- Мақала
- 28 Қараша, 2024
Соғыс тәңіріне теңелген зеңбірек туралы не білеміз?

Әлемді дүр сілкіндірген Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Екінші дүниежүзілік соғыста артиллерист-жауынгерлер күші басым жағынан басқа әскер түрлеріне қарағанда, әлдеқайда озық екендіктерін анық көрсете білді. Әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғысы кезіндегі Ұлы Отан соғысы (1941-1945 ж.ж.) жылдарында артиллерист-жауынгерлер тізгіндеген ВМ-13 «Катюша» жауынгерлік көлігінің даңқы жер жарды. 1942 жылдың 19 қарашасында таңның атысынан басталған Волга өзенінің бойындағы Сталинград шайқасында артиллерист-жауынгерлердің күшінен сескенген фашистер алғаш рет шегініп, кері қайтуға мәжбүр болады. Келесі кезектегі Курск доғасындағы шайқаста өздерінің шеберліктерін шыңдай білген артиллерист-жауынгерлер «Артиллерия – соғыс тәңірі!» деген лайықты атқа ие болды.
Жалпы «артиллерия» сөзі француздың atillier – дайындау, жарақтау деген аудармаларымен түсінік берсе, қазақ халқының ұғымында «зеңбірекші» деген ұғымға саяды. Осының бәріне көз жеткізе отырып, ....дей тұрғанмен де бүгінгі күнде қазақ халқының тарихында батыр бабаларымыздың зеңбіректік күштерді, ертеректе жауға қарсы қолдана білгені жөніндегі тың деректердің пайда болуына аз-кем тоқталу керекпіз.
Есімі көпшілікке танымал ақындарымыздың бірі Ілияс Жансүгіровтың «Күйші» поэмасындағы:
Ат сайлап, қылыш қайрап, сарбаз ерлер,
Зеңбірек атанға артқан найзагерлер,
Жарқылдап сыбызғылы күй тартқандай.
Алатау берік қорған, жұмақ жерлер....» деп, шырайлы тіркестерімен келтірілгеніндей, жаугершілік заманда қазақ жауынгерлерінің атан түйенің үстіне зеңбірек немесе отты қаруды орнықты бекітіп, жаумен шайқасқанын білуге болады. Жалпы қазақ тіліндегі «зеңбірек» атауының пайда болуын зерделесек, еліміздің тіл мамандары осы атаудың парсы тілінен келіп жеткендігін тілге тиек етуде. Өйткені, тарихта алғашқы зеңбірек қосынын өмірге әкелген парсы халқы болып табылады. 1770 жылы парсылармен соғысқан орыс генералы Сергей Тучков: «Зеңбірек орнатқан түйелі керуен құм мен шөлге қарамай, қажет тұсқа жетеді. Тоқтаған соң оны үстіндегі адам бұйдасынан тартып шөктіреді. Содан кейін әлгі кісі бұйданы тастап, зеңбіректі аузынан оқтап, білте тұтатып атады» деп, жазба қалдырғаны бар. Парсылар осы қару түрін өз тілімен «Замбурак» деп атаған болатын. Осы ретте, қазақ халқы бұл сөз тіркесін өз тіліне бейімдеп, «зеңбірек» деп атап кетсе керек....
Атан түйеге артқан зеңбірек қазақта да болған. Қазіргі уақытта оның нұсқасы Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайында қазақ, орыс, қытай, жапон, неміс, италиян, швед, ұйғыр және өзбек халықтарының ұсталары жасаған саны мыңға жуық жәдігерлер қатарында тұрғаны анық. Қазақтар қомына зеңбірек орнатылып бекіген түйенің өркеші мен бүйірін атқылаған зеңбірек оғының от жалыны шарпып кетпес үшін қалың киізбен орап, әр атқан сайын киізді сулап отырғандығы жайлы мәлімет те бар.
Тағы бір дерек көзіне жүгінсек, 1938 жылы түсірілген қазақ киноматографистерінің тұңғыш туындысы болып табылатын «Амангелді» фильмінде түйе үстіне орналасқан зеңбіректі пайдаланып, жауға қарсы соғысқан сарбаздар бейнесін ежелгі көшпенділердің далалық соғыс өнерінің жаңа заманға лайықталған бір көрінісі деп білеміз.
Ұлы Отан соғысының майдан даласының ұрыстарына қатысқан артиллерист-жауынгерлердің қатарынан Кеңес Одағының Батыры атағын алғандардың ішіндегі қазақстандық Махмет Қайырбаевтың есімін ерекше атағанымыз жөн.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда 16 жасқа енді ғана толған Махмет соғысқа баруға ерікті ретінде өтініш бергенімен, кәмелет жасқа толмағандығынан әскер қатарына алынбайды. Бір жылдан кейін қайтадан өтініш берген Махмет Қайырбаев 1942 жылдың тамызында Өзбекстан Республикасының Бұхара деген жеріне соғыс жағдайымен қоныс аударылған Подольск артиллериялық училищесіне оқуға жіберіледі де, жылдамдатылған курс бойынша тез арада әскери оқу орнын бітіріп шығады.
Әскери артиллерияның жас маманы Махмет Қайырбаев Ұлы Отан соғысына 1943 жылдан бастап, майдан даласындағы ұрыстың нағыз қызған шағында кіріседі. Кеңес әскерінің құрамындағы Басқолбасшылық Резервінің 17-ші танкіге қарсы ататын артиллериялық жеке бригадасының 712-ші жеке танкіге қарсы жойғыш артиллериялық полкінің взвод командирі лауазымына тағайындалып, неміс басқыншыларына қарсы ұрыс іс-қимылдарына қатысады. Қазақ жауынгері Махмет Қайрбаев соғыс кезіндегі жылдам әрі шапшаң қимылымен Смоленск түбіндегі шайқас кезінде ерекше көзге түсіп, небәрі 18 жасында Александр Невский орденін алғаш рет кеудесіне тағады.
1944 жылдың тамызында кеңес әскері Прибалтика жағалауында шабуылға шығып, Шяуляй қаласының маңында фашист әскерін қоршауға алады. Фашистер өз полктерін қорғап, кеңестік армия дивизияларының Балтық теңізіне барар жолын кесу үшін бірқатар танк шабуылын жасайды. Сол жылдың 19 тамызында Литвадағы Шяуляй қаласының батыс жағында болған ұрыста фашистік неміс әскері танкімен шабуылға шығып, кеңес әскері қорғанысын бұза жарып, қалаға басып кіруге ұмтылады. Осы кезде Шяуляй қаласының батысында немістердің қоршауында шайқасып жатқан батареялардың біріне қазақстандық батыл артиллерист-жауынгер Махмет Қайырбаев өзінің 15 жауынгерімен көмекке келеді. Жедел іс-қимылға кірісіп кеткен артиллерист-жауынгерлер аға лейтенант М.Қайырбаевтың басшылығымен жаудың 7 шабуылына тойтарыс беріп, бір батальон әскерінің көзін жояды. Кескілескен шайқаста немістердің Шяуляй қаласына өтуіне жол берілмейді. Осы ұрыс қимылындағы көрсеткен ерлігі мен тапқырлығы үшін, Кеңестер Одағының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы (№6367) Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, аға лейтенант Махмет Қайрбаевқа Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табыс етіледі.
Соғысты Махмет Қайрбаев Шығыс Пруссияда, Кенигсбергте аяқтайды. Аға лейтенан М.Қайырбаев соғыс бітісімен, Ресей Федерациясының жеріндегі Ф.Э.Дзержинский атындағы Артиллерия академиясына оқуға жіберіледі. Алайда, мұрағаттардан репрессияланған әкесінің ізін іздей бастағандықтан оны жылдам академия қабырғасынан шығарады. Далалық әскери округінің (бұрынғы Түркістан) артиллериялық полктерінің біріне қызметке жібереді. Бірақ мұнда да көп қызмет етпейді, денсаулығына байланысты 1946 жылы запасқа шығарылады. 1946 жылдан бастап 1957 жылдың наурызына дейін М.Қайырбаев Павлодар облысының Бесқарағай, Успен (Лозов) және Ақсу (Ермак) аудандарында жауапты хатшы, төраға орынбасары, аудандық атқарушы билік төрағасы лауазымдарында жұмыс істейді. Тың және тыңайған жерлерді игеруге белсене қатысып, сол кездегі Ермаков ауданында «Пограничник» астықты совхозының бой көтеруіне белсене атсалысады. Махмет Қайырбаев 1996 жылдың 12 шілдесінде 71 жасқа қараған шағында мәңгілікке көз жұмып, өмірден өтеді. Батырдың денесі Павлодардағы мұсылмандар зиратында жерленген.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1997 жылдың 26 қарашасындағы №35 бұйрығына сәйкес, артиллерист-жауынгер, Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың есімі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 28738 әскери бөлімінің 1-ші артиллериялық дивизионының 1-ші артиллериялық батареясының жеке құрам тізіміне мәңгілікке тіркелген. Аталған әскери бөлімде Кеңес одағының батыры Махмет Қайырбаевтың жеке құжаттары, кітаптар және кереуеті қойылған. Әскери бөлім басшылығы мен барлық жеке құрам батыр ерлігін әр кез естен шығармай, ерлікке кір келтірмей, жоғары қолбасшылық қойған жауынгерлік тапсырмаларды үздік орындап келеді. Тәуелсіз Қазақстан әскерінің негізгі отты күші болып саналатын Зымыран әскерлері мен артиллерия саласы осы тарих қойнауынан қалған сара жолдың ізін өшірмей, бүгінгі күнде қарқынды дамып келеді. Зымыран әскерлері және ариллерия Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күнінен бастап, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы әскер түріне енгізілген. Қазақстан Үкіметінің 2009 жылғы 20 сәуірдегі Қаулысын жүзеге асыру мақсатында, Зымыран және ариллерия әскерлері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің ұрыстық құрамында саналады. Зымыран және артиллерия әскерлері – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің құрамындағы жоғары ептілік пен дәлдікті талап ететін жеке әскер түрі. Әскер тактикалық зымырандардың құрамаларынан, гаубицалық, зеңбіректік, реактивті және танкіге қарсы қолданылатын артиллериядан, артилллериялық барлаудан, минаатқыш және танкіге қарсы бөлімшелерден тұрады. Нағыз артиллерист болуды армандаған әскери қызметші жоғары білімді болуы тиіс, оған ғылымды білуі ауадай қажет. Ең бастысы – математиканы жетік білгені абзал, өйткені тез арада есептеп шығару оның басты қаруы болып табылады. Артиллерия – бұл кез келген іс-қимылды топтасып атқаратын әскер түрі болғандықтан, берілген тапсырмаларды орындау кезінде әр маман иесі берілген бұйрыққа бірден кірісіп кетеді. Мәселен, барлаушы – қарсыластың бағытын біліп, орналасқан орнын бірден анықтаса, топогеодезист – өздерінің ұрыстық тәртібінің бағытын белгілеп береді. Метеоролог – атыс кезіндегі ауа-райының құбылуын есепке алса, есептегіш мамандар – белгіленген нысанаға дәл көздеп тигізуді есепке алады. Ал, байланыс торабы – орудиядан оқ атуды атқаратын ұрыстық есептоптың еш кедергісіз байланысқа шығуын қамтамасыз ететіні сөзсіз. Халықаралық оқу-жаттығулар мен Қазақстан жеріндегі ұйымдастырылып өткізілген оқу-жаттығуларына белсенді қатысып жүрген Зымыран әскерлері мен артиллерияның жеке құрамы жоғары деңгейде жауынгерлік және дене даярлықтары бар екенін көрсетуде.
Жыл сайынғы Халықаралық «Армия ойындары» сайысында да Тәуелсіз Қазақстан армиясының намысын қорғап жүрген артиллерист-жауынгерлер алдыңғы қатардағы орындардан көрініп жүр.
Жауынгерлік даярлықтағы 2023-2024 оқу жылын табысты аяқтау жолында зымыран әскерлері мен артиллерияның алдында жауынгерлік әзірлікті арттыру, жауынгерлік және жедел дайындықты жетілдіру бойынша жауапты міндеттер тұр.
Биыл, барша қазақстандықтарды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтаған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «....Қазақстан ұлттық мүддені қорғауға, аумақтық тұтастықты сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді. Айбынды армиямыз егемендігіміздің кепілі, мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі саналады» деген болатын. Осы ретте, Тәуелсіз Қазақстанның айбынды армиясының мәртебесін көтеру мен жауынгерлік даярлықтағы әзірліктерін жақсартуда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізгі отты күші болып саналатын – Зымыран және артиллерия әскерлерінің құрамындағы артиллерист-жауынгерлеріміздің аянбай тер төгіп, алдыңғы қатарлы биіктерден көріне беретініне сенімдімін!
Тілек Кенжебеков
Қазақстан Республикасы
Қарулы Күштерінің ардагері

150 рет
көрсетілді0
пікір