• Мақала
  • 31 Қазан, 2024

ДЕПУТАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІ

Парламент Мәжілісі депутаттарының белсенділігі қандай? 
 

Таяуда Астанада барлық деңгейдегі мәслихат депуттарының II республикалық форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың айрықша сенім мандаты иесі екендігін қадап айтты. Депутаттар өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым деді. «Тұрғындар сіздерді жақсы біледі, ой-пікірін тікелей өздеріңізге жеткізеді, мәселесін шешуге көмектеседі деп үміт артады. Осы жауапкершілікті терең сезініп, халыққа адал қызмет ету керек» деген Президент сөзін бетке ұстасақ, халық қалаулылары аймақтағы халықтың үнін дер кезінде жеткізіп, елмен етене жұмыс істеп отыр ма деген сұрақ туындайды.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың Мемлекет басшысының Жолдауында және мәслихат депутаттарының форумында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша берген ақпаратына қарағанда, Банктер туралы жаңа заң, салық және цифрлық кодекс бойынша жұмысқа ерекше назар аударылатын болды. Қабылданған заңдардың іс жүзінде орындалуына, оның ішінде лудомания мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер – суицидтің көбеюіне, жедел медициналық көмек жүйесіндегі проблемаларға ерекше мән берілмек. Мән беретін дүние көп, әрине. Депутаттар қолға алуға тиіс әлеуметтік бағыттағы өзекті мәселелер елімізде жетіп артылады. 
2022 жылы жалпыхалықтық референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілгені мәлім. Соның арқасында Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейді. Мәжіліс спикері де әр отырыста сөйлеген сөзінде депутаттардың беделі артқанын, сенімді әрі іскер орта қалыптасқанын тілге тиек етіп жүр. Иә, бұрынғыға қарағанда депутаттардың даусы жарқын-жарқын шыға бастағанын естіп-көріп жүрміз, көп игі істерге бастамашы да болып жүр. Десек те, Парламенттің рөлін бұдан да ары күшейтіп, депутат халықтың үні ғана болып қалмай, заң шығаруға түрткі бола алатындай, үкімет пен министрлікке айтқан сөзін іс жүзінде орындата алатындай қауқарлы болғанына не жетсін.  
Әділетті Қазақстан құру бағыты бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттарының белсенділігі қандай? Нақты нәтиже шығарған іс-әрекеттері ауыз толтырып айтарлықтай ма? Әлде мемлекеттік саясатты қолдаған болып, бірер ауыз депутаттық сауалмен үн қатумен шектеліп, тіпті әншейін бас шұлғып, қол көтеріп қарап отыр ма? Күші тасыған жас депутаттар қатарын көбейттік, солар жасына сай қайратын көрсете алды ма? Кәсіби біліктілігі жете ме? Сайлауалды бағдарламасынан бір жыл ішінде жақсы нәтиже көрсетпей, мандатынан айырылған депутаттар саны қанша? 
Мәжілістің биік мінберінен үкімет пен министрлерге жолданып жатқан депутаттық сауалдардан кенде емеспіз. Соның бірі – жақында іске қосылған екі ипотекалық бағдарламаның проблемалары туралы жолданған депутаттық сауалдың жауабы қашан беріледі, түйіні түбегейлі қашан шешіледі деген мәселе көпті толғандырады. Әдемі айтылған сөз тыңдағанға жақсы, бірақ жұртқа бәрінен бұрын сөздің іспен үйлескені керек. Тұрғын үй нарығындағы жұрт түсінбейтін толып жатқан бағдарламалар мен ипотекалардың көптігінен жұрттың шатаса бастағанына біраз уақыт болды. «Отау», «Наурыз», «Отбасы» бағдарламасы – мемлекет тарапынан осындай түрлі бағдарламаларға миллиардтаған қаржы бөлінеді. Барлығы атынан ат үркетін бағдарламалар. Жарнамасы жүріп тұр. Бірақ соның көбісі бұрынғы ескі бағдарламалардың жаңартылған түрі, аты өзгергенмен, заты сол бәз-баяғы. Ал оған қатысқан азаматтар ережелерінің қисынсыздығынан шаршайды. Төлем қабілетін растау, алғашқы жарна, айлық төлемнің аздығы талай адамның бетін қайтарып тастайды. Орташа айлық алатын азаматтар айлығының жетпіс пайызын ипотекалық несиеге төлейді екен, ал төменгі жалақы алатындар, яғни екі жүз мыңның үстінде айлық алатындар бұл бағдарламаға мүлдем қатыса алмайды. Жиырма пайыз алғашқы жарна төлеуге келгенде-ақ салы суға кетеді. Мәселен, Алматыда қуықтай бір бөлмелі пәтер алу үшін алғашқы жарна жеті миллион теңге екен. Ол кімнің қалтасында бар қазір? Осындай сан түрлі жобалар көп болғанымен, кей өңірлерде бірде-бір құрылыс нысаны салынбапты. Бұндай жағдайда кез келген бағдарлама ойдағыдай жүзеге аспайды. Үйдің кезегі қай жерде де жылжымайды. Осының бәрін депуттатар шырылдап айтудай-ақ айтып жүр, сонымен қатар, істің оң шешілуіне тез арада мұрындық болса, кәнеки. 
2050 жылға қарай болжам бойынша республика халқының саны 27 миллионнан асып түседі. Халықтың басым бөлігі оңтүстік тұрғындары. Ал солтүстік пен шығыс өңірлерде, керісінше, халық саны төмендеу қаупі бар. Мұны шешудің жолы бар ма? Бұл орайда Ресейдегі екі пайыздық «Қиыр Шығыс» ипотекалық бағдарламасы сынды жобаны жүзеге асыру аса маңызды. Елдің ең шалғайдағы нүктелеріне қоныс аударғандарға қосымша қолдаумен бірге, төменгі пайыздық мөлшерлемемен үй алуға қарыз беруіміз керек. Осындай ұсыныстар нақты жүзеге аспай, айтылған жерде қалып жатпаса дейсің. Мемлекет зор қолдау білдіріп, ауыл тіршілігін жандандыруға миллиардтаған қаржы бөлінеді. Әйтсе де ол қаржы қалай игеріліп жатыр, құзырлы орындардың уәде еткен мерзімдері неге өзгере береді? Міне, осы тәрізді сауалдар төңірегінде Парламент Мәжілісінің биік мінберінен халық қалаулыларының үні саңқылдап естіле берсе, жауапты тұлғалар селт етер. 
Халқымыздың жартысына жуығын ауыл тұрғындары құрайды. Ауылдағы ағайынның орташа жалақысы қала тұрғындарынан отыз пайыздан аса төмен. Қымбатшылық пен жұмыссыздықтың зардабын тартып отырған да ауыл тұрғындары. Осыны ескерген Президент ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын қолға алуды тапсырған. Төмен пайызбен несие беруге қаржы да қарастырылған. Жоба бойынша былтыр жүз миллиард теңге бөлінсе, биыл да сондай көлемде қаржы бөлу қарастырылған. Жыл аяғы таяп қалса да Үкімет өңірлерге жеті миллиард теңге жіберіпті. Алдағы екі ай ішінде мүмкін жіберіп те қалар, ал ол қаржы тиімді игеріле ме? Әлде қолды болып кете ме? Депутаттарды мазалайтын осындай сан сұрақ таусылмайды. Ел аманатын көтеру оңай емес. 
Ел Президенті депутаттар форумында тілге тиек еткен интернет-алаяқтардан бүгінде аяқ алып жүре алмаймыз. Әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат пен алдап-арбаудың, орынсыз бопсалап, адам өмірін тас-талқан етудің құралы интернетте қарқынды жүріп тұрғанын бәріміз көріп жүрміз. Блогерлікті бопсалау мен қысым көрсетудің құралы қылып, біреудің абыройын төгіп, сүрінгенді суреттеу батырлыққа бағаланатын болды. «Блогерлер әкімдердің әр қадамын аңдитын болды. Жұмысқа кедергі келтіріп, әкімдерге қоқан-лоқы көрсететіндер де бар» деп Президенттің өзі сын тезіне алды. Рас қой. Аңқау елге арамза молда көбейген заман. «Бір айда семізді тырық қылып арықтатамын» дегендей, сан түрлі алдап-арбаушылардың жүздеген мың теңгеге сататын курстары мен сабақтарына қатысамын деп, аңқау жұрт банктерге борышкер болып, қыруар қарызға батқан. Ашып қалсаң да, басып қалсаң да арам жолмен тез баюды көздейтін коуч-мотиваторлардан аяқ алып жүре алмайсыз. Отбасы құндылығын әркім өз бетінше түсіндіріп, талай сүттей ұйыған отбасының шаңырағын ортасына түсіргендер толып барады. Арасында елге белгілі шоу-бизнес өкілдері мен айтыскерлер де өріп жүр. Инфобизнестің еліміздегі жылдық айналымы 500 миллиард АҚШ долларын құрайтыны деректерде айтылған. Болжам бойынша, алдағы бес жылда оның жылдық айналымы 2 миллиард АҚШ долларына жетеді деседі. Рас болса, бұл сұмдық емес пе? 
Жастар проблемасы да жетіп артылады. Соның бірі, 2023 жылы ЖОО түлектерінің тек 25 пайызы ғана жұмысқа орналаса алған. Қалғандары өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін болса, онда сол мамандықтарда оқуға сонша мемлекеттік грант бөлудің қажеті бар ма деген сұрақ туады. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының дерегі бойынша, бос жұмыс орындарының тек отыз пайызы ғана жоғары білім болуын талап етеді. Нарықтың бүгінгі сұранысы осындай. Сондықтан жоғары оқу орындарын қаржыландырудың жаңа моделін қалыптастыру керек. Депутаттың араласпайтын мәселесі, ал мәселенің ұсақ-түйегі жоқ. 
Міне, біз депутаттардың білек сыбана күресер істерінің шамалы ұштығын ғана шығарған болдық. Ал ондай үлкенді-кішілі мәселе шашетектен. Үкіметтің «еститін мемлекетке» айналуына, елмен енжар сөйлесетін шенділердің дәуірін келмеске кетіруге ең алдымен депутаттар бел шеше кірісуі тиіс. Сонда ғана Жаңа Қазақстанды құруға деген үміт оты көкіректе маздай түспек. 
         

Төреғали ТӘШЕНОВ
«Aqiqat»

 

557 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз