- Мақала
- 02 Қазан, 2024
АЭС – ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ ЭНЕРГИЯ КӨЗІ
Арман МИНИЯЗОВ,
ҚР ҰЯО РМК АЭИ Филиалы сутегі энергетикасы саласындағы технологиялық құзырет орталығының директоры, PhD
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетінін айтты. Президент өз сөзінде «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс» деп атап өтті. Осы орайда біз Қазақстан Республикасы «Ұлттық ядролық орталығы» сутегі энергетикасы саласындағы технологиялық құзырет орталығының директоры Арман Миниязовпен АЭС-тің тиімділігі мен маңызы жайында әңгімелескен едік.
– Елімізде АЭС салу бойынша референдум күні белгіленді. Маман ретінде АЭС бізге қаншалықты керек деп ойлайсыз?
– АЭС салу, біріншіден, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл тұрғыда АЭС экологиялық жағынан да тиімді әрі ұзақ мерзімді энергия көзі. АЭС салу бойынша соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның бірі АЭС орнын анықтау. Анықтау барысында техникалық-экономикалық сараптамалар жасалған. Оның қорытындысы бойынша Абай облысындағы Курчатов маңындағы мекен және Балқаш көліне жақын Үлкен ауылының маңы лайық деп танылды. Бұл екі орын да техникалық-экономикалық талаптарға сай келді. Дегенмен, оңтүстік өңірде энергия көзінің тапшылығына байланысты Үлкен ауылы таңдалды.
– АЭС салуға шамамен қанша уақыт кетеді?
– Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, АЭС салу ұзақ және көп сатылы процесс. Орта есеппен алсақ, 8-10 жылға созылады. Бұл уақыт әртүрлі факторларға байланысты өзгеруі мүмкін. Мысалы, АЭС жобасын жоспарлау, қауіпсіздік шараларына қатысты рұқсаттар алу, келісімдер жасаудың өзі 3-5 жылға созылуы мүмкін. Бұл кезеңге станцияның орнын таңдау, экологиялық зерттеу жүргізу, техникалық құжаттар дайындау секілді шаралар кіреді. Бұл айтқандардың кейбірі қазір жүзеге асып жатыр. Одан кейін АЭС-тің физикалық құрылысын салу да ұзақ уақытқа созылады. Одан басқа да инфрақұрылым салу секілді жұмыс бар. Жалпы АЭС толық салынып біткеннен кейін оның барлық жүйесін тексеру, сынақтан өткізу процесінің өзіне 1-2 жылға жуық уақыт кетуі мүмкін.
Халықаралық тәжірибе бойынша АЭС-ті өз уағында бітіру – салу жауапкершілігін алған компанияның беделі. Сондықтан қандай жағдай болмасын олар уақытында бітіруге тырысады. Мәселен Қытай компаниялары АЭС салу жұмысын ковид пандемиясы кезінде де тоқтатпаған.
– Қазір АЭС ке қатысты жұмыстар қай мекеменің мойнында?
– Елімізде «Қазақстанның АЭС-тары» деген компания ашылған. Бұл мекеме осы уақыт аралығында техникалық-экономикалық сараптама жасады. Қазір еліміздегі АЭС-ке қатысты тапсырмалардың барлығын орындап жатыр. Халық АЭС-тің ашылуын қолдаса, әрі қарай нақты қай компания айналысатыны белгілі болады.
– АЭС салынған жағдайда қандай технологиялық буын реакторы орнатылады?
– Үшінші буын реакторлары немесе III+ буын реакторлары қазіргі заманғы атом энергетикасының ең жоғары қауіпсіздік стандарттарын қамтамасыз ететін технология. Бізде қарастырылып жатқан АЭС-те қолданылатын ядролық реакторлардың технологиялары су-сулы реакторлар (вода-водяные) деп аталады. Бұл қазір ең қауіпсіз әрі тиімді, халықаралық талаптарға сай жаңа буын реакторлары.
– АЭС-ке қарсылықтың бір себебі Чернобыль мен Фукусима апаты екен мәлім. Ондай апатты болдырмау үшін қандай шаралар қарастырылған.
– Ол жағдайлармен салыстыруға келмейді. Себебі бізде АЭС салынған жағдайда қолданылады деп қарастырылып отырған реакторлар технологиясының тарихында ешқандай апат болмаған. Оның үстіне қазір ондай реакторды қолданатын станциялар өте көп. Әрине, ядролық технологияны пайдалануда кезіккен апаттық жағдайларды мұқият ескергендіктен кейінгі жылдары қауіпсіздік талаптары әлдеқайда нығайған.
– АЭС-те пайдаланылған отын қалдығын залалсыздандыру ісі қалай жүзеге асады?
– Атом энергиясын пайдалаундың жаңа концепциясында радиоактивті қалдық қалмайды. Себебі ядролық реакторда қолданылатын отын (топливо) өте бағалы ресурс, яғни реакторларда қолданылған отынды қайта қолдану технологиясы жетілген. Сол себепті ядролық реакторда қолданылған отын радиоактивті қалдық болып саналмайды, яғни ұзақ мерзімге сақталып, әрі қарай пайдалануға жарайды.
– АЭС салу туралы идея тек электр энергиясын өндіру мақсатынан туған ба?
– Жалпы айтатын болсақ, АЭС-ті пайдалану әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан мультипликативті әсер береді. Біріншіден, біздің энергетикалық инфраструктураны энергиямен қамтамасыз етеді. Екіншіден, жалпы осы атом энергиясы, ядролық технология саласында басқа бағыттардың қарқын алуына ықпал етеді. Электр энергиясының бағасын тұрақтандыруға әсер етуі мүмкін. Оған қоса АЭС-ті қолдану басқа энергия көздерімен салыстырғанда арзан, себебі бір АЭС-ті пайдалану мерзімі 60 жыл. Оны кем дегенде 20 жылға дейін созуға болады. Бұл оның экономикалық тұрғыдан тиімді екенін дәлелдейді.
АЭС ерекшеліктерінің бірі – тұрақты энергия көзі. Сол себепті ол үлкен өнеркәсіптің дамуына ықпал етеді, яғни АЭС үлкен өнеркәсіп аймақтарының пайда болуына жол ашады. Ол ауа райына, тәулікке, орналасқан жеріне қарамай тұрақты энергия таратады.
– АЭС салынар болса, мамандар құрылыс жауапкершілігін алған елден келе ме?
– Басқа мемлекеттердің тәжірибесіне қарасақ әрі бізге ұсынылып отырған жаңа буын АЭС салу барысында 8 мыңдай жұмыс орны пайда болады. Ал оны пайдалану барысында 2 мыңдай тұрақты жұмыс орны ашылады. Мұнда тек физиктер емес, энергетика жағын қамтамасыз ететін қарапайым техник мамандар қажет болады. Оларға қойылатын талаптар басқа да электр станциялардағы талаптармен бірдей. Әрине, ядролық қондырғылардың жұмысын қамтамасыз ету үшін де мамандар қажет болады. Бұл тұрғыда бізде тәжірибе бар. Себебі Қазақстанда үш ядролық зерттеу реакторы қолданыста және олардың жұмысы АЭС-тегі ядролық қондырғылардан аса алшақ емес. Қай компания салса, сол компания маман даярлау ісіне жауапты болады. Сондықтан, негізгі міндеттері біздің елдің және халықаралық талаптарға сай болады деп ойлаймыз.
Біздің ел ядролық технология мен атом энергетикасының қауіпсіздігі бойынша көптеген елдермен, институттармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. ҚР ҰЯО-нда ғылыми ядролық технология бойынша Франция, АҚШ, Ресей елдерімен бірлесіп көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Қазақстанның энергетикалық балансында 2035 жылға дейін жоспар құрылған. Оның ең негізгі мақсаты, біріншіден, жақын көрші мемлекеттерге энергетикалық тұрғыдан тәуелді болмау. Екіншіден, 2035 жылға дейін пайда болатын қажеттіліктерді өтеу. Бұл орайда, екі қуат блогымен бір АЭС салынса, бұл елде пайдаланылатын электр энергиясының шамамен 9%-ға жуығын өндіреді. Ол жоспарда газбен қамту 27%, желден немесе күннен алатын энергияны 36%-ға дейін жеткізу жоспарланған. Мемлекеттің территориясы ауқымды болғасын энергияның барлық тиімді көзін қарастыру өте кәсіби қадам.
– АЭС салу керек деген адамдар елімізде уран кені көп дейді. Ал уранды энергияға айналдыру үшін байыту керек. Бұл жөнінде не айтар едіңіз? Біздегі байыту деңгейі қаншалық? Ол алдағы уақытта салынатын АЭС-ке жарамды бола ма?
– Уран өнеркәсібінің маманы емеспін. Бірақ менің білуімше қазір уранды өндіру, яғни табу, қазу бойынша біз әлемде бірінші орындамыз. Жалпы уранның қоры бойынша екінші орындамыз. Бұл дегеніңіз 900 мың тонна мөлшерінде уран қоры бар деген сөз. Оны тексерілген деп толық айта аламыз. Әрине, бізде уран экспортқа шығарылады. Сонымен қатар, ураннан арнайы ядролық реакторларға арналған отын әзірлейміз. Шығыс Қазақстан облысында сол технология қолға алынған. Арнайы уран отын элементтері дайындалуда, оны дайын технология ғана емес, дайын өнім ретінде біз қазір шетелге шығарып отырмыз. Мысалы, соңғы үш жылда Қытай бізден тұрақты түрде ядролық реакторларға арналған таблеткаларын қамтитын отын элементтерін импорттайды.
Назым ДҮТБАЙ,
«Aqiqat»
1474 рет
көрсетілді0
пікір