,  – деді Президент. 
Ғалымдардың айтуынша, өркениет үш түрлі фактордан тұрады: мемлекет, қала және жазу-сызу. Отырықшылыққа тән осы үш нәрсені батыс жұрты көшпенділерде болмағандай көреді. Бізде осы үшеуі де болды. «Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты.
Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті» деді Мемлекет басшысы. 
Қазақстанды ұлы дала өркениетінің қара шаңырағы ретінде халықаралық деңгейде танытқан айтулы шара ұлттық патриотизм, арғы тамыры терең тарихтан, бай мәдениеттен мейлінше нәр алғанда ғана қуатты түрде дамитынын ұқтырды.. 
Өз қазағымызды, өз ата-бабаларымызды зерттеумен шектелмей, тағдыр-тамырымыз бір болған түркі халықтарын да қоса зерттеуіміз керек екен. Сонда ғана көшпелілер өркениетіндегі өз орнымызды бұдан да нықтай алады екенбіз. Не десек те, қазақтың көшпелілер өркениетінің бірден бір мұрагері, қара шаңырағы екенін түркі дүниесіне мейлінше дәлелдей алдық. Көшпенділер ойынындағы ұлттық спорт түрлерінің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, сөз жүзінде сараптама бермесек те, Арқа төсін бес күн бойы дүбірлеткен айтулы шара арқылы көшпелілер өркениетінің тарихында қазақ халқының мәдени, тарихи, фольклорлық, этнографиялық үлесінің қаншалықты маңызды рөл атқарғанын іс жүзінде жарқыратып көрсете алдық деп ойлаймыз. 
Көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты «Қазанат» ипподромының жанында бой көтерген «Көшпенділер әлемі» этноауылында өтті. Оған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған қатысып, сөз сөйледі. Олар байрақты бәсеке салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдени мұрамызды төрткүл дүниеге паш еткен бірегей оқиға ретінде тарихта қалғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қазақ топырағында ұйымдастырылған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – мәні терең, мазмұны бай бірегей жоба. Оның түркі әлемінің алтын бесігі – Қазақ жерінде жалауын желбіреткені – біз үшін зор мәртебе әрі шын мақтаныш. Ойындарда 30-дан астам елдің спортшылары медаль иеленді. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы жағынан келген Канада мен Мексика спортшылары да бар. Дүбірлі додаға 90-ға жуық мемлекеттің қатысуы, 30-дан астам елдің жүлдегерлер қатарынан көрінуі – дүниежүзінде көшпенділер ойындарына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады. Келесі, VI-шы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын бауырлас мемлекет – Қырғыз Республикасы қабылдайды. Қырғыз елінің алдағы бәсекені жоғары деңгейде өткізуіне тілектеспін. Көшпенділер Олимпиадасының беделі биіктей берсін!», – деді Ербол Мырзабосынов.
Жабылу салтанатының соңында ойындардың ресми нышаны саналған торсық келесі ойындарды қабылдайтын Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовқа табысталды. Яғни келесі Көшпенділер ойындары екі жылдан кейін Қырғызстанда өтпек. 
Осы ойынның алғашқы бастамашысы болған бір туған Қырғыз бауырға ризашылықтан басқа айтарымыз жоқ. Дегенмен ер түріктің қара шаңырағы өзбекте де, түрікте де, қырғызда да емес, қазақта екенін ұмытпағанымыз жөн! Өткен дүбірлі дәуірлерді айта береміз, бұл айтылғанның бәрі жалпы түркіге ортақ өшкен, өлген, жоғалған тарих, оны енді келіп жалаулатып қайтеміз, онан да бәрін «қазақ» деген атауға ие болған, қазақ мемлекетінің құрылған кезінен бастап түгендесек те жетер дейтіндер де табылар. Жоқ! Біз Қазақстан – ұлы дала өркениетінің қара шаңырағы екенін әлемге мойындатуымыз керек. Мұндай идеология Қазақстанның болашағы үшін, қазақ ұлтының келешегі, ертеңгі ұрпақтың бабаларының мемлекеттігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалған қайсар да жауынгер, кемел де кемеңгер халық болғанына мақтана білуі үшін, жаһанданудың тозаңына жұтылмай, бәсекеге қабілетті ел болуы үшін керек.
Құдайға шүкір, ұлан-ғайыр даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалдық. Ары қарай сақтай аламыз ба?! Ол өзімізге байланысты. Ол үшін тек экономикаға басымдық берумен шектелмей, мәдениет саласын қаржыландыруды да жетілдіруге тиіспіз. Бай тарихы бен бай мәдениеті бар халықты жалмауыз болса да жаһандану жұта алмайды. 

 

КӨКПАР ОЙЫНЫ ОТАНШЫЛДЫҚТЫ ОЯТТЫ

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор: 
 – «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бір ауыл не аудан емес, тіпті бір аймақтың ғана емес, бүкіл қазақ елінің абыройы ортаға салынар додада жанкүйер болу – әрбір Қазақстан азаматының парызы деп санаған біз де отбасымызбен, Алматыдан арнайы ат басын бұрып, халықаралық ғылыми конференцияда «Қазақ өркениеті және көшпелілер ойындары туралы» тақырыпта баяндама жасап, түркі дүниесіне қазақ халқының мәдениетін насихаттауға атсалысқан, Аттилатанушы-ғалым, академик Еренғайып Омаровпен бірге «Қазанат» ипподромында тақым қысып отырдық.
Тоғыз елдің өкілдері қатысқан турнирде Қазақстанның көкпаршылары финалда серкені қазанға салып, Қырғызстан командасын 5:4 есебімен жеңген кездегі атшабардағы( ипподром) көңіл-күйді сөзбен жеткізу тіпті мүмкін емес. Көк туымыз желбіреп, жанкүйерлер «Қазақстан» деп атой салғанда, көкпаршыларымыздың да төбесі көкке жеткендей болған шығар…Көкпаршыларымыздың Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының алтын медалін жеңіп алуы – жастардың спорт ойындарына деген құлшынысын (мотивация) оятары сөзсіз. Жастар демекші, көкпар ойынында жастардың қарасы көп болғаны көңіл қуантты. Осындай іс-шаралар арқылы жастарымыздың бойына Отаншылдық, елшілдік мен ұлттық сезімді сіңіре беру керек деп санаймыз.

КӨКПАР ДАУЫНЫҢ ШЫҒУЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ ҚАНДАЙ?

Сәдібек ТҮГЕЛ, Дүниежүзілік көшпенділер ойынының Елшісі, Ұлттық ат спорты Федерациясы мен Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі, Ұлттық спорт түрінен еңбек сіңірген жаттықтырушы, ҚР екі мәрте еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-публицист
– Бір сөзбен түйіндесек, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны елімізде жоғары деңгейде ұйыдастырылып, өте сәтті өткізілді. Әлемдегі ең мықты көкпаршы – қазақтар екенін дәлелдедік. Дегенмен осы көкпар ойынында бұл күнде «Қазақ-қырғыз көкпарының айғай-шуы қашан бітеді?» деген сұрақ елдің ең көп қоятын сауалына айналып отыр. Қайда барсақ та осы сұрақ алдыңнан шығады. 
Білгеніміз бен көргенімізбен бөлісіп, өзіміздің атымызға айтылған сауалдарға жауап қату азаматтық парызымыз болып саналады. Мен, көкпардың проблемаларына байланысты өзімнің ұстанымдарым мен ұсыныстарымды, мәселен, «Көкпардың кері кетуіне тосқауыл қою керек», «Қазандықсыз көкпар өткізу дұрыс емес», «Ұлттық спорт саласына реформа керек», «Бәріміз бірлесіп, көкпардың кері кетуіне тосқауыл қою керек» атты мақалаларымды интернет желісінде, бұқаралық ақпарат құралдарында үзбей жариялап келемін.Тиісті ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер менің осы ұсыныстарымды ескеріп, халықтың пікіріне құлақ асатын болса, көкпар ойынын бір қалыпқа келтіруіне болады деп сенемін.  


ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ БИІК ШЫҢЫ – ҚҰСБЕГІЛІК

Бағдат МҮПТЕКЕҚЫЗЫ, «Қыран» федерациясы қоғамдық қорының атқарушы директоры:
– Бабадан қалған бекзат өнер болғанмен, құсбегілік өткен Көшпенділер ойындарының бағдарламасына енгізілмей қалған болатын. Осы жолы соның орайы келді. Тәуелсіз елдің Туында бейнеленген Қыранымыз «Республикалық Құсбегілік Федерациясы» құрылғаннан бері жаңаша өріс алып, дами бастады. Қатысқан тоғыз спортшы да елімізге танымал атақты құсбегілеріміз: Арман Қошқаров, Серікбек Күнтуған, Бағдат Кеуенов, Ерзат Байқадамов, Дәурен Аршабай, Ерлан Кенжетаев, Ибрагим Базарбаев, Бақдәулет Бабажан, Құдайберген Рауилұлы осы жолы да айырықша өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша құсбегілеріміз 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Болашақта ел намысын қорғайтын жас бүркітшілеріміз, оның ішінде жас бойжеткендеріміз де әлемдік додаға қатысуға даярланып, жетіліп келеді. 
     
       

Дайындаған
Төреғали ӘЛІПҰЛЫ,
«Aqiqat»

 

1450 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз