• Мақала
  • 08 Қазан, 2024

Әскерден кейінгі жоғары білім

2022 жылы Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметті өтеген азаматтарға ЖОО-на ҰБТ тапсырмай-ақ түсуге мүмкіндік берілетінін хабарлаған. Бұл істі жүзеге асыру жолында «Срочник 2.0» бағдарламасы қолға алынған еді. Азаматтарды әскери қызметке ынталандыру мен әскерге қабылдау процесін жеңілдету мақсатында қолға алынған бағдарлама осы жылдың мамыр айында заңдық негізде шегеленді. 

15 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Қорғаныс министрлігінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/771176?lang=kk, өзгеріс «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 50-1-бабына және «Білім туралы» ҚР Заңының 26-бабына қатысты. Қабылданған нормативтік құқықтық актіге сәйкес мерзімді әскери қызметін өтегеннен кейін әскери қызметшілердің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алуы үшін квоталар енгізілді. Тегін оқуға мүмкіндік беретін мемлекеттік гранттар мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта оқ бойы озық шыққандарға беріледі. Ескере кететін жайт бұл гранттарға медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық білім беру бағдарламалары енбеген. Тегін оқуға үміткерлердің жетістіктері туралы барлық дерек Қорғаныс министрлігінің сайтындағы «Срочник 2.0» цифрлық платформасында тіркеледі. Жоғары оқу орындарын бөлуді жылына екі рет Қорғаныс министрлігі ұйымдастыратын комиссия жүргізеді. Ал ЖОО-на ҰБТ және емтихан нәтижелерін есепке алмай, ақылы негізде оқығысы келген азаматтар бұл құқықты запасқа шығарылған күннен бастап екі жыл ішінде қандай да бір квотасыз және конкурстық іріктеусіз пайдалана алады. Жоғары оқу орнында оқудың алғашқы жылында олар жатақханамен қамтамасыз етіледі.«Срочник 2.0» бағдарламасының шеңберінде жақында Ақтаудағы Әскери-теңіз базасының әскери қызметшілері Ақтөбе, Алматы және Щучинск қалаларына аттанды. Олар Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына емтихансыз қабылданып, бірнеше жылдан кейін кәсіби офицерлер мен сержанттар қатарын толықтыратын болады. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында хабарланды (https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/820501?lang=kk).

Шілде айында Әскери-теңіз күштерінің қолбасшылығы мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында конкурстық негізде еліміздің әскери оқу орындарына түсуге 22 талапкерді іріктеп алған болатын. Жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта топтан озғандарға Әуе қорғанысы күштері мен Құрлық әскерлерінің әскери институттарында және Қорғаныс министрлігінің әскери колледжінде оқу құқығы берілді. 
Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Жұмабек Хасеновтің айтуынша, жоғарғы оқу орнында білім алу әскери қызметшілердің өз қалауы. Олар ай сайын жауынгерлік, физикалық және медициналық дайындықтан өтіп, тиісті баға алған. Бағалар «Срочник 2.0» бағдарламасы бойынша қойылады. Платформадағы барлық ақпарат кез келген адамға онлайн режимде қол жетімді. Әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары іріктеу барысын бақылай алады. Үздіктер жоғары әскери және азаматтық оқу орындарына тегін негізде түсу үшін гранттарға ие болады. Ал Қарағанды гарнизонының қатардағы жауынгерлері бұл бағдарламаны жоғары білім алудың тамаша мүмкіндігі деп санайды.

– Әскерге дейін колледжде оқыдым, спортпен айналыстым, спорт шеберіне кандидатпын және ММА бойынша Азия чемпионымын. Мерзімді әскери қызметті атқарғаннан кейін университетке тегін түсуге болатынын білген соң, әскерге баруды жөн көрдім. Спортшы ретінде жауынгерлік тапсырмаларды орындауда еш қиналған жоқпын. Ал жоғары білім алуға деген ынта-ықылас, күнделікті әскери өмірде бұрынғыдан да талабымды арттырады, – дейді әскер қатарына биыл көктемде шақырылған Сәкен Сапаралиев.

Айта кетерлігі, «Срочник 2.0» бағдарламасынан бөлек, әскери қызметшілердің қызметін өтеу мерзіміне несиелік демалыс беріледі. Анығырақ айтсақ, қорғаныс бөлімінің бастамасы әскерге шақырылғандарға әскери борышын өтеу мерзімінде несиесін төлеуді кейін шегеруге мүмкіндік береді.

Балауса ӘБІДАҚАЙЫМҚЫЗЫ

8066 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз