• Мақала
  • 31 Қазан, 2024

«Қазақ әйелдеріне манифест» Нәзипа Құлжанованың құнды еңбегі

Жиырмасыншы ғасырдың басында еліміздің мәдениет және ағарту саласында белсенді қызмет еткен көрнекті педагог, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш журналист, жазушы, аудармашы Нәзипа Құлжанова соңында мол мұра қалдырды. Қайраткер есімі қазақ  қыздары үшін бүгін де үлгі-өнеге. Жақында «Алқа» баспасынан Нәзипа Құлжанованың еңбектері жинақталған «Қазақ әйелдеріне манифест» атты кітап жарыққа шықты.   

Нәзипа Құлжанова – қазақ әйелдерінің ағарту қозғалысының басында тұрған елеулі тұлға. Әйелдердің құқын кеңейту, әлеуметтік теңдік мәселесін көтерген қайраткер қыз сол замандағы ең ықпалды әйелдердің бірі болды. Педагог ретінде қыздарды оқуға тартып, білімді әйелдер қоғам дамуының тетігі екеніне елдің назарын аудартты. Әйтсе де, өз заманының озық ойлы тұлғасы болған Н. Құлжанованың мұрасы мен шығармашылығын зерттеу, таныту ісі әлі де жалғастыруды қажет етеді. «Алқа» баспасының басшысы әрі кітап идеясының авторы Бану Дәулетбаева «Қазақ әйелдеріне манифест» атты кітапты шығарудағы мақсат ХХІ ғасырдың басында жаңаша өзекті болып отырған гендерлік теңдік мәселесіне назар аударту, Құлжанова мұрасын түгендеу және зерттеу, қаламгер қыздардың шығармашылығын қолдауға шақыру екендігін айтады. 
Әдебиеттанушы, ақын Айнұр Төлеу кітаптың алғы сөзінде: «Ағартушының жазған танымдық мақалалары қазақ қоғамы үшін әлі күнге дейін өзекті. Мысалы ол жұқпалы аурулар, екпе, ана мен баланың денсаулығы, гигиенасы, табиғи ерекшеліктерін түсіндіреді. Бұл тақырыптар туралы қазақ тілінде жазылған сауатты әрі түсінікті материалдар қазірдің өзінде өте аз. Сондықтан ғасыр өтсе де өзектілігін жоғалтпаған жазушы мақалаларын оқырманға қайта ұсыну керек» деп, кітаптың маңызын атап өтеді. Сондай-ақ, орысша-қазақша бірдей жетік білген Н.Құлжанованың еңбектеріндегі терминдерді бүгінгі аударма саласында қолдануға әбден болатынын айтады. 
Жаңа жинаққа енген бірқатар мақ­а­­­лалар мен аудармалар филология ғылымдарының докторы, ғалым Серік Негимов 2004 жылы жинақтап, кітап етіп шығарған Нәзипа Құлжанова мұрасынан алынған. «Алаш қайраткерлері дегенде біз Нәзипа Құлжанованың есімін де айтуымыз керек. Оның Алашқа сіңірген еңбегі өте көп. Мәселен, өзі оқыған әйгілі педагог-ғалымдардың еңбегіне сүйене отырып, солардың озық ойларын қазақ тіліне аударуы, шебер аудармашылығынан бөлек, өзі жазған «Маржан» деген әңгімесінің өзі неге тұрады?! Нәзипа жан-жақты тұлға болған, бірақ оның еңбектері өзінің лайықты бағасын әлі ала алмай келеді. «Қазақ әйелдеріне манифест» атты кітап – қаламгердің есімін насихаттау жолында жасалған ерлік деп айтар едім. Біз осындай қазақтың қайраткер қыздарының есімін түркі дүниесіне, әлемге танытуымыз керек», – дейді Серік Негимов. 
1914 жылы Абай Құнанбаевтың қайтыс болғанына он жыл болуына орай, Нәзипа Құлжанова Семей қаласында үлкен әдеби кеш өткізеді. Кешке қатысқан жастар Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін орындайды, жас жазушы Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасын сахналайды. Н.Құлжанова ұйымдастырған осы кеш оның режиссер ретіндегі келбетін айшықтайды. 
Нәзипа Құлжанова – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш журналист. Ол «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа» газет-журналдарына тұрақты түрде әйел теңдігі және басқа да саяси-әлеуметтік мәселелер туралы мақалалар жазып тұрған. Ол бұл басылымдарда әйелдердің білім алуы, құқығы, жастарды білімге тарту және басқа тақырыптарды көтерді, әдеби туындылары мен аудармаларын жариялады. Н.Құлжанова1922 жылы іргесі қаланған «Еңбекшіл қазақ» газетінің редакциялық коллегия мүшесі болған. Қайраткер қыздың мақалалары жарияланған басылымдардың арасында «Қызыл Қазақстан», яғни қазіргі «Ақиқат» журналы да бар. 
«Қазақ әйелдеріне манифест» атты кітапқа енген «Қазақ әйелдеріне» деген мақаласында Нәзипа Құлжанова: «Қазақстан үкіметі еркіншілікті беріп, оқу, өнер жолын ашып отыр. Бөлек әйел бөлімі деген мекемені жасап, қазақ әйелі қалай тәрбие алсаң да еркің деп отыр. Бұл еркіншіліктің мағынасын түсініп, жақсылыққа жұмсау үшін оқуға ұмтылуымыз керек. Мәдени халықтың үлгісін көрсетіп, басшы болып отыратын бір жол газет-журнал еді деп, «Еңбекшіл қазақ», «Қызыл Қазақстан» беттерінен біз де орын алып отырмыз. Мұндағы мақсат анық» дей келіп, «өкіметтің әйелдер туралы шығарып жатқан заң жобаларын түсіндіру, мәдени халықтардың әйелдерінің ана болу, бала бағу, шаруа түзеу тәртіптерінен тәжірибе, үлгі беру, оқу-өнердің түрлі жолдарын нұсқап, елдегі әйелдердің тұрмысынан хабар алып, пікір алмасып отыратындарын, әйелді қазіргі кемшілік халінен шығарып, мәдениеттің жарық тұрмысына бастау» мақсатын көздейтінін жеткізеді. 
Нәзипа Құлжанова бұл мақаласын: «Газет-журналды алыңдар, алғызыңдар, оқытыңдар! ...Ал, әйел бауырлар! Сілкініңдер! Ұмтылыңдар! ...Тұрмыс күйбеңінен жоғарырақ ойлап, қанаттарыңды қағыңдар!» деп аяқтайды («Теңдік», 1923 жыл, 20 қаңтар). «Ана мен балаға арналған мемлекет қамқорлығын игілікке жұмсап, ақылына еріп, балаларыңды ел бастайтын ер етіп өсіріп, өздерің аман болуыңа тілектеспіз» деп жазады тағы бір мақаласында. 
«Қызыл Қазақстан» журналының 1925 жылғы №1 санына шыққан  «Маржан» атты әңгімесінде Маржан секілді зейінді де дарынды талай қазақ әйелінің ескі көзқарас құрбаны болып кеткеніне налып, «Оқыған адам әдетке емес, ақылға бағынады. Ақыл әйелді еркекпен тең, сол сияқты адам етеді, ақыл адамды адамға сатқызбайды, әр адамның еркі өзінде. Міне, сондықтан табылған оқуды оқи беріңдер» деп, оқу-білімге шақырады. 
«Қазақ әйелдеріне манифест» атты жинақта мектептен бұрынғы тәрбие, ана мен бала тәрбиесі, баланың денсаулығын сақтау, әдебиет пен өнер мәселелері, танымдық мақалалары мен ақыл-кеңестері алты бөлімге топтастырылып, берілген. Оның ішінде сәби күтімі, дұрыс тамақтану, үй тұрмысы, ұлттық тағамдар туралы мақалаларында айтылған ақыл-кеңестер қазір де өзекті. Кітап үш мың дана болып басылып шықты. 
Бүкіл саналы ғұмырын мәдени-ағарту ісіне, әйелдер мәселесіне арнаған Нәзипа Құлжанованың шығармашылығы мен мұрасын зерттеу, насихаттау ісіне осылай тағы бір еңбек қосылды. 

Дина ТАЗАБЕКҚЫЗЫ  
 

 

4674 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №8

26 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы