• Мақала
  • 02 Қазан, 2024

Шындық жолы – жауапкершілікте

Кез келген ел дамудың жаңа сатысына көтерілу үшін алдағыны болжап, өткенді саралап, бүгінін бағамдап, жүрер жолын айқындап, мақсатын белгілейді. Даму, өрлеу деген өздігінен болмайды. Бұған үлкен қажыр-қайрат, ерік-жігер, ұлт болып ұйысу, жұрт болып жұмылу машығы керек. Өмірдің шындығы көңілдің шындығынан қашанда басымырақ тұрады. Өмірдің өзі, заманның тынысы, уақыттың бедері қандай ел, қандай мемлекет, нендей қоғам екеніңді өз-өзіңе танытып, бәрекелді мен әттегенайлардың таразы басын салмақтауға әкеледі. Нақ осы тұс жүрген жолыңды, басқан қадамыңды зерделеуге жақсы мүмкіндік береді.

 

Біз қазір осы мүмкіндіктер мен жаңа бастаулар кезеңінде өмір сүріп келеміз. Кез келген жаңа іс, тың бастама сол мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақ мұны «сәт» деп айтады. «Сәті түссе», «сәті келгенде», «сәті туғанда», «сәті келіп тұрғанда» деген сөздер өзіңе берілген зор мүмкіндікті жіберіп алма, бар күшіңді, қажырыңды салсаң да, өзгелерден оқ бойы озық шығып, қайнаған бәсекелестік ортаның көрігін қыздырып, адамзат баласының көшінде ел, мемлекет ретінде кейін қалмай, жуан ортасында кеудеңді шалқақ ұстап, ешкімнің алдында именшектемей, қиындықтан тосылмай, меселіңді жықпай, ұлт туын биік ұстау бақытынан ешқашан да көз жазып қалмай тіршілік кешудің мәртебесі қай кезде де биік. 
Санаңа тоқып, жүрегіңе ұялатып, ойыңның көкжиегінен кетірмейтін ұлт ұғымдары мен құндылықтары елдіктің жолынан адастырмауға тірек-негіз, темірқазық болатын шамшырақ іспетті. Қанша жерден жаһандану, ғаламдану деп жүрсек те, ұлтыңа темірқазық болатын ардақты да, киелі дүниелерден жырақтауға болмайды. 
Ұлт құндылығы дейтін ұлы ұғымның дәрежесін төмендетпей, әрбір негізіне үңіліп, төрімізге оздырып, шын бағалай білсек қана, ұлттық сана-сезіміміз биіктеп, рухымыз оянады, санамыз сілкінеді. 
Рухыңды оятпайтын, санаңды сілкінтпейтін арзан құндылықтармен әуестеніп, соларға көбірек жығылған сайын, ұлт ретіндегі бет-бейнең, кескін-келбетің бірте-бірте сұйылып, көмескі тартып, солғындай береді. 
Бізде қазір жат құндылықтарға әуестік, көрсеқызарлық бар және бұл үрдіс барған сайын белең алып, қанатын жайып бара ма деп алаңдайсың. 
Аға ұрпақ, орта буын үшін емес, оң-солын танып үлгермеген, ұлт ұғымдарының парқын ажыратып, бағасын бере алмайтын өскелең ұрпақ үшін алаңдайсың. Басым көпшілігі жат құндылықтардың жетегінде жүрсе, оларды алдағы уақытта өз ұлтыңның темірқазығына оралту, мойын бұрғызу да оңайға соқпайды. Бұл сырттан емес, өз ішімізден жіберіліп жатқан кемшіліктер мен қателіктер. Бұларды тез арада саралау – кезек күттірмейтін мәселе. 
Ендігі келелі дүние – елде қолға алынып жатқан, жүзеге асырыла бастаған игіліктерді жоққа шығармау, барды бар деп бағалауды үйрену. Өз еліңе, Отаныңа, оның болашағына сенімсіздікпен қарасаң, жақсылықты жамандыққа теліп отырсаң, іс басында жүрген үлкенді-кішілі лауазым иелерін жаппай сын тезіне ала берсең, әлеуметтік желіде аққа қара күйе жаға берсең, мұндай ниет-пиғыл мемлекетімізге де, оның ішінде өзімізге де ешқандай опа бермейді. Дамимын, өсемін, өркендеймін деген жұрт ынтымақтаса алға басады. Бір-бірін аяқтан шалмайды, қайта бір-бірінің тілеуін тілеп, арқасынан қағады. 
Кезекті бір маңызды мәселенің бірі – мемлекетіміздің іргетасы берік, тұғыры нық болу үшін жақсы заңдар керек, ол заңды бұлжытпай орындайтын азаматтық қоғам қалыптасуы керек. Заңды белінен басу, айналып өту, түрлі айла-шарғыларды іздеу кешегі күннің еншісінде қалуы керек. Ендігі кезекте сүт бетіне шыққан қаймақтай, қоғамның сахнасында адалдық, әділеттілік қағидалары үстемдік құрып, барлық азаматтар осы ұғымдар аясына топтасып өмір сүретін болса, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, «бармақ басты, көз қыстылық», алдау, арбау, сатып кету, орға жығу сынды жағымсыз нәрселер жойылып, жаңа талаптарға негізделген мықты қоғам орнайды. 
Қазір біз еліміз үшін аса бір жауапты кезеңде өмір сүріп отырмыз. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында айтқандай, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Әділетті Қазақстан дегеніміз не? Әділетті Қазақстан, аты айтып тұрғандай, әділдікті ту еткен мемлекет құра отырып, барлық салада заң үстемдігінің орнауын қамтамасыз ету. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын бекемдей түсу. 
Әділетті Қазақстан азаматы білім-ғылымды игерген, ақыл-парасаты мол, адал еңбегіне сенетін, туған Отанын шексіз сүйетін, жер-су байлықтарына ұқыпты қарайтын, табиғатын ластамайтын, бей-берекет сөйлемейтін, уақытты бағалайтын, мемлекет үшін жаны ауыратын, соңғы демі қалғанша еліне аянбай қызмет ететін ұстанымдағы азамат болуға тиіс. 
Жолдаудан өрілетін тағы бір ой – Президент елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатқанын айтты. Астана–Алматы, Ақтөбе–Атырау–Астрахань, Талдықорған–Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалғанын айтты. 
Жуырда Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолмен көлігіммен жүріп өтудің сәті келді. Жылдар бойы жасалмай, сағызша созылып кеткен күре жол мәселесі бүгінде адам танымастай өзгеріп, көңіл сүйсінтті. 
Міне, нақты іс деп осындайды айту ләзім. Адамның көңіл-күйі, өз мемлекетіне деген көзқарасы еңсе биіктетер, жан жадыратар істерді көргенде арта түсетініне көзім жетті. Яғни, мемлекетің шын мәнінде өркендеп, дамып келе жатқанын көрсететін дүние бұл көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты істердің орындалып жатуы. Мемлекет басшысы айтып отырған негізгі мәселенің бірі де – әр салада нақты іс пен нәтижеге қол жеткізу. «Саннан гөрі сапа маңыздырақ» деді Президент. Ал сапа неден туындайды? Сапа еңбекқорлықтан, кәсібиліктен туындайды. Мемлекет басшысы бұл туралы Жолдауында жақсы айтты: «Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады» деді. Көбірек еңбектену, өз кәсібіңнің майталман шеберіне айналу – Президенттің қоғамға жолдап отырған тұжырымды идеясы. 
Шынтуайтына келгенде, кез келген мемлекет тек қана өз халқының еселі еңбегімен көркейеді. Жалпы, еңбек деген бұл философиялық ұғым. Оның мәніне терең бойласақ, әрбір еңбектің түбінде – ырыс-несібеден бөлек, еліңнің гүлденуі, мемлекетіміздің көркеюі жатыр. Тек қана бас пайдасын ойлап, осы мемлекет арқылы жағдайымды жасаймын деп жүргендерді емес, еліме-жеріме болсыншы, бір нәрсе істесем де мемлекетіме пайдасы тисінші деген ұстанымдағы азаматтардың еңбегін бағалай білуіміз керек. Олардың ішінде, әлбетте, жұмысшы мамандықтары бар. Президент айтқандай, біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз керек.
...Иә, биылғы Жолдауда атап өтілгендей, елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да терең өзгерістер жасалуда. Баянды өзгерістер уақытында өмір сүру – әрқайсымыздан жоғары жауапкершілікті талап етеді. Жауапкершілік бар жерде сенім, әділдік, тазалық бар. Ал жауапкершіліктің ең биігі бұл – тарих пен келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Мұның парқын терең сезінген адам қашанда мемлекетіне адал, ұлтының ұстанымдарына берік болары анық. 

 

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, 
«Aqiqat»

1463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз