• Мақала
  • 31 Қазан, 2024

Егемендік декларациясы қабылданған күн

25 қазан – c Еліміздің ең басты Ұлттық мерекесі.1990 жылғы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылдаған қаулысы шыққан болатын. Осы Декларация болашақ тәуелсіз қазақ елінің іргетасын қалады. Осы Декларация негізінде 1991 жылы 16 желтоқсан күні Жоғарғы Кеңес еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттік егемендігі туралы Заң қабылдады. 
1995 жылы Декларация дүниеге келген 25 қазан – Республика күні – ұлттық мерекесі болып жарияланды. Содан бастап әр 25 қазанда халық қазақ мемлекеттілігінің дамуына айрықша һәм елеулі әсер еткен, тарихи мәні зор оқиғаны еске алып тұру үшін белгіленген осы ұлттық мерекені қуанышпен атап өтіп жүрді. Алайда 2001 жылы Республика күнінің ұлттық мереке мәртебесі өзгертіліп, мемлекеттік мейрамдар қатарына жатқызылды да, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға 2009 жылы енгізілген өзгерістерге байланысты елімізде бұл күнді атап өту тоқтатылды. Бір мүшелден астам уақыт өткен соң, 2022 жылғы 29 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті пәрменімен Республика күнінің Ұлттық мереке мәртебесін қайтарды.

 

Ежелден еркіндік аңсаған, елдігінен айрылып озбыр империяның отары қалпында қилы арпалысты бастан кешкен халқымыз үшін бұл аса елеулі жәйт-тін. Өйткені 1990 жылғы Декларация мемлекеттігіміздің нақты мақсатын, тәуелсіз ел ретінде даму бағытын нұсқаған өте маңызды құжат еді.
Қазақ елі Ұлы Дала төсіндегі түрлі мемлекеттік құрылым (ғұндар, түрік қағанаттары, Шыңғыс қаған империясы, Жошы ұлысы) құрамында өсіп-өркендей келе, XV ғасырдың ортасынан өте бере тарих сахнасына өз этностық атауымен шығып, төрт ғасыр дербес ғұмыр кешкен де, ақыры, ХІХ жүзжылдықтың ортасынан асқанда Ресей империясының басыбайлы отарына айналған. Тек XX ғасырдағы монархия – орыс самодержавиесі құлағаннан соң туған қолайлы саяси мүмкіндік рухтандырған жаңа тұрпатты қазақ ұлт-азаттық қозғалысы нәтижесінде Екінші Жалпықазақ съезі халқымыздың ұлттық тұтастыққа негізделген елдігін жаңғырту әрекетін жасады: Алаш атымен қазақ автономиясын құрып, 1917 жылғы 12 (25) желтоқсанда автономияның үкіметін – «Алаш-Орда» Халық Кеңесін жариялады.
Бұл кезде бұрынғы империя орнында жария болған Ресей Республикасының билігін – Уақытша Үкіметті – таптық туды асқақтатқан Кеңес өкіметі басып алып, жеңісті шеруімен баршаны мойындатып келе жатқан. Онымен санаспау мүмкін емес еді. Сондықтан да алашордашылар орталық кеңес үкіметімен келіссөз жүргізуге бел байлады. Бірақ желтоқсан съезінің шешіміне сәйкес Орынбордан Семей түбіндегі Заречная слободкаға (Алаш қаласына) көшіп келген «Алаш-Орда» Халық Кеңесі жергілікті Совдептің қарсылығына тап болып, жұмысына кірісе алмай тұрған-ды. Сонда Халық Кеңесінің батыс өлкеде тұрып жатқан мүшесі Жанша Досмұхамедов пен Алаш үкіметінің тағы бір мүшесі, Орал облыстық земство басқармасының төрағасы Халел Досмұхамедов Орал облыстық қазақтар съезінің шешімімен арнайы жасақталған делегацияны бастап жолға шықты. Алаш-Орда делегациясы Оралдан Мәскеу қаласына – Петроградта сайланған Халық Комиссарлары Кеңесі барлық құрамымен көшіп келіп орныққан елдің жаңа астанасына сапар шекті. Совет үкіметі басшылары Алаш-Орда делегациясын жақсы қабылдады.
Бұл 1918 жылғы наурыз айының соңғы күндері болатын. Жанша мен Халел Дос­мұхамедовтер Ленин, Сталин, Троцкиймен алғашқы да сәтті келіссөз жүргізді. Олар Екінші Жалпықазақ съезінің хаттамасымен танысып, құрылған қазақ автономиясы совет өкіметінің тиісті декларацияда жария еткен көзқарасымен үндесіп тұрғанын мойындады. Алаш мақсатын кеңестік билік жүйесіне үйлесімді кіріге үйлесу шарттарын аян етті. Мұны қабыл алған Алаш-Орда делегациясының басшылары Кіші Совнаркомда жұмыс істеп, Алаш құрылымдарын советтік платформаға аудару жобасын жасады. 
Совнарком басшылары қазақ істерімен шұғылданатын арнайы комиссариат ашуға және сол комиссариаттың жұмысы барысында, көп сөзбай, таяу мезгілде советтік қазақ автономиясын жариялауға болатынын әңгімеледі. Делегация Кеңестік билікпен жақсы тіл табысқан болатын. Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Иосиф Сталин сәуір айының алғашқы күндерінде Семейдегі орталық Алаш-Орданың төрағасы Әлихан Бөкейхановты төте желі арқылы сөйлесуге шақырды. 2 сәуірде байланысқа келген төраға орынбасары Халел Ғаббасовқа Алаш-Орда делегациясымен Халкомкеңесте өткен келіссөздің мазмұнын хабарлап, жеделдетіп пікірлерін білдіруді сұраған. Бұл жайында шұғыл түрде «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналы қуанышты лебіздер жария етті. 
Семей жедел түрде Мәскеуге Алаш авто­номиясының кеңес өкіметі қабылдауын қалайтын ұстанымдарын жолдап, автономияны шұғыл жариялауды сұрады. Алайда Семейден жолданған Алаш үкіметінің шарттарын алған бетте, совет билігі алғашқы уәдесінен тайқып кетті. Бұған, әрине, орталық Алаш-Орданың Семейдегі жұмысшы депутаттар кеңесі – Совдеппен тіл табыса алмауы, әрі сол шақта Ташкентте советтік негіздегі Түркістан автономиясы әзірленіп, әне-міне жарияланғалы тұрғаны, әрі революцияшыл қазақтардың көрнекті өкілі Әліби Жангелдиннің басшылығымен Торғай облысында Советтер съезі өткені, сондай-ақ Мәскеуге кей аймақтан, мәселен, атақты Сәкен Сейфуллиннің әйгілі «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарынан білетініміздей, жергілікті белсенділердің Алаш автономиясына қарсы пікірлер жолдап жатқаны елеулі ықпалын тигізген еді.
Әліби Жангелдин Орынборда өткен Торғай облысы Кеңестерінің съезі жайында Мәскеуге барып баяндағанында, үкімет басшылары съездің қаулыларын түгелдей мақұлдап, ақылдаса келе, Алаш-Орда делегациясына уағда етілген қазақ комиссариаты орнына Ұлт істері жөніндегі халкоматының ішінен Қазақ бөлімін ашуды ұйғарған-ды. Сол жылғы мамырда тиісті қаулы шықты, бөлім бастығы лауазымына – кеңес идеяларын бірден қабыл алып, Жангелдиннің сенімді көмекшісіне айналған, Торғай съезінде облаткомдағы жауапты қызметке сайланған ескі режим интеллигенттерінің бірі Мұхамедияр Тұнғашин тағайындалды. Осы бөлімнің басшылығымен ақтардан азат етілген аудандарда жергілікті кеңестер ұйымдастырыла бастады. Қазан төңкерісінің идеялары кеңінен насихатталды, шаруашылық мәселелерін кеңестік тұрғыда шешуге бетбұрыс жасалды. Ұлттық әскери бөлімдер құру әрекеттері жүргізілді. Және бүкілқазақ съезін шақыруға, сөйтіп сол съезде қазақ елінің советтік негіздегі автономиясын жариялау ісіне дайындық жасауды қолға алды.
Алайда бүкілқазақтық съезді әзірлеу жұмыстары азамат соғысы кезіндегі күрделі жағдайда барынша мұқият жүргізілді десе де, майдандарда туып жатқан түрлі қиындықтар салдарынан созылып кетті. Қазақ съезін шақыру уақыты кешіктіріле берді. Сондықтан, Дала өлкесінің Төтенше комиссары Әліби Жангелдин 1919 жылғы мамырда Предсовнарком В.И.Ленин мен Наркомнац И.В.Сталиннің қабылдауына Қазақ Совет автономиясын құру мәселесі бойынша кірді. Ағымдағы жағдайдан туындаған мәселелерді шешу жолдары жөнінде ақылдасу нәтижесінде Ұлт істері халкоматының отырысы өтті. Сол мәжілісте Қазақ өлкесін басқаратын әскери-революциялық комитет құру және оның ережесін жасау жайында маңызды шешім қабылданды. 
Ереже 1919 жылғы 10 шілдеде РСФСР Хал­ком­кеңесінің қаулысымен бекітілді. Хал­­комкеңес төрағасы Владимир Ленин сол күні Кеңестік Қазақ Республикасын ұйымдастырудағы алғашқы нақты қадам болған Кирвоенревкомды (Қазәскериревкомды) құру туралы Декретке қол қойды. Әскери-революциялық комитеттің қолына Қазақ өлкесін басқаратын жоғарғы әскери-азаматтық билік түгелімен берілді. Қазревком бірден Бүкілқазақ съезін шақыру мәселесін тиянақтауды қолға алды. 1919 жылғы 15 қыркүйекте құрылған Ерекше комиссия Кеңестердің Бүкілқазақтық съезін шақыру жөнінде нұсқаулық әзірледі. Съезге делегаттар сайлау тәртібін жасады. Ресейдің көрші облыстарының құрамындағы қазақ жерлерін біріктіру жөнінде де елеулі жұмыстар жүргізді. Тиісті өкілеттілік беріп, өкілдерін үйездерде Совет өкіметін құратын уақытша ревкомдар тағайындау үшін жер-жерге іссапарға аттандырды. Мерзімдік баспасөз жұмысын ұйымдастырды. Азамат соғысындағы қызылдар жеңісі аныққа шыққанмен, әлі де тарамай, республикалық режимде дербес жұмыс істеп тұрған Батыс Алаш-Ордамен келіссөздер жүргізді. Батыс бөлімше ақтарға қарсы жүргізген жеңісті әскери шарасынан кейін күллі әскерімен, қару-жарағымен, мүлкімен кеңес өкіметі жағына шыққаннан соң, 1920 жылғы 5 наурыздағы қаулысымен Алаш-Орданың Батыс бөлімін ғана емес, жалпы Алаш-Орданы мемлекеттік орган ретінде мүлдем жойғанын әйгіледі.
1920 жылғы 26 тамызда ВЦИК пен Совнаркомның Қазақ Республикасы құрылсын деген тарихи Декреті дүниеге келді. Автономиялы қазақ мемлекеттігінің құрамына Семей, Ақмола, Орал, Торғай облыстары, Омбы үйезінің қазақтар тұратын бір бөлігі, Закаспий облысындағы Маңғыстау үйезі, Красноводск үйезінің Адай болыстары, Астрахан губерниясының Синемор болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2 -ші Теңіз жағалауы округтеріне жапсарлас бұрынғы қазыналық оброк жерлерінің аумағы, Теңіз жағалауы жолағы және Сафронов, Ганюшкин, Николаев болыстары республика құрамына қосылды. Түркістан Республикасы құрамындағы қазақ территорияларын Қазреспублика құрамына қосу сонда тұратын жұрттың ерік-жігеріне байланысты шешілетін болды. 
1920 жылғы 4-12 қазанда Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайшы съезі өтіп, Автономиялы Қазақ Республикасы жарияланды. Орта Азиядағы 1924 жылы жүргізілген ұлттық межелеу науқаны нәтижесінде қазақ жер-суы мен халқы бір шаңырақ астына жиналды. 1925 жылы Ақмешіт (Қызылорда) қаласында өткен біріккен қазақ елі Кеңестерінің алғашқы съезі халықтың байырғы «қазақ» атын өзіне ресми түрде қайтара отырып, даму, өркендеу бағыттарын белгіледі. Әйтсе де Үлкен Қазақстан ұлттық республикасын шындап құру, сөйтіп өркендеу жолына түсе алмады. Себебі Мәскеу жіберген эмиссар-басшының жетегімен Қызылорда құрылтайының шешімдері бұрмаланып, ауылдарда «шағын Қазан революциясы» жасалды. Таптық сына қағу арқылы ішкі әлеуметтік араздықтар қолдан өршітілді. Көп ұзамай, 1930 жылдары, орталық өңірлердегі революциялық өзгерістерден қалмауға тырысып, қуыршақ республикаға тән құлдық санамен солақай реформалар жүргізілді.
Қуыршақ республикадағы әскери күштер келеңсіз тәркілеу мен жүйесіз салықтарға қарсылық білдірген көтерілісшілерді жуасытып, бағындырды. Қуыршақ республика қайраткерлерінің Орталыққа көзсіз емінуі салдарынан ел ішінде іс жүзінде жасанды ашаршылықтар орын алды. Республика басшылығы жер-жерден түскен аштықтың алғашқы дабылдарына көз жұма қарады. Содан ел халқының жартысына жуығы қырылған ұлттық апатты бастан кешті. Қазақ елі аумағында концентрациялық лагерьлер ашылды, оларда жан-жақтан тоғытылған тұтқындардың күшімен казармалық социализм тәжірибелері жасалып жатты. Бұрынғы алашордалықтарға, жалпы көне ұлт зиялыларына қарсы саяси қуғын-сүргін науқаны ұйымдастырылды. Оларды 1930 және 1932 жылдары екі дүркін топтап репрессиялады.
Қазақ елін қайғы-қасіретке ұшыратқан эмиссар дегенмен 1933 жылы кері шақырып алынды. Қазақ Республикасының жаңа басшылығы халқымыздың алапат аштықтан аман қалған бөлігін шаруашылықты жаңғырту жолына бастап, мәдениет революциясын жасау арқылы серпілтті. Кеңестік құрылыстың ел мүддесіне қызмет етуіне қатты көңіл бөлді. Сауат ашуды, білім көтеруді қолға алды, орталау, орта мектептерді көбейтін, жұмысын жандандыруға баса назар аударды. Мектептер санын арттырумен қатар арнайы және жоғары оқу орындары ашылды, өнерпаздар слеттері, байқаулар өткізілді. Мәдени революция штабының жетекшісі, ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің басшылығымен күрт жанданған ұлттық өнер құдіреті әдебиет пен өнердің 1936 жылғы алғашқы декадасы барысында Мәскеуді дүр сілкіндірді. Тоталитарлық мемлекеттің биік басшылығының назарын аударып, халқының жарты санын жоғалтқан, ұлттық экономикасы тұралаған республикамыздың автономиялық мәртебеден одаққұрушы «тәуелсіз мемлекеттер» қатарына жоғарылауын мүмкін етті. 
Осылай келешекте тәуелсіздікке апаратын қақпаны ашқан ұлы оқиға орын алған еді, алайда соның артынша кеңес өкіметінің өз халқына қарсы жүргізген адам айтқысыз қастандығы – Үлкен террор науқаны басталып кетті. Жалпақ елде, соның ішінде біздің республикамызда да жұрт жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Бұдан кейін халқымыз ортақ отан болып тұрған Советтік Социалистік Республикалар Одағының – қазір қызыл империя деп әділ таңбаланған тоталитарлық мемлекет халықтарының – екінші дүниежүзілік соғыста шеккен қасіретін бірге бастан кешті. Қазақтың майданға аттанған ұл-қыздары қаһармандықтың үздік үлгілерін көрсетті. Республика халқы мал-жанын «қоңыр індетке» қарсы майданға жұмылдырды, соғысқа жұртының бір ширегіне жуық азаматын жөнелтті. Солардың төрттен үш бөлігі Еуропаны азат ету және басқыншылар ордасын алу жолында құрбан болды.
Одан, Жеңістен кейін, бейбіт еңбекке кірісіп, соғыс басқа салған ауыртпалықтардан еліміз енді еңсе көтере бергенде, 50-ші жылдары, «тың көтереміз» деген тәтті ұранмен империяның еуропалық бөлігінен қазақ жеріне бақ іздеушілер нөпірі төгілді. Тың игерушілер легі Ұлы Даланы жаңаша отарлады. Нәтижесінде қазақ халқы Республиканы «көркейту» үшін мекен етуге келген бөтен жұрт есебінен жаңаша құралған халықтың үштен біріне де жетпейтін азшылық боп қалды.
Дегенмен алаштықтардан мұра болған елдік идеясы, ұлттық рух қуаты халқымызды жарқын болашақтан үмітін үзгізбей, алға жетелей берді. Екінші жаһандық соғыстан кейінгі, әсіресе, 60-70 жылдарғы бейбіт өмірде ел ішінде демографиялық дүмпу үдерісі орын алды. Қазақ халқы сан жағынан да, сапа жағынан да өсіп, заманға сай дамыды. Білім алды, жетілді. Әйтсе де ұлттық мүдделері толығымен қанағаттандырылмады. Қазақтарға әр салада шектеу қойылып жүрді. Мұндай қиғаштықты алдымен жас ұрпақ өткір сезініп, әр кезде наразылық танытып тұрған-ды. Орталықтың өктем озбырлығы 1986 жылғы желтоқсанда мүлдем шектен шыққанда, биліктегі партияның жариялы саясатын – Қайта құруды арқа тұтып демонстрация жасаған жастар бейбіт ереуілін табиғи түрде саяси көтеріліске ұластырды. 
Қатаң тоталитарлық билікке қарсылық осылай тұтанып, соның артынша Совет елінің өзге бөліктерінде де туған сондай бұлқыныстар нәтижесінде кеңестік империя құрсауы мүлдем талқан болды. Содан халқымыздың алты мүшелге жуық қиын-қыстаулы жолы, ақырында, аңсаған егемендік даңғылға ұласты. Қызыл империя ішінде қайғы-қасіреті де, бақыт-шаттығы да көл-көсір жеті онжылдыққа созылған жол бойы туын жықпаған біздің кеңестік республикамызда 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Декларация шын егемендіктің, мемлекеттік тәуелсіздіктің жарқын бағдаршамы болып жанды.
Бұл бағдаршамды жағу, әрине, оңайға түскен жоқ. Жоғарыда еске алынған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен от алған барша одақтас республикалардағы бұлқыныстардан кейін Қайта құру саясатына терең мән беріліп, елді басқаратын билеуші партияның конституциялық құқығы өшірілді, Бас хатшысының орнына Совет Одағының Президенті сайланды. Сол үлгімен ұлттық республикаларда да, орталықтың наразылығын елеместен, президенттік басқару жүйесіне көшу қолға алына бастаған. 1990 жылғы сәуірде Қазақ Республикасының Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Президентін сайлады. Міне осы шарадан кейін еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдау мәселесі көтеріліп, оны әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. 
Комиссияны халық депутаты академик Салық Зиманов басқарды. Мемлекеттің және құқықтың тарихы мен теориясы жөнінде іргелі ғылыми-зерттеу еңбектер жазған, Қазақстанның, Орталық Азия мен басқа да аймақтардағы ұлттық мемлекеттердің қалыптасуы мен дамуын жетік білетін білікті заңгер ретінде ол Декларация мәтінін жазуда жетекші рөл атқарды және оны 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қилы ұғымдағы депутаттары алдында ұзаққа созылған талқылауда өзіне берілген қилы қитұрқы сұрақтарға терең білімділігімен төтеп беріп, дәлелді түрде қорғап шықты. Зиманов содан төрт жыл ілгеріде, 1986 жылғы 25 желтоқсанда, Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы ғалымдар жиналысына мәскеулік басшылықты шошындырып, күллі елді дүр сілкіндірген әйгілі Желтоқсан оқиғасына байланысты әдейілеп келген орталық билік эмиссарлары алдында ғылыми тұрғыда дәлелді батыл сөз сөйлеп, орталықтан бастап республика ішінде де ұлт мәселесінде жол беріліп жүрген қиғаштықтарды ашып көрсеткен еді. Осындай аса жауапты да қатерлі тарихи кезеңде ұлт мүддесі үшін ештеңеден тайынбайтын қайраткерлік қырымен танылған ғалым Салық Зиманұлы Қазақ мемлекеттілігінің тарихында өте маңызды да шешуші рөл атқарған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» жобасын дайындау жөніндегі комиссияны біліктілікпен басқарып, оны Жоғарғы Кеңесте бұлтартпай қабылдатқаны, іс жүзінде 1990 жылғы Декларация авторы болғаны өз алдына, 1991 жылғы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болды. Оның есімі егемендіктің, мемлекеттік тәуелсіздіктің жарқын бағдаршамын орнатқан аса елеулі тұлға ретінде тарихта қалары күмәнсіз.
Декларацияда Қазақ Кеңестік Соц­иалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі, болашақта ұлттық мемлекет құрылатыны жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Мемлекеттің әлеуметтік негізіне таптық тұрғыдан қараудан бас тартты, аса маңызды міндеттері қатарында ел аумағының біртұтастығын сақтау, қазақ халқының төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мәселелері айтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын ұрандар мен қилы шақырулар заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер мемлекет ішінде дербес шешіледі делінді. Жер және оның қойнауындағы қазына, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи құндылықтары, ескерткіштері, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует егемендіктің негізін құрай отырып, республиканың ерекше меншігінде болатыны атап көрсетілді. Жалпыодақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне қазақ мемлекеті құқылы, республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың химиялық, бактериологиялық, биологиялық, тағы басқа өзге түрлері үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады делінді. 
Егемен мемлекетіміздің осындай құзыреттері атап айтылды. Мұның бәрін толығымен жүзеге асыруға осы Декларация негізінде 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған мемлекеттік тәуелсіздік жайындағы Конституциялық Заң даңғыл жол салды.
Сондықтан да Декларация қабылданған күнді біз ұлттық мейрамымыз ретінде ерекше қадір тұтамыз. Жаратқан Иеміз осынау мейірлі Республика күнін барша ұрпағымыздың әрқашан мәніне терең бойлап, биік мәртебелі ұлттық мерекеміз ретінде әрдайым думандата тойлай беруін нәсіп етсін.

 

548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз