- Мақала
- 31 Қазан, 2024
САЯСАТТАҒЫ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ РӨЛІ
Раушанбек Әбсаттаров,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының
академигі, философия ғылымдарының
докторы, профессор
Саясаттағы ақпараттық технологиялар проблемасы саяси ғылымда ең аз зерттелген деуге болады. Саяси өмірде теориялық ілімді, қағидаларды білу ғана маңызды емес, сонымен бірге саясат іс-жүзінде қалай, қандай әдіс-тәсілдермен, қандай ақпараттық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылатынын білудің де мәні зор. Осыған байланысты кез келген құрылымы күрделі қоғам мен мемлекеттегі нақты саяси процестердің көп қырлығын атап айтуға болады. Осы көп қырлы процестерді зерттеуде саясаттағы ақпараттық технологиялар маңызды рөл атқарады. Ақпараттық нарықта саяси субъектілер алдына қойған мақсатына жетуді қамтамасыз ететін әр алуан тәсіл мен техниканы пайдаланады. Сонымен субъектілер өздерінің серіктестерімен, сондай-ақ контрагенттермен де қажетті қарым-қатынас орнатуға қолданатын әртүрлі әдістер мен тәсілдердің сипаты мен өзіндік ерекшеліктері ең алдымен саяси өмір саласында қалыптасқан белгілі бір ақпараттық-коммуникативтік жүйе арқылы анықталады.
Ақпараттық-коммуникативтік жүйелер шеңберінде коммуникаторлар мен реципиенттер әртүрлі ішкі міндеттерді шешеді, әртүрлі ішкі іс-қимыл шараларын да орындайды, олар өз кезегінде аталған міндеттер мен іс-шаралардың ақпараттық ахуалына да ықпал етеді. Сонымен қатар бұл жүйеде қолданылатын ақпараттандыру мен коммуникациялау тәсілдерінің қалыптасуына жағдай туғызатын факторлар қатарына сыртқы ортаның ықпалы, нендей бір нақты ситуация, сондай-ақ саяси субъектілердің өздерінің сана деңгейі жатады. Ақпараттық технологиялардың сапасына мәліметтерді жинау әдістемесі де, мысалы, нақты әлеуметтік зерттеулер, әлеуметтік эксперименттер, ықтималды статистикалық іс-шаралар және т.б. сондай-ақ технологиялық құралдар, атап айтқанда, қолмен, автоматты түрде есепке алу, электрондық әдістер және т.б. ықпал етеді.
Ақпараттың кездейсоқ та, саралап алынған да мәлімет ретінде әлеуметтік-саяси реңкі болады, өйткені ол қоғамның материалдық және рухани өмірінде болып жатқан сан алуан процестерді бейнелейді. Осыған байланысты мамандардың әртүрлі бағалау бойынша, басшылар өздерінің жұмыс уақытының 30 пайыздан 80-95 пайызында ақпаратпен жұмыс істейтінін айта кеткен жөн. Бұл заңды да, дер кезінде алынған және сенімді ақпарат басқару саласында тиімді шешім қабылдаудың аса маңызды алғы шарты.
Осы заманғы саяси-басқару практикасында жұмыс барысында ақпараттың лек-легімен ағылатындығы туралы түсінік қалыптасқан. Қазіргі қоғамда ақпаратқа иелік ету аса маңызды билік көзі. Ақпараттық билік дербес маңызға ие бола тұрса да, қоғам өмірінің барлық саласына барған сайын батыл енуде.
Ақпараттың қоғамның саяси өмірдегі рөлі мен орны – саясаттың шешуші, анағұрлым ауқымды және айқындаушы көрінісі болып табылатын билікпен қарым-қатынасы арқылы анықталады. Бұқаралық ақпарат құралдарының саяси процестерге, шешімдерді әзірлеп, қабылдау ісіне, билік беделін қалыптастыруға, саясатқа және саясаткерлерге ықпал ету күші барған сайын арта түсуде. Мемлекет, яғни билік көзі – оны иеленуші және жүзеге асырушы. Ақпаратты алу, талдау, беру және оны тиімді пайдалану – билік жұмысының маңызды шарты.
Саяси жүйенің тұрақтылығы мен өздігінен дамуын қамтамасыз ету үшін саяси қызмет субъектілері арасындағы ақпараттық байланыстардың, ақпараттық қатынастардың тұтас жүйесі жұмыс істейді. Осыған байланысты бұл қатынастар бірегей құбылыс ретінде саяси коммуникацияларды дүниеге келтіреді. Саяси коммуникациялар жүйесінде өзара байланысты және біршама дербес бірнеше буын бар. Солардың бірі – саяси коммуникациялар, олар негізінен билік және басқару органдарына қызмет етеді. Мемлекеттік және муниципалдық басқару органдарында, заң мекемелерінде, атқарушы билік құрылымдарында, республикалық және жергілікті әкімшілік аппаратында пайдаланылатын барлық қызмет ақпараты функционалдық ақпаратқа жатады. Ол әлеуметтік-экономикалық және саяси басқару мақсатына қызмет етеді. Ақпараттың басқарушылық функциясы мемлекет ісінде анағұрлым айқын көрінеді. Мұнда ақпарат бірнеше түрде: билік көзі, саяси жүйелер мен процестерді реттеу факторы, саяси басқарудың көрінісі және басқару процесінің нәтижесі ретінде әрекет етеді. Мемлекеттің сапалық тұрғыдан жаңғырып, жаңа сипатқа ие болуы басты міндетті шешуді – елде қоғамның бүкіл құрылымдарын және жекелей алғанда әрбір азаматтың ақпарат алуын қамтамасыз ететін бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыру міндетін қоятынын атап айту керек. Ақпараттық технологиялар – ғылыми және инженерлік білімдердің, сондай-ақ ақпаратты құру, жинау, беру, сақтау және өңдеу үшін қолданылатын әдістер мен құралдар жүйесі.
Осыған байланысты саясаттағы аса маңызды, негіздемелік ақпараттық технологиялар міндеті саяси объектілердің жағымды бейнесін (имидж) жасау.
Мұндай объектілер жекелеген тұлғалар да, корпоративтік құрылымдар (партиялар мен қозғалыстар) да және тұтастай алғанда мемлекеттің өзі немесе мемлекетаралық ұйымдар болуы мүмкін. Имидж жасау – бұл субъектінің оны жұртшылыққа тартымды ету үшін істелетін және нақты саяси міндеттерді оның қатысуымен шешуге мүмкіндік беретін белгілі бір өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттерін біріктіру. Имидж – бұл саяси субъектілер саяси капиталының аса маңызды формасы және сонымен қатар оны молайтудың тетігі. Ол – халықпен қарым-қатынас орнатудың құралы да, оның көңіл-күйіне бағыт-бағдар берудің формасы да, саясатқа әлеуметтік проблемаларды енгізудің әдісі де. Имидж нақты міндеттерді шешу үшін белгілі бір уақытта қалыптасады, ол міндеттерге реципиенттің сайлауларда жеңіске жетуі, заңдылық дағдарысқа ұшыраған кезде саяси қайраткерлердің жұртшылық алдындағы беделін көтеру және т.б. жатады.
Имиджді қалыптастыру технологиясы саяси өмірдегі нендей бір саяси іс-қимылға немесе оқиғаға негізделеді. Бұл жағдайлар жұртшылықтың оң ниет танытуына алғы шарт жасайды, мысалы, лидерлердің халық үшін игілікті іс істеуі, өмірбаянының жақсы жағы, қоғамдық пікірде жұртшылық қолдауына ие болған оның тоқтамды ойлары және т.б.
Имиджді қалыптастыру процесі саяси (электораттық) нарық пен оның сигнентациясын зерттеуді (белгілі бір сайлаушылар тобының сұранысы, құндылығы мен басқа да сипаттамаларының ерекшелігін бөліп көрсету және оған жан-жақты сипаттама беру); имидждің белгіленген параметрлерін қалыптастыруды, имиджге түзетулер енгізіп, оның мәртебесін көтеруді; нарықта имиджді ұсыну мен сатуды (жарнама арқылы); бәсекелестердің «бітірген ісіне» (бәсекелестердің іс-қимылын қадағалап, соған сәйкес әрекет ету), жарнамаға қарсы және қарсы жарнама жасау (бәсекелестерге қатысты) әрекеттерін жүзеге асыруға бағытталған әртүрлі ақпараттық технологияларды пайдалануды көздейді.
Имиджді жасау және оны ұдайы қолдап отыру тұрақты түрде жүзеге асырылатын процесс. Ол көшбасшы саяси нарықта қанша уақыт болса, сонша уақыт тоқтаусыз жүреді. Бұл орайда, жағдайдың өзгеруіне байланысты, белгілі бір тактикалық тәсілдер ғана өзгеруі мүмкін. Имиджді әр қырынан насихаттайтын нендей бір тәсілдерді жиі көрсету, оны қайталап отыру нәтижесінде саясатшының кісілік келбеті халық жадында жақсы сақталады, оның бейнесі қоғамдық пікірде берік орнығып, сіңісті бола бастайды, бұл азаматтарды сол саясатшыға қатысты белгілі бір қолдау көрсету мен пікірлестікке бағдарлайды.
Имиджді қалыптастыру технологиясының аса маңызды әдісі және дербес бағыты, саяси жарнама – ақпараттық технологиялардың бір түрі. Бұл белгілі бір жеке тұлға жайлы өзгешеліксіз сыпайы сөйлесуді баян етпейді, адамға бағытталған форма болғандықтан ақпаратты еркін және бәсекелі таңдау жағдайында адамда оны қолдауға ниеттендіріп, ұмтылдыратын саяси тауардың (кандидаттың, институттың, символдың) игі келбетін жасауды көздейді. Қысқаша айтқанда, саяси жарнаманың түпкі мақсаты – партияның саяси бағытының мәнін кандидаттың немесе басқа да саяси объектілердің саяси келбетін адамға (яғни жұртшылыққа) әсерлі және қысқа да нұсқа түрінде жеткізу, осы арқылы мүмкіндігінше азаматтардың көпшілігінде саяси объектіге деген оң көзқарас қалыптастыру ғана емес, сонымен қатар оларды өздерін қолдауға бағытталған нақты іс-қимылға ұмтылдыру.
Ақпараттық технологияның бір түрі саналатын саяси жарнаманың маркетингтік үлгісіне тән белгі – мұнда жарнама берушінің азаматтарды тіпті де ақпараттандыруға емес, олардың пікірлеріне мүдделі екендігін көрсетеді. Жарнама ақпараттық нарыққа белгілі бір тауарларды шығара отырып, адамдардың саяси көзқарасын еркін де саналы таңдауын ынталандырады, қоғамдағы саясатқа деген іштей дұрыс көзқарасты білдіретін ахуалды қолдап, қуаттайды. Жарнамалық технологиялар адам мен билік арасындағы ресми байланыстардан тұрады. Ол азаматтың мемлекетпен формалдық-мәртебелік қатынаста болмауына ұмтылады және азаматтардың өз түсінігіне нұқсан келтірмей, олардың саяси белсенділігін оятады.
Қайсыбір институттардың, көшбасшылардың немесе доктриналардың жағымды бейнесін қалыптастыра отырып, жарнама ақпарат нарығына саяси мақсаттар мен құндылықтарды үнемі ұсынып отырады. Бұл орайда, мұндай саяси тауарлардың таралу, олардың танымалдық деңгейі, сол сияқты оларды халықтың қолдау деңгейі де жарнама тиімділігінің басты көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты жарнамалық технологиялардың мазмұны мен формасы сан алуан екенін атап айту керек. Олардың көп түрлі болуы жарнама жолданылатын адресатқа немесе ұжымдық құрылымға, жарнамалық деректердің таралу уақытына, жарнама науқанының сипатына, жарнама таратылатын орынға және басқа да географиялық жағдайларға, сондай-ақ басқа да факторларға байланысты. Сонымен қатар жарнамалық технологиялардың мазмұны мен сипаты жағдайға, саяси процестің кезеңдеріне байланысты елеулі түрде өзгеруі де мүмкін.
Саяси кеңістікте болып жатқан өзгерістерде ақпараттық саяси нарықта электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының пайда болуы, саяси байланыста сұхбаттасу әдістерінің қолданылуы, хабарды беру жылдамдығының күрт өсуі, «электрондық қауымдастықтардың» қалыптасуы және т.б. аса маңызды рөл атқарды. Сонымен бірге саясат саласына жаңа ақпараттық және коммуникативтік технологияларды белсенді енгізу жарнамалық технологияның түрін сапалы түрде өзгертіп қана қойған жоқ, көптеген ескі түсініктерді, нұсқауларды, іс-қимыл формаларын, жеке адамдар мен топтар, саяси институттар мен құрылымдар арасындағы өзара қарым-қатынастар үлгілерін де түбірімен өзгертті.
Жаңа ақпараттық технологиялар ақпараттармен жұмыс істеу кезінде компьютер техникасын және телекоммуникациялық байланыс құралдарын пайдалануға мүмкіндік береді. Жаңа ақпараттық технологияларды енгізу әр алуан қызмет түрін, ең алдымен басқару саласын елеулі түрде өзгертеді, басқарудың тиімділігін арттырады, мемлекеттік билік органдарында саяси-әкімшілік шешімдерді қабылдау процестерін ақпаратпен қамтамасыз етуді жаңа, анағұрлым жоғары деңгейге көтереді.
Мемлекеттің ақпараттық ресурстары – оның ұлттық байлығы. Ақпараттық ресурстардың саны, сапасы және оған қол жеткізу қазірдің өзінде-ақ көп жағдайда мемлекеттің даму деңгейін, оның дүниежүзілік қауымдастықта мәртебесін айқындауда, мемлекеттің жағдайы мен саясатына ықпал етуде және, бұл, сөзсіз, ХХІ ғасырда саяси дамудың айқындаушы факторына айналады. Осыған байланысты жоғары билік органдарын ақпараттық ресурстармен қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерді жасау мен оны жетілдіру аса зор маңызға ие болады.
Осындай жүйелердің біріне Сенат пен Мәжілістің – Қазақстан Республикасы Парламентінің коммуникациялық жүйесі мысал бола алады. Заң шығарушы биліктің кез келген органының тиімділігі оның комитеттерін, комиссияларын және жалпы алғанда депутаттық корпустың едәуір дәрежеде ақпаратпен қамтамасыз етілу сапасына байланысты болады. Шетел парламенттерінің көпшілігінде депутаттарды ақпаратпен қолдау жөніндегі жұмыс осы заманғы есептеу техникасы мен байланыс құралдарын кеңінен пайдалана отырып жүргізіледі. Біздің елде өкілетті билік органдарын ақпараттандыру ХХ ғасырдың соңында ғана жедел енгізіле бастады.
Коммуникациялық технологиялардың сан алуан түрі ішінде Интернет соңғы жылдары сөзсіз көшбасшылыққа ие болды. Ол дүниежүзілік қауымдастық қамтуындағы ақпараттық инфрақұрылымның аса маңызды буынына айналып отыр. Интернет – бұл ақпараттар алмасу әдістері және бірыңғай адрестеу жүйесі туралы стандартты келісімдер негізінде жүздеген мың оқшау мемлекеттік, корпоративтік, қоғамдық, білім беретін және үйде орнатылған желілерді біріктіретін дүниежүзілік компьютерлік желі. Осыған байланысты интернеттік технологиялар аймақтық байланыстар, университеттер қауымдастықтары, мектептер және басқа да ұйымдар шеңберінде де жедел дами бастады, олар өздерінің алдынан жаңа өлшемнің – жан-жақты ақпараттық ресурстарды барынша иеленген және миллиондаған пайдаланушыларды біріктіруге қабілетті «киберкеңістіктің» ашылғанын мойындады. Интернеттің орны мен рөлін мына тұрғыдан түсіндіруге болады: ол адамдарға ақпаратты тұтынушы, қабылдаушы және реципиент ретінде ғана емес, сонымен қатар оның дербес ақпарат көзі (генераторы) ретінде де әрекет ету мүмкіндігін береді. Ақпарат тарату қабілеті мол медиа-радио, телевидение – тыңдаушылар мен көрерменнің үлкен бөлігін қамти алады, әйтсе де олардың хабар тарату мүмкіндігі экономикалық, саяси және технологиялық жағдайларға байланысты шектеулі. Ал Интернетте географиялық шектеу болмайды және аудитория ауқымын кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Интернет-коммуникациялар нәсілдік, жастың ерекшелігіне, жыныстық және дене күшіне қатысты кедергілерді жоюға мүмкіндік береді, өз кезегінде уақыттық белдеулерге және күн тәртібіне қатысты шектеулерді жоя отырып, ілеспе байланыстардың сапалы жаңа әдістерін іске қосады. Интернет-коммуникациялар сондай-ақ хабарларды жазып алуының арқасында аса ұтымды «есте сақтау тиімділігіне» ие. Компьютерлік технологиялар бейнелі және цифрлық ақпараттар арасындағы қайшылықты да жояды.
Компьютерлік желі бойынша ұдайы айналыста болатын мәліметтерді бір мультимедилік пакетіне енгізудің нәтижесінде адам қабылдай алатынның бәрін беруге болады, ал машина мәтінді өңдейді, олар: мазмұнды мәтін, жоғары сапалы дыбыс, түрлі-түсті бейнелер беруді жоғары деңгейде шешу, бейнефрагменттер, компьютерлік бағдарламалар. Осы байланысты Интернеттің басты коммуникация құралына айналғанын атап айту керек. Сонымен қатар Интернет мамандардың сөз қорына жаңа терминді – «компьютерлік қауіпсіздікті» енгізді. Аса ауқымды компьютер желілеріндегі мәліметтерді қорғау мәселелері, әсіресе егер ол мемлекеттік билік органдарына Интернетті енгізуге қатысты болса, ерекше жауапкершілікпен және аса ыждағатты жұмыс істеуді талап етеді. Бұл мәселенің сондай-ақ саяси жағы да бар, себебі ол елдің ұлттық қауіпсіздігімен тікелей үйлестіріп отырады: өйткені ақпарат мемлекеттің аса маңызды ресурсы болып табылады.
Сонымен қатар бүгінгі таңда халықаралық компьютерлік желі – электоратқа жолы ашылған ең демократияшыл және жедел өсіп келе жатқан жүйе. Батыстық және кейбір Еуразия сарапшыларының пікірінше, таяу уақытта Интернет жалпы жұртшылық үшін биліктің ашықтығын қамтамасыз ететін негізгі құралға айналады.
Интернет арқылы осы заманғы саясатшылар қолданылып жүрген бұқаралық ақпарат және коммуникация құралдарымен салыстырғанда жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді, атап айтқанда: дүниежүзілік мәліметтер базасы мен ақпарат ресурстарына еркін қол жеткізу; әріптестермен, пікірлестермен байланыс жасау мен еркін пікірлесу, ешқандай тіркеулер мен рұқсаттарды талап етпейтін қоғамдық ұйымдар құру мүмкіндіктері; желіге бақылау орнатылмауы, көзқарастарды тықпаламай насихаттау; Интернет беттерінде сайлау қарсаңындағы науқанды әзірлеу; Интернет желісінде ақпаратты еркін тарату; компьютерлік ақпаратты басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының және т.б. артықшылықтарымен үйлестіре отырып орналастырудың шексіз мүмкіндіктері. Жаһандық компьютер желісі қазірдің өзінде бұқаралық ақпарат құралының бірі ретінде ерекшеленіп, бұқаралық ақпарат құралдарының пәрменді бәсекелесіне айналуда. Интернет жұртшылықтың мемлекетпен екі жақты байланыс орнатуға мүмкіндік беретін осы заманғы жаңа құрылымға, сондай-ақ саяси байланыс құралына айналды, бұл оны «Pablic reletions» аса мол мүмкіндіктерге ие етті. «Pablic reletions» технологиясы ақпараттық-талдау жұмыстарының жүйесі екенін айтуымыз керек. Оның алдына қойған мақсаты – реципиентпен өзара адал да сыйластық қатынас орнатуына негізінде саяси мақсаттарды жүзеге асыруды қамтамасыз ету. Сондықтан, жалпы алғанда, бұл технологияның басты ұстанымы алдау-арбау мен фактілерді бұрмалаудан түбегейлі бас тарту және ол реципиент пен коммуникатор арасында екі жақты байланыс орнату.
Қазір саяси нарықта қолданылып жүрген «pablic reletions» ірі бизнес әрекет еткен салада тарихи пісіп-жетіліп, шыңдалды. Ақпарат нарығындағы өзіндік сала ретіндегі «паблик рилейшнздің» негізін салушы американдық А.Ли деуге болады, коммуникация жөніндегі тәуелсіз сарапшы болған ол ХХ ғасырдың басында бизнестің ойдағыдай жұмыс істеуінің шарты ретінде жұртшылықтың мүддесін ескерудің және шындық ақпараттың қажет екендігін көрсеткен болатын. Сонымен қатар ақпаратты тұтынушылармен коммуникациялық қатынастар орнатудың осындай түріне жаппай көшу Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана қалыптасты және бұл ең алдымен баспасөзбен жаңа қатынастар орнатуға қатысты болды. ХХ ғасырдың соңында «pablic reletions» дүниежүзілік қауымдастықтың қоғамдық өмірінің дамуына жаңа элементтерді енгізе бастады және «pablic reletions» бұқаралық ақпарат құралдарының техникалық жағынан жедел дамуына, компьютерлендіруге, дүниежүзілік желінің – Интернеттің кең қанат жаюына байланысты өзінің жұмысын тез қайта құрды. Соның нәтижесінде бұқаралық ақпарат қоғамның аса маңызды стратегиялық және саяси шикізатына, оның дамуының әмбебап қуат көзіне айналды. Бүгінгі Қазақстанға, әлеуметтік-саяси және экономикалық қиындықтарға қарамастан, дүниежүзілік ақпараттың мәлімет көздеріне қосылу, ақпарат алмасуға қатысу, дүниежүзілік қауымдастыққа ену, алға қарай қарқынды даму үшін, сондай-ақ уақытты жоғалтпау және ХХІ ғасырда өркениетті елдердің соңында қалмау үшін мемлекеттік билік органдарының жұмысына Интернетті белсенді түрде енгізу керек. Демек, барлық деңгейдегі мемлекеттік билік және басқару органдарын біріктіретін дамыған ақпараттық құрылымның болуы, аса ауқымды ақпаратты жинаудың, жүйелеудің, саралаудың, беру мен сақтаудың тиімді құралдарын қолдану, мәліметтерді алу мен өңдеудің, оларды талдау мен моделдендірудің осы заманғы технологиясы саяси-әкімшілік басқару тиімділігінің шарты мен көрсеткіші.
Компьютер саяси технологиялардың ерекше құралы екенін айтқан жөн. Бүгінгі таңда қоғам өміріне компьютерлік технологияларды қолданбай саяси талдау жасау мүмкін емес. Қазір кең қанат жайып отырған ақпараттық, телекоммуникациялық, компьютерлік революцияның өзіндік ерекшелігі ақпаратты жөнелтуші мен алушы арасындағы бір линиялы байланыстың көп функционалдық және диалогтық байланыспен алмастырылуы болды. Бұл ақпарат алмасуға қатынасуға жаңа мүмкіндіктер көкжиегін ашты. Мысалы, «екі жақты байланыс» технологиясының көмегімен тұтынушы газет оқиды, почта алмасады, кітапханадан кітап алып оқиды (бейне нұсқа), зат сатып алады, өзінің қаржы жағдайын реттейді, тапсырыс берушіге өзінің шығармашылық еңбегін: шолулар, аналитикалық және басқа да материалдар; мақалалар, әлеуметтік сауалнама нәтижелерін жібереді.
Саяси процестердегі бұл жаңа техникалық құралдар мен әдістер қоғамдық пікір сауалнамасын өткізіп, олардың нәтижелерін «сол сәтінде» шығару, оперативтік саяси пікір таластарын, референдумдар ұйымдастыру және т.б. үшін пайдаланылуы мүмкін. Алға міндет қойып, оның нәтижелерін алғанға дейін бірнеше сағат өтеді. Әрине, мұндай жұмыс саласы тиімді компьютерлік желілердің, мамандардың болуын, біршама қаржы шығынын талап етеді, жаңа компьютерлік технологиялардың мейлінше танымал болғандығы соншалық, батыс саясатшылары оларды жалпыға бірдей демократиялық қоғамның құралы ретінде бағалап жүр. Қазір Қазақстан Президенті әкімшілігінде жағдайларға талдау жасайтын компьютерлік-талдау орталығы жұмыс істейді. Оның басты мақсаты – мемлекет басшысын елдегі және дүниежүзіндегі жағдай жөніндегі ақпаратпен жедел және алдын ала қамтамасыз ету. Президент және оның көмекшілері қызметі аса маңызды проблемаларға талдау жасау және жедел шешімдер қабылдау үшін орталықтың қызметін пайдаланады. Жаңа құрылым сыртқы ақпарат көздері қосылған бірегей локальды жүйе. Ол ситуацияның моделін жасауға және мемлекет басшысының басқарушылық шешімдерін әзірлеуге мүмкіндік туғызады. Бұл мүмкіндіктер плюрализмге, өкілетті демократияны бірде-бір демократиялық институтқа нұқсан келтірмей «қатысу демократиясымен» алмастыру үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бірегей құбылыстың мәнін айқындау үшін тіпті «теледемократия» атты арнайы ұғым қолданылады. Алайда, бұған қарап телекоммуникацияның жаңа құралдарының маңызы мен рөлін асыра бағалау ағаттық болар еді. Ақпарат алмасудағы өзінің техникалық мүмкіндіктерінің арқасында компьютерлік, коммуникациялық және басқа саяси технологиялар ХХ ғасырдың соңынан бастап саяси науқандарына, жалпы саясатта белсенді түрде пайдаланылғанын айта кету керек.
Осыған байланысты мына бір жағдайды атап көрсету керек: табиғатта абстрактылы өмірдің барлық жағдайына жарамды ақпараттық технологиялар жоқ. Олардың әрқайсысы мейлінше нақты және бірегей. Әрбір ақпараттық технология өзінің мазмұны мен сипаты жағынан сан қырлы. Түптеп келегенде, ақпаратттық технологиялар саяси өзгерістердің нендей бір саласына бақылау жасау тұрғысынан субъектілердің мүмкіндігін кеңейтеді.
3858 рет
көрсетілді0
пікір