• Ел мұраты
  • 12 Қазан, 2024

Омарғали Құдышевқа арналған мемориалдық тақта ашылды

  Бүгін Алматыда қалалық әкімдіктің қолдауымен белгілі журналист, қаламгер, қоғам қайраткері, Қазақстанның алғашқы кәсіби газет редакторларының бірі – Омарғали Құдышевті еске алуға арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті.

   Рәсімге Омарғали Құдышевтің әулеті, туған-туыстары, БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараны ашқан Омарғали Құдышевтің немересі, белгілі жазушы Әсел Омар атасының өмір жолы мен қызметі, шығармашылық еңбектеріне тоқталып, алғашқы сөзді Павлодар қаласынан арнайы келген облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаевқа берді.

   Нұрбол Жайықбаев Омарғали Құдышевтің есімі Павлодар өңіріне ғана емес, тұтас республика көлеміне танымал журналист тұлға екенін, еліміздің іргелі басылымдарын құруға атсалысқанын, 1956-1962 жылдары Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болғанын мақтаныш ететіндерін айтты. Омарғали Құдышевтай қазақ баспасөзіне еңбегі сіңген тұлғаның өмірлік жолы талай дарындар түлеп ұшқан Кереку өңірінің «Сарыарқа самалы» газетінің тарихымын қиылысып жатқаны – кейінгі журналистерге де үлкен мақтаныш, абырой екенін тілге тиек ете келе, «Сарыарқа самалы» газетінің биылғы 10 қазан күнгі санында «Аңызға айналған редактор» атты көлемді мақаланың жарияланғанын жеткізді.

   Жиынға қатысқан көрнекті жазушы Жүсіп Алтайбаевтың қызы Шолпан Алтайбаева, белгілі қаламгер Бақытжан Қанапиянов, немере қарындасы Гүлжанат Дүйсенбаева және т.б. Омарғали Құдышевтің жазушылық, тұлғалық, қайраткерлік қырларын еске алып, тебірене сөйледі. Омарғали Құдышевтің туған қызы Нұргүл Құдышева әкесі туралы бірқатар естеліктерімен бөлісіп, іс-шараға қатысқан барша азаматтарға алғысын жеткізді.

   Омарғали Құдышев 1912 жылы Семей облысы Жарма ауданы Ақжал руднигінде кеншілер отбасында өмірге келген. Әкесі 1917 жылы өмірден озып, ағасы Ахметқалидің 1927 жылға дейін тәрбиеленген. 1933 жылы Семей қазақ педагогикалық техникумын бітіріп, сол жылдан бастап 1935 жылға дейін Лениногорск қаласында жұмыс істеген. Ол жерде толық емес мектептің оқу істері жөнінен меңгерушісі болып, математика және физика пәндерінен сабақ берген. 1935-37 жылдары Кеңес армиясының қатарында борышын өтеп, 1940 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы Коммунистік журналистика институтын бітіріп шыққан. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін Семей облыстық «Екпінді» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы қызметтерін атқарған. 1941 жылдан бастап 1946 жылға дейін Кеңес Армиясы құрамында майданда болып, саяси жетекші, саяси үгітші, дивизия газетінің тілшісі, редакторының орынбасары болып қызмет еткен. Омарғали Құдышев «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет атқарған. «Қазақстан мұғалімі» – «Учитель Казахстана» журналының негізін қалап, отандық журналистиканы дамыту бағытында сан-салалы жұмыстарды жүзеге асырған.

Дәуіржан Төлебаев

 

4853 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз