- Мақала
- 28 Қараша, 2024
Жұмағали ишан

Дәстүрлі дін дала руханиятының алтын діңгегіне айналып тұрған кезеңдер қазақтың басынан өткен. Сол кезеңдерді жасаған, рухани өркениеттің өзегіне өнім берген тұлғалар тарих сахнасынан советтік идеологияның орақ балғасымен өшіп кетуге жақындаған еді. Бұл бір мақалаға сыймайтын алып тақырып. Ишандар институтының жүйесін қызылдар талқандағанға дейін өз рухани жемісін берген тұлғалар мен білім ошақтары аз болмаған. Солардың бірі емес бірегейі, Ақтөбе облысының аумағында орналасқан Жұмағали ишан мешіті.
Қазіргі картографиялық өлшеммен зерделейтін болсақ – Жұмағали ишан мешіті Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы Дияр ауылынан 99 шақырым жерде шығыста орналасқан. Тасқабақ кешені деп аталады. Мешітті халық арасында «Жұмағали ишан ұстаған» мешіт деп атайды. Профессор С.Әжіғали мешіттің салынуын Жұмағали ишанмен байланыстырады. Ишанның жоғарғы білімді, ХХ ғасыр басында ІІ Мемлекеттік Думада қазақтың рухани мәселелері жайлы сөз сөйлегені және ұлт мәселесі, халықтың мәдени сауатын арттыру туралы түйдек ойларға ие тұлға екендігі жайында мәліметтер келтіреді.
Жұмағали ишан ұстаған мешіт төртбұрышты (12х11) екі бөлмеден тұрады. Жұмағали ишан 1860-1906 жылдары өмір сүрген көрнекті дін қайраткері. Мысыр еліндегі «Әл-Азһар» медресесінде діни білім алған Жұмағали Оразалыұлы 1874 жылы қажылыққа келген Досжан ишанмен бірге елге қайтып, 1892 жылға дейін Досжан ишанның Шұбарқұдықтағы мешітінде имам болған. Кейін хазірет Досжан ишанның рұқсатын алып ата қонысы Доңызтауға оралып, Тасқабақта мешіт салдырды. Осы мешітте дүниеден өткенше имамдық қызмет атқарып, балаларды оқытқан. Бұл мешіт кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары мектепке айналды. Кейін мал қора ретінде пайдаланылды. Доңызтау аймағынан советтің құпия әскери базасы салынатын болып, аймақ жұртын көшірген соң Тасқабақтағы Жұмағали ишан мешіті күтімсіз қалған. Жұмағали ишанның руханиятқа келуі, терең білімді игеруіне себепші болуына әкесінің ықпалы көп болған. Оразалы ишан зерек, ақылды ұлы Жұмағалидың мұсылманша терең білім алуын көздеп буыны бекіп, бұғанасы қатпаған бозбала жасынан, сонау Мысырға аттандырады. Білімқұмар баласының бет алысынан зор үміт күткен әке, сол кездегі Мысырдағы оқу орындарының ақылы болуына қарамай, бар малын аямай шашса керек. Бірақ ишан көп ұзамай қайтыс болды. Артындағы асқар тауынан айырылған Жұмағали жат жерде көп тарығады. Оған жаны ашыған ұстаздарының бірі жан-жақтағы «осының күйі бар-ау» дейтіндей таныстарының бәріне өтініш жолдайды. «Аса қабілетті бір түрік баласы, қаржы жетіспеушілігінен оқуын үзіп алатын түрі бар. Соған көмектесіп, сауабын алатын жан табылар ма екен?». Осы хабарды естіп. Мысырдың маңындағы елді-мекендердің бірінен арнайы келген бай араб, Жұмағалимен тілдесіп көргеннен кейін, оның білім-парасатына көңілі толып, оқу ақысын төлеуге келісім береді. Бірақ, «медресені бітірген соң, менің қарамағыма келіп, оқытушылық қызмет атақарсың» – деген талап қойыпты.Досжан хазірет Меккеге барған сапарларының бірінде, осы Жұмағали туралы естіген екен. Бұл 1870 жылдардың шамасы болу керек. Хазірет әдейілеп адам жіберіп, Жұмағалиды алдырады. Оның жайына әбден қанғаннан кейін қаласаң, араб байымен сөйлесіп, сені елге қайтарудың қамын жасаймын деп кеңеседі. О баста оқуға, білімге құштарлықпен араб байына уәде беруін берсе де, артынан елін аңсап, уайымға батып жүрген Жұмағали үшін бұл көктен тілегені, жерден табылғандай болды. Олар араб байымен тіл табысып, Жұмағалидың жолына шығынын өтеп, елге бірге қайтыпты. Елге келгеннен кейін Жұмағали ишан Шилі мешітінде, қазіргі «Досжан ишан» мешітінде өзі алған білімін жастарға бермекке барын сала тырысады. Оның алдынан жыл сайын жүздеген шәкірттер өтеді. Адалдығымен, сауаттылығымен, еңбекқорлығымен жұрт көзіне ілігеді. Сенімін ақтаған адамға кім риза болмасын?. Досжан хазірет те Жұмағалиға шын сүйініп, сұлу қыз Ұммагүлсімді беріп күйеу етеді. Атасының қолында, Шилі мешітіне біраз еңбек сіңіріп, арада он, он бес жыл өткеннен кейін, Жұмағали хазіреттен рұқсат алып, өз еліне Ажым-Қаражондардың ортасына қайтады. Мұнда атасының үлгісімен зәулім мешіт салып, айналасына бау-бақша егіп, оқытушылық қызметін жалғастырады.
Жұмағали ишан Петербургке бірнеше рет қатынаған. Бұл шаруалардың дені патшаның бұратана халықтарды христиан дініне енгізу туралы астыртын саясатына қарсы істелген деседі. Бір жолы тіпті «панисламист, пантюркист» деген айып тағылып, абақтының да дәмін татқан. Ол 1905 жылы Петербургке аттанып бара жатқан жолда қайтыс болады. Бұл жолы Жұмағали ишан өзінің пікірлес досы, Тілеу Қабақ руларының беделді адамы Мырзағұлдың жайына қол ұшын бермекке жиналған. Мырзағұл сол кезде салынып жатқан Орынбор-Ташкент теміржолына бірнеше рет шабуылдап, малымызды үркітеді, елге небір жаманшылықтарды алып келеді – деп сөзі жүретін жігіттерді жиып, рельстерді қопарып тастайтын болыпты. Ақырында оны «мемлекет ісіне қарсы» деп түрмеге салып қояды. Мырзағұл сонда «Мені бір құтқарсаң сен ғана құтқара аласың» деген сәлемін жолдап, Жұмағалиға кісі жібертеді. Жұмағали да аянып қалмауға, қалайда бір жәрдемін тигізбекке бекінсе керек. Бірақ оған тағдыр жазбайды. Жұмағали ишан секілді ұлт тарихындағы көрнекті тұлғалардың еңбегі, қазақ мүддесі жолындағы бейнесі тәуелсіздік басымызда тұрған шақта ел назарына насихатталуы керек. Жұмағали ишан мешіті кешен ретінде ұлт руханиятына қайта қызмет етуі тиіс. Тарихи санасы қалыптасқан ұлтқа айналамыз десек, ұлт мәдениетінің, білімінің, қоғамдық рухының жолында қызмет еткен айтулы тұлғамыздың бейнесі жаңа егемен ұрпақ жадына ұсынылуы қажет. Облысымыздағы ежелгі тарихи орталықтың бірі саналатын Доңызтау аймағының көрнекті ескерткіштерінің бірі Жұмағали ишан мешітінде археологиялық қазба жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде мешіттің іргетасы ашылып, конструкциялық ерекшеліктері анықталды. Сонымен қатар, қазба жұмыстары барысында Құран кітаптарының қиындылары мен ертоқымның мыстан жасалған үзеңгісі табылды. Қазіргі уақытта ХХ ғасырдың бас кезінде салынған қазақ халық сәулет өнерінің ескерткішін сақтау мақсатында биыл консервация жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Ұлттың тарихи танымы қайта оралмай болашағы бекем мемлекеттің қабырғасы ешқашан қаланбайды. Өзінің кім екенін танымаған халық жаһандық жарнаманың жетегінде кетпеуі үшін ұлттық идеология ұстаханасы мінсіз жұмыс жасауы керек. Бұл ұстаханадағы төс пен балғадан ұлт тарихы мен тілінің дауысы естіліп тұрғанда ғана қазақ елінің егемендігі өз қолында сақталмақ. Бүгін біздер, шағын жазбамызға арқау еткен Жұмағали ишанның тарихы, қазақ үшін қызметі, ел мүддесіне амал еткен мешіті тәуелсіз қазақтың қоғамына қайта жаңғырып келе жатқаны қуантады. Ұлттық ұғым мен ұлағат қайта үстемдік құрған сайын қазақтың қуанышы да көбейе беретінін түсінетін кез әлдеқашан келді.
Берік НҰРМҰХАМЕДОВ,
тарих ғылымының магистрі

107 рет
көрсетілді0
пікір