- Тарих толқынында
- 14 Қазан, 2024
Оралхан шығармаларын оқытудағы ерекшеліктер
Қазан айында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен облыстық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен жазушы, драматург Оралхан Бөкей шығармашылығына арналған «Оралхан Бөкей тағылымы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция мақсаты – Оралхан Бөкейдің әдеби және мәдени мұрасын, шығармаларының тәрбиелік және танымдық мәнін тереңірек зерттеу. Ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөлін талдап, педагогикалық бағытта пайдаланудың тиімді әдістерін саралау.
Жиынға қазақ әдебиеті мен мәдениетінің танымал өкілдері, ЖОО оқытушылары, ғалымдар, сондай-ақ жалпы орта білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысып, жазушының шығармашылық жолын, драмаларындағы образдар жүйесін, прозасындағы мифологизм және экологиялық мәдениет мәселелерін жан-жақты талқылады.
Орта білім беру жүйесінде әдебиетті ұлттық құндылық бағдарында оқыту ерекшеліктері жөнінде тәжірибе алмасқан мектеп мұғалімдері смарт білім беру, жаңа технологияға сүйеніп жасалған әдіс-тәсілдер арқылы Оралхан Бөкей шығармаларын талдау мен оқытудың өзекті мәселелерін ортаға салды.
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы, Абай атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әсел Ерментаева «Оралхан Бөкей және экологиялық мәдениет» тақырыбында баяндама жасап, «Атау кере» хикаятын оқыту тәжірибесін бөлісті.
Сондай-ақ шараға Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласынан О.Бөкей атындағы қалалық кітапхананың бұқаралық-ақпарат құралдары және мәдени мұралар бөлімінің меңгерушісі, журналист Башай Таңнұр қатысып, Bokey.kz электрондық кітапханасының жұмысын таныстырып, жазушы шығармашылығын насихаттау бағытындағы түрлі ресурстарды көрсетті.
Рафхат ХАЛЕЛОВ
2957 рет
көрсетілді0
пікір