• Мақала
  • 31 Қазан, 2024

Әлемдік өркениет аясында – «Алпамыс батыр»

17-18 қазан күні Алматы қаласында ЮНЕСКО және ИСЕСКО (Islamic Educational, Scientific and Cultural Organization Білім, ғылым және өнер мәселелерімен айналысатын Исламдық ұйым) істері жөніндегі ҚР Ұлттық Комиссиясы, Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, ҚР Бейзаттық мәдени мұра жөніндегі ұлттық комитеті және М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Түркі халықтарының рухани мұрасы әлемдік өркениет аясында: «Алпамыс батыр» жыры» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізді.


Әлемдік өркениет аясында – «Алпамыс батыр» 

Халықаралық конференцияны М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Матыжанов жүргізіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын министрдің кеңесшісі Олжас Шариязданов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің хатын Институттың жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Нұр Мағазбек, Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаевтың хатын академияның сарапшысы Айнұр Маемерова табыстады. Сондай-ақ ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Жанар Шайменованың құттықтауын бас хатшының орынбасары Бақберген Қойшыбаев жеткізді. Шараға Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қатысып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.  «Алпамыс батыр» жырының түркі дүниесіндегі және әлемдік кеңістіктегі тарихи-мәдени және ғылыми маңызын айқындау; эпикалық туындылардағы әлемнің семиотикалық және тілдік бейнесін зерделеу; эпикалық дәстүр мен жыршылық өнердің бүгінгі қоғам өміріндегі орны мен рөлін зерттеу мақсатында өткен жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия мемлекеттерінің және Ресей Федерациясының (Уфа, Қазан, Новосибирск) танымал эпостанушы ғалымдары қатысып төмендегі тақырыптар бойынша баяндама жасады.  

«Әлемдік эпос қазынасының жауһар жәдігері» – М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры, филол.ғ.д, ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Матыжанов;«Алпамыс батыр» дастаны мен Қам Бөрінің ұлы Бамсы Бәйрек дастанындағы кейіпкердің қайта оралу сапары» – филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркі әлемі зерттеулері институты Эге университетінің профессоры, филол.ғ.д. Метин Екижи (Измир, Түркия);
«Алпамыс батыр» жырын зерттеудің герменевтикалық мәселелері» – Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филол.ғ.д. Тынысбек Қоңыратбай;
«Алпомиш» эпосының құрылымындағы шежіре формуласының поэтикалық мәні мен семантикасы» – Өзбекстан Ғылым академиясы Тіл, әдебиет және өнер институтының Қолжазба және фольклор бөлімінің меңгерушісі, филол.ғ.д., профессор Шомирза Турдимов;
«Алпамыс» батырлық эпосындағы контаминация» – Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік тіл мен тіл саясаты ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары, филол.ғ.д., профессор Жылдыз Орозобекова (Бішкек, Қырғыз Республикасы);
«Алпамыс батыр» жыры мен «Қорқыт атамның кітабы» («Дедем Қоркудун китабы») дастандарын салыстырмалы талдау» – филол.ғ.д, профессор, Әзірбайжан Ұлттық Ғылым академиясы Фольклор институты Сәйфаддин Рзаев (Баку, Әзірбайжан);
«Алтайлықтардың «Алып Манаш» эпосы мен қырғыздың «Манас» эпосы сюжеттерін салыстырмалы талдау» – Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімі, Филология Институты Сібір халықтарының фольклоры секторының жетекші ғылыми қызметкері, филол.ғ.д. Надежда Ойноткинова (Новосибирск, РФ);

«Алпамыс» эпосының татар нұсқасы: мотивтер модернизациясы» – Ғ. Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д., доцент Лилия Мухаметзянова (Қазан, Татарстан, РФ);
«Башқұрт батырлық эпосындағы рухани құндылықтар және олардың заманауи шарттардағы көкейтестілігі» – Ресей Ғылым академиясы Уфа федералды зерттеу орталығы Тарих, тіл және әдебиет институтының директоры, филос.ғ.д., профессор Зугура Рахматуллина (Уфа, Башқұртстан, РФ). 
«Жалпытүркілік «Алпамыс» эпосының башқұрт тіліндегі ертегі нұсқалары» – Ресей Ғылым академиясы Уфа федералды зерттеу орталығы Тарих, тіл және әдебиет институты Фольклор бөлімінің меңгерушісі, филол.ғ.д. Гульнур Хусаинова (Уфа, Башқұртстан, РФ);
«Түркі халықтарының эпикалық дәстүрлерін құрайтын екі негізгі элемент: салт-дәстүр және жад» – Мармара университеті Гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар факультетінің профессоры, филол.ғ.д. Мехмет Ача (Ыстамбұл, Түркия);
«Алпамыс батыр» дастанының әзірбайжан фольклортануында зерттелу мәселелері» – филол.ғ.д., профессор, Әзірбайжан Ұлттық Ғылым академиясы Фольклор институты Галиб  Сайылов (Баку, Әзірбайжан);
«Алпамыш» архаикалық батырлық ертегісінің «Жаншы, Байыш» қырғыз эпосының мотивтік қорына ықпалы» – Ш. Айтматов ат. Тіл және әдебиет институты Қолжазба қорының меңгерушісі, филол.ғ.к. Асель Исаева (Бішкек, Қырғыз Республикасы);
«Лақай сақышилиқ мектебі өкілдерінің «Әлпомыш» дастанын насихаттауына қатысты» – Шыршық мемлекеттік педагогика университетінің профессоры, филос.ғ.д. Насриддин Назаров (Ташкент, Өзбекстан);

«Алпамыс батыр» жырының ономастикалық кеңістігі (Қазақ, қарақалпақ нұсқалары бойынша)» - Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, филол.ғ.д. Абат Пангереев;
«Қазақтың «Алпамыс батыр» эпосы мен алтай аңыздарына ортақ мотивтер» – С.С.Суразаков атындағы алтайтану ғылыми-зерттеу институтының ғалымы, филол.ғ.д. Сурлай Абысова (Алтай аймағы, РФ);
«Ноғай эпосы: Ресейдегі жиналу, жариялану және ғылыми зерттелу тарихы» – У.Д. Алиев атындағы Қарашай-Шеркес мемлекеттік университеті, филол.ғ.д. Насипхан  Суюнова (Карачаевск қаласы, РФ);
 «Алпамыс батырдың» қоңырат версиясының поэтикалық ерекшеліктері» – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, филол.ғ.к. Болат  Қорғанбеков;
«Башқұрттың «Урал батыр» эпосындағы әлем бейнесі қалыптасуының суреттелуі» – Башқұртстан Республикасы Ғылым академиясы Стратегиялық зерттеу институтынң ғылыми қызметкері, филос.ғ.к. Закирьян Аминев (Уфа, Башқұрстан, РФ) . 
Екі күнге созылған басқосу соңында ғалымдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шыққан «Алпамыс батыр» жыры жинағын таныстырды. 
 Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елдерінің ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялары тағайындаған сарапшылар конференцияны өткізудің басты мақсатын, яғни «Алпамыс батыр» жырын Түркі халықтарына ортақ мұра ретінде ЮНЕСКО көлемінде Материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізу мәселесін талқылады. 
Талқылаудан соң, сарапшылар қаулы қабылдап, «Алпамыс батыр» жырын ЮНЕСКО репрезентативті тізіміне енгізу жолында атқарылатын шаралар тізімі жасап, жұмыс тобы мен жұмыс кестесін бекітті. Әр елдің сарапшылары атқаратын міндеттер белгіленді. 
Әдебиет және өнер институтының мамандары шетелдік қонақтарға «Әуезов музей-үйін» таныстырып, Алматы қаласының көрнекті жерлерін аралатты. 

 

Балауса ӘБДІҚАЙЫМҚЫЗЫ

 

 
 

3174 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

AQIQAT №1

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы