• Ел мұраты
  • 01 Қазан, 2024

Қазақтың қос батыры – Бауыржан мен Рақымжан

Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен, Халық Қаһарманы
        Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына – 100 жыл!

«Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияға дейін басқардым. Төрт жыл бойғы сұрапылдың небір сұмдықтары көз алдымда. Бірақ, Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз ақырзаманның өзі. Жаңағы жігіт сол тозақ отының ішінде болған. Сол алапаттан аруақ қолдап, аман шыққан. Жеңіс жалауын тіккен! Тағдыр оның тарихи адам ретіндегі өмірбаянын сол сәтте жазған!!! Сендердің міндеттерің енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу».Бауыржан Момышұлының естелігінен

        Көпшілік ел арасында өткен ХХ ғасырдың орта тұсында белең алған, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының басты қаһармандары болып табылатын, қазақ халқының батырлары Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевтың есімдерін «білмейді екенбіз....» - дегенді, естіген емеспін.   Бірі Бауыржан болып, Ұлы Отан соғысы жылдарының басында Мәскеу қаласын жаудан қорғап қалуда аты аңызға айналса, екіншісі  - Рақымжан есімді қазақ жігіті басы болып соғыс жылдарының соңғы нүктелерін қою ісінде – Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс Туын ең бірінші болып желбіретіп әйгіленді. Осы арада қос батырдың «Ұлы Отан үшін болған сұрапыл соғыс жылдарының майдан даласында, бір-бірімен жолығысып қалған кездері болды ма екен?» - деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз заңдылық. Бауыржан мен Рақымжан гитлерлік неміс басқыншыларына қарсы соғыс алаңында бір-бірімен ешқашан кездеспеген. Тек соғыс аяқталып, елге аман-есен оралғандарында бейбіт күндегі күйбең тіршілікте амандық-саулық білісіп, бір-бірімен ұзақ әңгіме-дүкен құрғандығын растайтын Рақымжан Қошқарбаевтың көзі тірісіндегі мына бір естелігіне көз жүгіртейік: 
    «Осыдан бұрынғы бір әңгімемде, мен өзім 1947 жылы әскерден босап елге келдім деп айттым ғой. Тиісті жұмысымды әстеп жүріп жаттым. Сондағы таңғалғаным, өзіміздің қалам иелері арасынан: «Орталық газеттер осы жігіт туралы 1945 жылдан бері жазып жатыр ғой. Сол оқиға қалай болды екен? Біз де білейік те....» - деп, сұраған бірде-бір жанды кездестірмедім. Сөйтіп арада он жылға жуық уақыт өтті. 1956 жылы атақты Баукең, Бауыржан Момышұлы әскердегі қызметінен босап, Алматыға келіпті деп естідім. Жұмыстан қолым тимей әне-міне деп жүріп, 1957 жылдың аяғында ғой деймін, сәлем беруге бардым. Жақсы қабылдады. Дастархан басында айтылмаған әңгіме, шертілмеген сыр қалмады. Кетерінде, қайда, кімнің қарауында, нендей қызмет істейтінімді жазып алып қалды. Көп кешікпей мынадай әңғімені құлағым шалды. Өзім іздеп барған сол Баукең, аруағыңнан айналайын Бауыржан аға, Қазақстан Жазушылар одағының бір үлкен жиынына барғанда сөз алыпты да: «Бізде осындай адам бар, оны білмейсіңдер, көрмейсіңдер. Ол «тарихи адам» деп, әлде-кімдерге қатты кейіпті».
    Ақиқатында, қазақ ері Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен ерлігі жайында сол кездегі он бес Республикалардың басын құраған Одақ түгілі, қазақ елі ішінде көп жылдар бойы «жабулы қазан, жабылған күйінде» ашылмай келген.
    Бұл жайында өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы «Қазақстан коммунисті» журналының редакция басшысы Кәкімжан Қазыбаевтың бір естелігінде. «....Баукең осы сөздерді айтты да, қолыма тілдей қағазды ұстатты. Онда: «Рақымжан. Рейхстаг Қаһарманы! Страшно.... Соғыс біткелі 13 жыл. Ешкім іздемеген. Ахметжан Қойшығұловтың қарамағында жұмыс істейді» - деп, жазылыпты. Мұны оқи сала, болашақ кейіпкерімді ал кеп іздейін. Көп кешікпей оны таптым да.... Аңқыдлаған ақжарқын жігіт екен. Оңай тіл табыстық. Қайта-қайта барып бес күндей әңгімелестім. Содан жазуға отырдым» - деп, жазылған.
    Халық батыры Бауыржан Момышұлының араласуының нәтижесінде 1958 жылдың 21 ақпан күні «Лениншіл жас» газетінде К.Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген деректі очепкі қазақстандық қалың оқырманның қолына алғаш рет тиеді.

Тілек Кенжебеков, Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, 

Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы Думан Жұмашұлы-Мұқаш

1373 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы