• Мақала
  • 31 Қазан, 2024

Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамы

***

Тәуелсіздік, республика, бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал. Шын мәнінде, жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет.
                       

  ***

Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек.

   ***

Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады. Ұлы Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық баса» отырып, ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ең бастысы – біз бабалар аңсаған азат елге айналдық. Әлем мойындаған, құрмет тұтқан мемлекет атандық. Мұның барлығы – бүкіл халқымыздың ортақ еңбегінің жемісі. Республика күнінің басты құндылығы – осында.
                                                                                                                   ***

Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ.

                                                                                                                   ***

«Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды. 

***

Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Біз ұлт болып ұйысып, парламент дәстүрі барынша орныққан, президенттік республика құрамыз. Жаңа Қазақстанның түпкі мәні де – осы.

***

Ұлттың шынайы ұлылығы дегеніміз бұл – ең алдымен, оның азаматтары, олардың Отанға деген сүйіспеншілігі және елдің өркендеуі үшін жасаған адал еңбегі.
Қуатты және қарқынды даму жолына түскен мемлекет азаматтардың құқықтарына және олардың еркіндігіне мызғымас кепіл болады. Халқы жасампаз, отаншыл және еңбекқор ел ғана толағай табысқа жетері анық. Сондықтан біздің осы жолдағы бағдарымыз – баршаға айқын.

(Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөздерінен)

5295 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы